Жарық нұрдың сәулесі

Ер Сейітпенбет әулие жайлы

Ер Сейітпенбет (Сайдмұхаммед) – Дуана қожаның үлкен ұлы Қожжан қожаның тоғызыншы кенже баласы. Оның көнерген күмбезді кесенесі қазіргі Қармақшы ауданындағы Жаңақала шаруашылығынан 40 шақырымдай жерде орналасқан. Жергілікті халық оны әлі күнге дейін әулие тұтып қастерлеп, басына түрлі тілектермен зиярат жасап келіп, кейбір қатты қысылған жандар әруағына бағыштап мал сойып, басына түнеп кетеді.
Ер Сейітпенбет бабамыз туралы мынадай аңыз сақталған. Бұл әңгіме Кіші жүздің ірі тұлғасы – Калам биге тікелей қатысы бар және түбі шындыққа жанасады.
Осы Қалам би Қожжан қожа атамен әрі дос, әрі замандас болыпты. Ел ішінде оның Қожжан қожаға қол беріп, пір тұтып, жақсы сыйласқаны жайлы сөздер сақталған. Сол заманда жердің шалғайлығына байланысты Қалам би сонау Шалқардан Сыр бойындағы Қожжан қожаға 4-5 жылда бір рет, қасына бір топ сыйластарын ертіп келеді екен. Келгенде піріне қол беріп, құдай жолына атаған садақамыз деп айдап келген малдарын құрбандыққа шалып, жергілікті халыққа таратып, баталарын алып қайтуды өздеріне әдет еткен.
Қалам би бабамыз қартайған шағында Сыр бойына тағы да келіп, біраз жатқаннан кейін Қожжан қожа бабамызға былай депті:
– Қожеке, мен бұл жолы сізбен ризаласайын деп келдім. Өзің де көріп отырсың, қартайдым, енді келуім екіталай. Пірім едің, кемшілігім мен пендешілік қателерім болса кешіргейсің. Құдай қаласа енді ақыретте кездесерміз, – дейді.
Қожжан қожа қимас досына қарап:
– Көңіліңізге алған қандай мүддағатыңыз бар, айтыңыз? – деп сұрайды.
Сонда Қалам би:
– Тақсыр, айтайын. Соншама алыстан ат арытпай, тон тоздырмай келуге Алланың қолдауы және сіздің пірлік қасиетіңіздің шапағаты тиді. Менің мүддағатым – үйленбеген сүт кенжеңіз Сейітпенбетті маған беріңіз, еліме апарып пір тұтайын, әрі бала қылып тәрбиелеп, өз қолыммен үйлендіріп еншісін де өзім берейін. Жастардың сауатын ашып, халқыма мұсылманшылық, имандылық тәрбие үйретсін, – деп өтінеді.
Ер Сейітпенбеттің (Сайдмұхаммед) сол уақытта Бұқар жақтағы жоғарғы діни оқу орынын бітіріп келген шағы болса керек. Қожжан қожа баласына көзін бір тастап қойып, Қалам бидің көңілін қимай, ойланып – толғанып жатпастан сол жерде келісімін береді.
Қалам би бастаған топ қайтар жолға шығарда Қожжан қожа бабамыз Сейітпенбетке өзінің әрі ақын, әрі шешен екінші ұлы Заман Қожаға «Мына бауырың ер жетіп, ел танығанша қасында бол, ағалық қомқорлығыңды жаса» деп қосып жібереді. Сөйтіп Заман қожа Кіші жүздің ішінде әкесінің аманатын орындап біраз жыл тұрақтап қалады. Сол жақта ел аралап жүріп Арқа өңірінде де болып, ел көреді, жер таниды.
Заман қожаның Қарақожа, Ханқожа, Әлімқожа, Файзулла деген төрт баласы болған. Әлімқожа бабамыз Кіші жүз ішіндегі Әлім руының ортасында жүрген шағында туылғандықтан жергілікті жердің ру басылары, ардақты ақсақалдары баланың атын біз қоямыз деп өздерінің руының атымен Әлімқожа деп қойған.
Әңгімеміз Ер Сейітпенбет жайлы болған себепті, соған қайта оралып, бүгіндері оның шығу тегінің төңірегінде орын алып отырған бір келеңсіз жағдайға тоқтап өтуді дұрыс көріп отырмыз. Ашып айтсақ сөзіміз Ер Сейітпенбеттің бірді-екілі ұрпағының өз бабаларының шежіресін өзгерткісі келіп, ағайындарды адастырып жатқаны турасында болмақ.
