Сыр-сұхбат

Өнегелі өмір

Омар Ахметхан қажы Ниятуллаұлы – 1957 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 17 жасынан ақсақалдарға тарауих намазын оқып беріп имандық жолын бастаған. Бұхара қаласында «Мір-Араб» медресесін тамамдаған соң, 1968-1988 жылдары Алматы қаласының орталық мешітінде бас имам, 1988-2000 жылдары Маңғыстау облыстық «Бекет Ата» мешітінде бас имам, 2000-2004 жыл аралығында Алматы облысының «Қарасай батыр» мешітінде бас имам қызметін атқарды. 300-ден астам шәкірт даярлады. 1986-2004 жылдары аралығында 16 мешіттің салуына атсалысты.

Менің әкемнің аты Иноятулла мағзұм. Әкем ресми түрде Жаңақорғанның бірінші имамы болған адам. Өкімет тарапынан  тағайындалып,  1966 жылдан  1975 жылға дейін  имам болып істеді.  Орталық мешітте,  ол кезде Хорасан бабаның басында және Ақтаста Жұма айт намазын оқитын. Дін билігі Ташкенттегі  Орта Азия мұсылмандары басқармасына (САДУМ)  қараймыз.  Мен 1977 жылы үйлендім де әке-шешеме: «міне келін бар, осыны жұмсап отырыңдар, мен армияға кеттім» деп әскерге кеттім. 1979 жылы  келсем  әкем қайтыс болған. Жаназасына бір күн кешігіп келгенмін. Ақыры жолға шықты ғой деп, маған айтпаған. Келсем үйдің алды топырлаған халық. Анам аурушаң  еді,  апам өлген ба десем, әкем қайтыс болыпты.  4 желтоқсанда жерлеген, 5 желтоқсанда мен әскерден келдім. Жамал апай бар, қырқын, жылын өткіздік.  Бір күні шешем  әкең қалдырып кетті деп хат береді. Менің ескіше сауатым бар. Армияда жүргенде де намаз оқыдым. Мұның алдында Шымкенттегі  инженерлікке жоғары оқу орнына түскенмін. Әкемнің хатында: Балам бұл оқу саған нәсіп болмайды. Бұл оқудан дәм-тұз жемей-ақ қой.  Ата бабаңның жолына түс» деп жазыпты. Содан  дін оқуын білмеймін, Бұхарда Мир араб  медресесі бар екен. Сол медресеге 1983 жылы түсіп, үш жылда бітірдім. Жеті  жылдық оқуды тез бітіруімнің  себебі, алдында әкемнен оқығаным бар, Өзбекстандағы қарилардан оқығаным бар.  Солардың пайдасы болды. Төртінші курстан бірден алтыншы курсқа көштім.  Алтыншы, жетінші курсты толық оқыдым. 1985 жылы  шатырхат алып Қармақшыға имам болып бардым.  Ол кезде де бізде муфтият жоқ, қазият бар. Онда Рәтбек қажы. Бір жыл істедім ба істемедім ба Рәтбек қажы  көмекшім бол деп шақырып алды. Республиканың барлық  имамдары сенің алдыңнан емтиханнан өтеді, соларға имамдыққа ұсыныс-хат жазып,  Рәтбек қажы бұйрық шығарады. 1988 жылдың маусымына дейін Алматыда  жасадым. Мен жаспын, қырағатым жақсы, білім бар, тегім қожа, ишандардың әулетіміз. Абыройсыз болғаным жоқ.  Сол күндерде Рәтбек қажыға өтініш айтып, мешіті жоқ жерге жіберіңіз, мешіт салайын дедім. Сөйтіп Маңғыстауға  бардым. Ол кезде қазіргі Ақтау аты жоқ, Шевченко деп аталады. 1988 жылы барып,  бір жылдай халықты ұйымдастырып, 1990 жылы  мешіт салып болдым. Ол кезде СССР ыдырамай тұрған шағы, мешіт салуға рұқсатты Орталықтан Совминннен алдық.  Мешіт салынды, бас имам болып тағайындалдым. 1991 жылы Өзбекстаннан Муфтият болып бөлініп,  Рәтбек  қажымен бірге көп жұмыс жасадық. 30 жасымда Алматы қаласының Орталық мешітінде бас имам болдым.  Содан 12 жыл  Маңыстау облысында  имам болып, Атырауды да  өкіл имам ретінде қосалқы атқардым.  Шымалған қаласында  2000 жылы Қарасай атындағы мешіт салынды,  сол мешіттің әрі Алматы облысының бас имамы болдым.  Содан бес жыл  жақылап жұмыс жасап,  орын орнына қойып зейнетке шықтым.

