Ысқақ ғалайһи-уәссәләм
Сара ана 130 жасқа келгенде бала күту үміттен шаршаған. Жебірейіл ғ.с. Ібраһим ғ.с.-ға: «Сарадан Ысқақ есімді ұлың болар», – деп қуаныш хабарын жеткізді.
Лүт ғалайһи-уәссәләмнің қауымының кінәсі шектен шыққандықтан, Алла тағала Лүт қауымын әлекке ұшыратар үшін Жебірейіл мен Мікейілге он періште қосып аттандырды. Бұл періштелер жас жігіттер бейнесінде келіп, Ібраһим ғ.с.-ға сәлем берді.
Ол кезде Ібраһим ғ.с. оразада еді, ауыз ашарға қонақтар келді деп сүйініп, бір сүйкімді бұзауын бауыздап, қонақтардың алдына әкелтті. Ібраһим ғ.с. олардың періште екенін сезбеді.
Ауыз ашарда қонақтардың ет жемегенін көріп: «Неге тағам жемедіңіздер?» – деп сұрады. Көңілінен алаң болып: «Бұлар азап үшін келген періштелер болмасын», – деп үрейленді.
Жебірейіл ғ.с. қанатымен бұзаудың маңдайын сипаған сәтте бұзау тіріліп, жүгіре жөнеліп, енесіне қосылды. Бұл жағдайды көрген Ібраһим бұлардың періште екеніне көзі жетіп, көңілі жай тапты.
Құрсақ көтергенін білгенде Сара: «Қысыр қартта қандай бала болмақ», – деп ашуланып, әбігерге түседі.
Қази тәпсірінде: Сара сұлулыққа ие болып нұрланып, өзінің жүктілігін сезді. Бұл халін алғаш білгенде, жүзін төмен салып, қатты ұялды.
Періштелер айтты: «Ер бала табасың. Біз саған Раббымыздан хабар береміз. Алланың өзі хақ, ісі нақ болар». «Ібраһим ғ.с.-ға бала берер», – деп періштелер сүйінші әкелгеннен кейін, тоғыз ай, он күннен соң Ысқақ ғ.с. дүниеге келді.
Ысқақ – алыс, жырақ деген мағынада. Ысқақ ғ.с. дүниеге келген сәтте мың жұлдыз Ібраһим ғ.с.ның маңдайына келіп жиналды. Сонда Ібраһим ғ.с: «Бұл не нәрсе?» – деп мінәжат етіп, ишарат қылды. Хақтағаладан хабар келіп: «Ұлың Ысқақ нәсілінен болашақта мың пайғамбар дүниеге келер», – деді. Ібраһим ғ.с: «Ұлым Ысқаққа керемет ғажайып сыйладың, ал ұлым Смағұлға нендей ғажап бердің?» – деді. Хақтағала: «Смағұлға Мұхаммед пайғамбардың нұрын бердім. Оның нәсілінен досым Мұхаммед дүниеге келер. Егер досым Мұхаммед болмаса, сені һәм Ысқақты жаратпаған болар едім. Мұхаммед құрметі үшін барша ғаламды жараттым», – деді. Мұны естіген сәтте Ібраһим ғ.с. қуанышқа бөленді.
Ысқақ ғ.с. балиғатқа толғаннан соң, Батал есімді кісінің Рәбіқа атты қызына үйленді. Рәбіқадан егіз ер бала дүниеге келді. Біріне Ғайсо, екіншісіне Жақып (Яғқұп) деп есім қойды. Ғайсо – егіз мағынасында, Жақып – Ғайсодан кейін дүниеге келгендіктен, өкшелес деген мағына береді.
Ғайсо мен Жақып ер жетіп келе жатқан шақта Ысқақ ғалайһи-уәссәләмнің көзі көрмей қалған еді. Ғайсо аң аулауды жақсы көретін. Ысқақ ғ.с. басқа балаларынан гөрі Ғайсоны артық көретін еді. Бір күні Ғайсоға: «Әй, ұлым! Киік етін аңсадым. Егер киік етін пісіріп әкелсең, саған бір қайыр дұға қылармын. Өзің пайғамбар болып һәм нәсілің де пайғамбар болар», – деді. Ата мен бала арасындағы сөзді Рәбіқа да естіген болатын. Анасы баласының екеуін де жақсы көруші еді. Ғайсо аң аулауға кете салысымен Рәбіқа Жақыпты шақырып: «Сен барып қой етін пісіріп алып кел», – деді. Жақып ғ.с. анасы айтқандай етті дайындап алып келді. Рәбіқа қой терісін Жақыпқа көйлек ішінен киіндіріп, піскен етті ұстатып Ысқақ ғ.с. қолымен Жақып денесін сипап көріп: «Дауысы – Жақыптікі, тәні – Ғайсо сияқты», – деп ет жегізген баласына пайғамбарлықпен дұға қылды.
Жақып нәсілінен көп пайғамбар келді. Жақыптың қой терісін кигені, Ғайсоның денесі жүндес, түкті еді. Жақып бұл істі әдейі атасы танымас үшін қылды.
Мұнан соң Ғайсо аңнан келіп, ет пісіріп, атасынан дұға тіледі. Ысқақ ғ.с. бұл істің жалған болғанын сонда ғана сезіп: «Әй, ұлым! Анаң мен Жақып мені алдаған екен. Ол дұға менен кетті. Бірақ ұлым, сен мақрұм болмас үшін саған да дұға қылайын!» – деп, ет дәмінен ауыз тиіп, Ғайсоға дәулет пен патшалықты дұға етті. Сондықтан да Ғайсо нәсілінен көп патша таралған.
Жақып ғ.с. анасының айтуымен Ысқақ ғ.с.-ға айла қылып, дұғаланып пайғамбар болды. Ысқақ ғ.с. оған қарғыс дұғасын бағыштамады, бірақ Ғайсоны өкпелеткендіктен бірнеше рет көңілі қалды. Кейіннен Жақып ғ.с.-ның балалары аталарына айла қылып, сүйікті баласы Жүсіптен айырды. Мұнан кейін Жақып ғ.с. ұзақ жылдар қасірет шегіп, көзі соқыр болды.
XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова