Дотан батыр
«Дотан батыр»– мифтік-ертегілік сарындары басым болғанмен, кейінгі эпикалық дәстүрмен байытылған көне эпостың бірегей үлгісі. Сондықтан шығарманың мазмұнында қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заманды суреттейтін оқиғаларға да елеулі орын беріледі. Дегенмен бұл сюжеттер көне эпоста аса кеңтараған батырдың қалыңдық іздеу мақсатындағы жорығымен сол сапардағысыннан өту мотивіне байланысты туындап, өріс алады. Шығармадағы ежелгі тұрмыс-тіршілік, батырдың қалыңдық елінде ұзақ тұрып қалуы сияқты ана еркі қоғамынан қалған сарындар эпостың байырғы көне сипатын айғақтайды. Жыршы Жүсіпбек Шайхысламұлы шығарманы халық арасынан алғаш жазыпалып, өзінше толықтырып, ХІХ ғасырдың аяғымен ХХ ғасыр басында бірнеше мәрте Қазанда жеке кітап түрінде бастырды (1884, 1903, 1915), кейін ол «Батырлар жыры» жинақтарында (1961, 2008) жарияланды. Еліміздің сирек қолжазбалар қорында жырдың М. Жүcіпов, А.Cегізбаев, Қ.Амантаев, Б. Қозыбақов жеткізген өзгеде 4 нұсқасы сақталған. Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев сынды ғалымдар ұлттық эпостануға байланысты жазған еңбектерінде «Дотанбатыр» жырына қатысты ой-пікірлерін білдірді. Томды баспаға дайындау барысында барлық қолжазба нұсқалары сараланып, Қазан нұсқасы (1915) таңдалды. Түп нұсқа Орталық ғылыми кітахана қорында сақталған (1192-Вост.).
Дала фольклорының антологиясы: Сілтемесі: https://kitap.kz/book/6371/read
Жарандар, сал құлағың, тыңдап бізге,
Сөйлейін бір қиссаны енді сізге.
Кешегі Ормамбет хан заманында
Өтіпті Құбақанбай жапан түзде.
Дүниеде, ойлап тұрсам, әуре-сарсаң,
Жігіттер, тәубе қылғын қайда барсаң.
Сөйлейін бір қиссаны Құбақаннан,
Жарандар, біразырақ құлақ салсаң.
Шығардым көңілімнен әртүрлі жол,
Бітірген соның бәрін он саусақ қол.
Өтіпті Құбақанбай жапан түзде,
Өзінің Құдайберген дәулеті мол.
Өзінің Құдайберген дәулеті көп,
Қырық ұлы, қырық қызы бар – көңілі тоқ.
Алыпты жалғыз өзі тоғыз қатын,
Елсізде жатады екен уайымы жоқ.
Жапанда өскен екен ел көрмей-ақ,
Елсізде жалғыз ауыл жатты саяқ.
Есебі жоқ өзінің көп-ті малы,
Құдайым ұл-қыз берген аямай-ақ.
Бір өзі ұлға да бай, малға да бай,
Өзінің дәулеті мол, көңілі жай.
Құдайым әрне берсе, бірдей берген,
Іздеген төрт түліктің бәрі десай.
Әзелде артық қылған ХақТағала,
Мекені елсіз-күнсіз жапан дала.
Құдайым мол дәулетті берсе-дағы,
Түспепті есігіне келін-бала.
Сөйлейін бек мазмұндап енді мұны,
Белгісіз адамзаттың өткен күні.
Қырық ұл, қырық қыз бір күн ақылдасқан,
Қиссаның тыңдайтұғын келді жері.
Сексені ақылдасты болып қапа:
«Жарамас жүргеніміз, үлкен аға,
Жақында ел бар болса, баралық»,– деп,
Салады тұлпарларға алтын таға.
Сексені ақылдасып, атқа мінді,
Іші пысып, кеңесіп, жиылды енді.
«Жақын жерде барар ел бар ма екен?»– деп,
Малын баққан бір шалдан сұрайды енді.
