«Мұхаммед-Қанапия» дастаны
Әуелі аузыма алдым бисмилланы,
Алланың бар өлшеулі берген дәні.
Жамиғат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Сөйлейін Пайғамбардан бисмилланы.
Азырақ сөз сөйлейін Пайғамбардан,
Тақсырға сауап тілер құлақ салған.
Сахаба отыз үш мың, төрт шәріден
Болмай ма сөзім құрбан аяп қалған.
Алланың хақ Пайғамбар сүйген жары,
Қасында отыз үш мың асхабтары.
Жан қалмай мәжіліске жиылыпты,
Бас қосқан құжырасында елдің бәрі.
Пайғамбар жинап алды жамиғатты,
Жеткен олардың да аманаты.
Ағайынын өзінің жиып алып,
Халқына айтты сонда өсиетін.
Мешітке хақ Пайғамбар жетіп барды,
Төңкеріп әр тарапқа көзін салды.
Қолына бір жағалап қарап қойып,
Мұхаммед-Қанапияны көңіліне алды.
Он жеті ер Қалида ұл бар еді,
Сөзінде Пайғамбардың бұл бар еді.
Пара-пар жүз кісілік қайраты мол,
Қалида Қамбар атты құл бар еді.
– Рұмға батыр Қамбар барсын, – деді,
Бұйдалап жеті нарды алсын, – деді.
Әкелсін сонан барып өрік, мейіз,
Үстіне сыйғанынша салсын, – деді.
Сахаба отыз үш мың, төрт шәріден
Бір жолдас өзі таңдап алсын, – деді.
Бисмилла сөз таратып әуел баста,
Жақсының жаны бірге, заты басқа.
Мұхаммед-Қанапия “барам” дейді,
Сол кезде келген екен жеті жасқа.
Ұмтылды осы бала “барамын” деп,
“Жасымнан жер шарасын көремін”, – деп.
– Бұғанаң, бойың өсіп қатқан жоқ, – деп,
Қимайды Қали тақсыр, – қарағым, – деп.
Өзінің көңілі таза шәрбат судан,
Дүниені жаратпайды артық қуған.
Қасен мен Құсайыннан бір кем емес,
Қатыннан Қанапия атты жалғыз туған.
Қимайды жіберуге Қали Хайдар,
Дұшпанға бір болар деп үлкен айбар.
Жарқырап сәулесінен күн түсіп жүр,
Туғаннан мысал еді алтын айдар.
– Тілегім бұған бар ма, қарағым-ай,
Өзіме тартып туған талабың-ай.
Далада ұйқың келсе қор боларсың,
Қимаймын жіберуге, қарағым-ай.
Қалидің тілін алмай бала кетті,
Панасыз пәни жалған солай етті.
Бір сапар жолдас болып қаламын деп,
Артынан ер Қамбардың қуып жетті.
Екеуі “тәуекел” деп түсті жолға,
Сондай қып кімде-кімнің артын оңда.
Рұмның шаhарына қия жетті
Ақшам мен екіндінің арасында.
Екеуі бес-алты күн жатып алды,
Миуасын жеті нарға артып алды.
Түн қатып Мәдинеге жетеміз деп,
Екеуі бір күн кешке қайта салды.
Кеш батты, көз байланып сағым батты,
Баланың былқ-сылқ етіп тынышы кетті.
Ұйқыдан жап-жас бала тұра алмайды,
Байқамай Қамбар озып кетіп қапты.
Атын кесе қаңтарып Қанапия,
Сол жерде аттан түсіп жатып қапты.
Сол жерде аттан түсіп жатып қапты,
Талаппен шөл бейнетін іздеп тапты.
Білмейді қай тараптан келген жөнін,
Бет алып құла дүзге тұра шапты.
Әңгіме, енді қызық сөз келеді,
Дүниеде естігенді көз көреді.
Ішерге су, оттарға бір тал шөп жоқ,
Бір төбе биік құмға кез келеді.
