Ғалымның хаты

Әулие-ишандар мұрасын зерттеудегі  және олардың тұлғасын танудағы  проблемалар

Айгүл Уайсова, журналист

Ұлт-азаттық қозғалыстың рухани күрескері Марал Құрманұлының есімін ұлықтау мақсатында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Марал ишан: өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметі» (1780-1853) атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға арналған

БАЯНДАМА

Өткен жылы қасиетті Түркістан­ның төрінде өткен Ұлттық құ­рыл­тайда Мем­лекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев әйгілі Ма­рал ишанның Кенесары ханға сый­лаған Құра­ны табылғанын жария етіп, оның еліміздің ру­хани өміріндегі елеулі оқиға ретінде атап өтті. Қасиетті кітапқа бабамыз: «Ей, Алла тағала! Құдайға сен­ген Құрман баласы Марал­дың дұғасымен қазақтың ханы Кенені сақтай гөр»,-деп жазып, мөрін басып, Кенесары ханға тартулаған екен. «Марал-Баба» қайырымдылық қорының директоры Мұхамедхан Омаровтың айтуынша қасиетті Құран екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, шетел асып кеткен. Оны жан­ашыр азаматтардың, меце­нат­тардың көмегімен Қазақстан­ға қайтарылған. Құранға басылған Ма­рал ишанның және Кенесары хан­ның мөрі таңбасына жан-жақты сараптама жасалды. Отан­­дық және шетелдік ғалым­дар Құранды мұқият зерттеді. Құ­ранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Құранды өткен жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне өз қолымен қойды.

Бұл соңғы кездегі жат идеологияның қысымының астында қалған дәстүрлі дінімізді дәріптейтіндер үшін үлкен серпіліс еді. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының пірі, яғни рухани ұстазы туралы кең айтылып, ғылыми зерттеу нысанына айналдырып бұқараға жеткізуге мол мүмкіндік туғызды.

Көптеген ғасырлар бойында қазақ даласының рухани кеңістігіне шуағын шашқан жарық жұлдыздар жетерлік. Ел жадындағы аңыз-әпсаналардың куәсіндей әулие-әзиздеріміздің, уәлилердің, күмбезді кесенелері, ескі тамдары мен төртқұлақ қабірлері халықтың дін-сенімінің діңгегіндей, уақыттың сынағынан шайқалмай, жанымызға жалау болып желбіреп тұр.

Содан да әулиенің басына апарар сүрлеу ескірмей, Алланың достарының аруағына тәу етіп зиярат етушілердің қарасы үзілмей келеді.

Әулиелі жерге келгенде кесенесінің табалдырығын инабатпен аттап, оған тиесілі баба, ата, мағзұм, ахун, ишан, молда, есімдерін  жүрегімізде қайталап, Алла қабыл ет, аруақ жебей жүр деп дұға етеміз. Біздерді дәстүрлі дінімізден ажыратпай, өз жолымыздан жаңылдыртпаған әулие-әмбиелерге деген адалдығымыз, ішкі қорқынышымыз да ақыретке сеніміміз.

Жеті атасынан пір болып, парыздан мағына айырған, дін исламның қалқаны болған қасиеттілерімізді қаншалықты танып болдық?

Құдіретін жүрегімізбен қабылдап, түйсігімізбен түсінгенмен осы сұрақтың нақты жауабын тілмен жеткізуге келгенде үлкен ғалымдарымыздың өзі кібіртіктеп қалады. Қазіргі дін қызметкерлерінің де  бабалар салған сара жолдың мағынасын халыққа жеткізерде айтары аз.

