Ғалымның хаты

Абылайдың хан сайлануы және қожалардың қызметі

Қазақ халқының бағына туған даңқты тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Абылай хан өмірі оқырман  қауым  үшін  тағылымды. Адамзат тарихында тағдырдың жазуымен, өзінің қайраткерлік қарымымен өз өмір сүрген уақытының белгісіне айналатын сирек тұлғалар бар. ХҮІІІ ғасырда  жан-жақтан анталаған жаулардың табанының астында қалған Қазақ хандығын қайта жаңғыртып, оны Орталық Азиядағы ірі саяси күшке айналырған Абылай хан осындай сирек тұлғалардың қатарында. Әрине, әр елдің адамзаттың ұлы көшінде өз орыны бар. Бұл жағынан ХҮІІІ ғасырдағы Қазақ хандығын ерте дүниеде, орта ғасырларда кәрі құрылықты түгел иемдеген Еуразия көшпелілерінің ұлы империяларымен салыстыра алмайсыз. Абылай хан  ХҮІІІ-ші ғасырда өмір сүрді. Бұл  ғасыр Еуразия көшпелілерінің жасампаз рухының әлсіреген, адамзат баласының тізгінін Еуропаның отырықшы халықтарының алған  уақыты. Соған қарамастан Абылай заманында қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін сақтау үшін ауыр күрес жүргізді.

Абылайды үш жүзге хан көтеру туралы әңгіме  1771 жылғы Еділден Алтайға қашқан торғауыт көшін Қытай шекарасына ұзатып шығарып салғаннан кейін бекітілді. Жаугершілікте бас қосқан  қазақтың үш жүзінің жауынгер азаматы күзде Түркістанда кездеспек болып сөз байласып тарады.  Қазақ баласы, міне,  екі жылдың аясы үлкен  хансыз  өмір кешіп жатыр. Отыз жыл бойы үлкен орда тағында отырған,  Әз Тәуке немересі, Болат ханның баласы Әбілмәмбет 1769 жылы бақи дүниеге сапар шеккен. Ақылды, сабырлы, салауатты хан қазақ көшін сарабдал сорапқа салып барып көз жұмды.

1771 жылдың күзінде  қазақтың үш жүзінің сайыпқыран батыр-билерінің бәрі Әзіреті Сұлтанға жиналды.  Тек қана қазақтың үш жүзі емес, қазаққа жапсарлас қонған және алты алаш санатына кіретін қырғыз, қарақалпақ, құрама елдерінің өкілдері  осы жерде бас түйістірді.  Қонақ күтіп, Хан сайлауды ұйымдастырушылардың  ішінде Әзіреті Сұлтан дағы хан ордасының азаматтары, қожалардан шыққан небір ғұламалар мен сарттардың атақты саудагер бектері де жүрді.

Қазақтың ең беделді ақсақалдары осы жауынгер топты Түркістанға Қожа Ахмет Йассауи жарықтықтың жатқан кесенесіне бастады. Хан сайлауға жиналған қалың жұрттың ан-жағында Түркістан маңайындағы елден жиналған өнерпаздар, олардың ішінде қарнайларын гүмпілдетіп, мың бұралып билеп  сарттың масқарампоздары да жүр.  Ел-жұрт алдын-ала естіп, дайындығын жасап жатқан, қазақтың ұлы тойларының  бірі Абылай ханды үш жүздің баласы ақ кигізге көтеріп қазақтың алтын тағына отырғызу салтанаты  осылай  басталған еді. “Қайырусыз жылқы бақтырған, қалыңсыз қатын құштырған, қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ” заманның басты  кейіпкері Абылайды хан тағына елдің кемегер қариялары қолтықтап отырғызды. Қазақтың  қырық жыл бойы жүргізген күресі  бір ғана мақсатқа бағытталған еді. Ол-қазақтың елдігін, мемлекетттілігін сақтау, жері мен суын сақтау. Осы елдің жер-суға ие болар азаматтарын өсіру, тұмсықтыға  шоқтырмай, қанаттығы қақтырмай бала-шағасына қамқор болу ел басыларының қасиетті міндеті.

Хан көтеру туралы елдің азаматтарының шешімі Әбілмәмбет хан ордасының жанында, Әз Тәуке хан заманынан белгілі  Күлтөбенің басында айтылса, ханның құрметіне дұға оқу рәсімі Әзіреті Сұлтан кесенесінің ішінде өтті. Бұл шаруаны Қазақ хандығы құрылғаннан бері мемлекеттің рухани тіршілігіне басшылық жасаған қожа әулетінің өкілдерінің өткізгеніне еш күмән жоқ. Сол заманының кейіпкері, хан ордасында жиі болатын барлаушы капитан Брехов  хан сайлау оқиғасы туралы «ханское титло он приобрел еще прошлого 1771 года, во время преследования бежавших из протекции ея и.в. волских калмыков чрез трех орд ханов, солтанов, старшин казахов, ташкенцов и туркестанцов самолутчих людей, с общего согласия с тем, чтобы ему, солтану, быть над всеми анамаи главным. Будучи в Туркестанте при гробе Святого Ходжи Ахмета. При чем по обычаю их и по образу прежде возведения ханов прочитана утвердительная молитва, а по ней де и действительно на ханство возведен поднятием пред всем собранием на белой кошме».         Капитан Бреховтың айтып отырған «утвердительная молитвасын», яғни Абылайдың хан болуына бағышталған дұғаны тек қожа әулетінің ішінен шыққан аса беделді дін басылардың бірінің оқығаны даусыз және бұл шара Ахмет Йассауи кесенесінде болғаны барлаушы дерегінде анық жазылған.

