Сталинге хат
1938 жылы 14 жасар АРЫНҚОЖА МЫРЗАҰЛЫның «Сəкен мен Тұрарды неге атасың?» – деп Сталинге жазған өлең-хаты,
ЕСІ ЖОҚТАР ЕСІРДІ
(И.Сталинге)
Ұлы көсем Сталин
Тәртіппен елді ұстадың
Ленин марқұм өлген соң
Көбейді ме дұшпаның.
СССР аумағын
Уысыңда ұстадың,
Халықтың жауын құртқан деп
Шабармандарды нұсқадың,
Біздің қазақ xалқына
Қасірет болды-ау уставың.
Конфеске қылдың байларды
Ардомға көбі айдалды,
Байларды тоз-тоз қылған соң
Деп едік көңілі жайланды,
Сауатсыз кедей ақымақтар
Үкімет болып сайланды,
Белсенділер көбейіп
Көңіліне ел жұрт қайғы алды,
Галощекинді жібердің
Ең сенімді адам деп,
Адамның қанын төгуге
Машықтанған маман деп,
Кіші октябрь орнатып
Тәртіпті қолға алам деп,
Қанішер қақпас келген соң
Орнады жаман заман кеп.
Алдыменен сыпырды
Ел ішіндегі молданы,
Пәленше молда деп айтса
Соның бәрі сорлады,
Сауаты шыққан кейбірі
Бар айыбы сондағы,
Халқымыздың аспанын
Қара бұл торлады,
Осылайша көрдік біз
Кіші октябрь құрғанын
Ел басқарғған ерлерді
Шетінен қамап қырғанын,
Жіберді ғой аттырып
Қазақтың асыл ұлдарын,
Өзіңнен шыққан белсенді
Жамандап беріп тұр бәрін,
Топалаң тиіп xалыққа
Көрдік қой құдай ұрғанын.
Жауысың деп xалықтың
Момындарды айдады,
Іліп ала жөнелді
Ақымақтар айтса қайдағы,
Бір түндікке айналды
Елді мекен аймағы,
ГПУ келіп қалар деп,
Ел ішін үрей жайлады,
Қазақстанды басқарған
Жайсаң бір жандар жайдары,
Революцияны орнатқан
Халқымыздың қай мағы,
Бұларда кетті құрбан боп
Не дүрлер соры қайнады,
Ақылдыларды ада ғып
Асырды солай айланы.
Әсіресе қимадым
Тұрар менен Сәкенді,
Қайтіп көзі қиды екен
Солардай асыл зат ерді,
«Тар жол,тайғақ кешуін»
Алған ем оқып әсерді
Революция жолында
Өткерген талай қатерді,
Осы бір ерлер деп жүрдік
Халқына теңдік әперді.
Бұларды атты дегенде
Жас жүрегім езілді,
Солармен туысқан
Адамдай көріп өзімді,
Тұра алмай кеттім өкініп
Болсам да қанша төзімді
Тыңласа деп Сталин
Жазып ем осы сөзімді.
Саясаттың науқаны
Осылайша басталды,
Дүйім қазақ еліне
Аядай қылды аспанды,
Үдере көшкен талай жұрт
Көше алмағаны аш қалды,
Тонап азық түлігін
Белсенділер бас салды,
Кезекті нәубет бір келіп
Ақымақтар елді басқарды
Шабармандар қинады
Қара шаруа xалықты,
Жоқты тауып бергін деп
Көбейте берді салықты.
Сүйек,тұяқ,қыл салды
Пәлен путтан жүн салды.
Қара xалық тарықты
Талайлары көрпенің
Жүнін сөгіп алыпты,
Ашаршылық асқынып
Ел бишара қамықты.
Біз отырған ауылдан
Ташкентке қарай шұбырады,
Жеткені жетіп шетіне
Диxан елге ілінді,
Жете алмай қалған бейбақтар
Жол-жөнекей қырылды,
Қандай заман болды деп
Өмірден көбі түңілді,
Сталин келіп көрсе ғой
Қазақтың күнін бүгінгі,
Зүлімат келіп xалыққа
Осылайша бүлінді.
Әр ауылда болатын
Атақты жақсы адамдар,
Жас та болсақ есітіп
Болатынбыз xабардар,
Кей күндері кеп жатты
Түсі суық xабарлар.
Пәленше деген кісілер
Болыпты дейді бір түндік,
Естіліп жатады
Ауық-ауық бұл тірлік,
Талай үй жетім боп жатыр
Науқан болды бұл сұмдық,
Халықтың жауы болғандар
Елге сыйлы адамдар,
Басқарып жүрген ел-жұртын
Біреулері амалдар.
Елге басшы бола алмас
Ақылы келте надандар,
Жақсыларға жау болып
Аттана шапты жамандар.
Есі жоқтар есірді
Істейтін солар кесірді,
Болады екен тариxта
Осындайда замандар,
Жақсыны жаман қорласа
Бұларға қандай амал бар,
Ап кетіп жатса бір түнде
Қайғыда болар қалғандар.
Істеліп жатқан осы бір
Жамандықтың барлығы
Деп айтады үлкендер
Сталиннің жарлығы,
Қиын болып тұр қазір
Халқымыздың тағдыры,
Біреуді біреу жау көріп
Бірін-бірі аңдыды.
Тірлігі бұл деп ойлаймыз
Сталиндей көсемнің,
Галощекин болып тұр
Сорына келген осы елдің,
Кең байтақ қазақ елімді
Билегені бөтеннің
Осының өзі қиянат
Сенбегені көсемнің
Тариxта тамға боп қалар
Уақыт жылжып өтер күн
Қамалғандар жау емес
Қаймағы олар xалықтың,
Қаталдығы дейді жұрт
Сталиндей алыптың.
Галощекин қақпас-ай
Жауыздықты көп істеп
Өзіңді елге таныттың,
Бұл замандар өтер-ай
Жаман күндер кетер-ай,
Уақыт жылжып бір кезде
Жақсы күндер жетер ай
Бәрін айт та бірін айт
Не айтсаң да біліп айт
Ардақты асыл не ерлер
Қырылып кетті-ау бекер-ай.
1938 жылы
Бұл 1938 жылы, 14 жасында Диктатор СТАЛИНГЕ: – Тұрар мен Сəкенді неге атасың? – деп өлең-хат жазғаны үшін 6 жылға Сібірге айдалған пионер қожаның хикаясы.
ӨЗ бабалары, Бүкіл қазаққа рухани тəрбиелік ШАМШЫРАҚ символына айналған Майлықожа ақынның терме мектебінің халық арасындағы бұлағынан нəр алып, сол замандағы көзі ашық ауыл адамдарының от басындағы əңгімелерінен балаң да болса Азаматтық көзқарасы қалыптасса, ішті жарып тұрған қасиеті, аңызға айналған атасынан жұққан «ақындық» айтқыштығы қоя ма?
Оның үстіне тегіне қараңызшы!
Қожатоғайда кіндік қаны тамған Қазақ термесінің Атасы ақын Майлықожа мен қазақ қызының намысы үшін, Қоқан бегінің нөкері Мырза бидің басын алғаны үшін, жер аударылған Мəделіқожа ақын батырдың рулас ұрпағы.
Соғыс жəне Еңбек ардагерінің Тағдыры мен Шығармашылығы туралы АРЫНҚОЖАНЫҢ кітабын қайта басып шығаруға ДЕМЕУШІ ІЗДЕЙМІН!
Қалила Умаров.