Ғалымның хаты

Экспедицияның қорытынды кезеңі

3 тамыз 2026 жыл. Экспедицияның қорытынды кезеңі: Марал ишан мұрасын ғылыми зерделеу және нәтижелерді жариялау

Экспедицияның он бесінші күні Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жалғасып, Марал ишан Құрманұлының тарихи-рухани мұрасын кешенді зерттеу жұмыстарының қорытынды кезеңіне арналды. Бұл күннің негізгі мақсаты экспедиция барысында жинақталған тарихи, этнографиялық, археографиялық және картографиялық материалдарды ғылыми тұрғыдан жүйелеу, Марал ишан әулетіне қатысты киелі орындарды қайта зерделеу және жүргізілген зерттеу нәтижелерін ғылыми қауымдастық пен жергілікті жұртшылыққа таныстыру болды.
Таңертең экспедиция мүшелері Марал ишан Құрманұлы мен оның ұлы Қалқай ишанның қорымдарына арнайы барып, тарихи-рухани кешендерді қайта аралады. Зерттеу барысында қорымдардың сақталу деңгейі бағаланып, олардың жоспарлану ерекшеліктері, құлпытастардың орналасу жүйесі, сәулеттік элементтері және кейінгі кезеңдерде жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары ғылыми тұрғыдан сипатталды. Сонымен қатар бұрын анықталған географиялық координаттардың дәлдігі қайта тексеріліп, фотограмметриялық материалдар толықтырылды.
Далалық зерттеу барысында жергілікті шырақшылар мен көнекөз қариялардан Марал ишан, Қалқай ишан және олардың ұрпақтарына қатысты сақталған ауызша тарихи мәліметтер қайта жазылып, өзара салыстырмалы талдау жүргізілді. Экспедиция мүшелері әртүрлі дерек берушілердің мәліметтерін сараптап, олардың тарихи сенімділігіне ерекше назар аударды. Бұл тәсіл ауызша тарих материалдарының ғылыми құндылығын арттырып, оларды архивтік және жазба деректермен салыстыра зерттеуге мүмкіндік берді.
Экспедиция барысында алдымен қазақтың көрнекті ағартушысы әрі дін ғұламасы Қалжан ахунның тарихи мұрасына ерекше назар аударылды. Оның Сыр өңірінде қалыптастырған медресесі қазақ даласындағы дәстүрлі мұсылмандық білім беру жүйесінің ірі орталықтарының бірі саналады. Медресе ғимаратына жүргізілген далалық зерттеу барысында оның сәулеттік ерекшеліктері, тарихи қызметі және қазіргі сақталу деңгейі зерделенді. Сонымен қатар Қалжан ахунның Бұхарадағы әйгілі діни оқу орындарында білім алып, кейін туған өлкесінде ислам ілімін, ағартушылық қызметті және шәкірт тәрбиелеу дәстүрін дамытудағы еңбегі кеңінен талданды. Оның медресесінде қазақ даласының көптеген белгілі молдалары мен ахундары білім алғаны атап өтілді.