Оның себебі ұзақ жылдар дін мен ұлттың діни тәжірибесіне қатысты толыққанды зерттеулер болмады. Көбіміздің  дін туралы білгеніміз үзік-үзік күйінде, аталарымыз бен әжелеріміздің айтқандарынан қабыл алдық. Жасымыздан мектепте оқытып, есейгенде оны ашық қолдамағанын көрген  соң алдында өткен асылдарымыздың, дін ағартушыларының өмір-тарихы біздер үшін аңыз-ертегі болып қала берді. Биік тұлғалардың ілімін кешенді түрде талдап, оның құрылымын, дәстүрмен байланысын, мемлекет құрылымында атқарған қызметі мен рөлін жете түсіне алмадық.

Бірақ бұл білімсіздігімізді құдайсыз қоғамның дәрменсіздігінен емес, өзіміздің нашарлығымыздан көріп, жүрек түкпірінде сақтаған әулие-әмбиелердің рухына көлеңке түсірмедік. Бұл сенім біздің болмысымызды баурап, жүрегімізді тазартып, жанымызды сәулелендіретін құдіреті үшін айнымадық.

Кезінде дін аты айтылмай, діни білім, діни тәжірибе мен ғұрып, діни таным мен діни сана туралы ешқандай дінтанушылық зерттеулер болмағанның өзінде әулие бабаларымызға қатысты аңыздар біз үшін діннің өзі, кесенесі киелі құбыламыз болды. Жылдар өте келе дәстүрлі дініміздің қатпарларына тереңірек үңіліп, түсінуге деген ықылас оянды. Ең бастысы өзіміздің ата-әжелерімізден, ата-аналарымыздың еккен иман гүлін жүрегімізде мәпеледік. Бүгінде жылдар бойы кеудемізді нұрландырған иман шуағын келесі толқынға өшірмей жеткізе аламыз ба дегенде жауапкершілік жүгі салмақтана түседі.

Бұрынғы өткен дін қайраткерлерінің, молдалар, ишандар мен сопылардың олардың ағартушылық, емшілік-тәуіптік қызметін ғылыми түрде талдап, түсінік берудің қажеттілігі де осы ойлардан кейін туындайды.

Егер бүгінгі күнге дейінгі болып жатқан оқиғаларды електен өткізетін болсақ, осы саладағы талпыныстардың нәтижелері бірізділік пен жүйенің болмауынан кешеуілдеп жатыр.

2017 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институы,  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және  этнология институты, Мемлекеттік тарих институты ғылыми ұжымы бірлесе отырып Қазақстанның киелі орындарының тізімін жасады. Бұл жұмыстар ауқымды түрде жүргізілді. Дегенмен бұл бағдарламаның тұжырымдамасына келгенде киелі нысандардың туристік тартымдылығына мән беріп, киелі мазмұнындағы түсініктері бұрмаланып кетті. Негізінде сакральды нысандардың киелілігін алға шығару арқылы туристік те зияраттық та мәніне қол жететіндей еді ғой.

Ал қазіргі жағдайда қасиеттілердің өмірін, қоғамдағы орын зерттеуде философтар, дінтанушылар, тарихшылар, фольклоршылар өз алдына, бабаның ұрпақтары өз алдына әрекет етіп жатқанын көреміз. Осылардың арасын байланыстырып тұратын мемлекеттік құрылымның немесе ғылыми-зерттеу орталығының жоқтығы алаңдатады. Бұл жерде муфтияттың да соңғы кездердегі ізденісін елемей қоюға болмас, дегенмен, барлық салмақ қасиетті әулеттің ұрпақтарының мойнында қалып отыр.

Әулиенің берекесі ортақ деген даналық бар, әулие-ишандардың есімін ұлықтап, оның қызметін насихаттауда, түрлі  ғылыми тәжірибелік шаралар өткізуде кейде сол тақырыпты зерттеушілерін таба алмай қиналамыз, осы саланың саусақпн санарлық бірлі-жарым ғалымдарына жағдай айтып, бар шығынын мойынына алып, барлық шарыны өз есебінен өткізуге мәжбүрміз. Мұндайда жергілікті ішкі саясат басқармалары ескере бермейді, муфтият та бір-екі молдасын жиынға қатысуға жіберуден әрі асып кетпейді. Мұндай жағдайда дәстүрлі дінімізді, дін көсемдерін дәріптей аламыз ба?!

