Сыр-сұхбат

Мәңгілікпен үндесу     

 Шарапаты тиіп, жақсылығын көрген, кісілігі мол азамат жайында өткен шақпен сөйлеу қашанда қиын. Дүние салғаннан кейін оның жарқын бейнесін сағынып,  рухына тағзым етуге ниет етіп, қолыңа қалам алғанда «осы сөздерді көзі тірісінде айтуым керек еді» деген жабысқақ ой жаныңды  кеміріп, өзегіңді өкініш өртей бастайды.    

Пенделік алданыштың көбелегін қуып жүріп, біз тіршілікте көп дүниеге мән бермейді екенбіз-ау!  Көңіліңді жыландай арбаған ұлылықтың сәулесін сонау аспандағы жымыңдаған жұлдыздардың арасынан іздеп, адамгершілік пен ізгіліктің шуағын шашқан  абзал жандардың ортамызда да жүргенін ұмытып кете беретініміз бар.  Асқар таудың етегінде тұрып, саясынан пана тапсақ та  Құдайдың жерге жіберген елшісіндей болып жаратылған, «болмыстың құшағындағы талай құпияны адамдардың жүрек қазынасына айналдырған» (Әбіш) алыптарымыздың қадірін біле алмай келеміз. Халқына рухының тазалығымен, жүрегінің адалдығымен қызмет еткен Герағаң (Бельгер) әдебиеттегі бағасын алмай кеткен сондай алыптарымыздың бірі болды… 

«Книголюбтағы» мақала 

Үмітіңді үкілеген тұңғыш кітабыңның қуанышы жүрегіңді қалай жылытса, ол туралы баспасөз бетінде білдірген алғашқы пікір одан бетер жаныңа ыстық.  Қара ормандай қаптаған оқырман түгіл, әдеби ортаға да әлі жөнді танылып үлгермеген сенің өнердегі бірінші қадамыңа сәт-сапар тілеген жалғыз  ауыз сөздің өзі шалқар шабыт сыйлап, күдігіңнің бұлтын сейілтіп, алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, балапан сезіміңе қанат бітіреді емес пе? Тұсауы жаңа ғана кесіліп, әдебиет табалдырығынан именіп аттаған талапкердің өз творчествосы жөнінде жазылған мақаланы оқыған кезде қалай тебіреніп, тәтті әсердің құшағында балқып, қандай күйге түсетінін тәпіштеп бермесем де түсінетін шығарсыз. Жиырма жыл бұрын дәл осындай тілмен айтып жеткізуге болмайтын ғанибет сезімді басымнан кешкенім әлі күнге дейін есімде.

Ия, ия, сол жылы  Алла  жарылқап, әдебиет әлеміне қарай алғашқы қадамын басып, балапан сезімдеріне қанат бітіп  енді таныла бастаған менің бір топ замандастарымның тұңғыш кітаптары жарық көрді. Вице-премьер қызметіне тағайындалған Иманғали Тасмағамбетовтың мұрындық болуымен, мемлекеттік тапсырыспен, «Отырар» кітапханасы сериясымен шығып, оқырманға жол тартқан жүздеген кітаптардың ішінде менің де «Ақ жауын» атты сын мақалалар жинағым бар-тын.  Тоқсаныншы жылдардың сең соққандай сергелдеңге түсірген экономикалық дағдарыстарын еліміз енді-енді еңсеріп, айылын жия бастаған өліарада шыққан тұңғыш кітаптарымыз жүрегімізге әдемі сенім ұялатып, сөніп  бара жатқан үмітіміздің шоғын үрлегендей болған. Кітабымыз қолымызға тиген соң бұрынғыдай емес, өзімізді әжептәуір ақын, жазушы, сыншы сезініп, шығармаларымызды талантты ағаларымызға сыйлап, қуанышымыз қойнымызға сыймай, мәз-мәйрам болып  жаттық. Ашық айтпасақ та, бәріміздің де көңіліміз жарыққа ұмтылған көбелектей алып-ұшып,  әдеби ортаның бір ауыз лебізін асыға күттік.

Сөз патшалығында дені дұрыс пікір есту жағынан көбінесе талантты ақындардың асығы алшысынан түсіп, жолы болғыш келеді. Оның үстіне ақындар дегеніміз өлеңде кеткен кемшіліктен де ерекшелік тауып, бір-бірінің арқасынан қағып,  мақтамаса тұра алмайтын ақкөңіл халық қой, тәйірі. Тірліктерін адам түсініп болмайтын оларды зымияндар мен залымдар санайтындардың  пікірімен түбегейлі келіспеймін. Бүгін таңертең сөздерінен от шығып, керісіп  қалып, кешке түк болмағандай табысып, туған бауырындай құшақтасып жатқан бір қауым ел көрсеңіз, ол – ақындар. Жүз жерден данышпан болсақ та  мінездері жын соққан перідей алақұйын, көңілдері бейкүнә періштедей пәк пәтшағарларды түсінбей-ақ өтетін шығармыз, мына жалғаннан.

Поэзия жүйріктерімен салыстырғанда прозада бағын сынағандардың жазушы ретінде танылуы әлдеқайда қиын. Шабыты тасып, көңілі теңіздей толқып тұрған шақта талантты шайырлар өлеңді төгіп-төгіп тастайды да, бір ай бойы әлемді шайқап, жалғанды жалпағынан басып, дүниеге сыймай шалқып жүреді. Прозаиктерде бәрі – керісінше.  Нәшіне келтіріп, қиюын келістіріп, бір әдемі әңгімені соңына дейін жеткізу үшін кем дегенде бір апта немесе тіпті, бір ай  бойы азапқа түсіп, маңдай теріңді төгесің.  Ал, ақ парақтың бетіне түспес бұрын көңіліңді алаңдатқан көркем  ойдың қазан миыңда қорғасындай қорытылып, қалыпқа түсіп, құйылып шығуы үшін қаншама уақыт керек екенін сіз – сұрамаңыз, мен – айтпай-ақ, қояйын. Жылдар бойы жинақталған  тәжірибенің жоқтығынан жазушы қиялынан туған алғашқы әңгімелердің жонылмай қалған тұстары мен сүрленбей кеткен жақтары болмай тұрмайды. Ойлы оқырманның қырағы жанары ондай кемшілікті алыстан шалады.  Әдебиетшілер – екібастан.

Сыншының жолы бәрінен де қиын. Шығармашылық сан қатпарлы, мың қабатты – күрделі әлем. Шебердің қолымен қаланған көркем туындының жақсы жазылғанын жұрттың бәрі де байқауы бек мүмкін, бірақ оның «несі керемет?», «көркемдік ерекшелігі қандай?», «жаңалығы  не?» екенін түсіндіріп, жілігін шағып талдап беру екінің бірінің қолынан келмейтін – машақаты мол шаруа. Жұрт сыншының сөзін ақиқат ретінде қабылдайды. Қателігін – кешірмейді. Жазатайым сүрініп кетсе – табалайды.

Сын жазу – зор  жауапкершілік. Таланттың қолынан шыққан, шебер жазылған шығарманың қандай болатыны туралы алдын-ала жазылып қойылған дайын рецептісі жоқ, оны бағалау үшін терең таным мен білімнен бөлек, қайрат та керек, батылдық та, нұрлы жүрек те қажет. Әсіресе, шығармашылық ортада дарындыларды  мойындайтындардан гөрі, оларды көре алмай, аяғынан шалып, орға итергісі келіп тұратындардың қарасы әлдеқайда көп.  Бұл бір.

