Білген Шайыр айтады

Қисса Қасым Жомарт

Жүсіпбек Шайхисламұлы (басы)

Әлхамдулилла, Рабби-л-аламин деп,

Құдаға хамд, пайғамбарға дүрдім көп.

Құдаға хамд, пайғамбарға дүрден соң,

Пайғамбар, шариарды мақтайын бек.

 

Пайғамбар медет қылар жалбарынсам,

Халім нешік, сиынбай ғапыл қалсам.

Жәрдем, насрат біздерге, илһам берер,

Сонан кейін қолыма қалам алсам.

 

Құдайға сиынамын әуел бастап,

Білгенімнен қалдырмай бірін тастап.

Жәрдем, насрат қылыңдар мен асыға,

Пайғамбар шариарымен жамиғ асхаб.

 

Жәрдем қыл, шариар мен жамиғ асхаб,

Қожа Ахмет мың машайық жүрген бастап.

Әбілқасымнан өлеңге аудармаққа

Қағаз алдым, қолыма қалам ұстап.

 

Пендеге Құдай берген көрінбейді,

һәр сөзім алтын сарай төріндей-ді.

Осындай жақсы сөздер кезігіп тұрса,

Жүсіпбек жазуына ерінбейді.

 

Ал енді мен сөйлейін сөздің басын,

Жаһанда жомарт болған – Әбілқасым.

Мұндай қызық әңгіме дүниеде жоқ,

Осы отырған жамағат-жұрт тыңдасын.

 

Сөйлейін сол Қасымның әңгімесін,

Көп халайық сөзіме құлақ салсын.

Бұл қиссаға құлағың құрышы қанар,

Өзге сөзді естіп не қыласың.

 

Бағдатта һарон Рашид патша өткен,

Сегіз шаһар үстінен үкім еткен.

Өзі жомарт, қаһарлы, ұлық патша,

Уақытында патша жоқ оған жеткен.

 

һарон Рашид падиша  салтанатты,

Қаһарлы, өзі жомарт, әділетті.

Бір уәзірі бар еді бек данышпан,

Кейде Жағыпар, кей уақта Фазыл атты.

 

Бір күн патша  тасфуні келіп тұрды,

“Жағыпар уәзір тез мұнда келсін”, – деді.

Патша шақырған соң жетіп келіп,

Тағзым бірлә алдында қарап тұрды.

 

Патша айтты: – Уәзір, бір сөзім бар,

Бұл дүние өзі үлкен, опасы тар.

Жомарттығым, әділдігім бәрі бірдей,

Менен өтер бұл күнде енді кім бар?!

 

Уәзір айтты: – Ей, тақсыр, тыңда сөзім,

Көп жұртты араладым менің өзім.

Басырада бір жігіт бар сізден артық,

Таң қаларсыз көрсеңіз оның жүзін.

 

Басырада бір жігіт бар Қасым атты,

Бау-шарбақ, мүкәммалы салтанатты.

Алтын, күміс, асыл тас, биқисап көп,

Қой орнына сояды арғымақты.

 

Үйі күміс, сыртына алтын жапқан,

Гауһардан һәр жеріне шеге қаққан.

Мейманына береді шекер мен бал,

Анасы ондай бала нағып тапқан?

 

Қасымға ғаріптері келеді екен,

Бәріне тамақ, киім береді екен.

Мейлі падиша, мейлі бай, мейлі пақыр,

Бәріне бірдей қызмет қылады екен.

 

Күнде мың қой сояды қарны ашқа,

Береді тонын шешіп жалаңашқа.

Жаяуға ат береді кімсің демей,

Тірі адам ондай болмас қарындасқа.

 

Береді келген жанның сұрағанын,

Көреді ғаріптердің жылағанын.

Дүниеде аямайды мал мен жанын,

Жомарттығын айтайын сіздерге оның.

 

һеш қабағын шытпайды жиылғанға,

Тегіс қызмет қылады тірі жанға.

Керегін бәрін тауып береді екен,

Дүниеде кәпір, орыс, мұсылманға.

 

Елу есік бар екен бір дүкенде,

Қайыршы келеді екен күнде-күнде.

Бір кісі елу есіктен қайыр алып,

Есігінен құр кетпес һешбірі де.

 

Ғаріптер жатады екен күндіз-түнде,

Елу қайыр алады һәрбір күнде.

Тамағы тоқ, киімі бүтін болып,

Ғаріптер жатады бәрі сонда.

 

Ондай жанды көрмедім тірі жанда,

Жүзін көрген адамдар болар пенде.

Байлығы, жомарттығы асқан екен,

Ондай жан бола бермес бұл жаһанда.

 

Сіз оған теңелмейсіз, тақсыр ханым,

Сіз сұраған соң айтпасқа бар ма халім.

Қандай қылып мақтасам һеш қата жоқ,

Мұнан артық мақтауға жетпейді әлім.

 

Халифа сонда тұрып ашуланды,

Ақырып қаһарменен айғай салды.

“Менен артық жаһанда неткен жан?!” – деп,

Уәзірді өлтірмекке қылыш алды.

 

Фазылды өлтірем деп қылыш алды,

Зүбайда арыз қылып тілеп алды.

“Дарға мұны бір күні асармыз”, – деп,

Он бір құлаш зынданға байлап салды.

 

“Зынданнан шығарма” деп үкім айтты,

Халифа ашуланып үйге қайтты.

Халифаның алдынан ханым шығып,

Сұрады: – Түсің қашып сізге нетті?

 

Әй, патша, түсің суық қалайынан?

Ішің толған сияқты уайымнан.

Бейне безгек кісідей қалшылдайсың,

Неліктен ашуландың, айтшы маған?

 

– Ей, ханым, мен айтайын саған бір сөз,

Құлақ салып  сөзімді  есітіңіз.

Тіпті дәмсіз мақтады бір адамды,

Хан болсақ та қарадай болмадық біз.

 

Қорлығына шыдамай ашуландым,

Ашуланып зынданға оны салдым.

Жомарттығын асырды тірі жаннан,

Сол сөзіне уәзірдің қайран қалдым.

 

Сол уәзірді кескілеп тілдірейін,

Терісіне  саман тығып ілдірейін.

Өзімнен кейінгіге болсын сәнәт,

Өзімнің патшалығым білдірейін.

 

Зүбайда сонда келіп қылды арыз,

– Менің айтқан арызымды құп тыңдаңыз.

Құдайым қандай жандар жаратқан жоқ,

Асылыққа жаратқан күнәһармыз.

 

Уәзірді ашуменен өлтірсеңіз,

Патшалықты жеріне келтірсеңіз,

Ол Қасым жомарттығы рас болса,

Тәңірі алдында, әй, тақсыр, не дерсіңіз?

 

Ол Қасым өзі жомарт, өзі бай-ды,

Жақсы қылып жаратқан бір Құдай-ды.

Қасымды әуел барып көрмейінше,

Өлтіргенің уәзірді жарамайды.

 

Ей, тақсыр, бір жолдаспен Басыраға жүр,

Анық өзің бар дағы көзіңмен көр.

Бейкүнә уәзіріңді өлтірмеңіз,

һәрқашан өлтірсеңіз қолыңда тұр.

 

Алдыңда қызмет қылды көп жыл әділ,

Жақсылық, жамандығын бір көріп біл.

Сізге жалған сөйлесе өлтіріңіз,

Сүйексіз не сөйлемес бұл қызыл тіл.

 

Зынданда жата тұрсын ертелі-кеш,

Мұндай уәзір сіздерге табылмас һеш.

