Ясауи мұрасы

Хаққа ғашық болар болсаң, жанды ұмытқыл (Хикметтер)

63-хикмет

Үшбу сырды түсіне алмай адасқандар,

Дәруштердің қадірін қашан білер?

Тілмен ғана үммәтпін-деп таласқандар,

Мұстафаның қадірін қашан білер?

 

Тарихаттың кәусарынан татқан кісі,

Дүние-малын дін жолына сатқан кісі,

Ертелі-кеш көзінен жас аққан кісі,

Бұл пәнидің қадірін қашан білер?

 

Күні бойы тағат қылса ондай ғашық,

Бұ жалғанның күнәсінан болар қашық.

Дәруштерді ғайбаттаса ондай пасық,

Мағрифаттың қадірін қашан білер?

 

Дүние-малын кірелетіп есіргендер,

Есіл ғұмырын құр зая ғып кетіргендер,

Баябанда басы ауып өкіргендер,

Махаббаттың қадірін қашан білер?

 

Даурығады көпшілік ел нәпсі бағып,

Ішіп-жеуден хайуанша жүрер лағып.

Оразасыз, зекетсіз жүрсе маңып,

Хақ тағала қадірін қашан білер?

 

“Құл мұтақиаләмин”-деп айтты Расул,

Ей, Қожа Ахмет, бүл хадисты қылғыл қабыл,

Сирия халқы қабылдамай көрді зәбір,

Хас надандар пір қадірін қашан білер?

 

64-хикмет

Ғашық жаны күйзеліп, ол қайғы тартса,

18-мың барша ғалам құрдым болар.

Көңіл құсы қанат жайып қомдап ұшса,

Жан-дүниең жадын сайран, бал-бұл болар.

 

Махабаттың азабына өзін салса,

Мағрифаттың майданына белін буса,

Сыр шәрбәтін ішіп ғашық мейірі қанса,

Көңілінің гүлстаны гүлзар болар.

 

Барша жаран Хақ жадынан ғафыл болмас,

“Рижалин лә талһиһим” дер Халқи Әннас,

Хақтың жолын тұтқан құлдар жолда қалмас,

Ол Хұзратқа сыр сақтауы мақбұл болар.

 

Сыр шәрбәтін кімге берсе өшәл сақи,

У ішкендей есеңгірер мәңгі бақи,

Жанын, тәнін отқа қарып, ақи-тақи

Іші өртеніп, шоққа айналып, әм күл болар.

 

Тал бойларын әлеміштеп безегендер,

Ақ бәдәнін сылап-сипап түзегендер,

Ой қордасын көңілдегі көзегендер,

Мәңгіп жүріп қашан Хаққа машғұл болар?

Тарихат дүр бұ жол атын білсе дәруш,

Мағрифаттан білім нәрін емсе дәруш,

Өзге жолдың жоқтығына сенсе дәруш,

Хақиқаттың майданында Мәшһүр болар.

 

Құлшынып Құл Қожа Ахмет жолға кіргін,

Кімді көрсең, қүлы болып жөнін білгін,

Иә, Іллаһим, рұқсат қылса мәнін білгің,

Мәнін сұрап, мағына білген шын құл болар!

 

65-хикмет

Сұбхан Ием пәндәсіна рахым етсе,

Іші жанған, тысы күйген сүлде болар,

Пір айтқанын істеп ғашық жолға кірсе,

Хақты іздеп екі көзі мүлде ағарар.

 

Жаннан кешпей ғашық сырын біліп болмас,

Малдан безбей менмендікті жеңіп болмас,

Ышкың кетпей Жалғыз жарды сүйіп болмас,

Ондай ғашық ел көзінен әрмен болар!

 

Жанын қинап, күшің жинап ғашық болғыл,

Көзің бұлақ, жасың парлап садық болғыл,

Одан кейін дәргәһіна лайық болғыл,

Жанын берсең, рахым қылса, жанан болар.

 

Іңкәрлықта ертелі-кеш жылағандар,

Жаннан кешіп, белін бекем байлағандар,

Ғибадат қып Хақтың сырын аңғарғандар,

Түн ұйқысын төртке бөліп алаң болар.