Екіншіден сыншының жылы сөз естіген заманын өз басым көрген емеспін. Күні кешегі совет дәуірінде де сынға көңілі толғандардың көп болғаны шамалы. Шығармашылық адамының сыншыға артатын өкпесі қай заманда да қара қазандай. Байғұстардың тартатын тауқыметі мен көретін бейнетін бағаламау  – барлық уақытқа тән құбылыс. Жұрттан естімейтін сөздері де жоқ. Баспасөз бетінде бір жақсы өлең немесе әңгіме жарық көрсе, елдің көңілі елең ете қалады. Жүздеген кітаптарды ақтарып,  көз майын тауысып жазған сыншының еңбегі көбіне еленбейді.  Батыр болсаңыз, батылыңыз жетіп «Бізде проза немесе поэзия жоқ» деген тентек пікірді айтып көріңізші, жағдайыңыздың нешік болатынын көрейін.  Ал, «бізде сын жоқ» деген кесімді жазаны белгілеу әдебиетіміздегі қалыпты үрдіске айналғанына қай заман. Жағдайлары жетісіп тұрмаса да өздеріне қарсы қарша бораған әділетсіз пікірлерге жігері жасымай «әдебиет – ардың ісі» екенін дәлелдеумен келе жатқан бір қауым болса, ол – сыншылар.

Міне, сондықтан жарық көрген еңбегім сын кітабы болғандықтан және онда жастыққа тән максимализмнің желігімен талай адам ауыр қабылдайтын ой-пікірлер  айтылғандықтан ешкімнен де жақсы пікір күтпедім.

Кітабым шыққан кездегі қуанышымның қызуы басыла бастаған күндердің бірінде менің сын-мақалалар жинағыма алғысөз жазып, сәт-сапар тілеген, өнердегі ұстазым, һәм қамқоршым Зейнолла Серікқалиев ағам ойламаған жерден хабарласты. Телефон арқылы азды-кем амандық-саулық сұрасқан соң ол: «Сенің кітабың туралы  «Книголюб» газетіне шыққан орыс тілінде жазылған мақаланы оқыдың ба?» деп  күтпеген сұрақ қойды.  Аң-таң қалып, оқымағанымды мойындадым. Зекең болса: «Газетті тауып алып, міндетті түрде оқып шық. Өте сауатты жазылған дүние. Кітабыңа ғана емес,  шығармашылығыңды да жан-жақты талдап, жоғары баға беріпті», – деп одан бетер менің қызығушылығымды арттыра түсті.

Ертеңіне бүкіл Алматыны табанымнан таусылып шарлап «Книголюб» газетін көк базардың жанындағы дүңгіршектердің бірінен әзер таптым. «Первая книга критика» деп аталатын газеттің тұтас бетін алған көлемді мақала расында да  жақсы жазылыпты. Автордың менің творчествомды ғана емес, жалпы қазақтың әдеби әлемінің қазанында қайнап жатқан дүниелердің бәрін де назардан тыс қалдырмай, оқып жүретіні жазу мәнерінен-ақ байқалып тұрды.  Бір өкініштісі басылымда мақала  авторының аты-жөні көрсетілмепті.  Кімнің жазған дүниесі екенін білгім келіп газет редакциясына сан мәрте телефон шалғаныммен,  ешкім жауап бермеді.

Көңілім толқып, ойым сан саққа жүгіріп, ұйқым қашып, түні бойы кірпігім желімденбей қойды. «Орыс оқырмандары алдында менің абыройымды асырып, мерейімді өсіріп тастаған жұмбақ жан кім болды екен?» деген жегі сауал таң атқанша жаныма тыныштық бермей, мазамды алды.   Орыс тілінде жазатын, оның ішінде қазақтың сөз өнерін біледі-ау деген авторлардың бәрін ішімнен тізіп шыққаныммен, кімнің мақаласы екеніне ақылым жетпей, басым қатты.

Жауабы табылмаған талай сауалды мезгіл тасқыны ағызып әкеткенімен, осы бір сұрақ ойымнан кетпей, көңілімнің бір түкпірінде беріштей бекіп, тастай орнығып  жатып алды. Құстай ұшқан уақыт заулап, көзді ашып-жұмғанша он жыл да зымырап өте шықты.

2008 жылдың желтоқсаны еді.  Бір себептермен қызмет ауыстырып радиоға жұмысқа тұрдым. Алматының көшелері ақ мамыққа оранған қыстың ортасында сұхбат алу үшін әдебиетіміздің ақсақалы, жазушы Герольд Бельгерге жолығуға тура келді. Сыртынан ғана біліп, баспасөзде жарияланған еңбектерін оқып жүргенім болмаса, кездесетін кейіпкерімді жыға танымаймын.

Әуелі екеуміз телефонмен сөйлестік. Өте биязы, мәдениеті жоғары, зиялы адам екенін сөйлесу мәнерінен аңғардым. Ол сұхбат беретін уақытын белгіледі. Сағат төртке келістік.  Кешігіп қалмауымды өтінді.  Кешкі бесте Герағаңа  тағы да бір тілші сұхбат алуға келеді екен.

Үйден ертерек шығып, сағат тілі тура төртті көрсеткенде жазушы пәтерінің түймедей қоңырауын бастым. Есікті Герағаңның өзі ашты. Амандық-саулық сұрасқан соң, әуелі әңгімелесетін тақырыбымыздың нобайын белгілеп алдық.

Өмірімде бірінші рет Герағаңнан сұхбат алып отырған мен ол кісінің  қандай қитұрқы сауалдар қойылса да күлбілтелемей, ешкімнен тайсақтамай сөйлейтін батылдығына, ойын ішінде бүгіп қалмай, ашық айтатын турашылдығына дән риза болдым.

Сұхбат алуға Герольд Бельгердің «Кезбенің үйі» (Дом скитальца) романының  Германияда жарық көруі түрткі болып еді. Жазушының көркем туындысы маған қатты ұнаған. Романда кезінде жер аударылып, қуғындалып, тағдырлары тәлкекке ұшырап Қазақстанға келген немістер жайында  баяндалады.  Кітапта бас кейіпкердің көзімен көрген жағдайлары, басынан кешкен оқиғалары өте әсерлі сипатталыпты. Шығарманы оқи отырып, қазақтардың немістерді қабылдауында және олардың біздің халыққа оңай сіңісіп кетуінде табиғи заңдылық бар екенін аңғарасың. Неге дейсіз ғой? Немістер де, қазақтар да неше түрлі  азап пен қорлықты басынан өткерген халықтар ғой. Сондықтан езгі мен теперішті көп көрген ұлттарда  бір-біріне деген бауырмашылық сезім күшті болады және олар бірін-бірі жақсы түсінеді. Герағаңның қазақтың жанын жақсы түсініп, бауыр басып кетуінің негізгі себебі осында жатқандай болып көрінеді, маған. Әйтпесе, сонау тоқсаныншы жылдардың қиыншылығында артына қарайламай Германияға тартып отырса, ешкім де оны кінәламас еді. Табалап, соңынан сөз де айтпас еді. Қаны неміс болғанымен, рухы қазақ еді, Герағаңның. Рухынан бас тартуды өлім санады, өзіне. Жазушымен сұхбаттасып отырғанымда осы шындыққа көзімді  жеткізгендей болған ойлардың сағымы санамда мұнарланды.