Айтқаныңдай ол Қасым бола қалса,

Зынданнан шығар дағы күнәсін кеш.

 

Бұл мәслихат ұнай ма, тақсыр, саған,

Айтты деп, тақсыр, қаһар қылма маған.

Айтқан сөзі Фазылдың рас болса,

Қайтіп жаза қыласың, тақсыр, оған?

 

Бұл жауапты падиша көреді еп,

– Қасымның мәні-жайын білейін, – деп.

Анық көзім жете алмас расына,

Бір адамды жіберсем біліп кел, – деп.

 

Бір адамды жіберсем білмек үшін,

Ол адамның білмеспін аслан ішін.

Уәзірмен иә қас шығар, иә дос шығар,

Бекерге қастық етер барған кісім.

 

Зүбайда, көндім айтқан сөзіңізге,

Ғұмыр берсін Құдайым өзіңізге.

Өзім барып көрейін Қасым жүзін,

Мұнан басқа ақыл жоқ енді бізге.

 

Саудагер порымынша киді киім,

Патшаның һешкім білмес ақыл-ойын.

Білдірмей һеш адамға жүріп кетті,

Бір жолдассыз жүрмегі тіпті қиын.

 

Бір жолдас қасына алып жүріп кетті,

Бес күнде Басыраға барып жетті.

– Алыс жолдан  бір келген саудагерміз,

Сарайшыға түсемін, – деп хабар етті.

 

Сарайшыға айтады: – Ей, сарайбан,

Бір сарайды босатып берші маған.

Алатын жұрт қатарлы ақыңды ал,

Мейман болып бұл күні келдік саған.

 

Атын ұстап түсірді сарайына,

Бір ділда алушы еді бір айына.

“Менің патша  екенімді білдірме”, – деп

Халифа жалынады Құдайына.

 

Танымады сарайдың күзетшісі,

Сарайда танымады һешбір кісі.

Ол сарайға сан кісі түсіп жатыр,

Кімнің бар кімнің білән кімнің ісі?!

 

Сарайшы пәтеріне алып кірді,

Ілесіп күзетшіге патша  жүрді.

Бір құжыраға кіргізіп халифаны,

Күзетші шықты дағы жүре берді.

 

Ол сарайдың иесі данышпан-ды,

Өзі зерек жан екен, өзі малды.

Сарайына көргелі келген екен,

Көрді де екі атты қайран қалды.

 

Екі ат тұр жарап қалған арыған ат,

Күзетшіні шақырды “кел мұндалап”.

– Кім келді бұл сарайға алыс жерден,

Екеуі қатып қалған не қылған ат?

 

– Екі кісі мейман келіп жаңа түсті,

Жауырыны қақпақтай, өзі күшті.

Салтанаты патшадай, түсі суық,

Көрген соң сол кісіні зәрем ұшты.

 

– Сұралық қайдан келген мейман екен,

Қай жерлерді қылыпты бұлар мекен?

Көрісіп жөн-жайларын біз сұрайық,

Әлде бізге бұл мейман таныс па екен?

 

Сарайбан келе жатыр бір-бір басып,

Мейманға сәлем берді есік ашып.

Сарайбан халифаны таниды екен,

Көргеннен соң ол қалды қатты сасып.

 

– Келдім де көремін деп есік аштым,

Көрген соң, тақсыр, сізді қатты састым.

Нағып түстің, ей, тақсыр, мұндай күйге,

Сізбенен сасқанымнан амандастым.

 

Тағзым қылмай дұрыс емес амандасу,

Әдепсіздік қылды деп қылма ашу.

Пида болсын жолыңда мал мен басым,

Келгеніңе қылайын үлкен шашу.

 

– Бір себеппен мен келдім осы жаққа,

Біздің сырды білдірме халайыққа.

Бұл шаһарда бар дейді Қасым жомарт,

Ісі жаққан деседі оның Хаққа.

 

Ол Қасымды көрмекке көңіліміз бар,

Бір көруге Қасымды болдық құмар.

Жомарт дейді, байлығы жаннан асқан,

Көрмек едім қай түрлі өнері бар.

 

– Ей, тақсыр, үйімізге мен барайын,

Кілем, көрпе, жастықтар мен алайын.

Астына кілем жайып, көрпе төсеп,

Мамық жастық басыңа мен салайын.

 

Халифа билеуші еді тамам елді,

Барды да кілем, көрпе алып келді.

Бал мен  шекер, палау, ет, шай келтіріп,

Халифаның алдында аттай желді.

 

Сарайшы айтты: – Қасымдай һеш жігіт жоқ,

Жүзін көрген адамдар болады тоқ.

Ондай жомарт дүниеге келе бермес,

Ондай жанды жаһанда көргенім жоқ.

 

Неше дүкен толтырған асыл тасқа,

Алтын көп, жылқы, түйе,қойдан басқа.

һәркімге ат пен түйе, шапан берген,

Ондай жомарт кім болар қарны ашқа.

 

Мұны естіп патшаның қашты қаны,

Сипатын тамаша етпек көріп оны.

Күні-түні жомарттық қылған болса,

Әзелде жомарт екен шыбын жаны.

 

Халифа атқа мініп жүріп кетті,

Кешке таман Қасымға барып жетті.

– Алыс жолдан келген бір мейман едім,

Қасымның  мен үйіне қонам,– депті.

 

Қасым шығып патшаға сәлем берді,

Атын байлап  үйіне алып кірді.

Екі-үш қабат бөлмеден өтіп келіп,

Бір кереует үстіне “отыр” деді.

 

Ол тақытқа отырғалы патша келді,

һеш нәрсеге ол тақыт ұқсамайды.

Қараса, иә от емес, иә су емес,

Сынаптайын толықсып жалтылдайды.

 

Халифа ол тақытқа таң қалады,

Анық тіктеп қараса көз талады.

Отырғанда күй шықты тоғыз түрлі,

Сасқанынан Қасымға жалт қарады.

 

Тоқтап тұрды тақыты толқып барып,

Тоғыз түрлі тамаша ән-күй салып.

Дүниеде һеш нәрсеге ұқсата алмай,

Патша отыр бұған өте қайран қалып.

 

Падиша ойлап отыр талай ойды,

Алдына неше алуан тағам қойды.

Дастарханға қырық түрлі тағам салып,

Бір кісіге алып келіп бие сойды.

 

Ет піскенше жүз түрлі тағам келді,

Қасым патша  жүзіне қарай берді.

Дастарханға отырып мәслихат қып:

– Мейманым, жөніңді айт, кімсіз? – деді.

 

– Шаһарымыз Бағдатта, саудагермін

Мал алып сатып жүрген һәр шаһардан.

Кешегі күн Басыраға келіп едім,

Аз мәслихат үміт қып сіздей ерден.

 

Ақық, жақұт, зүбәржат табақ пен аяқтары,

Мұзайан, мұрассиғ гүл түсті шараптары.

Пағпур шыны қолында сауыттар бар,

Патшаға соны берді жариалары.

 

Қасым тысқа сол уақыт шығып кетті,

Бір ағаш, бір тоты құс алып кепті.

Жапырақтары зүмраддан лағыл ағаш,

Басына тоты құсты қондырыпты.

 

Қасымның бір қолында алтын шыбық,

Ол шыбықпен тотыны қойды ұрып.

Тоты сонда қанатын көтеріп еді,

Дүниені қаптап кетті жақсы иіс шығып.

 

Қасына тағы қойды бір топ ағаш,

Өзі алтын, жапырағы ақ гауһар тас.

Екі бұлбұл басында қонып отыр,

Сайрайды неше алуан ол сандуғаш.

 

Бұлбұлдар сайрап отыр қанат қағып,

Халифа қайран болды оған бағып.

Көрген жанда бір қайғы қалар емес,

Ұсталар істеді екен мұны нағып.

 

Бұлбұл сайрап, тоты құс ойнап тұрды,

Жауһар алтын ағаш жайнап тұрды.

Халифа тамаша әйлап көз айырмай,

Бұлардың һәрқайсысына қарап тұрды.

 

Екі сағат сайратты бұлбұлдарды,

Халифа тамаша етті көріп оны.

Екі сағаттан соң бұларды алып кетті,

Халифа қапа болып күйді жаны.

 

Бұларды ап кеткен соң қапа болды,

Қапалықтан ішіне қайғы толды.

“Жомарт болса бұларды қояр еді”,– деп,

Ашуланып патшаның жүзі солды.

 

Падиша қапа болды осыған бек,

Тағы біраз ойнатып қоймайды деп.

“Мен қарағаш тез үйден ап кеткені,

Қорықты ғой осы мені сұрайды”, – деп.

 

Онан соң бір ұғыл келді домбыра алып,

Қасында бір қыз келді әнін салып.

Ұғыл домбыра шертеді қыран салып,

Падиша қарап тұрды қайран қалып.

 

Бұлбұл, тоты есінен шығып кетті,

Қызық бар мұнан артық десе нетті.

Ұғыл мен қыздың өнерін көргеннен соң,

Патшаның ішінен дерті кетті.

 

Патшаға домбыра шерткен  ұғыл бала,

Ән салған он төрт жаста бір қыз бала.

Екі сұлу баланы көргеннен соң,

Падишаның ақылы кетті және.

 

Құралайдың көздеріндей көздері оның,

Бал шекерден тәтті екен сөздері оның.

Мұндай сұлу балалар көрген емес,

Сабыры қалар емес көрген жанның.

 

Мойны ұзын алманың сабағынан,

Ішкен асы көрінер тамағынан.

Саусақтары күмістен, тырнағы алтын,

Гүл төгіліп тұрады қабағынан.

 

Тал шыбықтай бойы бар, белі нәзік,

Таба алсам жақсы қылып мақтайын бек.

Бозбалаша балалардың көркін жазса,

Мыңнан бірін қағазға болмас жазып.

 

Ұғыл-қыздың бетінен күн көрінген,

Үстіне інжу-жауһар киім киген.

Жақұт тастан қолында бір кесе бар,

Толған шарап патшаға соны берген.

 

Шарапты ішіп, кесені қайтып берді,

Ұғыл бала тағзым қылып алып тұрды.

Әбден таусып кесені қайтып берсе,

Ішпегендей тағы да толып тұрды.

 

Патшаға қайтып берді тағы да өзін,

Ол кесенің айтайын қызық сөзін.

Ішіп болса,  толып тұр әуелгідей,

Падиша қайран қалып салды көзін.

 

Қызмет қылған ұғыл-қыз екі бала,

Қасымды жомарт қылған Хақ Тағала.

Патшаның қалған суын алып кетті,

Көңіліне халифаның түсті сана.

 

Халифа қапа болып ойлады ойды,

“Бұларын неге мұнан алып қойды?”

Жағыпарға ашуланды мұнда отырып,

“Үйге барғаш қылам деп саған тойды.

 

Сонша өтірік мақтады мұның несін,

Бір көрсетіп кетеді әрнемесін.

Осынша бір жаһілге әуре қылған,

Фазылдың қылармын бір әңгімесін”.

 

Сол уақта жетіп келді және бір қыз,

Оған қыздан пар келмес бірері жүз.

Қыз қолында жұдырықтай бір құты бар,

Құтының тамашасын айталық біз.

 

Қыз тұрды ол құтыны тық-тық қағып,

Тары саулап ішінен тұрды ағып.

Әлгі ашуы есінен шығып кетті,

Халифа қайран болды оған бағып.

 

Ол сұлу  қыз құтыны қағып тұрды,

Тары саулап ішінен ағып тұрды.

Жұдырықтай құтыдан аққан тары

Он бес амбар сарайды лық толтырды.

 

Қасым тұр қол қусырып қарсы алдында,

Бір ләуте сұрады  қыз тағы да.

Піл тісінен амал тәркиб қылған,

Бір ләуте ап келді Қасым анда.

 

Сонда қыз  ләуте[ні] қолына алды,

Түрлі шиуә музыкия күйге салды.

Маһир сынды ажырай нағматыны

Қыз баслағаш халифа таңға қалды.

 

һарон Рашид отырды қайран қалып,

Жарианың маһаратына көзін салып.

– Бәрәк Алла, Қасымжан! – деді патша,

Қасым сонда шығарды ертіп алып.

 

Қасым ертіп жарианы шығып кетті,

– Мейманым, жататұғын уақыт жетті.

Алтын тақыт үстіне төсек салып,

– Мейманжан, төсегіңе жатқын, – депті.

 

Алтын тақыт үстіне төсек салды,

Халифа төсегіне жатып қалды.

Мейманын төсегіне жатқызған соң,

“Хош, мейман!” деп Қасым да кетіп қалды.

 

Ертең тұрып оқыды таң намазды,

Көрмейсің Қасым сынды ер сабазды.

Түнде көрген нәрселер ойдан кетпей,

Халифа қайғыланып өле жазды.

 

Таң атқан соң патшаға келді Қасым,

– Аман-есен тұрдың ба, замандасым.

Қалағаның бар болса алып кеткін,

Аямаймын жолыңда мал мен басым.

 

– Бір күн, бір түн, Қасымжан, болдық қонақ,

Бәрімізден өтеді дүние шолақ.

Қызық қызмет ісіңе разы болдым,

һеш нәрсеңді алмаймын тіпті қалап.

 

Сарайда, Қасымжан, жолдасым бар,

Бір көруге жүзіңді болдым іңкәр.

Қызық қызмет біз сізден көрдік, жаным,

Неңді қалап аламын сенің бекер.

 

Рұқсат берсең, жолдасқа баралық біз,

Бізді сөкпей, Қасымжан, қалыңыз сіз.

Сіздерге Алла Тағала разы болсын,

Қызметіңе біз сіздің разымыз.

 

Халифа жүремін деп тысқа шықты,

Қасымжан әдеппенен тағзым етті.

Алтынды ер жабдықты ат мінгізді,

Падиша ондай атты көрген жоқ-ты.

 

– Ей, мейманым, сізге берген бар мәзірім,

һәрқашан біздікіне келіп жүргін.

Жақсы қызмет біз сізге қыла алмадық,

һеш келгенің жоқ еді мұнан бұрын.

 

Мұнан соң әлгі атқа мініп кетті,

Патша ойлап келеді талай кепті.

“Бұл Қасым жомарт емес, мақтаншақ қой,

Мақтанып һәр нәрсесін бір көрсетті.

 

Талай нәрсе көрсетті Қасым маған,

Мұның несін мақтады уәзір надан.

Жомарт болса, біреуін берер еді,

Көрсетіп алып кетті бәрін тамам”.

 

Ойлай-ойлай падиша жүріп кетті,

Жолдасы қалған сарайға барып жетті.

Сарайды төңіректеп көп жандар тұр,

Бұларды  көріп патша  тамаша етті.

 

Он түйе тұр үстеріне жүктер артқан,

Жібектен һәрқайсысына арқан тартқан.

Он түйеге артқаны – ділда жамбы,

Жібек масаты үстіне кілем жапқан.

