Пенденің өлгендегі әрне халін,
Зікір етіп мүжмәлменен[1] айттым бәрін.
Уәделі қиямет күн болғанында,
Қайтадан тірілтеді пенделерін.
Бір кітап «Шәріп нияз» қойған аты,
Түрікше баян еткен хадис хаты.
Қиямет болмайды деп баян етті,
Әуелі болмай тұрып аламаты.
Екеу дүр қияметтің бар формысы,
Біреуі үлкен еді, бірі кіші.
Кішісі хәдтен артық көп болады,
Айтылған хадистерде реңі, түсі.
Базысын білдірейін ызһар қылып,
Пәһім[2] етсін бұл нұсқадан әркім біліп.
Мүдәррис[3], қазы, мүфти жәһіл болар,
Шарасыз пәтуа берер біле тұрып.
Дүниеде ғұламалар болады раз,
Ғалымдар амал қылмас іліміне баз.
Әр түрлі шарап ішіп, шылым тартып,
Әшкере күнәларын қылар ағаз[4].
Қатынының көп адамдар тілін алар,
Ол құлдан ата анасы азарланар.
Адалын айуан мысал қызғанбастан,
Әр түрлі тартып домбыра, дутар шалар.
Әр түрлі дутар шалып, домбыра ұрып,
Жүреді арам істің бәрін қылып.
Басы ашық, аяқ жалаң жүредүрлер,
Бұл пейілін өздеріне рәсім қылып.
Нәсілсіз үлкен болар затсыз кісі,
Үлкен үй қылмақ болар халықтың ісі.
Жақсыдүр пәлен адам дегендердің,
Момынға ұқсамайды реңі, түсі.
Ілгергі өткендерді ақымақ білер,
Өздері күллі бұзықтық істеп жүрер.
Шайыхтар тажал мысал халықты алдап,
Дүние іздеп шақырмаған үйге кірер.
Тәбір[5] етіп халықтың малын алады тез,
Бір-біріне махаббаты болмас әркез.
Рас айтқан ғалымдарға дұшпан болып,
Әшкере айтадүрлер әр күнә сөз.
Қайыр іске қоймағайлар ешкім қадам,
Аз болғай жамандардан жақсы адам.
Мешіттер мұнаууар[6] болған харап[7] болып,
Қауымның жәһіл болар бәрі тамам.
Дұрыстап зекет бермес байдың бәрі,
Диқанның болмас қырат, ұшырлары.
Жарлылар халық көзіне қар көрініп,
Қадірі артар әр адамның болса малы.
Бір кәпір Бәни Әсуар дейді намын,
Исламға боладүрлер құрушы оның.
Бір залым Жәһжа атты пайда болып,
Дүниеге толтырарлар зұлымдарын.
Және де неше түрлі белгісі көп,
Айтқанмен ада болмас імкәнға кеп.
Ілгері мәлім етіп айтып едім,
Біреуі аламаттың үлкендүр деп.
Әдейі үлкенінің кәттә[8] ерүр,
Дәжжал[9] деп әуелгісін хабар берер.
Ғаламнан та қиямет болғанынша,
Дәжжалдан үлкен пәле болмас дейур.
Ілгері өтіп кеткен әр пайғамбар,
Қауымына оның досын қылған ызһар.
Ат қойған «Ахмадия» бір кітапта,
Туғанын осылайша деп білдірділер.
Бір күні Расул құда Омарды ертіп,
Шаһарда барар еді жолмен кетіп.
Екеуі бір көшемен барғанында,
Омарға Расул айтты ызһар етіп.
Деп айтты бұл көшеде: «Ая, Омар,
Зитан деп ат қойылған бір адам бар.
Қытана әйеліне ат қойылған,
Олардан дәжжал лағин[10] туадүрлер».
Мұны айтып Расул құда кетіп қалды,
Бір күні ол көшеге Омар барды.
Бір жерде көп халайық жиылыпды,
«Бұл жерде не бардүр?» деп сөзге салды.
Халық айтты: «Бір һәдие[11] тұрмыз көріп,
Бір бала осы күні дүниеге еніп.
Сол заман аяқ-басын жүредүрлер,
Сөйлейді және дағы тілге келіп».
Бұл сөзді әзірет Омар тахсин көрді,
Тез келіп пайғамбарға хабар берді.
Асхабқа Расул айтты: «Жүріңіздер,
Көрейік ол лағинді барып енді».