– 1941 жылы бізді Еділ бойынан Қазақстанға, Сібірге жер аударды, – деп бастады ол әңгімесін. – Ол жерде біздің автономиялық республикамыз болатын. Мен сол республиканың астанасы Энгельс қаласында тудым. Жеті жасымда Қазақстанға келіп, содан бері осы елде тұрамын. Шығармадағы негізгі оқиға осыдан басталады. Ал, 1956 жылы Совет одағында тұратын немістер жылымықты сезіп, оларға аз да болса бостандық берілді. Оған дейін немістердің барлық жағынан жолы кесіліп, құқығы шектеліп, тіпті, оларды жоғарғы оқу орнына  қабылдамайтын. Еркін жүруге құқығы жоқ-тын. Мен сол жылымықтың арқасында алғашқылардың бірі болып жоғары білім алу бақытын иеленген неміспін.

1954 жылы КазПИ-ге бар-жоғы бес-ақ неміс оқуға қабылдандық. Бізге дейін ол білім мекемесіне бірде-бір неміс түсе алмаған. Ал, кәсіби диплом  алғысы келген кейбір немістер аты-жөнін, ұлтын өзгертіп жазуға мәжбүр болған. Менің романым немістердің еркіндік алуына рұқсат етілген осы кезеңмен аяқталады. Роман Астанадағы «Аударма» баспасынан 2003 жылы жарық көрді. Екі жыл бұрын «Раритет» баспасы романды қайта басты.

Біраз уақыт өткеннен кейін Германиядағылар романға қызығушылық танытып, Берлиндегі «Ханц Шиллер» баспасынан неміс тілінде шықты. «Қазақ кітапханасы» деген сериямен елімізде  туған он бес шақты авторлар кітабының қатарында неміс жерінде менің  романым да жарық көрді.

Марқұм әкем енді мен Еділге қайтпаймын, өз Отаныма оралмаймын, қазақтың арасында қаламын деген шешімге тоқтап, ақыр соңында қазақ ауылында зәулім ағаш үй салған азамат. Романның оқиғасы да осы бір эпизодты суреттеуден басталады. Шығармадағы кейіпкерлер – аяулы әкем, еңбек армиясында болып, талай қиыншылықты көрген – інісі Христиан және Гарри есімді үшіншісі – өзім.

Гарридің көзі арқылы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, бозбала шағындағы қазақ қызына құлай ғашық болған тұңғыш махаббаты т.с.с бәрі баяндалады. Қазақтармен жақсы қарым-қатынасының арқасында алғашқылардың бірі болып төлқұжат алған, осы дархан елдің жақсылығын көрген неміс баласының тағдыры сипатталады бұл туындыда.

Романда ойдан шығарылған оқиға жоқтың қасы. Жалпы менің жазушылығымның бір ерекшелігі кейіпкерлерімнің көпшілігі өмірде болған адамдар. Оларды сол күйінде шығармаларымда сипаттаймын да, тіпті кейбіреулерінің аты-жөндерін де өзгертпеймін. Шығармамда  біздің ауылдағы талай кісілердің есімдері сол қалпында жүр. Менің бұл туындымды деректі, автобиографиялық роман десеңіз де қателеспейсіз.

–  Неміс халқы романыңызды қалай қабылдады?

– Ол туралы әзірше хабарым жоқ. Романның тұсаукесері таяуда ғана өтті. Мені немістер Кельнге шақырған. Бірақ денсаулығыма байланысты бара алмадым да, сол жақтағы немістер, таныс жазушыларым, достарым, сосын неміс тіліне аударған Лихтенфейльт дейтін келіншек қатысып, мен туралы жақсы пікір айтып, жылы лебіз білдіріпті. Германиядағы елшіміз Нұрлан Оңжанов кітаптың тұсаукесерінің қалай өткенін хабарлап маған хат жазды, ал Әлжанов есімді қазақ маған арнап неміс тілінде өлең жазып, оны жұрт алдында оқып берді. Баспагердің айтуы бойынша, шығарманың тағдыры дұрыс болатын сыңайлы. Өйткені онда  шындық, немістерге бейтаныс қазақ тірлігі бар. Сондықтан баспагер романның оқылатынына сеніп, таяуда оның екінші басылымын жарыққа шығаруға әрекет етіп жатыр, – деді Герағаң көңіл кесесіне сыймаған қуанышын жасыра алмай, көзі күлімдеп

Негізгі жұмысымды аяқтап, сұхбатты алып болғаннан кейін екеуміз уақыт тауып бүгінгі әдебиет, қоғамдағы түрлі оқиғалар, саясаттағы өзгерістер жайында да сөйлестік.  Қоштасар кезде Герағаң  «Айтпақшы, сен сыншысың ғой. Жазғандарыңды оқып жүремін. Мен де кейде қолым қалт еткенде сын жазамын, әліме қарамай. Біреулерді – сынаймын, біреулерді – мақтаймын. Жақында сол жазғандарым кітап болып шықты. Сол еңбегімді саған сыйлайын. Оқып көрерсің» деп қолтаңбасын жазып,  таяуда жарық көрген сын кітабын берді. Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп апта соңында ғана кітапты қолыма алудың мүмкіндігі туды. Үйреншікті әдетіммен алдымен  кітаптың мазмұнын қарай бастағанымда он жыл бұрын оқыған «Первая книга критика» деген мақала көзіме оттай басылды….

Мұхаңның мәрттігі      

Жақсы адам туралы  осы шақпен сөйлеу де қиын кейде. Әсіресе, өмірдің күрделі белесі мен тайғанақ өткелінде көмек көрсетіп, қолын созған адамың мемлекеттік қызметте жүрген лауазымды шенеунік болса, ол жайында бір ауыз жылы лебіз білдіру де оңайға соқпайды.  Оның ең басты себебі –кез-келген мемлекеттік қызметкер хақындағы сенің жылы сөзіңді бүгінгі жұрт жағымпаздық ретінде  қабылдайды. Пікір еркіндігінің тұсауы ағытылғаннан бері шенділердің  бәрін жаппай жамандау баспасөз еркіндігінің белгісіне айналғандай ма, қалай?  Пұт жасап, қол-аяғын жерге тигізбей оларды аспандатып мақтай бергендерді мен де құптамаймын. Бірақ, билік басында да арпа ішіндегі бір бидайдай болса да  еліне, жеріне, туған халқына шарапатын тигізіп, ұлттық рухымыздың айбынын асқақтату үшін   аянбай еңбек етіп жатқан тұлғалар бар.  Өз басым өмір сапары жолықтырып, талай жақсылығын  көрген Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедті сондай азаматтардың бірі санаймын….

Алланың сөзі жазылған діни кітапта  «Менің саған жасайтын   жақсылығым сол –  жолыңда жақсы адамдарды жолықтырамын» делінген екен. Құдайдың топырақтан жаратқан сүйікті құлына көрсететін мейірімінің шексіз екенін білдіретін осы сөздерді мен жиі есіме алып тұрамын. Өткен өміріме көз жүгіртіп, ойша шолсам, қиналған кездерімде қолтығымнан демеген сондай азаматтарды Жаратушы маған жиі жолықтырыпты. Солардың бірі – Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед….