Қожжан қожа бабамыздың азан айтып қойған шын аты Қожа Жаһан. Ол бабамыз кезінде Қожажан Қожа, Қожжан Қожа деген аттармен де танылған. Қожа Жаһан деп айту қиын болғандықтан оны Қожажан деп атап кеткен. Бұдан шығатын қорытынды Қожжан Қожа, Қожажан қожа, Қожа Жаһан бәрі бір адам. Ал Сейітпенбетті (Сейтмұхаммед) таратып жүрген кейбір кісілер Мәді қожадан (Дуана қожа) Қожжан қожа туған, Қожажан емес деп, Қожажанды басқа аталықтан таратады. Ер Сейітпенбет Қожжаннан тумаған, Қожажаннан туған, бұл екеуі екі адам деп көрсетеді. Қожжаннан Ер Сейітпенбет емес Сейтімбет туған дейді. Ал Сейтімбет деген кісі біздің еш дерегімізде жоқ. Бұны біз бірінші рет естіп отырмыз. Оны қайдан тауып алғандығы белгісіз. Бұл Ер Сейітпенбетті Сейтімбетке айналдырып жұртшылықты шатастырудың жолы ғана, басқа ешнәрсе емес.
Үш ғасырдан астам уақыттан бері Ер Сейітпенбетті Мәді қожа (Дуана) баласы Қожажаһанның (Қожажан қожа) баласы деп аталып келді. Қожажаһанның тоғыз баласы болған. Соның біреуінен ғана ұрпақ таратылмайды. Солардың ішінде шежіреге жақын, сөзі дуалы адамдырдың шежірелері болған. Солардың барлығында Ер Сейітпенбетті Қожажаһаннан (Қожжан қожа, Қожажан қожа) таратады. Соңғы он, он бес жыл шамасында кейбір кісілер үш ғасырлық шежірені жоққа шығарып, Ер Сейітпенбетті Мәді қожа (Дуана) ұрпағы емес екен деп басқа аталыққа теліп, дау туғызып жүр. Біз бұлай бұра тартуларыңа ағайынның арасын бір бірінен ажыратып, жік салуларыңа жол бермейміз.
Мен жоғарыда атаған үш аттың бәрі бір адамның аты екеніне дәлел: «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии» деген бес мемлекеттің ғалымдары жазған үлкен еңбек бар. Бұл еңбекте Орта Азия мемлекеттеріне ислам дінін таратқан қожалардың ұрпақтары жайлы сыр шертеді. Бес мемлекеттің ғалымдарын атап өтер болсақ М.Х.Әбусейітов, Ю.Г.Баранова, Б.А.Қазғұлов, Б.Е.Көмеков, А.К.Момынов (Қазақстан), Б.М.Бабажанов (Өзбекстан), С.Г.Кляшторный (Ресей), А.М.Хазанов (АҚШ), Висент Фурньо (Франция). Сонымен бірге Мекемтас Мырзахметов, А.П.Абуов, Д.Т.Кенжетай, А.Аббасова, Анке фон Кугельген, Девин Ди Уис, Михаэль Кемпер атты ғалымдар қатысқан.
Осы жоғарыда аталған кітаптың 292-ші және 293-ші беттерінің үш жерінде Махди-хаджа (по прозвищу Дивана-хаджа) – Хаджа-Джан – Хаджа (Қожажан) туады деп көрсетілген. (Кітап орысша жазылған).
Бұл еңбекте Мәдіқожадан (Дуана қожа) Қожажан туады деп тұр. Одан Сайтмұхаммед (Ер Сейітпенбет) тарайтыны белгілі. Сонда Қожажаһан, Қожажан қожа, Қожжан қожа бәрі бір адам болып шығады.
Бұра тартып жүрген кісілер осы атақты шетел ғалымдарының уәжіне тоқтамаса өздері білер.
Дуана қожаның да, Қорасан қожаның түп бабасы Әбдіжәлел баб. Екеуі екі баласынан тарап кетеді.
Ер Сейітпенбет бабабымызды бұра тартып жүрген кісілердің бір-екеуімен сөйлескенімізде, Заман бабамызбен Ер Сейітпенбет бабамыздың ағалы-інілі екенін мойындайды. Заман бабамызды таратпайды. Заман бабамыз да өскен, өркен жайған аталыққа жатады. Бабамыздан туған Хан қожа, Қара қожа, Әлім қожа, Файзолла қожа ұрпақтарының көпшілігі Қызылорда, Алматы, Көкшетау, Қарағанды облыстарында көп тараған. Ал жаңағы бұра тартып жүрген кісілер Ер Сейітпенбетті ғана бөліп алады да ағасы Заманды ысырып тастайды. Бұған қалай түсінуге болады?