Әкемізден үш ұлмыз. Ең үлкен мен. Мен алты жасымда  аптиекке түскенмін, әптиек Құранның жетіден бір бөлігі. Алты жасымда  шалдар келгенде Құран оқып отырса, қатесін тауып отыратынмын. Сосын әкем ешқашан адамның қатесін бетіне айтпа, былай шығарып айт. Жұрттың көзінше  айтсаң өкпелеп қалады дейді. Әкемнен алған сабағымның арқасында оныншы класты оқып жүріп имамдық жасадым.  Жаңақорғанда  күндіз сабаққа барып келемін, аузым ораза,  кешкісін шалдарға тарауых намазын оқып беремін. Мен зорлап су ішкізген коммунист мұғалімдер болған. Кейін бәрі түсінді, кешірім сұрағандары да болды.  Бертін келе сол коммунистердің бәрі сақал қойып, молда болып кетті.

Әкемнің өлер алдында жазған хаты, өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Армиядан келгеннен кейін  Шымкентегі  оқуымды жалғастырамын, главный инженер болам, әрі кетсем бір ауылдың  директоры, шарықтасам райком хатшысы боламын деп жүрген кезім, оқуды жақсы оқыдым. Содан әкем жазып қалдырған хатты оқығаннан кейін  Ташкентке барып барып, Мир-Араб медерсесінен білім алуға бекіндім.

Оған оқуға түсу оңай емес екен. Одақтың кезі он бес республиканың мұсылмандарына бір-екі орыннан ғана береді. Өзбекстанға  үш орыннан беріледі. Одан бөлек, Татарстан, Шешенстаннан келеді. Ахмет Қадыр біз оқыған медреседе, үш курс  жоғары оқыды. Мен барған кезде ол кісі  бітіріп кетіп жатқан. Содан бірінші жылы бағымды сынадым, жолым болмады, Екінші, үшінші жылы тапсырдым түсе алмадым.

Ташкентте орыс тіліне тарихтан, араб тілінен жақсылап сынағынна өттім,   бірақ оқуға өткізбейді. Сөйтсем, түбімізді түгел тексереді екен. Сонда ишанның ұрпағы, атылған, сотталғандардың, қуғындалғандардың ұрпағы болып кедергіден өтпей тұр екенмін ғой. Төртінші жыл дегенде шешем түс көрді. Әлі есімде, таңертеңгілік анам маған бұрылып: «балам, отыр мына жерге» деп иегімен нұсқады. Жайланып отырып, құлағымды түрдім.  «Биыл бар,  биыл оқуға түсесің» деді. Қалай?! Шешем: Сәруар деген атаң  түсімде келді. Аппақ  сәлде аппақ киім, шашы да  аппақ болып кеткен. Бірақ түрі қап-қара, шаршап кеттім деп келді».  Телевизордың астында дөңгелек үстел бар болатын. Асты бос. Анам сөзін жалғастырып: «Мына кілт деп,  бір бума  кілтті Ахметханға бер» деп үстелдің астына лақтырып жібереді ғой. сымға тізген кілттің тізбесінде чемодан ашатын кішкентай кілттен бастап үлкен сарайлардың кілтеріне дейін бар  екен. Ишан аян беріп: «Баланың жолы ашық болады, қайда барса да кіре береді, ешім  бұған қарсы шықпайды. Осы кілтке балам  иелік етсін. Беретін лайықты адам таппадым» депті. Сол түстіңі жалғасы:Шешем ал ананы дегенде, мен анамның түсінде кілтті алып, беліме байлаппын».  Сөйтіп сол жылы барып оқуға түсіп кеттім. Бұл аяни түстер ғой. Жын түс болады, шын түс болады. Сол жерде Сатриддин қары деген  кісі  біздерге Құраннан  дәріс берді.