 

Уа, дариға, ғашықтыққа жанын бермей,

Сүңгіп, батып, дариялардан гәуһар термей,

Хақтан өзге, ғафлаттарды аулақ салмай,

Махшар күні өкініштер ойға оралар.

 

Ғашық болсаң, Баязиттей өзің сатқыл,

Олла-біллә! Дүние харам, таста! Лақтыр!

Қос жанардан қан ағызып, түндер қатқыл,

Қас қағымда шайтан мүлкі ойран болар!

 

Таң атқанша зікір айтқыл жаныңменен,

Тау мен шөлді тасқын қылғыл қаныңменен,

Тастан қатты төсекте жат тәніңменен,

Жолдан азған 100-мың ғафыл мардан болар.

 

Тастан жұмсақ жай іздеген бейхабарлар,

Ақырет ісін тастай салып дүние қуар,

Аят-хадис айта қалсаң қарсы тұрар,

Залымдардың ағзалары шайтан болар.

 

Зікіріңді айт, қаның ақсын көздеріңнен,

Хикматыңда дүрлер тамсын сөздеріңнен,

Гүлдер өссін әрбір басқан іздеріңнен.

Гүлді күтсең, гүл жадырап гүлзар болар.

Сәһәрларда ерте тұрып қайғы жұтқыл,

Кәміл пірдің етегінен бекем тұтқыл,

Хаққа ғашық болар болсаң, жанды ұмытқыл,

Жаннан кешкен шын ғашықтар зарлар болар!

 

Бұ дүнияда пақырлықты әдет қылғыл,

Қорлық көріп, машақатты рахат білгіл,

Кұл Қожа Ахмет, жақсыларға қызмет қылғыл

Қиямет күн ондай кісі сұлтан болар.

 

Төсек-жастық тастан жасап тағат қылар,

Махшар күні дидарына қонақ қылар,

Құл Қожа Ахмет тәубә қылып жанып келді?

Бар күнәға бар ағзасын малып келді.

Мойынсұнсаң бір Алладан дәрмен болар!

 

66-хикмет

Ей, достарым, өлсем мен,

Білмейім халім не болар?

Көрге барып, еңсем мен,

Білмейім халім не болар?

 

Арулап мені қойса егер

Арқама батса қара жер,

Сауал қойып жатса егер,

Білмейім халім не болар?

Кәріш деген бір жылан,

Оралса тәнге сол заман,

Қалмас бүтін асыл тән,

Білмейім халім не болар?

Құрт-құмырсқа үймелеп,

Бақа-шаян кимелеп,

Мүрдемді жатса сүйрелеп,

Білмейім халім не болар?

 

Болмады менен бір сауап,

Оған берер кім жауап?

Қинаса мені мың азап,

Білмейім халім не болар?

Ақырдың келсе жарлығы,

Әзір болар барлығы,

Қылған сауабың кәні?

Білмейім халім не болар?

Ей, Құл Қожа Ахмет, сен жүгін,

Ғибадат қылғыл күні-түн,

Ойлама өмір ұзақ деп,

Білмейім халім не болар?

67-хикмет

Алла жадын айтар құлдар мағынаменен,

Бимағнаға әркез құлақ салмас болар.

Бір АЛЛА деп ғашық құлдар қайғы жеген,

Хақ жадынан әсте ғафыл болмас болар.

 

Хақ жадынан зәрре ғафыл болмағандар,

Жатса-тұрса Хақ зікірін қоймағандар,

Олла-біллә! Арамды ойға алмағандар,

Көр ішінде ол құл сірә өлмес болар.

Мағрифаттың бостанының дәмін білген,

Махаббаттың майданында басын берген,

Хақиқаттың дариясында гәуһар терген.

Сүңгіп-батқан ол дариядан келмес болар.

 

Жарандар сол, дарияға шомған, батқан,

Ертелі-кеш тыным таппай жадын айтқан,

Өлмес бүрын ғашығы үшін зәһәр татқан,

Ақыретке “Жол азығын” алмас болар.

 

Ғафыл болмас үміт еткен Хақ жадынан,

Ішкені адал талибтері жемес харам,

Дәруш керек осы сипат болса Оған,

Құлы болып құлдығынан танбас болар.

