Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметі» қорық–музейдің қорында
Еліміздің тәуелсіздік алуымен Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұралары терең зерттеліп, зерделеніп, жарыққа шығып, халқымыздың игілігіне айналып келеді.
Ұлы ұстаздың рухани ілімі мен мұраларын зерттеген ондаған диссертациялар қорғалып, ғылым әлеміне жол тартты. «Диуани Хикмет» әлемнің оннан астам елдерінде аударылып, жарық көрді. Соңғы жылдары жүзеге асқан ізденістер нәтижесінде тағы да бірқатар «Диуани Хикмет» қолжазбалары табылды. Қазақстанның қолжазба қорлары мен мұражай қорларында «Диуани Хикметтің» қазіргі күні 30-дан аса қолжазбасы бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «…Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері («Даналық сөздері») сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруге тиіс», деп жазған болатын.
Музейдің құрылу тарихында Мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Ө.Жәнібековтің бастамасымен жергілікті билік өкілдері игі істер атқарып, халықтың қолында сақталған құнды дүниелерді музейге өткізуіне ықпал жасаған. Кесенеде сақталған құндылықтарды 1958 жылдары жинап, тізімін жасаған сол кездегі алғашқы қор сақтаушы, кейіннен 1980-84 жж. музей директоры болған, мәдениет қайраткері Орынбай Дастановтың да елеулі еңбегін айта кетуіміз керек. Біз бүгінгі мақаламызда баба мұрасына деген қызығушылықтың себебін емес, қорық-музей қорындағы «Диуани Хикмет» кітаптары және қолжазбаларымен таныстыруды мақсат қойып отырмыз.
1978 жылы «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты музейі» болып ашылған кезде музей қоры 300-ге жуық жәдігермен құрылған болса, қазіргі таңда музей қорындағы 24 481 дана көне жәдігер тарихтан сыр шертеді. Мемлекеттік тіркеуге алынған жәдігерлердің 13 633 данасы негізгі қор, 10 848 данасы ғылыми көмекші қор есебінде. Жәдігерлердің басым бөлігі тарихи құнды түпнұсқа дүниелер. Халықтың қолынан жинақталған араб, парсы, көне түркі тілдерінде жазылған қолжазбалар мен баспа кітаптары бүгінгі тақырыбымызға арқау болмақ. Жазба ескерткіштер тобы жәдігерлерінің негізгі қорында 630 дана, ғылыми көмекші қор есебінде 2323 дана, барлығы 2953 дана жәдігер сақтаулы. Әрине бұл жәдігерлер музейдің қырық жылдық жұмысы жылдарында жинақталғаны айтпаса да белгілі. Дегенменен, тарихи деректерде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «Кітапхана» бөлмесінің болғаны, кітапханада діни сипаттағы кітаптардың жинақталғаны туралы мәлімет көптеп кездеседі. 1929 жылы жарық көрген мақаласында Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов: «… Одан әрі айналсаңыз, тағы бір кішірек үйге кіресіз. Қабырғалары ойдым-ойдым (ышқапша). Бұл жай бір заманда кітапхана болып, 30 мыңдай кітап сақталған екен. Бұл күнде бірі қалмапты», – деп жазады. Кітаптар жайлы 1951 жылдан 1985 жылға дейін кесененің қор сақтаушысы, музей директоры болып істеген Орынбай Дастанов былай деп жазады: «Мұнан әрі коридордың ішімен жүргенде сол жақтағы «Кітапхана» деп аталатын бөлмеге тап боласыз. Бұрынғы кездерде оның екі этажы да түрлі діни кітаптарға иін тіресіп тұрғаны баршаға мәлім. Олардың біразы 1950 жылдарға дейін сақталып келген». Автор бұл деректі 1967 жылы шыққан кітабында жазып қалдырған.
Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі өткен жылы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «кітапхана бөлмесін» өзінің тарихи қызметтік мақсатында музейлендіріп ашқан болатын. Алғашқы күннен қалың көпшіліктің қызығушылығын туғызған бұл бөлмеге Қожа Ахмет Ясауидің әр жылдарда баспадан шыққан «Диуани Хикмет» еңбегі және «Пақырнама», «Рисала дар адаби тариқат» еңбектерінің көшірмелері қойылды. Солай болуы да заңдылық, Дастановтың жазбасында «… Аралап жүрген зияратшылар мұнда келген соң шырақшының нұсқауымен әбден сарғайып, тозығы жеткен үлкен Құран мен Қожа Ахмет Ясауидің Хикметіне тәуеп қылады да, кідірместен қарсысындағы «Мешіт» атты бөлмеге өте берген», – деп жазады. Бұдан көретініміз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішінде Ясауидің «Диуани Хикмет» еңбегі де айрықша құрмет тұтылған.
Қожа Ахмет Ясауидің бізге жеткен мұраларының ішінде халықтың жүрегіне жақыны да, құндысы да – Диуани хикмет. Қожа Ахмет Ясауидің басты шығармасы «Диуани Хикметтің» бірінші шумағында: «Екінші дәптер сөзін аштым, міне», – деп басталады. «Екінші дәптердің» негізгі мағынасы – рух, рухани әлем. Ондағы басты тақырып – Ұлық Аллаға ғашықтық. Алланы мадақтау, тәкбір айту, тәсбих тарту, пайғамбарға салауат жолдау арқылы ғана құдайға жетуге болатынын айтады. Хикметтер адамды жаман қылықтардан тиылып, көркем мінезді болуға, рухани тәрбиені түзетуге үндейді. Сондықтан да, Хикметтер халық арасында ауызша айтылумен қатар, көркем жазумен жазылып, жазбаша түрде де сақталған. Диуани хикметтің түпнұсқасы сақталмаған. Қазіргі таңдағы белгілі ең көне қолжазба Ахмад Махмуд Хазинидің 1593/94 жазылған «Жавахиру-л Абрар мин амуажи бихар» атты шығармасында келтірілген «Диуани Хикмет» болып табылады. Бертін келе «Диуани Хикмет» Қазан (1887–1901), Ыстамбұл (1901), Ташкент (1902–1911) баспаларынан жарық көрген.
«Төрт мың төрт йүз хикмәт Хақдін фәрмән» деп жырлаған Ясауидің даналық сөздері әлі күнге дейін толық жинақталып, жарық көрген жоқ. Бүгінде ғылыми айналымда жүрген хикметтерінің саны екі жүздің шамасы ғана. ХХ ғасырдың басына дейін Қазанда тасбаспа күйінде жарық көрген «Диуани Хикметтердің» жалпы көлемі, шамамен, 150–160 даналық сөзден тұрады. Кейінгі табылған қолжазбалардың нәтижесінде ғана баба мұрасы екі жүздің үстіне шықты. Десек те, бұл соңғы нәтиже болмауы керек. Себебі Қожа Ахмет Ясауи тахаллусымен жазылған хикметтердің бәрі дерлік толық зерделеніп болған жоқ. Әлі де әлем кітапханаларының қолжазба қорларында мамандардың зертханасына түспей, шаң басып жатқан даналық сөздер қаншама. Кейінгі шәкірттері тарапынан «Диуани Хикметтің» көшірмелері жан-жаққа тарағаны белгілі. Әрі ортағасырлық жиһанкездер мен кейінгі миссионерлердің де құнды мұраларды өздерімен бірге ала кеткені тағы бар. Сол тараған жәдігерлердің басым бөлігі бүгінде жекелеген коллекционерлердің жеке қоры мен жергілікті кітапханалардың сирек қолжазбалар бөліміне өтіп кеткен. Солардың ішінен «Құл қожа Ахмет», «Ахмет», «Ахмет Ясауи» және т.б. тахаллустармен жазылған хикметтерді саралап, жарыққа шығару мәселесі, әлі күнге күн тәртібінен түскен жоқ. Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасына, әсіресе, даналық сөздеріне қатысты қолжазбаларды зерттеп-зерделеуде, әуелі, «Әзірет Сұлтан» қорық–музейіндегі жәдігерлерден бастағанымыз дұрыс. Сондықтан да осы музейде сақталған «Диуани Хикметтің» бірқатар нұсқаларын оқырман назарына ұсынып, таныстырғымыз келеді.