Өткен ғасырдың соңындағы халықты күйзелткен экономикалық қиындықтар қандай отбасының шаңырағына да оңай соққы болған жоқ. Есімізге түссе бір қорқынышты түс көргендей шошып түсетін тоқсаныншы жылдар, әсіресе жоғарғы оқу орнын енді ғана аяқтап, өмір орманында оңды-солын танып үлгермеген жастарға ауыр тиді. Бәрінен бұрын, еліміздің рухани саласы қатты зардап шекті. Жабайы нарық үстемдігін жүргізіп, кітапханалар жабылып сыраханаға айналды. Амалдың жоқтығынан, келешегін сөз өнерімен байланыстыруды мұрат еткен қаншама талантты жігіттер мен қыздар қаламын тастап, нәпақасын табу үшін сауда жасап, тиыннан теңге құрап базар жағалап кетті. Жүздеген мың данамен шығып, ұлтымыздың рухани сұранысын қанағаттандырған басылымдардың тиражы күрт құлдырап 10-15 мыңға бір-ақ түсті. «Күлшелі бала – сүйкімдінің» жайылған алақанына  қарайтын күн туып, атақты ақындарымыз айы оңынан туған кәсіпкерлерге кіріптар болып,  қолында қаражаты бар бизнесмендердің  бәрі де шетінен «мықты ақынға», «талантты жазушыға» айналып шыға келді. Әкімдерді жағалауды  кейбір қаламгерлеріміз негізгі кәсібіне айналдырып, қала, облыс, аудан басқарған атқамінерлердің батыр аталарының ерлігін аузының суы құрып, жер-көкке сыйғызбай мадақтаған поэмалар, романдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлықтай қаптады.  Әділін айтсақ, сол жылдары жомарттығымен атағы шығып, қалың қазаққа «меценат» болып танылғандардың көбісі, шындығында өз аталарын дәріптеп, атағын шығаруды көздеген бизнесмендер мен кәсіпкерлер ғана еді.

Қарнымның ашқаны емес, бәрінен бұрын 1989 жылы әкемнің өз қолымен өндіріске дайындап кеткен «Іңкәр дүние» атты таңдамалысынан кейін бірде-бір жібі түзу өлеңдер жинағының жарық көрмегені менің жаныма қатты батып жүрді. Қаражат тапшылығына байланысты мемлекеттік тапсырыспен ол жылдары ілеуде біреудің ғана кітабы баспалардан шығатын.

Көңілсіздіктің тұманы Алматының аспанын түнертіп тұрған сондай күндердің бірінде «Атамұра» баспасынан бір әйел үйге телефон шалды. Менімен өте жылы сөйлескен келіншек  Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің мұрындық болуымен  «Атамұра» кітапханасы сериясымен қазақтың талантты ақындары мен жазушыларының таңдамалы бір томдығын шығару ісінің қолға алынғанын айтып, әкемнің кітабын шығарып беру үшін рұқсатымызды сұрады. Көктен тілегеніміз жерден табылғанына үй-ішімізбен мәз-мәйрам болып, біз бұл өтінішке қуана-қуана келісімімізді бердік.  Уақыт создырмай, әкемнің ең жауһар жырлары, балладалары мен поэмаларын іріктеп дайындаған қолжазбаны баспа қызметкерлеріне табыс еттім.

Бар-жоғы үш-төрт айдың ішінде сырты әдемі безендірілген «Менің мұңым – махаббат» атты таңдамалы жыр жинағы да қолымызға тиді. Отбасымыздың сол кездегі қуанышын сипаттап беруге тілімнің құдіреті  жетпейді. Қайтыс болғаннан кейін он төрт жылдан соң жарық көрген әкемнің таңдамалысын қолына ұстағанда шешемнің көңілі толқып, көзіне мөлтілдеген жас келді. Екі-үш аптадан кейін «Атамұра» баспасынан телефон шалған әйел тағы да бізге хабарласты. Мен жаным қалмай оған рахметімді жаудырып жатырмын. Ал, ол болса «Баспаға келіп,  әкеңіздің гонарарын алып кетіңіз» деп бізді одан бетер қуантып тастады. Біз мұндай жаңалыққа сенерімізді де, сенбесімізді де білмей абдырап қалдық. Өйткені, қаламақы дегенді жұрт ол жылдары біржолата ұмыта бастаған-тұғын. Ертеңіне шешем екеуміз баспаға барып, әжептәуір ақша   алдық. Анам кітаптан түскен қаражатты маған бергісі келді. Бірақ мен: «Жоқ, одан да бұл ақшаға саған бір жақсы телевизор сатып алайық. Естелік болып қалсын» деп көнбей қойдым. «Электроника» дүкеніне барып, сол жылы сатып алған үлкен телевизор әлі күнге дейін үйіміздің төрінде тұр…

***

Мен Мұхаңның рухани салаға мол шарапатын тигізген  меценат қана емес, мықты әдебиетші екенін де жақсы білетінмін. Баспасөзде жарқ ете қалған еңбектерінің бәрін де қадағалап оқып жүретінмін. Мұрын сіңбіруге де мұршаңды келтірмейтін қызметтерді атқара жүріп, осыншама мол білімді қалай жинағанын түсіне алмай, қайран қалатынмын. Елбасының баспасөз хатшысы болған жылдары газет-журнал беттеріндегі әдебиет төңірегіндегі өрттей өршіп кеткен дау-дамайға қатысты  «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатын («Әдебиет – ардың ісі») ризашылық сезіммен оқып шығып, білімінің тереңдігі мен парасатының биіктігіне сүйсінгенмін. Әдебиетіміздің мүйізі қарағайдай классиктерінің арасындағы туындаған теке-тірестердің себебін майдан қыл суырғандай етіп талдаған білгірлігі бәріміздің де аузымызды ашқызып, көзімізді жұмғызған.  Сонау көне дәуірден бастап, Орта ғасырдағы Шығыс шайырлары, Қайта Өрлеу дәуіріндегі романдар, ХVІІІ –ХІХ ғасырдағы құлашын кеңге жайған реалистік әдебиет, ХХ ғасырдағы модернистік бағыттар, постмодернистік туындылардың дүниеге келуін қазақтың сөз өнерімен байланыстыра отырып, саралаған ойларын оқып, өзім үшін көп жаңалық аштым.  Сол жылдары Қазақстанға іссапармен келген әлемдегі оқырманы ең көп бразилиялық қаламгер Пауло Коэльоның шығармашылық ерекшелігін латынамерикандық әдебиеттің тарихына тоқтала отырып талдаған байсалды тұжырымдарынан кейін  менің ол жазушыға деген  көзқарасымның біржола өзгеріп сала бергенін де жасырмаймын.  Коэльо мен Борхестің бір-бірімен үндес жазушылар екеніне осы сұхбат көзімді әбден жеткізген.

Бірақ  Мұхтар Құл-Мұхаммедпен  сөйлеспек түгіл, бір жолығудың да реті келмей қойды.  Оның үстіне ол ылғи да жоғары қызметтерде жүргендіктен, оған бір шаруамен жолыққысы келетін адамдардың көп болатынын да іштей сезетінмін. Жүздескім келгендегі ең негізгі шаруам – әкемнің екі томдығын шығарып беруге көмек сұрау болды.

Ел экономикасы еңсесін түзей бастаған жылдары дүниеден өткен біраз талантты ақындардың көп томдықтары мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Әкемнің артында қалған әдеби мұрасын  жинастырып көрсем бес томдай болып қалады екен.  Солардың бәрін реттеп, іріктеп, көлемі 25 баспа табақтан асатын екі томдай өлеңдерін, балладаларын, поэмаларын, әңгімелерін, очерктері мен сын мақалаларын компьютерге теріп қойғанмын. Ендігі үлкен арманым, жарқ еткізіп, әкемнің қалың екі томдық таңдамаласын шығару. Міне, осы үлкен мәселемен Мұхаңа жолығудың сәті түспеді. Бірақ, Құдай жолыңды ашса,  ойыңа алған шәруаң артығымен орындалады екен.   Тап сол жылы тағдырдың өзі маған оны жолықтырды.

2006 жылы «Жас қазақ» газетінде жарық көрген «Гогольдің өлімі» атты әдеби эссем Мұхтар ағамен жақынырақ танысуыма  себепкер  болды. Жұрттың бәрі іздеп жүріп оқитын басылымда  жарияланған  бұл дүнием талай адамға ой салып, қатты әсер еткен еді. Анау-мынау емес, қазақ поэзиясының патшайымы    Фариза апамның өзі мақаланы оқып шыққаннан кейін, ақын Серік Тұрғынбековтан менің телефонымды сұрап алып, хабарласып, ризашылығын білдірген.

