Майлықожа

Тарих құлпының кілтін тапқан Кәрім аға

Кеңес дәуірінде өлкетану, өлкетанушылыққа көп назар бөлінетін. Кейіндері «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» орнаған заманның ызғарынан ондай азаматтардың саны күрт төмендеп кетіп, бүгіндері олардың бар-жоғы білінбей қалды десе болады. Ал енді кешегі күні екі ауылдың бірінде бар көнекөз қариялар, яғни ел тарихы мен жер тарихын майын тамызып айтып беретін жандар дүниеден озған соң, өскелең ұрпақтың да өткен өмірге деген қызығушылығы саябырсып сала бергені және бар. Соның салдарынан еліміздің көптеген жерлерінде өлке тарихының құлпын тат басып, кілті құмда қалып бара жатқаны құпия емес…

Алайда, бір қуантатыны, арамызда саусақ санарлық болса да, есі кіргелі естігенін жадына тоқып, өмір бойы жан-жақты ізденіп жүрген азаматтардың әлі де кездесіп тұратындығы. Міне сондай бір ұлтжанды азамат бүгіндері еліміздің күнгейінде, киелі Қазығұрт өңірінде жасап жатыр екен. Ол – әуесқой өлкетанушы Кәрім Аппазов ағамыз. 1948 жылы туған Керекең өмірбойы инженер-құрылысшы болып құрылыс саласында қызмет етіп, зейнетке шыққаннан бері өзінің туған өлкесінің өткенін қазбалап, Шымкент-Ташкент атырабының тарихына қатысты ақтаңдақтарды анықтап, ұмыт қалған, я қате хатталған көптеген деректерді дәлелді, жүйелі түрде түзеп, көзі қарақты оқырманның назарына ұсынумен айналысып жүр. Ағамыздың осы бағытта жасаған еңбектерінің керемет жемісі – 2017 жылы Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында ХІІІ ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи ілімінің жалғастырушысы Ысмайыл ата мен оның әулеті туралы тарихи деректерді жинақтап «Тұрбат-Ысмайыл ата: Аңыз бен ақиқат» атты зерттеу еңбегінің кітап болып шығуы. Қазіргі күні бұл басылым таптырмас дүниеге айналып та кетіп үлгерді.

Кәрім ағаны соңғы кезде ерекше қызықтырған темасы – биыл туғанына 185 жыл толып отырған атақты Майлықожа ақынның мұрасымен тікелей байланысты. Нақтылап айтсақ, белгілі шымкенттік әдебиетші ғалым Саттар Өмірзақовтың тынымсыз ізденістерінің арқасында табылған «Молда Қошық датқаның асында айтқан арнауы» турасында. Қазақтың ақиық ақынының бұл шығармасы жайлы Сәкең кезінде мынадай түсіндірме жазыпты:

«Майлы ақынның бұл шығармасын ғылыми экспедиция кезінде тапқан болатынбыз. Мұнда аттары айтылған азаматтардың көпшілігі елге белгілі, қадірлі адамдар секілді. 2009 жылы Қ.А. Иасауи атындағы ХҚТУ «Түркология» ғылыми-зерттеу орталығы өткізген халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда академик ағамыз Рахманқұл Бердібай «Майлы ақынның өлең-толғауларында айтылған адамдардың кім болғанын, қазақ баласына істеген қызметтерін анықтауымыз міндет» деген салиқалы ой айтқан-ды. Бұлардың өмір жолын іздестіру, кім болғанын анықтау да келешек зерттеулер міндеті болса керек».

Ал енді сөз кезегін Кәрім Аппазовтың өзіне беріп, Майлықожа ақынның аталған шығармаларымен жалғап жіберсем деймін.

Ералы ОСПАНҰЛЫ, зерттеуші.

 

МАЙЛЫҚОЖА ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ АТАУЛАР МЕН ЕСІМДЕР

БОЙЫНША АНЫҚТАМАЛАР

Жуырда Майлықожаның жырларын жинап, жарыққа шығарып жүрген сарыағаштық зерттеуші Сейітомар Саттаров ақсақалдан бір өтініш түскені болатын. Сәкең әйгілі ақынның «Молда Қошықтың датқаның асында айтқан арнауы» мен «Әбдірахманға» өлеңдерін жіберіп осындағы Қаңлы мен Шанышқылы руларына қатысы кездесетін атаулар мен есімдерін ашып беруді өтініпті. Қарап отырсам, Майлықожаның мына өлеңдері нағыз энциклопедиялық анықтаманы қажет ететін еңбек болып шықты. Кішірек қана жыр жолдарының  ішінде 150-ге жуық атау-есімдер ұшырасады екен. Бұл мен секілді өлкетанушылар үшін таптырмас дүниелер екенін бірден ұқтым. Бағып қарасам, әсіресе сол заманда Сарыағаш-Келес өңірінде болған Болат болыстығына жап-жақсы тарихқа «серуен» жасауға жол айқара ашылады екен. Қысқасы, сөзді көбейтпей, осы іске кірісейін.

ҚОШЫҚ ДАТҚАНЫҢ АСЫ – 1885-1886 жылдары өтіп, бүкіл Түркістан өлкесінің жақсылары мен жайсаңдары жиналған, ел есінде ауқымымен аты шыққан ас. Майлықожа ақынның арнау өлеңін оқи отырып, мерекенің көлемі мен дабырын өзіңіз де оңай сезінесіз.

МОЛДА ҚОШЫҚ (1796-1884) – Қоқан хандығы дүрілтеп тұрған заманынан билікке араласып, батырбасы, датқа болған Шанышқылы руының Дарқан тармағынан шыққан Түркістан өлкесінің танымал тұлғасы. 1865 жылы Ресей империясы Ташкентті жаулап алғаннан кейін жергілікті халық арасынан таңдап алынған ең беделді деген 16 адамдардың бірі ретінде, 1867 жылы Санкт-Петербургке, ақ патша алдына барып, сый-сияпаттар алып қайтқаны тарихтан белгілі. Сол азаматтардың қатарында Кенесары ханның ұлы, Шымкенттегі ояз бастығының көмекшісі Ахмет төре де болған, Ресей астанасында олар түскен фотосурет те сақталған. Бұл сапар туралы Майлықожаның белгілі «Датқалардың Петірборға барғаны» атты жыры жан-жақты хабар береді. Онда әйгілі ақын әсіресе Молда Қошықты ерекше дәріптеп өтеді. Оның патшадан дінге, салт-дәстүрлерге тимеуін сұрағанын басып айтып, елдің қамын жегенін алға тартып, тамсанады. Молда Қошық туралы соңғы жылдары біраз зерттеулер мен кітаптар жазылған. Олардың ішінде ең салмақтысы деп ұлағатты ұстаз, білікті ғалым Бахтияр Смановтың тарихшылар мен жазушылардың осы датқа туралы жазған мақалаларының басын біріктіріп, өзінің жазғандарын да қосып 2014 жылы жариялаған «Молда Қошық датқа» еңбегін атап өткім келеді.

ДАРҚАН – Шанышқылы руы Саңырау, Дарқан, Балық және Күрпік болып төртке бөлінеді. Өз кезегінде Дарқан – Оршақ, Құлтума, Шошым және Еңкес болып, тағы төрт аталыққа бөлінеді. Молда Қошық осы Дарқанның – Шошым атасынан шыққан.

САРЫМСАҚ – Молда Қошықтың үлкен ұлы, ас өткен жылғы сайлауда ауыл биі болып сайланған.

НАРБЕК – Молда Қошықтың екінші ұлы, батыр. Болыс сайланып, ел басқарушы болып жүргенінде патша саясатына қарсы жасаған әрекеттері үшін абақтыға жабылады. Әкесі қайтыс болғанда түрмеде болып, тек жылдық асын берердің алдында босатылып елге оралады.

ТОҒЫЗБАЙ, ЖОЛШЫБЕК (әкесі Санкт-Петербургке жолға шыққанда дүниеге келген), ЖОЛДАС – Молда Қошықтың ұлдары.

ҮСЕНБЕК (ҮСЕНҚҰЛ) – Молда Қошықтың қара шаңырақта отырған ұлы.

ҚЫДЫРБЕК (ҚАДЫРҚҰЛ) – Молда Қошықтың кенже баласы.

АЙМАМБЕТ, АХМЕТ – Молда Қошықтың асы өткен кезде жігіт болып қалған немерелері, үлкен ұлы Сарымсақтың балалары.

ӘБДІРАҚПАН (ӘБДІРАХМАН) – Молда Қошықтың немересі, Нарбектің ұлы. ХІХ ғасырдың соңында Сіргелі руының жақсыларымен бақталасып жүріп, болыс билігіне қолы жеткен. Бұл жай Майлықожаның назарынан тыс қалмаған, мұны мына бір өлең жолдары аңғартады:

Билігіңді баянды қылсын құдай,

Өз араңа келіпті кетпей басқа.

Ауып кете жаздады Сіргеліге,

Ала болмай әзір бол жиреніңе.

АҢАЙ – Дарқан руының Шошым аталығының Молда Қошық тарайтын атасы.

КӘРКЕ – естуімше Молда Қошықтың жұрт құрметтеп айтатын лақабы.

НҰРБЕК, БӘЙШЕ, ТАС МОЛДА, БЕКЕЙ, ҚҰЛТАЙ, РҮСТЕМ – сол маңдағы Дарқан руының беделді адамдары.

ОРАЛ МЫРЗА – ас өткен кезеңдегі Болат болыстығының басқарушысы, Шанышқылы руының адамы. Майлықожаның Оралға айтқаны:

Молда Қошық бәріңнің әкең еді,

Талас қылма Оралға орын бер деп.

Бүгінде Орал тұрсың сақа болып,

Басында Молда Қошық бата беріп.

 

ЕРМЕК – Оралдың әкесі.

ОШАН, САПАР – Оралдың бауырлары.

БОЛАТ БОЛЫСТЫҒЫ – Патша заманында Түркістан өлкесі, Сырдария облысы, Құрама оязындағы (орыстың «уезд» сөзінің қазақша айтылуы) болыстық. Шығысында Ақжар болыстығы (шекарасы қазіргі Сарыағаш қаласының маңайы), батысында Алтын болыстығымен шектескен. 1891 жылғы дерек бойынша Болат болыстығы: Кескен (Кешкен), Ескі Жанжал, Көлшығанақ (Кулчиганакъ), Көлтуған (Култуганакъ, Көлтоған), Шоқшеңгел (Чук-чунгулъ), Кеңсай, Жаңа жанжал, Жартытөбе және Жаңаарық атты, негізінен шанышқылы, қаңлыдан (Жартытөбе мен Кеңсайдан басқа) тұратын отырықшы 9 ауылдан тұрған. Бұлардан басқа Сарыағаш (230 үй), Темірші (277 үй) аңғарына (дерек көзінде «ущелье» делінген) көшіп келіп қыстайтын көшпелі сіргелі ауылдары да Болат болыстығының құрамында болған. Ескерту: Құрама оязы 1887 жылдан Ташкент оязы (Ташкентский уезд) болып өзгерген.

АББАС МЫҢБАСЫ – зерттеуші  Сейітомар Саттаровтың айтуынша Ескендір болыстығында осы Аббас қожа болыс (волостной) болыпты.

МЫҢБАСЫ – бұл жерде болыс, басқарушы деген мағынада айтылып отыр. Патша заманында 100-200 үй топтастырылып, ауыл қоғамдастығы құрылып, басшылыққа старшын (старшина) сайланған болса, болыстық (волость) 1000-2000 үйден топтастырылып, басшылыққа болыс сайланған. Бір қызығы қазақтар орыстың «волостной» сөзінен шыққан жаңа лауазымға алғашында үйрене алмай, үй санына қарай – мыңбасы деп атаған, мұны Майлықожаның арнау сөзінен де оңай аңғарамыз.

КНЯЗЬ – Түркістан өлкесінде каналдар қазып, жомарттығымен ел ішінде беделі ерекше өсіп аты шыққан ақ патша Александр ІІІ-нің немере інісі – князь Константин Николаевич Романов. Жас кезінде бір келеңсіз жағдайды басынан өткеріп тақтан шеттетіліп, Ташкентке жер ауып келген ұлық. Қиуа хандығын жаулап алу соғысына қатысқан. Түркістан өлкесінің өркендеуіне көп үлес қосқан ерекше іскер кісі. Майлықожаның Аббасқа айтқаны:

Мың сом алдың, несібең мұндай шаппас,

Князді алдап, айлаңа адам таппас.

Кәрке атаңның бәйгесін қадірлетіп,

Сен дағы бір баласы ең, мыңбасы Аббас.

Осы сөзге қарағанда, шамасы Аббас канал салу үшін княздің тілін тауып, қаржы алған болса керек.

Майлықожа Молда Қошық ұрпақтарын атасының мерекесімен құттықтап, әрқайсысын жеке-жеке атап өтіп, қызметте жүрген ағайын-туғандарын да сөзбен қайрап шығып, әрі қарай Болат болыстығындағы ауыл қоғамдастығынан келгендерге ауысады.

ТҰРМАМБЕТ, НҰРМАМБЕТ, ӘБДІЛДА БИ – ас кезінде қызметте болған ауылдағы Дарқан руының белгілі адамдары. Олар жөнінде Майлықожаның айтқаны:

Ыса атаға мереке құра қалдық,

Үлкен-кіші бел буып, тұра қалдық.

Тұрмамбет пен Нұрмамбет, Әбділда би,

Бәйгесі бұл жұрттағы бір ағаңның.

Бұл жердегі Ыса – Дулат елінің Сиқым руынан шыққан датқа. Ол туралы Майлықожаның «Ысаны көрді көзіміз» деген арнауы қалған. Онда Ысаның болыстық сайлауға түскенде руласы Қасымбек датқадан жеңіліп, жығылғанның желкесінен деп оны Қасымбек датқа Әулиеата жаққа жер айдатып жіберіліп, кейін қырғыздың жақсылары оның елге оралуына септік болғаны айтылады. Ыса келгенше Қасымбек өліп кетіп, оның асына бауырым еді деп өзі бас болған.

ЖАНЖАЛ – Болат болыстығына енген екі ауыл қоғамдастығының атауы.

ЕСКІ ЖАНЖАЛ (Иски жанжалъ) – 1891 жылғы деректе бұл ауыл қоғамдастығында: 40 үй жайдақ, 23 үй көк мойын саңырау, 28 үй мамыт балық, 48 үй қарақалпақ балық пен 61 үй тоғай сұлтан (дерек көзінде – тугай султанъ) тұрған.

ЖАҢА ЖАНЖАЛ (Янги жанжалъ) – Аталған деректе бұл ауыл қоғамдастығында: 110 үй араншы күрпік пен 52 үй ағанай күрпік (дерек көзінде – ходжанай) тұрған.

ҚОЖАМҚҰЛ ҰЛЫ ОРАЗ – ас алдындағы сайлауда Ескі жанжал аулының биі болып сайланған кісі, руы – мамыт балық. Майлықожаның оған айтқаны:

Қожамқұлдың баласы Ораз заңдар,

Шанышқылыда мамытсың, ауылың – Жанжал.

Билігіңіз Ораз би құтты болсын,

Дәулетің көп деуші еді, ауылың, малдар.

СЕЙІТМӘМБЕТ БИ – бұл менімше Жаңа Жанжал ауыл ауылының биі болса керек. Өйткені арнау өлеңде араншы Бектұрғанмен қатар айтылады:

Бектұрған есті кісі Араншыда,

Шанышқылы намысыңа қарарсың да.

Малдан, пұлдан аянбас уақыт болды,

Лайықты жеріңде сараңсың да.

 

Би болған Сейітмәмбет сәркәрда-ғы,

Бас бастаса артқысы нөкер-дағы.

Жалғыз ағаң жиынын атқармасаң,

Сейітмәмбет болғаның бекер-дағы.

Мұндағы сәркәрда дегені қолбасшыны білдіреді. Орта Азия хандықтарындағы әскери лауазым.

КЕСКЕН (Кискен) – Болат болыстығындағы, қазіргі Сарыағаш шипажайы орналасқан аумақтағы ауыл қоғамдастығы. Молда Қошық асы осы ауыл қоғамдастығындағы Ыса-Ата зияратжайы маңында өткен. 1891 жылы бұл ауылда: дарқан (ажыратылмаған) – 69 үй, дарқан оршақ – 48 үй, дарқан құлтума – 30 үй, әлсейіт қаңлы – 40 үй, боқа күрпік – 17 үй тұрған.

ОҢҒАР – Кескен ауыл қоғамдастығының биі немесе кемінде старшыны болса керек. Майлықожаның оған айтқаны:

Кескенде оңлы жігіт өзі Оңғар,

Алдында Майлықожа өлең толғар.

Молда атаңның бәйгесін қадірлесең,

Оңғар мырза, ісіңді құдай оңдар.

ШОҚШЕҢГЕЛ (Чук-чунгулъ) – Болат болыстығындағы 11 ауыл қоғамдастығының бірі. Жоғарыдағы дерек бойынша, 1891 жылы онда: Араншы күрпік – 81 үй, Мамыт балық – 73 үй, Құдайқұл (бесуыл) күрпік тұрған.

ДОСЫБАЙ – ауылдың ас алдында сайланған биі.

ДАМБАЙ – Шоқшеңгелдің старшыны.

БЕКТҰРҒАН – ауылдың бұрынғы биі. Жаңа жанжал ауылының биі болса керек. Қалай болғанда да бұл екі ауыл –  араншылардың ауылы. Бұлар туралы Майлықожада:

Шоқшеңгел ауылынан би Досыбай,

Бектұрған би қалыпты биыл босқа-ай.

Старшыны Дамбай деп есітемін,

Алыстан есітуім болды осылай.

КӨЛТУҒАН (Култуганакъ, Көлтоған) – Болат болыстығындағы бұл ауыл қоғамдастығында 1891 жылы: 50 үй омыртқа сары қаңлы, 101 үй миям сары қаңлы тұрған.

ОРАЗ – Көлтуған ауылының биі, руы – миям қаңлы.

ДӘУЛЕТБАЙ – сол ауылдағы омыртқа қаңлының беделді адамы. Оларға Майлықожаның айтқаны:

Екінші Ораз, Көлтуған – миям қаңлы,

Омыртқа адам Дәулетбай, бұл да даңлы.

Билігіңіз Ораз би құтты болсын,

Осы биыл алыпсыз бұл амалды.

Мұндағы амал дегені қызметте көтерілуі, қызметке ие болуы мағынасында айтылған. Амалдор деп өзбек пен тәжіктерде әкімнің, басшының көмекшілерін осылай атаған. Екінші қатардағы, мысалы старшын секілді басшы болуды білдіреді.

КЕҢСАЙ – Болат болыстығындағы бұл ауылда жоғарыдағы дерек бойынша 1891 жылы (руы көрсетілмей) 243 үй тұрғаны жазылған.

ОРМАН – ауыл биі, ол туралы Майлықожа ақынның айтқанына қосарымыз жоқ:

Рамадан Кеңсайдың биі Орман,

Өзім деген кісіге болдың қорған.

Бидің бәрі орнынан түсіп қалды,

Өзің түспей жалтардың, нәсілің зордан.

ЖАҢААРЫҚ – Болат болыстығындағы ауыл қоғамдастықтарының бірі, 1891 жылғы деректе ру бөлінісі айтылмай онда 150 үй болғаны көрсетілген.

БЕКҰЛЫ САРЫМСАҚ БИ – Жаңаарық ауылының биі. Бұл жерде Молда Қошықтың үлкен ұлын айтып отыр. Ол жөнінде арнауда:

Сарымсақ би Бекұлы Жаңарықтан,

Өзін баққан бір жігіт даналықтан.

Бір сенері Нарбегі ол уақта жоқ,

Ылаж таппай болыпты жаңалықтан.

Енді Майлықожа арнауындағы өзіме біртабан жақын, жерлес қазығұрттық бабаларыма тоқтап, алдымен Майлықожа өлеңіндегі айтпақ әңгімеге қатысты жыр жолдарын келтірейін:

Мыңбасылар келеді Құрамадан,

Нағашысы датқаның Рамадан.

Әбдірахман мыңбасы нағашысы,

Мырза жігіт деседі, қылар жәрдем.

 

Әбдірахман әкесі – молда Қоныс,

Шарапхана болысы – оңлы болыс.

Анасының төркіні Дегдарлықтан,

Молда, би – ойдан, қырдан озған тегіс.

 

ҚҰРАМА – Ташкент қаласы маңындағы қазақ және құрама болыстықтарынан құрылған ояздың атауы (Кураминский уезд). Осы атпен 1867-1887 жылдары хатталған. 1887 жылдан атауы өзгеріп Ташкент уезі (Ташкентский уезд) болып өзгертілген.

ШАРАПХАНА БОЛЫСЫ –Құрама болыстығына қарасты қазіргі Қазығұрт ауданының теріскей аумағындағы болыстық.

ӘБДІРАЙЫМ МОЛДА ҚОНЫСҰЛЫ – Әбдірахман молда Қонысұлы. Молда Қошық датқаның нағашысы, Шарапхана болыстығына 1883 жылы басшы, яғни болыс болуға кандидат болған. Сол сайлауда Шарапхананың болыс басқарушылығына бағыс Бекбота Өтебаев сайланады. Бұл кісі қазіргі Сенат депутаты, Ауыл партиясының төрағасы Әли Бектаевтың арғы бабасы.

АҚЖАР – Болат болыстығының шығысындағы, терістігінде Шарапханамен шектесетін, қазіргі Қазығұрт ауданының солтүстігі мен Сарыағаш ауданының шығыс жағындағы аумақты қамтыған Құрама уезіндегі үлкен болыстық. Майлықожа болыстық жайлы арнауда мынадай жыр жолдары бар:

Енді аулыңа құрылды қызық базар,

Елі жаман руының жақсысы озар.

Дарқанның намысын жерге салмас,

Ақжарда бекзат жігіт молда Назар.

МОЛДА НАЗАР – Сол кезеңде Ақжар болыстығында болыс, яғни басқарушы қызметін атқарған, ол кездері егде тартқан омыртқа қаңлы Молда Көбей Тоқболатұлының ұлы. Молда Көбей зерттеушілерге үлкен этнограф ғалым болған Әбубәкір Диваевпен тығыз творчестволық қатынаста болғанымен белгілі. Жалпы, ұзын-саны 30-ға жуық тарихи және этнографиялық материалдар жазып беруімен тарихта қалған. Олардың ішінде «Әзіреті Ысмайыл ата туралы аңыз», «Азиялық Ташкент қаласының тарихы жөнінде» атты тарихи, аңыздық шығармалары бар.

Ал енді Майлықожаның «Әбдірахманға» атты Молда Қошық датқаның немересіне арнаған өлеңіне келсек, бұл шығарма ақынның қайтыс боларынан алдын (1898 ж.) айтылған. Өйткені бұл кезде Әбдірахманның әкесі Нарбек те дүниеден өтіп, оның билікке араласып жатқан кезі болатын. Осы өлеңнен мені қызықтырғаны мына бір шумақ болды:

Ертең ерте қалдырсаң, кешке озады,

Ылди жерде қалдырсаң, түсте озады.

Дүйсебайдың Ақжалы секілденіп,

Түпке тастап кетсең де босқа озады.

ДҮЙСЕБАЙ – бұл сөздер Ақжар болысында Молда Көбейден кейін билікті алып, 1890 жылдан Қазан  төңкерісіне дейін болыс басқарушы болған кәпірзадалық, миям қаңлы Дүйсебай Орынбайұлының «Ақжал» лақаб аты туралы айтылған.

Сөз соңына қосарым – Майлықожа ақынның молда Қошықтың асында жырлаған арнауында күнгей қазақтарының басқа да көптеген жақсы-жайсаңдары ауызға алынып өткен екен. Олардың қатарында Орта жүз Қоңыраттан шыққан байлар-жандар Сапақ, Қанай, Байзақ, Қоныс датқалар, Қанай датқаның Тұрлыбек болыс (Қанайдың бір ұлының аты да Тұрлыбек болған), көтенші-жетімдер Телқожа, байлар-жандар Мұсабек батыр, Ұлы жүздің белгілі адамдары шымыр Байзақ, шымырдың ішіндегі темір Төртбай, шоқай Қожабек датқа, ысты Шоқай, сиқым Ыса, Қасымбек, Батырбек, Шойбек пен оның ұлы Момынбек, әулиеаталық үштаңбалы Құдайберген датқалар (молда Қошықпен Петірборға барған), сиқымның ішіндегі аққойлы Құдайберген, ботпай Сыпатай мен жаныс Ырысқұлбек батырлар, қаңлы Құрабай мен Құралбай, сіргелі Пышан, т.б. бар. Ал енді әзірге басқа жерде кездеспейтін Құлжан батыр, Қылық би, Есқара, тағы бір Әбілдалардың қай рудан екенін анықтау болашақтың ісі болмақ.

дерек көздері:

  1. Сырдария облысы статистикасына арналған материалдар жинағының ІІІ томы, 1894 жыл (орыс тілінде).
  2. Тілеуқұлов С. «Қасиетті Қазығұрт елімде». Ташкент, 2003 жыл.

 

Кәрім АППАЗОВ

Зейнеткер, әуесқой өлкетанушы.

Қазығұрт қаласы, Түркістан облысы

 

Молла Қошық датқаның асында айтқан арнауы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button