Ендеше, негізгі тақырыбымыз қорық–музей қорында орын алып, сақталып келе жатқан Қожа Ахмет Ясауи еңбектері туралы мәселеге келейік. Қорық–музейдің қорындағы жазба ескерткіштер тобының негізгі қор есебіндегі жәдігерлер ғылыми тұрғыдан өзінің жазылу түрі мен атқарған қызметіне қарай төрт топқа (көне баспа кітаптар, қолжазбалар, жаңа құнды кітаптар, тарихи құжаттар) бөлінеді. Көне баспа кітаптардың негізгі бөлігі ХІХ-ХХ ғғ. басында Ташкентте, Қазанда, Уфада, Ыстамбұлда, Бұхарада және Санкт-Петербургте басылған. Қолжазбалардың (кітаптар, дәптер немесе қалың дәптер болуы мүмкін) көбі ХІХ-ХХ ғғ. басында настағлик, насх жазуларымен жазылған. Сондықтан біз де, музей қорында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметтерін» шартты түрде баспа және жазба (қолжазба) деп бөліп қарастырамыз.
Музей қорында Қожа Ахмет Ясауидің 23 дана «Диуани Хикмет» еңбегі сақталған. Олардың ішінде, 1978 жылы Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Алматы қаласындағы кітапханадан қорық-музей қорына өткен, 1984 жылы Өзбекстан Республикасының Новаи облысы, Үшқұдық ауылының тұрғыны Латип Мурашимовтан қабылданған Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің 1904 жылы Қазан баспасынан жарық көрген бірнеше нұсқасы бар. «Хикмет. Қожа Ахмет Ясауи. –Қазан баспасы, 1904 жыл» кітаптары 21х15 форматында, 260 бетті құрайды. Мұнда хикметтер толық жинақталған. Хикметтердің алдында алғысөзден кейін Ахмет Ясауи мөрі берілген. 2001 жылы Түркістан ауданына қарасты Қарашық аулының тұрғыны А.Махмұдовтан қабылдап алынған «Хикмет. Қожа Ахмет Ясауи. –Қазан баспасы, 1904 жыл» кітабында 149 хикмет жинақталып, Насх үлгісімен жазылған. Сондай–ақ, жазба ескерткіштер тобының негізгі қорына 2002 жылы Түркістан ауданы Қарнақ ауылының тұрғыны А.Талипов өткізген «Хикмет. Қожа Ахмет Ясауи. –Қазан баспасы» кітабының жылы белгісіз. Кітап беттері толық емес. Ал, 2010 жылы Сарыағаш қаласының тұрғыны Н.Нұрмахашовтан қабылданған «Қожа Ахмет Ясауи «Диуани Хикмет» Қазан 1904» кітабы да орташа дәрежеде сақталған. Бұл басылымдардың сақталу деңгейіне қарай мұқаба беттері кейінгі жылдары қайта жасалып, өзгертілген. Кітап 17–ші беттен басталып, бірінші бетіне Ясауи мөрі басылған. Қазан баспасындағы хикметтер санмен белгіленіп берілген. Музей қорындағы Хикметтердің бір жылда Қазан баспасынан жарық көруіне қарамастан, Ясауидің Пақырнама еңбегімен басталуы, кітаптағы Ясауи мөрі бедерінің суреттеріндегі айырмашылық сияқты белгілі бір ерекшеліктері бар екі түрі бар екендігіне назар салғымыз келеді.
Хикметтердің келесі топтамасын Ташкент қаласында басылған деп топтауға болады. Молла Құдайберді Ташкенди баспаға дайындаған «Диуани хикмет. Қожа Ахмет Ясауи» кітабын музей қорына Түркістан қаласының тұрғыны Абдрахмен Әбдімүтәліп 2008 жылы өткізген. Шымкент қаласының тұрғыны Ф.Тайемовтан алынған «Хикметтер. Қожа Ахмет Ясауи мен Азим ишан» кітабы да Ташкент баспасынан жарық көрген. 1984 жылы Түркістан қаласының тұрғыны Х.Имажанов тапсырған «Қожа Ахмет Ясауи өмірбаяны» атты кітап та Ташкент қаласында басылған. Көне кітап өз атауына қарамастан Ясауи өмірбаяны қысқаша жазылып, хикметтерден үзінділер берілген. Парақтары жинақталып, қайта түптелген. 2008 жылы қабылданған «Қожа Ахмет Ясауи «Диуани Хикмет» кітабы да Ташкентте жарық көрген. Кітаптың мұқабасы сақталмаған.
