Қисса Мұхаммед саллұллаһү-ғалайһи уәссәләм
Ғаббас разиолла Ғанұһма айтады: «Хақсүбіхана уа тағала жұмақты, тамұқты, Жер мен көкті, ғарыш уә күрсині уә һәм басқаларын жаратқан заманда Алла тағала өз нұрынан біраз нұр алды. Сол нұрға Хақтағала: «Сен хабибім, яғни досым Мұхаммед бол», – деді. Содан кейін ол нұр Адам ғ.с.-ның жаратылғанына дейін 500 жыл бойы ғарышта Әлхамдүл-илләһи деп тауап қылған еді. Сондықтан Хақ сүбіхана уа тағала: «Үш бу хамдү еткенің үшін саған Мұхаммед деген есім беремін», – деді. Мұның соңында Мұхаммед ғ.с.-нің нұрынан Адам ғ.с.-ді, ол нұрдан бүкіл халықты жаратты. Мұхаммед ғ.с.-нің тәнін Адам ғ.с.-нің балшығынан жаратты. Мұнан соң Мұхаммед ғ.с.-нің нұрын Адам ғ.с.-нің арқасына тұрғызды. Сондықтан да періштелер Адам ғ.с.-нің артында тізіліп тұратын еді. Бір күні Адам ғ.с. мінәжат етіп: «Иә, Раббым! Бұл періштелер менің артымда неге тұрады?» – деді. Сонда Алла тағала: «Періштелер, хабибім, яғни досым Мұхаммедтің нұрына қарайды. Сол нұр сенің арқаңда», – деді. Сонда Адам ғ.с. мінәжат етіп: «Ол нұр менің маңдайымда болсын», – дегенде, Алла тағала ол нұрды Адам ғ.с.-нің маңдайына көшірді. Періштелер Адам ғ.с.-нің қарсысына шыға сап тізілді. Мұнан соң Адам ғ.с: «Иә, Раббым! Ол нұрды көзім көретін орынға көшір», – деді. Алла тағала нұрды мүсәбәха бармағына, яғни иман бармағына көшірді. Сонда кейін Адам ғ.с. сол мүсәбәхә бармағын көтеріп, «Әшһәдүләл-лә иләһә еллал-лаһә әшһәдү әннә Мұхәммәдүр – расул-лоллаһү», – деп шәһәдәт кәлимәсін айтты.
Адам ғ.с. иман бармағын көтеріп, шәһәдәт бергендігі үшін ол бармақ мүсәбәхә бармақ деп аталды. Бұл мүсәбәхә бармағының тамыры тереңде тұрды. Мұнан соң Адам ғ.с. айтты: «Иә, Раббым! Арқамдағы нұрдан тағы да қалды ма?» – деп сұрағанда, Алла тағала: «Төрт сақабаның нұры қалды», – деді.
Адам ғ.с: «Иә, Раббым! Ол нұрды да басқа бармақтарыма көшір», – деді. Сонда Алла тағала Әбубәкір Сыдықтың нұрын орта бармағына, Ғұмыр нұрын үшінші бармағына, Ғұсман нұрын шынашақ бармағына көшірді.
Адам ғ.с. Хауа анамен қауышқанда ол нұр Адам ғ.с-нан Хауа анаға көшті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа ғ.с.-нің атасы Ғабдолла. Ғабдолла-Ғабдүмүталиб ұлы. Ғабділмүталибтің дұрыс есімі – Шәйбәтүлхамдү еді. Ғабділмүтәлиб туғанда басында ақ түктері болған. Сол үшін оған Шәйбәтүлхамдү деп есім қойды. Ғабділмүтәлиб Әшімұлы. Шын аты – Ғамұру. Ғамұру – Ғабдүмәнәбұлы. Шын есімі Мұғайра. Мұғайра Қосайұлы. Шын есімі – Мүжәмағы Кәпәлұлы. Шын есімі – Хакім. Хакім Мұрраұлы. Мұрра Кәғыпұлы. Кәғып Луәйұлы Луәй – Ғалыпұлы. Ғалыб – Қаһирұлы. Қаһирдың шын есімі – Құрайыш. Құрайыш Мәлікұлы. Мәлік Назарұлы. Назар Кенәнәұлы. Кенәнә Хұзаймәұлы. Хұзәймә Мүдірикәұлы. Мүдірикә Ілиясұлы. Ілияс Мазарұлы. Мазар Назарұлы. Назар Мағдаұлы. Мағда Ғабдінанұлы. Ғабдінан Смағұл ғ.с. нәсілінен деп тарта береді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа ғ.с.-нің анасы Әминәнің атасы Охәб тау басында Яхия ғ.с.-нің жебесінен қан тамғанын көріп, Ғабділмүтәлибұлы Ғабдолланың жақындығын білді.