Жоғарыда айтып өттік, киелі нысандарды көпшілігі белгілі тұлғалармен тығыз байланысты. Мемлекет сакральды нысандар тізіміне енген, мемлекет қорғауына алынған кесенелерді бірнеше жылда бір жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрумен шектелуде. Кесененің айналасын абаттандыру, ескі құрылыстарды қалпына келтіру, қадамжай, дәрет алатын орын, асхана сияқты қосымша құрылыстарды салу оның міндетіне кірмейді. Бұл  тікелей ұрпағының, демеушілік көрсететін ағайындарының жауапкершілігінде  қалып отыр. Өкінішке қарай,  ортақ тұжырым болмаған соң, қалай болса солай салынған, кейде қаражаттың жеткеніне қарай асығыс жасалған құрылыстар халықтың бүгінгі қажетіне жараса да киелі мекеннің біртұтас сәулеттік келбетіне  үйлеспей тұратындары аз емес.

Басқаша амал жоқ, мемлекеттің қарауындағы Абайдың жатқан жері Жидебайда дәрет алатын орынның болмағаны таң қалдырды. Мұны меніңше, киеліліктің мәнін жете түсінбеуден деп ұғуға болады. Абайдай, Шәкәрімдей әулеиелер жатқан жерге дәретсіз барудың ауырлығын қалай түсіндіруге болады. Жөн білетіндер таяммум алар, бірақ мұндай орынның қарастырылмауы әруаққа құрметсіздік деп қана ұғуға болады.

Осыдан екі жылдай бұрын Өзбекстанға барып, Бұхара, Самарқандтың киелі жерлерін аралаудың сәті түсті. Дін қайраткерлерінің дәрежесіне қарай  кесененің айналасын гүлзар баққа айналдырып, аққулары жүзген хауызын көріп басқа әлемге келгендей әсер алдық. Еңселі айвандары бар мешіттері қандай?  Міне, әулиеге құрмет осыдан көрініп тұр. Халқы да атадан баласына жалғасқан дәстүрлі дінін мансұқтамайды. Кезінде өз елімізде алшаңдай басып, айналасына уытын шашқан секталар мен өзге ағымдарға тосқауыл болған осы әулиелердің рухы десек қате айтқанымыз емес. Осы сапар Бұхарадағы әл-Бухаридің басына бардық. Бұл жерде де  үлкен алаңда керемет мешіт құрылысы жүріп жатыр, ғылыми зерттеу институты оның құрамында  мұражайы бар, сән-салтанаты келісіп-ақ тұр.

Біздің елдегі киелі әулиелеріміздің басындағы жағдайға мүлдем ұқсамайды. Қалай болса солай жүргізілген жөндеудің сылағы құлап, ыза кеулеген кесенелердің обал-сауабы кімге екенін білмей далмыз. Алысқа бармай-ақ, Ясауи кесенесінің жағдайын естеріңізге сала кетейін.

Тарихы тереңнен тартылатын Түркістан облысы Қазіргі Қазығұрт ауданында Тұрбат деген елді мекен бар. Мұнда Ясауи жолын жалғастырушы Ибраһимұлы Исмаил Ата, оның баласы Ысқақ ата жерленген. Ысмайыл ата күмбезі көз тартарлық, демеушілер күшімен  медресе ашып, жанындағы  мешітті жамағатқа толтырып, ислам діні  орталығына айналдырып жатқаны құптарлық. Дегенмен сол кезеңдегі Ясауидің жолын жалғастырушы Ысмайыл атаның дін исламды таратудағы қызметін көрсетуде әлі де көп жұмыстар атқарылуы тиіс. Атап айтқанда қылует мен қараусыз жатқан ескі  құрылыс орын қалпына келтіріп,  кейініректер салынған құран оқитын, мүрде жуатын орындарды бұзып гүлзар баққа айналдыруы керек-ақ. Кешен мемлекет қорығына алынса да муфтияттың да ол жерде иелігі барын түсіндік. Демек, екі жақта келісе отырып, кешеннің бастапты қалпына барынша жақындатып, шілдехана сияқты бос жайларды музейге арнап, танымдық- ағартушылық сипатына да мән берген абзал.