Ер Қамбар жер ортаға жетіп барды,
Сол жерде ойлап-ойлап тұра қалды.
Қасында ерткен бала жоқ болған соң,
Адасып кетті ме деп ой ойлады.
Қамбардың қалды сонда көңілі жасып,
Ашиды басындағы миы қашып.
Еш белгі бұл баладан таба алмады,
Қалыпты жүрген жерін шаңдақ басып.
Ақылды сонда Қамбар көп ойлады,
Қайғысын бұл баланың жеп ойлады.
Бұл жерде жылағанмен кім аяр деп,
Берейін барып хабар деп ойлады.
Түн қатып түнде Қамбар жетіп келді,
Келді де Хақ Расулға хабар берді.
“Баладан айрылдым” деп айтып еді,
Мұхаммед Құдай досты зар еңіреді.
Бұл сөздің жалғаны жоқ, бәрі де рас,
Сөзінде Пайғамбардың болмайды қас.
Зарына жас баланың шыдай алмай,
Батысып ай мен күні қазаланды.
– Алды-артын дүниенің барласын, – деп,
Ешбір жан іздемеген қалмасын, – деп.
Жер келсе жарлау, шұңқыр тегіс ізде,
Оқыста кәпір ұстап алмасын, – деп.
Жөнелді бет-бетімен жанның бәрі,
Көп болды Мәдиненің қылған зары.
Болмайды жиhан кезіп іздейін деп,
Түн қатып атқа мінді хазірет Қали.
Біләл мен жар шақырды Құсман молда,
“Ашқыл, – деп, – ер сапарын, Қадір Алла”.
Жан қалмай Мәдиненің атқа мінді,
Бәрі де бара жатыр оң мен солға.
Тағы да атқа мінді хазірет Қали,
Пенденің асыл сөзге көңілі тынар.
“Мен бұрын бәрінен де табамын”, – деп,
Жаяулап о да ұшты баба Ғұмар.
Тағы да атқа мінді Әбубәкір,
Кем емес ер Қалидан о да батыр.
Қасында үш жүз кісі жолдасы бар,
Бет алып әр тарапқа бара жатыр.
Ер бабаң Қап тауына жетіп барды,
Бойына қару-жарақ, сайман алды.
Аса ұшып Қап тауынан жалғыз күнде,
Дүниені тегіс аралап бәрін шалды.
Біледі өзі жаяу жердің жайын,
Сасқанда қару-жарақ бәрі дайын.
Жер қалмай тебінгідей іздесе де,
Сонда да кез қылмапты бір Құдайым.
Оларға Құдай артық беріпті бақ,
Адамға қайғы шіркін үлкен салмақ.
Адамы Мәдиненің он күн іздеп,
Баладан хабар таппай қайтты зарлап.
Баладан хабар таппай қайтқан жері,
Қайғырып қайтқандардың түсті белі.
Ендігі жас баладан сөз сөйлейін,
Сонымен тұра тұрсын Мәдине елі.
Баланың қалды сонда аты жүрмей,
Хабарын бейшараның ешкім білмей.
Өзі жас бейшараның әлі кетті,
Аузына нәр салмапты жеті күндей.
Баланың өзі жаяу әлі кетті,
Астында аты арып халі кетті.
Қаңғырып жапан дүзде қалам ба деп,
Құдайға сонда бала зарлық етті.
Баланың зары:
Сонда бала жылайды,
Көзінің жасын бұлайды.
Зарланады жас бала,
Зар етіп жатыр Құдайға.
– Хақ Мұхаммед бабам-ай,
Нұр Бәтима апам-ай,
Жапан дүзде зарланып,
Бір жас бала қалам ба-ай?!
Есіне бабам алмады-ау,
Дүлдүлге қамшы салмады-ау.
Жау-жарағын асынып,
Дүние жүзін шалмады-ау.
Жеті жасар жас балаң,
Жапанда қалып зарлады.
Көп бейнет бердің балаға,
Бұйрықсыз жанды ала ма.