Құлы болып құлдық ұрар Қожасына,

Тәнін, жанын аямас ол молдасынан,

Үміт қылып, сабыр етер уағдасына,

Қайғысынан шын ғашықтар қашпас болар.

 

Жапа шекпей ғашық болмас тыңла ғафыл,

Жапа шегіп, сабыр қылғыл, болма жәһіл,

Риза болып, құлдық қылған болар ақыл,

Жәһіл адам бір-бірінен аумас болар.

 

Құлыңмын деп Хақ өмірін қылмағандар,

Құдіретін көріп ғибрат алмағандар,

Иман-Ислам жол-жорасын білмегендер,

Мқндай ққлдар көр азабын білмес болар.

 

Құл Қожа Ахмет Алла деумен жасың аққай,

Бір данышпан үміт қылып қолың тұтқай,

Рахым етсе, Рәббім Алла рахым еткей,

Қожа қолын бет алдына жаймас болар!

 

68-хикмет

Ғүмырым зая ғафлатпенен желдей өтті,

Қасіретінде көз жасымды көлдей етті,

Білдім достар, ақылым бұған енді жетті!

Сәһәрларда тұрып тағат қылғым келер.

 

Сәһәрларда кұран оқып, сана қылсам.

Хұзырыңа қол қусырып дұға қылсам,

Зар еңіреумен қу жанымды құрбан қылсам,

Сәһәрларда тұрып тағат қылғым келер.

 

Нәпсі обырдың озбырлығын білмек керек,

Мансұрдайын дарға басын ілмек керек,

Насимидей жан азабын көрмек керек,

Сәһәрларда тұрып тағат қылғым келер.

 

“Фазикарумды азкурукум!” аятынан,

Иман болар Хақ тағала тағатынан,

Безбек үшін үшбу нәпсі “Рахатынан”,

Сәһәрларда тұрып тағат қылғым келер

 

Дәруштарға тәрки дүния тақуа керек,

Құлдық ұрған ғашықтарға пәтуа керек,

Тарихатгың тарланына дұға керек,

Сәһәрларда түрып тағат қылғым келер.

 

Әрі итерер жүрек зілін Алла жады,

Ғашықтардың ертелі-кеш ол мұрады.

Уһілеумен жан бергейсің, құл Ахмады,

Сәһәрларда тұрып тағат қылғым келер

 

69-хикмет

Тажаллидің мақамы дүр, ғажап мақам,

Ол мақамда ғашық құлдар серуен қылар.

Қай көңілге Тажаллидің лебі тисе,

Өзін білмей, естен танып өрт боп жанар!

Ол мақамның жолдарының сырлары бар,

Өз бетінше лаға берсе жолдан шығар.

Әзәзіл кеп азғырар да дінін бұзар,

Өз жолына салып оны жайраң қағар.

 

Ол мақамды білдіруге рәһбар керек,

Тарихаттың таланына сардар керек,

Осы жолда сертке мықты сәруәр керек,

Ондай сәруәр жәннәт жайда сайран қылар.

 

Ол мақамға жеткен кісі шәрбәт ішер,

Мал-мүліктен басын тартып жаннан кешер,

Қанаттанып хазірет Тоба қарай ұшар.

Ғаршы-гүрсі, Лаухкәләмда серуен қылар.

Дидар тілеп тәрк әйласаң масайрауды,

Өлмес бұрын ожданыңды әйле фани,

“Уәнһәрун минғасаллин мүсәффані”,

Ұжмақ барсаң сүйген кұлға мейірім қылар.

 

Ол мақамның Таухид атты дарағы бар,

Саясында ғашық кұлдар тамашалар.

Әр бұтағы мың жылшылық жолды алар,

Әр қайсысы өз алдына мекен қылар.

Ол дарақтың Миуасынан татқан құлдар,

Дүние, малын ақыретке сатқан құлдар,

Көр ішінде мәңгі ұйықтап жатқан құлдар,

Сәһәрларда көздің жасын топан қылар!

 

Тәуекел ет Құл Қожа Ахмет белді байла,

Махаббаттың отыменен жүрек жалға,

Жағаңды ұстап таң атқанша тынбай жыла,

Саған мүмкін, рахым етіп жанан қылар!?