Балалар әрбір ойды ойлайды енді,
Еркіне шал байғұсты қоймайды енді.
«Жақын жерде ел болса, біз баралық,
Әй, ата, білгеніңді сөйле»,– деді.
Дүние екі айналмас, біркеледі,
Балалар байғұс шалды көп тергеді.
Балалар көп жалынып сұраса да,
Шешіліп байғұс шалың үндемеді.
Балалар қоймайды енді сөйлемеске:
«Жауап бер,– дейді,– баба-ай, бұ кеңеске.
Білгенісің барболса, айтқын бізге,
Білгеніңді айтқаның еп емес пе?»
Сонда шалың сөйлейді байпаң қағып,
Балаларға барады сөзі жағып.
«Оңтүстікте бар еді бір бәйтерек,
Онан жақын нәрсе жоқ, жүрмін бағып.
Ешқайда онан ары барғаным жоқ,
Аралап жердің жүзін алғаным жоқ.
Білгенімді айтайын, шырақтарым,
Жақында елдегенді көргенім жоқ.
Оңтүстікте бір тоғай бар,– деп айтты,
–Миуалы қалың тоғай тал,– деп айтты. –
Тілімді алсаң менің, шырақтарым,
Бәріңде қару-жарақ ал,– деп айтты.
Әржолға өзі бастар қадір Тағалам,
Сіздердің мен сөзіңе қайран қалам.
Елсіз, иесізтоғайда жау бар шығар,
Жүргейсіз тұлпар мініп бәрің, балам».
Адамның сөз білмейді бірқарасы,
Қандырмас құлағыңды сөз жаласы.
Құбақанның қырықұлының арасында
Бар еді тоқалының бір баласы.
Құдайым бақ бергей де пендесіне,
Ғаріпті патша Құдай жөндесінде.
Кенжесі Ер Дотанға сөз айтады,
Айтпайды жөнді жауап өңгесіне.
Сөз айтты ЕрДотанға байғұс шалың:
«Сырымды сенен аяр бар ма халім?!
Қулықтан Қаракөк тай туған еді,
Соны ұстап жылқыдағы мінгін, жаным.
Қолыңа мылтық алғын, соны мініп,
Жетерсің айшылыққа күн-түн жүріп.
Тілеулес мен мүсәпір ғарібің»,– деп,
Жөнелтті ЕрДотанға бата беріп.
Әралуан сөз айтады жас балаға,
Ақылды мұсылманға бас балаға.
Каракөк тайды мініп, қару алып,
Ер Дотан жүрмек болды құр далаға.
Қасына ағаларын ертіп алды,
Тұлпар-тай мініп алдым айда жалды.
Атасынан рұқсат, бата алып,
Саулатып ол балалар жолға салды.
Не қылса, Қадір Ием өзі білер,
Балалар неше күндер жүріп келер.
Он күн жүріп, он біркүн болған шақта
Қалың тоғай, бір өзен су көрінер.
Ол тоғайды көрді де, келді жетіп,
Аттарын қамшы басып, екпіндетіп.
Сексені шабуылдап жетіп келді,
Не бар, не жоқ, көргенше есі кетіп.
Жағалай келіп түсті ол ағашқа,
Жұпар жағып, аңқытып қарашашқа.
Миуа жеп, баршасы жатып қалды,
Аттарын байлап-байлап қойды басқа.
Бәрібірдей паңдықпен ұйықтап жатыр,
Тіккені бастарына алтын шатыр.
Иісін адамзаттың алғаннан соң,
Бұларға бір жалмауыз келе жатыр.
Білмейді ұйықтап жатып жалмауызды,
Жұтқалы балаларға салды ауызды.
Жалғыз жатқан қалыпты Дотан аман,
Өзгесін, бәрін жұтты ұлы, қызды.
Жалмауыз балаларға келіп қалды,
Бір сұмдық балаларға болып қалды.
Бір ұртына өзгесін тығып тұрып,
Қасына Дотан бала жетіп барды.