Күндердің бір күнінде Охәб өзінің қатыны Бәрәғә: «Әминәні Ғабдоллаға жұптыққа бересіз бе?» – деді. Бәрә: «Беремін» – деді.
Бір заманда Алла үкімімен Ғабділмүтәлиб ұлы Ғабдолла Охәбқа жаушы жіберді. Охеб тағы да мың шүкіршілікпен қабыл алды.
Ережеп айының жұма күнгі кешінде той жасады. Сол кештен соң Әминә Мұхаммед Мұстафа ғ.с.-ға жүкті болды.
Ібіліс Әбуқабис тауына шығып шыңғырғанда, шайтан: «Не болды?» – деп сұрады. Сонда Ібіліс: «Әй, біздің қожайынымыз!» – деп жанына келіп: «Менің неше жыл шеккен мәшәқатымның иесі Мұхаммед бүгін ана құрсағына түсті. Алла тағала оны өткір қылышпен жіберер. Сонан соң ол діндерді өзгертер, пұттарды сындырар», – деді.
Сол кеште Яхудилер де: «Бүгін Мұхаммед ғ.с.-нің жұлдызы туды», – деп шыңғырды.
Әминә айтты: «Ұлым Мұхаммедке жүкті болғанымды сезбедім. Басқа жүкті әйелдердей ауырлық та көрмедім. Хайыз (әйелден келетін қан) көрмегім тоқталып, ұлым Мұхаммедке жүкті болғаннан кейін түсімде бір нұр көрдім, Басра шаһарының сарайларын көрдім. Тағы бір түсімде ұзын бойлы бір кісіні көрдім. Ол: «Сүйінші, сен пайғамбар анасысың. Жүкті болдың», – деді. Сонда мен: «Сен кімсің?» – деп сұрадым. Ол: «Атаң Адам пайғамбармын», – деді. Екінші айда және бір кісіні түсімде көрдім. Ол: «Сүйінші, сен ақырғы қауымның анасысың», – деді. «Сен кімсің?» – дедім. Ол: «Мен Шіш пайғамбармын», – деді. Үшінші айда және бір кісіні көрдім. Ол: «Сүйінші, құрметті пайғамбарға жүкті болдың», – деді. «Сен кімсің?» – дедім. Ол: «Мен Нұр ғалайһи-уәссәләм», – деді. Төртінші айда бір кісіні көрдім, «Сүйінші, шарапатты аналыққа жүкті болдың», – деді. «Сен кімсің?» – дедім. Ол: «Ыдырыс», – деді. Бесінші айда бір кісіні көрдім: «Сүйінші, Адамдардың сәйәдүн яғни пайғамбар анасысың. Жүкті болдың», – деді. «Сен кімсің?» – дедім. Ол: «Хұд пайғамбармын», – деді. Алтыншы айда бір кісіні көрдім: «Сүйінші, Әшім руынан болған пайғамбарға жүкті болдың», – деді. «Сен кімсің?» – дедім. «Мен Ібраһим», – деді. Жетінші айда бір кісіні көрдім. «Сүйінші, ғаламға тәрбие әкелетін, Алла тағаланың досына жүкті болдың», – деді. «Сен кімсің?» – дедім. Ол: «Смағұл», – деді. Жетінші ай болғанда Бағдат шаһарында Касәри патшасының сарайының төбесінен мұнараларының он төрт күмбезі құлады. Сегізінші айда бір кісіні көрдім, «Сүйінші, сен ақырғы заманның соңғы пайғамбарына жүкті болдың», – деді. «Сен кімсің?» – дедім. «Мен Мұса», – деді. Сол сегізінші айда Мәжусилердің (шәйтан, жын) ғибадат етіп жүрген оттары сөнді. Бұл оттар мың жылдан бері сөнбей, жанып тұрған болатын. Тоғызыншы айда бір кісіні көрдім. «Сүйінші, сен Мұхаммедке жүкті болдың», – деді. «Сен кімсің?» – деді. «Мен Ғайса», – деді. «Салауатоллалахү уәссәлләм ғалейһим әжмағин», – деп Әмина дұға қылды.