Жеті жасар шағымда
Қаңғырып қалдым далада.
Жалғаннан зарлап өтем бе,
Қуанар күнге жетем бе?!
Қалидан туған зат едім,
Ит-құсқа жем боп кетем бе.
Жапанда қалды бір балаң,
Құдіретіңе таң қалам.
Бір ұядан жалғыз ем,
Зарланып қалды сорлы анам.
Атамның жүзін көрмедім,
Бабама сәлем бермедім.
Қасен менен Құсайын,
Соңынан бірге ермедім.
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтердім Алла салғанын.
Атамның жүзін көре алмай,
Ішімде кетті арманым.
Атамыз біздің Мұхаммед,
Тілек тілеп көп үмбет,
Досыңнан хабар алмадың,
Білдірмеді Құдірет.
Жас бала осылайша зарлық етті,
Бойынан қару-қайрат әбден кетті.
Бұл жерде жылағанмен кім аяр деп,
Тоқтатып өзін-өзі сабыр етті.
Жас бала әрі-бері ойлап тұрды,
Боларын бір сұмдықтың іші білді.
“Құдай-а, жазуыңа мың шүкір”, – деп,
Етегін белге байлап тұра жүрді.
Кісі жоқ ақылдасар жолдасына,
Дүниенің көз жетпейді болмасына.
Құдайға мінәжат қып жылағанда
Қара тас балқып кетті көз жасына.
Баланың аты қалып, кетті жаяу,
Жолдас жоқ, жан есіркеп баланы аяу.
Көл болып екі көзден аққан жасы,
Шөл құмның биігіне келді жаяу.
Балаға енді түсті заманақыр,
Қор болып өзі жаяу есіл пақыр.
Сол құмның биігіне қарап тұрса,
Көрінді мұнарланған бір ақ шатыр.
Бала да әрі-бері аңғарады,
Жақсының өзі өлсе де жан қалады.
“Елсізге неғып шыққан бұл шатыр?” – деп,
Құдайдың құдіретіне таң қалады.
Ойлайды: – Бұл шатырға барайын, – деп,
Ішінде не бар, не жоқ қарайын, – деп.
Сөйлесіп, адам болса асын ішіп,
Тағдырлы қазам жетсе, өлейін, – деп.
Барайын тәуекел деп не де болса,
Құдіреттің салғанын көрейін, – деп.
Жас бала өзі бір гүл еді тұрған жайнап,
Қор боп тұр Жағыпардан соры қайнап.
Тұлпардың тұяғы ғой асыл туған,
Жөнелді бір Құдайға белін байлап.
Шатырға сонда бала жетіп келді,
Басына Құдай қанша бейнет берді.
Толықсып он төртінде туған айдай
Үстінде алтын тақтың бір қыз көрді.
Жас бала жайнап тұрған о да бір гүл,
Бейшара дамыл алмай қалжырап тұр.
Шатырдың түкпірінде қарап тұрса,
Бүкшеңдеп босағада бір кемпір тұр.
Кемпірге сонда бала жетіп келді,
Келді де тағзым етіп сәлем берді.
– Аш едім неше күндей, шөлдеп тұрмын,
Әй, апа, бір ішерге су бер, – деді.
– Қалайша сөз сөйлейсің, бала, тақ-тақ,
Есіктен не себептен келдің жақтап.
Шөлдеген бала келсе, су берем деп,
Қойдым ба су даярлап саған сақтап.
Бір суды көргеннен соң басын қойды,
Адам деп ойламады кемпір сұмды.
Долданып жетіп кемпір келіп еді,
Көтеріп борбайынан бір-ақ қойды.
Кемпір тұр жас баланың түрін сынап,
Өзі жас болса дағы, діні қынап.
– Шырағым, жаным ашып сөз айтамын,
Шатырдан жөнел, – дейді, – жылдамырақ.
Қорқады өзі жалғыз жап-жас бала,
Жөнелді дәт қылмастан шыға сала.
