Сыр-сұхбат

Рақымғали

«Атамұра» баспа корпорациясы«Атамұра» баспа корпорациясының президенті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед туралы үзік сыр

Дәл бүгін, Ұлысты ұлы күні – Наурыздың 23 жұлдызында Рахымғали бауырым мен Нарша келініміздің отбасын құрғанына тура 30 жыл толады екен. Қазақы тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бағалап өскен перзенттері әлемнің таңдаулы оқу орнында білімін арттырып келді. Кенжелері Әлихан қазіргі күнде Американың Бостон қаласында оқып жатыр. Жылылық пен ізгілік ұялаған мерейлі отбасының өнегесі үлгі, шаңырағы биік, керегесі кең, қазаны құтты. Отбасын құрған атаулы мерекелеріңізбен өздеріңді шын жүректен құттықтаймын! Қос аққудай өмірдің айдынында қатар жүзіп, бала-шаға, немере-шөберенің қызығын бірге көре берулеріңе тілектеспін!

 

РАХЫМҒАЛИ

 

«Атамұра» баспа корпорациясының президенті

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,

философия ғылымының кандидаты

Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед туралы үзік сыр

 

Біздің студенттік кезімізде бірге оқыған курстастардың ғана емес, апа-сіңілің мен ініңнің сыйлас құрбылары да етжақын туысыңа айналатын үрдісі болатын.

Жақсыны жат көрмейтін ақ жүрегімізден ба, өзімнен екі жыл кейін ізімді басып келе жатқан інім Зинатдин КАЗГУ-ге оқуға түскенде еліміздің төрт бұрышынан келген үш ұлды түгелдей бауырымызға тартып, жақын көрдік. Ініге деген қамқорлықтың оның достарына деген құрметке ұласқанынан да болар. Өз інім Ішкі істер саласында қызмет етті, ел ағасы болған Рахымғали мен Ілиястің жас күндері көз алдымызда. Шүкір, бірге өсіп келеміз.

Жақында Рақымғали бауырым хабарласып, ағасы Мұхтар Абрарұлының «Менің ағаларым» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне шақырды. Ағамыздың басқа қызметтерін былай қойғанда, әулеттің тарихын жазып, Асылзада әкемізге сөздің асылынан тұрғызған ескерткіші бөлек әңгіме. Ағамыздың «Асылзададай» еңбегін күтіп жүретінбіз. Ата-бабаларымыздың ізгілік жолын әкелерімізден естіп өссек те қағаздан оқымаған біздердің рухани әлемімізге серпіліс әкелген туынды болды. Қазақ мемлекеттігі тарихында үлкен орын алған ислам дінін есігін ашып келген Бабтардың, дін ағартушыларының, ауыр да ұзақ қасиетті сапарынан сыр тартқан дүние-де. «Қалам ұстап, кітап ашқан, сөз ұстап, билік құрған, әрқашан жүрегі таза, иманы кәміл болған, құт қонып, бақ дарыған, керегесін күн, шаңырағын нұр шалған қасиетті бабаларымның көзі де, өзі де асылзада Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед» (Асылзада) жайында жазылған бұл эссе жарық көргенде санамызды торлаған тарихтың шаңын қағып, көкейдегі сансыз сұрақтардың жауабын тапқанын айтып хабарласқан ағайындардың қарасы көп болды. Әлі де туындыны іздеп жүріп оқитын оқырмандарының қатары сиреген жоқ.

Осындай қасиетті шаңырақта дүниеге келіп, әулеттің киесін кетірмей, өзі тізгінін ұстаған кәсіптің құтын қашырмай үлкен жауапкершілікпен алып келе жатқан Рахымғали бауырымның орны да жөні де бөлек. Бауырдың қабағы қатулы болса, жүрегіміз ауыратын қарындас емеспіз ба, елдің алдында жүрген Рахымғалиға келгенде алаң көңіл тіпті тыным таппайды. Әрбір белесін бағалап, ісінің өрге басуына тілекші болып отырамыз. Сыртынан мақтанып, марқайып та жүреміз.

