
2 тамыз 2026 жыл. Қызылорда – Қармақшы бағыты: Марал ишанның рухани мұрасын зерттеу және насихаттау
Экспедицияның он төртінші күні Сыр өңіріндегі қазақтың дәстүрлі ислам мәдениеті мен ишандық институтының тарихи сабақтастығын зерттеуге арналды. Бұл күнгі жұмыстардың негізгі мақсаты – Марал ишан Құрманұлының өмірі мен қызметіне қатысты тарихи орындарды аралау, оның ұрпақтары сақтап отырған рухани мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу, сондай-ақ жергілікті қауымдастық арасында жүргізіліп жатқан тарихи-мәдени мұраны сақтау ісімен танысу болды.

Күннің алғашқы жартысында Қызылорда қаласындағы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Сыр өңірінің рухани мұрасы: Марал ишан әулетінің ағартушылық және қоғамдық қызметі» атты ғылыми-танымдық дөңгелек өткізілді. Кітапта Марал ишан Құрманұлының өмір жолы, оның қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық қызметі, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси үдерістерге ықпалы, Ресей империясының отарлау саясатына қарсы ұстанымы, қазақ даласындағы ишандық институттың қалыптасуы мен дамуы архивтік құжаттар, далалық этнографиялық материалдар және ауызша тарихи деректер негізінде кешенді түрде қарастырылған.
Дөңгелек үстелге өңірдің тарихшылары, архив және музей қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, Марал ишан ұрпақтары мен студент жастар қатысты. Іс-шара барысында кітаптың ғылыми жаңалығы, пайдаланылған дереккөздердің ерекшелігі және қазақ руханиятын зерттеудегі орны жөнінде пікірлер айтылды. Сонымен қатар экспедиция барысында анықталған жаңа тарихи орындар, далалық зерттеу нәтижелері, киелі нысандардың географиялық координаттары, фотодеректер мен этнографиялық мәліметтер ғылыми қауымдастық назарына ұсынылды.
Рәсімнен кейін ұйымдастырылған кофе-брейк барысында қатысушылар Марал ишан мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері, Сыр өңіріндегі ишандар институтының тарихы және болашақтағы бірлескен ғылыми жобалар жөнінде пікір алмасты. Мұндай ғылыми кездесулер өңірлік зерттеулердің нәтижелерін ғылыми айналымға енгізуге және ғылыми мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Күннің екінші жартысында экспедиция Қармақшы ауданына бағыт алды. Жол бойында Тереңөзек өңіріндегі Қалжан ахун мешітіне арнайы тоқталды. Бұл тарихи-діни кешен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы исламдық білім беру жүйесінің маңызды орталықтарының бірі болған. Мұнда көптеген шәкірттер діни білім алып, кейін қазақ қоғамында имам, молда және ағартушы ретінде қызмет атқарған. Экспедиция мүшелері мешіттің сәулеттік ерекшеліктерімен танысып, оның тарихи маңызын бағалап, ғылыми сипаттамасын толықтырды.
Қармақшы ауданында экспедиция мүшелерін Әмит ишан мешітінің жанындағы асханада жергілікті тұрғындар мен ақсақалдар қарсы алды. Кездесу барысында Марал ишан Құрманұлының Сыр өңіріндегі қызметі, оның шәкірттері мен ұрпақтарының діни-ағартушылық дәстүрді жалғастырудағы рөлі, кеңестік кезеңдегі діни өмірдің ерекшеліктері және қазіргі таңда тарихи-рухани мұраны сақтау мәселелері талқыланды. Сонымен бірге жергілікті тұрғындардың жадында сақталған ауызша тарихи мәліметтер жазылып алынып, ғылыми далалық күнделікке енгізілді. Бұл мәліметтер кейінгі тарихи-этнографиялық зерттеулер үшін маңызды дереккөз болып табылады.
Экспедицияның негізгі зерттеу нысандарының бірі Қызылорда облысы Қармақшы ауданында орналасқан Марал ишан Құрманұлының тарихи қорымы болды. Қазақ халқының көрнекті діни қайраткері, ағартушысы, сопылық дәстүрдің ірі өкілі әрі үш жүзге пір атанған Марал ишан жерленген бұл кешен Сыр өңірінің ғана емес, Қазақстандағы аса маңызды тарихи-рухани мұра объектілерінің бірі болып саналады. Қорым ұзақ жылдар бойы халықтың зиярат ететін қасиетті орны ретінде сақталып, бүгінгі күні де ұлттық руханияттың маңызды орталығы қызметін атқарып келеді.
Экспедиция барысында қорымның қазіргі жай-күйіне кешенді ғылыми зерттеу жүргізілді. Нысанның орналасу ерекшелігі, тарихи құрылымы, сәулеттік келбеті мен кейінгі кезеңдердегі қайта жаңғырту жұмыстары зерделенді. Сонымен қатар қорым аумағындағы құлпытастардың мәтіндері, эпиграфикалық ерекшеліктері, жерлеу кешендерінің орналасу жүйесі тіркеліп, фототіркелім жасалды. GPS координаттары нақтыланып, ғылыми күнделікке толық сипаттамасы енгізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қорымды тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде цифрландыру, картографиялау және ғылыми айналымға енгізу үшін маңызды дереккөз болып табылады.
