Рабғұзи

Шіш пайғамбар

Бір күні Адам ғ.с. мен Хауа ана отырған жерден бір бұлақ ақты. Ол су жұмақтан еді.

Жебірейіл ғ.с. бір топ періштемен бір табақ жеміс келтіріп: «Ей, Адам! Бұл жемісті білесің бе?» – деді. Адам ғ.с: «Әрине, білемін. Хақтағаладан жұмақта бір жеміс бар, өлмей тұрғанымда сол жемісті маған несібе қыл деп тілеген едім», – деді. Періштелер: «Хақтағала ендеше тілегіңді берді. Жемісіңді Хауа екеуің жеп, мына бұлақтан екеуің де ғұсыл құйыңдар», – деді.

Адам ғ.с. жемісті жеп, Хауа ана екеуі ғұсыл құйынып, бір-біріне жақындық қылды.

Пайғамбарымыздың нұры Хауа анаға көшті. Бұрын періштелер келгенде әуелі Адам ғ.с.-ға құрмет қылатын еді, нұр көшкен сәттен бастап Хауа анаға құрмет етті.

Мұхаммед пайғамбарымыздың нұры Хауа ананың көкірегінде күн нұрындай көк балқытар еді.

Адам ғ.с. өзіндегі нұрдың Хауа анаға ауысуының себебін сұрады. Сонда Хақтағала: «Нұр кімде болса, періштелер нұр иесіне құрмет қылады. Нұр сенде болғанда, саған құрмет етті. Енді нұр Хауада, Хауаға құрмет қылар», – деді.

Хауа анадағы нұр Шіш ғ.с.-ға көшіп, маңдайынан көк нұры жалтырар еді. Шіш ғ.с. Адам ғ.с.ның басқа балаларынан гөрі сұлулық пен ғылымдықтан артық еді. Түрі, отырыс-тұрысы Адам ғ.с.-ға ұқсас еді. Адам ғ.с. да басқа балаларынан гөрі Шіш ғ.с.-ды артық сүйетін еді. Есімін Шіш қоюының себебі, Шіш Үбәтолла, яғни Алла тағаланың бөлекше жаратқаны, ғылым үйретуші мағынасында.

Әуелгі ғылым үйретуші, шариғат үкімдерімен шұғылданып, дәріс берген Шіш ғалайһи-уәссәләм еді.

Шіш ғалайһи-уәссәләм балиғатқа толғанда, Жебірейіл ғ.с. Адам ғ.с.-ға келіп: «Ертең Шішті және барлық балаларыңды бір жерге жинап, бастарын қос. Мұқараб, яғни Аллаға жақын періштелер келіп, мүбәрәк нұр үшін Шіштен уәде алмақ», – деді.

Ертеңінде Адам ғ.с. барлық балаларын жанына жинады. Жебірейіл ғ.с. жетпіс мың періштемен келіп, Шіш ғ.с.-нан уәде алып, бекітті. Ол уәденің мағынасы: «Шіш ғ.с. өзіндегі нұрды сақтауға ыждаһат қылсын. Таза, адал, қатындармен некеленіп, харамнан, шүбәлі, күмәнділерден сақтансын. Барша пайғамбарлардың сипаты жазылған бір сандық бар, бұл уәде-намазды сол сандыққа салып. Адам ғ.с. сақтасын. Балаларына, нәсілден нәсілге жалғасатындай үш бұрыш ғаадат-нама (куәлік нама) жазып, заман соңында болашақ ұрпақ бір-біріне өсиет қылып, сол сандыққа салып отырсын». Бұл уәдені жұмақ жібектеріндегі бір матаға жақұт қаламмен жаздырып, періштелер ғайып болды. Жібекке жазылған жазуды Жебірейіл ғ.с. мөрледі. Сол сәт Алла тағаланың құдіретті қазынасынан Шіш ғ.с-ға екі жасыл киім келтіріліп, әрбір күн нұрындай жарық сыйлаған еді.