Сүйікті бауырыма шын қарыздармын да…

Анам, Алла рахымына алсын, тірісінде «мен ұзақ жасаймын» деп айтушы еді. Оның себебі де бар болатын. Анамыз дүниеге келмес бұрын, Қызылорданың пединститутында оқып жүрген жалғыз ағасы науқасты болып, анасы, яғни менің әжем құмалақшыға барыпты. Сонда құмалақшы: «бұл балаңды қайдам, енді туатын қызыңның өмір-жасы ұзақ болады» дегенде егде тартып қалған әжеміз сәуегейдің сөзіне сенбепті. Алайда көрмеген ағасына деген сағынышпен өткен анамыз елге атақты әнші Майра келіп жатқанда дүниеге келіпті. Жасы ұлғайғанда туған сәбиге әншінің есімін қояды. Майра десе Майра, анамыздың әдемі дауысы болатын, көпшіл еді. Сол сәуегейдің сөзіне құдайдай сенген анамыз да, оны естіген біздер де анамыздың жүз жасайтынына кәміл сендік. Мүмкін біздерге өмірдің өткінші екенін сездірмес үшін аналарымыздың айтқан аңызы ма екен, кім білсін. Өкінішке қарай, құмалақшы қателесіпті. Анамыз енді жетіліп келе жатқанымызда біздердің қызығымызды көрмей асығыс өтіп кетті. Кейде өзім кінәлімін-ау деп ойлаймын. Қиыншылығы қос бүйірден қысқан тоқсаныншы жылдардың тар кезеңдеріндегі тірліктің қамытынан бас көтере алмай жанталасып жүргенде менің ықыласыма сусап жүрген ауылдағы анам барын сирек еске алғанмын. Еске түскенде, небір сылтау тауып «әлі де үлгеремін ғой» деп өзімнің қара басымнан аса алмай жүріппін ғой.

Аласапыран жылдары тісімізбен тістелеп жүріп өсірген ұл-қыздың қызықшылығын көргенде бір әттеген-ай ішімді қыжылтатады. Анама жақсылық жасай алмадым-ау деп.

Аз да болса, анамның көңілі көкке самғап, қуаныштан бал-бұл жанған сәттерін еске алғанда, есіме Рахымғали түседі. Ризалықпен толқимын, жанарым суланады. Оның мәнісі былай еді.

Жиырма жыл бұрын інім Зинадтин екі қыздан кейін ұлды болып, Нұрқожаның тұсаукесер тойын өзі қызмет етіп жүрген Талдықорғанда атап өтті. Достары әрине алдымен келеді ғой. Ауылдан әке-шешеміз, Алматыдан біздер жеттік. Анам мен әкем үшін баласының қуанышы – өздерінің қуанышы, оған сөз бар ма. Тойдың келесі дастарханы жайылғанша, ортаға шығып билеп жатырмыз. Бір сәтте Рахымғали енесіне еркелеген құлыншақтай анамды шаршы топқа шақырып, татар биінің мәнерімен қолын арқасына байлап қойып, құлдыраңдап билей жөнелді.

Жалпы бізге анамыздың осы бір жайдары мінезі бітпеген-ау. Жүрегіміз елжіреп тұрса да ішкі сезімімізді сыртқа білдірмейтін тұйықтау, сыралғы болмаса бөтенге суықтау көрінеміз. Жаңа ортаны жатырқап, бір дегеннен өзімсіне алмай тұратынымыз тағы бар. Біздің кемшілігімізді түзегісі келді ме, Рахымғали әдемі биімен ортамызды жайнатып жіберді. Би біткенде, сыйлық деп қалтасынан жүз долларын суырып анама ұстатты. Ол кезде долларды ауылдағы анамыз түгіл Алматыдағы біздер сирек көретін кезіміз. Анамыздың көңілін аулап, қуанышқа бөлеген Рахымғалиға әлі күнге дейін ризамын.

Анамыз құмалақшы айтқандай көп жасаған жоқ, аяқастынан кетіп қалды. Артында еңіреп біз қалдық. Сол сәтте де Рахымғали жанымыздан табылды.

Өмір-өзен. Бірде арнасына сыймай, бірде кенеуі кеуіп өтіп жатты. Өзім жақсы көретін тәмсіл бар, аталарымыздың бірі «туысқаннан күдер үзбе, қыздың ең жаманы ат жеміне жарайды» деген екен. Сондағысы бір адам жолаушылап шығып, арып ашып бір ауылға келеді, қараса, сол ауылда елінен қол үзіп сырттап қалған өз ауылының қызы екен. Жау жерінде болса да бір үйің болсын дейтін қазақ көңілі бірленіпті. Ертесіне қараса, аты жемдеулі. «Ат жеміне жарайды» деген сөз соған қарап айтылса керек. Біз де қыздың ең жаманымыз ғой, тілеулес болып сырттан жағдайын білуге жараймыз, әйтеуір.

Десе де, біздерді байланыстыратын тағы бір нәрсе бар. Ол – білім мен білуге құмарлық. Рахымның бұл қасиеті еліміздің кітап басу ісіндегі өз орнын сайлады. Ал біздерді дін ағартушылық, әсіресе, түркі жұртына ислам есігін аша келген Бабтардың шежіресі, олардың бүгінгі ұрпақтарының тарихы қызықтырады. Сол ниетпен, Рахымғаидың ата-тегіне қатысты бір мәліметпен бөлісейін.