“Мұны мен не де болса байқайын”, – деп,
Далада бір қурайды қылды пана.
Толықсып он төртінде туған айдай,
Жатқан қыз бір заманда тұра келді.
– Жатқанда мен бағана ұйқылы-ояу,
Кемпірден – оның кім? – деп сұрады енді.
Кемпір айтты: – Бір бала келіп қалған,
Өзімнен азды-көпті жауап алған.
Сұрауға жаным шошып бата алмадым,
От екен екі көзі жанып тұрған.
Бір бала келіп қалды Құдай қосып,
Аялдап көп тұрмады сөзді тосып.
Бетінде Арысланның белгісі бар,
Сұрауға бата алмадым жаным шошып.
– Ендеше, сол баланы шақыр, – деді,
Баланың біз шығармыз келген жері.
Осында бөтен заттан келмеуші еді,
Дүниенің ері шығар, кемеңгері.
Баланы кемпір залым шақырады,
Қол бұлғап “жылдам кел” деп бақырады.
Алтынның сынығы ғой осы бала,
Пана қып бір қурайды жатыр еді.
Жас бала шақырған соң жетіп келді,
Келді де тағзым етіп сәлем берді.
– Жас бала, нәсілің жас, түсің бөтен,
Ей, қалқа, танымаймын, кімсің? – деді.
– Айтпаймын мен шынымды тіпті саған,
Баян қыл сен жөніңді бұрын маған.
Егер де жөніңді айтпасаңдар,
Басыңа түсіремін ақырзаман.
Қыз айтты: – Адамбысың, перімісің,
Қайтпайтын бұл жалғанның ерімісің?!
Нәсіліңді мен соларға ұқсатамын,
Қалидың көп ұлының бірімісің?
– Болмайды жанның бәрі сендей зерек,
Көңілге келген сөзді ойлау керек.
Сен байқап нәсілімді танып тұрсаң,
Қалидың ұлы емеспін, затым бөлек.
– Жөндеріңді айтып кетсең беріп,
Адамға ақыл, қайрат үлкен серік.
Секілді қасқыр қабақ түсің суық,
Тұр екен ер Қалиға түсің келіп.
Түсімде Пайғамбарды көріп едім,
Алланың барлығына сеніп едім.
Солардың үмбетіне қоса көр, – деп,
Құдайдан күндіз-түні тілеп едім.
Бір бала келмек еді алыс жолдан,
Ол өзі арып-шаршап талай жерден.
Ол келсе хақ мұсылман боласың деп,
Түсімде хақ Пайғамбар аян берген.
Баладан содан бері хабарым жоқ,
Ұрғашы, өзім іздеп табарым жоқ.
Қолында ит кәпірдің қалам ба деп,
Зарланып мен жатырмын, амалым жоқ.
Бала айтты: – Кез келтірсе жалғыз Хақтан,
Қызбын деп қолым жеткен, қылма мақтан.
Түсіңде Пайғамбарды рас көрсең,
Адамсың бұл жапанда не қып жатқан?
Қыз айтты: – Әкем аты – Ғұзнапар,
Бойы бар дию тектес, өзі кәпір.
Қалидың басын кесіп келемін деп,
Сексен мың жиылысып кәпір жатыр.
Сөз ұят көрмегенге дейтін бәлен,
Көп шерік жиналыпты бізден түмен.
Қолыма бір кемпірді даяшы қып,
Серт қылып орта жолға әкеп қойған.
Кәпірдің бір батыры Ғажым деген,
Ызасы кәпірлерге өтіп еді.
Егер де Қали басын кесіп келсе,
Ғажымға мені әкем бермек еді.
Бала айтты: – Мендей шаршап қысылған бол,
Сұраймын сізден, менің арызым сол.
Түсіңде Пайғамбарды рас көрсең,
Бейшара, иман айтып мұсылман бол.
– Жас бала, біз айталық дәтімізді,
Соларға ұқсатамын затыңызды.