Эссемнің  жақсы жазылғанын өзім де сезгенмін. Себебі, Гоголь туралы ойлар, сонау бала күнімнен бері менің жүрегіме ұялап, жаныма тыныштық бермей қойып еді. Мектепте оқып жүргенімде орыс ақыны Андрей Вознесенскийдің «Выпусти птицу» атты жыр жинағынан «Похороны Гоголя Николая Васильевича» деген өлеңін оқығаннан бері ұлы жазушы жайындағы көзіме түскен деректердің бәрін жинай беру үйреншікті әдетіме айналған. Сондықтан да ұзақ жылғы ізденістен туған эссемнің жаман шығарма емес екенін өзім де ішімнен сезіп, әдеби қауымның  жылы лебіздерін қалыпты құбылыс ретінде қабылдадым.

Алайда, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің өзі маған телефон шалып, пікірін білдіреді деген ой үш ұйықтасам да менің түсіме кірмеген.

«Жас қазақ» газетінде мақалам шығып жатқанда мен бір шаруалармен Астанада жүр едім. Кенеттен шырылдап қоя берген ұялы телефонымды көтерсем, үні биязы бір қыз ілтифатпен амандасып, менімен Мұхтар Абрарұлының сөйлескісі келетінін сыпайылап жеткізді. Сенерімді де, сенбесімді де білмей аң-таң қалдым.

Екеуміз телефон арқылы бір сағатқа жуық әңгімелестік. Өте қарапайым, мәдениетті, кісілігі мол азамат екенін әңгімесінің ауанынан аңғарып, ішім жылып қалды. Ол «Гогольдің өлімі» эссемді оқып шығып, мақаламды ұнатқанын айтты. Тіпті, ұлы жазушының шығармашылығы жайында мен білмейтін біраз деректерден хабардар етіп, таң қалдырды. Әңгімеміздің соңында ертеңіне түстен кейін Ақ Ордада ол кісімен жүздесетін болып келістік.

Сәрсенбінің сәтінде Мұхаң мені Ақ Ордадағы бөлмесінде  қабылдады. Шенеуніктер сияқты шіренбей, орнынан тұрып қарсы алып, екеуміз келген қонақтармен сөйлесуге арналған үстел басында, бір-бірімізге қарап отырып, сыралғы достардай әңгімелестік. Креслода отырған бастықтан гөрі, жаныңда отырған адаммен еркіндеу сөйлеседі екенсің. Мінезі  биязы, парасатты азамат екен. Сөздері  салмақты, әдебиет қана емес, өнер тақырыбындағы кез-келген әңгіменің жілігін шағып сөйлейді. Таяуда ғана Нобель сыйлығын алған түрік қаламгері Орхан Памукті тілге тиек еткенімде оның бірнеше романына тоқталып, «Менің атым Қырмызы» шығармасын жоғары бағалап, ислам мозаикасы мен суфизм жайлы әңгімелеп бергенде аузым аңқиып ашылып қалды.  Әдеби қауым енді ғана біле бастаған түрік қаламгерінің біраз шығармасымен танысып та үлгеріпті. Мерзімді басылымдарда жарық көріп жатқан қазақ қаламгерлерінің кере қарыс романдарын да қалдырмай оқиды.  Қалай уақыт табады? Қашан оқып үлгіреді?

Сол жылы «Қазақстан» телеарнасында түрлі ауыс-түйістер болып жатты.  Мұхаң күтпеген жерден маған «Қазақ» радиосының «Руханият» бөлімінің басшысы болып баруға ұсыныс жасады. Мен келістім.  Негізгі келген шәруамды да тындырып  Президент Әкімшілігінің атына әкемнің екі томдық таңдамалы жыр жинағын шығарып беруін сұрап, өтініш жазып кеттім.

Радиоға жаңадан басшы болып барған  қазақтың талантты ақындары Жүрсін Ерман мен Ғалым Жайлыбай мені жұмысқа құшақ жая қарсы алды. Жүкең радиоға жұмыс сұрап келген бойында жылт ете қалған таланты бар  азаматтардың ешқайсының көңілін қалдырған емес. Қолынан келгенше бәріне көмектесіп, жұмыс тауып беретін.  Талантты жігіттердің еркелігіне кешіріммен қарайтын. Маған толық тәуелсіздік  беріп, артық кеткен мінездерім болса да  елемей, кеңшілік танытты, шығармашылық жұмыспен айналысуыма мол мүмкіндік туғызды.

Қазақ радиосында жұмыс істеген екі жылға жуық уақыт менің шығармашылық өмірімдегі ең жемісті кезең болды. Сыншы ретінде мені оқырманға танытқан «Кафканың үйі», «Нобель сыйлығы кімге керек?», «Қазақты сүю», «Дала жырлары», «Сөз патшасы», «Адамзаттық аманат», «Талант табиғаты» сияқты зерттеулерім мен эсселерім радиода жұмыс істеп жүрген жылдары жазылды. Жазған дүниелерімнің бәрі де кейін кітап болып шықты. Егер тағдыр мені Мұхаңдай мәрт азаматқа жолықтырмағанда талай шығармаларым жазылмай қалып, әдеби қауым жылы қабылдаған «Сөз патшасы» кітабым жарық көрмес пе еді. Кім білсін?

Күнделік сыры

 Талантты тұлғаларды тағдыр жолықтырғанымен, бір-бірін мойындап,   құрмет көрсетіп, өмірде сыйласып өтуі – сирек кездесетін оқиға. Жұртқа ұқсамай жаратылған қыры қыруар, сыры қиын дарындардың танымдары ғана емес, замандастарымен қарым-қатынасының да күрделі болып келетіні бар.  Әдебиетіміздегі атынан ат үркетін қаламгерлердің баспасөз бетінде айтысып, қырық пышақ болып қырылысып қалған  дау-дамайларын көргенімізде, дәл осындай құбылысты қазақ қоғамына тән сипат ретінде қабылдайтынымыз жасырын емес.  Шындығында танымал таланттардың сөздерінен от шығып, шарпысып қалуы әлемдегі барлық елдердің әдеби өмірінде бола беретін қалыпты құбылыс. Орыс прозасының титандары Толстой мен Тургеневтің пікір қайшылығының  ақыры дуэльге айналып кете жаздағаны мәлім.  Сөз өнерінің дерті табыстырып, шығармашылықтың тауқыметін бірге тартып, дәм-тұздары жарасқан  Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге әйгілі  жазушылар Марио Варгос Льоса мен Габриэль Гарсиа Маркестердің кенеттен араздасуының өшпенділікке ұласып, өмірінің соңына дейін татуласа алмағанын есіңізге түсіріп көріңізші. Бізден бір артық жері, өркениетті елдің  оқырмандары өнерлі перзенттерінің творчествосын пендешілік осалдығына емес, шығармашылық шеберлігіне  қарап бағалайды.  Дегенмен, қамшының сабындай ғана қысқа өмірде ел құрметіне бөленген танымал тұлғалардың сыйласып өткеніне не жетсін..