Мұны деп тысқа шықты Хайрул әнам,
Асхабтан қасына ерді бірнеше адам.
Оларға Расул айтты: «Бір нәрсені
Барайық көңлімізде тұтып қадам».
Білер ме ия болмаса білмес пе деп,
Бардылар сұрамаққа көңліне кеп.
Жиылған ол көшеге барған заман,
Расулға сәлем берді жиылған көп.
Расулды дәжжәл көріп қылды парияд[12],
Деп айтты: «Мұнда кел, – деп, – ия, Мұхаммед.
Бұл жерге асхабыңмен келмегенде,
Қай түрлі мүддағаң бар әйлағын жад.
Құранда назыл болған сүре «Фұрқан»,
Жасырын сақтап тұрсын көңліңде сен.
Бұл түрлі қиялменен мұнда келдің,
Өзімді қылмақ үшін сен емтихан».
Осылайша бейәдептік сөз айтты көп,
Омардың мұны естіп ашуы кеп.
Қылышын тартып алып тез ұмтылды,
Ей, жөйіт, Пайғамбардан тілің тарт!» – деп.
Омарға өз қылышы қайтып жанды,
Бір елі мықдарынша[13] басын жарды.
Пайғамбар бір сұмдық іс болмағай деп,
Көшемен қайтып өзін жолға салды.
Дәжжал да арқасынан шықты еріп,
Тастарға жолда жатқан жақын келіп,
Расулды асхабымен жіберместен,
Сол жерде тоқтат деді хабар беріп.
Өзінің жайларынан қозғалып тас,
Атырабын қамап алды қорғанға ұқсас.
Расулдың жарандары мұны көріп,
Көңліне қауіптер кіріп қорықты пәс.
Пайғамбар дұға қылды қол көтеріп,
«Малғұннан құтқарғын» деп қалас беріп.
Аспанның тарапынан бір пернеде,
Бүркіттің суретінде келді еніп.
Дәжжалдың кемеріне қолын салды,
Көтеріп жоғарыға алып барды.
Ауаз ғып: «Ия, Мұхаммед, тоқтатқын» деп,
Дәжжәл һәм өз халінен хабар алды.
Мәлакқа[14] ишарат қып шаһи Әбрар,
Деп айтты: «Сөйлетпестен тез алып бар.
Ғарышта Хақ әмірімен алып кетіп,
Иесіз бір далаға келтірділер.
Мұхит деп бір теңіз бар ат қойылған,
Ол арал жәзира еді анда тұрған.
Аралдың бір мұнара ішінде бар,
Адамның әуладынан[15] көрмеген жан.
Құдіретпен қол, мойнына зәнжір[16] ұрар,
Қойдылар ғар[17] ішінде мәкәм қонар.
Шығатын уәделі күн болғанынша,
Байлаумен күн кешірер, онда тұрар.
Әр заман Дәжжәл лағин ауаз етіп:
«Шығатын болды ма, – дер, – уақытым жетіп?»
«Мезгілің болған жоқ» деп ауаз келген,
Жатады сол мәнзілде[18] өмірі өтіп.
Дәжжәлдің мінетұғын ешегі бар,
Ол ғардың оң жағында оттап жүрер.
Үлкендік тұрысында мысалы сол,
Мың кісі саясында оның тұрар.
Ақырда шығатұғын күн болғанда,
Ешегін ұстап алып мінер онда.
Қорасан махкүмінен заһыр болып,
Істерден неше түрлі істер әрне.
Құдайлық дағуа[19] етер азғынға тас,
Жетпіс мың жүһүдтерден[20] болар жолдас.
Мекке мен Мәдинадан жерден басқа,
Баршасын күпірлікке толтырар бәс.
Өзіне көп бағынған пенделерге,
Жаңбырмен оттар бітіп болар әрне.
Аш болып қолдарынан малы кетер,
Қарсылық іс қылсалар әркім әңә.
Көрініп бір жанында жәннат тұрар,
Бір жақтан тозақты һәм әзір қылар.
Дәжжалға сәжде еткендер пейіш еніп,
Момындар тозағына барып кірер.
Кірген соң азап қылар жәннаты оның,
Тозақтың рахат етер және бәрін.
Пендеге тез дайындап көрсетеді,
Ілгергі өтіп кеткен бабаларын.
Көрінбей жерде жатқан кеннің бәрі,
Дәжжалға айқай салар ал деп мені.
Қасына жолдас болып еріп жүрген,
Өзінің кісілеріне берер оны.