Сол ауылда атақты әкесінен қол созым жерде жатқан Ысқақ Атаның кесенесінің жағдайы тіптен нашар. Тоқсаныншы жылдары бір топ археологтар кесенені қалпына келтірген кезде оның тұтастығына мән бермей, тозығы жетсе де ізі қалған он бір құжыралы медресе, жер асты жолы мен  хауызды археологиялық сәулеттік тұрғыда бағалы емес деп киелілік  мағынасына мән бермей тегістеп жіберген. Нәтижесінде жалғыз моланы қалдырып, ол республикалық маңызды сакральды тізімге де енбей, жергілікті жердің  құзіретіне қалдырып отыр. Бұл қиянат.

Ы   сқақ Ата кім, оның қандай еңбегі сіңді дегенді айта кетсек, Ысқақ Қожа ибн Ысмайыл ата Казгирди (Қазғұрт топонимы) ат-Түркістани ХІІ–ХІV ғасырларда шайқылық еткен Исмаил-Атаның үлкен ұлы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын американдық шығыстанушы Девин ДиУис Ауғанстан Ұлттық мұрағат қорынан «Хақикат әл-арифин» қолжазбасын тауып алып, оған «Кабул қолжазбасы» деген ат беріп ғылыми айналымға енгізді. Бұл еңбек, кемінде, XIV ғасырдың орта шенінде жазылған деген тоқтамға келген. Қолжазбада Исмаил-Атаға қатысты көптеген тың деректер кездеседі. Оның қазақ жұртына ислам есігін аша келген атақты Әбд-Рахым баб, Әбд-Жәлил баб, Ысқақ бабтармен туыстық қатынасы беріліп, ясауийа сопылық тариқат-ағымын жалғастырушы екені басып көрсетіледі. Көне жәдігер түркі тілінде – шағатай диалектінде жазылған, бүгіндері Ташкенттегі Беруни атындағы Шығыстану институтында сақтаулы тағы тоғыз бірдей шежірелі қолжазбаларды қарастыру арқылы – Қожа Ахмет Ясауи негізін салған сопылық тариқаттың (ясауийа) қалыптасу тарихын жаңа, тың мәліметтері бар деп бағалады.

Әрине, айналасын бейітке айналдырып жіберген соң, қалпына келтірілген медресе тағы басқа орындарын бүгінге талапқа салып қайтадан жаңғырту қиын болар. Дегенмен, кешенді қалпына келтіру арқылы дәстүріміздің өз жолын, халқына қызметін Ысқақ Атаның керемет мұрасын ұлықтап, қазіргі саанмызбен қабылдап түсінетін боламыз. Қазіргі жағдайда жан-жағы тып-типыл кесененің күмбезі жалғызсырап тұрғандай.

Қалың моланың ортасында қалған Созақ ауданы Баба ата ауылындағы Ысқақ баб кесенесі мен көп құжыралы медресесі де не зиярат орнына не туризм нысанына айнала алмай, екі ортада қалып тұр. Жергілікті халықтың  ықыласымен басына біршама құрылыстар, қадамжай, тағы басқа орындар салынды. Бұл да мемлекет тарапынан белгілі бір тұжырым мен тиесілі насихаты болмауынан киелілік көмескіленіп тұр.