Осыдан тура он жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Жартытөбе елді мекені Баба ата ауылының іргесіндегі Ысқақ бабтың аруағына арнап Ас берілді. Өліге дұға, тіріге сәлем бере келген ағайындар арасында Рахымғалиды көргенде, ішім жылып қалды.

Сәл шегініс жасайық, Ысқақ Баб Орта Азиядағы түркі қауымы Исқақ ат-Түрк деген құрметті атты иеленген, Хазреті Әлидің Мұхаммед-Ханафиясынан тараған жетінші ұрпағы. «3500 алтын қаражат жұмсады түркі топырағындағы алғашқы Әдина (жұма) мешітін салған» деген дерегі бар. Алтын шынжырды саралай келсек, ХІІ ғасырда өмір сүрген Сүлеймен Бақырғани (Хаким ата) «Ысқақ баба ұрығы, Шайқы Ибрагим құлыны, Машайықтың ұлығы, Шайқым Ахмет Йассауи» деп ұлықтаған Қожа Ахмет Йассауи – Бабтың он үшінші ұрпағы. Шайхтың өз ұлы қайтыс болғаны тарихтан белгілі. «Иасауиден тараған ұл жоқ. Сондықтан Мұхаммед-Ханафия ұрпағы ары қарай оның ағасы Садыр атаның ұлы Данышпан Мұхаммед қожа (Зарнуқи) арқылы жалғасады». Осы ізбен, насаб-наманы қуалап келсеңіз «Егер Әзірет Әлиден бастап, менің әкеме дейінгі аралықты санайтын болсақ, тұп-тура 48 ата болып шығады2», деп Мұхтар Құл-Мұхаммед «Асылзада» еңбегінде жазды. Тәрбие тал бесіктен. «Рахым» – Алла Тағаланың 99 сипатының бірі. «Рақымғали» деп әкеміз Абрар Әкетайұлы қойған екен. Хазірет Ғали есімі әдемі жарасып тұр. Қасиетті есімнің ауыртпалығын өзі де жақсы түсінеді. «Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған кезден-ақ: «Балам, есіміңді көрінген жерге жазба. Аты-жөнің жазылған қағазды жерге тастама. Ұстаздарыңа, ортаңа сыйлы болсаң атыңа неше түрлі жақсы сипаттар қосақталып айтылады. Сонда саған бақ-береке өзі келетін болады», – деп талай айтыпты. Мен өмір бойы әкемнің осы сөзін есімнен шығармай, өз атыма да, әкемнің атына да, бабаларымның ныспысына да кір жұқтырған емеспін. Әкемнің айтқаны айдай келіп, өмірде азды-көпті табыстарға қол жеткіздім» дейді Рақымғали бауырым.

Әкенің бір ауыз сөзін жерге қалдырмайтын Рахымғали өмірлік жарын үлкендердің батасымен тапты деуге болады. Өзі айтқандай, мектеп бітірген жылы 60-қа да толмаған әкесінің бас қасиеттерін сағынышын жеткізген жазбаларынан «бірақ маған жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, араласқан дос-жарандарына қарағанда үлкен ақсақал адамдай көрінуші еді» еді деп еске алады.

«Әкеміз маңайына да өзі сияқты жаны таза адамдарды жинап жүретін. Соның бірі – Рымбек Тазабекұлы. Олар бас қосқанда оқыған кітаптарын, дін тақырыбын, болмаса қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін бүге-шігесіне дейін талдап, идеялары мен ойлары үндесіп отыратын.

Әңгімелері жарасып, бір-бірін қас-қабағынан түсінетін ағалы-інілі жаны жақын достар осындай қызу талқылаудың бірінде әңгіме тақырыбын отбасы тірлігіне аударып, сырласып отырған сәтте бірінің бойжеткен қызы, екіншісінің ержеткен ұлы бар екенін біліп, қазақы дәстүрмен достығымызды құдалыққа ұластырсақ деген ұсынысты әкеміз айтқан көрінеді. Рымбек аға сәл жымиып, балаларды таныстыруға қарсы еместігін білдіреді. Әкеміз Рымбек ағаның үйіне қонаққа барғанда қызы Наршаны көріп, әбден көңілі толып қайтыпты, кейіннен мен ауылға барғанымда әкем мені арнайы райкомға жіберіп, Рымбек ағамен танысуымды өтінді, мен ол кісіні сол кезде алғаш рет көрдім, ағамыз менімен ұзақ әңгімелесіп, біраз сұрақтар қойды. Екеуіміз әкелеріміздің көңілінен шыққан соң, енді олар бізді бір-бірімізбен таныстыруға шешім қабылдапты».