Дәжжалдың бір көзі болғай және,
Жазылған маңдайында бар нышана,
Өзінің күпірлігін ызһар еткен,
Момындай оқып білер бәрі һәмма.
Дүниеде қырық күн болар дәурені оның,
Аралар жер жүзінің анда бәрін.
Бір жылдың мезгіліндей ұзайтады,
Әуелгі дүниеге енген бір күндерін.
Бір айдай ұзақ болар екінші күн,
Үшінші бір аптадай болады түн.
Дәжжәлдің енді қалған дәуірлері,
Күн болар ұзындығы осы заман.
Момындар бес уақ намаз оқығанда,
Сағаттың есебімен қылғай онда.
Бәлесінен ол малғұнның аман болар.
Екінші аламаты осы ерер,
Дүниеге пайда болып Мәді келер.
Мұхаммед атасының аты Әбділда,
Расулдың әулетінен оны дейур.
Мағрупында Андалис нам бір шаһар бар,
Әуелі пайда болып оның туар.
Кағбаны тәуап қылып Мұқаддасқа,
Келгенде дәл алдынан Дәжжәл шығар.
Базы дер әзірет Мәді бұрын келгей,
Онан соң пайда болып Дәжжәл енгей.
Екеуі Мұқаддаста ұрыс қылып,
Ол лағин мұсылманға шікәсіт бергей.
Имам Мәдінің жер жүзіне келуі туралы
Сахабалар әзірет Расулдан сұрағанда
Ғарзанда келеді деп жауап берді.
Есеп, әбжат бірлән ғайын мың, ре екі жүз,
Зат сегіз жүз, әліп бір, бе екі, жәми екі мың үш һижрат
Мұса мен Мұхаммед арасындағы сана.
Ай аттары:
Мүхарам айы әмірі, екінші сапар,
Үшінші рәбиул әууал,
Төртінші рәбиул ахыр,
бесінші жұмаділ әууәл,
Алтыншы жұмәділ ақыр,
Жетінші ережеп,
Сегізінші шағбан,
Тоғызыншы рамазан ораза,
Оныншы шаууал айт айы,
Он бірінші зул қағда айы,
Он екінші зул хұжжа құрбан.
Үшінші әзірет Иса көктен еніп,
Шамдағы макараға түскен келіп.
Дәжжалға қарсы барып тез ұмтылған,
Исламның әскеріне жәрдем беріп.
Исаны көрген заман кетіп халы,
Денесі еріп кетер тұз мысалы.
Дәжжалды әзірет Иса сонда өлтіріп,
Мәдімен қосылғайлар екеулері.
Исаны әзірет Мәді ізет қылып,
Намазға имам бол деп ағла біліп.
Иса айтар: «Сіз Расулдың әуладысыз,
Имам бол бәрімізден бұрын тұрып».
Мәді һәм имам болып ілгері өтер,
Артынан әзірет Иса ықтида етер.
Дүниенің баршасы һәм оған қарап,
Пендеге өз тұсынан жол көрсетер.
Хақ діні жер жүзіне болып жары,
Болғайлар рахатта халықтың бәрі.
Онан соң бір біреумен дұшпан болмас,
Дүниенің барша болған хайуандары.
Айуандар бір бірімен болмайды қас,
Қасқырмен қой бірігіп тұрады бәс.
Дүниеде бұл сипатты айуандар,
Жүреді зиян етпей болып жолдас.
Оянып асхаб Кәһап анда тұрар,
Мәдіге нөкер болып қызмет қылар.
Бір құда кәләмінде хабар берген,
Белгілі бүзрік еді білсең бұлар.
Дүниеде Иса қырық жыл мекен етіп,
Онан соң апат болғай ажал жетіп,
Намазын ада қылып мұсылмандар,
Расулдың дәл қасына қойғай елтіп.
Төртінші аламаты Иәжуж дерді,
Аттарын біреуінің Мәжуж дерді.
Ілгергі аламаттар өткеннен соң,
Бұл мақұлық шығады деп жауап берді.
Артықша кішік еді біреулері,
Бойының бір қарысдүр тамам бәрі.
Құлағы әрбірінің екі қарыс,
Төсек қып һәм жамылып жатқан оны.
Және де үлкен еді біреуі оның,
Жүз отыз деп айтадүр бой мысалын,
Ақырда Ескендірдің сәдін бұзып,
Дүниенің керуен етіп алар бәрін.