Әуелде мұсылманның бір белгісі,
Шырағым, баян қылшы атыңызды.
– Жол тартқан ақ қағазға қара сия,
Тұрағым – Мәдине елі, мен – Қанапия.
Пайғамбар нағашы атам, әкем – Қали,
Сұрасаң, менің атым – Қанапия.
Қыз айтты: – Шариғатты іс болыпсыз,
Көңілде арманым көп, сөкпесеңіз.
Аш жүрмін неше күндей деп айтасыз,
Осында бел шешініп тағам жеңіз.
– Ішпеймін берсең дағы асыңыздан,
Кетпеймін және тастап қасыңыздан.
Әуелден кәпір асы бізге арам,
Ежелден ғадат қылған жасымыздан.
– Шырағым, сөз айтасың дәйім маған,
Баласың әр жауаптан тайынбаған.
Белгісі мұсылманның неден болар,
Иманның үйрете гөр жайын маған.
Сол жерде қыз бейшара дінге кірді,
Бұл қыздың абзалдығын о да білді.
Алтынның сынығы ғой осы бала,
Нәпсіге сонда бала тыйым салды.
Бұл қызға дін үйретті бала ғаріп,
Дүниені жаяулықпен жүрген шалып.
Әр ғылым, әр нұсқадан дін үйретті,
Көңіліне иман нұры қалды толып.
Шатырда жарты ай жатты әлгі бала,
Баланың жас та болса, көңлі дана.
Қыз барып сыртқа шығып келді де айтты:
– Япырым-ай, келе жатыр бір топ қара.
Таныдым, келе жатқан Ғажым батыр,
Қалидың басын іздеп кеткен кәпір.
Өзінің діні қатты батыр еді,
Шырағым, болма қапыл күтініп тұр.
Қолына қару алды сонда бала,
Басына бейнет берді Хақ Тағала.
Есіктен қарсы қарап келген екен,
Баланы ит кәпірдің көзі шалды.
Долданып сонда кәпір жетіп келді,
Шіреніп ат үстінде жауап берді.
– Шатырды мен жоқ жерде жайлап алған,
Осында жатқан байың кім-дүр? – деді.
Қорқады өзі жалғыз жап-жас бала,
Жөнелді дәт қылмастан шыға сала.
Баланы шаншайын деп ойлап еді,
Ақ найза, алтын шашақ қолына ала.
Балаға келді дағы найза салды,
Керіліп асыл шіркін тұра қалды.
“Пайғамбар нағашы атам, қолдай гөр”, – деп,
Ол дағы “иә, Құдайлап” қылыш салды.
Найзасын тигізбестен қағып алды,
Тартқанда кәпір қолы сапта қалды.
Бірі атты, бірі жаяу болмайық деп,
Екеуі аттан түсіп күрес салды.
Баланы менсінбейді кәпір қорлап,
Салады ол да қылыш жанды қорғап.
Тартқанда кәпір қолы сапта қалды,
Баламен алысады жалғыз қолдап.
Кәпірдің аты жүрмей жата қалды,
Алысып екі батыр күрес салды.
Күресіп жеті күндей осы бала,
Кәпірден қайраты асып жығып салды.
Тағдырын сол кәпірдің бала шешті,
Қимылы сол баланың желдей есті.
“Құдай-ау, атам жолын бере көр”, – деп,
Сол жерде алып соғып басын кесті.
Мінеді алып соғып кеудесіне,
Көрінді дәл мінгендей тау басына.
Кәпірдің басын кесіп алғаннан соң,
Шүкір қып нияз қылды Алласына.
Жаратқан Құдай артық мұның халін,
Аллаға адам сыры бәрі мәлім.
“Осындай Ғажым ерді өлтірді”, – деп,
Кетіпті түнде қашып кемпір залым.
Залым ит көп шерікке жетіп келді,
Келді де сексен мыңға хабар берді.
Кемпірден бұл хабарды естіген соң,
Кәпірдің сексен мыңы атқа мінді.