 

70-71 хикметтер

Хақтан безген, халайықтан аулақ кеткен,

“Даналардын сұхбатында серуен қылар,

Күйіп-жанып Хақ жолында жасың төксең,

Сұбхан Ием ғарш үстінде мейман қылар.

 

Бәндәм дегей күйгендерді сүйіп Алла,

Хақ көрсеткей нұр дидарын бізге сонда,

Қайда барса тасбихтары, Шаһи Алла!

Әр не тапсаң Хақ жолында мейірім қылар!

Зәкір болып, зікір айтып, келсе хабар,

Шайтан малғұн 70-фарсақ қашып барар,

Дерті болса, Хақ дертіне дауа табар,

Ондай құлды Өзі тауып жанан қылар.

 

Түн, сәһәрлар Хақ оятып қан жылатар,

Безер қылып өз еркіне бел байлатар,

Дауасы жоқ дертті беріп зар жылатар,

Мұнда жылап, онда барса сұлтан қылар.

 

Хаққа ғашық құлдар дәйім болар бидар,

Ұжмақ емес, мақсаттары көрмек дидар,

Елден жұрттан, мал мен жаннан безер болар,

Исмағұлдай ғазиз жанын құрбан қылар!

 

Диуаналық сапарда ол Хақты тапқан,

Хақты тауып, ит нәпсінің басын шапқан,

Қайда барса көзін жұмып, сырын жапқан,

Ондай сырды жапқан кісі мардан болар.

 

Шейхпын деп менменсінген Хаққа бақас,

Тәкәббарсып Тәңірменен тақаса алмас,

Емші болып дертсіздерді жаза салмас,

Бұл пәниді мүһміндерге зындан қылар!

 

Ей, мүһміндер, тағатыңнан танбаңыздар,

Аманат қой, ғазиз жанға нанбаңыздар,

Арамдықпен тапқан малды алмаңыздар,

Малдарыңды бақа-шаян, жылан қылар.

 

Бар байлыққа белден батқан һарон қайда?

Данқы асқан Пырғауын мен һамман қайда?

Уамық, Газра, Фархад-Шырын, Мәжнүн қайда?

Қаһар қылса қас қағымда-ақ ойран қылар!

 

Өлмей тірі бұ жалғанда қалған бар ма?

Опасыз бұл дүнияға нанған бар ма?

Дүние қумай сірә дамыл алған бар ма?

Алла десең көз жасыңды бойра қылар.

 

Ғашық дертке ем іздеген болар делбе,

Сырты сұлу сұмырайға әсте сенбе,

Ақылың дал боп, бауырың жанса, жеңіс сенде.

Ғашық дертке дауа қылса, Рахман қылар.

Кімді көрсең, бұ жолдарда жалған ғашық

Сырты сопы, жүзі жылман, іші пасық.

Сол үшін де сүйгеніне болмас ашық,

Жалғаншыны махшар күні сарсаң қылар.

 

Тән сөйлемес, жан сөйлемес, иман сөйлер,

Жаннан кешкен шын ғашықтар Хақты көрер.

Даналарда қызмет қылып, жолын түзер.

Ол ғашықты халайыққа сүлтан кылар.

Ғашық болсаң, ертелі-кеш Хақты іздегін,

Кеште жатпай парызды өтеп көзді ілмегін.

Ақылды алсаң, надандарға сыр бермегін,

Шын ғашықтар парыздарын пәнһан қылар.

 

Дәруш болсаң, парызды өте қылмай жария,

Қайда жүрсең сүннәтті өте, Тәңірім риза,

Жалған дәруш кайда барса дау-даңғаза.

Хақ тағала тағаттарын ғасиан қылар.

Алла осындай дәруштерге пана болғыл,

Ал наданмен үлфәт қылмай жанымды алғыл.

Ей, Жараткан, жолда қалдым, жолға салғыл!

Тәубә қылсаң, Ием жайын бостан қылар.

 

Дәрушпін деп момақансыр ел алдында,

Айла жасап шапқылайды онда-мұнда,

Алла үшін тағат қылған дәруш қайда?