Бұл қисса кітаптардың бәрінде бар,
Мен дағы білдірейін қылып текрар.
Ескендір Зұлқарнайын әлемді алып,
Бір халыққа шимал[21] жақта кез келділер.
Ол айтты: «Ескендір, арызым тыңда,
Бір мақұлық Иәжуж атты әрбір жылда.
Ол таудың ар жағынан бұлар шығып,
Біздерді қарап қылар келіп мұнда.
Берелік әрне болса қаржыны біз,
Сәәд қып тау арасын байлаңыз сіз.
Егер де осы түрлі іс болмаса,
Аз уақта бәрімізді жоқ қылар тез».
Ескендір байлаймын деп жауап берді,
Өзіне он екі мың андаз[22] ерді.
Мыспенен, жез бен қола, қорғасынның,
Баршасын әзір қылып алып келді.
Сол жерде отын, көмір даяр қылып,
Астына көрік басты һәм қыздырып.
Ілгергі айтылғандар ерігенде,
Олармен су бойлады дуал ұрып.
Болдылар елу өлшек ені оның,
Екі жүз өлшек дейді биіктерін.
Ұзынын он екі мың өлшек болып,
Темірден мекем етіп қойды бәрін.
Сол уақтан Иәжуж, Мәжуж бұл күнге ше,
Ол сәдны теспек үшін келіп барша.
Әр күні кеш болғанда тесіп қояр,
Бір жағын көргендей ғып назар салса.
Ертеге шығамыз деп қайтып кетер,
Ол жерді Хақ әмірімен мекем етер.
Ертеден кеш болғанша және қазып,
Ақырдың уақтына ше өмірі өтер.
Болғанда шығатұғын уақты оның,
Айтады қаласа деп Алла намын.
Ертемен ілгергідей және барса,
Көргейлер қалыбында тесіктерін.
Ол күні ол тарапқа өтіп шығар,
Дүниені алмақ үшін талаптанар.
Нысабын Хақтан өзге білмейтұғын,
Өзгеден көп болады артық бұлар.
Кітапта көптігінен айтылды сөз,
Мүжмәлмен білдірейін бұл жерде тез.
Бірінен бір мың еркек ұғыл тумай,
Дүниеден ажал жетіп өлмес әркез.
Осылайша зікір етті хуруждарын,
Тәбрия шамға жетіп әуелі оның.
Белгілі бір Дижла дариасының
Жоқ қылар бір мәртебе ішін бәрін.
Дарияға кейінгілер және келіп,
Суы бар екен дүр деп оны көріп.
Құдыста Әмре атты тауға шыққай,
Көңліне осы түрлі қиял еніп.
Айтарлар жер жүзінің алдық бәрін,
Аспанның енді алайын мақлұқтарын.
Мұны деп жоғарыға оқ атарлар,
Әміріне қарсылық қып бір Алланың.
Сол заман пәрмен етіп Қадыр Мәулан,
Ұштарын оқтарының қылады қан.
Баршасының оғының ұшы қан боп,
Аспанды біз алдық деп шаттық бірлән.
Қауымымен әзірет Иса тауға барып,
Шыға алмай тұрадылар һәм қамалып.
Ол халыққа қатты, қиын аштық болар,
Атыраптың барлығын да Мәжүж алып.
Ол күні аштығына үшбу шама,
Өгіздің жалғыз басын мың тілләға.
Алуына іздегенмен табылмаған,
Ол халықтың мехнат шегер бәрі һәмма.
Дұғаға әзірет Иса қол көтеріп,
Бұл халықты жоқ қыл дегей көп тіленіп.
Кәпірдің кәрденіне[23] жара шыққай,
Бұларға Жаппар Құдай бәле беріп.
Жарадан пайда болып құрттар өнер,
Зақымынан жарақаттың баршасы өлер.
Мұнан соң әзірет Иса асхабымен
Қамалған тау ішінен шығып келер.
Өліктен бір таза жер болмас әркез,
Алғайлар жаман иіс дүниені тез.
«Ия, Алла, бұл бәледен құтқарғын» деп,
Арыз етіп әзірет Иса айтады сөз.
Аспаннан Хақ әмірімен құстар барып,
Көтеріп өліктерді кеткей алып.
Жаңбырдың суыменен жердің жүзі,
Тұрады онан кейін тазаланып.
Онан соң пайда болар бір бәрәкат,
Базысын ызһар етіп әйлайын жад.