Жол бойында экспедиция мүшелері Сыр бойындағы діни-ағартушылық мектептің көрнекті өкілдерінің бірі Мырзабай ахунның өмір жолы мен рухани қызметіне қатысты тарихи мәліметтерді талқылады. Мырзабай ахунның халық арасында ислам құндылықтарын насихаттаудағы, шәкірт тәрбиелеудегі және өңірдегі мұсылмандық білім беру жүйесін дамытудағы орны ерекше екендігі атап өтілді. Оның есімі Қармақшы өңіріндегі діни дәстүрдің сабақтастығын көрсететін маңызды тұлғалардың бірі ретінде қарастырылды.
Сонымен бірге экспедиция барысында Алдашбай ахунның тарихи қызметіне де ғылыми тұрғыдан тоқталынды. Оның Сыр өңіріндегі діни-ағартушылық қызметі, халық арасында шариғат қағидаларын насихаттауы және жергілікті мешіт-медреселердің қалыптасуына қосқан үлесі жөніндегі тарихи деректер сараланды. Алдашбай ахунның қызметі қазақ қоғамындағы ишандар мен ахундардың өзара сабақтастығын көрсететін маңызды мысалдардың бірі ретінде бағаланды.
Экспедиция мүшелері жол бойындағы тарихи-рухани нысандарды аралағаннан кейін Қармақшы ауылында орналасқан Әмит ишан мешітіне арнайы ат басын бұрды. Бұл мешіт Сыр өңіріндегі дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтап, халықтың рухани өмірінде маңызды орын алып отырған қасиетті орындардың бірі болып табылады.
Күннің негізгі ғылыми іс-шарасы Қармақшы ауданындағы «Руханият орталығында» өткен «Үш жүзге пір атанған әулие» атты ғылыми еңбектің тұсаукесері болды. Аталған шараға зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, ақ жаулықты аналар, өлкетанушылар, музей қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, Марал ишан әулетінің ұрпақтары және аудан тұрғындары қатысты.
Тұсаукесер барысында кітаптың құрылымы, пайдаланылған архивтік құжаттар, далалық экспедициялар кезінде жиналған этнографиялық, фольклорлық және шежірелік материалдар, тарихи-картографиялық деректер мен ғылыми жаңалықтар жан-жақты таныстырылды. Әсіресе экспедиция барысында анықталған жаңа тарихи орындар, ғылыми әдебиетте бұрын кездеспеген топонимдер, қасиетті нысандардың географиялық координаттары және жергілікті халық жадында сақталған ауызша тарихи мәліметтердің ғылыми айналымға енгізілуінің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Еңбекте Марал ишан Құрманұлының қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық қызметі, қазақ даласындағы ишандар институтының қалыптасуы мен даму ерекшеліктері, оның қазақ халқының саяси және рухани өміріндегі орны, сондай-ақ Марал ишан әулетінің бірнеше ұрпақ бойы жалғасқан рухани дәстүрінің сабақтастығы жаңа тарихи деректер мен ғылыми тұжырымдар негізінде қарастырылғаны көрсетілді.
Тұсаукесер аясында ғылыми пікірталас ұйымдастырылып, Марал ишан мұрасын кешенді зерттеудің алдағы бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, қасиетті орындарды толық цифрландыру, тарихи-географиялық ақпараттық жүйе (GIS) қалыптастыру, эпиграфикалық ескерткіштердің бірыңғай каталогын жасау, тарихи маршруттарды әзірлеу, далалық экспедицияларды жүйелі түрде жалғастыру және қазақ даласындағы ишандар институтының өңіраралық қызметін кешенді зерттеу мәселелері көтерілді.
Тұсаукесер рәсімінен кейін экспедиция бағдарламасына сәйкес Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде аудан ақсақалдарының қатысуымен арнайы қонақасы ұйымдастырылды. Басқосуға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, өлкетанушылар, Марал ишан әулетінің ұрпақтары және экспедиция мүшелері қатысты. Кездесу барысында экспедицияның ғылыми нәтижелері қорытындыланып, Марал ишан Құрманұлының қазақ халқының рухани тарихындағы орны, оның діни-ағартушылық қызметі және ишандар институтының тарихи маңызы жөнінде кеңінен пікір алмасылды. Ақсақалдар тарапынан Марал ишан әулетіне, Қармақшы өңірінің қасиетті орындарына және жергілікті тарихи тұлғаларға қатысты көптеген құнды ауызша деректер мен естеліктер ұсынылды.