Таяуда, Герағаңның 2015 жылы жарық көрген күнделігін, «Герольд Бельгер кім?» деп аталатын естеліктер жинағын және осы кітаптың алғысөзі ретінде ұсынылған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлты неміс,  рухы қазақ қаламгеріне    жазған хатымен танысып шығып, өмірде бірін-бірі құрметтеп, сыйластықтарына селкеу түсірмеген екі зиялының пікір алмасу мәдениетінен  әдеби қауымға өнеге боларлық, тағылымы мол ғибрат алдым. Өнердің сан қырлы табиғатына үңіліп, күрмеуі күрделі шындықтарды іздеп, бірінің айтқанын екіншісі толықтыра түскен пікір таласынан  тақырыпты талдаудың не бір үздік үлгілерін кездестіресің.  Салиқалы сұхбаттасуға мән берген оқырман, көптеген деректерді жолықтырып, танымын тереңдетіп, білімге байып шығады.

Әңгімемнің әлқиссасын, Герағаңның күнделігін шолып шыққандағы алған әсерімнен бастайын. 1961 жылдың 21 қыркүйегінде жиырма жастан енді ғана асқан шағында жүргізуді қолға алған күнделігін қаламгер  өмірінің соңына дейін үзбей жазып отырыпты.  Дәл Бельгердей елу жылдан астам уақыт бойы оқығандары мен көңіліне тоқығандарының бәрін де  ыждаһаттылықпен  қағаз бетіне түсіріп кеткен қазақ қаламгерін сіз айтпасаңыз, мен тағы да білмеймін. Көлемі мың бетке жуық жазбамен танысып шыққанымда уақыт пердесі жауып тастаған кешегі күннің көрінісі көз алдыңа елестеп, көпшіліктің назарынан тыс қалған талай шындықты ой елегінен өткізіп, басқаша бағалайсың.

Бұл жазбалар жазушы өміріне тереңірек үңіліп, түрлі ситуациядағы жазушының ой ағысын зерделеуге ғана емес, ол өмір сүрген дүбірлі дәуреннің көрінісін қайта тірілтіп, көз алдымызға елестетуге мүмкіндік берді.  Азаматтық ұстанымына адал болып қалып, ардың жібінен аттап кетпеген,  жалғандыққа жаны қас Герағаңдай қаламгердің танымал тұлғаларымыз жайындағы толғамдарын әдеби өміріміздің шежіресі ғана емес, оларға берілген әділетті  баға  ретінде  қабылдасақ та қателеспейтін шығармыз. Әсіресе, сырт көзге аса байқалмайтын, әдеби орта ғана білетін құпияларды зерттеген сыншыға  талғажау ететін тақырып бұл күнделікте көп.   Өте көп.

Кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен біз осы күнделіктегі көл-көсір дүниелердің ішінен өз тақырыбымызды ғана еншілеп алып, Герағаң мен Мұхаңның арасындағы риясыз достық қарым-қатынастың себебін зерттеп, сырына  үңіліп көрмекшіміз.

Ел жақсы танитын  зияткерлерді табыстырып, бір-біріне жақындатқан нендей сыйқыр, қандай құдірет? Әрине, ең алдымен – өнерге деген құштарлық, әлбетте, содан соң – әдебиет қамы. Екеуінің де оқымаған кітабы жоқ. «Әдебиет –ардың ісі» екенін жақсы білетін азаматтарды толғандырып жүрген ұстара сауалдар да аз емес. Күнделікке көз қырымызды сала отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тағдыр жолықтырған екі тұлғаның бір-біріне деген құрметін өмір бойы жоғалтпаған сыйластығына куә болып, еріксіз көңіліміз жібіп сала берді.

1996 жылдың 18 сәуірінде Мұхаңмен кездескендегі алған әсерін Герағаң күнделігіне былайша түртіп қойыпты:  «Атамұрада» бір сағаттай Мұхтар Құл-Мұхаммедпен әңгімелестім. Қағылез, келбетті, өз ісіне берілген және оны жақсы білетін жан.  Жасы қырыққа да толмаған. Еңбекқор. Ұйымшыл. Көреген. Табанды. Міне, қазақтардың жаңа ұрпағы дегеніміз осылар. Оларды көргенде шын қуанасың. Тоғышарлықтан ада, санасында сәулесі бар азамат..

Білімді алашшыл Жақып Ақбаев туралы кітабын сыйлады, өкінішке қарай, мен ол жайында ештеңе білмейді екенмін. Маған Мұхтар қолжазба қорын да көрсетті, Бартольд, Потанин, Чулков және басқа да ориенталистер еңбектерінің көшірмесін. Және – ғасыр басындағы біртуар қазақтар туралы көшіріліп алынған қалың дәптерлерді. Мұхтардың бойында энциклопедиялық қабілет бар».  (Герольд Бельгер. «Тень дней минувших» («Өткен күннің елесі») 266-шы бет). 

Айтқанынан қайтпайтын мінезі бірбеткей, бетіңе-жүзіңе қарамай шындықты тіліп айтатын Герағаңдай қаламгердің көңілінен шығу әлбетте қиын.  «Шалқайғанға шалқайып, еңкейгенге ғана еңкейетін» ол  шенділерді жақтыра қоймайтын.  Биліктегілермен самарқау ғана сөйлесетін жазушы шенеуніктердің алдында өзін асқақ ұстайтын. Әйтсе де адам бойындағы парасаттылықты, жүрегінің түбіне кір жасырмаған тазалықты, өнерге берілген адалдықты  жоғары бағалаған  жазушы сол асыл қасиеттерді замандасының  бойынан байқап,  жақын тартып, сыралғы досындай оны жақсы көріп кетті.

«Кеше қайтадан «Абай» энциклопедиясын оқып шықтым. Шындығында да З.Ахметов, Р.Сыздықова, Рсалдин мен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Абай сыйлығына лайық екендеріне анық көзім жетті: Біріншісі 70-тен астам іргелі еңбек жазды, қалғандарының да 30-40-тан астам еңбектері бар, Құл-Мұхаммедтің мақалалары азырақ болғанымен, есесіне редактор. Сондықтан да бұл еңбектердің бәрі де «шаппай бер» жүлдеге лайық дүниелер». (Герольд Бельгер «Өткен күндер елесі», (Тень дней минувших) 275-ші бет)

Жұртқа жария ете қоймайтын, жан әлемінің түкпіріндегі сүрленген еттей сақталған құпияларын жалғыз қалғанда ақтарған жазбалардан  Герағаңның замандас інісінен гөрі, рухани сырласына айналып кеткен азаматқа деген құрметінің басқаларға қарағанда алабөтен болғанын аңғарасың. Беттері сарғая бастаған күнделіктегі ол жөнінде  айтылған әр сөйлемнен ризашылық сезімнің лебі есіп тұр.

«..Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Казправдаға» шыққан көлемді мақаласын оқи бастадым. Өте күшті, тынысы кең, ауқымды мақала. Қазақстандық әдебиетке дәл сипаттама берген. Жапон әдебиеті жайындағы ойлары мен үшін жаңалық болды. Мен бұрын-соңды да Мұхтардың бойында өте мол білім бар екенін білетінмін. Мына мақаласы құрмет пен таңданыс туғызады. Жарайсың! Данышпан! Терең зерттеуші. Мақаланың тақырыбы да дәл тауып қойылған: «Әлемді сөз билейді». Шалдардың біреуі менімен алған әсерімен бөлісті, бірақ білемін: біздің жазушылардың көбісі оны оқыған жоқ, бірен-сараны болмаса, тіпті оның мақаласында не жайында әңгіме қозғалып жатқанын да білмейді» (Герольд Бельгер, «Тень дней минувших» («Өткен күннің елесі»),  461-ші бет).   