Енді қазақтың хан сайлау тәртібінің басты шарты ақ кигізге көтеру рәсімі  мешіттің  жанында өтуі керек. Әзіреті Сұлтан күмбезінің сыртындағы қорғанның маңайындағы боз шалғынды, шағала құмды алқапқа киіз үйлерді тігіп қойып, ортасына ханның шатырын орнатты. Үш алаштың баласы осы жерде боз қасқа мен көк қасқаны сойып тастап хан сайлауға дайындықты бастап кетті. Алдымен байырғы тәртіп бойынша хан сайланар адамды боз биенің сүтіне шомылдырып алады, бұл өте көнеден келе жатқан дәстүр. Ақты қасиет тұтқаны – бұдан былайғы уақытта енді қазақтың баласы ханға қарсылық – Құдайға қарсылық деп мойындағаны. Одан кейінгі тәртіп – ханды боз кілемнің үстіне салып биік жерде орнатылған таққа дейін көтеріп барады екен. Абылайды ақ кигіздің үстіне салып «әуп» деп үш жүздің белгілі, атақты деген би-батырлары көтеріп алады, қасиетті кигізді көтерген қазақ баласы, енді ханды өмір бойы сыйлап, көтеріп отыруға міндетті. Осы жауаптылықты мойнына алған жақсы-жайсаңдар ханды ақ кигізге салып алып алаңды бір аралатып таққа алып келді. Аралататын себебі хан шатырын айнала тігіп тастаған ақ шаңқан кигіз үйлер әр ру-тайпаға тиесілі – ұзын найзалардың басында тулары желбіреп тұр. Енді осы рулар ханды қандай қиын жағдай болмасын қорғауға, сақтауға тиісті, тек соған бейілді елдер ғана сол жерге өз үйін тігеді,  қазақ баласы үшін ақ үй де қасиетті. Абылайдың  хан көтерілу оқиғасын Шоқан былай сипаттайды: «После смерти Абулмамета народ единогласно избрал его в ханы, как более достойного из всех своих султанов, помимо наследственных прав, которые имели, по казахским законам, дети Абулмамета. Русский очевидец этого избрания говорит, что все собравшиеся родоначальники, подняв его на тонком белом войлоке, осыпали похвалами за храбрость и проворство и пересказывали друг другу одержданные им победы, и что потом, когда изорвали на мелкие лоскутки и разделили между собой его верхнее платье, всякий доволен был доставшеюся ему безделкой и превозглашал достоинство избранного хана».

Тойдан кейін Хан кеңесі сайланады – бұл да ертеден қалыптасқан дәстүр, әсіресе Әз Тәуке ханның кезінде хан кеңесі елдің тұтқасы еді. Елдің етек-жеңін жинап алуда хан кеңесінсіз болмайды.  Қазақ мемлекеті дегеніңіз – бұл үлкенді-кішілі рулардың ынтымағы, өзара келісімі. Ынтымақ жоқ па, онда мемлекет те жоқ!  Бұқар жырау қалай толғамасын мұндайда, сөздің шұрайы, тұнығы осындайда ақтарылмас па :

         Күпшек санды күреңді,

Тәбияға жаратқан.

Қырық сан қара қалмақты,

Жарлығына қаратқан.

Айбалтасын алтынменен булатқан,

Алапасын арттырып,

Арпалап атты қунатқан.

Лабашы деген бір ерді,

Антыменен улатқан.

Еренші менен Серенді,

Тозғындатып шулатқан,

Үшбу елдің бектерін,

Мәслихатқа келтіріп,

Еңсесі биік боз орда,

Салтанатқа орнатқан.

Болаттан шеге соқтырып,

Шаңырағын торлатқан.

Сәлем соғым келтіріп,

Он табаққа толтыртқан.

Кебежесін қалы нарға теңдеген,

Шынардан уық жондырған.

Қарыс кілем шығарып,

Қазы, қарта ілдірген.

Қарағай найза сүйретіп,

Қайыңнан қақтап шаптырған.

Қазығын қалайыдан қақтырып,

Көрмеген көздер салдырып,

Өрнегін елден арттырған.

Тоқпағын сом алтыннан соқтырып,

Нықара күміс шаптырып,

Былғары саба пістіріп,

Шыны аяқпен іштірген,

Орындығын оймыштап,

Ою нақыш салдырған,

Сырықтарын сырлатқан,

Сап алтыннан қырлатқан.

Көшсе қырық ер арта алмас,

Қырық мың атан тарта алмас,

Сандығын сары алтынға малдырған

Алғын-шығын арқалап,

Бетіне бедер қамқа салдырған.