Баланы ұйықтап жатқан көрді сонда,
Қайран боп нұсқасына тұрды сонда.
Жұтайын деп баланы келгенінде,
Тай теуіп жалмауызды қалды сонда.
Олтайдың кемпір көрді қасиетін,
Шалдың Дотан ұғыпты өсиетін.
Тай тепкен соң жалмауыз кейінт ұрды,
Көрсетті ол кемпірге көп қайратын.
Баланы тайы теуіп оятады,
Оңтайлап, өзін-өзі жаратады.
Дотан бала оянып, көзін ашып,
«Кімсің?»– деп қу кемпірге сөз қатады.
Түріне жалмауыздың қарай қалды,
Мылтықты атайын деп қолына алды.
Қараса, қасындағы жолдасы жоқ,
Мылтықпен атайын деп оңтайланды.
Мылтықты ұмтылады қолына ала,
Қорықпастанонбіржасарғаріпбала.
«Ұлсызға– ұл, қызсызға– қызбын»,– дейді,
Қу жалмауыз мылтықты көре сала.
Кемпір сонда: «Атпа», – деп жалынады:
«Сабыр қып жөн сұрасаң нағылады?
Шырағым, мені атпай сөз сұрасаң,
Жоғыңның бәріменен табылады».
Бала сонда кемпірдің сөзін тосты,
Бір Құдай есіркесін көңілі босты.
Баланы тайыменен асап қойып,
Жұтпастан, аузынан қайта құсты.
Сонда кемпірдің балаға айтқаны:
«Шырағым, сөз айтайын саған,– дейді,
–Қызмет қып бересіз маған,– дейді.
–Жолдасыңның бәрінде мен тастайын,
Қызмет қылсаң, болайын анаң,– дейді.
–Сөйлейін бір хикаят саған,– дейді,
–Жолдасың бәріде тұр тамам,– дейді.
–Жұмсайын сізді, балам, бір жұмысқа,
Жеті жылда жетерсің оған»,– дейді.
Сөйлейді сонда бала он бір жасар,
Құдайым сүйген құлын қылмас нашар.
«Қылайын қызметіңді, ана, сіздің,
Бір Құдай қандай жерден нәсіп шашар.
Қылайын қызметіңді, білсем бәрін,
Көңілім осы күнде болды жарым.
Шамам келсе, атқарам қызметіңді,
Әуелі тастасаңшы бауырларым.
Сөзіме менің, кемпір, құлағың сал,
Жаратқан бәрімізді Пәруардигар.
Неде болса қылайын қызметіңді,
Өзіңде жолдас болар бір ағам бар.
Әй, кемпір, мұндай сөзді айтасың-ай,
Көңілің аударылған жайтасындай.
Келейін үлкенірек атқа мініп,
Атым нашар астымда, қайтесің-ай».
«Шырағым, ағаларыңмен берейін,
Басыңды патшаларға теңгерейін.
Үйіңде саған жарар атың жоқ қой,
Тәуекел деп тайыңмен жіберейін».
Ағаларын қояды бәрін құсып,
Қуанысты баршасы түгел түсіп.
Бір-бірін аман-есен көргеннен соң,
Отырысты баршасы қуанысып.
Кемпірсонда сөйлейді Дотан ерге:
«Жүр,– дейді,– жеті жылды қалыс жерге.
Менен сен енді, сірә, құтылмайсың,
Қанеки, ағаларың жүрсін бірге.
Жеті жылда жетерсің тынбай жүрсең,
Құданың құдіреті-дүрнені көрсең.
Шынтемір деген хан бар күн батыста,
Ешкімнен кем болмайсың тірі жүрсең.
Қызы бар Шынтемірдің Күнікей деген,
Сол қызға балам ғашық боп жүдеген.
Қараңғы үйде тұрса, жарық қылар,
Ол қызға еш адамзат теңелмеген.
Менен сен, соны әпкелсең, құтыласың,
Болмаса, тағы қайта жұтыласың.
