Білген Шайыр айтады

Мұқаш хазірет Түктібайұлы мұрасынан

Бірінші бәйіт

Бисмилләһир Рахманир Рахим!

Жүйріктен сөз шығады бөлек-бөлек,

Бір кезде ақ сұңқар ем екі түлек.

Сөйлейін замананы тәрбиелеп,

Жақын ғой ажал шіркін бір зеңбірек.

Зеһинлі жүйрік білер сөздің мінін,

Ойлаймын мінсіз ғой деп қызыл тілім.

Жақсы сөз тыңдайтұғын ерлер болса,

Арқаның алдыңа сал қызыл гүлін.

Арғы атам Басар-салих халықтан асқан,

Пірлерім бар азулы, шайтан қашқан.

Өр мен қырды қамшылап жөнге салған,

Кешегі Бағайекем шын арслан!

Жігіттер, сал айғайды осындайда,

Бүгіннен соң бұл дәуірен саған қайда.

Қажылар Шонты менен Батырқожа өткен,

Сөзінің қырмызыдан қолы майда.

Екеуі мүрид оқытып, кітап артқан екі нарға,

Пір болған Омбы, Семей, Паулодарға.

Кәрі ағасын жылатып, жас баласын,

Медине мекен еткен, амал бар ма?

Атандым он бесімде бәйге көктеп,

Күлдірлі ән салушы ем өндіршектеп.

Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім,

Бұл кезде менде жүрмін бүгежектеп.

Жаратқан барша жанды рахман Алла,

 

Ғаламға он сегіз мың сан-сан фана.

Түркі тілмен Алладан жәрдем тілеп,

Сөйлейін етпе айып бірәз ғана.

Мен ғаріп ғылыми, ақыл зейінім тар,

Қауағид-Қағидаға болдым нашар.

Қазақ лисанменен96  бір назым сөз сөйлейін,

Бола гөр, шапағатшы хақ Пайғамбар.

Бір Алла көкте де емес, жерде де емес,

Бір Алла еш уақытта мекенде емес.

Алланы бір мекенге ұқсатуға,

Мұхаммад үмметіне мүмкін емес.

Алланы ерегісіп пәнда жеңбес,

Куфуан Ахад – еш зат жоқ оған теңдес.

Басар, Самиғ, Хаят, Қудірет, Кәлам, Ғылым,

Ирадат,97 Ләм ялид уаләм юләд – туған емес.

«Кун!»98  десе, барша мақұлық бар болады,

Мақұлығы бір өзіне зар болады.

Бар-жоқ қылмақ тағдыры екі болмас,

Күнбе-күн бұл жиһан99  қар болады.

Ғұмыры осы дүниенің жетпіс мың жыл,

Алпыс үш мың жыл аһли-жын қылар сайыр100.

Бәни Адам101 ғұмыры жеті мың жыл,

Молла болсаң Кітап көр, айттырмай біл.

Жаратқан әуелі Алла Расул нұрын,

Еш нәрсе жаратқан жоқ одан бұрын.

Сол нұрды елу мың жыл тәрбиелеп,

Жақынырақ даргаһынан102 береді орын.

Бір кезде назар салды осы нұрға,

Жарымы параланып болды суға.

Толқындап дариядан көбік шығып,

Жеті қат көк көбіктен болған тұлға.

Тағыда сегіз тамшы тамады нұр,

Сегізі сегіз жәннат хулламен103 һур104.

Қаһарынан тамады жеті тамшы,

Кәпірге гүл-гүл жайнап сайланып тұр.

Тағыда екі тамшы Күрси, Ғаршы105,

Аймен күн жаратылған екі тамшы.

Жеті қат жер сол нұрдан пайда болған,

Баршаға Алла Тағала мейірбан.

Инс106 пен жын107 екі тамшы жаратылған,

Әр жанға нұр әсері таратылған.

Алпыс үш мың жыл дүниеге жындар толып,

Алланың тілін алмай қиратылған.

Алланың күші келер қиратпаққа,

Бір қосып тәнді, жанды құратпаққа.

Құлшылық бұлар маған қылады деп,

Ыңғайланды адамды жаратпаққа.

Ғазрайыл108  топырақ алып неше батпан,

Адамды жаратыпты топырақтан.

Күлли шайин яржиғу илә аслиһи,

Сол себепті ибн Адам жерге батқан.

Бір басқа сыйғызыпты тамам мүше,

Көз, құлақ, мұрын, ауыз, отыз тісті.

Қас, қабақ, иек, ерін, кірпік, сақал,

Қалай шебер келтірген Тәңірім істі.