Түнде кеп қалың шерік қамалаған,
Ішінде бір жас бала жалғыз қалған.
“Пайғамбар нағашы атам, қолдай көр”, – деп,
Ол дағы “иә, Құдайлап” қимылдаған.
Атасы мұсылманға болған ерке,
Құдайым қуат берсін иман дінге.
Қылышын екі жүзді сермегенде,
Қосады кәпірлердің мыңын бірге.
Қызарды көк бөрідей екі көзі,
Бұлардың тамашалы әрбір сөзі.
Мың қойға жалғыз шапқан көк бөрідей,
Ішінде сексен мыңның жалғыз өзі.
Қырылды, бір баладан аса алмады,
Құтылып жалғызы да қаша алмады.
Ойлады қалғандары қашайық деп,
Ат аяқ өлгендерден баса алмады.
Балада бір дамыл жоқ күн менен түн,
Сөзінде Пайғамбардың болмайды мін.
Сексен мың қалың шерік жабылса да,
Қалыпты бір заманда он екі-ақ мың.
Дүниеде кім құтылар мұндай ерден,
Құдайым, тысқары қыл қара жерден.
Хал кетті бір заманда есіл ерден,
Тәніне жара түсті жетпіс жерден.
Балаға жетпіс жерден жара түсті,
Ұлғайып барған сайын болды күшті.
Тәнінен аққан қаны аспанға атып,
Есіл ер бір заманда аттан ұшты.
Баланың жалғыз өзі қалды талып,
Адамға жалғызшылық қандай ғаріп.
Қасында сүйенерлік жолдасы жоқ,
Құлады бір заманда аттан барып.
Баланың тынышы кетіп жата алмады,
Ешкімге бір ауыз сөз қата алмады.
Әшейін амал қылған қайласы деп,
Кәпірлер дәндеп қалған бата алмады.
Дүниені кезіп едім жаз бенен күз,
Адамды қайда апарса дәм менен тұз.
Баланың басын сүйеп зар қағады
Баяғы қоста қалған бойжеткен қыз.
Қыз келді фариад салып жатқан жерге,
Қайысып қабырғасы есіл ерге.
Баланың басын сүйеп зар жылайды,
Тіл де жоқ, тым болмаса, сөйлесерге.
Жаманды жақсы десең қорланады,
Аққан жас қыз көзінен парланады.
“Құрбан қып мұның үшін өзімді ал”, – деп,
Құшақтап бейшара қыз зарланады.
– Қарағым, мұндай болды жатқан жерің,
Адам деп ескермеді кейінгі елің.
Құдайым, мұратыңа жеткіз,– деді,
Қалидан пайда болған сағым керім.
Құдайым енді сенен қалдырмасын,
Қолында ит кәпірдің зар қылмасын.
Қасында сүйенерлік жолдасы жоқ,
Далада қор боп қалды ғазиз басың.
Болжаусыз дүние шіркін өтер ме еді,
Аллаға қатты зарым жетер ме еді?!
Әуелде қор болмас деп ойлаушы едім,
Құдайым құдіретіңе жетер ме еді?!
Құдай-ау, бұл қылғаны Құдіреттің,
Үйіңе мың да болса бүгін жеттің.
Алланың хабарлаған Хақ достығы,
Бір хабар білдірмейді Құдіретің.
Зар жылап қыз бейшара фариад салды,
Дауысы Құдіретке жетіп барды.
Зарланған қыз дауысын естіген соң,
Құдірет рақым ойлап көңілге алды.
Жаманды жақсы десең арланады,
Аққан жас қыз көзінен парланады.
“Сабыр қып бейшара қыз тоқтасын”, – деп,
Елшіге Жәбірейілді жібереді.
Сол жерде нұр періште келді жетіп,
Қалыпты қыз бейшара зарлық етіп.
“Хабарды Мәдинеге саламын”, – деп,
Бейшара тоқтау салды сабыр етіп.