Мұхаң да дініне берілген тақуадай өнерге бар жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан жанкештілігі үшін Герағаңды туған ағасындай жақсы көріп, сый-құрмет танытты.  Еліміздегі жылт ете қалған жақсылыққа қазақтан бетер қуанып, оның келешегін ойлап қазақтан бетер қамығатын ұлты неміс қаламгерінің халыққа жан-тәнімен қызмет етіп жүрген адалдағына тәнті болды.  Еңбекқорлығын жоғары бағалады. Дүние салғанына бірнеше жылдың жүзі болып қалса да маржандай жазуымен қолтаңбасын қалдырып, сыйға тартқан Герағаңның кітаптарын ол әлі күнге дейін ең асыл мүлкіндей қастерлеп ұстайды. Араларынан қыл өтпеген достығын мақтаныш тұтады. Жарқын бейнесін есіне алғанда кітаптарына жазып берген қолтаңбасына қарап,  маржандай жазуын сүйсіне қызықтап, Герағаңның асыл бейнесін сағынып, кісілік келбетін көз алдына елестетеді.

2001 жылы «Елорда» баспасынан шыққан «Казахское слово» кітабына «Қадірлі Мұқа! Мына кітапшаның жарық көруіне септігіңіз тиіп еді. Алғыс айтамын. Шынайы көңілден. Герольд Б» деген қолтаңбасын қалдырыпты. Інісіне деген ыстық ықыласын екі ауыз сөйлеммен ғана білдірген. Бірақ осы шағын ғана ілтипаттағы ең жақсы көретін адамыңа ғана білдіре алатын жылылық лебі жүрегіңді елжіретеді. Есіліп сөйлеп, көсіліп көлгірсудің ізі де жоқ. «Сенен артық менің досым жоқ» деген сыңайдағы құрметін екі-ақ сөзге сыйғызып жіберген. Енді міне уақыт өте келе Герағаңның кітап бетіне қонақтаған жазуларының қалайша тарихқа айналып, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің азаматтығына берілген баға болып шыға келгенін өзге түгіл, өзіміз де аңғармай да қалғандаймыз.  Кейін білдік, бұл қолтаңбаның да өз тарихы бар екен.  2001 жылдың 25 наурызында жазған Герағаңның хаты сол тарихтан сыр шерткендей.

«Қадырлы Мұхтар!

Игі істерің жайында бек хабардармын. Жөн-ақ! Қуанамын. Құптаймын. Мақтан етемін. Алда да абыройлы болуыңа тілектеспін. Кездесудің реті қиындап кетті. Сен аттың үстінде әрдайым жолда жүрген азаматсың; мен –Шоқан ескерткішін төңіректеп жүрген жаяу зейнеткермін…

Биыл күнде менің Қазақстанда тұрақтап қалғаныма 60 жыл толады. 60 жылдан бері қазақ тілі теңізінде жүзіп келемін. Демек, аздаған көрген-білген оқыған-тоқыған, сезген-түйсінгендерім бар. Орыстілділер мен шала, я ада қалған қазақтарға қазақ тілінің байлығын, қадір-қасиетін, ерекшелігін шама-шарқымша нақты түсіндірмекпін. Ыңғайы келсе, сол топтаманы (12 этюд) бір газетке бастырып алсам деймін. Содан кейінгі ойым – жеке кітапша түрінде шығару. Өтінішім: соған септігің тие ме? Кітапшаны шығарып беруге мүмкіндігің бола ма? Болса – құба-құп. Болмаса – әлбетте өкпе-реніш жоқ, бас бір жолын қарастырармын.

Аман бол! Ізгі ниетпен – Герольд Бельгер.»

Күнделікті оқи отырып, қырсық шалдың биліктегілердің бәріне бірдей жаға бермейтін көзқарасы мен мінезі болғанына қарамастан зор құрмет көрсетіп, көмегін аямаған Мұхаңның ірілігіне сүйсініп, жазған дүниелерінің тартпасында жатып қалмауына себептесіп, дер кезінде шығарып беріп отырған елгезектігіне шын көңілден қуанасың.

 «Астанадан Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон шалып, жаңа ғана «Труд-Казахстан» газетінде шыққан сұхбатымды оқып шыққанын жеткізді, және менің соңғы айтқан сөзіме байланысты («Әлі күнге дейін менің қазақ тілінде шыққан бірде-бір кітабым жоқ» деген) былай деді: «Тез арада маған қолжазбаңызды жеткізіңіз. Екі аптаның ішінде шығарып беремін». Мен қуанғаннан тіпті абдырап қалдым. «Қолжазбаны компьютерге теріп шығу керек қой», десем,  «Саспаңыз, теріп те, шығарып та береміз, қаламақыңызды да төлейміз», деп жауап берді. Міне, жолы болды деген осы!

Менің қолжазбам дайын. 21 -22 баспа табақтай болып қалады». (Герольд Бельгер, «Тень дней минувших» («Өткен күннің елесі»),  454-ші бет).   

Бәрінен бұрын жоғары қызметте жүргенімен «ұлық болса да кішік болуды» ұмытпай Герағаңа  көрсеткен қамқорлығын  міндетсінбей, қайта оны өзінің азаматтық парызы санаған лауазымды шенеуніктің «Бізге беретін тағы қандай тапсырмаңыз бар?» деп жазушының мерейін өсіріп тастап отырған кішіпейілдігін айтсаңызшы.  Министр басымен иіліп, құрақ ұшып қызмет еткен азаматты осыдан кейін Герағаң қалай жақсы көрмесін..

«Астанадан Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарласып, «Страна и мир» газетіндегі менің сұхбатымды мақтады, латынға көшу, тіл мәселесі туралы әңгіме қозғады, өз балаларының өмірлерінен мысалдар келтіріп, менің материалым шыққан газетті Президенттің үстеліне қойғанын айтты. «Сіздің тарапыңыздан тағы қандай тапсырмалар болады? Оны орындай алатын мүмкіндігім бар кезде айтып қалыңыз» деп ілтифат танытты. Мен әзірге беретін оған ешқандай тапсырмам жоқ екенін жеткіздім..» (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 447-ші бет)

Әрине, өмір болғандықтан екі зияткердің түрлі мәселелерге байланысты пікірлерінде келіспеушіліктер де, қарама-қайшылықтар да болып тұрды. Бірақ қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлардан туындайтын пікір алуандығы екеуінің арасындағы сыйластыққа сызат түсіре алмады.  Әлбетте зиялы қауымның билік тарапынан жасалатын кез-келген іс-әрекетке күдіктеніп, күмәнмен қарайтыны – үйреншікті құбылыс. Бұл бір жағынан дұрыс та. Өйткені, қоғамдық пікірдің әр-алуан болуынан талай мәселе қайта пысықталып, ой талқысынан өткізіліп, сан мәрте сараланып, үстірттік пен шалағайлыққа жол бермеуге септігін тигізеді. Дегенмен, билік тарапынан айтылған ұсыныстардың бәріне күмәнмен қарау барлық уақытта оң нәтиже бермейді. Әлбетте, сөзі де, ісі де зор құрметке лайық қабырғалы қаламгеріміздің көп дүниеге сенімсіздікпен қараған пікірлерінің жанашырлық ниеттен туғаны еш күмән туғызбайды. Бірақ, Герағаңдай танымы терең жазушыларымыздың күдігіне қарамастан, әдебиетіміздің мәртебесін көтеріп, оқырман талғамын өсіру үшін тәуелсіздіктің елең-алаңында жасалған талай жұмыстардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Мысалы, Герағаң министрлік тарапынан 100 том орыс прозасын, 100 том шетел прозасын, 100 том Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын, 100 том қоғамдық-философиялық ойлар жинағын аудару ұсынылғанда бұл істің жүзеге асатынына күмәндана қарағандардың бірі болды. «Күлкілі. Кім аударады? Және кім оны оқиды?» – деп жазды ол күнделігіне.