Киелі жерге ел жиналып, әулиенің құрметіне Ас беру, Құран хатым шығаруда сауапты іс. Көбіне қасиетті киемізге құрметіміз осымен шектеледі.  Соңғы жылдары бұл да бір бәсекеге айналып барады. Әрине, көптен кездеспеген туыстар бас қосып сұхбаттасуға жақсы мүмкіндік. Аруақ сыйлаған халықпыз. Осындай мақсатқа байланысты үлкен асханалар, қазандық орнату қалыпты жағдайға айналды. Дегенмен, еліміздің әр түкпірінен әулиеден шапағат тілеп, құранның ортасында болу үшін келген жанның, өлілердің ризалығымен бірге тірілердің рухани көзін ашып, ала кететін тағлымы болса құба-құп. Сол себепті асты келелі жиынға айналдыру, ғалымдарды тартып осы саладағы соңғы жаңалықтармен бөлісіп, ойда жүрген мәселелердің жауабын беріп, ақпараттандыру жұмысы қатар жүруі тиіс. Зиярат етушілерге жайлы жай орнатып жағдайын жасағанның өзінде де олардың рухани кемелдігіне жеткізетін білім көздерін бірге ойластырған жөн. Қазіргі ғаламтор заманында ақпараттық мұқтаждық жоқ. Дегенмен, әуленің басында, толық ақпарат алып, сол жердің тылсымына бойлағанның жөні бөлек. Әрине, мұндайда негізгі салмақ киелі жердің шырақшыларына түседі. Олардың рөлі әлі анықталмаған, басты шарт ұрпағынан болғаны абзал. Басы ашылмай тұрған нәрсе шырақшылардың қызметі. Жапандағы жалғыз моланы күзеткен жаннан көп нәрсе сұрау қиын. Сонда да олардың құранды қаншалықты меңгергені, қырағатының дұрыстығы, зияратшылармен сөйлесіп, жөн көрсетіп тілдесу коммуникациясының деңгейі қандай, керек болған жағдайда,

Бабам Қорасан, келдім арасан,

Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.

Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Атың-дүр мәшһүр аршы самада,

Тауап етейін деп келдім пияда,

Үміт етіп мен хауф-рижада,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан» деп Құл Қожа Ахмет Ясауи қасиетті бабасына сыйынғандай мұндай жерге «келген бәлеге дәпі қыларсың» дегендей нық сеніммен келеді. Ал келген жанның  жағдайын түсініп, зиярат жолын көрсететіндей жағдай болуы керек. Қажет болса, оның жөн-жобасын көрсесетін нұсқаулық та қажет. Кейбір әулиенің басындағылардың бұл дәрежеден көрінбейтіні, біздердің әулие танудағы, дәстүрлі дініміздің  бір сипатына осы арқылы көлеңке түседі.

Осылайша хатталып, қағазға түспеген, соңғы ғасырларда атын ауызға алмақ түгіл құдайсыздыққа құлай бастаған заманда қайнар бұлағымыздан  бәріміз де сусындағымыз келеді. Бұл әңгіме сол қайнар бұлақтың  көзін тұмшалаған уақыт тозаңынан тазартудың амалын іздегеннің кебі деп түсінерсіздер.

Сонымен біздер айтқалы отырған қасиеттілеріміз кімдер деген сұрақтың жауабына алатын кез келген сияқты.

Ол алдымен араб, парсы, шағатай тілдерін білетін, дін исламға қатысты барлық кітаптарды  игерген ілімдідер.

Осы ретте Қуаныш Баймағанбетов айтқан мына жолдар толық сипатын беретін сияқты.

Құлболды ишан әулие,

Қатардан асқан айбыны.

Сайыпназар – білімнің

Шалқар дария айдыны,

Айқожа ишан – өрдегі

Шариғаттың жейхуны!

