Жарық нұрдың сәулесі

Шын аты ұмыт болған әулие

   1.Таңдағаны  Яссауи жолы болды.

Азан айтып қойған есімі ұмыт болған Ет жемес ешан ата,бір замандарда ұлы жүз қазақтарының астанасы болған Ташкент қаласы маңындағы,қазақтар көп тұратын «Көкше» елді мекенінде, сондағы мешіт имамының жанұясында 1833-жылы дүниеге келген. Жастайынан мешітке барып намазға қатысып жүріп, діни сауатын ашқан.Әкесі имам Шадманқожа ешан қайтыс болғанда, мешіт жамағаты бұның жас екендігіне қарамай, сауаттылығын ескеріп, «өзің имам бол» деген ұсыныс айтады.Діни сауатын одан әрі жетілдіруді мақсат еткен ол, бұл ұсыныстан бас тартады.

Алғашқы  жеке ұстазы шариғат заңдарын терең білетін ахун және егіншіліктің  де сыры мен қырын жақсы меңгерген  Салыбек диқан болады. Одан кейінгі ұстазы Қожа Ахмет Яссауи тариқатын ұстанған Шажүсіпқожа ешан еді.Осы ұстазының  қолында бірнеше жыл шәкірт болып дәрісін тыңдайды,тәлім-тәрбиесін алады. Болашақ ешан сопылыққа қатысты ілім-білімді осы ұстазынан алады. Шәкіртінің қабілетін таныған және бағалаған ұстазы,«жария бауырластығының мүшесі ретінде  өзінше шәкірт  тәрбиелей алады» деген арнайы «рұқсат» қағазын жазып, мөрін басып береді. Бұл ешандық дәрежеге жеткендігін дәлелдейтін документ еді.

Ұстазының бағалаған білімін одан әрі жетілдіруді мақсат еткен жас ешан, ауылындағы өзінен сегіз ғасырдай бұрын жасаған  Шайх Зайниддин әулиенің кесенесі жанындағы, кезінде сол әулие де пайдаланған,жер асты мешіті–қылуетке түсіп, «қырық шілдесін» өткізеді,яғни 1600 күн Аллаға мінажат етіп,ұлы Жаратушыға жалбарынып оған жақындаудың жолын іздейді. Осы кезеңде, яғни 1872-жылы Ташкентте оба ауруы тараған кезде де, Аллаға деген мінажатын үзбестен жалғастыра берді. Жастайынан ет жемейтін ол,ағайын-туған,дос-жарандары әкелген шай мен нан және көкөністерді қанағат етті.Ішкен-жеген тағамдарының  құнары кем болса да, жұқпалы ауруға шалдықпады

Жас ешан қылуеттегі  төрт жылдан астам уақыт бойы, Аллаға жасаған мінажатын аяқтаған соң,сопылықтың «Нақышбандия құпия» бауырластығының жетекшісі Салық ахунға да шәкірт болып,дәрісін тыңдады,бірақ олардың жолымен жүрмеді. Оған генерал Н.С.Лыкошиннің жазғандары куә.

Бұл кезеңде Ет жемес ешан атаның абыройы мен беделі,қабілеті мен қарымы Ташкенттегі алпыс ешанның ішінде алғашқы төрттіктің бірі ретінде бағаланатын.Бірақ,басқыншы орыс саясатына Ислам дініндегі мұндай қабілетті ешандар ұнамайтын.Ешандар сопылық жолда бүкіл жаратылыстың иесі–Бір Алланың ақиқат екеніне көзі жеткен және сол Жаратқанның қолдауына ие болған жандар еді. Халық соны білетін және ешандардың айтқандарына сенетін, соңынан еретін.Алла өзінің елшісі–пайғамбарларына мұғжизалар көрсету қабілетін сыйласа,Ет жемес ешан сынды құлдарына  кереметтер көрсету мүмкіндігін берген еді.