 

Он қыз тұр, бәрі сұлу, хұсни жамал,

Мінгені топшақ ат, бәрі камал.

Қолдарында бәрінің алтын шатыр,

Көрген жанның бұларға көзі талар.

 

Падиша  мұнан өтіп үйге кірді,

Үй алдында бірталай істер көрді.

Қасымның үйіндегі өзі көрген

Тамашалы істердің бәрін көрді.

 

Бұлбұл қонып бағында ол сайрап тұр,

Тоты құс өз бағында о да ойнап тұр.

Қасымның үйінде көрген істің,

Бәрі сонда түп-түгел бек жайнап тұр.

 

Домбырашы ұғыл, әнші қыз ойнасып тұр,

Құты мен ләуте алған қыз о да тұр.

Баяғы алтын терек, бұлбұл құстар,

Алдында халифаның сайрасып тұр.

 

Әнші қыз келді дағы бір хат берді,

Халифа алды дағы ашып көрді.

һәмма көрген істерін инғам қылған,

Халифа қайран болып оқып тұрды.

 

Жазыпты ол хатында: “Қарарым сол,

Мейманым, өкпелемей разы бол.

Бұған разы болмасаң тағы бір кел,

Сізді разы қылайын ендігі жол.

 

Мейманым, сізді бүгін танымадым,

Көп сөз сұрап сол үшін жанымадым.

Алыңыз назырқанбай разы болып,

Не қажетің бар-жоғын біле алмадым.

 

Жоқ еді сізді бұрын көргеніміз,

Алыңыз разы болып бергеніміз.

Керегіңді сыртқа айтсаң өзіме айтпай,

Онан соң біздің тірі өлгеніміз.

 

Көрдіңіз ақық, жақұт, лағыл, шарап,

Гауһар ағаш басында бұлбұл сайрап.

Тоты құс, алтын ағаш, қызметкерлер,

Бәріне тамашалап тұрдың қарап.

 

Қанша ойын тамашалар келді бәрі,

Анық тыңдап, көзіңмен көрдің оны.

Сарайдың маңайында тұрған жандар

Сіздің мүлкің болады һәммалары.

 

Өзің көріп һәммасын тамаша еткен,

Сол уақытта  біздің мүліктен шығып кеткен.

Кім мейман ұнатқанын өзі алар,

Ісім сол бұрыннан-ақ әдет еткен.

 

Әдетім, қанша мейман келуші еді,

Ғажайып тамашалар көруші еді.

Қай нәрсемді таң қалып көрген адам,

Соны өзі қайтадан алушы еді.”

 

Бұлайша деп жазылған хатты көрді,

Тамаша қылды патша  Қасым ерді.

“Қасымның жомарттығы рас екен, – деп

Мен ойлаған істерім бекер”, – деді.

 

Патша ойлады: “Бұл Қасым неткен адам,

Мұндай жомарт тумайды тірі жаннан.

Патшамын деп бекер-ақ мақтанамыз,

Бұ Қасымға тең келмес падиша, хан.

 

Ойлаушы ем менен артық адам жоқ деп,

Өзім патша, артықша жомартпын деп.

Тәкаппарлық қылып мен үйде отырып,

Кісісіне жолықпай жүріппін тек.

 

Рас екен Жағыпарымның айтқан сөзі,

Шын жомарт адам екен мұның өзі.

Қисапсыз малын шашқан неткен адам,

Өзімнің қол астымда тағы да өзі.

 

Мұның жайын сұрайын қайтып барып,

Қандай адам дүниесін қылған сарып?

Жалғыз маған бергені бұ Қасымның,

Бір патшаның мүлкіне олар шәрип”.

 

Қайта жүрді өзінен сұрайын деп,

Бекер алып кетуді көрмеді еп.

“Мендей болып үйіне келген жанға,

Бәріне де осындай береді-ау”, – деп.

 

Қасымға енді патша  келді қайтып,

Бұған мен кетейін деп ақыл айтып.

Орнына қойып әлгі бергендерін,

Қасымға сөз сөйлейді жауап қатып:

 

– Ей, менің махбүб достым, Әбілқасым,

Құлақ сал бұ сөзіме, замандасым.

Жіберген нәрсеңізге бек шаттандым,

Қалай болар соларды өзің алсаң.

 

Ей, Қасым, сіздей жомарт еш адам жоқ,

Жіберген нәрсеңізге шаттандым көп.

Жұрттан асқан жомарттық байлығыңды

Бағдатта барша жұртқа мақтайын бек.

 

Әбілқасым қайғырды мұны естіп,

“Өзің ал деп айтқаны бұ несі? – деп.

Қайтармас еді егер разы болса,

Бір қасұр уақиға бізден болды ма?” – деп.

 

– Разы болсаң,– деді, – мейман, қайтармаңыз,

Аз болды ма бұ берген хадиеміз.

Егер разы болсаңыз, жан мейманым,

Айдап кетіп көңілімді хош қылыңыз.

 

Патша айтты: – Ей, Қасым, сіз тыңдап тұр,

Құлақ салып сөзіме, мойныңды бұр.

Көңілімде еш шүбәсіз разылығым,

Құдай ләм иәзал біздерге әшкере-дүр.

 

Маған берген нәрсеңіз биқисап көп,

Артық қимат нәрселер бердіңіз бек.

Бүйте берсең малың тез ада болар,

Жаным ашып айтып ем алыңыз деп.

 

Қасым айтты: – Мейманым, алдым сырың,

Ешкімнен нәрсе алып па ең, мұнан бұрын?

Патшаның бұ сөзіне күлді Қасым:

– Енді менің сөзімді тыңдап тұрың.

 

Құдай айдап келтірді бізге сізді,

Қападан құтқардыңыз құлыңызды.

Мұндай малды әр күнде он берсем де,

Ешкім біздің түгеспес пұлымызды.

 

Падиша мына сөзге қайран қалды,

– Баян қылғыл басыңда болған халді.

Күнде мұндай он берсең ада болмас,

Қайдан таптың қисапсыз мұнша малды?

 

Мейманын Қасым жомарт разы қылды,

Патшаны бір сарайға алып келді.

Патша көрсе бұ үй алты бөлме,

Бұ дүниенің малына баға қылды.

 

Алты үйдің біреуінен біреуі артық,

Дүр, гауһар, інжу, маржан, лағыл, ақық.

Мафрушат уа тазинат уд ғанбар,

Патша көріп таң қалды ішін тартып.

 

Үйінде гауһар қанділ тұрған жанып,

Үйдің ішін бір жақсы иіс кеткен алып.

Патша алтын саты басқышпенен

Жоғары бір тақытқа мінді барып.

 

Қасында бір тақытқа Қасым мінді,

Қандай жан қайран қалмас бұған енді.

“Өзімнен ұлық патшаның үйі ме?” – деп,

Патшаның ішінде күмән қалды.

 

Тақытқа жайланысып мініп алды,

Қасым сонда сөйлейді өткен халді.

Қасым жомарт сөйлейді әңгімесін,

Падиша сонда тыңдап құлақ салды.

 

Қасым айтты: – Абулфатах – атам аты,

Байлығы, артық екен салтанаты.

Мекені Мысыр екен сол уақытта,

Жайылған әрбір елге шүһрәті.

 

Байлығы сол уақытта жаннан асқан,

Алтын-күміс үй салған асыл тастан.

Қисапсыз байлығына күншілік қып,

Падишасы Мысырдың болды дұшпан.

 

Падиша хасадлық қып көре алмады,

Бір-біріне жақсы сөз бере алмады.

Атама Мысыр шаһы дұшпан болғаш,

Мысырда сабыр қылып тұра алмады.

 

“Бұ шаһарда тұрман, – деді, – малымды ұстап”,

Әр іске жүрген шығар Құдай бастап.

Атам байғұс патшадан қорыққан соң,

Мысырдағы мекенін кетті тастап.

 

Мал-мүлкін жиып алып көшіп кетті,

Басыра шаһарына барып жетті.

Басырада бір байдың қызын алып,

Атамыз сол шаһарды мекен етті.

 

Екеуінен біз келдік бұ дүниеге,

Сірә көңіл бермеңіз қу дүниеге.

Ата-анамыз жасымда дүние салды,

Қандай істер көрмедім, уа, дариға.

 

Жасымда жетім қалдым мұңлық басым,

Жетімдікте ақты ғой көзден жасым.

Ер жетіп ақыл-есім кіргеннен соң,

Арақ пен шарап болды ішкен асым.

 

Ойын ойнап сарп қылдым барлық малым,

Атамның қанша жиған мүкәммалын.

Қисабы жоқ үйімде алтын-күміс,

Ақымақтықпен тауыстым соның бәрін.

 

Айырылдым ата малдан ие болмай,

Ойын мен тамаша іздеп, тәубе қылмай.

Ақырында кедей боп қаңғып кеттім,

Үш жылда тамам болды бір пұл қалмай.

 

Қолымда малым қалмай кедей болдым,

Тағы берер Құдай деп үміт қылдым.

Бұрынғы байлығымды көрген жанға

Көрінуге арланып бек ұялдым.

 

Неге ақымақ болдым деп көп ойландым,

Кедейлік қорлық екен, бек ойландым.

Мұнда жүрсем болармын елге мазақ,

Басқа жұртқа кетейін деп ойладым.

 

Үйімді саттым бір күн біраз пұлға,

Керуендерге қосылып түстім жолға.

Мосыл менен аралап Шам шаһарын,

Азырақ қызмет қылып жүрдім сонда.

 

Шамнан көшіп Арыш қарай бардық,

Баяғы жолдастардан айырылмадық.

Онан көшіп жол жүріп неше мүддет,

Бір күн Мысыр, Қаһираға келіп қалдық.

 

Бір күн жалғыз базарды араладым,

Көп ой ойлап көңілімді жараладым.

Атам Абулфатахтың мекенін

Көрген соң қасірет ұрып зар жыладым.

 

Дедім мен: “Әуел атам мұнда тұрдың,

Бай болып жақсы болып дәурен сүрдің.

Кедей болып қайғырдым мен бұл күнде,

Бір медет қылсаңшы”, – деп жылап жүрдім.

 

Ніл дарияның ол Мысыр жағасы екен,

Атам әуел Мысырды қылған мекен.

Ол шаһарда ешкімді танымаймын,

Ойладым “енді қайда кетсем екен?”

 

Бір көшемен тік жүріп Нілге келдім,

Дарияның жағасында таһарат қылдым.

Оң жағыма қарасам бір сарай тұр,

Төрт қабат, биік екен, қайран қалдым.

 

Мысырдың патшасының сарайы екен,

Мен көргенім сарайдың сырт жағы екен.

Биіктік сипатына қарап тұрсам,

Бір сұлу қыз көрінді терезеден.

 

Әлқисса, Қасымның ол қыздың сипатын патшаға баян қылғаны

 

Жоғары алтын әйнектен,

Қыз жан-жаққа қарады.

Нәзік белі бұралып,

Аққудай мойнын тарады.

Екі көзі жалтылдап,

Наркескен асыл қанжардай,

Ішімді жарып барады.

Ақ жүзіне қарап ем,

Көңіліме салды жараны.

 

Қыз сипатын қарасам,

Ақ бетінде кіршік жоқ,

Айдын көлдің қуындай,

Екі көзі жарқырап,

Патшаның алтын туындай.

Сөйлеген сөзі мазалы,

Аб зәмзәм суындай.

Аузынан шыққан лебізі,

Сары алтынның буындай.

 

Есімнен кетті кедейлік,

Қызды көзім теседі.

Көрген адам дидарын,

Шыбын жаннан кешеді.

Ғашықтық түсіп ішіме,

Босатты қыз буынды-ай.

Хорлығайын секілді,

Әлгі қыздың порымы.

Решеткесі әйнектің,

Отырған сонда орыны.

Гауһар тастай жарқырап,

Мықынына түсіп тұр

Алтын айдар тұлымы.

Бағаладым он қызға,

Шашының жалғыз қылыны.

Миуалы дарақ секілді,

Көрдім оның түріні.

Дидарына қарасам,

Шашы сүмбіл секілді,

Қоғалы көлдің құрағы.

Бой-нұсқасын қарасам,

Бектердің мінген пырағы.

Алтыннан соққан түймедей,

Бас порымы – нұсқасы.

Мұрынына қарасам,

Астраханның пістесі.

Қас порымына қарасам,

Қия жонған қаламға

Шам шарифтің ысқасы.

Сымға тартқан күмістей,

Он саусақтың саласы.

Тізген меруерт секілді,

Отыз тістің қаласы.

 

Айта беріп қайтейін,

Сондай-ақ болып туар-ды

Мұсылманның баласы.

Мақсатыма жете алмай,

Көңілімнен әлі кетпейді

Ғашықтықтың сәнасы.

Осынша бай болсам да,

Сәнамен жүзім сарғайып,

Қайғымен көңілім қарайып,

Есімнен кетпей мағшұғым,

Болмады дертім дауасы.

 

Сол қызға қарап тұрдым қайран болып,

Ғашықтық дерті кетті іште толып.

Мен бетіне қадалып қараған соң,

Терезеден кетті әрмен қыз тартылып.

 

Пақырың қызды көріп дертті болды,

Бұрынғы дерттен бұ дерт артық болды.

Ақшамғаша отырып сол арада,

Отырсам да көрінбес уақыт болды.

 

Онан кейін бір жерге жаттым барып,

Тәнім рахат тапса да, көңілім ғаріп.

Қашан жүзін көрем деп отырғанда,

Дүния раушан болды сабах жарып.

 

Көрем ғой деп қуандым тағы бүгін,

Сіркедей ақылым жоқ баста бүтін.

Жетіп келіп кешегі көрген жерге,

Терезеге қарадым ұзынды күн.

 

Терезеге қарадым кешке дейін,

Көре алмай зар жыладым, мен не дейін.

Бұ күні махбүб жүзін көре алмадым,

Орныма қайтып бардым онан кейін.

 

Таң атқанша отырдым ұйқы көрмей,

Өз жаныма қайғымен рахат бермей.

Таң атқан соң тұсына тағы бардым,

Кәсіп қылған жандардың біріне ермей.

 

Отырдым көрінер деп үміт етіп,

Келемін дегендей-ақ жолын күтіп.

Бір заман түстен кейін болып еді,

Жарқ еткенде ақылым қалды кетіп.

 

Мені көріп қыз сонда жауап қылды:

– Неге тұрсың, бұ жерден кеткіл, – деді.

Патшаның жігітінің бірі көрсе,

Өлерсің, тез жөніңді тапқыл, – деді.

 

Бұ сөзден қорықпады көңілім, сірә,

Жүрегім қуанғаннан болды пара.

Біреу келіп басымды кескенінше,

Сонда қызға сөйлеймін мен бейшара.

 

– Терезеден жүзіңді көрдім сенің,

Ғашық отың ақылымды алды менің.

Бастан ақылым, көңілімнен сабыр кетіп,

Қанжардай тілді бағырым құп жамалың.