Қарап отырсаңыздар, бұлардың бәрі Марал ишанның қатарлас, замандастары. Ол туралы бөлек әңгіме. Осы заманға сай, дін ғылымдарын игергендер әрісі Ауған асып, берісі Бұқарада білім алғандар. Сопылық-мистикалық  тариқаттың бірінде болуы да  ғажап емес. Бірақ қолымызда дәлел болмаған соң, анық айта алмаймыз. Жалпы ишандық мектеп «ұстаз, пір, мурид, шәкірт» деген ұғымдарға байланады. Демек, біздер қарастырған ишандардың және ишандық алған олардың ұрпақтарының қызметінде шамамен 1938 жылдарға дейін, тарқамаған. Тіпті, пірлік, муридтік сол мағынасында сақталмаса да осы жолды жалғастырып халыққа қызмет еткендердің жазба деректерінен, естеліктер арқылы біліп отырмыз.

Марал ишанның өмір жолы, қоғамдық қызметі айырықша деуге болады. Алайда қазақ даласындағы ишандық мектептің ірі өкілдерінің тағдырымен байланыстыратын тұстары да жетерлік. Ең бастысы ишаандар ерекше рухани күштің иелері. Бұл қасиет ұрпақтан ұрпаққа ауысады, ишандықты көзі  тірісінде ұрпағына аманаттаған. Тірілердің аса мұқтажы, ұлы күштің құпиясын әлі танып, зерттеген жоқпыз. Оны аңызға балап, тамсанып айтып жүр. Шындығында тылсымның бар құпиясын білудің де ілімі бар екеніне күмәніңіз болмасын!

Марал бабаның ел аузында айтылып жүрген аңыздарын жинастырып, алғаш рет кітап етіп бастырған Сәден Нұртайұлының «Ислам және Марал баба» кітабын оқи отырып, барша әулие-ишандарға қатысты аңыздардың негізі бір,  әрқайсысы әр заманда, әртүрлі жағдайда қолданып, ишандықтың биігіне жетіп, қасиетін  арттырған дей алдық. Ишандар қай тариқат екенін ғалымдар анықтап жатар, анығы ишандар белгілі бір сопылық мектебінің басшысы.

Марал Баба туралы алғашқы еңбегіндегі аңыздар желісінде Мүсірәлі Сопы әзіиз туралы айтылады. Жеті өлікке жан берген  Қосым сопы, оның ұлы Әбжел, одан тарайтын ұрпақтың ірі өкілі Орынбет ишан оның ұрпақтары бүгінде дін ислам жолында еңбек етуде. Арқада Исабек ишан өткен оның да жеті ұрпағы қасиетімен елге сыйлы болып, әлі күнге дейін шарапаты жалғасып келеді. Марал бабаның замандастары Құлболды ишан, Айқожа ишан ұрпақтарынан қаншама ілімді ишан-мағзұмдар шыққаны белгілі. Бұдан түйетініміз ишандық діни дәреже болса да қасиет атадан балаға берілетін қасиет екенін нақты дәлелі.

Дінтанушы Мұхан ИСАХАН «Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанның кейбір өңірлерінде ХХ ғасырдың басына дейін базбір діни тұлғаларды «ишан» деп атағаны белгілі. Бұл атау кімдерге берілген? Иә, кешегі Кеңес үкіметі орнағанға дейін Қазақстанда  «ишан» мәртебесін иеленген көптеген дін шырақшылары өмір сүрді. Олардың ахун, муфти, қазы, молда, қаландар және т.б. дін қызметкерлерінен едәуір айырмашылығы бар болатын. Жалпы, дін қызметкерлерінің илеген терісі бір пұшпақ болғанымен, ұстаным тұрғысынан алғанда, олардың қызметтері алуан түрлі еді. Басқа дін қызметкерлеріне қарағанда ишандардың да қоғамдық қызметі өзіндік ерекшелікке ие-тін. «Ишан»  парсы тілінде «олар» деген мағынаға саяды. Шағатай тілінде «ишан» дегеніміз «әулие» ұғымын білдіретін немесе тариқат көсеміне берілетін атау. Задында, сопылық ілімде мухлистің (ықылас иесі) ынта-жігері игерген әрбір рухани хал муталиб, муфтади, уасил, салих, ариф, машайх, қутуб, ғаус және т.б. мақамдармен өлшенеді. Ишан  – дін жолындағы кім-көрінге берілетін атау емес. Ишан болу үшін арнайы діни мектепте оқып, діни ұстаздан теориялық білім алып, оны тәжірибесімен сабақтастырып, рухани ілімді жан-жақты игеру шарт. Рухани ілімді толық игерген кемел адам ғана ұстазынан иджаза (диплом) алып, ишан атанып, бұл ілімді паш етуге рұқсат алатын. Мысалы, XVIIІ ғасырдың аяғында Ауғанстандағы атақты ғұлама Ислам Шайхтың дәргәһында қазақтан Құлболды, Марал, Қосым, Айқожа атты кісілер оқып, шатыр-хат (иджаза) алып, елге ишан болып оралған. Қазақ даласында әр ғасырда қалың елге аты мәшһүр – Мүсірәлі ишан, Қосым ишан, Марал ишан, Айқожа ишан, Аппақ ишан, Ахмет ишан, Әбілақым ишан, Керей ишан, Қожаназар ишан, Тілеулес, Әзілхан ишан, Сүлеймен ишан, Оспан ишан, Өтеп ишан, Ақмырза ишан, Шабар ишан, Досжан ишан және т.б. да көптеген ишандар өмір сүрген» дейді.