Одан кейін экспедиция қатысушылары Қармақшы өңірінің белгілі азаматы Ұлықбек Әлиасқарұлының шаңырағына барып, автошеруге қатысушылардың құрметіне ұйымдастырылған дастарқанға қатысты. Кездесу барысында экспедицияның негізгі мақсаты мен қол жеткізген ғылыми нәтижелері талқыланып, болашақта Марал ишан мұрасын зерттеу бағытындағы бірлескен жұмыстардың перспективалары сөз болды. Экспедиция мүшелері Ұлықбек Әлиасқарұлының көрсеткен құрметі мен қонақжайлылығына және ғылыми бастамаға білдірген қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.
Түстен кейін экспедиция мүшелері жергілікті өлкетанушылармен, ғылыми қауымдастық өкілдерімен және Марал ишан әулетінің ұрпақтарымен қорытынды кездесу өткізіп, экспедиция барысында жинақталған материалдардың ғылыми маңызын талқылады. Кездесу барысында ұсынылған қосымша шежірелік мәліметтер, ауызша тарихи деректер және естеліктер ғылыми қордың жаңа материалдармен толықтырылуына негіз болды.
Кешкі уақытта экспедиция мүшесі алғашқы Марал ишантанушы, белгілі тарихшы, өлкетанушы Сәден Нұртайұлының шаңырағында болып, оның жеке мұрағатында сақталған сирек тарихи материалдармен, қолжазбалармен, фотосуреттермен және бұрын ғылыми айналымға енбеген тың деректермен танысты. Бұл кездесуде Марал ишан әулетінің тарихына, ұрпақтарының қызметіне және Сыр бойындағы діни-ағартушылық дәстүрдің сабақтастығына қатысты құнды мәліметтер алынып, оларды алдағы ғылыми еңбектерде пайдалану жөнінде келісім жасалды.
Экспедицияның қорытынды бөлімінде он бес күнге созылған ғылыми сапардың нәтижелері жан-жақты сараланды. Экспедиция барысында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау және Қызылорда облыстарының тарихи-мәдени кеңістігін қамтитын ондаған киелі орындарға кешенді далалық зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде көптеген тарихи тұлғалардың жерленген орындары нақтыланып, жаңа тарихи топонимдер анықталды, ғылыми әдебиетте бұрын кездеспеген ауызша тарихи деректер, шежірелік мәліметтер, эпиграфикалық жазулар, фотоматериалдар және географиялық координаттар жинақталды.
Сонымен қатар экспедиция барысында алғаш рет бірқатар тарихи нысандардың нақты орналасқан жерлері анықталып, ғылыми сипаттамалары жасалды, олардың GPS координаттары белгіленіп, тарихи-географиялық картаға енгізілді. Бұл жұмыстар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан жүйелеу, цифрландыру және мемлекеттік қорғауға ұсыну ісіне маңызды үлес болып табылады.
Экспедиция барысында жинақталған ғылыми материалдар Марал ишан Құрманұлы мен оның әулетінің тарихи қызметін жаңа деректер негізінде қайта зерделеуге, қазақ даласындағы ишандар институтының қалыптасуы мен дамуын кешенді түрде зерттеуге, сондай-ақ Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізуге берік деректік негіз қалыптастырды. Осы тұрғыдан алғанда экспедиция нәтижелері тарихи география, этнология, дінтану, деректану, тарихи антропология және өлкетану салаларындағы болашақ ғылыми зерттеулер үшін құнды ғылыми қор болып табылады.
Экспедиция жұмысының қорытындысы ретінде жинақталған материалдар негізінде «Үш жүзге пір атанған әулие» атты монографияны толықтыру, экспедиция күнделігін жеке кітап етіп жариялау, деректі фильм әзірлеу, тарихи-танымдық электронды карта жасау және ғылыми мақалалар сериясын жариялау жоспарланды. Сонымен қатар 2027 жылы Марал ишанның рухани мұрасын зерттеуге арналған экспедицияның келесі кезеңін ұйымдастыру, оның қорытындысын Алматы немесе Астана қаласында республикалық ғылыми конференция аясында таныстыру көзделді.

Жас ғалым
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button