 

Күйдірді жаным-тәнім ғашық отың,

Махбүбім, бар ма  маған махаббатың?

Жамалыңды көрген соң ғашық болдым,

Күн бар ма көрер маған сән-сияпатың.

 

– Ей, сорлы, ғаріп байғұс, мені сүйме,

Мені сүйіп кешеде бекер күйме.

Енді мен хабар берсем, өлесің сен,

Өз обалың өзіңе, менен көрме.

 

Бұ сөзді айтып тартылып кетті әрмен,

Қыз кеткен соң қалмады менде дәрмен.

Маған қыз ашуланып кеткеннен соң,

Өлмекті мойынға алып болдым қайран.

 

Ақылым қайран болды, ділім ләрзан,

Жалладтар келеді деп қылса пәрман.

Енді өлімге отырдым басты байлап,

Келмеді ақшамғаша һешбір адам.

 

һеш адам келмеген соң күйіндім бек,

Тірліктен өлім маған жақсы еді деп.

Орныма қайтып бара жатқанымда,

Кісідей қалтыраймын бейне безгек.

 

Бір кішкене ұйықтап, бір түс көрдім,

Түсімнен қатты сасып қорқып тұрдым.

Таң атқан соң орнымнан түрегеліп,

Терезенің тұсына тағы жүрдім.

 

Жүріп келе жатырмын тәлтіректеп,

Тағы да үміт етіп көрінер деп.

Мендей ақымақ жаһанда жан бар ма екен,

Кәсібімді қылсамшы онан да ептеп.

 

Баяғы жерге тағы тұрдым келіп,

Терезеге қараймын көзім салып.

Қыз бір уақытта терезені ашты дағы,

Қорқытып сөз сөйледі ашуланып.

 

– Ей, байғұс, неге керек құр қараған,

Кет деп саған неше айттым бұ арадан.

Қанша аяп айтып ем, енді өлдің,

Іс қылдың өз басыңа жарамаған.

 

Хабар бердім, жалладтар келе жатыр,

Басыңа енді түсті заманақыр.

Бұ араға жабысып қалдың неге,

Ажалыңа асыққан байғұс пақыр?

 

– Бұ сөзің,– дедім, – әсер қылмас маған,

Бар Құдай ғашық қылды мені саған.

Сіз – бір жанған шамсыз, мен – пәруана,

Тез өлтір, енді мені қойма аман.

 

Шұғыла шам жамалың бәшарыңды көргеш рауан,

Жаннан пәруана  кештім һаман.

Ыстық тидің жүзіме құяш кәби,

Ғашық оттан сарғайып болдым саман.

 

Жолыңда қайран болды ғазиз басым,

Кеше-күндіз ағады көзден жасым.

Тамақ, киім таба алмай қаңғып жүріп,

Мендей әуре Құдайым һеш қылмасын.

 

Ішіме түсті менің ғашық отың,

Қасіретте  қайран қылды мені дертің.

Сіздің үшін жанымнан  кештім бүгін,

Махбүбім, осы менің, аһ, сертім.

 

Қыз білді ғашық отымен күйгенімді,

Шын жұмсап бойым балқып игенімді.

Мархабатты көңілі, мейірі келіп,

Қыз да маған білдірді сүйгеніні.

 

– Ей! – деді, – қазір мұнан кеткін,  – деді,

Бұрынғы ұрысқанымды ұққын, – деді.

Күзетші шықпай тұрып, ақшамнан соң

Тереземнің тұсына жеткін, – деді.

 

Мұны айтып қыз сонда ғайып болды,

Қыздың айтқан сөзіне көңілім толды.

Махбүбтің ілтипатын көңіліме алып,

Пақырыңыз ол жерден жөнелді енді.

 

һәрбір ойды ойлаймын сонда өзім,

Бұ қызға жауаптассам келіп кезім.

Жапа көрдім демес ем онан кейін,

Естісем махбүбімнің шырын сөзін.

 

Моншаға кірдім сонда базар барып,

Шаш, мұртымды түзеттім, тазаланып.

Жылдай болды батуы жарым күннің,

Күн батпай кейіп жүрмін назаланып.

 

Уақтында терезеге жетіп келдім,

Келдім де салбыраған бір жіп көрдім.

Менің үшін әдейі қойған жіп деп,

Жіптен ұстап өрмелеп үйге кірдім.

 

Жіп ұстап терезеден үйге кірдім,

Ол үйде һеш адам жоқ, шамын көрдім.

Ар жағында бір есік көрінген соң,

Сол есікті ашпаққа тағы жүрдім.

 

Ол үйге кіріп келдім есік ашып,

Көрмекке махбүбімді болып ғашық.

Ол үйдің ар жағында екі есік тұр,

Қарасам, бірі – берік, бірі – ашық.

 

Ашық тұрған есікке кіріп бардым,

Жамалын көрдім сонда асыл жардың.

Күміс сәрир үстінде отыр екен,

Жүзін көріп, ла йағқал бола жаздым.

 

Қасына махбүбімнің жетіп келдім,

Зейнеті бір өзіңде тамам елдің.

Мағшұғымның жамалын көргеннен соң,

“Мың шүкірлік, әлхамдулла”, – дедім.

 

Сонда екеуіміз көрістік құшақтасып,

Құшақтап біраз тұрдым мауқым басып.

Қасына күміс тақытқа отырғызып,

Мәні-жайымды сұрады ақылдасып.

 

Сонда мен қызға айттым оқиғамды

Басымнан жақсы-жаман өткен күнді.

Асылы, нәсілім, һәммасын баян қылдым,

Менің айтқан сөзімді құп тыңдады.

 

– Сенің ғашығың күйдірді, – дедім, – жаным,

Мағшұғым, көрдім жүзіңді, мейірбаным.

Арманым жоқ  дүниеде, –  дедім, – сонда,

Ұжудымнан бұ сағат шықса жаным.

 

Қарасам, қыз сипаты бір бейне хор,

Жүзінен жәннат нұры төгіліп тұр.

Сипатын айтып тамам қыла алмаймын,

Лисан латафат рисани-дүр.

 

Қыз естіп жылады менің сөзім,

“Аһ” деп басын шайқап, жұмды көзін.

– Ғашық оты әуел түсер мағшұққа, одан ғашыққа,

Шам көркі жайымнан жандарын пәруана болдың өзің.

 

Терезенің қанатын тұрдым ашып,

Сонда көріп сіз маған болдың ғашық.

Меніменен жұптанып жүре алмайсың,

Ғұмырың өтеді ғой бекер жасып.

 

Сіздің маған махаббатың қандай түсті,

Екі үлеш менің ғашығым онан күшті.

Сізді көріп ақылым кетті менің,

Құдай басқа салмасын мұндай істі.

 

Сіз маған білдірдіңіз кім екенің,

Ата-жұрт, ұрық-туған, һәм мекенің.

Мен де жайымды айтайын, тыңдаңыз,  – деп,

Баян қылды о дағы сыры-халін.

 

– Біліңіз, Дүрдана-дүр – менің есімім,

Атам мүлкі көп жаннан болған үстін.

Шам Шариф-дүр – мен өзім туған жерім,

Құданың құдіретімен мұнда түстім.

 

Шам шаһының уәзірі еді атамыз,

Хош табиат уә назахат бехруз.

Атам шаһтың сүйікті кісісі еді,

Бастан-аяқ баршасын айталық біз.

 

Атамды патша жақсы көруші еді,

Не тілегі болса да беруші еді.

Патшаны осы билеп кетті ғой деп,

Басқа жұрт күндей-күндей жүруші еді.