Ғалымның бұл сөзін осы тұлғалардың кейбіріне ортақ кереметтердің ұқсастығы таң қалдырады.

Аңыздарға қарап отырсақ, бабалардың кереметтері жастайынан жетім қалған Марал ишанның анасымен бірге Сыр бойына келуі. Арып-ашып елдің шетіне жетіп Құланбай ишанның үйіне келіп қонады. Анасының қасында ұйықтап жатқан баланың үстіне тіп-тік болып түскен жарық сәуле де кереметтіктің көрінісі. Осындай жарық белгі, кейде шырақ күйінде бірнеше ишандардың ғұмырнамасында кездеседі. Ишандар туралы айтылатын аңыздардың ішінде Бабаның шәкірттік шағына қатысты мол деректер бар. Онда бала Маралдың алғырлығы, қатарының алды болғаны айтылады. Бұл мәліметтердің ел аузында айтылып, бүгінгі күнге жеткені үлкен олжа. Мұса мен Шеген Шормановтармен арасындағы қиын сынақта басқа аңыздарда кездеседі. 40 түйе томарға жанбаған серіктестерінің оқиғасы басқа әулиелердің басында да өткен. Киікке қатысты аңыз, құлаған адамның томарға ілініп қалуы, тағы басқа әулиеліктің іздері ілгеріде өткен асылдарыдң  ғұмыр-тарихында кездеседі. Мұны тізбелеп отырған себебіміз сол кездегі ишандардың кереметті ілімі, мектебі бір екенінің дәлелі. Кім біледі, атеистік санадан арылған жаңа толқын бұл дәйектерді аңыз-әпсана деп қоймай, түбіне дейін зерттеп, сол заманның бейнесін, ғұламалардың ілімінің құпиясын ашып берер.

Оның қасында саналы ғұмыры ел билігінде өткізген Марал ишанның өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар сақталыпты. Сол тарихтың деректеріне сүйнесек, ХІХ ғасырдың 40 жылдары орыс  бекііністері орнап, ТОрғай мен Ырғызыдң даласы тарыла бастағанда Марал ишан мен оның серіктестері оңтүсіткке қарай Ол кездері Хиуа хандығының қоластына қарайтын Сырдарияның төменгі ағысына қарай көшіп келеді. Мұнда да отаршылардың назарынан тыс қалмаған. Әзірге белгілісі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф  Иван Крафт (1861-1914) жазбасы. Онда «В это смутное время, в киргизских степях появился воспитанный в Бухаре киргиз Марал Курманов, выдававший себя за святого, призванного объединить своих соплеменников и спасти от влияния неверных» деп бір сөзбен оның тұлғасын ашады. Әрі қарай отаршылдық мінберінен айтылған  пікір бізге маңызды емес. Дегенмен, мына сипаттама, оның күрескерлік рухын ашып көрсетеді.  «Марал Курманов был вовсе не «лжепророк» или «вдохновенный свыше», а сепаратист-мечтатель, выделявшийся из толпы обыкновенных киргизов не столько умом, сколько духом исключительности, он задумал провести крупную реформу бытовой и политической жизни своего народа и для осуществления своих планов выбрал удобное время – время смут и раздоров… Он был проникнут искренним желанием добра своему народу, но за образец своих реформаторских действий он взял идеал магометанской обособленности, чуждый натуре и привычкам мирных и добродушных кочевников».