Бір қыстақ бір сиырдың сүтін ішіп,
Тауыспас бір анарды бір жамағат.
Кәпірдің садағымен һәм оқтарын,
Әр түрлі жарағының және бәрін.
Жеті жыл мұсылмандар атқа жағар,
Онда һәм таусылмайды асһабы оның.
Онан соң жақсы иісті бір жел тұрып,
Момынның жанын алғай қабыз қылып.
Дүниеде қалушылар кінә қылғай,
Әр қатын айуан сыпат бірге жүріп.
Күнәнің дүниедегі бәрін етер,
Бір жүз жыл мұныменен арада өтер.
Онан соң Дабатул арз[24] ат қойылған,
Бір мақлұқ шықпағына нәубет жетер.
Бесінші болатұғын аламаты,
Кітапта Дабатул арз болған аты.
Мақұлықтың бәрінен де үлкендүр деп,
Жазылған нұсқаларда рауаяты.
Кағбаны тұрған уақта тауап етіп,
Қозғалғай жер жүзіне ләрзән[25] жетіп.
Меккеи мукаррама қозғалады,
Мысалы Шам сияқты хәдтен өтіп.
Бір айуан бастарында мүйізі бар,
Осылайша үлкендігін нақыл қылар.
Мүйіздің екі арасы алыстықта,
Есепте он екі мың атымдүрлар.
Жарылып сана таудан осы демде,
Ішінен ол хайуанат шыққай сонда.
Үш күнде үш хиссадан бері шығар,
Денесі боладүрлер қанша реңде.
Араптың ләбзіменен айтады сөз,
Көңіл еткен жайларына жетеді тез.
Дүниеге әділдікті толтырады,
Ешкімге зұлым етпейді әслі әркез.
Мұсаның алып шыққай асасын[26] бәс,
Мұсылман жүзігі һәм оған жолдас.
Асасын ишарат қып тигізеді.
Момынның есебінде болса әркез.
Алдына жазылғайлар және бір хат,
Ол құлдың момындығын әйлаған жад.
Жәннатта орның бар деп хабар бергей,
Онан соң боладылар құрсантты шат.
Жүзікпен кәпірлерге таңба салар,
Алдына бір жазу хат мәлімденер.
Жаһаннам қауымынан деп жазылғайлар,
Кетпестен денесінде тұрып қалар.
Онан соң бір-біріне болсалар кез,
Жазылған нышан әріп көреді көз,
Жаннаты жаһаннам деп шақырады,
Өз атын зікір етпейді әслі әр кез.
Алтыншы аламаты бұл еді түн,
Күн шықпас мықдарынша үш күн, үш түн.
Онан соң күнбатыстың тарапынан,
Сарғайып заһир болып шығады күн.
Ол уақтың мұны көріп адамдары,
Аллаға тәубе қылып тұрар бәрі.
Олардың бұл тәубесі қатал болмас,
Кітапта тәубауи иәис дейдүр оны.
Тұрғайлар бесіндікке ол күн барып,
Ай шығар күншығыстан раушанданып.
Екеуі бір-біріне қосылған соң,
Батқайлар күнбатысқа қайта айналып.
Онан соң күншығыстан шығып тұрар,
Ілгергі қалыбында әдет қылар.
Расулдың хадисінен нақыл еткен,
Белгісі аламатдүр білсең бұлар.
Жетінші аламаты мұндай болар,
Дүниенің баршасынан түтін толар.
Саманның бұл уақтағы мысалында,
Бір мәрте көтерілмей қырық күн тұрар.
Момындар шамасында мехнат тартар,
Кәпірдің қайғы, ғамы хәдтен артар.
Түтінді шылым қылып тартпақтықты,
Харам деп соның үшін кітапта айтар.
Түтіннің харам болған себебі бұл,
Халық еткен азап үшін һәкімі құл.
Харамнан пәрһиз[27] етіп қашпақтықты,
Мұсылман момындарға уәжіп деп бір.
Уәжіпті тәрік қылмақтық болғай харам,
Кітаптан көріп айттым бәрін тамам.
Түтіні төмендікті тәрк еткейлер,
Бұл сөзден ғибрат алып әрбір адам.
Ақырға үш аламат бардүр және,
Ғалымдар иғтиқад[28] қып айтты оны.
Күншығыс, күнбатыстан һәм Меккеден,
Жер үзіре[29] болса керек үш нышаны.