Алла өзінің сүйікті құлдарына осындай қабілеттер беретініне күман келтірген,бүкіл Түркістан өлкесін 1867-1882 жылдары билеп, төстеген генерал- губернатор Константин Петрович Кауфман, бір күні Ташкенттегі аса беделді деген бір топ  ешандарды  қонаққа шақырады.Ет жемес ешан, генералдың бай дастарханына қарамай, тәспісін аударып отыра береді.Бұл көріністі байқап отырған генерал–губернатор, аудармашысы арқылы ешанға «менің дастарханымнан неге дәм татпай отырсыз?» деп сұрайды. Осы кезде Ет жемес ешан губернаторға аузының ораза екендігін айтады да,дастарханға қарап тұрып,«Биссмилла,піш мысығым піш» дейді. Сол кезде дастархан үстіндегі тағамдардың ішіндегі кейбір еттер бір жерге топталып, көзді ашып-жұмғанша мысыққа айналып, дастарханнан шығып кетеді.Бұл,генерал-губернатордың өзі әдейі сойдырып,ешандарды сынау үшін, етін дастархан мәзіріндегі тағамдарға қостырған мысық болатын.Өзі сойдырған және етін пісірткен мысықтың тіріліп, өз аяғымен дастарханнан шығып  кеткенін көрген генералдың таңғалысында шек жоқ еді.Осы кереметті көрген генерал-губернатор Ет жемес ешанның жай адам емес екеніне көзі жетті.

Осы оқиға есінен шықпаған генерал-губернатор К.П.Кауфман, 1865-жылы Ташкентті басып алған және бір жылдай осында билігін жүргізген генерал  М.Г.Черняев бастаған бақталастарының патша ағзамға 1873 және 1874 жылдары жазған арыздарының және  «Русский мир» газетінде «қазынаның қаржысын есепсіз,оңды-солды шашты,ол бұл қызметке лайық емес, тексеру ұйымдастыру керек» деген мағынадағы мақалалар әсерінен (мүмкін мұсылмандарға көрсеткен жауыздықтары себеп болып),ауыр науқасқа ұшырайды.Империяның небір атақты дәрігер, емшілері емдей алмай,өлетін халге жеткен кезде,қол астында істейтін беделді қызметкері Аппазқожаға өтініш жасап,баяғы кереметін көрсеткен Ет жемес ешан атаны, Келес даласындағы «Ешан бау» ауылында  жүрген жерінен Ташкенттегі үйіне алдыртады.

Осы үйдің дарбазасының алдына келгенде, Ет жемес ешан ата аттан түспекші болады.Осы кезде Аппазқожа «Қожеке,бұл жағдай екінші қайталанбайды,аттан түспеңіз» деп, жарты патша тұратын үйдің әулісіне аттан түспеген күйі кіріп барады.Қорған ішінде, күншуақта, шарасыз, ұнжырғасы түсіп креслода отырған әлжуаз генерал-губернаторды емдеуді, аттың үстінде отырып Құран аяттарын оқумен бастап жібереді.Генерал-губернатор шарасыз күйде,тек үмітпен ғана,аттың үстіндегі Ет жемес ешан атаның көлеңкесінде отыра берді.

Ет жемес ешан ата ол кезде «қасида» (ғылыми анықтамасы жоқ) оқуын меңгерген еді.Бір Аллаға сыйынып, шапағат, жарылқау тілеп, рухия аяттарын оқып, емдеуді күнде жүргізе  берді.Алла жар болып, біраз күндер өткенде генералдың сөне бастаған жанарына жан бітіп, ауруының беті қайта бастаған белгілер пайда болды.Ешан ата тағы да бірер апта сонда болып, емін жалғастырды.Осы кезде ислам діні туралы, имандылық туралы, мұсылманшылық туралы уағыз-насихатын тіл білетін Аппазқожа арқылы жүргізді.Құдай қолдап,сөзі іспен дәлелденді.Генерал аяғына тұрады.Ешан ата К.П.Кауфманның алғысы мен ол берген сый-сияпатын алып, нөкерлердің қоршауында «Ешан бау» ауылына оралады.

Осы оқиғадан кейін,әр жұма сайын,Ташкенттен 25 шақырымдай жердегі «Ешан базар» елді мекеніне қарай, алдында он,артында он атқа мінген қарауылы бар пәуеске жүретін болды.Пәуеске Ет жемес ешан ата салдырған шағын мешіт жанында тоқтайтын. Қарауылдар сыртта қалып,бір адам ғана ішке кіретін.Имам – Ет жемес ешан атаның артынан орын алатын.Бұл кісі бүкіл Түркістан өлкесін жұмса жұдырығында,ашса алақанында ұстаған генерал-губернатор К.П.Кауфманның өзі болатын.