Ғаадат-нама сақталатын сандықтың аты Сәкинә болатын. Шіш ғ.с. заманынан бастап, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа заманына дейін ол уәде дәстүр ретінде жалғасып келді. Қасиетті нұр да атадан анаға, анадан балаға көшіп отырды.

Хақтағала қырық парақты кітап өндіртіп, онда табиғаттың пайдалы дәрулерін, шайтан сиқырын, жан сиқырын, есеп һәм басқа ғылымдар түрі жазылғанын білдіртті.

Адам ғ.с. балаларына үкімдерін үйретіп, Алланы танытты. Адамға түрлі тіл үйретті, бірақ қазіргі халық ол тілді білмес.

Қабыл Иеменге қашқаннан кейін, оның ұрпақтары көбейіп, отқа табынушылар болды. Хақтағала Адам ғ.с.-ға хабар қылып: «Қабылды және оның балаларын тура жолға шақыр, ислам дініне үнде», – деді. Бірақ Қабыл бұл хабарды қабыл етпеді.

Адам ғ.с.ның ғұмыры мың жылға жақындағанда ауру пайда болды. Мұнан соң Адам ғ.с. барлық балаларының басын біріктіріп, Хақтағаланың әміріне бойұсынуларын, шайтанның азғыруынана аулақ жүрулерін, қатындардың сөзіне ермеуге бұйырды. Барлық өсиеттерінен бес өсиетті айрықша етіп, Шіш ғ.с.-ға насихат қылды.

«Әй, Шіш, бұл бес өсиетті жадыңда сақта һәм балаларыңа өсиет қыл. Бірінші, дүниеге көңіл қойма. Мен жұмаққа көңіл байладым. Сондықтан болар көп мәшақат көрдім. Екінші, әр ісіңнің соңын ойла. Мен ісімнің ақырын ойламағаным үшін, осындай халге кіріптар болдым. Үшінші, қатын сөзіне қарайлама. Мен қатын сөзін тыңдап, пәлеге ұшырадым. Төртінші, әр істе кеңесіп отыр. Егер мен бидай жеуде періштелермен ақылдасқан болсам, бұл пәлеге душар болмас едім. Бесінші, әр істі жасамақ болғанда, іштей сезіктенсең, оны жасама. Мен бидай ағашына бара жатып, әр түрлі күйге түсіп, алаң болдым. Соған қарамастан бидай жеп, жұмақтан қуылдым. Және бір соңғы ескертерім, Мұхаммед Мұстафа нұрын сақтауға тырыс», – деді.

Мұнан соң Адам ғ.с.ның науқасы күшейе түсті. Адам ғ.с.-нің үйіне Әзірейіл ғ.с. әдеппен кіріп, сәлем берді. Бұл кезде Адам ғ.с.ның жанында Хауа ана жылап тұрған еді. Жебірейіл ғ.с. да әдеппен кіріп, сәлем беріп, Адам ғ.с.ның халін сұрады. Адам ғ.с. Хауа анаға қарап: «Әй, Хауа, бұл жерден кет. Мені тәңірімнің елшілерімен қалдыр. Әр түрлі пәле көрдім, кінә сенен болды», – деді. Адам ғ.с. жүзін Жебірейіл ғ.с.-ға бұрып: «Мен енді ажал шәрбатын ішіп, Алла ғұзырына барғанымда періштелер бетіме салық қылып: «Әй, қаскүнем! Әй, һидаят иесі! Алла әмірін ұмытушы деп айқайлар», – дегенде, Жебірейіл ғ.с-да бірге қайғырып жылады.

