Жарық нұрдың сәулесі

Сексек ата

ЫСМАЙЫЛ АТАНЫҢ ӘКЕСІНІҢ ҰСТАЗЫ СӨКСӨК АТА ЖАЙЫНДА

Сексек ата жайлы бала күннен білетініміз, ол ешкінің пірі. Ешкі баққандар оған сиынып, дұға айтып жолын ашады дегенді еститінбіз. Қазір де солай. Балаларға төрт түлік малдың пірін айтқанда, ешкі атасы – Сексек ата да айтылады. Ел арасында, әсіресе біздің оңтүстікте Сексек (Сөксөк, Сүксүк, Сюксюк) ата жайлы аңыздар өте көп. Олардың көпшілігі Сексек атаны тұрбаттық Ысмайыл атамен байланыстырады. Бірі Сексек атаны Ысмайыл атаның шәкірті етсе, бірі оны балаларының бірі етеді. Сексек атаның тарихи тұлға екенін 1987 жылы америкалық ғалым Дэвин Ди Уис жаһанға жария етпегенде, осылай халық қиялынан туған аңыз болып қала берер ме еді. Ол Кабул архивінен Ысмайыл атаның ұлы Ысқақ қожаның «Хадикат әл-Арифин» атты еңбегін тауып, ол туралы «Түркістанды исламдандырудың Ясауи аңызы» атты мақала жазды. Мақалада Ысқақ қожа еңбегінен оның тариқатқа кіруі жөнінде:

«Мен, Ысқақ қожа тариқатқа өзімнің қазғиртлық атам Ысмайыл ата арқылы кірдім, ол өзінің әкесі – Ыбрайым ата арқылы, ал Ыбрайым ата – Қожа Ахмет Ясауидың Сопы Мұхамед Данышпан атты халифының шәкірті Сөксөк ата арқылы кірді» – деген үзіндіні келтіріп, Сөксөк атаның тарихи орынын анықтайтын мәліметті жария етеді.

Ясауитану ғылымына жаңа серпін берген мақаладан соң, ұмытылып мұрағат сөрелерінде жатқан қолжазбалар, ата-бабаларынан мұраға қалған, жеке адамдар тықпыштап сақтап жүрген насабнамалар жарыққа шыға бастады. Осы насабнамалардың барлығында дерлік айтылатын, Ысқақ бабтан таратылатын аңызды зерттеу үшін дүние жүзінің бірнеше елдерінің ғалымдары қатысқан үлкен жоба іске асырылды. Сол жоба бойынша дайындалған екі томдықта жария етілген насабнама нұсқаларындағы Сексек ата туралы мәліметтерді қарастырып отырып, ғалымдар айтпаған бір ойдың жетегінде кетіп отырмын. Айтайын…
Алдымен, түсінікті болу үшін насабнама нұсқаларының бірнешеуінен үзінді келтірейін.
«… Қожа Ахмет Ясауидың бір муриді болды, Зарнұқи деген. Оның аты Махмұд қожа еді. Ол өзінің 14 жасар ұлы Мұхамед Данышпан қожаны Қожаның хилуетханасына берді. Мұхамед Данышпан онда 12 жыл хадим (қызметкер) болды, 40 жыл хилуетте болды, 110 жыл өмір сүрді. Оның 3000 ізбасарлары болды. Оның таңдағаны Әулие Мәлік болды. (Қыдыр, Ильяспен сұхбаттас болған).

(Тарихнама «Қайалық редакциясы», Қоқанда ескілікті кітаптарды сатушы Юсуфхан Қадыровтан сатып алған ташкенттік профессор Шадман Вахидовтағы қолжазбадан).
«…Сонан соң оған Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқи келді. Ол Ахмет Қожа Ясауи атаның қызметінде, хилует орындап 40 жыл болды. Сонан соң шайх Ахмет Қожа оған рұхсат етіп: – Енді Отырарға бар, сонда суфра ұста, – деді. Сопы Мұхамед Данышпанның бір муриді болды – Сүксүк қожа деген. Ол Ясауи қожаның алдында 12 жыл қызмет етті, 112 жыл өмір сүрді, 70 жыл Қыдыр, Ильяспен сұхбаттас болды».
(Сафи ад-Дин Орын Қойлақи өсиетнамасы» деп аталатын қолжазбалардан. Мұсахан Әбутәліповтың нұсқасы негізге алынған).