Енді сәл шегініс жасайық. Жамбыл облысында Зүннім ишан деген кісі болған. Сабылтқожа, оның баласы Абдууахит деген кісі. Айзада деген әпшемнің  қайын атасы қайтыс болғанда Ташкентке бардық. Сол кезде мен алтыншы  клас  оқимын. Үлкендермен бірге жетісіне қарадық. Содан бір күні  «Зүннім ишан келді», «Зүннім ишан келді» деп  айнала дабыр-дабыр болып кетті. Ел-жұрт балаларын итермелеп «батасын алыңдар», «батасын алыңдар» деп жатыр. Біздер «ишанның батасы» не екенін түсінсек те, Қазақстанның баласымыз, елп ете қоймаған болуым керек. Содан дүрмекке ілесіп ишан оытрғна жерге барсам, төрде  үлкен, келісті, қызыл шырайлы  басы үлкен, жеңінің  өзі  бір әйелге көйлек болатындай, ірі кісі екен. Есіктен кіргендердің бәрі жағалай шетінен отырғандардың қолын алып, ишанға қарай  бара жатыр екен. Мен жолымдағыларға бұрылмай, тура өзіне барып   «Ассалаумағалайкум» дедім. Ондағым,  жағалай отырған бейтаныстарға бөгелмей, көздеп келген адамның қолын алайын деп ойлағаным болар.  Бәрі келіп, жағалай амандасып, ишанның да қолын алып болғаннан кейін,  бәрімізге:«әне жерге тұрыңдар» деді.  Тізіліп тұрдық.  Маған: «әй, балам,   кімнің баласысың?» деді. Әкем аты – Инаятұлла мағзұм, арғы атам Омар мағзұм. Арғы атам – Айқожа ишан дедім. «Бәсе, бәсе, мына баланың маңдайында  жұлдыз жарқырап тұр. Осы бала ел басқарады!» деді. Сосын бата талап қылып тұрған қалған балаларға: «шопыр-мопыр болыңдар, аман болыңдар» деді. Соны естіген балалар саған ғана батасын берді деп томсырайғандары болды. Тікелей барып қолын алмайсыңдар ма деп мен күлемін. Дәл сондай болды. Ишанның батасы қабыл болды. Сол Зүннім ишанның  Мұқатай деген баласы менімен бірге оқуға түсіп, ерте қайтыс болып кетті.  Қайтқанында бата жасап бардым. Ишан: «Әй, балам сен Бұхарға  түсіп кеттің бе?» деді.  Иә. Баяғыда бата беріп едіңіз ғой, дедім. «Е, сен  бе едің» деп еске алып, «сенің жүрегіңнің түгі бар. Түбі бір жері тесіп шығасың» деді.

Сол жылдың жазында Әззам ишанды, Ибадулланың үлкен ұлы Балта мағзұмның  баласы, Ташкент жақтан елге көшіріп, шешемнің  қарындасы  ғой, не де болса елдің ортасында өліңіз деп  алып келген. Сонда Әззам ишанның қартаған шағы. Ызыңдаған шыбыннан желпимін, суын әперемін.  жан тәсімілге жақын. Бірақ есі дұрыс. Кісілер келсе жақтырмайды. Менің де атамызға жаным ашып, тек айтсаңшы,  қуып шығам деймін. ауру жанына батып жатыр. Кісі келсе,  кім екенін сұрайды. Мен есіктің алдында тұрып аламын. Қаламасам, қатты ауырып жатыр, шығыңдар деп келгендерді кері қайтарып жіберемін. Соңына қарай кісі аяғы басылды.  Сыртта да шешем «ырзаласайық» деп келгендердің бетін қайтарып отырған сияқты.  Көз көрген адамдары ырзаласқан кезде  өте төмендеп, шаршап қалады. бір  саябырлау болған күні атам жақсылап шәй ішіп отырып,  «Ахметжан отыр мына жерге» деп қасына  жақын жерді көрсетті.