– Тұрыңыз мен келгенше мұны бағып,
Естімесе не қылады олар келіп.
Хабарды Мәдинеге саламын, – деп,
Жөнелді нұр періште қанат қағып.
Қас-қабақ арасында жетіп барды,
Келді де Хақ Расулға хабар берді.
Көл болып екі көзден аққан жасы,
Мешіттің құжырасында отыр еді.
Келді де Пайғамбарға берді сәлем:
– Жапанда зарлық етті бір жас балаң.
Ер Қали жаны болса, тез жетсін деп,
Досыңыз хабар айтты Хақ Тағалаң.
Жалғаннан Қанапия өткелі тұр,
Басына қаза-өлім жеткелі тұр.
Бермесе өзі жәрдем Патша Құдай,
Кеудеден ыстық жаны кеткелі тұр.
Дейтұғын куһи Қаптың даласында,
Сексен мың көп шеріктің арасында,
Бармаса жарты сағат жазым болар,
Қалекең жете көрсін баласына.
Есітіп Пайғамбарым талып қалды,
Көңілі бұл бала үшін қатты жарым.
“Құдай-ау, өңім бе, – деп, – түсім бе”, – деп,
Жинады сол арада жанның бәрін.
Жылады естіген соң жанның бәрі,
Хақ жолдас отыз үш мың асхабтары.
“Баламды көріп өлсем арман жоқ”, – деп,
Түн қатып атқа мінді хазірет Қали.
Ер Қали түнде жатып түс көреді,
Түсінде таңғажайып іс көреді.
Бір түсті қалғып кетіп көрген екен,
Жүруге құдіретіңіз күш көреді.
Сол күні жатқан екен “иә, Құдайлап”,
Сайманның қару-жарақ бәрін сайлап.
Аттанып келсе хабар беремін деп,
Жолына хақ Дүлдүлін қойған байлап.
Қағынып төрт аяғын Дүлдүл тұрды,
Қылышы қынабына сарт-сұрт ұрды.
Көп жігер Арысланнан кетті қайнап,
Жүруге “тәуекел” деп бетін бұрды.
Көп жігер Арысланнан кетті қайнап,
Бөрідей қойға шапқан көзі жайнап.
“Жазасын кәпірлердің берейін”, – деп,
Дүлдүлге ерді салды “иә, Құдайлап”.
Алды-арты жиылғанша бөгеледі,
Қолынан оның басқа не келеді.
Артымнан бір-бір басып келіңдер деп,
Түн қатып хазірет Қали жөнеледі.
Халықтың бәрі келді ұмар-жұмар,
Хабарын естіген соң нағып шыдар.
Қалидан мен де қалмай жетемін деп,
Жаяулап о да ұшты баба Ғұмар.
Не түрлі жан жаратқан Хақ Тағалаң,
Өзінің әмірінде барша ғалам.
Айлықты алшаң басқан Дүлдүл аттан,
Кетіпті сонда озып бес жүз қадам.
Арыслан Қап тауына жетіп барды,
Сол жерде ойлай-ойлай тұра қалды.
“Естісе ғаріп балам алдансын”, – деп,
Қышқырып сонда Қали айғай салды.
Қышқырып сонда Қали айғай салды,
Дауысы мың күншілік жерге барды.
“Құдай-ау, әкем келіп қалған ба?!” – деп,
Көтеріп сонда басын жұлып алды.
Қалиды Құдай бастап алып келді,
Дауысын әкесінің таниды енді.
Қан басып жалғызсырап жатқан бала,
Орнынан “иә, Құдайлап” түрегелді.
Ер Қали баласына жетіп келді,
Дүлдүлдің жүрісімен келіп жетті.
“Әйтеуір, аман болса көремін”, – деп,
Кәпірге баба Ғұмар кіріп кетті.
Қырады батыр бабаң кіріп кетіп,
Қалыпты кәпірлердің халі кетіп.