Қорға тапсырылған хикметтердің сақталуы да әрдайым көңіл толарлық бола бермейді. Сондықтан да, қорға тіркеу құжаттарында жәдігердің сақталуы туралы міндетті түрде мәлімет жазылады. Мұқаба беті сақталмаған, баспасы мен жылы белгісіз көне кітаптардың да маңызы төмен деп айтуға әсте болмайды. 1904 жылғы «Хикметтер. Қожа Ахмет Ясауи және Құл Азим Матбаға Бұхара» кітабы осындай маңызды еңбектердің қатарында саналады. Саид Акбар Қожа ибн Саид Омар Қожа дайындаған 126 беттен тұратын «Қожа Ахмет Ясауи хикметтері» кітабында Ахмет Ясауидің 76 хикметі және Құл Азим хикметтері енген. 2008 жылы Кентау қаласының тұрғыны Абдуллиева Анархан тапсырхан кітаптың түп жағы қолдан тігілген. Мұқабасы жаңа, біріктірілмеген. 2008 жылы Түркістан қаласының тұрғыны Махмудов Марат өткізген кітаптың өз мұқаба беті сақталған.
2018 жылы Тараз қаласының тұрғыны Ә.Абдрахмановтың тапсырған Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтер» жинағы қорға есепке алынған. 270 беттен тұратын кітаптың парақтары мүжіліп, сарғайғаныменен сақталуы жақсы жағдайда. Кітаптың қай жылы, қай баспадан шыққандығы белгісіз. Кітапта бірнеше тақырыптар қамтылған. Алғашқы үшінші бетте Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у) салауат айтудың маңызды екені айтылса, кейінгі он үш бетте Ақырзаманда қандай уақиғалар болатындығы баяндалады. Қалған 252 беті Қожа Ахмет Ясауидің 148 хикметіне арналған.
Жазба ескерткіштер тобының негізгі қор есебінде Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметтерінің» қолжазба нұсқаларының да бірнеше данасы бар. Түркістан ауданына қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Шешхов Мараттан 2001 жылы қабылданған қолжазба түркі тілінде қалың дәптерге көк сиямен толтырылған. «Хикметтер» жазылған қолжазбаның сақталуы орташа болғандықтан басқа кітаптың мұқабасымен түптелген. Ал, Түркістан қаласының тұрғыны Абдрахмен Әбдімүтәліп өткізген қолжазбаның да сақталуы орташа дәрежеде. Қолжазба толық емес, бас-аяғы, мұқабасы жоқ. Қожа Ахмет Ясауи хикметтері мен Тұмар кітап түркі тілінде қара сиямен жазылып, қызыл сиямен асты сызылған. Қолжазбаның келесі нұсқасы 2009 жылы Түркістан қаласының тұрғыны И.Бахаутдиновтан қабылданған. Парсы, түркі тілдерінде жазылған «Қожа Ахмет Ясауи. Хикметтер. Имам Матруди қиссасы. Тәджуид» кітабының авторы да, кейінгі көшіріп жазған адамның да аты–жөні белгісіз. 2004 жылы Түркістан қаласының тұрғыны Г.Мұхановадан алынған «Қожа Ахмет Ясауи «Диуани Хикмет» қолжазба кітабының да мұқаба беті сақталмаған.