-Нешінші класты оқып жатырсың?

-Алтыны бітіріп жетіге көштім.

Сөзі анық, ұрсайын деп жатыр ма деп қалдым.

-Жоқ ұрыспаймын, сен ертең ишан боласың. Үлкен азамат болып ел басқарасың, дін жағынан басқарасың.  Сен  төрде отыратын адам боласың. Отырудың да әдебі болады. Барған жерде малдасыңды құрып отыр. Жаман шалдар болады ғой, «жастық әкел», «жастық әкел» дейтін. Ешқашан жанбастанба,  дастарханның құрметі –  жанбастап  тамақ жеуге, жатып тамақ жеуге болмайды.  Үйдің  егесі қай жерді көрсетті, сол жерде қозғалмай отыр. Пәленше келді деп  орныңнан тұрып кетпе. Не берсе де тамақты мақтап жеп,  тұзы кем екен, анау екен, мынау екен деуге болмайды. Жақсы болса, болсада  жақсы дейсің  ғой, дәмсіз болса да мақтап кету керек.  Сосын шошаңдап қайта-қайта дәретке шыға берме. Бір  отырдың ба отыр, бір самауыр іш, екі самауыр іш,  отыра бер. Одан жарылып кетпейсің!-деді.

Менің таңғалатыным, ол кісі  сөткесіне бір-ақ рет далаға шығатын.  Онда да кіші дәретке. Ишан ойымды  оқығандай, «мені көріп отырсың  ғой, шәйнек- шәйнек шәй ішемін, шықпаймын ғой, иә» деді. Сөзін әрі қарай жалғастырып: «Сондай болсаң халыққа  жұғымды боласың, көп тыңдап аз сөйле» деді.

Қос ишанның сөздері менің құлағымда қалып қойды. солардың леепсі қабыл болып, отыз жасымда бүкіл республиканың имамдарын басқардым.  Оқуларын бітіріп келісімен маған емтихан тапсырады, мен ол кезде жеке муфтият болдық,  ұсыныс жазамын.  Ол кезде әрбір облыста бір бір мешіттен ғой. Медресе ашып, үш жүз шәкірт дайындадым. 17 баланы өз қаражатыммен, бару-келуін төлеп Түркияда оқыттым. Пакистанға  Исламабадқа 12 шәкірт жібердім.  Бұлардың бәрі бітіріп келді. Менмін деген азаматтар. Адал жүреді, адал тұрады. Үйлі-баранды.

Әкем айтушы еді.  Ертең сен мен сияқты имам боласың Мешітке келген  ақша садақадан жиналады. Біреудің көз жасы, біреу  жаман түс көрсе де садақа алып келеді, аттан жығылып өлейін деп жаста да басынан айналдырып алып келеді. Оның бәрі  бізге болмайды. Мына хадисті айтқан-ды. Мағынасы: «Дүние деген бір боқ оның талап қылған ит болып қалады.  Дүниенің соңынан қума, дүние сені қуып  жүретін болады». Расында солай болды. Әкем тағы да «Құранның құрметі де құрмасы да болады» деуші еді. Құрметін білеміз, ал құрмасы дегені халықтың ықыласы, сый-сияпаты екен.  «Сол құрманы жеп сен адам боласың» деуші еді әкем.

Дүрбелең жылдары Айқожа ишаннан тараған мақсым, ишандарды, қожа-молдаларды сыртынан көрсетіп, ұстатып жіберген Сәрсенбаймен жолымызды қиыстырды. Ол кезінде ишандардан оқып алған  ескіше сауаты бар солардың ортасында жүріп, кейіннен кеңеске беріліп, соларға қызмет еткен.

Ал оны көруіме себеп болғаны сексенінші жылдардың басында Зияуддин ибн ишан Бабахан  бас  муфти. Оның жанында бір жылдай жүрдім. Сол кісі  бір жаққа шығатын кезде «сен барасың, менімен» деп алып кететін. Ондай сапрларда жағдайын жасап, шәйін құйып беремін, дәретке шығарам. Көзі көріңкіремейді. Бірақ аяғының астын көреді. Менің әкемді көзі  көрген, Омар мағзұмның атын естіп, өзін  көрген ғой. «Жақсылардың  ұрпағысың ғой» деп отыратын. Ризалығын білдіргісі келсе, «қызметтен тап, айналайын» дейтіні бар. Батасы сол. Содан бір күні:

-Тақсыр, қызметтен тап дейсіз, қызметтен не табам?- деп сұрамаймын ба.

-Сіз қызмет жасайсыз, қолымызға су құясыз, кебісін қоясыз дұрыстап, сүйеп жібересіз, демеп жібересіз, жол  көрсетіп жібересіз,  жолдан өткізіп жібересіз, осының бәрі қызмет, Соның бірі сізге жаман бол деп емес, жақсы бол деп бата береді» деп түсіндірді.

Бір күні отырып, ілім алып жүрміз, ілім алып жүрміз, не пайдасы бар осы ілімнің дедім. Муфти ойланып:

– Балам, бұл ілім – ислам ілімі. Бұл ислам ілімінің  гүлі бар, күлі бар, тікені бар деді. Роза гүлін ұстасаң тікені бар ма, бар, оны байқап ұстау керек. Иіскесең жақсы иіс  шыға ма, иә. Ислам дініне иелік қылған адам, гүліне иелдік қылады. Енді  күл  дегеніміз – ислам ілімін  алып, басқаларға  қызмет қылған адам күл болып қалады.

-Тікені ше?- деп тағы сұрадым.

-Ислам  дінін алып, исламға қызмет етпесе,  өзіне тікен болып  кіреді, – деді тақсыр қысқа қайырып.

Ұстаздың  айтқанын көпке дейін түсінбей жүрдім сол кезде. Бір күні кеезкті сапар алдында Ұстазым «Балам дайындал» деді. Түркістанға баратын болып қалдық.  Машинаның артында екеуміз, алдында шопыр айдап барады. Жолай: «Е, бір Сәрсенбай деген белсенді бар еді, сол шақыртыпты мені» елеусіз ғана.  Әкелерімнің айтқан әңгімелері есімде қалған.

-Тақсыр, Әззам ишанды, Сәруар ишанды, Махмут ишандарды ұстатқан осы!

тақсыр, осының  алдында  айтылған ойын жалғастырып: «Соның  күл болып жатқанын көресіз барып» деді.  Келдік. Түркістанда жер үйде тұрады екен.  Қарсы алдымыздан қисаңдаған бір мас шықты. Баласы екен. Өлгелі жатқан әкесінің қолынан ақшасын тартып алып, шығып бара жатқаны екен.  Сәрсенбайдың екі көзі көрмей қалыпты. Қаракөлеңкеде мені байқамады, ма Тақысарға қарап, Сәрсенбай  тіл қатты:

– Ешкім жоқ па?- деді,

– Ешкім жоқ.

– Тақсыр, Алла менің күнәмді кешпейтін шығар,- деп қайталады Сәрсенбай.    – Өзің біліп отырсың ғой,

– Талай  ишанның  көз жасына қалдым ғой, талай ишанның үстінен  арыз жаздым…

– Халық жауы деп соттатып,  атқызып жібердің ғой соларды. Енді не деп кешірім сұрап отырсың?

-Бір апта, он күннің ішінде дүниеден өтемін. Менің жаназамды шығарыңыз.

-Дүниядан мен өтем бе, сен өтесің бе, бір Алла біледі. Сен пендешілікке салма, Алла кешсе,  Аланың өзі біледі. Бірақ  біреудің қақысын ешкім кеше алмайды ғой.  Алланың өзі айтты ғой, біреудің  ақысын кешіре алмаймын деп. Осылай деді де тақсыр тізе бүкпестен есікке беттеді.