Барша періштелер жыласып, Адам ғ.с. ауыр күрсінді. Бір кезде Адам ғ.с: «Әй, Адам! Жоғары қара!» – деген дауыс естіп, жоғары қарады. Сол сәтте, жұмақтағы өз орнын, өз дәрежесін көрді. Содан кейін Әзірейіл ғ.с.-ға: «Әй, Алланың пайғамбары тез келіп, ісіңді жаса! Жаным Алланың дидарына ғашық жан. Тән зынданынан құтылып, жанынан барып, өзімен тұтасатындығымды естірт», – деді.

Әзірейіл ғ.с. тәспиқ тәһілилмен иман айтып, Адам ғ.с.-ның жанын алуға кірісті. Сол кезде Жебірейіл ғ.с: «Әй, Әзірейіл! Хазіреті Адамның құрметті екенін, дәрежелі ұлы екенін, ғазиз жан екенін жақсы білесің. Жанын алуда жұмсақтық қылмақ саған уәжип (қарыз, борыш)» – деді.

Әзірейіл ғ.с. Адам ғ.с.-ның жанын алып, ісінен босады.

Хазірет Жебірейіл ғ.с. Шіш ғ.с.-ға мәйітті қалай жууды үйретіп, өзі Адам ғ.с.-ға бір киім кидірді. Жаназа уақытында Шіш ғ.с.-ді имандылыққа дайындап, періштелермен бірге отыз тәкбір жаназа намазын оқыды.

Адам ғ.с.-ды Әбу-Қабис тауына жерледі. Топан су заманында Нұһ ғ.с. Адам ғ.с.-ды бір табытқа салып, кемесіне алды. Топаннан соң Сырнәджипке (Нәджиб тауы) апарып көмді.

Адам ғ.с.-нан соң қырық бес жылдан кейін Шіш ғ.с-ға пайғамбарлық келді. Адам балаларының көпшілігі һәм жындардың көпшілігі Шіш ғ.с.ның соңынан ерді. Шіш ғ.с. үйреткен шариғатты бекем ұстап, Мұхаммед Мұстафа нұрын сақтауға ыждаһат қылды. Шіш ғ.с. Жебірейіл ғ.с-.ның кеңесімен Нахуаел есімді қызға үйленді.

Нахуаел жүкті болып, «Шіш ғ.с. нұры саған аманат. Шайтан қапасқа алынды», – деген дауыстар естиді. Осы хәмләдан (хәмлә – екі қабат деген мағынада) Анош есімді ұл дүниеге келді. (Анош Садық мағынасында).

Анош балиғатқа толғанда Шіш ғ.с: «Пайғамбарымыз Мұхаммед нұрын сақтауға ыждаһат қыл. Бұл нұрды ғибадаттан басқаға таратпа. Харамға ауыстырма», – деп өсиет қылды.

Құрма ағашын егіп, өсірген Анош еді. Анош тоқсан жасқа келгенде Қинан дүниеге келді. (Қинан, яғни үстем болу мағынасында). Қинанның жасы тоғыз жүз елуге жеткен уақытта дүниеге көп бала келді. Қинанның жасы жүзге келгенде одан Мәһләйил дүниеге келіп, оның ғұмыры сегіз жүз қырық жыл болды.

Мәһләйил Шіш ғ.с. балаларымен Бабыл бағына кетіп, Сос шаһарын салды. Бұрын Сос халқы тау үңгірлерінде турған еді.

Мәһләйил алпыс жасында Оқат-иар есімді нәресте көріп еді. Сол Оқат-иар жүз алпыс екі жасында Оқат-Бизуар есімді қатыннан Еһнох атты ұл көрді: Еһнох-Едрис, бұл Ыдырыс ғ.с. еді.

Ыдырыс ғалайһи-уәссәләм тоғыз жүз алпыс екі жыл өмір сүрді. Ыдырыс ғ.с. заманында халық пұтқа табынушы еді. Ол кезде пұт ғибадаты ашық көрініс берген. Хақтағала Ыдырыс ғ.с.-ды пұтқа табынушыларға пайғамбар етіп жіберді.

Аударған Роза Мұқанова, жазушы, драматург

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button