Үлкені әулиенің Қосым еді…
Шаяндағы мешітті әу басындағы медресеге айналдыру, оған Қосым атын қайтару және басқалары туралы
Қазіргі Алғабас ауданының орталығындағы медресе-мешіт жайы өзінің көлемі, құрылысының әсемдігі жағынан, әрине, Қожа Ахмет Иасауи кесенесімен бой теңестіре алмайды. Бірақ Шымкент облысындағы басқа көне ғимаратттардың қайсысынан да күрделілеу.
Медресе-мешіттің өзі о баста бір құлақ су ағатын мөп-мөлдір тәтті бұлақтың іргесіне салынған. Осы бастаудың бойында көлемі төрт-бес гектар тоғай-бау, қасында медресе қызметі үшін Шығыс үлгісінде салынған тұрғын үйлер, сондай-ақ, құжыра, үлкен мешіт, толып жатқан дәрісхана, мұнара, оның күнбатыс жақ бетінде Қосым ишанның сағанасы тұратын. Осылардан бүгінде сақталғаны құжыра, үлкен мешіт пен дәрісханалар. Бай кітапханасы тозып, кітаптардың отқа жағылмағаны көрінгеннің қолында кетіпті.
Соғыстан кейінгі жылдың өзінде үлкен күмбезінің айналасында үйілген кітаптар күнге күйіп, қар мен жауынға езіліп жататын. Көп жылдар бойы иесіздік жайлаған бұл ғимараттың көрмегені қалмады. Көрінген әкім дуалын бұзып, қалаған жағынан есік, терезе ашып, қиратып жатты. Тұрғын үйлердің тоз-тозы шықты. Бауы қурап, ел отынға шауып алды. Бұлақтардың көзі бітеліп, суы тартылды. Қосым ишан сағанасының көп жері мүжіліп, қирады. Мұнараны бұзып, кесегін басқа құрылысқа пайдаланды. Дәрісханалардың іргесін бір жарым, екі кезге дейін жел суырған топырақ көміп тастады. Егер жариялылық заманы туып, көне мұраға деген көзқарас өзгеріп, мемлекеттік қорыққа алынбағанда, бұл құрылыстың қазір ештеңесі де қалмас еді. Ендігі барына да шүкіршілік етіп отырмыз. Соңғы жылдары мемлекеттік қорыққа айналып, кем-кетігі едәуір жөнделіп, көңіл қуанарлық иігілікті іс істелуде. Осыған орай айтатын бір-екі ұсынысым бар.
Бірінші, қалпына келтіру жұмыстары кезінде аталған жайдың о бастағы болмысы толық қамтылса. Анығырақ айтқанда, бұлағының көзі ашылып, бау отырғызылып, тұрғын үйлер мен азан шақыратын мұнара қайта тұрғызылып, Қосым ишан сағанасы күрделі жөндеуден өткізілсе,кітапханасы қалпына келтірілсе. Кезінде бұл жайдың құрылысына ХІХ ғасырда тек Шымкент емес, қазіргі Жезқазған, Қарағанды, Қарсақпай, Балқаш өңірінің тұрғындары да қаржы жинап берген. Медресе біткен соң, Арқа елінің бәрінен оқуға шәкірттер қабылданған. Тек 1917-жылғы Қазан төңкерісіне байланысты бұл медресенің атақ-даңқы өшіп қалды. Әйтпесе, бұрын оның ірі оқу орны қызметін атқарғаны анық. Жөндеу қалпына келтіру жұмыстары толық біткен соң, қайтадан діни медресе ашу мәселесі қарастырылса да артық емес. Медресе-мешіт жайының көлемі толық сай.
Екінші бір ескеретін нәрсе, осы медресе-мешіт ресми қағаздарда, мерзімді басылымдарда әр түрлі аталуда. Көбіне Шаян мешіті делінеді. Әппақ ишанның мешіті деп те жазылып жүр. Мұның екеуі де қате. Бұқарадан сәулет өнерінің шеберлерін алдыртып, елден қаржы жинап, бұл жайды соқтырған Қосым ишан. Оның кірпішін медресе-мешіттен екі шақырымдай төмен Шаян өзенінің жағасында күйдіріп, құрылыс алаңына қатар тұрған адамдар қолма-қол әперген. Кесек күйдірілген құмдандар орны әлі сақталған. Ел оны Күлтөбе деп атайды. Құрылыс жұмысы 1895 жылдар шамасында біткен. Сол кезде бұл ғимаратты Қосым ишанның медресе-мешіті деп атайтын. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қосым ишан әулеті аяусыз қудаланып, көбі жазықсыз атылды. Жан сауғалап, басқа аймақтарға қоныс аударғандары ғана ішінара тірі қалды. Ол заманда ел Қосым ишанның атын атуға қорқатын. содан да Шаян мешіті деп айту әрі қауіпсіз, әрі жөн сияқты көрінетін. Негізінде Қосым ишан – есімін атауға болмайтындардан емес. Ол көшпелі қазақтың балаларын оқытатын ең ірі оқу орындарының бірін ашқан, елді парасаттылық пен имандылыққа баулыған адам. Есімі кезінде қазақ даласында аңызға айналған. Ел аузында сақталған:
«Не дәулер өтіп кетті дүрілдеген,
Құлатай, Қосым қожа пірім де өлген»,-дейтін өлең жолдары бар. Ел аузындағы «Қызжібек» жырында Төлегенді ағаш көргенде көркіне көз тойып, Қызжібектің әкесі Сырлыбайдың:
Үлкені әулиенің Қосым еді,
Қайып ерен, қырық шілтен досы еді.
Арадағы дұспандар өсек қылған,
Төлеген айтып жүрген осы ма еді!-дейтінін бала кезде жыршылардан естігенім бар. Осыған қарағанда, кезінде ата-анасы сәбиге бұрынғы өткен әулиенің есімін ырымдап қойған тәрізді.
Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Қорыта айтқанда, Шаян кентіндегі бұл кермет сәулетті ғимарат о бастағы өз атымен «Қосым ишанның медресе-мешіті» деп аталғаны мақұл.
Әдіһам ШІЛТЕРХАНОВ
(Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 22 тамыздағы нөміірне жаряилғанған.