Мен ізінен ілесе шықтым. Шыққаннан кейін, тақсыр қарнымыз ашып кетті ғой дедім.  «Е, бұ нәмарттың үйінен тамақ жеген дұрыс болмайды. Барлық ишанның көз жасы үстінде тұр екен, мен соны көрдім, деді. Үш күннен кейін қайтыс болды. Хабар келді. Бүкіл ишандарды өлтірген адамның жаназасын не деп шығарамын. Бармаймын. Ол өзінің артын тазалағысы келіп, арам ісін ақтағысы келіп, Ишан Бабахан келіп, жаназасын шығарды деп айтқыздырғысы келді.  Халыққа қарабет болғым келмейді» деді.

Күл болған Сәрсенбайды да көрдім. Өкініш жоқ, бабаларымның жолын ұстап, лайықты ұрпағы болғаныма,   бабаларымның жолына қызмет еткеніме шүкіршілік етемін.

Аталарымыз қандай еді.

Әкем Иноят мағзұм. Мақсым, бөлек деген сөз. Ишанның ұрпағы деген мағына береді. Яғни ишанның бір бөлегі.  Омар ишан болған. Айқожа ишан ұрпағына  Мир-Араб бітірген жалғыз мен.

Әкеміз Тәжікстанға түйелерімен барып, кірекеш, керуен басы болған. 40-50 түйемен дән тасып керуенбасы  болған. Сол жылдары аштан өліп жатқан жұрт, жол бойын торыған қарақшылар көп болыпты.  Жол бойы аштан өліп жатқандар.  Әкеміз: «үйден шыққаннан стансаға жеткенге дейін Иа-Синьді оқимыз. Барғанша сұңқылдап барамыз». Ағасы Уәйда мағзұм. «Сол екеуіміздің керуеніміз аман барып, аман келетін» дейді.  Жолай төбелесіп, қылыштасқан  кездері де болған бірақ, дін  аман шығады. Менің шешемді  Тәжікстанға іздеп  барып сол жақта үйленеді. Ол кезде Жамал бар.  Қазіргі Душанбе, бұрынғы Сталинабад  қаласында туылғанмын. Туғаннан бір ай болғанымда елге қарай шыққан екен. Сөйтіп Ташкенке келіп, Янгиел деген жер бар  қазақша аты Қауыншы, сол жерде  болып, артынан Түркістанға көшіп келеді. 1966 жылы Жаңақорғандықтар Инаятмағзұм Түркістанда жүр екен, өзімізге алайық деп сунақ ағайындар барып, өзімізге имам боласың деп  алып кеткен.

Омар мағзұм Самарқанда қалып кетті.

Әззам ишанға Асылхан ұқсайды. Сол  кісінің ұзын бойлығы мен ат жақтылығы, қарағандары келеді.  Бірақ Әззам ишанның  нұры бар, аппақ  ақ-қара сақалы түрленіп тұратын. Әззам ишан Ибаділла ұлы Балтамғзұмнан туған. 13 жасында үш жүзге пір қылып көтерген. Сөйтіп бүкіл Қазақстанды аралаған.  Жезқазған, Қарсақпай,  әрі қарай көліктің ретіне қарай  Павлодар Қостанай, Ақтөбе Атырау аралайды. Айқожа ишан сол Ибаділлаға тапсырған.  Ибаділла айтып кеткен немерелерім болуы мүмкін деп Сәруар  ишанға тапсырған. Сәруар ишан қудаланып кеткеннен кейін Балта мағзұмның баласы бірге ұсталады.  Сәруар ишан батыр, қарулы, көкпар  тартса алдына ешкімді салмайтын мықты болған екен.