Қорық–музей қорындағы сақталған қолжазбалардың ішінде ерекшесі саналатын 2010 жылы Түркістан қаласының тұрғыны Ғ.Жорабековтың тапсырған Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазбасы. Сондықтан бұл еңбек жөнінде толығырақ айта кеткіміз келеді. Мұнда хикметтер толық қамтылған, өте әдемі, тиянақты көшірілген, парақтары сапалы, шығыс парағына жазылған. Аздап кірлегеніне қарап хикметтердің қолданыста болғандығы, көп оқылған деген қорытынды шығарамыз. Қолжазба кітап өз мұқабасымен сақталғандықтан салыстырмалы түрде сақталу деңгейі жақсы деуге болады. Кімнің жазғаны белісіз болуына қарамастан, шамамен 1865 (х 1281 ж. шуаал) жылдары көшірілген, 326 беттік Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» кітабының қолжазбасының түпнұсқасы музейдің құнды жәдігерлерінің бірі. Оған Ясауи бабамыздың Хуайда, Машраб сынды ізбасарларының да хикметтері енген. Жоғарыда айтқанымыздай, «Диуани Хикмет» қолжазба кітабын қашан, кім жазғаны жайлы деректер жазылмаған. Жазу үлгісіне қарап, хикметті жатқа білген кісі жазған деп болжауға болады. Себебі, хикметтер бірінен кейін бірі тізбектеліп жазылып, санмен белгіленбеген. Кітаптың соңғы бетіне дейін хикметтер нөмірленбеген. Өкінішке орай қолжазба нұсқасында парақтары толық емес, немесе ауысып кеткен. Қолжазбаның алғашқы беттері хикметтермен емес, неке дұғасы мен салауаттармен басталып жазылған. Осындай өзіндік ерекшеліктерге толы қолжазбаны көпшілік назарына ұсыну қорық–музейдің жоспарында.
Түркі әлемінің діни ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» кітабы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай баспаға ұсынылып отыр. Аталған құнды қолжазбаның аударма жұмыстарына музей қызметкерлері қатысып, қорық–музейдің Ғылыми кеңесінде талқыланды. Қожа Ахмет Ясауи «Диуани Хикмет» кітабын Күнсұлу Асетова, Төреғали Қыдыр шағатай тілінен аударса, Кенжеғали Көшім-Ноғай көркем аудармасын жасады. Жақын күндері қалың оқырман, зиялы қауым Ясауи мұрасының қолжазба көшірмелерімен және аударма нұсқасымен танысатын болады. Әрине, қордағы қолжазба автордың шынайы қолтаңбасын танытатын түпнұсқа болмағанымен, осы салада өзіндік ерекшелігі мен құндылығы болатыны анық. Ұзын саны қырық сегіз даналық сөз берілген бұл жинақтың да өзіндік ерекшелігі бар. Кейбір хикметтердің берілуі мен бәйіттердің орналасу тәртібіне қатысты ерекшеліктерге қарап, не кәтіп (көшіруші) тарапынан кеткен қателіктер ме, әлде әу бастағы нұсқасы осындай болды ма, деген сауалдар туындайды. Мысалы: Ғариб, фақир, йәтимләрні қылғыл шадман, Хәлқа қылып, `әзиз жаның айла қурбан, Та`ам тапсаң, жаның білә қылғыл меһман, Хақдин ештіб бұл сөзләрні айдым мәна, – деп келетін бәйіттер музей қорындағы қолжазбада: Хәлқалар қылыб, `әзиз жанга айла қурбан, Ғариб, фәқир, йәтимләрні қылғыл шадман, Та`ам тапсаң, жаның білә қылғыл меһман, Хақдын ештіб бұл сөзләрні айдым мәна,- деп, алғашқы жолдарының орны ауыстырылып берілген. Сондай-ақ: Тіл бірлә «үммәтмін» деб йалған сөзләр, Кіші малын алмақ үчүн һәзиан сөзләр, Халалыны мұнда ташлаб хәрам көзләр, Наданларға бұ сөзләрні айғұм келур, – деп келетін жолдар қолжазбада: Құрұқ тілдә «уммәтмін» деб йалған сөзләр, Кіші малын алмақ үчүн һәзиан сөзләр, Халал йолны мұнда ташлаб хәрам ізләр, Наданларға бұ сөзләрні айтғұм келур, – деп, берілген. Соңғы екі шумақты салыстыра қарағанда пайда болған «Тіл бірлә – құрұқ тілдә», «Халалыны – халал йолны», «көзләр-ізләр», «айғұмайтғұм» деген айырмашылықтар хикметтің ішкі мазмұнына айтарлықтай әсер ете қоймағынымен де, тілдік тұрғыдан арнайы зерделеуді қажет етері анық.