Күнікейдің сұлулығы артық дейді,
Соны әкелсең, батамды сен аласың».
Жас бала қукемпірдің тілін алды,
Құдайым көңіліне ақыл салды.
«Кемпірдің жұмысына барамын»,– деп,
Бардыда ағаларға хабар салды.
«Барамын жау кемпірдің жұмысына,
Бір Құдай жәрдем бергін тынысыма.
Ағалар, жолдас болғын енді маған,
Сіздерді берді Құдай ырысыма».
Балаға ағаларысөз айтады,
Тоқтатып кешіктірмей, тез айтады.
«Біздерден еш қайыр жоқ, бара алмаймыз,
Барсаң, өзің жүре бер»,– деп айтады.
Бір Құдай, өз пендеңді өзің оңда,
Мұхаммед шапағатшы РасулАлла.
Ағалардан еш қайыр болмаған соң,
Бір өзі тәуекел деп, түсті жолға.
Әлқисса, қасына ағалары ермеген соң жылағаны:
Сонда бала жылайды,
Көзінің жасын бұлайды.
«Рақым қыл,– деп,– мен құлға»,–
Алладан медет сұрайды.
«Ермедіңдер, ағалар,
Не іс қылсам, ұнайды?
Жеті жылдық жол екен,
Жалмауызға кез болдым,
Ғаріптік деген сол екен.
Аман сақта, Құдай-а,
Арасы сусыз шөл екен.
Он бірге келген жасым бар,
Әуреде сарсаң басым бар,
Құданың жазған тағдыры,
Бармасқа лаж болмады.
Сақтағаным ол екен,
Жолдасым жоқ қасымда.
Қабырғалы ат емес,
Мінгенім тай астымда.
Аман болғын, ағалар,
Салды Алла бірісті
Он бірге келген жасымда.
Ата-анама сәлем де,
Ағаларым, аман бол,
Қай таудың қаламтасында?
Әзелде жазған жазуға
Пенденің болмас шарасы.
Қырық ұл едік, ағалар,
Құбақанның баласы.
Аман болғын, ағалар,
Жүрегімнің парасы.
Хақысын кешсін ата-анам,
Тілінде болып сәнасы
Ғаріптік, мехнат көргенде
Ерлердің болсын әрқашан
Жаратқан Тәңірім панасы.
Көп сәлемде атама,
Батасын маған берсін-ай.
«Мұратына жеткер» деп,
Дұғада болып тұрсын-ай.
Бес уақыт намазда
Көңілін маған бұрсын-ай.
Ғаріп ата-анама
Үш қайтара сәлемде,
Тілегім тілеп жүрсін-ай.
Жалмауыз кемпір қорқытып,
Алысқа мені айдады,
Тілегі мұның құрсын-ай.
Айналайын ағалар,
Аман-есен болыңдар,
Үйге қайтып барыңдар,
Қартайған мұңлық атама
Жақсы қызмет қылыңдар.
Құбақанның ұл-қызы,
Сексен едік атадан.
Мендей мүсәпірініңді
Аман қайтып келгенше,
Тастамаңдар батадан.
Жолымды Алла оңғарып,
Құтқарсын өзі қападан.
Қызыр, Ілияс жар болып,
Сақтасын Тәңірім жападан.
Жау кемпірдің жұмысы
Маған болды асқар бел.
Көз жасым толды қойныма,
Ағып барып болды сел.
Түстеніп, қонып баратын,
Арада жоқ еш бір ел.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Жолдасым болды соққан жел.
Аман болғын, ағалар,
Қош, ризабол, апалар,
Бізден бұрын неше хан,
Неше сұлтан баласы,
Қыз іздеп жүріп далада
Тартқан екен жапалар.
Аналарға сәлемде,
Жете алмадым он беске,
Ағалар, қалып барасыз,
Бірің ермей жолдасқа.
Маған лаж болмады
Бұғанда, сірә, бармасқа».
Дотан бала бұны айтып, жолға түсті,
Не болса, Тәңірі қылар әр бірісті.
