Ғақлиат

Татулық

Алла тағала  жаратқан жанды жаратылыстарын  олар, суда ма, немесе құрлықта өмір сүрмесін, ақылды не ақылсыз болсын, түр-түрімен бірлесіп  қауымдасып бірге өмір сүруге бейімдеп  жаратқан. Жанды жаратылыстың осы ерекшелігін аңғарған даналарымыз: «Бірлік барда, тірлік бар» деп тірліктің   негізі бірлікте екеніне ұрпағының назарын аударған. Бірлік – отбасы, ошақ қасынан басталатын, ағайын-туыстардың, бір ұлттың,  бір мемлекетте тұратын әртүрлі ұлттардың, діни ұстанымы, сенімі бір әртүрлі ұлттардан құралған діндес бауырлардың, діни сенімі әртүрлі діндарлардың татулығы. Бірліктің негізінің неден бастауына назар аударсақ, бірліктің түп қазығы татулыққа тіреледі. Өзара сыйластық, түсіністік бар ортада, отбасы, дінаралық, ұлтаралық татулық қанат жайып, өркендейді. Осымен бірге мемлекет аралық татулыққа  жете алсақ, жер жүзінің халқы бейбіт, мамыражай тіршілікте бақытты өмір сүрер еді. Осы орайда татулықтың мән-мақсатын отбасының, ағайын арасының, ұлтаралық және дінаралық татулық шеңберінде қарастыру қажет.

Отбасы  татулығы

 Дария – бұлақтан, көл мен мұхит дариядан бастау алса, әрбір тұтас дене жасушадан түзілетіні секілді, «Отан – от басынан» демекші туыстықтың, ұлттың және мемлекеттің негізін отбасы құрайды. Ал отбасын құрайтын адамның әрқайсысы – бір әлем. Осы әлемнің өзіндік ұстанымы, өмірде кездесетін жағдайға өзіндік көзқарасы бар. Дана бабаларымыз «сүтпен берген мінез, етпен кетеді» деп айтқандай, көп жағдайда пенденің мінезінің, әдет-ғұрпының түбегейлі өзгеруі мүмкін еместігін ескеріп, отбасының мүшелері бір-бірінің өзіндік ұстанымын өзгертуге әрекет жасамай, өзгелердің түйсігіне, сеніміне түсіністікпен қарап, қабылдай білсе, отбасында татулық орнайды. Жаратушы иеміз, Хұжурат с. 13-а: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық» деп, Адамзатты Адам атадан (ғ.с.) жаратқандығын білдіруімен, жер жүзінде өмір сүретін бүкіл пенде ұлтына, түсіне, сеніміне қарамай біріне-бірінің бауыр екендігін ескертеді. Бақара с. 187-а: «Әйелдерің – сендердің киімдерің, сендер – әйелдеріңнің киімдерісіңдер» деп киім иесінің  денеге-бейнеге  жақын және оның әуретін сұғанақ көзден жасырушы, суық пен ыстықтан қорғаныш, «ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» дегендей, киімнің көркейтетіні сияқты, сендер де бір-біріңе қорғаныш, қамқор, сүйеніш,  сыйлап сүйе біліңдер  мағынасын аңғартады. Хұжрат с. 10-а: «Мүміндер анығында (дін) ынтымағындағы жандар. Ағайын арасының бұзылмауын ойлаңдар. Алланың рақымы түссін десеңдер, одан қорқыңдар», Нахыл с. 90-а: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырды», Бақара с. 215-а: «(Мұхаммед с.ғ.с.), олар сенен Алла жолында не беретіндерін сұрайды. Оларға: «Қайыр істер болсаңдар, әке-шеше, туыс-жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі деп айт» деген. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанмен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын» (Бухари, Мүслим). «Туысқандық қарым-қатынасты үзген кiсi жәннәтқа кiре алмайды» (Бухари әдеп, 11) деп туыстан қол үзудің үлкен күнә екенін білдіріп, ол күнәні арқалағандардың жаннатқа кіре алмайтынын ескертсе, «Жарлыға жасалған садақада бiр ғана сауап бар. Осы садақа туысыңа берiлсе, екi сауапқа кенелесің. Бiрі – садақа сауабы, екiншiсі – туысыңа қарайласқанның сауабы» (Имам Термизи) деп туысқандықтың жібін ешқашан үзуге болмайтындығын көрсеткен. Көрсетілген аяттар мен хадистер Исламның татулыққа үндейтін дін екендігін айшықтайды. Халық даналығы «төртеу тату болса төбедегі келеді, алтау араз болса қолдағы кетеді», «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деп татулықтың арты береке-молшылық екендігін, ал «Құдай қосқан – құда,  Пайғамбар  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қосқан дос болады» деп екі адамның өз қалауымен «Екі жарты бір бүтін болуы, жаратушымыздың қалауы екендігін, ал «Алланың қасында халал болған нәрсенің ең сүйкімсізі, талақ, яғни ажырасу» (Х. Алтай «Хадистер аудармасы», 1994ж. 76-б.) деп отбасының бұзылмауына  үлкен мән беріп және күнә екенін ескерткен.

Бақытты, өзара сыйластық пен сүйіспеншілік негізінде, Алладан басқаға қарызы жоқ отбасынан құрылған мемлекеттің іргетасы да мықты. Көп жағдайда, бақыт түсінігіне: халал мен харамнан жиналған мал-мүліктің, қаражаттың молшылығын, мансаптың жоғарылығы, өтірік-шыны аралас елдің пәленшеке, түгленшеке деген қолпаштауымен байланыстырамыз. Ал ой жүгіртіп, сараласақ, алдап-арбап, қорқыту мен үркіту аралас, қайтсем көбейткен үстіне көбейтемін мақсатында, басқаға пайдаң тимей, ұйқы күлкіден айрылып жинаған мал-мүлікің, оны сұқ көзден ұры-қарыдан қалай қорғаймын, мемлекетке кем төленген салықты біреу болмаса біреу біліп қойып, тиісті орындарға жеткізсе жағдайым не болады деген уайыммен өмір сүрген пенде шын мәнінде өзін бақытты сезіне ала ма?! Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бар ерік-жігерің соның керегіне жарасын деген ниетпен өсірген ұрпағың маскүнем, нашақор, екі сөзге келмей ұрыс-жанжал жығаратын тоңмойын, көрсеқызар, бардың қадіріне бойламай, бекер мал шашуға әдеттенген, адамгершілік қасиеттен жұрдай болып ержетсе, бұл бала сізді бақытты қыла ала ма?! Аз уақытқа ғана басыңа қонған, ертең-ақ еріген мұздай, алақаныңнан сусып кететін, аспанда қалықтатып, санаңа  менмендікті сіңіріп, маңайыңа мұрын шүйіре қарауға себепкер мансап өмір бақи бақытты қыла ма? Осының бәрі бір сәт бақытты сезінуге себеп болғанымен, ерте ме кеш пе, өміріңнің соңына дейін ұмытылмайтын өкінішке әкеледі. Нағыз бақыт – барға қанағат қылатын, қайырымды, байлыққа мастанбай, жоққа күйремейтін, тәрбиелі біліммен сусындап өскен отбасы мен ұрпағың. Уақытша басыңа қонған мансаптан, ел қатарлы құдайдың құлы екеніңді ұмытпасаң, көпшіліктен жырақтамай, билікті әділдікпен ұштастырғанның ғана,  шын бақытқа қолы жетеді. Яғни, отбасының татулығы бүкіл өмірдің негізі десе де болады.  Қасиетті Құран Кәрімнің «Хұжурат» с. 13-а: «Ей, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық» деп Адам (ғ.с.) ұрпақтарының түбінің бірлігін естеріне салуымен бүкіл адамзаттың бірлігі мен татулығына көңілін аударған секілді. Ибн Касир тәпсірінде  осы аят «Егер Адамның бәрін еркек қылып жаратып, әйелдерін басқа жаратылыстан жаратқанда, араларында көңіл жарастығы болмай, керісінше жиіркеніш сезімі болар еді. Әйелдерін Адам атаның қабырғасынан, яғни бір жыныстан жаратуы, Алланың бүкіл адамзатқа мейірімі» деп тәпсірлесе, Шәмиль Алеуетдин: «Одан (Адамнан (ғ.с.) өзінің жұбайын жаратты. Олар, бірге өмір сүргенде тыныштық: (жұбаныш, жайлылық, сүю мен құштарлықты сезінуге, өмірдің  қиыншылығы мен қуанышын бөлісуі үшін» деп тәпсірлеген. Яғни, аятта, сүйіспеншілік пен жарасымдылық, сыйластық пен татулық уағыздалған. Жаратушы жалғыздың, Адам (а.с.) қара топырықтан, анамыз Хауа ананы оның қабырғасынан, екеуінің жұбайлық өмірінен егіз бір ұл, бір қыздан  туғызып, кейінгі егіздің қызына  алғашқы егіздің ұлын, ал алғашқы егіздің  қызына кейінгі егіздің  ұлын  үйлендіріу тәртібімен адамзаттың кейінгі бүкіл ұрпағын осы егіздерден таратуында, ақылды пенделер, түп-тегінің бір екенін есінен шығармай, бір-біріне мейірімді болсын ниеті негіз болған шығар. Құдіретті Иемізге, Адам атаны жалғыз жаратпай, топырақтан әлденеше еркек, басқа заттан әйел жаратып, оларды жұптап, солардан кейінгі ұрпақ таратудың  түк қиындығы  жоқ. Алла Тағала «бол» десе, ойлағаны болады. Оның, адамзаттың  ұрпағын тек Адамнан (а.с.) ғана таратуында бізге беймәлім сырлар көп. Сол сырдың бірі, кейінгі ұрпақтың арасында сыйластыққа, сүйіспеншілікке, татулыққа берік негіз салғандығы сияқты. Анығын Алла біледі. Даналарымыздың бізге жеткен нақылдарына Құран аяттары мен Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері негіз болып, «түбі бір түтпейді» деумен, түбі бірлердің бір-біріне жаманшылық жасамайтындығын тілге тиек еткен. Алайда біз күнәһар пенделер кейде негізіміздің бір Адамнан (а.с.) тарайтындығын есімізде ұстамақ түгілі, бірге туған баурымыздың өзіне мейірімділік танытып, жақсылық жасай бермейміз. Алла Тағала бүкіл адамзат баласының жадынан «түбінің бірлігін» шығармай, араларында сыйластықты, қайырымдылықты татулықты нәсіп етсін. Әмин!

  Басы 

                          Ауданбай   қажы Ахметжанұлы 

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button