Сәруардан кейін Әбділла – шешемнің  әкесі. Ол кісі  20 жасында  елге пір болып жүргенде қайтыс болады. Оның қайтыс болуының себебі,  Әбділлла ишан келді  дегенде  ишанды көреміз дегендер көп болып, киіз үйдің  киізін тесіп сығалаған екен. Өте ажарлы болыпты. Білетіндер, сол отырған  жерден шыға алмай қалған дейді. Сонда шешеміз іште екен. Сосын әкесі  қайтыс болғаннан кейін, төркіні алып кетіп оны Әззәм ишанның  Әбдімәжит деген ағасының әйелі Мәрия етегіне алады. Мәрия әже кіндігін кесіп үлгіреді анасы қайтыс болады.  Сол бала, шешеміз Уәзипа тірі қалады. Сол кісі Әззәм ишанның қарындасы болып есептеліп, бірақ әкесі Әбділла екенін біледі.  Содан 1941 жылы Жамал апамыз туады. Уәзипадан Жамал апа одан кейін мен туғанмын. Жамал апаның әкесі Әбдімәлік соғыста жоғалып кетеді.  Шешем Ибадулла жағына әкем Ремет жағына екі ишанның арасынан туылған баламыз ғой.

Айқожа ишанның немересі Омар  мағзұмның  баласы менің әкем Иноятулла мағзұм.  Әкесімен бірге қуғын сүргінмен бірге жүріп, Самарханд, Тайарық  деген жерде болған, соғыс кезінде керуенбасы болған соғыстан кейін  беріде 50 жылдары Сталин өлмей тұрып,  халық жауы болып қудаланып қудаланып, ақыр соңында  Өзбекстан Қауыншы, Янгиюль деген жерлерінде өмір сүрген.  Сол жерлерде әкеміз намазын тастамаған, молдалығын да қалдырмаған.  Сол  күндері үйіне Жетісайда тұратын Ыдырыс деген қожа ат ұрлап келеді екен.  Атты апарып жеркепеге жасырып қамап, енді дастархан басына отыра бергенде сау етіп әскерлер кіріп келеді. Әкеме Омаров Иноятулла  сіз ба дейді. «Иә». «Жүріңіз» дейді. Дәрет алып жатқан жерден шапанын қолына іліп, көйлек дамбалымен жаушыларға еріп кете береді. Ыдырыс  зияным  тиді-ау деп, қорқып соңына еріп жүре береді. Жолда Жонарық  деген сарқырама бар, соның тұсына жеткенде алдында келе жатқан бір офицердің аты-жөні Краснов екен. Сол тұста бірдеңе тасырлап, Красновтың  кабурасындағы  тапаншасы салдыр етіп,  жерге төгіліп түседі. Краснов тұтқынын тоқтатып, қару шағылып қалды,  із қасиетті адамға ұқсайсыз,  қалай жинаймын деп сұрапты. Әкеміз  орамалын  жайын жіберіп, мынаған сал дейді. Шашылып қалған қаруды орап, оқитынын оқып, орамалды жазып жібергенде бөлшектеніп қалған пистолеті қалпына келген. Краснов таң қалып, сіз бара беріңіз, орнында таба алмадым, басқа елге кетіп қалған  деп айтамын» дегенде өз жөнімен  кетеді. Әкем Ыдырыс екеуі кері қайтады. Жолай Ыдырыс тіл қатып:Тақсыр-ай, құдіретіңізге көзім жетті. Мен  атты ұрлап мініп  келе жатыр едім, зияным сізге тиіп кетті ме, деп қорқып еріп жүрдім.  Ыдырыс қожа соны көзі тірісінде айтып отыратын.  Осы оқиғадан кейін қуалау тоқтатылды. Елге оралып, Жаңқорғанда имам болды, өле өлгенше  молдалық жасады, халқына шапағаты тиіп, дем салды,  ата балаларының жолын ұстап дүниеден өтті. Оның орнына мен, менің інім Самиддин  жалғастырып жатыр.