Көктайға екі қоржын алтын артып,
«Алла» деп, ағаларға қош айтысты.
Еліне ағалары кетті қайтып,
Жіберді Дотан бала сәлем айтып.
Жалғыз өзі елсізге шыққаннан соң,
Жылайды ғаріп бала қайғы тартып.
Көктаймен Дотан бала жолға салды,
Жер жөнін сұм кемпірден сұрап алды.
Жүріп бара жатқанда кемпір келіп,
Баланың оң бетінен сүйіп алды.
Ал жөнеді бала, жөнеді,
Алланың салған ісіне
Әрне болса, көнеді.
Жалтаңменен жалтаңдап,
Тайға мініп қалтаңдап,
Жолға түсіп келеді.
Майдан-майдан, майдан жол,
Майдалай басып келеді.
Алтыншы таудан ары асып,
Жетінші тауға жанасып,
Қарсақ жортпас қалыңнан
Қарғып кетіп барады.
Түлкі жортпас түлейден
Түнде кетіп барады.
Бұлың-бұлың жерлерден
Бұлдырап кетіп барады.
Асқар-асқар таулардан
Асып кетіп барады.
Баланың көңілі дариядай
Тасып кетіп барады.
Ауыздығын көктайы
Басып кетіп барады.
Аузынан көбік бұрқырап,
Шашып кетіп барады.
Жас баланы Құдайым
Айдап кетіп барады.
Екі көзі баланың
Жайнап кетіп барады,
Мінәжат қылып Құдайға
Жағы тынбай, бұлбұлдай
Сайрап кетіп барады.
Бір заманда қыс болды,
Қары жауып, мұз қатып.
Бір заманда жаз болды,
Ұйықтаған жоқ бір жатып.
Ат үстінен ұйықтап,
Қалғып кетіп барады.
Бір заманда жаз болып,
Көк шығады жайқалып.
Астындағы көктайы
Құнан шығып, жүн тастап,
Жорға болды тайпалып.
Иіп алды бөксесін,
Екі бұты талтайып,
Құрықтай мойны ұзарып,
Түзеп алды мүшесін,
Сауыры шықты томпайып.
Жаз ортасы болғанда,
Қаракөк құнан түрленді
Ортекедей құнтиып.
Анық тұлпар осы екен,
Жал-құйрығы сымпиып.
«Шу!»– десе, тұлпар ағады,
Ауыздықпен алысып,
Шалқая тартып шіреніп,
Ұшқан құспен жарысып.
Маядай мойнын созады,
Тарта-тарта баланың
Алақаны тозады.
Еті қызып, желіксе,
Бой бермейді қарысып.
Ермегі жоқ, ерікті,
Күндіз-түні жүрумен
Жалғыз бала зерікті.
Арадан еше қоныпты,
Талма түстің шағында,
Мидай жапан далада,
Құланның ішкен қағында,
Сұлап жатқан бір жерде
Бір адамға жолықты.
Сұлап жатқан адамды
Анадайдан көреді,
Іркілместен жас бала
Қасына жетіп келеді.
Сипатына қараса,
Жасы үлкен кісі екен,
Иіліп сәлем береді.
Сәлемін алып, ол адам
Мұсылманша сөйлесіп,
Жөнін сұрай береді.
Сондабала сөйлейді:
«Он екіде жасым бар,
Әуре болған басым бар», –
Басындағы оқиға
Айтып, сөйлеп, қылды зар.
«Жалмауыз кемпір бұйырып,
Қылды маған қатты кәр.
Күнбатыста бір шаһар,
Шынтемір деген ханы бар,
Күнікей сұлу дейтұғын
Ханның жалғыз қызы бар.
Сұлулығын сұрасаң,
Күндей болған жүзі бар,
Соны алмаққа барамын
Аллаға қылып тәуекел,
Жеті жылдық жолы бар.
«Алла, өзің оңда!» – деп, –
Мен мүсәпір талапкер».
Жалғасы: https://kozhalar.kz/20209045-dotan-batyr-zhalghasy