 

Патшаға шақты атамды көп жұрт күндеп,

Уәкилдік айта берді күндіз-түндеп.

Уәзірліктен қалдырды атамды жұрт,

Бірталай ел жабылып қылып еңбек.

 

Онан шығып атамыз үйге келді,

Мені күтіп тәрбие, тахсил қылды.

Мені өсіріп жете алмай мақсұдына,

Азим кешен-сарай – жәннат болды.

 

Жас күнімде пәдарым рихлат етті,

Мен өсіп мақсатына жетпей кетті.

Анам бір күн үй-жай, малын сатып,

Бір құл сатушыға жариам деп мені де елітті.

 

Жариам деп сатты мені жеті жаста,

Кетті анам мені құлдыққа атқылашта.

Өзі жолдас боп жүрген бір жігітпен

Үндістан тарапына кетті басқа.

 

Жас күнімде айырылдым ата-анамнан,

Жүрегім қайғыменен қапаланған.

Енді менің ғұмырыма ізгілік бер,

Тәуекел қылдым, – дедім,– Қадір, Маннан.

 

Құл сатушы мені алып түсті жолға,

Мені де бірге қосты көп жариаға.

Біздерді Мысыр, Қаһираға алып келіп,

Киіндіріп ап келді падишаға.

 

Патша алдынан өткізді бәрімізді,

Бәріміздің қарады әрімізді.

Ішінде мені көріп осы патша,

Артық беріп ап қалды жалғыз бізді.

 

Нәдіратул әмсәл екен мұның өзі,

Гауһардай жалтылдайды екі көзі.

“Бұ гөзәлге һеш әйел тең келмес”, – деп,

Падиша бек ұнатты пендеңізді.

 

Патша мені көп пұлға сатып алды,

Бас ағаны жанына шақырып алды.

– Сақыпжамал бұл гөзәл махбүбаны

Құрмет етіңіз, – деп жарлық салды.

 

Бас аға мені әкелді бір сарайға,

Маған қызмет қылады неше жариа.

Ләуте, скрипка, саздарменен,

Келіп күнде ойнады құзырыма.

 

– Бізді патша жіберді сізге, – дейді,

Қызмет қылып тұрғын деп сізге, – дейді.

Бес жыл болды бұ жерде мен тұрғалы,

Бір күні патша келіп “сөйле” дейді.

 

Падиша махаббаттық сөздер айтты,

Ұялдым падишадан бек қатты.

Төмен қарап патшаға жауап бердім,

“Мұны, тақсыр, айтпаңыз,” – дедім тіпті.

 

Сонда  ашулана жаздады патша  маған,

“Тартынып  сөз айтасың, – деді, – маған”.

Сонан кейін осы үйге алып келді,

“Керек емес, – деп, – ол жерде тұру саған”.

 

Патша маған ұрсуға қия алмады,

Көңілінің махаббатын тыя алмады.

Өзге жариа һәммасы күншілік қып,

Патшадан мені, сірә, жоя алмады.

 

Жамандайды патшаға мені бәрі,

һеш сөзіне  падиша сенбейді әлі.

Үш жылдан бері мені жамандасып,

Әбден енді шаршады  баршалары.

 

Сонда-дағы  менің бұ іждағатым,

Иқрар болып патшаны һеш сүймедім.

Өз көңілім патшаны сүймеген соң,

Қылған қызмет һәммасы “лә шәй” дедім.

 

Падиша маған үкім қыла алмады,

Үкіммен ықтиярсыз ала алмады.

Жариалар мені шақса қуанамын,

Сөзіне патша  олардың ере алмады.

 

Бұлайша деп қыз маған айтты сырын,

“Еріккенімнен тигем жоқ, – деді, – бұрын”.

Мәслихатпен екеуміз рахаттанып,

Төсекке құшақтасып жаттық қырын.

 

Төсекке жатып біздер қылдық сұхбат,

Көңілім қарар, жан-тәнім тапты рахат.

Мен байғұстың ашылған қайда бақытым,

Түннен аман шықпадым сау-саламат.

 

Жақсы ұлпат, сұхбат пен махаббатта,

Құшақтасып жаттық біз жан рахатта.

Бір машақат ұстамақ айласы екен,

Жатқаным мен байғұстың бұ ғишратта.

 

Екеуіміз құшақтасып жатыр едік,

Уайымсыз һеш нәрседен ғапыл едік.

Есікті қатты-қатты ұрды біреу,

Сасқалақтап төсектен түрегелдік.

 

Ойладық: “біреу бізді көрген екен,

Патшаға барып хабар берген екен.

Қас жарианың біреуі айтқаннан соң,

Көргелі патша өзі келген екен”.

 

Дүрдана тітіреп кетті қорыққаннан,

Бейшара үміт үзіп ғаріп жаннан.

Шығайын деп қамдансам мен далаға,

Ұрып тұрған есігі – келген бөлмем.

 

Енді мен шыға алмадым, не-дүр шара,

Аяғын баса алмады қыз бейшара.

Күміс тақыт астына кіріп жаттым,

Жасырынар таба алмай һешбір пана.

 

Дүрдана тітіреп барып есік ашты,

Патша ашуланып қаһар шашты.

Неше панар көтерген көп кісілер,

Үйге кіріп баршасы жабырласты.

 

Құдай біздің ақылды алған екен,

Басымызға машақат салған екен,

Ашылмаған бақытыма себеп болып,

Жіп салбырау күйінше қалған екен.

 

Патша айтты: – Ей, ақымақ, кім бар мұнда?

Іс бітір деп қойып па ем сені осында.

Терезеде бір жіп тұр салбыраған,

Тимеймін деп айтушы ең патша-ханға.

 

Дүрдана қорыққан соң сөйлемеді,

Патша: – Айт жөніңді, сөйле! – деді.

Жасауыл ақтарып қарап жүріп,

Мені сәрир астынан сүйреп алды.

 

Мені көріп падиша  ашуланды,

Ашуынан шыдамай оттай жанды.

– Екеуін  екі шауып өлтірейін,

Үйден тысқа алып шық шапшаң! – деді.

 

Жігіттер бізді тысқа сүйреледі,

“Шешін, кел” деп үстіме үймеледі.

Шешіндіріп жатқанда алып шығып,

Бір уәзір: – Тақсыр, тоқта, тиме,– деді.

 

Ешкімге опа қылмас дүние боқ,

Хан қаһары – күйдірер жайнаған шоқ.

Хан алдында отырдым тізем шөгіп,

Тырнақтай ғаріп жаннан үмітім жоқ.

 

Уәзір айтты: – Тақсыр хан, тыңда сөзім,

Бір істі ойлап тұрмын менің өзім.

Ақымақтың мүрдәр қанын жер көрмесін,

Бұларды Нілге тастап жоғалт көзін.

 

Хан уәзірдің бұл сөзін мақұл көрді,

“Нілге ат!…” деп жалладына әмір қылды.

Жалладтар қазір бізді алып келіп,

Ніл дарияның үстіне лақтырды.

 

Нілге атып жіберді бізді жаллад,

Басыма әлі салмаған ажал саяд.

Сүңгіп барып бір жерден бас көтеріп,

Дариямен аға бердім төмен қарап.

 

Дарияның шықтым барып ар жағына,

Есім жинап қарадым жан-жағыма.

Өзім өлер халімде ұмытып ем,

Есіме ғашық жарым түсті және.

 

Жарымды іздеп қарадым мойным созып,

Тастаған жерге келдім қайта жүзіп.

Кешке дейін дарияны қарап едім,

Түн болған соң жыладым күдер үзіп.