Бүгінде әр қайсысы жеке ұлт болып ұйысқан түркі халықтары баба мұрасын өздеріне қарай тарта түсетіні анық. ХІІ ғасырда өмір сүрген Ясауидің тілі туралы, ең әрісі ХVІ ғасырға барып тірелетін қолжазбалар арқылы белгілі бір тұжырым жасаудың өзі де артық болар. Кейінгі кәтіптер мен құймақұлақтардың «илеуінен» өтіп, біздің заманымызға жеткен нұсқалар шығарманың әдеби тілін толық ашып бере алмағанымен де, жер-жерден табылған нұсқалар осы салада біраз қозғау салатынын жоққа шығаруға да болмайды. Сондай-ақ, қолжазбадағы кейбір даналық сөздердің көлемі де түрліше берілген. Соның ішінде мұндағы Ясауидің мінажаты бұрынғы жинақтарға қарағанда өзінше таратылған: Мені хикмәтләрім саны йоқ-дұр, Һәммә талиб оқұр болса, имканы йоқ-дұр. Мені хикмәтләрім `ашиқның жаны, Көзідән йашы ақызғай қаны. Мені хикмәтләрім `аләмгә толған, Кіші бой елтмәсә, ол йолда қалған. Мені хикмәтләрім бурһан Субхан, Ешіткәнләр болұрлар хәйран. Мені хикмәтләрім `аләмда дастан, Рухым келсә қылұр сухбәтні бустан. Сухбәт ічіндә отұрұрмын, Мухәббәт шәуқі бірлә күйдүрүрмін, – деген бәйіттердің кейбір жолдары бұрынғы нұсқаларда кездеспейтіндігін, әрі ақынның айтар ойы басқаша өрілгендігін аңғаруға болады. Әу бастағы асылнұсқасы жоқ жәдігердің қолжазбалары неше түрлі болатынан ескерсек, сол нұсқаларға кадикологиялық зерттеу жүргізудің де маңызы арта түспек. Тарих қойнауынан сыр шертетін әрбір қолжазбаның құпиясына үңілу – кезек күттірмейтін шаруалардың бірі болмақ. Әр жинақтың өз оқырманы бар. Сондықтан да, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында сақталған хикметтерді де ғылыми айналымға түсіру, әрі көпшіліктің назарына ұсыну мақсатымен мәтіннің транскрипциясы мен көркем аудармасы қатар беріліп отыр. Ясауи мұрасы бүгінгі оқырманмен қайта қауышып, көпшіліктің көңілінен шығып жатса, жинақты баспаға дайындаушылардың еңбегі ақталғаны деп білеміз.
Қорық–музейдің жазба қорындағы Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметтер» атымен тіркелген бірегей жәдігерлері туралы да айта кеткіміз келеді. 1985 жылы Түркістан қаласында сол уақыттағы музейдің ғылыми қызметкері Имажанов Хамит Зейнелұлының түркі тілінен қазақ тіліне аударған, машинкамен терілген «Қожа Ахмет Ясауи «Диуани Хикмет» кітапшасының қолжазбасы ғылыми көмекші қорға қабылданған. 1991 жылы Х.Имажановтың қолжазбасы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінде «Қожа Ахмет Ясауи «Қырық хикмет» атымен баспадан шығарылған. Бүгінде отыз жыл бұрын музейдің алғашқы баспа өнімдерінің бірі болған «Қожа Ахмет Ясауи «Қырық хикмет» кітабы да жәдігерге айналған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейі 2007 жылдан «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны екі жылда бір өткізіп келеді. 2016 жылы қорық-музейдің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен конференцияға Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» кітабын ағылшын тіліне алғаш рет тәржімалаушы ғалым ретінде белгілі Джонатан Трапман арнайы шақырылды. Ұлыбритания елінің азаматы Джонатан Трапман ағылшын тіліне тәржімаланған Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» кітабын музейдің жазба ескерткіштер қорына тапсырды. Хикметтің ағылшын тіліндегі нұсқасы 2013 жылы жарық көріп, Ясауидің 149 хикметі енген. Кітапшада түркі тіліндегі хикмет нұсқасының екі парағы және кітап соңында діни сөздердің түсіндірмесі берілген. Кітап жалпы көлемі 228 бетті құрайды. Кітап «Диуани Хикметтің» ағылшын тіліне аударылған алғашқы нұсқасы екендігімен де құнды.