Жоғарыдағы насабнама қолжазбалары нұсқаларының үзінділерін және басқа нұсқаларды салыстыра отырып, оқиғалар барысын былайша орналастырдым. Татика хан деген лақаппен белгілі Шах Мұхамед Отырарда 1080 жылдан 1137 жылға дейін, 57 жыл хан болды. Оның 3 ұл, 1 қызы бар еді. Ұлдарының ішінен үлкені Абд әл-Халиқ Арслан деген лақап атпен Отырардың ханы болды. Қызының аты Фатима Бану еді. Оны Мұхамед қожа Зарнұқиге күйеуге берді. (Қараспан редакциясы, Акбархан Суйархановтың қолжазбасы негізге алынған, Әндіжан облысы).

Осы жазбадағы Мұхамед қожа Зарнұқидың баласы Махмұт қожа Қожа Ахмет Ясауидың муриді еді. Ол 14 жасар ұлы Мұхамед Данышпан қожаны Ясауи қожаның хилуетіне берді. Онда ол 12жыл, Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанша оған қызмет етеді, 40 жыл хилуетте болып, 110 жыл өмір сүреді және 3000 мурид ертіп, орнын Әулие Мәлікке тапсырады. (Бұл Қайалық редакциясында).

Тап осылай Ясауи қожаның алдында 12 жыл қызмет етіп, 112 жыл (110 жыл емес) өмір сүріп, 3000 мурид ертетін және орнын Әулие Мәлікке тапсыратын Сүксүк қожа деген бар (бұл Сафи ад-Дин Орын Қойлақи нұсқаларында).

Осы мәліметтер жоғарыда көрсетілген нұсқалардағы екі адам: Сопы Мұхамед Данышпан мен Сүксүк қожа екеуі бір адам, Сопы Мұхамед шын аты болса, Сүксүк қожа лақабы деген ойға жетелейтіні анық.

Қараспан редакциясында Қожа Ахмет Ясауидың өмірден өтуі жайында мынадай әңгіме бар.
– Біздің Сопы Мұхамед Данышпан (жуып жатқан кезде) менің сүйегімді ұстасын, ал Абд ал-Халиқ хан мен Әмірзада Тайиб су құйсын. Сосын жиналғандармен қоштасып жатып:

– Алланың атына айтылған намазда өздеріңді жоғалтып алмаңдар, жылаушы болмаңдар. Өлім алланың үкімімен келе жатыр. осыны айтып аллаға жанын тапсырды. Осы әңгіме басқа нұсқада:

  1. Және, сол шайхтың өмірден өткен мезгілі, Дәл бес жүз алпыс екінші жыл еді.
  2. Өмірі жүз жиырма беске жеткенде, Ерте мен кешкі намаз арасындағы зікірде.
  3. Ахиретке барарда өсиетін қалдырды, Денемнен жаным кеткенде жуындырсын.
  4. Абд әл-Халиқ пен Сопы Данышпан, бұл тілекті адамдар еске алсын.
    («Насабнама-и манзума» өлеңмен жазылған еңбектен, авторы Абд ал-Лазиз ибн Катта қожа, қоқандық).