Зиярат рәсімі қорымның шырақшысы Бекболаттың жүргізуімен өтті. Экспедиция мүшелері Марал ишан Құрманұлының, оның ұрпақтарының, сондай-ақ қазақ халқының діни-ағартушылық тарихында ерекше орын алған тұлғалардың рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Тағзым ету рәсімі барысында Марал ишанның қазақ қоғамындағы орны, оның ислам дінінің дәстүрлі құндылықтарын насихаттаудағы қызметі, халықты бірлікке, имандылыққа, білімге және ел тәуелсіздігі жолындағы күреске үндеген ағартушылық қызметі жөнінде ғылыми түсіндірмелер берілді.
Қорым басындағы іс-шараға Марал ишанның рухани мұрасын қастерлейтін және тарихи сабақтастықты дәріптеп жүрген бірқатар белгілі азаматтар арнайы қатысты. Олардың қатарында Торғай өңіріндегі Қожа Құлжан әулетінің көрнекті өкілі, халық арасында «қажылардың қажысы» атанған Амангелді қожа, Жалаңаяқ ишан әулетінің ұрпағы Азат, Кенесары хан әулетінің өкілі Құрсанғазы ақсақал, Шәймерден Қосшығұлдың ұрпағы Қайрат Қайыржанұлы, сондай-ақ Алдашбай ишан ұрпағы Сәкен Мінуарұлы экспедиция мүшелерімен бірге зиярат жасап, Құран бағыштады. Олардың қатысуы қазақ қоғамындағы тарихи әулеттер арасындағы рухани сабақтастықтың бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқанын айқын көрсетті.
Кездесу барысында тарихи тұлғалардың өмір жолы, қазақ даласындағы ишандар институтының орны, әулиелер әулетінің ел бірлігін сақтаудағы қызметі, сондай-ақ Торғай, Сыр бойы және Арқа өңірлерін жалғаған рухани байланыстар жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Жергілікті ақсақалдар тарапынан Марал ишан және оның ұрпақтары туралы ауызша тарихи деректер, шежірелік мәліметтер мен халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер жазылып алынды.
Экспедицияның Қармақшы ауданындағы далалық зерттеу жұмыстары барысында Марал баба қорымында жерленген Марал ишан әулетінің көрнекті өкілдері – Елібай ишан Маралұлы (1828–1917) мен оның ұлы Үндемес ишан Елібайұлының (1856–1917) қабірлеріне арнайы зиярат жасалды. Бұл зиярат экспедицияның маңызды ғылыми кезеңдерінің бірі болып, әулет тарихына қатысты тың мәліметтердің жиналуына мүмкіндік берді.

Елібай ишан Маралұлы әкесі Марал ишанның діни-ағартушылық жолын жалғастырып, халық арасында беделді ишан ретінде танылған тұлға болды. Оның ұлы Үндемес ишан Елібайұлы да Сыр бойындағы аса көрнекті діни қайраткерлердің бірі саналған. Ел аузындағы деректерде Үндемес ишан ерекше рухани қасиет иесі, «күшті аруақ қонған», көптеген кереметтер көрсеткен әулие ретінде сипатталады. Ол ұзақ уақыт Қостанай өңірінде қызмет атқарып, кейін туған әулетіне жақындау мақсатында Қармақшы өңіріне қоныс аударып, «Қырық мешіт» тарихи кешені төңірегіндегі туыстарымен бірге өмір сүрген.
Үндемес ишан 1917 жылы дүниеден өтіп, әкесі Елібай ишанмен бірге Марал баба қорымына жерленген. Әкелі-балалы қос ишанның қабірлері Қалқай ишанның үйтамының солтүстік жағында қатар орналасқан. Осы қорымда Үндемес ишанның жұбайы Мыңғой ананың да мәңгілік тыныстауы әулеттің тарихи сабақтастығын көрсететін маңызды белгі болып табылады.
Экспедиция нәтижесінде жинақталған материалдар Марал ишан мұрасын кешенді зерттеу бағытындағы ғылыми жұмыстарды жаңа деректермен толықтыра түсті. Әсіресе оның қызметінің географиялық ауқымы, шәкірттері мен ұрпақтарының рухани сабақтастығы, қазақ қоғамындағы ишандық институттың қалыптасуы мен эволюциясы жөніндегі зерттеулер үшін маңызды тарихи-этнографиялық мәліметтер алынды.
Жүргізілген далалық зерттеулер тарихи-мәдени мұра объектілерін ғылыми тұрғыдан тіркеу, картографиялау, цифрлық форматқа көшіру және оларды мемлекеттік қорғауға ұсыну бағытындағы кешенді жұмыстардың маңызды құрамдас бөлігі болды. Сонымен қатар бұл экспедиция Марал ишан Құрманұлының мұрасын ұлттық деңгейде насихаттау, қасиетті орындарды ғылыми негізде зерделеу және қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарын сақтау ісіне өзіндік үлес қосты.
Самат ЖҰМАТАЙ, жас ғалым