 

Дарияны жүзіп жүріп араладым,

Сүйегін бейшараның таба алмадым.

Ажалына мен себеп болғаннан соң,

Мұнда қайдан келдім деп зар жыладым.

 

Әуелі бұл шаһарға келмесемші,

Терезеден бұ қызды көрмесемші.

Ажалына мен себеп болдым-ау деп,

Көзімнен қан аралас ақты тамшы.

 

Қарарымды білмеймін қайсы жолды,

Сарғайып зағыпырандай жүзім солды.

Жүсіп үшін жылаған Жақыптайын,

Пендеңіз қайғыменен іші толды.

 

Көзімнің тыя алмаймын  аққан жасын,

һәркімнің айырмасын жар-жолдасын.

Үш күн бірге тұрмадым тым болмаса,

Мендей ғаріп Құдайым һеш қылмасын.

 

Дүниенің бәрі маған болды қараң,

Күндіз-түні жылаймын қылмай ирам.

Бағдатқа барайын деп жүріп кеттім,

“Бұ Мысыр енді маған, – дедім, – харам”.

 

Бағдатқа жүріп кеттім жолға түсіп,

Дүрдана зар жылаймын еске түсіп.

Неше күндей жол жүріп ұйқы көрмей,

Он бес күнде жығылдым ұйқы қысып.

 

Бір ағын су жанына жаттым келіп,

Бір кішкене  шаһарды тұрмын көріп.

Жақын жерде шыңғырған дауыс шықты,

Құлақ салып тыңдадым естіп тұрып.

 

Бір әйелдің дауысы – құлақ салсам,

Қайтеді деп ойладым бұған барсам.

Кетпенменен бір адам жер қазады,

Жақын келіп жанына абайласам.

 

Жақын келіп жанына бұғып тұрдым,

Жерді қазып жатқанын көріп тұрдым.

Қазып болып бір нәрсе көмді дағы,

Кетіп қалды жөніне, көріп тұрдым.

 

Ол кеткен соң тұрдым да қадам бастым,

Келдім де, көміп кеткен шұқырды аштым.

Қанды зәнбіл ішінде бір қыз жатыр,

Көргеннен соң ол қызды жаман састым.

 

Ол қыздың қып-қызыл қан тұла бойы,

Өлтіруге байқасам қылған ойы.

Мен кішкене кешіксем, қыз байғұстың

Шығып қала жаздапты шыбын жаны.

 

Өкпесіне қол созсам соғып жатыр,

Шала-жансар өлімші болып жатыр.

Қарасам, нұсқасының бәрі жақсы,

Залымға түссін дедім заманақыр.

 

“Аһ” ұрдым жаным ашып ол байғұсқа,

Қан аралас толады көзім жасқа.

“Жазасын бұл залымның Хақ берсін,” – деп,

Осынша тауқымет қылған ғаріп басқа.

 

Есін жиып сөйледі бейшара қыз,

Сөзімді құлақ салып естіңіз сіз.

Есін жиып, күрсініп айтты маған:

  • Ей, мұсылман, маған бір су беріңіз!

 

Өзеннен су әкелдім мәсім шешіп,

Сауап үшін жүгірдім жаннан кешіп.

Көзін ашып қарады ақырын ғана,

Жаны рақат тапқан соң суды ішіп.

 

Қыз: – Менің байла, – деді, – жараларым,

Көр, – деді, – Құдай үшін тәналарым.

Бұл жерден өлмеспін деп ойлаймын,

Шын қаза жібермесе бір Құдайым.

 

Ей, жігіт, баққын,–  деді,– мені таза,

Мұнан өлмен, жетпесе тура қаза.

Иншалла, жазылсам қайтарармын,

Сізді мен ренжітіп  қылман наза.

 

Бұлай дегеш қызды мен баға бердім,

Жарасына дәрілер жаға бердім.

Үсті-басы сасиын дегеннен соң,

Баққын деп бір дәрігерге алып келдім.

 

Ол  дәрігер баға берді қызды емдеп,

һеш адам сұрамайды “мұның кім?” деп.

Пышақпен алты жерден сұққан екен,

Бәрі де сахат болды Құдай жөндеп.

 

Бір күн айтты қыз маған “мұнда кел” деп,

Сұрады “қалам, қағаз тауып бер” деп.

Алып келіп қолына беріп едім,

Алғыс берді: “рақмет, жақсы ер”, – деп.

 

Хат берді маған: –Базарға енді барып кел,– деп,

Бұл базардың адамын танып кел, – деп.

Маһияр атты кісіні тауып бер де,

Не берсе де сіз мұнда алып кел, – деп.

 

Құп болар деп қағазды қолыма алдым,

Саудагерлер жиылған жерге бардым.

Маһияр атты кісіні тауып алып,

Айтқанындай қағазды оған бердім.

 

Қағазды әбден ашып оқып көрді,

Қағазды өбіп қойнына салып тұрды.

Жекмишенің аузын ашты дағы,

Қазір маған жүз тілла санап берді.

 

Қайтып келдім мен қызға тілланы алып,

Қыз санады тілланы қолына алып.

“Енді бір жақсы пәтер алғын” деді,

Көшіп бардық бір жақсы пәтер алып.

 

Бір күн тағы хат берді, қолыма алдым,

Маһиярға ол хатты тағы бердім.

Төрт жүз тілла Маһияр берді бұл күн,

Оны дағы өзіне әкеп бердім.

 

Қыз айтты: –Бұл тілланы алғын тамам,

Өзімізге не керек, алғын һаман.

Базардан керек нәрсе бәрін алдым,

Көрпе, жастық әкелдім, кілем, шапан.

 

Бір туған деп ойлайды бізді көрген,

Құдай маған осындай дәулет берген.

Хұсни жамал әлгі қыз ғаят  көрікті,

һеш немедей көзіме көрінбеген.

 

Менің ақылым, пікірім сол Дүрдана,

Жолында қайран болған мен диуана.

Көңілімнен күндіз-түні бір кетпейді,

Құдайым бір ғайыпқа қылды әуре.

 

Тастап кеткім келеді осы қызды,

Жібергісі келмейді бұл қыз бізді.

Қыз мені жақсы көргеннен соң:

– Баян қылғыл, – дедім мен,– өзіңізді.

 

Өтінді сабыр қыл деп әлденеше,

“Жолыңда жаным пида күндіз-кеше.

Мені айырып алдыңыз бір өлімнен,

Қызметіңнен құтылман өле-өлгенше”.

 

Бір күні қыз айтады пендеңізге:

– Бір қызмет бұйырамын, – деді,– сізге.

Саудаласпай құмашар алып келгін,

Намахрам деген сатушыны табыңыз да.

 

Дүкенінде Намахрамды іздеп таптым,

Келдім де сәлем беріп жауап қаттым.

Не айтса саудаласпай бердім дағы

Үш топ құмаш айырып алып қайттым.

 

Бір күні тағы да айтты Мәзбұра қыз:

– Намахрамға тағы бір іс қылыңыз.

Саудаласпай ақшасын бергін дағы,

Жаратқан бұлды,– деді, – ап келіңіз.

 

Осындай бір қиялды бастады қыз,

Қыздың айтқан сөзінен аспадық біз.

Тажірге тағы барып құмаш алып,

Ақшаны карманымен тастадық біз.

 

Мақтадым: – Құмашыңыз жараттым бек,

Бағасын не болса да өзің ал, – деп.

Карманымды өзіме қайтып берді,

Керектісін өзінің алған соң тек.

Басы, Соңы: https://kozhalar.kz/20219534-qasym-zhomart

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button