Қос бұлттың хикаясы

2000 жылы мамыр айының ішінде  теледидардан маусымның 5-6 аралығында  күннен ультра күлгін сәуле бөлінеді,  далаға шықпағандар, шөлді жерлер де жүрмеген  жөн болады деп айтылып жатты. Оны бірақ көңілге алған жоқпыз. Сол жылы менің  мектеп бітіргеніме 25 жыл болып жатқан. Ол кезде халықтың тұрмысы төмен, елге келіп, жолдастарыма өз қаржатыммен жақсы жиын өткізіп бердім.  Мереке біткен соң қайтадан жолға шықтық. Жолай Аралдың жігіттері кездесіп, «Аха, сіз  Ақтауда,  мұнайлы қаладансыз ғой. Мұнай таститын құбырлардың, қосалқы  бөлшектері бар,  соны майлап, сайлап  апарып өткізейік» деп өтінішін айтты. Жігіттерге көмектеспек болып, мақұл дедім. Бар заттарын мәшинаге  тиеп алып жолға шықтық. Қызылорда обылсының  Сексеуіл деген жеріне өтіп, Бейнеуге қарай тура жол салдық  Барсакелмес деген аралдың үстінен өттік. Ане айтатыны бар, содан алты күндей шөлде адасып қалдық. Қасымда Сексеуілден, Бейнеуден жігіттер бар,  әбден қалжырап қиналдық. Бір жұтым су болмай, ақырында бір бірімізбен қоштаса бастадық.

Арамыздағы Ерболат деген, жігіттердің бірі: «Аха, сіз Маңғыстаудың бас имамысыз, баяғыда  дұғамен жаңбыр жаудыратын еді,  соны оқысаңызшы» деді. Сол есіме келмепті ғой. Құмға таяммум дәретімізді алып, құбылаға қарап отырып, ниеттеніп  екі рәкат намаз оқып, екі қолымызды көкке созып, дұғамызды бастадық. Ерін кезерген, көзден жас та шықпайды екен.  Күн төбеде шақырайып тұр. Талтүс. Елді шулатқан маусымың 5-6-на түсіп тұрмыз. Бірден  жиырма минут өткенде намазымызды оқып бітірдік, бес минуттан кейін шақырайып тұрғна күнге қарамастан, аспанда екі шляпаның  көлеміндей бұлт пайда болды. Қап-қара,  мұрны көзі көрінетіндей, «біз келдік» деп тіл қатып сөйлесіп жатқандай. «Қазір жауамыз» деді. Содан бар болғаны  радиусы 30 метр жерге  жаңбыр құйып берді. Жерді шұқып құдық қаздық, соған су жиналды. Қолда шәйнек бар еді, оны  толтырдық. Бізді айнала 30 метрдей жерге он минуттай нөсер құйып, сел болып кетті. Құм батпаққа айналды. Елу шақырымдай жерде менің ортаншы балам Атиятулла екінші көлікпен қалып кеткен. Тағы да қос бұлтқа жалындым: «Ана жақта  балаларым мен  екі жігіт қалды, ізімізден келе жатыр еді  ажырап қалып едік». Бұлттар адам сияқты «құп болады» деп  соларға қарай зулап кетіп қалды. Содан жауынның суымен  әлденіп,  төбенің басына шықсақ, ауылдың түбінде өлгелі жатыр екенбіз. Сол жерден әлденіп баларымызға жеттік.  Біздің тұрған жерімізден  радиусы 30 шақырым жерге жауын жауған төбенің артындағы ауылға тамшы тамбаған. Оны көрген адамдар таң қалып жатыр.  Артымыздағыларды алып келу үшін бір фляг су, шұбат алып бардық. Барсақ оларғада  айналасы 40 метр жердей жерге жаңбыр жауған. Екі шляпа сияқты қара бұлт келіп, жауын құйып беріпті. Барлық ыдысқа су толтырып соны қайнатып ішіп отыр. Міне Алланың құдіреті. Бұл кезінде Маңғыстаудың  газетіне шықты, бірге болған  жігіттер де бар,  куәсі болған жігіттер бар.  Бұл да бір  басымыздан өткен оқиға.

Омар Ахметхан қажы Ниятуллаұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button