Жоғарыда Заман қожа мен Ер Сейітпенбет (Сайдмұхаммед) ағалы – інілі ағайынды адамдар екенін айтып өттік. Алайда кейінгі уақытта Қали Жолдасов деген азамат Ер Сейітпенбетті «ол Дуана қожадан емес деп, тікесінен Әбдіжәлел бабқа басқа аталықтан апарады, сол әулиеден жеке тармақ болып тарайды» деген сөзді шығарып, осы бір ойын ақпарат көздерінде де, ғаламтор жүйесінде де жұртқа жайып, бұл бағытта толассыз әрекет етуде. Біздіңше осылай – Ер Сейітпенбет әулиенің шыққан тегін өз қолымен жазып, еш бір дәлелсіз басқа аталықтан таратуы құптарлық әрекетке жатпайды. Әсіресе Қ.Жолдасов пен оны қолдайтын бір-екі азаматтың өздері де Заман қожа мен Ер Сейітпенбеттің бір әкенің баласы екендігін мойындай отырып, Қызылорда өңіріндегі Мәді қожа ұрпақтарына бұрынғы кезден белгілі жайды басқаша өзгертулері таңдандырмай қоймайды.
Біздің ойымызша Қали Жолдасовтың адасуының бірден-бір себебі – Ер
Сейітпенбет ұрпақтарының кешегі Кеңес дәуірінде орын алған зұлматтың – ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қожа-молдалардың жаппай қудалауға ұшырауы. Көбісінің айдалып, біразының тіпті атылып кеткен кездері – Ер Сейітпенбеттің ұрпақтарының басым көпшілігі елді тастап Өзбекстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан жерлеріне, тіпті шетел асып бас сауғалап, ағайыннан ажырап қалғандығында деуге болады. Кейіндері, мемлекеттің саясаты өзгеріп, халықтың тыныс-тіршілігі бір қалыпқа түсіп, туған жерден қоныс аударған баба ұрпақтары біртіндеп елге орала бастағанда, олардың ішінде кәріқұлақ шежірешіл қарттар қалмағаны себепті, Қ.Жолдасов өзінше “ жаңа ” шежіре ойлап табуды жөн көрген секілді.
Мүмкін оның көздегені – жұрттың бәрі жоғалған шежіресін қайтадан іздеп тауып, қазақша айтқанда «барын базар етіп», ауызға ілінген бабасын батыр деп көкке көтеріп жатқан шақта «біз не, қарап қаламыз ба?» деп, өзінің атақты бабасын бертінде жатқан Дуана қожаның тұяғы етуге қимай, сонау VIII-IX ғасырларда жасаған, ислам дінін қазаққа таратқан Әбдіжәлел баб бабаға тікесінен апарып, өзінің әулетін әлде-қайда «салмақты» етсем кім ертең анық-қанығын ажыратады деген ой болар.
Бұлай дейтініміз Қали Жолдасовтан «Қолыңда қандай шежіре бар, нендей дәлел жинадың, көрсетші, ортаға салып талдайық та бір шешімге тоқтайық» деген ағалы да, салиқалы сөзімізге құлақ аспай қойғандығы. Тіпті соңғы кезде қоңырау шалғанда жауапсыз қалдыруы да оның бастамасының болашығы жоқ екендігін педелікке салынғанын дәлелдей түседі.
Сонымен, сөзіміздің тоқ етері – қалай болғанда да Заман қожа мен Ер Сейітпенбет екеуіне келген кезде, олардың Дуана қожа екендігінде дау жоқ және басқаша пікір тумайды.
Сөз арқауы Қожжан қожаның балалары болған соң, оның өзіне қатысты бір ауыз мәліметті қоса кетейік. Қожжан қожа қарақалпақтың жетізауыт кентінің бегі Асанастың (шын аты Үсеннұс болған) қызы Мафраға үйленіп, сол әйелінен Заман, Сүлеймен, Қылует, Нияз деген төрт бала көреді. Осы төртеуінің нағашысы Асанас әулиенің бейіті бүгінгі  Қызылорда қаласының маңындағы «Айдарлы ауылына» баратын тас жолдың күнбатыс жағында, шамамен 7-8 шақырымдай жерде орналасқан. Асанас әулие жайлы белгілі академик В.В Бартольд калам тартып; өзінің зерттеулерінде оның есімін «Ачнас» деп жазып кеткен.

Көшенбай Игенбайұлы Нұрпейісов, (Заман қожаның үшінші ұлы Әлім қожаның тікелей ұрпағы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button