Сондай–ақ, музей қорында Алматыдағы Республикалық кітапханасынан алдырылған 1834 жылғы 412 беттік, ХХ ғасыр басындағы 236 беттік «Диуани Хикметтің» қолжазбасының көшірмелері, Ясауидің басқа да еңбектерінің ғылыми көмекші қор есебінен алынған бірнеше көшірмелері бар. «Миратуль қулуб» (Жүрек Айнасы), «Пақырнама», «Рисала дар адаби тариқат» (тариқат әдебі) атты еңбектерінің түпнұсқасы болмағандықтан, олардың қолжазбаларының сканерленген көшірмелері жинақталған.
Ясауи бабамыздың қасиетті зиярат орнында қызмет атқарып, оның атын иемденіп отырған қорық–музей баба мұраларын насихаттауда бар күшін сала еңбек етіп келеді. Соңғы жылдары қорық–музей бастамасымен «Қырық Хикмет», «Жетпіс хикмет», «Сборник хикметов» атты жинақтар жарық көрді. Хикмет дәстүрін ауызша насихаттауда оқушылар арасында жылма-жыл өтіп тұратын «Ясауитану» байқауы, ал хикметтің терең сырлы тұңғиығы мен бабамыздың жүріп өткен жолының мән-мағынасын ашуда ғалымдарымыздың арасында өткізіліп тұратын ғылыми конференциялар, музейде сақталған құнды жәдігерлер мен олар туралы терең мағлұмат беретін көрмелер және бабаның мәңгі өлмес мұраларының ғажап сырларын насихаттайтын фильмдер бұл ілімнің маңызды екенін, оны жаңғырту арқылы халқымыздың тамыры терең тектілігін қайта табатынын ұғындырады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жанынан «Ясауи мұрасы» атты республикалық мәдени-танымдық газет 2016 жылдың қазан айынан өз оқырмандарына жол тартты. Газет айына мың данамен тұрақты түрде жарық көріп келеді. 2018-2020 жылдары қорық-музей «Ясауи есімімен байланысты аңыздар», «100 аңыз», «100 легенд» атты көпшілікке арналған танымдық басылымдарды жарыққа шығарды.
Елімізде орын алған карантин жағдайында қорық-музей Ясауи есімін ұлықтау шараларын онлайн режимде жүргізуді бастап, жалғастырып отыр. Қорық-музей Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасын таныту мақсатында өзінің ресми сайты мен фейсбук әлеуметтік желі парақшасы арқылы ақпаратар жариялаумен қатар, Д.Кенжетай, З.Жандарбек, Т.Қыдыр т.б. ясауитанушы ғалымдардың онлайн дәрістерін ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Ұлағатты ұрпақ» атты мәдени-білім беру платформасының аясында қорық-музей «Балаларға арналған аңыздар» айдарымен Ясауи тұлғасымен байланысты аңыздардың бейнеролигін дайындауды қолға алып, ұсынып келеді.
Қожа Ахмет Ясауидің туған жері Сайрамнан 2020 жылы бастау алған «Ясауи ізімен» ғылыми экспедициясы өз жұмысын сәтті жалғастырып келеді. Түркістан облысының Созақ ауданы және Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштерімен танысу-насихаттау және көнекөз қариялардан деректер жинау жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы ақпан айында Өзбекстан Республикасы Наманган облысында Қожа Ахмет Ясауи ұрпағы Ибрахимжан ақсақалдың қолындағы Ясауи әулиетінің шежіресі-насабнаманың бір нұсқасы мен ислам әлеміне әйгілі он бір шайықтың есімі жазылған «Ясауи мөрі» анықталды. Алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарапынан Насабнамада жазылған деректерге қатысты толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Дүр мен гауһар шашқан Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы жан-жақты зерделеніп келеді. Даналық сөздерінің көркемдік, тілдік ерекшеліктерінен бастап, философиялық, діни-сопылық тұстары да қарастырылып жатыр. Десек те, Ясауи мұрасына дендеп енген сайын бұл әлемнің қыр-сыры тым тереңде жатқанын аңғару қиын емес. Сондықтан да ясауитану саласында бүгінде атқарылған дүниелерге қарағанда, алда қолға алатын мәселелердің салмағы басым жатыр деуге болады. Ясауитану саласындағы негізгі мәселелердің бірі – ақын қаламынан туындаған даналық сөздерін жинақтап, сараптап, берісі қазақ, әрісі күллі түркі мұсылман руханиятының кәдесіне жарату екені шүбәсіз.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов