Білген Шайыр айтады

Өтебике мен Күдері айтысы

Балтабай ақын. Шығармалары. Жинап, құрастырған: Абдулла Жұмашев

 

Күдері:

Әуелі сөздің басы «Құдай білер»,

Құдайдан мұны білмес өзге Күдер.

Ақын қыз, айтысуға іздеп келдім,

Өлеңнің қарадауыл алдын жібер!

 

Өтебике:

Бар екен менменсіген мінезіңіз,

Байқалды, өлең болды тілегіңіз.

Отырдың омыраулап орын алып,

Жөніңді айтшы өзің, кім едіңіз?

 

Күдері:

Сұрасаң мен де қазақ, емеспін жат,

Әулеттен арғы тегім – асыл болат.

Үш жүздің баласынан ажыраған,

Боламын Орта жүзден, затым – Қоңырат.

 

Өтебике:

Тулаққа түскен жібек жүн болады,

Аруақ қартайған соң жын болады.

Қоспадың әулетіңнің шын тектісін,

Аулыңның ақсақалы кім болады?

 

Күдері:

Ауылым екі жүзден төрт жүз ұлды,

Шарпытып келген жерден сөзден тынды.

Қараға қазық, ханға тоқпақ болған,

Ауылымның ақсақалы Мамаби-ді.

 

Өтебике:

Мамаби – Көзжан бидің ағайыны,

Сөзіңнің табылғандай тағы айыбы.

Атын айт өз бабаңның, Күдері ақын,

Сыр білмес қайдан таптың анайыны?

 

Күдері:

Мамаби, Көзжан бимен – ағаларым,

Еш дұшпан жырта алмаған жағаларын.

Шатырхат, кәлпелікпен бірден алған,

Өзімнің Ораз, Мұрат1 бабаларым.

 

Өтебике:

Затыңның хабар алдым ақпарынан,

Кәлпе боп әулиелік тапқаныңнан.

Шатырхат, кәлпелікпен бірден алса,

Білмейміз сол піріңнің аттарынан.

 

Күдері:

Көпке сын, Өтебике, сөз жарысқан,

Бурадай кекті болмақ көп алысқан.

Төрт шары Пайғамбардың орнын басқан,

Түп пірім – Әбубәкір, Әлі арыстан.

 

Өтебике:

Әбубәкір пірің болса, қожасыз ба,

Қазақтың бәрін шарпып боласыз ба?

Күнәсіз мен бір қыз ем, өлең айтқан,

Жүздесіппіз біз қайдан тобасызға?

 

Күдері:

Жақсының жақыны не, алысы не,

Жаманның жай білмеген тәнісі де.

Бұл сөзің Өтебике ауыр тиді,

Тобасыз дегеніңнің мәнісі не?

 

Өтебике:

Кемеңгер затты болсаң ақылы мол,

Пірлерің салған бастап бір сара жол.

Сол пірдің ата-бабаң жолын бұздың,

Сол үшін тобасыз деп айтпағым сол.

 

Күдері:

Ақын қыз, жетіп отыр көзің неге,

Шамданып шапшып отыр сөзің неге,

Шариғат бұл өлеңді күнә көрсе,

Айтасың біліп тұрып өзің неге?

 

Өтебике:

Өлеңнен айтпайын деп сақтандым көп,

Әулет боп заты шәріп мақтандың көп.

Орта жүз Қоңыратына қожа екенсің,

Отырмын бір риуаят тапқан-ды деп.

 

Күдері:

Ойлатпас жігіттігім денім сауда,

Қаһарман пірім мықты тиген жауға.

Алдыңда он бес ойын, жиырма күлкі,

Отыз жас ойландырмақ, қырықта тәуба.

 

Өтебике:

……………………………………………………..

……………………………………………………..

……………………………………………………..

……………………………………………………..

 

Күдері:

Көрмедім сірә сіздей түлкі қызды,

Ойыншы, тамашалы күлкі қызды.

Шарапат басымыздан артып барып,

Қолдайды ғапыл жүрген жұртымызды.

 

Өтебике:

Қожеке, таң қаламын дастаныңа,

Өнерің сыйлы бапқа асқанына.

Өлеңнен күнә таппай жүрген болсаң,

Тар жолда тартып алшы қастарыңа.

 

Күдері:

Іздедің қулық-сұмдық жасыңыздан.

Саны көп күнә таптың шашыңыздан.

Жүзіңді тоқсан түрлі құлпыртасың,

Қандай ғып орын тиер қасымыздан?

 

Өтебике:

Шынайы мұсылмандық сөзге нанған,

Көрмедім күнәкәр деп отқа жанған.

Қасына пірәдәрін тарта алмаса,

Бола ма қожа асыңа арам тамған.

 

Күдері:

……………………………………………………

……………………………………………………

……………………………………………………

……………………………………………………

 

Өтебике:

Ұрындың, қожа бала, жүрмей жайға,

Ал, қойдық кесір сөзді, бермей пайда.

Қожеке, өз басыңнан сөз айтайық,

Сүннеті Пайғамбардың салты қайда?

 

Күдері:

Кигенім сәлде2 орнына құндыз бөркім,

Мен жүрмін жігіттіктің істеп көркін.

Пайғамбар салты сүннет деген рас,

Бір сүннет тәрік болды, өзімде еркім.

 

Өтебике:

Қожеке, пайда қанша қыздан қандай,

Көңілің қыздан қалса, қызғанғандай.

Қожасың, кітап көрген алымы бар,

Сүннетін Пайғамбардың бұзған қандай?

 

Күдері:

Пайғамбар нақыл еткен үмбетімен,

Тапсырған парыз, уәжіп, сүннетімен.

Қай үммет өмірімді тәрік қылса,

Жоқ деген оған сірә үрметімнен.3

 

Өтебике:

Келтіріп аят дәлел, айтқан күшпен,

Ойлансаң бір айыбың ойға түскен.

Қожеке, таң4 тұрсаңыз тізе бүктің,

Қайырып бір мүдірттім шалып істен.

 

Күдері:

Малшылар малын жаяр балдырғанға,

Көңілімді қарамаймын қалдырғанға.

«Қожеке, тізе бүктің» – деп айтасың,

Түлкідей бір құйрықты шалдырғанға.

 

Өтебике:

Қожеке, алдық білсең сыйлығыңды,

Шариғат істемедің бұйрығыңды.

Қақпанға қарсы шауып өзің түстің,

Отырсың шалдырдым деп құйрығыңды.

 

Күдері:

Оның рас, қыз қарсы шапқан қақпандай-ды,

Қуанар бұған жүрек, жасқанбайды.

Бас тұтып аянбастан арпалыстың,

Көңілің мұнша неғып аспандайды?

 

Өтебике:

Алысып талай ақын сөзден ыққан,

Ықтырып иықтасып атым шыққан.

Кіммін деп қожасынып тұрғаным жоқ,

Әлі де палуан қызды зорға жыққан.

 

Күдері:

Палуан қыз, Әлі деген сөзің орын,

Сүйкімді көзіңе ерсі келген порым.

Бәйге алмас байтал шауып деген сөзден,

Сен де қусаң, қуанамын соның жолын.

 

Өтебике:

Жіберген Арғын молдаң бізге хатты,

Сыртымнан хат жіберіп келе алмапты.

Мәделі, Майкөт ақын, Бұдабаймен,

Өткіздім Майлықожаң, Құлыншақты.

 

Күдері:

Ойың мол, Өтебике, мақтанғандай,

Ойым жоқ менде сенен шаптанғандай.

Бәлені сен сұрасаң мен ізденген,

Көрмеңіз ауырына өңшең сап қойғандай.

 

Өтебике:

Бір мығым, қожа бала, болдың жігіт,

Ауызбен өзіңді өзің қылдың биік.

Қара ма, ханзада ма, қожа болсын,

Мақтасын сені біреу дені үйіп.

 

Күдері:

Затымыз Орта жүзде қожа халқы,

Ізетім ат-тон, киім – қазақ салты.

Пайғамбар әулеті деп құрмет тұтып,

Сыйлайды жөн білерлік бәрі жалпы.

 

Өтебике:

Отырмын, қожа бала, қайран қалып,

Қоңыратқа қосыласың қайдан барып?

Диқанның азығынан ықрам алып,

Қошқар алып, ат мінесің байдан барып.

 

Күдері:

Берейін қайран қалған сөзіңді ашып,

Қожаға қазақ халқын қылған нәсіп.

Жолы сол атамыздың салып келген,

Нәсіптен құтыламыз қайда қашып?

 

Өтебике:

Руың – Қоңыратты, Орта жүзден,

Болғанда сұрау сізден, қолқа бізден.

Үш жүзге қожа бірдей қосылмайды,

Қашатын жерің қайсы сонша бізден?

 

Күдері:

……………………………………………………..

……………………………………………………..

 

Өтебике:

Бұл сөзің қошемет пе атын алған,

Сөзің жоқ бір ойыма мақұл салған.

Қоңыратқа мен тартсамда, тығыласың,

Құлындай құлақ кесіп сатып алған.

 

Күдері:

Қоңыраттан бір отырған қашамын ба?

Қожаны құл дегенің қасамың ба?

Пайғамбар әулетіне тіл тигізіп

Көзіңнен зайыр істі таса қылма.

Өтебике:

Кей сөзің қожа десем ауым-сауым,

Бұл істің таппай тұрмын дені сауын.

Көп қожа Пайғамбарға бара алмайды,

Тарихта құлдан өскен мауым-шауым.

 

Күдері:

Сандалған Өтебике, сөзің құрсын,

Аулақпыз, мауым-шауым жайға тұрсын.

Дәлелді Пайғамбарға шежірем бар,

Оқыған қанағаттар жалпы жұртың.

 

Өтебике:

Әулеті Пайғамбардың – Құрайыштар,

Меккеде содан шығар ырайыстар.

Бәрің де алдамшысың елді жеген,

Шығады мыңнан біреу құдай ұстар.

 

Күдері:

…………………………………………………….

…………………………………………………….

 

Өтебике:

Жүруші ем тәрбиелеп қожа халқын,

Өзіңнен тауып тұрмын сөздің халін.

Ақиқат қожа болсаң сенгенім,

Сұрамай қайдан білмек қазақ сыртын?

 

Күдері:

Жөн сөзді өте мақұл сұраспаған,

Сөзіңді күмән қылған ырастадым.

Сөз толқып тоқсан түрлі аярлықпен,

Жіберіп әр мақамға құлаштадың.

 

Өтебике:

Сұрайтын, қожа сенен сұрауым бар,

Бермесең бұған толық жауабым бар.

Көрейін олай-бұлай сөзге салып,

Қай түрлі қожам пақыр, тауаның бар.

 

Күдері:

……………………………………………………

……………………………………………………

 

Өтебике:

Қожаның бірі болдың қатардағы,

Көрерсің істі бара маһшардағы.

Қоңсылас Қоңыратыңда бір өсек бар,

Қалайша Мая-Қоңырат аталмағы?

 

Күдері:

Бұл бір сөз ілгерірек өтіп кеткен,

Ешкім жоқ ақиқаттап көзі жеткен.

Жадысы нар маяның кейін кетіп,

Есітіп, сіздің Дулат сықақ еткен.

 

Өтебике:

Қоңырат нәсібі дер – мая қуған,

Ілінген ашамайға аяғынан.

Аяғы жоғарыда, басы төмен,

Қалды екен жаны шықпай қаяғынан?

 

Күдері:

Бұл сөзің Өтебике, жапқан жала,

Ақ іске әр уақта құдай пана.

Қолыңмен, көзбен көріп ұстағандай,

Қосарлық бар ма өсегің бұған жана?

 

Өтебике:

Қоңыраттар жазы-қысы кіре салып,

Бидасын, мая мінер, түре салып.

«Халық айтса қалып айтпас» деген сөз бар,

Аяғын, басын байлап іле салып.

Күдері:

Жүрме едің кірекешке араласып,

Қыздырып қызық ойын жағаласып.

Адамнан мая түгіл өсек емес,

Өзіңдей қыз да қалмақ қара басып.

 

Өтебике:

Дулаттың Қоңырат орған егіндерін,

Айтамын көзге түртіп көрінгенін.

Қоныстас қоңыратыңа бұрып отыр,

Көріне қожа жалмап кебіндерін.

 

Күдері:

Көшпелі Қоңырат халқы, Дулат – диқан,

Көрінді өсегі мол сөзің сипаң.

Құдайлық тура сөзге мойын бұрмай,

Бүлінді жақты ойып сіздің шиқан.

 

Өтебике:

Өлермен бәрі келед Қоңыратың-ай,

Қалатын бұл болмаса жол жатып-ай.

Қоймайды қыс – көмірін, жаз – науқанын,

Бір құдай қойған халықты сорлатып-ай.5

 

Күдері:

……………………………………………………..

……………………………………………………..

 

Өтебике:

Қоңыраттың сандалмасы қойылар ма,

Керегі түйе жиған, қойы бар ма.

Алыстан тасып алған қу азыққа,

Үйіңде қатын-балаң тойынар ма?

 

Күдері:

Еңбегін ел болған соң әркім көрмек,

Масайрап мал тауып жүр маңдай терлеп.

Қоңыратты асыраған адамдайсың,

Әркімнің несібесін құдай бермек.

 

Өтебике:

Әйелі аштан өлмек баласыман,

Бұған адам кейіді, жаны ашыған.

Бір суы болмаған шөл жазира,

Батпан азық табылмас даласынан.

 

Күдері:

Сөзімнің айтар едім кезегімен,

Әр түрлі тіршіліктің кезеңімен.

Қоңыраттың бәрі бірдей кіре салмас,

Шалқыған аққан арық, өзенімен.

 

Өтебике:

Қай өзен? Шылжыраған бір қасық су,

Кең арна ағар суда бірге нумен.

Қара отты сор жапырақ егін бермес,

Сасыған құдығынан мал су ішпес.

 

Күдері:

Құмарсың жалпы жұртты жамандауға,

Шаруасын әркім түзеп амалдауда.

Сұрайын мен де бір сөз, Өтебике,

Өсекпен сөз аяғын тамамдауда.

 

Өтебике:

Ал, сұра, Күдері ақын, білгеніңнен,

Мейлің жақын, мейлің айт ілгеріден.

Сен құсап күбілжімей ашық айтам,

Беремін толық жауап тілдеріммен.

 

Күдері:

Мастандың азығың көп тоқтығыңнан,

Қапамын ақылыңның жоқтығынан.

Азықсыз аштан өлмей жүргеніммен,

Менің де қолым тимек сұқтығынан.

 

Өтебике:

Астықсыз аштан өлмек қиын емес,

Бұрыннан еткен кәсіп, биыл емес.

Қап азық қолда қамба бұл тұрмаса,

Мал-мүлік, алтын, зерің бұйым емес.

 

Күдері:

Сен жақсы біліп қапсың азық жайын,

Жаман-жақсы сөзіңді не қылайын.

Көп кедей жүрген жоқ па астық таппай,

Не күлерін білместен, не жыларын?

 

Өтебике:

Бұл сөзден, қожа бала, ғапыл қалдым,

Бір оқпен абайсызда атып алдың.

Өлгені Сайлыбайдың ойымда жоқ,

Айтатын сөз кезегін білмей қалдым.

 

Күдері:

Ақын қыз ондай болсаң дүр екенсің,

Айтулы құр омырау бірі екенсің.

Басыңа келер сөзді байқамасаң,

Қыдырып тойдан тойға жүргенбісің?

 

Өтебике:

Сен – тұлпар, мен тұлпармен жарысқаның,

Өкпем өсіп өзіңе қағысқаным.

Қапияда қаңтарып қағып өттің,

Ақылға бәрекелді данышпаным.

 

Күдері:

Шынында өлең еді іздегенің,

Өзіңді осы шығар күштегенің.

Тарығып тарту жеген жүйрік аттай,

Тіліңді қалай десем тістегенің.

 

Өтебике:

Қожеке, жеңілгенім бізден мәзір,

Ал қайыр, тән алғаным, ат-тон әзір.

Әрқилы тәкаппарлық өтті бізден,

Мінеки, разы бол, тарттық жазыр.

 

Күдері:

Мен енді ат-тоныңды мінген жерім,

Тамаша ойын-сауық жүрген жерім.

Көп айтқан өлеңімнің бірі шығар,

Ару қыз, бұл қолқама сыр бермегін.

 

1 Ораз, Мұрат – бұл жерде ауызша жатталып біреуден біреуге жеткізген кісілер тарапынан қате кеткені анық. Себебі Күдерінің әкесіның аты Көшек, атасы – Қылыш. Бұл айтыс орын алған заманда қожадан шыққан тағы бір Күдерінің болуы, осында есімдері аталған Мәделіқожа, Майкөт, Бұдабай, Майлықожа, Құлыншақтармен теңейтін ақынның күнгейде жасауы екіталай (осы айтыста, 57-бетте). Ал енді Өтебикенің кім болғанын анықтау болашақтың ісі.

2 Кигенім сәлде – мәтінде «Келгенім, салды орнына құндыз бөркім» деп қате тәржималанған.

3 үрметімнен – құрметімнен.

4 таң – мәтінде «Қожеке, тән тұрсаңыз тізе бүктің» деп қате тәржималанған.

5 …қойған халықты сорлатып-ай – бұл сөздер Майлықожа ақынның ел ішіне кеңінен тарап кеткен:

Қоңыратым-ай,

Сен болмасаң қалады-ай

Жол жатып-ай,

Жаз – науқан, қыс – көмірді сен қоймайсың,

Құдайдың тап-тақыр ғып қуратуы-ай! – деген шумағымен үндес келеді. Соған қарағанда Майлықожаның бұл сықақ сөзімен жақсы таныс болып, өзінің жауабына келістіріп қосқан немесе ауыз ба ауыз жаттап, кейін таратқан жеткізушілер өз тарапынан айтысқа енгізуі де мүмкін.

 

СІЛТЕМЕСІ:

Өтебике мен Күдері айтысы – Балтабай ақын. Шығармалары. Жинап, құрастырған: Абдулла Жұмашев. Шымкент: ЖШС «Кітап», 2010 – 304 б (215-229 беттер). Кітапта айтыс қолжазбадағы атауымен «Қыз бен жігіт айтысы» деп беріліп, жақша ішінде «Өтебике мен Күдері айтысы» деп жазылған.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button