Бисмилла деп бастайын,
Жақсылық жетер Тәңірден,
Жоқ күніңді бар қылған,
Денеңе дәрмен салдырған.
Ашықсаң асқа тойдырып,
Аңқасаң суға қандырған.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Қорегін аулап қаңғырған.
Кәрі-жасты өтілер,
Ажалға өзін алдырған.
Құтылған жан болмайды,
Бір Алланың әмірінен.
Дүние – түлкі, ойласаң,
Құйрығын жұртқа шалдырған.
Елдің бәрін алдауда,
Еңбегін кімнің жандырған.
Ер көгерер дұғамен,
Жер көгерер жаңбырмен,
Арғымақ ат шаппаса,
Аяғын дүние талдырған.
Тұйғын, сұңқар ұшса да,
Тор жайылар алдынан.
Ысқырып тұрған аждаһар,
Демімен жерді шаң қылған.
Ажал жеткен уақытта,
Толғандырмай қалдырған.
Ақырып тұрған арыстан,
Мысықтан оңай алдырған.
Ойланғандар ойланып,
Дүниеде жылап, зар қылған.
Көрстанды көргенде,
Көңілің ғибрат алсайшы.
Адаламай көңілдің
Әуесі сірә, қансайшы.
Жақсылардың сөзіне,
Ықыласпен құлай салсайшы.
Арабы аят, хадисті,
Ғалымдардан естіп,
Мағынасын ұғып алсайшы.
Бұл бейопа жаһаннан,
Бір еңбегің жансайшы.
Мұхаммед ғазиз пайғамбар,
Жеті қат өтіп аспаннан,
Ғарыш ағлаға барғанда,
Аллаға дахил болғанда,
Әзәзіл шайтан кез болып,
Алдында жылап тұрғанда,
Рахым етіп, босатпай,
Әнхазірет мойнын қисайшы.
Өзінен соңғы үмметтер,
Өлімнен сірә, тынсайшы.
Еңбекті екі дүние,
Бір ыңғайда тұрсайшы.
Ел қызығы мал, перзент,
Еркімен ел-жұрт жисайшы.
Бір кеуденің ішіне,
Екі талап сыйсайшы.
Аманат жан кеудеден
Айырылып, қашан кеткенше,
Алдамшы мына дүниені,
Адамның көзі қисайшы.
Бұл дүнияда екі жол:
Біреуі оң, бірі сол.
Бірін тапсаң, бірі жоқ,
Дүние қысқа, ақырет мол.
Аңла, бұған әзір бол.
Білініп тұр екі нәрх,
Бір-біріне ісі шарф.
«Халал-харам» деген бар,
Ажырап тұр, екі парық.
Анаусы кетер жеткізбей,
Қайсысына болсаң қарық.
Жақсысын нәсіп қыла көр,
Жаратқан ием Жаппар Хақ!
«Үмбетім» дей көр, Мұхаммед,
Қатерлі жолда жатыр халық.