Ішіңнен тіл шығарды қуландырып,

Ауызыңнан мұрт, басыңнан жүн алдырып.

Ақыл, ұят, иман, ой бір жүректе,

Және қойған ауызыңнан дем алдырып.

Сұлу қылып жаратты бойыңды талдай,

Нәпіні109  аждаһа ғып ішке салды-ай.

Екі кез бойыңда тұр елу түрлі,

Рахман Алла не деген данышпан-ай!

Балдан тәтті жаратты ғазиз жанды,

Рахматулла Һу сипатымен тәнге салды.

Күншілік қып таяқпен шайтан түртіп,

Шұқыры кіндігіңнің содан қалды.

Туған ай он төртінен болады Адам,

Кір дейді жәннатына бастығы Адам.

Хурлар еріп соңынан еш қалмайды,

Әдемі бізге лайық неткен Адам!

Такрим110  салған жәннатын,

Адам ата жақтырған.

Кірпішін құйып алтыннан

Бетіне файруз жаптырған.

Гауһардан салып тақтасын

Нұрдан шеге қақтырған,

Маңдайшасы зер жүннен

Есігі сафи дүррүннен111,

Арқалығы сом жауһар,

Сыртынан іші көрінген,

Қадам басса мұсылман,

Шығарына ерінген.

Миск112, жұпар иісі бар

Жүз жылдық жолдан білінген.

Адам ата етінен,

Хауа ананы жаратты.

Тағдырда қылған жүз нұрдың,

Баршасын жүзге таратты.

Адамға қатты сүйгізіп

Гәуһардан113 ішік кигізіп.

Жасыл нұрдан жағасы

Бешпетінің кезіне,

Дүниенің жетпес бағасы.

Қоңыраулы алтын кебісі,

Өкшесінде гауһар тас,

Сыдырлайды дыбысы,

Тәжін киіп шекеге,

Күндей шығып жекеге,

Алтын тақтың үстіне.

Хауа сұлу шығады,

Кер маралдай керіліп.

Ақ бөкендей қырындап.

Жебіреил114 екеуін никах етті.

Мұратқа Адам сафи енді жетті.

Баршасын нығметімнің бостан етіп,

Бидайдан әр кез сіздер жеме депті,

Боларсың залымдардан бидай жесең.

Әлек етіп тастаймын қарсы келсең,

Мәңгі бақи ұжмақта тұрыңыздар.

Баспа қадам бидайға мені десең,

Адам Хауа жұмақта сакин115  етті.

Біраз заман жандары рахат етті.

Түйе жылан таусылар себеп болып,

Шайтан келіп жұмаққа кіріп кетті,

Келе азғырды Хауаны бидай жесең.

Тіпті өлмейсің, тұрасың тілге сенсең,

Ант қылды бір жолға ал деп осы тілді.

Өлесің жемесеңіз анық білсең,

Жетелеп Адам сафиды алып барды.

Хауа өзі үш данасын үзіп алды,

Үш жерінен қан шықты қойды жұтып.

Үш күн хайыз116  көрмегі сонан қалды,

Біреуін Адам сафи үзіп алды.

Бір данасын ауызына сонда салды,

Жұтуға бұйрығы жоқ харам етті.

Түйін боп тамағына тұрып қалды,

Басынан тәжі, үстінен хулла қашты.

Екеуі абыройын қолымен басты,

Арша ағаш бұларға перде болып,

Тыйғаны ойға түсіп, жаман састы.

Тәңірім дейді сол кезде

Ашуланып Адамға:

Алмадың деп тілімді

Босатыңыз, кетіңіз,

Тезірек жәннат үйімді.

Шығыңыз бақи жұмақтан

Түйе, жылан жиынды,

Көп көрдің бе сыйымды

Жер үстіне түсіңіз.

Рахатлық жоқ, мехнатпен

Берейін енді сыйыңды,

Адам түсті Жиддаға117

Хауа түсті Сафаға118.

Жәннаттан тірі айырылып

Түсірді Адам қапаға,

Аяйды енді Алласы.

Қабыл болып тәубесі.

Мұхамметтің атын жад қылсаң

Кешейін дейді қожасы.

Мұхаммет кім деп жыласа

Абдулланың баласы.

«Я, Мұхаммет!» дегенде,

Кешірілді қазыр күнәсі,

Арапа119  да қосылған

Хауа дәстүрлі жолдасы.

Күнәсін кешеді енді Раббы Халиқ,

Кемдік етті Хауаға ашуланып.