Осы екі әңгімедегі Сопы Мұхамед Данышпан алдыңғы әңгімелердегі Сопы Мұхамед Данышпан Зарңұқиден басқа адам, Қожа Ахмет Ясауидың туысы, ағасы Сәдір қожаның ұлдары: Зарнұқидің аттасы Сопы Мұхамед Данышпан (бір нұсқаларда Зохид делінеді) мен Абд ал-Халиқ шайх. Аттастардың қабіріне келсек, Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғаннан кейін оның орнына отырған туысы Сопы Мұхамед Данышпанның бейіті Жаңақорған ауданындағы Аққорғанда. Ал, Отырардағы сопыханадағы мазар Сопы Мұхамед Зарнұқидің әкесі Махмұд Зарнұқидікі болуы мүмкін. Осы жерде тағы бір дерекке жүгінейін.
«…Сосын Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқи келді. Ол Ахмет қожа атаның қызметінде хилуетте 40 жыл болды. Сонан соң Шайх Ахмет Ясауи (Оған алланың рахымы болсын) Сопы Мұхамед Данышпанға: – Енді, сен Отырарға барып сыпыра тұт, – деп рұхсат берді. Мұхамед Данышпан ата Отырарда 40 жыл болды. Мұхамед Данышпан атаның Сайдик қожа деген муриді болды.

Ясауи Ахмет шайхтың Мұхамед Данышпан деген муриді болды, оның баласының аты Мұхамед Данышпан еді. Ахмет қожа Ясауи ата оны өзінің сыпырасына қабылдады, ол оған он бес жасынан қатысты. Ол он жыл сонда қызмет етті және жүз он екі жыл өмір сүрді.» (Сібір нұсқасы, Орталық Азияны исламдандыру және киелі насабнамалар, 1-том, 491 бет).

Қараңыз, не болып кетті, Сопы Мұхамед Данышпан бірінші, екінші, үшінші (атасы, баласы, немересі).

Сонымен жоғарыда көрсетілген нұсқалар үзінділерін салыстыра отырып, не айта аламыз? Сопы Мұхамед Данышпан үшінші Сексек ата дегенге тоқтауға бола ма? Міне, осылай бас қатырыңыздар…

***
Насабнама бойынша Сексек қожа Ясауи алдына 14 жасында келіп, 12 жыл қызмет еткен, яғни 1166-шы жылы Ясауи қайтыс болғанда ол 26 жаста еді. Сопы Мұхамед Данышпан 1222-ші жылы қайтыс болды деген дерекке осыны салсақ (26+56) 82 жаста болады.Енді салыстырайық. Шыңғыс хан әскерімен қиян-кескі атыс-шабыспен Үргенішке дейін барып қайтқан Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқидің орнына 82 жасар қаусаған шал Сексек атаны әзер қоюға болатын шығар. Ал, оның ұстазы Мұхамед Данышпанды (оның жасы ең кемі жүз шығар-ау) қойып елестету қиын екенін шамалаған шығарсыз.

Сөксөк атаның мазары, зияратжайы Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауыл округіне қарасты шөлді аймақта, биік төбенің басындағы тегістіктегі ескілікті қорымда. Сөксөк атаның тарихи тұлға болғанына байланысты бір қосымша мәлімет. Ташкентте, политехникалық институтта 30 жылдан аса ұстаздық етіп, 1990-шы жылдары елге оралған марқұм, профессор, техника ғылымының докторы Түнқатар Қолдасов әңгіме арасында: «Зияратжайда жертөледе кітапхана, астыртын жер асты жолы болуы керек» – деп айтқан екен. Өмір көрген, үлкен ғалым адам ойдан шығарып, бос сөз айтпаса керек.

ҮШІНШІ МАҚАЛА. Мақаланы жіберуден алдын үлкен ғалымдар: Әшірбек Момынов пен Зікірия Жандарбек және Ысмайыл ата ұрпақтары Диуана қожалар атына азырақ наз айтқаным үшін кешірім сұраймын. Әшірбек Момыновты Қазақстанның Ясауитану ғылымын халықаралық дәрежеде мойындатып, танытып жүрген ең білікті ғалымымыз деп білемін. Зікірия Жандарбекті Ясауитану ғылымын зерттеуге үлкен үлес қосқан, ең белсенді ғалыдарымыздың бірі ретінде құрметтеймін.

Кәрім Аппазов

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button