Шын ғашықтар тау мен шөлді мекен қылар.

Дәруш болсаң, Хак алдында таза болғыл,

Дидар іздеп қасіретіңнен ада болғыл,

Медет болып, шын дерттіге дауа болғыл,

Құдірет хошы жан аларда асан қылар.

 

Ғашықтары Хаққа қарап нала тартар,

Махаббаттың дариясына шомып батар,

Гәуһар алып сүйгеніне зарын айтар,

Тамшы жасы жерге тамса, топан болар.

Ғашықтарға дертті берді жандырғалы,

Зылихадай ішін жалын қылдырғалы,

Құлшылықта ақша жүзін солдырғалы.

Шын ғашықтың ақша жүзі сабан болар.

Ғашықтары қаһарынан құлап тұрар.

Жер мен көкте періштелер жылап тұрар.

Мың құбылып жүзі зорға шыдап тұрар.

Нала тартып жер мен көкті азан қылар!

 

Ғашықтардың хас сұлуы  «сиқыр қыздар»,

Ынтықтырып құл қылады «бадам көздер»,

Ғашық ышқы таусыларда дертін қозғар.

Қайдасың? деп жүрек, бауырың мазаң қылар.

 

Қайдасың? – деп, Қайдасың? – дегі ғашық айтар.

«Махаббатқа сабыр қыл» – деп машық айтар,

Аузы да айтпас, тілі де айтпас, ділі айтар,

360-тамырларын ларзан қылар.

 

Ғашықтардың киямет күн халін білсе!?

Шын ғашықтың ішіндегі дағын көрсе.

Пәк жүрегі дүрсіл қағып, соғып жүрсе,

Шын ғашықтың пәк жүрегі қайран қылар!

 

Ғашықтардың бар арманы «шырын шәрбәт»,

Сүйгеніне жетер жолда бауыры кәуәп,

Рухтардың ауазасы шаңды рабап,

«Уһ» – дегенде, жеті ғалам ойран болар!

Құдіретімен не қылса да еркі Өзіңде,

Құдіретімен бәрі мағлұм, күнде, түнде,

Ой, ынсапсыз! Аллаға сен шәк келтірме!

Қаһар қылса, жандыларды жансыз қылар!

 

Жыламақты әр адамға берді Тәңірі,

Шын жылауда оңай емес, бауыр қаны.

Көз жасыңды текке төкпе, Хақты таны,

Хақ тағала сүйгендерді зар жылатар!

 

Құл Қожа Ахмет, бәндәмін деп лепірме сен,

Мүләйімсіп қылған тағат кәззәппен тең,

Шариғатта, Тарихатта күшіңе сен,

Ақыретте кәззәптарды зар еңіретер!

 

72-хикмет

Махаббаттың гүлзарында азардастан,

Бұлбұлдары сайрап қызық думан қылар.

Мағрифаттың майданында сайран қылған,

Ертелі-кеш көздің жасын топан қылар.

 

Ол бұлбұлдың сазды әуенін ұнатқандар,

Тәкәббардың тауын шағып кұлатқандар,

Бұл пәнидің рахатын ұмыткандар,

Зарлауменен көздің жасын оман қылар.

 

Ғашық кұлдар бұл пәниді көзіне ілмес,

Дүние қамын тақуа құлдар әсте жемес,

Ертелі – кеш естен танып, өзін білмес,

Дидарға іңкәр, қайғы кернеп налан қылар.

 

Уа, дариға, етті ғұмырым, тоймай қалдым,

Кезбелікпен жолға шығып арып-талдым,

Үміт қорын белге бекем байлап алдым.

Шын ғашығын Алла езі сарсаң қылар.

 

Аяу, ғашық, ергелі-кеш тынбай жыла,

Күйіп-пісіп жан-жүректі отқа дағда,

Ажал жетсе тәуекелге белің байла,

Мұндай ғашық онда, барса мейман болар.

 

Шейх Мансұр өзі басын дарда көрді,

Нұрға оранды, Хақ дидарын онда көрді,

Естен танып өзін білмей күйді-жанды,

“Уазауқа” – деп өзін-өзі жаулан қылар.

 

Шейх Шабли ғашық болып арманда өтті,

Шейх Баязид жетпіс рет өзін сатты,

Бұл пәнидің бар қызығын талақ етті,

Өткен іске өкінгенің өртеп тынар.

 

Ондай ерлер махаббатын тапқан кісі,

Ессіз-түссіз болып жүрер жазы-қысы,

Сәһәрларда жағы сембеу, оның ісі,

Көңілі ашылса бәдәндарын пәнһан қылар.

Бұлай етпей Хақ жолына барып болмас,

Рәсуә болмай сырдан мағына алып болмас,

Зікір салып, жадын айтып, жағы талмас,

Үрейленіп ділін түгел дал-дал қылар.

 

Құл Қожа Ахмет, бұл хикматты кімдерге айттың?

Данамын деп халайыққа не деп қайттың?

Түсінбейтін “ғалымдарға” тағлым айттың,

Дана сол дүр дүние, малын ойран қылар!

73-хикмет

Махаббаттың дариясына сүңгіп түсіп,

Мағрифаттың дүр гәуһарын алғым келед.

Тарихаттың майданында самғап ұшып,

Тоба атты дарағына қонғым келед.

Ондай дарақ еш жерде жоқ, ексе бітпес,

Алла деген ғашық кұлдан залал келмес.

Кәміл ғашық еш уақытта жолда өлмес,

Ғашық болып Алла жадын айтқым келед.

 

Ғашық құлдар Хақ жадынан қалыс емес,

Хақиқатшыл, сұм дүнияға пейіл бермес,

Шын ғашықтар бұл пәнидің қамын жемес,

Менде сондай дүние қамын қойғым келед.

 

Тажаллидің сәулесімен ақылы қашқан,

Алла десе көңіл қойып Тордан асқан,

Махаббаттың отыменен қайнап тасқан,

Менде сондай бір Алла деп барғым келед.

 

Алла жады көңілдерді қылды шадман,

Бақ-дәулетін тастап кәлім киді Адһам.

Кәлім киіп тура жолға ұрды қадам,

Тура жолға сондай қадам ұрғым келед.

Кәлім киген ол ғазиздер Хакка жағар,

Жан сырларын жайып салып Хақты табар,

“Аһ”-дегенде тау жарылып, тасқын соғар,

Ден сау болса сол кәлімді кигім келед.

Намаз оқып тазаланды Жінайд, Шәбли,

Нәпсі тыйып, қаһар шашты Хасан басри,

Бәрін қойып, Алла деді Зүлнүн Мысри,

Ғазиздермен бірге сапар қылғым келед.

 

Алла жады тәкәббардың ойын бұзар,

Машайықтар алқа-қотан қатар тұрар,

Зікір салса қасірет-қайғы жүндей тозар,

Менде сондай алқа ішінде болғым келед.

 

Бал шәрбәттан татқан едім қылды қарап,

Махаббаттан бауыр күйді, шоғы жалап,

Дидарына разы қылса Алла қалап,

Дәрәссалам қаласына барғым келед.

 

Құл Қожа Ахмет гәуһар сипат Хикмет айтты,

Ғазиздерді мадақ қылып, сөз ұзайтты,

Күні-түні қиям тұрып мұңға батты,

Дүға оқып, жолай Хикмет айтқым келед.

74-хикмет

Қай жерлерде ғазиздердің тобы болса,

Сол жерлерде ғылым Халді айтқым келед,

Сүхбаттарын ғазиздердің қоштауменен,

Өздеріне, өзімді де қосқым келед.

 

Сұхбаты хош дәруштермен жанып кетсем,

Әрбір басқан іздеріне көзім сүртсем,

Қызмет қылып жақсылардан бата күтсем,

Содан кейін бал шәрбәттан татқым келед.

 

Бал шәрбәттан татқандарға дүние талақ,

Қызыр бабам келіп оған берер сабақ.

Дүние сүмды төгіп-шашып қылғыл мазақ.

Сондай ерге ғазиз басты тұтқым келед.

 

Уа, дариға, жақсы жандар жылап өтті,

Анасынан туа сала қайғы жұтты,

Көзді ашып-жұмғанынша өмір өтті,

Бү дүниені көк тиынға сатқым келед.

 

Тілмен ғана үммәтпін деп сөйлер жалған,

Кісі малын алдап алу оған арман,

Адалды аттап, ада болар ұят, ардан,

Надандарға бұ сөздерді айтқым келед.

 

Ақыр заман келер кезде ақыл кетер,

Адамизат азуласар малдан бетер,

Дүние үшін иман жанын сатып кетер,

Даналарға осы сөзді айтқым келед.

 

Бұл күндері періштелер сұхбат құрды,

Хаққа құлдық қылмақ үшін зыр жүгірді,

Мағраждан Хақ Мұстафа мұны көрді,

Оларменен менде құлдық ұрғым келед.

 

Хақ Мұстафа дел-сал болып талып кетті,

Жәбірейіл келіп оны сүйеп өпті.

Сұбхан Ием зікірімен желпіп өтті,

Үммет болып менде зікір салғым келед.

 

Ғашық болсаң көз жасыңды төгіп жүргіл,

Баязидтей дүние артына теуіп жүргіл,

Адһам сипат бақтан, тақтан безіп жүргіл,

Арманым сол, дүние боқты тепкім келед.

 

Құл Қожа Ахмет дүние көрсең, аулақ қашқыл,

Зікір айтып тарихаттың жолын ашқыл,

Аят, хадис сөздерінен шашу шашқыл,

Жарандардан дүрр гәуһар алғым келед!

 

75-хикмет

Махаббаттың гүлзарынын бұлбұлы боп,

Сәһәрларда зар илеумен қонғым келед.

Сол уақытта Жаратқанның жамалын кеп,

Аянымда өз көзіммен көргім келед.

 

Мәрт келеді Хақ жолының басшылары,

Мүриттер мен Құдай ара досты, жары,

Уахаданият дариясының жолшылары,

Босағасын бағып дәйім тұрғым келед.

 

Хақ дидарын арман етіп күні-түні,

Жағы сембей, зар кақсатар зікір үні,

Хақтан хабар жетіп келер, білсең мұны,

Ақыретке ар – иманмен барғым келед.

 

Адалдықтың ақ найзасын қолыма алып,

Сағадаттың ақ сауытын киіп алып,

Махаббаттың буыменен қуаттанып,

Мағрифаттың ұшпағына қонғым келед.

 

Жақсылардың бәрі бітіп болды мазар,

Құлшыныспен, ей, достарым, болғыл бидар.

Мұса сипат Тор тауында көріп дидар,

“Рабби Әнзүр іләйка”-деп айтқым келед.

 

Уа, дариға есіл өмір кетті желге,

Жалбарғаннан басқа түк жоқ енді менде,

Құлшылықты кеш байладым неге белге?

Үміт етіп пір қызметін қылғым келед.

Иман сыйлап хош ғайыптан берді маған,

Жаным, тәнім, ділім, рухым, – дедім Саған,

Сыр тыңдасам, келді ауаз зар жылаған,

Тәубә үшін жанды пида қылғым келед.

 

Құл Қожа Ахмет, бұл жалғаның ондай емес,

Құлшылықсыз О дүнияда оңған емес,

Алла десең мүнмін құлды былай демес.

Хақ жолына шыбын жанды қиғым келед!

76-хикмет

Елдің бәрі ғашығы үшін шыбын жанын қинар емес,

Машақатын шекпейінше, Ол көретін дидар емес.

Машақатын шегіп-ақ тұр, ақиқаттық бар үшін,

Жар қадірін қалай білер? Әркім Оған құштар емес.

“Әнелхақ”-деп айтқаны үшін дарға асты ғой Мансұрды

Хақ пенен құл дұрыс деп тұр, үрейлі ол дар емес.

Сайрап берер бұлбұл байгұс көрем деп гүл бүр жарғанын

Бұлбұл гүлге қонғанымен кәні гүлзар? – Ол хар емес.

Жаман достан сақтаныңдар ойы арам, жүзі жалған,

Ақыл берер сөз тұрганда ондай достар қажет емес.

Хикметті  бізге жеткізген Әбибулла Мұхамеджанұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button