Он бес жерде кемшілік көрсін Хауа,

Қырық күн нифас120 қан ақсын бала тауып.

Шаш алусыз, ақылы болсын қысқа,

Ері өлсе мирас етілмей қалсын босқа.

Ажал бердім өлесіз енді сіздер,

Басқа берген дәулетті тептің тысқа.

Бәрін тегіс жазуға ұзайды сөз,

Хауа тапты бір күнде бір ұл бір қыз.

Бүгінгісін ертеңгісіне қоса берді,

Шариғатым демеңіз лайықсыз.

Адамның Қабыл деген бір баласы

Сұлу екен бір туған қарындасы,

Өзі алып қарындасын қарсылық қып,

Орыстың содан өскен жеті атасы.

Шис келді Һуд пен мұрсал садық121,

Жүністі дария ішінде жұтты балық.

Заманы Ибраһимге келе жатыр,

Ол кезде Намрұт еткен падишалық.

Ибраһим деген пайғамбар

Жүреді хақтың жолымен,

Әшкере етіп Исламды, Меккені салды қолымен.

Дүние толды пұлымен,

Исмайл Ысқақ ұлымен.

Намрұттан көрді қорлықты,

Мұсылман жоқ, кәпір көп.

Бекіректе көрді зорлықты…

Ақырында Намрұтты өлтіріп

Дегеніне келтіріп,

Байтулланың ішінде

Ибраһим Халил122  атанып,

Ибраһим деген Расулден

Зуылдап өткен сұм дүние.

Халифатулла атанып

Дәуіт келді жарқылдап,

Ол заманда иесі ат тұр,

Бәйгегердей қарқындап.

Жәбірейіл келді бүгіліп,

Аузынан дүррі төгіліп.

Алладан қорқып сол мұрсал,

Көзінің жасы төгіліп.

Сүлеймен патша туған соң,

Жердің жүзін билейді.

Дию, періні құл қылып,

Тастан жаман илейді.

Жел ұшырып аспанмен,

Мінеді алтын күймені.

Поштабай ғып құстарды,

Бір жүйрікті қамшылап.

Көк пен жерден жол алған,

Судағы балықтан тіл алған.

Сүлеймен сондай мурсалдан,

Зуылдап өткен сұм дүние.

Жержис, Қузайыр, Ескендір

Дүние жүзін тәмамдап,

Жер астына түскен дүр,

Әбухаят123  ішем деп,

Шыбын жаннан кешкен дүр.

Алладан қорқып жандары,

Өлімнен қорқып қандары,

Ескендір сынды патшадан,

Зуылдап өткен сұм дүние.

Мұса расул заманы

Турда болды мекені,

Алламен өзі сөйлескен

Не айтса да үйлескен.

Перғауын деген залымның

Аузына балшық илескен.

Таяғы еді сүйеуі

Шұғайып мұрсал күйеуі.

Мысырды іліп қарына

Калимаулла124  атанған.

Мұса деген расулден

Зуылдап өткен сұм дүние.

Закария, Яхия,  ер Ғайса

Мариям еді анасы,

«Кун!» дегенде жаралған

Жаратқан жанның Алласы.

Алланың ұлы деп Ғайса

Орыстың болды жаласы,

Төртінші көкке асырды

Рахмат етіп Алласы.

Қызыр Ілияс тірі жүр,

Әбухаят дағуасы,

Үш жүз он үш мурсалдың

Бәрін тегіс жазуға

Уақыттың болды аднасы125 –

Нәбиден126 шафқат127  тіленген

Бейшара Мұқаш намасы128.

(Тәмам)

96 Лисан – тіл. 97 Басар, Сәмиғ, Хаят, Қудірет, Ғылым, Ирадат – (Алланың сипаттары): Көруші, Естуші, Тірі болу, Құдыреті күшті жаратушы, Білуші, Қалаушы. 98 Кун! – Бол! Алланың Тәкуин сипаты (Алланың субути 8 сипаты бар). 99  Жиһан – дүние жүзі. 100 Сайыр – сайрандау. 101 Бәни Адам – адамзат. Адам ата – Алла тағала топырақтан жаратқан алғашқы адам, бүкіл адамзаттың атасы. 102 Даргаһ – табалдырық, салтанатты сарай, құдай үйі. 103 Хулла (Хуллатун) – шапан,жәннатың киімі. 104 Һур (Үр қыздары, қор қыздары) – Алла тағала жаннатта мүміндерге арнап жаратқан әйел жынысты өте сұлу, пәкиза мақлұқтар. 105 Кұрси – жеті аспан мен бүкіл әлемдерді қамтыған жаратылыс. Ғарш (Аршы)  – Алланың тағы, Алла тағала жаратқан ең үлкен және ең жоғары жаратылыс, Кұрсидың үстінде. 106 Инс – адамзат, адам баласы-инсан. 107 Жын – түтінсіз оттан жаралғандықтан әр түрлі бейнеге ауысуға бейім. Әйтсе де ақыл-ой тұрғысынан адамнан кейін тұрады. Адам үшін тылсым құпия саналатын кейбір жайттарды біледі. Ұзақ өмір сүргендіктен тәжірибелері мол. Алайда жындар да ғайыпты біле алмайды. Жын сөзі араб тіліндегі »жапты», »жасырды»деген мағынаны береді. Жындар сезім мүшемізбен сезілмейтін, көзге көрінбейтін бізбен параллель тіршілік иелері. Жындар – шайтанның ұрпақтары. Жындар ерікті және саналы тіршілік иесі, үйленіп ұрпақ жаяды. Адам жаратылмай тұрып, жер бетінің билеушілері солар болған. Жындар туралы Құран Кәрімде Алла тағаланың жындарды және адамзат баласын тек өзіне құлшылық ету үшін жаратқандығы айтылады. Сол үшін жындарға пайғамбарлар жіберілген. Сүлеймен пайғамбар жындарды бағындырып, олардың қабілетін пайдаланып, жұмысқа жекті, түрлі құрылыстар салғызды. Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. – жындардың да пайғамбары. Жындардың бір тобы Мұхаммед пайғамбарды с.ғ.с. тыңдап, оған иман етті. Періште, жын, шайтандардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, періштелер әрдайым Аллаһ Тағаланың әмірімен қайырлы, жақсы істерді істейтін болса, шайтан-пендені тек алдап-арбаумен, жамандыққа итермелеумен айналысады. Ал, жындарда осы екі рухани әлемнің қасиеттері бар. Олардың мұсылмандары да, кәпірлері де болады. Бірақ шайтанның мұсылманы болмайды. Жындар біздің көзімізге көрінбейтін болғандыктан, олардың бейнесі бізге беймәлім. Десек те, негізгі салмақты дәлелдер мен нақты мәліметтерді Құран аяттары мен хадистерден аламыз.Тіпті, Құран-Кәрімнің өзінде »Жындар» деген сүре бар (72–сүре). Сондай-ақ, жындардың арасында олардың көптеген көмекшілері бар. Құран Кәрімде «жын-шайтандар» деп аталатын («әл-Әнғам» сүресі, 112аят) жындар адамдарды қорқытады, бойына үрей туғызып, көңіліне күдік ұялатады. Адамдарды адастырып, аздырып, иманның жолынан тайдыруға әрекет жасайды. Сөздің түйініне келсек, жын-шайтандар көбінесе дәретханаларда, үйілген сасыған мусорларда, арақ-шарап көп ішілетін жерлерде,т.б.харам жерлерде болады.Ал намаз көп оқылатын үйлерде,азан көп шақырылатын жерлерде болмайды.Өйткені олар азан айтқан кезде қорқып қашып кетеді. Сондықтан дәретханада тым ұзақ отыра беру дұрыс емес және харам жерлерден аулақ болғанымыз жөн.Тың тыңдап, аспан әлемінен «сыр» ұрлап, естіген сөздерін жалғанмен араластырып, сиқыршылардың, балшы-бақсылардың және көріпкел тәуіптердің құлағына сыбырлайды. Мұндай жындар Құран оқылған жерден аулақ жүреді.

108  Ғазрайыл (Әзірейіл) – өлімнің періштесі (мәләкүл-маут). 109 Нәфс – нәпсі; «ашу — ақылдың дұшпаны, нәпсі — иманның дұшпаны».

110 Такрим – сыйлау, қонақжай болу. 111 Сафи – таза, дүррі – гауһарлар. 112 Миск – муксус, әтір. 113 Гәуһар (жауһар) – бриллиант, асыл тас, жарқырауықты тас

114 Жәбірейіл (Джибриль, Жибрил, Жабраил) — Аллаға ең жақын жүретін періштелердің бірі,  Алла мен пайғамбарлардың, соның ішінде Мұхаммедтің (с.ғ.с.) арасындағы бас дәнекерші. Құран Кәрімде ол – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жебеушісі, оны дінсіздерден қорғаушы, Мұхаммедке (с.ғ.с.) Құранды арнайы түсіруші ретінде де белгілі. Түсініктемешілер Жәбірейіл Мұхаммед пайғамбарға бірсыпыра ақиқатты жеткізген деп есептейді. Осы мағынадағы аңыз Мәриям мен Иса туралы әңгімелерде де кездеседі. Діни аңыздарда Жәбірейілдің Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өміріндегі алатын орны да жан-жақты сипатталады. Ол Мұхаммедке (с.ғ.с.) Құранды бөліп-бөліп бере отырып, рамазан айында тапсырып болған. Ол пайғамбарды қорғап және оған жөн сілтеп, Құдысқа баратын “түнгі сапары” кезінде оған жолсерік болады және де оған әскери шаралар мен діни таластар кезінде көмектеседі. Жәбірейіл, сондай-ақ, Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бұрынғы пайғамбарларға да көмектескен. Алла Жәбірейілді Адам жасап шығаруға керек топырақты әкелуге де жұмсайды. Жәбірейіл адамға пейіштен қуылғаннан кейін де қамқор болады, ол Нұхтың құтылуына көмектескен және Ибраhимді құтқарып, Жүсіпке көп тіл үйреткен, Дәуітті сауыт жасауға баулыған, сонымен қатар Сүлейменге көмектесіп, Зәкарияға Жақияның қашан туатынын болжап берген. Жәбірейіл – Аллаға жақын төрт періштенің ең лауазымдысы. 115 Сакин – өмір сүру, мекендеу.

116 Хайыз, қайыз – етеккір; әйел жатырының эндометрий қабатының жаңару үдерісі. Ол жыныс мүшелері жетілген кезде басталып, климакс кезеңіне дейін созылатын, шамамен, ай сайын қайталанып отыратын цикл, менструация. Бұл қан жүктілік (екіқабат) кезде және ауруға байланысты келмей қалады. Хайыз кезінде әйел адамға намаз, ораза секілді ғибадаттарды орындауға болмайды. 117 Жидда — Сауд Арабиясы патшалығының Батыс өлкесіндегі қала мен кеме-жай. Қажылыққа барғандардың көбі осы порт арқылы Мәккеге барады. 118 әл-Сафа және әл-Маруа – Меккеде  Сауд Арабиясында орналасқан екі кіші тау. Мұсылмандар хаддж және умра сапары барысында бұл екі тау арасында жеті айналып жүгіреді.

119 Арапа, Арафат – Минадан шамамен жиырма шақырым жерде орналасқан үлкен жазық. Ол жазықтың аумағында Рахма тауы бар. Кейбір риуаяттарда Адам ата мен Хауа ана жерге түскеннен кейін осы тауда кездескен. Көп адамдар осы тауды Арафат тауы деп те атап кеткен. Зул-хиджа айының тоғызыншы күні күн батқанға дейін Арафатта тұру қажылықтың ең маңызды парызы. 120 Нифас – әйел адам босанғаннан кейін пайда болатын қан. Мұның белгілі бір мерзімі жоқ. Ханафи мазхабы бойынша, нифастың ең ұзақ уақыты – қырық күн.

121 Мұрсал садық – жіберілген шыншыл (елшілер). 122 Хали́ль.ысод нықаж  — )ليلخ.бара(

123 Әбухаят – «өмірдің атасы» деген сусын, мәңгілік өмір.

124 Калимулла – Алламен сөйлесетін. 125 Аднасы – (уақыт) аз болуы, тығыз болуы. 126 Нәби  еніредзө ,ішузіктеж ағрадмада нығырйұб ңыналлА ,рабмағйап – )ішузіктеж ныняа йадұҚ – неніліт бара ;يبن.бара( кітап пен шариғат берілмей, бір Расулға (яғни Алланың елшісіне) берілген кітап пен шариатқа амал қылуға бұйырылған пайғамбарлар. Нәбилердің ешқайсысы расул бола алмайды, бірақ расулдардың әрбірі Нәби бола алады. Құран Кәрімде Мұхаммедтің  (с.ғ.с.) расул (елші) деген есімімен бірге ең негізгі сипаттарының бірі ретінде «нәби» атауы қолданылады. 127 Шафқат – рақымдылық, аяушылық.  128 Намасы – есімі, аты.

Әулиелер ордасы: әдеби-танымдық мұра / Жауап ред. Д. Қамзабекұлы; түсініктерін жазған К. Тиышхан, арабша мәтінді саралаған М.Смағұлов. – Нұр-Сұлтан: «Астана полиграфия» баспасы, 2019. – 322 б.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button