Үлкендердің шешіміне алғашында тіксініп қалағанымен, әкеміздің өзіне тән сабырлылықпен: «мен оның текті жерден шыққандығын және тәрбиелі бала екенін білсін деп арыдан бастап отырмын. Кез келген ата-ана текті әулетке қыз беріп, текті әулеттен қыз алысқанды қалайды, бұл біздің дәстүрімізде бар дүние», – деген сөзіне тоқтап, көп ұзамай Рахымғали мен Нарша шаңырақ көтеріп, ұлды да қызды да болады.

Наршадай қыз тәрбиелеген Рымбек Тазабекұлы Рахымғалидың арқа тұтар ағасына айналды. Оны «Рымбек ағаның кішіпейілдігі мен кеңпейілдігіне таңданудан еш жалыққан емеспін және өзім де ол кісіден өте көп нәрсе үйрендім, көңіліме түйдім. Мысалы, дүниеге қызықпау, қай кезде де сабырлылық сақтау, екі сөйлемеу, досқа адал, барлық кезде әділ болу, құпияны сақтай білу және т.б., тіпті ер-азаматтың ешкімге айтпайтын өзімен бірге о дүниеге алып кететін құпиялары да болу керек деп отыратын» деп өзі де еске алады.

Азаматтың азаматтығын айту керек, немерелеріне күн шуағы болған Сәуле апай өмірден өткен соң, Рымбек ағамыздың жалғызсырап жүрген күндердің бірінде, Рахымғали әкесінен тағы тапсырма алады. Алыста жүрсе де жанына жақын жандардың жағдайы жанына бататын Абрар Әкетайұлы ұлына: «Рекеңе қиын болып жүргенін жақсы түсінемін. Күйеубала емес, ұлындай қызмет ет» деп жөн сілтейді. Ол кісі де әкемді құда демей, аға дейтін. Жылына бір келетін демалысты бірге өткізейік деген ұсынысын бірден қабыл алмаса да, құдасының да сөзін жерге тастамай, кейіннен бірге шетелге шығып елі ішінде де бірге демалатын. «Ол кісімен алғашқы демалысымыз өте жақсы өтті, терең білімді, Рымбек ағаның кішіпейілдігі мен кеңпейілдігіне таңданудан еш жалыққан емеспін және өзім де ол кісіден өте көп нәрсе үйрендім, көңіліме түйдім. Маған өте риза болған сәттерінде «бұл – менің ұлым», тіпті, кейде «бұл – менің досым» деп таныстыратын, мені өзінен де жоғары отырғызып қоятын. Рымбек аға мен үшін рухани ұстаз болды, маған көрсеткен үлгі-өнегесі өмірлік ұстанымыма айналды, қызмет барысында да көп пайдасы тиді деп түйіндейді.

Сырт көз сыншы келеді. Айналасына шуағын шашып, қызметін де ұршықтай иіріп, еліміздегі шығармашылық ортаның да тынысын барлап, үлкенге іні, жасы кішіге аға болып көштің басында жүрген Рахымғалидың өз болмысы бар. Оны көкті қақ жарып жарқ еткізіп, аспанда қалатын найзағайдың жасыны емес, сол найзағайдың жерге ұшып түсетін «шарына» ұқсатамын.

Өмірімде көрген жоқпын, алайда ауада шар болаттай жайнап, шоқтай жанған қуатымен шыр көбелектей айналып тыным таппай айналасындағыларды үйіріп әкетеді. Аяғы барып, сөзі жеткен жерде жұртты жұдырықтай жұмылдырып аузына қарататын болмысы осы құбылысқа келеді.

Найзағай болса жарқ етіп көзді ашып-жұмғанша көкжиектен таса болар ма еді, жоқ, Рахымғалидың табиғаты бөлек. Өзінің із-жолынан жаңылмаған Рахымғали әлсізге қуат беріп, керек болса тас қабырғаларды тесіп өте алады.

Бұл қасиет «Атамұра» баспа корпорациясының президенті қызметі үшін де аса қажет. Әлде осы қызмет Рахымғалиды қорғасындай шыжғырып, қалыпқа салды ма екен?! Білмеймін, әйтеуір әрдайым жақсылық жасағысы келіп тұратын аңқылдаған көңілі бар, үлкенге ілтипаты ерекше, бауырға елгезек, көңілі түскенге жанын беретін, қырынан келгенге кесіп айтатын мінезін байқаймын.