Әминә Мұхаммед ғ.с.-ға босанарда Әсия келіп кірді. Ол һәм әбилік (Әйелді тудыруға жәрдем беруші) қылды. Бір уақытта толғатып, Әминәнің іші ауырды. Сол заманда бір құрметті үлкен құс келіп, қанатымен Әминәнің құрсағын сипады. Сол сәтте Мұхаммед Мұстафа ғ.с. дүниеге келді. Ол Мүбәрәк екі аяғымен ана құрсағынан шықты.
Атасы Ғабдүлмұталибтен рәуәйәт қылып айтады; «Мұхаммед ғ.с. анасынан сүндеттеліп, кіндігі кесіліп туды», – деп.
Бір рәуәйәттә: Пайғамбарлардың ішінде сүндетті болып дүниеге келген пайғамбар Әуелі Адам ғ.с, екінші Шіш ғ.с, үшінші Ыдырыс, төртінші Нұһ ғ.с, бесінші Лүт ғ.с, алтыншы Жүсіп ғ.с, жетінші Мұса ғ.с, сегізінші Шұғайып ғ.с, тоғызыншы Сүлеймен ғ.с, оныншы Яһия ғ.с. Он бірінші Ғайса ғ.с. Он екінші – Сәйдинә уә меуләнә Мұхаммед ғ.с. сүндетті болып туған.
Әминаразиаллаһү айтады: «Мұхаммед ғ.с. туғанда Ай ұқсас бір кісі ұлымды алып кетіп, бір сағат мөлшеріндей жоқ болды. Мұнан соң жаныма келіп: «Ал, ұлыңды. Ұлың бір сағат Шығыс пен Батысқа тәуіп қылды. Адам ғ.с.-нің жанына Мұхаммед ғ.с.-ді алып бардым. Адам ғ.с. Мұхаммед ғ.с.-нің екі көзінің арасын өбіп: «Сүйінші саған. Әй, менің достым! Сен әуелгі һәм соңғы балаларымның қожасысың деді», – деді.
Жұмақ сақшысы Резуан айтады: «Алланың әмірімен Мұхаммед ғ.с.-нің арқасына пайғамбарлық мөрі басылды.
Жеті күннен соң Мұхаммед деп есім қойып, Мекке халқын тұтас сыйлап, қадыр-құрмет етті. Мұхаммед деп есім беруінің себебі, Әминәға түсінде бір періште келіп: «Әй, Әминә! Сен барша мақұлықтар қожасына жүкті болдың. Оны тусаң Мұхаммед деп есім қой. Оның үшін ол Сәйделғалләмин пайғамбарлықты бек мақталмақ болар. Әй, Әминә! Мұхаммед ғ.с. туарда көп ғажайып көресің. Оны адамдарға сыйлама. Ол Мұхаммед ғ.с.-нің тағы», – деген. Әминә: «Сол заманда оянып кетсем, басымның астында алтыннан жазылған бір қағаз таптым. Онда жаңағы ескертпелер жазылған екен», – деген.
Әминә түсіндегі періштенің: «Балаңызға Мұхаммед есімін қойыңыз», – деген сөзін Ғабдүлмүтәлибке айтты. Ғабдүлмүтәлиб Мұхаммедке есім берді. Мұхаммед ғ.с.-ға омырауының сүтін берген Меккедегі Халима атты кедей әйел еді. Мұхаммед ғ.с.-ді емізгеннен кейін кедей әйелдің ырыздығы көбейіп, хал-ахуалы жақсара түсті. Пайғамбар ғ.с. бір күнде бір апталықтай өсіп жетіліп отырды. Бір айда бір жылдық болып есейді. Екі жыл өткеннен кейін Халимаразиолла ғ.с. Мұхаммед пайғамбарды анасы Әминәға Мұхаммед ғ.с.-нан көрген ғажайыбын айтып, өзіне мал бітіп, рыздықты болғанын жеткізді. Сонда Әминә: «Сен Мұхаммед ғ.с.-ді Мединеге алып қайт. Мен Меккенің обасынан қорқамын», – деді. Сондықтан Халима Мұхаммед ғ.с.-ді Мединеге алып қайтып, оның тәрбиесіне көңіл бөлді. Пайғамбар ғ.с. 4 жасқа келгенде Халимаға: «Әй, Ана! Мен күндіз туыстарымды көрмеймін, олар қайда?» – деп, Халиманың балаларын сұрайды. Халима сонда: «Олар сахарада қой бағады. Ол қойларды Алла тағала бізге сенің берекеңмен несіп қылды», – дейді. Сонда Пайғамбар ғ.с: «Мені де сахараға жіберіңіз. Өзіме тиесілісін мен де бағайын», – деді.
Ертеңінде Мұхаммед жолға әзірленіп, қолына нығымет сауытын алды. Таяқ ұстап, сахараға қой бағуға кетті. Халима сахараға баруға тиым салсам, көңілі қалар деп, қарсылық жасай алмады.
Пайғамбар ғ.с.-нің емшектес туысы Замра пайғамбар ғ.с.-нің қойына тас атты. Қойдың аяғы сынып, қой зарланып, көк пайғамбарына келіп сиынды. Сол заман қойдың аяғы түзеліп, ауырғанын қойды. Мұнан соң Халима Замраға: «Әй, Замра, қандасыңды не үшін ренжіттің?» – деді. Замра: «Әй, Ана! Ол қандасым тастан, ағаштан, құстан, жартқыш жануардан, таудан өткен заманда: «Әссәләмұғәләйк, уә Рассул-алла», – деп айтады. Сол кезде қай жерге аяқ басса, сол орында жап-жасыл шөптер пайда болады, қойларын суарарда құдық суы алдына тасып шықты да малды мәшәқатсыз суардық. Бір шұңқырға кіргенде бір үлкен арыстан мені көріп, секірмекші болған еді. Сол уақытта арыстан Мұхаммедті көрді де оған кішілік қылып, аяғына жығылып: «Әссәләмұғаләйік, уа Мұхаммед», – деп сәлем берді. Мұнан соң Мұхаммед ғ.с. арыстан жанына барып, құлағына бір сөз айтты. Сонда арыстан жүгіре жөнелді», – дегенде, Халима: «Әй, Замра! Бұл көрген істеріңді басқаға айтпа!» – деді де, Халима қойларын суарды. Сүттері әдеттегіден көбейіп, асып-тасып шыққан еді.
Мұхаммед ғ.с. емшектес бауырларымен әр күн сайын сахараға баратын. Бауырлары әр күн сайын онан неше түрлі ғажайып істер көріп қайтатын.
Халима ғ.с. Әминә ғ.с.-ға айтты: «Қызметін өтедім. Әлһәмдү лилләһи сәләмәт тапсырдым», – деді. Сонда Әминә: «Шайтаннан қорықтың ба?» – деді. Халимаразиолла: «Бәле! Шайтан ұлы Мұхаммедке қас қылар жол таппас. Оны Алла тағала шайтан зардабынан сақтар», – деді. Әминә Халиманың қызметіне рахмет айтып, көп дұға қылып, Ғабдүлмүтәлиб көп сыйлық берді.
Мұхаммед ғ.с.-ға Ғабдүлмүтәлиб әр уақыт құрмет қылды. Қағбаға барса өзімен бірге алып барып, әрқашан өз жанынан орын берер еді. Құрайыш ұлдары Ғабдүлмүтәлибке қарсы сөз айта алмас еді. Бір күні бәрі жиылып отырғанда әдеттегідей Ғабдүлмүтелибке мешіт төрінен орын қалдырылған еді. Сол заманда Мұхаммед ғ.с. келіп, ешкімге ілтифат қылмай Ғабділмүтәлиб орнына отырды. Құрайыш мәшрүктері (Мұхаммед ғ.с.-нің шыққан тегі, өз нәсілі) бұл халді көріп: «Қара, бұл жетімді. Әдепсіздік қылып, қайда отырғанын», – деп сөгеді. Сонда Ғабдүлмүтәлиб кіріп келді. Мәшрүктер пайғамбар ғ.с.-ға «Бабаңның орнынан тұр!» – дегенде, Ғабдүлмүтәлиб оларға: «Тек тұрыңыз. Ол сол орынға отыруы тиіс», – дейді.
Мұхаммед ғ.с. төрт жасқа келгенде Ғабдүлмүтәлибке ауру пайда болды. Ол: «Білемін, маған ажал жақын», – деп төрт ұлы Әбуләһәп, Ғаббас, Хамза, Әбутәлибті шақырды. Ұлдары келіп сәлем береді. Мұнан соң Ғабділмүтәлиб: «Сендерді шақырған себебім, менің ғұмырым ұзаққа бармас. Ұлым Мұхаммед жетім қалар. Ойласам шегер қайғым зор. Егер ғұмырым ұзақ болғанда, Мұхаммедті тәрбиелеп, оның құрметтілігін, қадірлі болғанын көрер едім. Оны қайсысың енді тәрбиелер едің?» – дейді. Сол сәтте Әбуләһәп: «Ей, ғаріптер патшасы! Хақтағала сізге ұзақ ғұмыр берсін. Мұхаммедтің құдіретін, өмірін көруге нәсіп етсін. Егер рұқсат етсең, Мұхаммедті маған тапсыр. Мен тәрбиеме алайын», – дейді. Сонда Ғабдүлмүтәлиб айтты: «Ей, ұлым! Сенің қазір құрметің бар.
Бірақ, көңілің қатты, мәрхәбәтсізсің. Сондықтан тәрбие қылуға лайық емессің», – деді. Мұнан соң Хамза келіп, тізесін бүгіп: «Әй, Ата! Мұхаммедті маған тапсыр, мен тәрбиелейін», – дейді. Ғабдүлмүтәлиб: «Сен тәрбиелеуге лайықсың, бірақ бір айыбың бар. Сен аңшысың, аңға кеткеніңде сенің қызметкерлерің Мұхаммедті ренжітер», – деді. Мұнан соң Ғаббас келіп, тізесін бүгіп: «Мен бұл қызметке лайықпын. Мұхаммедті маған тапсыр», – дейді. Сонда Ғабдүлмүтәлиб: «Сен қызметке лайық емессің. Кішкене балаларың көп. Балалары көп адамның тәрбиеге күші жетпес. Мұхаммедке тәрбие қыла алмассың», – деді. Сонан кейін Әбутәлиб келіп, тізесін бүгіп: «Әй, ғаріптердің патшасы! Мұхаммедті тәрбиеге алуға менің бек мұратым бар. Тек байлығым жоқ, малым аз. Егер рұқсат етсең, мен Мұхаммедті алармын», – деді. Ғабдүлмүтәлиб: «Ұлым Мұхаммедті саған тапсырамын», – деді де, төрт ұлына қарап: «Ұлым Мұхаммедте Алланың рәхмәты бар. Мен Мұхаммед білгенді біле алмаймын. Қандай іс қылсам да Мұхаммедпен кеңессем, оң болатын. Бұл істі Мұхаммедке де айтамын. Мен өлгеннен соң, қайсысыңыздың тәрбиеңізді ықтияр қылса, соған барар», – деді. Бұл кезде Мұхаммед ғ.с. Ғабдүлмүтәлибтің төсегінде отырған еді. Ғабдүлмүтәлиб Мұхаммед ғ.с.-нің қолынан ұстап: «Ей, ұлым! Менен кейін бұл төрт қандасыңның қайсысының қолында тұрарсың», – деп сұрағанда Мұхаммед ғ.с. орнынан тұрып, Әбутәлибтің мойнынан құшақтап, алдына отырды. Ғабдүлмүтәлиб сонда: «Әлхәмдү лилләһи, мақсатым орындалды», – деді. Мұнан соң Әбутәлибке айтты: «Мұхаммедті саған тапсырдым. Мұхаммедке ықтияр қыл. Айт күндері жаңа киім киіндір. Жетімдердің көңілі мұңлы болар. Тамақ жегенде өз жаныңа отырғыз, өз балаларыңнан артық құрмет қыл. Мұхаммедті кем тұтпа! Осы шарттарға ризамысың, уа қабыл қылдың ба?» – деп сұрайды. Сонда Әбутәлиб барша шартын қабыл алды. Мұнан кейін Ғабдүлмүтәлиб науқасы күшейіп, дүниеден көшті.
Мұхаммед ғ.с.-ді Әбутәлиб өз үйіне келтіріп, қадір-құрмет қылды. Атасының өсиетін берік ұстады. Әбутәлиб базардан қайтып, балалары қарсы жүгіргенде, ол Мұхаммед ғ.с.-і ерекше құшып, көңілін қош қылатын. Тамақ жейтін кезде Мұхаммед ғ.с.-ді өз жанына отырғызатын еді. Айт күндерінде Мұхаммед ғ.с.-ға жаңа киім киіндіруші еді. Мұхаммед ғ.с.-нің көркемдігі мен ақылы арта түсті. Оның тәбәрәк заты азғындықтан пәк еді. Киіміне шөп-шалаң, нәжіс жабыспайтын. Ешқашан да пұтқа ғибадат қылмады. Ойын ойнамайтын, ешбір қамыр (есірткі, арақ) ішпеді. Мекке халқы Мұхаммед ғ.с.-ді «қиянатсыз» деп мадақтады.
Мұхаммед ғ.с. 12 жасқа толған кезде бір күні Құрайыштар сауда шаһарына бармақ болды. Әбутәлиб Мұхаммед ғ.с.-ға айтты: «Біз де барып, сауда жасайық», – деді. Мұхаммед ғ.с. бұл сөзді қабыл алып, бірге сапарға шықты. Құрайыш керуені жолда Мысырға жақын бір ағаш түбіне дем алуға тоқтады. Сол сәтте Насараның ғалымы дүниесін тастап, керуеннің келгенін көріп, керуен жанына жүгіріп келіп Мұхаммед ғ.с.-ға көрісті. Құрайыш еліне қарап: «Бұл Мұхаммед, барша ғаламның қожасы, адамдарға пайғамбар болар, Алла тағала мұны барша ғаламға рахмет қылды. Үмбеттері ғазиз болып, иман келтірер», – дегенде, Құрайыш қарттары: «Мұның пайғамбар болатынын қайдан білдіңіз?» – деп сұрады. Рахып айтты: «Сіздің керуенді қарап тұрғанымда Мұхаммед ғ.с. өткенде тас, ағаш оған сәжде қылды. Тас, ағаш пайғамбарлардан басқаға сәжде қылмайды. Тауратта, Інжілде Мұхаммед ғ.с-нің сипаттары жазылған. Соның баршасы тура келді. Үшінші бір дәлел, үсті-басына қараңыз. Басында бір ақ бұлт көлеңке болып тұрды. Тауратта да, Інжілде де осы көріністер айтылған», – деді. Мұнан соң: «Оның тәрбиешісі кім?» – деп сұрады. Сонда халық: «Тәрбиешісі Әбутәлиб», – деді. Сонда, Әбутәлибке: «Мұхаммедті Меккеге тез қайтар. Мұның дұшпандары яһудилер. Олар ренжітер», – деді. Әбутәлиб, Әбубәкір разиаллаға қосып, Мұхаммед ғ.с.-ді Меккеге қайтарып жіберді.
Мұхаммед ғ.с. нұры күннен-күнге арта түсті. Он үш жасқа толғанда Ай жүзінде нұр балқып, пайғамбарлық нұры жүзінде болды.
XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова