Білген Шайыр айтады

Хазіреті Адам сәфи уллаһ әлейһес-саламның жаратылғаны

Алтыншы фасыл

Әзәзіл хикаясы тұра тұрсын,

Ібіліске лағнет сөзін айта тұрсын.

Адамның жаралғанын зікір етіп,

Бұл жерде бір рауят рауый[1] қылсын.

Бір кітап ат қойылған «Мавуә нұры»,

Назым[2] етіп Шаһымәшірап жазған мұны.

Кітаптың әуелінде зікір етілген,

Мүбәрәк өз лебізінің үшбу түрі.

 

Өзінің құдіретімен Қадір[3] Мәулан[4],

Білдірді періштеге қылып пәрмен.

«Адам» деп ол пендеге есім беріп.

Бір махалдек[5] топырақтан жаратармын,

 

Беремін халифалық амал аңа

Пайғамбар шығарармын одан және.

Жәннатқа арсы-күрсі сәруар болып,

Білдірем ілімін аспан бәрін һәмма.

 

Сіздерден артық болар сапасы әнің,

Һәм және жасырын сырдың білер бәрін.

Әр түрлі дәулетіме лайық көріп,

Беремін пәк әміріммен әзиз жанын.

 

Мәләйіктер Аллаға айтты: «Уә бір уә бар[6],

Халифа жержүзіне емес дәргар[7].

Егерде халық жаратсаң, соғыс қылып,

Қан төгіп, түрлі күнә іс қыла-дүрлар.

 

Пенденің керек болса күнәһары,

Жоқ болып Бәнил жанның кетті бәрі.

Бәріміз «Һамду тасбих» айта дүрміз,

Егерде тағат үшін қылсаң әні».

 

Алла апйтты: іліми ғайыпты мен білермін,

Еш бірің мұндай сырды білмей дүрсің.

Алладан періштелер мұны естіп,

Өкінді ғамкин[8] болып бәрі тамам.

 

Күнәһар болғандығын олар біліп,

Аллаға зарланды-лар тәуба қылып.

Азаптың неше түрлі аламаты

Тұрады денесінен һәм білініп.

 

Күрсіні тауап[9] етті оның бәрі,

Истиғфар[10] мың жыл жатып қылды зары.

Алланың дәргаһына қабыл болды,

Мәләйіктер ықыласымен бұл қылғаны.

 

Алла айтты нидә[11] қылып періштеге:

«Пазылымнан не тілейсің бәрің һәмма?»

Арыз етіп Аллаға айтты періштелер:

«Білместен не пәрмендік қылдық саңа?

 

Қауіп етіп қорқадүрміз азабыңнан,

Күнәні бізден өткен ғапу[12] қыл сен».

Алла айтты: «Арыш алдында бір дария бар,

Таһарат[13] қыл, баршаңыз уә әнің бірлан.

 

Онан соң тәсбі айтып һәм истиқпар,

Бірлігім, барлығымды әйла[14] изһар.

Бұл қылған ғибадаттың себебінен

Ғапу етіп, күнәларың кешілерләр.

 

Алладан періштелер мұны естіп,

Дариядан таһарат алды, ғұсыл[15] етіп.

Күнәсін барлығының кешірді-ләр,

Асылық[16] аламатының[17] бәрі кетіп.

 

Арыз етті періштелер бір Аллаға:

«Рахметің жария болды бұл күн маңа.

Күнәні ғапу еткен үшбу пазылың

Мақұлұққа болады ма басқа және?»

 

Алла айтты: «Мұхаммед-дүр достым аты,

Ақырда хабибімнің бар үмбеті.

Қол-аяқ, бетін жуып таһарат алса,

Өзіне жақсы болғай ғибадаты.

 

Әр бір құл ықыласымен таһарат алса,

Күнәсі үлкен-кіші, көп те болса,

Пазылыммен ол күнәсін таза қылып,

Жәннатқа нәсіп болып кірер барша».

 

«Я, Алла, мақлұғың дүр инсі уә жын,

Ғарық күнәһ бас-аяғым асы құлмын.

Маһшарда хабибімнің үмбеті деп,

Фазылыңа бұл айтылған нәсіп қыл сен».

 

[1] Рауят рауый қылсын – рауаят /а/ – әңгіме, аңыз; Рауый /а/ – әңгімеші, ертекші. Сонда әңгімеші аңыз қылсын деген мағынада.

[2] Назым /а/ – өлең, поэзия; нәзік сезімді, наз түрінде, шығыстық дәстүрде жазылған өлең түрі.

[3] Қадір /а/ – құдіретті, күшті; Алла тағаланың 99 есімінің бірі.

[4] Мәулан /а/ – ие, қожайын; Алла тағаланың 99 есімінің бірі.

[5] Махал /а/ – жер, орын .

[6] Бір уә бар   – Алла тағаланың 99 есімінің бірі: оның барлығын, бірлігін білдіретін ұғым.

[7] Дәргар, Дәркар /а.,п./ – керек, қажет; зәру; іске жарайтын.

[8] Ғамкин /а/ – көңілсіз, жабырқау, қайғылы, дерті.

[9] Тәуап /а/ – құлшылық ету, табыну, тағзым ету,  бас ию, қадір тұту.

[10] Истиғфар – Алладан кешірім сұрау дұғасы.

[11] Нида /а/ – жар шақыру, дауыстау, айқайлау; жалбарыну; үндеу; ұран.

[12] Ғапу, әпу /а/ – кешірім.

[13] Таһарат /а/ – дәрет алу, жуыну.

[14] Әйла /т/ – жаса, істе.

[15] Ғұсыл /а/ – жуу, жуыну, суға түсу.

[16] Асылық  /а/ – күнәһарлық.

[17] Аламат, Ғаламат – ғажайып, таңғажайып; керемет; пәле.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button