Қызыл аяқ мал жиып,

Қалижесін алдырған.

Туырлығың қара кес,

Толылы бір түндігің,

Үшүғадан ұстатқан.

Байтағың байып мал беріп,

 Байрақты жерге қыстатқан.

Қабат-қабат төселген қалы кілемдердің үстінде, құс жастықтарды шынтақтап жатқан қазақтың батыр, билері осы тұста жапа-тармағай «Бәрекелле, сөзіңіз шын, жырау аға», «Жүз жаса, мың жаса, Әулие», «Көмекейіңнен айналдық, Көмекей Әулие» десіп жатыр. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар – осыдан жиырма-отыз жыл бүрыи қазақ үшін жанын шүберекке түйіп, қан кешіп жүрген өрендер бүгін қабырғалы кеңес айтатын ел ағалары:

   Ғаділдігін Наушаруандай,

Ғаділдерге жеткерген.

Жомартлығын Хатымтайдай

Жомарттардан өткерген,

Күнде мехман күзетіп,

Кесекілеп ет берген,

Имандының ісіне қарап бет берген,

Бір құдайдың дидарын,

Сен көрмесең кім көрер,

Табандасқан дұшпанға,

 Күнінде қылыш шауып өткерген!

Ресей үкіметі Абылайдың хан сайланғанын естігеннен кейін қайта-қайта аманат туралы әңгімені қозғап болмады. Бірнеше жылға созылған Е.Пугачев бастаған көтерілістен Ресей есін жинау бастады. 1776-шы жылы ақпан айында Абылай ордасына Орынбор губернаторы Павел Дмитрович Мансуров жіберген капитан Брехов бастаған елшілік келді. Оның құрамында жиырма бес адам бар еді. Тілмашы Омбының татары Бекчурин, қалғандары Омбы бекінісінің бастығы Агарев пен Қызылжар бекінісінің бастығы Сумароков таңдап жіберген әскери қызметкерлер. Абылай ордасына олар 1776-шы жылы ақпан айының басында жетті. Бреховтың өзі бұл елшілік сапарын былай суреттейді: «на обывательских семи подводах, и в пять дней в зимнее  киргис-кайсацкого Аблай –солтана при горе, называемой Кокчатау, пребывание прибыв на другой день, то есть 2 февраля, и спрося пред него солтана допуск, при изьявлении вашего высокопревосходительства почтения, губернаторское и ваше письмо ему, солтану, сидевшему в убранном из построенных ему деревянных в одном покое в присутствии детей его подал» дейді.    Көкшетауда ханның ағаштан қиып салған ордасында болған әңгіме көбінесе Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы болашақ қарым-қатыныстарға арналды. Брехов өзіне тапсырылған жұмыс үкімет тарапынан Абылайдың хан атағын бекіту екендігін, ол үшін Ресей 6асшыларына қағаз жіберу қажеттігін жеткізсе, Абылай 1771-ші жылы Ахмет Йассауи кесенесінде Үш жүздің басшылары, Түркістан мен Тәшкент елі қатысып хан көтеру рәсімі жасалғандығын хабардар етті. Екі жақ дегенменен орыс пен қазақтың арасын нығайту ниетін қолдап елші ауыстырғанды жөн көрді. Осы келісім бойынша Абылай Санкт-Петерборға кіші ұлдарының бірі Тоғымды елшілікке дайындады. Тоғым сұлтан бастаған – Дат Қарабатыр ұлы, Тәуекел Меңлібай ұлы деген атақты билері бар Мамыт,  Рыскелді, Таңғат деген кеңесшілері бар Абылай елшілігі ақпанның 28-і күні Қызылжарға келді.

Тоғым сұлтан Абылайдың Уәли, Шыңғыс, Ғұмардан кейінгі төртінші ұлы еді. Алғашқы елшілікке атанған ұлына хан Екатерина екіншіге тапсыратын хатты берді:

«Впротчем, ко всевысочайшему двору В.и.в. весподанейшие доношу: Абулхаир и Абулмамбет ханы скончались, которые предкам моим были родственники. Как они от сего света отошли, так чреда ханского достоинства досталась мне. По кончине их, всех киргиз-кайсацких орд, то есть Большей, Средней и Меньшей, ханы и солтаны купно с большими и меньшими города Ташкента и провинции Туркестанской с общаго согласия в прошлом 1771 году в городе Туркестанте при гробе мусульманского нашего святого Ходжи Ахметя, по обыкновению нашему, прочтя молитву, наименовали меня всех трех киригиз-кайсацких орд ханом, в которое звание и действительно возвели. Однако, хотя и по обыкновению состояния нашего в том звании и нахожусь, только В.и.в. всеподданейше прошу, то ханское мое звание пожалованием из благославленных рук В.и.в. за золотою печатью высочайщей грамоты всемилостливо подтвердить» .

Абылай ханның  өзінің айтуымен жазылған бұл хат та оның үш жүзге хан болып сайлануы Ахмет Йассауи кесенесінде, қожалардың тікелей қатысуымен болғанын айғақтайды.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button