Артынан қанша жүйрік қуса дағы,
Ер бабаң ұстатпайды былқ-сылқ етіп.
Кәпірді бара сала қыра берді,
Қылышпен кез келгенін ұра берді.
Әйтеуір, қалжыратқан осы ғой, – деп,
Кезіне келгендерін қыра берді.
Ер бабаң тиіседі бара сала,
Болады жүрген жері пара-пара.
Ойлайды қалғандары қашамыз деп,
Көрсетіп көресіңді қылған ісін қара.
Тұрады Қали тақсыр сабыр етіп,
Баласын көргеннен соң көңілі бекіп.
“Арманда көре алмай қалам ба”, – деп,
Балаға баба Ғұмар келді жетіп.
Баланы көргеннен соң жылады зар,
Дүниені жаяу кезген о да бір сал.
Жаны қалмай Мәдиненің келіп қапты,
Бастығы Құдай досы хақ Пайғамбар.
Батырлар тұра қалды әлгі жерге,
Әрқашан бейнет дайын талапты ерге.
“Бұл кәпірді өлтіріп кетейік”, – деп,
Жөнелді бірі қалмай кәпірлерге.
Кәпірге өңшең батыр жетіп келді,
Келгенін мұсылманның о да білді.
“Біз енді бұған қарсы тұрмайық”, – деп,
Кәпірдің аз қалғаны дінге кірді.
Келіпті батыр бабаң бәрін жайлап,
Басына берген бақыт Құдай арнап.
Қарсыласпай кәпірлер дінге кірді,
Ішінен өз патшасын келді сайлап.
Тоқтады Пайғамбардың ақылына,
Бұл сөздің қараңыздар ақырына.
Адамын Мәдиненің жиып алып,
Қыз қалған енді келді шатырына.
Шатырға өңшең батыр жетіп келді,
Келгенін мұсылманның ол да білді.
Жолы деп бұрынғының парыз айтып,
Иіле тағзым бірлән сәлем қылды.
Әуелгі тырнақалды жұпты қылды,
Балаға қияметті жұпты қылды.
Сол қызды енді қосты неке қиып,
Алды-артын әлгі араға жиып алды.
Бірі – үлкен, бірі – кіші ағалары,
Аллаға шын сүйікті паналары.
Кеп қайтты орта жолға олар дағы,
Қанипа, Бибәтима аналары.
Айтады насихат қып: – Жылама, – деп,
Жыласаң бізді мұндай қыла ма, – деп.
“Бейнеттің түбі – рахат” деген сөз бар,
Үмбетім қысқа тілек тілеме, – деп.
Аллаға қабыл болды қылған дәтім,
Қылады не қылса да Құдіретім.
Берген соң өзі жәрдем Патша Құдай,
Сол жерде тоқтау етті Мұхаммедім.
Мұхаммед-Қанапия. ӘӨИ,Ш:876. С.Тұрғанбаевтың қолжазбасынан көшірілген. Жинаушысы – С.Қорабай, кирилл әрпінде жазылған.
Мәтінді ескі қолжазбадан көшіргендіктен кейбір мәні танылмаған, дұрыс оқылмаған сөздер кездеседі. Ондай сөздер ОҒК (Ш:1109, 842) және ӘӨИ-де (Ш:199) сақтаулы тұрған қолжазбалармен салыстырылып түзетілді. Мысалы, түпнұсқада: өлімі делінген, дұрысы: өлшеулі; жай жас, дұрысы: жап-жас; қаһрасула, дұрысы: Хақ Расулға; жинап, дұрысы: жиһан; өлмедім, дұрысы: ермедім; міне шатқын, дұрысы: мінәжат қып; алладан, дұрысы: аялдап; қолған, дұрысы: қойған; тәмен, дұрысы: төмен; диым, дұрысы: дәйім; беитен, дұрысы: бейнет; адамға, дұрысы: Аллаға, т.б.
“Мұхаммед-Қанапия” мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.876) сақтаулы тұрған қолжазбадан дайындалды.