Бұл әулеттің бергі тарихы болса, Марал бабаның әкесінің мемлекет қайраткері ретінде  зерттеудің қажетілілігі бар.  Кезінде діндар, батыр әрі адам емдейтін тәуіп, Абылай хан­ның замандасы болған Құрман Кенжебайұлы – Нұрымбеттен Ұзынкөлге ба­ра­тын жолдың бойында. Басын­да белгі де бар. Ұзынкөлдегі мешіт Құр­ман бабаның атымен аталады. Егер тереңінен қазса, Марал бабаның ұстазы Жалаңаяқ ишан, әздер деп аталған әулие де осы әулеттің тарихында жазылған. Әзірет Әлінің 35-ші тікелей ұрпағы, ұлкен ғұлама Қалмұхаммед Бақмұхаммедұлы Хан Абылайдың пірі. Марал ишан мен оның ұрпақтары  екі ғасырға жуық қазақтың қазіргі Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ислам дінің уағыздап, халықтың көзін ашқан. Осы әулиеттің бес ұрпағының есімдерімен  мешіттер ашлып, имандылықа шақырып тұр. Бабаның сегіз ұлының ішінде аты шығып Қалқай баба атанған Марал ишаннның тұңғышы 12 пәннен шатырхаты болған ғұлама. Онң мұрасы да зерттеушді қажет етеді. Марал бабаның ұрпақтары Қалыбай, Елбай, Пірзада, Текзада, Есей, Шақай, Мамырбай, Тобағабыл, Әбдрахман, Омар, Мамырбай, Оспан, Үндемес, Сәлен, Жүнісхан, Сәруар, Сейтхан, т.б. ұрпақтары туралы әңіз әңгіме жеткілікті. Соның ішінде Әмит (Абдулхамид) ишан Әбдірахманұлына тиесілі бірнеше діни, медицина, тарихи кітаптар, сопылық туралы деректер, өлеңдер жинақтары, хаттар, шежірелер бар.

 

Ендігі мақсат асыл мұрамызды зерттеп, қазақ тарихындағы іздерін саралау арқылы қасиетті әулие-ишандардың тұлғаларын тану. Сол арқылы қазақ  қоғамының құрылымын, ондағы хан-төрелердің төңірегіндегі қарым-қатынастар, дипломатиялық керек десеңіз соғыс жағдайы бәрі-бәрі  жиақталып тарихтың жаңа парағын ашамыз. Соның басқы беттерінде ишандардың рөлі мен қызметі арқылы жаңа сипатын ашып, сол арқылы  өзіміздің дәстүрлі дініміздің алтын діңгегін аршып алатын боламыз.

Қазіргі күнде  ишандардың ұрпақтары мол мұрасы мен ақсиеттерін есімдерін сақтаушы ғана болып отыр. Бұл істе мемлекеттің оң ишарасымен  жоғары оқу орындарында  мықты мамандар дайындап, ізденбейінше өткенімізді тану қиын. Ал ұлттық тұлғаларымызды зерделемеген жағдайда ислам, иман, дін мәселесінде адасатындардың қатары  аз болмайтыны анық.

Айгүл Уайсова, Астана ақшамы газетінің шолушысы

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button