Тегінде баланың кішісі болу да оңай емес, әке-шешесіне қаншалықты еркелеп өссе де, алдындағы аға-апалары тарапынан «қысым» болады. Оны өз басымнан білемін, өзімнен кейінгілердің әр қадамына сынмен қараймын, қателігін кешірмейтін қаттылығымыз да жоқ емес. Өз биігіңді мойындатқанша алдыңғы апа-ағаларыңды алға тартып, солардың көлеңкесінен көрмеуге тырысатындар да бар. Рахымғалиға да бұл таныс болса керек. Қазақтың талай толағай тауларына қызметі өткен Рахымғали бүгінде өз тауының шыңында тұрғанын бәріміз мойындаймыз.

Неше жыл еліміздегі кітап баспасының тұтқасын ұстап, теңселтпей ұстау азаматтың азаматы баратын Ардың ісіне айналып келеді.

Кітап шығару ісі, кітап саудасы – пайдасы шаш-етектен, ағылып жатқан ақшаның кені емес. «Ең кітап оқығыш ел» деген ұранмен төпелеп кітап шығарып, елді көгендеп кітапқа байлаған кеңестік дәуір өтіп кеткен. Миллиондаған тиражбен шығып жатқан тегін кітап жоқ бұл күнде. Осыдан отыз шақты жыл бұрын, Рахымғали қатарлы азаматтар университет бітіріп еңбекке араласа бастаған шағында материалдық дағдарысты бастан кешірдік. Бұрынғы том-том кітаптар сөрелерде шаң басып заманымыздың жаңа кейіпкерлерін іздей бастаған рухани дағдарыс та қатар келді.

Оқырмандар талғамы өзгерді. Бүгінгі заманының келбетін тану үшін, оны жаңа қырынан көрсететін кітап бар ма? Қазіргі қазақ әдебиет осы жүкті тарта алады ма деген сұрақ әлі күнге дейін ашық қалып отыр. Бұл дағдарыс жазушыларға да қатысты болып, соңына оқырманын ерте алмаған кезде Рахымғали кітапты басып қана қомай, «қаламгер-кітап-оқырман-баспагер» арасындағы алтын көпірді қалап, интеллектуалды қоғам тұжырымдамасын жасайды. Қоғамда кітап бизнесін немесе маркетингті ендіру, жазушы мен оқырман элитасын қалыптастыруға шар болаттай ширығып кірісті. Кітап жан азығы, бірақ күнде жейтін нан емес.

Бекзаттық белгісі бар, ерекше мәртебеге ие кітап оқыту, кітап басу саласының жалауын желбірету оңай іс емес. Жақсы кітап күнде шықпайды, қазақтың жауһарларын өздеріне қайта бастырып ұсынып, жаңа қалам иелерін тауып, оны насихаттау осы саланы кәсіп, немесе күнкөріс деп қарамай, ұлттың қамын ойлаған, оның рухани қатпарын қамдаған, алыстан шалған ақыл иесінің әрекеті.

Кітапқа деген қызығушылықтың азаюы және кітап оқу деңгейінің төмендеуі қоғамға кері әсер ететінін есте ұстаған корпорация өз жолын таңдап, қаламгерлеріне қанат бітіріп, оқырмандарының да талғамын тәрбиелеп бірге жұмыс жасап келеді. Егер осы арқау үзілсе жағдай бұдан да ауырлап, ұлт үшін өте ауыр мәдени және рухани трагедияға айналуы мүмкіндігін жақсы түсінетін баспагер Рахымғалидың қызметінің бір қыры осында жатыр.

Сөз басында оқырмандарға Хәкім атаның төрт шумағын еске салуымның себебі бар. Бір тамшы қанымен арғы ата-бабаларының ізгілік жолын сақталған, кешегі өткен жақсылардың шарапатын жүрегінде хаттаған Рахымғалиды өмірге деген адалдығы үшін үлкен ризалықпен әлі ілтипатпен «жақсылардың жұғыны» деп айтар едім.

 

Рақымғали жасында құнан бәйгеден озып келгенде сүйсініп қараған әкесінің көз жанары бала көңілінде мәңгі қалған екен. Осы жолдарды жазып отырып рухы шат болғай, Абрар әкенің бар қуанышын түсінгендей боласың. Осы бір мерейлі сәт бауырымның бүкіл ғұмырын сәулелі етіп жол сілтегендей. Әке шуағы жолыңды жарқыратып, жасай беріңдер деген тілегімді қабыл алыңдар!

Құрметпен Айгүл

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button