Базы дер көтерілгей Құраннан хат,
Көңлінде еш адамның қалмағай жад.
Базы дер ақыр уақта ақпай тұрар,
Ніл билән Сейхун, Жайхан, Дәжла, Ефрад.
Табияның тәпсірінде осы сөз бар,
Бес дария ілгеріде болған изһар.
Жәннаттың бұлағынан әуелінде,
Жәбірейіл жер жүзіне келтірділер.
Иәжуждің шыққанында пәйкіл әмин,
Жәннатқа алып кетер оның бәрін.
Көңлінен ғалымдардың көтереді,
Алланың әмрі мағрұф[30] ілімдерін.
Хажарул асуад[31] һәм алып кетер,
Мақамы Ибраһимның жоғары елтер.
Қойылған ішіндегі ашиясымен[32],
Мұсаның табыты һәм аспанға өтер.
Дүниеде қалмағайлар бір берекет,
Білместер тура жолды еш адамзат.
Кейінгі есіткендер білсінлер деп,
Тәпсірден бұл сөзді һәм әйладым жад.
Иәминнен[33] һәм хәдінен бір от шығар,
Сәулесі жарық болып дүниені алар.
Әуелден ақырғаша халықтың бәрін,
Жеріне махшаргаһтың айдап барар.
Белгілі аламаттың айттым түрін,
Зікір етер кітаптарда шархын[34] мұның.
Имамдар ықтылаппен[35] баян еткен,
Қайсысы келмегінде әуел бұрын.
Айтылған аламаттың баршасы өтер,
Онан соң қияметтің уақты жетер.
Ысрапыл бір мәртебе сорын тартып,
Күллі һай мақлұқатты бәрһам етер.
Екінші бұл рәкінде айтылғанын,
Көретін өлгендегі әрне халін.
Пенденің сенбегі парыз еді,
Иманнан есеп қылар мұның бәрін.
Білдіріп оның үшін әйладым жад,
Оқыған һәм есіткен әр адамзат.
Айтылған ахуалаттың баршасына
Ықыласпен тұрыңыздар қып етіп жад.
Тоқтаттым бұл сөздерді әйлап тамам,
Кетті ме қаталықта жазған қалам.
Пенденің түрлі қате айыбы көп,
Бір сауап Алла білер уаллаһу ағлам[36].
[1] Мүжмәл /а/ – мазмұн
[2] Пәһім /а/ – түсіну
[3] Мүдәррис /а/ – мұғалім, ұстаз
[4] Ағаз /п/ – бастау
[5] Тәбір /а/ – болжам, жорамал
[6] Мұнаууар /а/ – жарық, жарқыраған
[7] Харап /а/ – бұзылу, қирау
[8] Кәттә – үлкен
[9] Дәжжал – қияметтің алдында пайда болатын, адамдарды жолдан тайдыратын бір көзі жоқ жалғаншы
[10] Лағин /а/ – қарғыс атқан; шайтан
[11] Һәдие /а/ – сыйлық
[12] Парияд ету /п/ – зарлау, зар еңіреу
[13] Мықдарынша – шамасынша
[14] Мәлак /а/ – періште
[15]Әулад /а/ – ұрпақ; балалар; әулет
[16] Зәнжір – шынжыр
[17] Ғар – үңгір
[18] Мәнзіл – үй, мекен
[19] Дағуа /а/ – нала; арыз, шағым
[20] Жүһүд – еврей, мұса пайғамбардың үмбеті
[21] Шимал /а/ – солтүстік
[22] Андаз /п/ – жауынгер
[23] Кәрден /п/ – мойын
[24] Дабатул арз – жер бетіне шығатын мақұлық, кәпірлер мен мүміндерді бір бірінен ажыратады.
[25] Ләрзан /п/ – дірілдеген, қалтыраған
[26] Аса – таяқ
[27] Пәрһиз /п/ – сақтану, жамандықтан аулақ болу
[28] Иғтиқад /а/ – сенім, наным, нану, имандылық
[29] Үзіре /т/ – жоғары, үсті
[30] Әмрі мағрұф /а/ – ғылым-білім иесі
[31] Хажарул асуад /а/ – қағбада орналасқан қасиетті қара тас
[32] Ашия /а/ – заттар
[33] Иәмин /а/ – оң жақ
[34] Шарх /а/ – түсінік, сипаттама
[35] Ықтылап /а/ – алуан түрлі, сан қилы, түрлі
[36] Уаллаһу ағлам – Алла біледі