Шындыққа көзімді жеткізу мақсатымен таяуда мен осы сериямен жарық көрген біраз кітаптарды бас алмай оқып шықтым. Қазақ оқырманының қолына тиген еңбектердің бәрі шетінен керемет аударылған деуден аулақпыз. Дегенмен, біткен іске көп сыншы табылып жатқанына  қарамастан, сол жылдары ана тілімізге тәржімаланған әлемге танымал тұлғалардың еңбектері қазақ оқырманының талғамын өсіріп, танымын тереңдете түсуге зор септігін тигізгені шүбәсіз шындық.

Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ прозасының негізін салған ұлы жазушымыз Әуезов жайында «ЖЗЛ» сериясымен әлем оқырмандары қызыға оқитын кітап жаздырту  ісін қолға алуды ұйғарғанда да Герағаң бұл істің де өз дәрежесінде жүзеге аса алатынына  қатты күдіктенді.

«..Кеше – Мұрат Әуезов, бір сағат бұрын Астанадан – Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон шалды. Ақылға сыймайтын идея: «ЖЗЛ» сериясы үшін Әуезов жайында кітап жазып беруімді сұрап отыр. Апыр-ай! Білгірлер, ақылдылар толып жатыр, жазылған диссертациялар мен романдар қаншама (Дүкенбай, Тұрсын, Зейнолла), алайда, ЖЗЛ»-ға ұсынатын лайықты дүниеміз жоқ. Әуезовтанушылардың қарасы қайда? Мен әрине бас тарттым, күш те, денсаулық та, уақыт та, ең бастысы – Әуезов жайында жазуға қабілетім де, білімім мен моральдық құқым да жоқ? Әрі кетсе менің бар жаза алатыным триптих-эссе, ал, Әуезов туралы биографиялық роман жазу қолымнан келмейді, Құдай маған ондай талант берген жоқ. Ойымдағының бәрін Мұрат пен Мұхтарға айтып бердім. Екеуі де тыңдап шығып, ауыр күрсінді. Расында да бізде Әуезов жайында лайықты дүние жаза алатын адам жоқ. Өкінішті және ұятты жағдай.

Абай жайында жазып беруге Мұхтар Құл-Мұхаммед Әбішке қолқа салғысы келіп отыр. («Әбіштің кең шапанының етегінен ұстап қалғым келеді»). Шоқай туралы Садықова жазады. Бәлкім, Абай, Кенесары.. туралы жазатындар да табылып қалар. Ал, Әуезов жайында. Құл-Мұхаммед Мұратқа сенген екен. Мұхтар – маған сеніпті.». (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 405 – ші бет)

Әлем демей-ақ қояйық, Одақ көлеміндегі қалың ормандай орыс тілді оқырманның қазақтың ұлы қаламгері Әуезовті тануға деген ықыласын оятатын еңбекті жазатын, көпшілікке танымал әдебиеттанушыны табу расында да қиын шәруа еді. Бірақ ойына алған ісін соңына жеткізбейінше ішкен асы бойына сіңбейтін  Мұхтардың табандылығының арқасында бірнеше жылдан соң саны жағынан қазақтардан он есе көп орыс оқырманына мақтанышпен көрсетуге болатын ұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты талдаған Ресейдің әйгілі әдебиет зерттеушісі Николай Анастасьевтің «ЖЗЛ» сериясымен «Мұхтар Ауэзов» атты ғажайып еңбегі жарық көрді. Мыңдаған орыс оқырмандары ұлты үшін ұлы азап шеккен Әуезовті қайта танығандай болды. Бір қызығы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «ЖЗЛ» сериясымен шыққан жаңа кітап жайында толғанған әдемі эссесін газет бетінен оқып шыққанда, ондай еңбекті жаза алатын адамның табыла қоятынына күмәнмен қараған Герағаң таңданысын жасыра алмай, көңіл кесесіне сыймаған сезімін күнделік бетіне былай ақтарыпты: «Қолыма қарандашымды алып Николай Анастасьевтің «Мухтар Ауэзов: трагедия триумфатора» кітабы туралы жазған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мақаласын оқи бастадым. Өте салмақты, терең мақала! Мұхтар Құл-Мұхаммед білімі телегей теңіздей зияткер». (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 516 -ші бет).

Күнделікті оқи отырып, екі зиялының достық қарым-қатынасының сырына үңіліп қана қоймай, білімділігіне, парасаттылығына көңілің марқайып, олардың жан дүниесінің байлығына қызыға түсесің. Жазушы Герольд Бельгер баспадан шыққан кітаптарын етжақын бауырындай, рухани інісіндей болып кеткен азаматқа үзбей жолдап отырды. Білімі жан-жақты зияткердің талай түндер бойы көз шырымын алмай жазған еңбектері жайлы пікірін білгісі келді. Екі жылдың ішінде ғана маржандай жазуымен қолтаңбасын қалдырған бес бірдей кітабын («Қазақ дәптері», «Өтеді өмір осылай», «Mein freund Шот-Аман», «Записки старого толмача», «Миниатюры») оған сыйға тартуы Мұхаңның бір ауыз пікіріне Герағаңның қаншалықты зор мән бергенін әйгілей түскендей. Осының бәрін де іштей сезіп жүрген Мұхаң оқыған еңбектерінен түйген ойларын бір ізге түсіріп, Герағаңа хат жазды.

Басы, жалғасын: «Бельгерге хат» мақаласынан оқи аласыздар

Амангелді Кеңшілікұлы

Ұқсас мақалалар

6 пікір

  1. Бір мақаланы оқып отырып, қазақтың әдебиет өнеріне қомақты үлес қосып жүрген, үлесін қосып кеткен жазушылар туралы мағлұмат алдым. Парасаттылықтың тереңіне тартып, жан дүниені керемет әсерге бөлеп тұр. Көптен бері тұшымды дуниелерді оқымаппын. Әсіресе Г.Бельгердің: » Бельгер кетеді, ал қазақ қалады» деген сөздері»… 62 тамырыңды жусатып тұр. Керемет!

  2. Бір деммен оқып шықтым. Эссе деген шіркін осындай болар. Бельгердің қазаққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан да оған Әуезов туралы жазып беруге өтініш жасалған екен. Қазақтың ұлыларын ұмыт қалдырмай, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін ғой осының бәрі. Сол үшін Мұхтар мырзаға қалың қазақтың атынан алғыс айтқым келеді

  3. Иә, автор дұрыс айтады. Қазіргі таңда жоғары қызметте отырғандардың арасында ұлттық рухты көтеруге шын ниетімен қызмет етіп жүргендер көп емес. Мұхтар аға солардың бірегейі ғой. Ол кісінің қазаққа титтей болса да еңбек еткен жанды көрсе қолдап, демеп жүретінін бұрын да естігем. Мына мақала сол сөзді тағы бір растайтын дүние екен. Бір-бірімізді осылай қолтықтан демеп, сүйеп жүргенге не жетсін?

  4. Күнделік жазу деген үлкен өнер ғой. Мақаланы оқып отырып күнделік жазатын атам есіме түсіп кетті. Мұхтар мырза қайда жүрсе де елдің жоғын түгендеп жүретін арда азамат қой. Мына мақалада соның бір парасы ғана айтылған екен. Жарайды. Осылай қазақтың атын шығаруға әрқайсымыз үлес қосайық.

  5. Бельгердің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ұлты басқа болса да қазаққа еңбек еткен осындай тұлғаларды лайықты насихаттауымыз керек.

Перизат үшін пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button