Одан кейінгі кезеңде, осы «Ешан базар» елді мекенінде үш мың адам бір мезгілде намаз оқи алатын, алты күмбезді үлкен мешіт салдырған және сонда жұма намазын оқыған К.П.Кауфманды мұсылманшылықты қабылдамады деп кім айта алады. Оған қосымша тағы бір дәлел деп, К.П.Кауфманның  өмірінің соңғы кезіндегі басына тақия киген суретін айтуға болады.Осы суреті туралы Ресейдегі мемлекеттік қалпына келтіру ғылыми зерттеу институтының анықтаған актісі де бар.

2.Ташкент маңынан Келес даласына қоныс аударуының екі себебі болды.

Біріншісі деп, басқыншы орыс саясатын айтуға болады. Орыс шенділері сопылық жолды ұстанғандардан,әсіресе ешандардан аяғын тартты. Қорықты десе де болады.Сол заманда қазіргі Өзбекстан мен Оңтүстік Қазақстанда  басқыншыларға қарсы ешандар ұйымдастырған үлкен көтерілістер болған. Соған байланысты ешандарға сенімсіздік туындап, қысымдар өрши түскен. Сол кезде болса керек,басқа да шенді,шекпенділер қатарында орыс генералы Н.С. Лыкошин патшаның назарын аударатын  төмендегідей мәлімдемелер жасаған. «Ешандардың Орта Азиядағы біздің иеліктерімізге әсерін танып, білуді бірінші кезекке қоюымыз керек». «Дала қазақтары арасында сопылықтың кең таралуына жол берілмеуі тиіс».

Екінші себеп,Ет жемес ешан өзі алғаш дәрісін тыңдаған  диқан Салықбек ахуннан алған білімін тәжірибеде сынап,іске асырғысы келген.Ондай жер Келес өзені жағасынан бұйырды.Анығырағы сондағы қазақтардан шақыру болды.Бір замандардағы бөлініс бойынша, Келес өзенінің  екі беткейі, Шанышқылы тайпасының «Дархан»  ауылынан басталып,«Мамыт» және «Араншы» ауылдарына дейінгі аралық «Құдайқұл-бесуыл» және «Әжіке» ауылдарына тиесілі еді.Осындағы  ағайындар өздеріне жетекші болатын бір ешанды қажет еткенді.

Арадағы келісім шартты әжікенің ішіндегі Серназар есімді жігіт ағасы жүргізді. Күндердің бір күнінде,екі дөңгелекті ат арбаға мінген Ет жемес ешан атаны  Келес өзенінің оңтүстік беткейін жайлап отырған Құдайқұл-бесуылдардың қыстауына Серназар ата ертіп келді.Ел қуанып қарсы алды. Арнайы мал сойып, жақын маңдағы ағайындарды шақырып, Алла разылығы үшін садақа — ас берді.Ешанға арнайы алты қанатты үй тігілді.Су жоқтықтан игерілмей,бос жатқан жерлер көрсетілді.Бұл 1876-жылдың аржақ-бержағы еді.Осы жылдан бастап, Келес даласының дамуында бетбұрыстар басталды.Оның басында Алланың сүйікті құлы–Ет жемес ешан ата тұрды.

  3.Әулие ұстанған үш бағыт.

1.Яссауи сопылық мектебінің түлегі – Ет жемес ешан ата білімнің Шариғат, Тариқат,Ақиқат, Мағрифат сатыларынан өткен. Алла туралы ақиқатты білген. Жаратушының назары түскен.Құдай берген қасиеттерге ие болған. Желеп-жебеуші дәрежесіне жеткен.  Осындай әулие, Алла бәрін көріп тұрғандай іс-әрекетімен, адалдығымен, әділдігімен ұзақ жылдар бойы Келес даласында Яссауи тарихаты негізінде діни ағарту жұмыстарын жүргізді. Жамағатпен бірге зікір салып,Алланы үнемі бірге еске алатын. Ешан ата қатысатын зікір,қазіргі кезде бүкіл елге сұрықсыз, епетейсіз етіп көрсетіліп жүргендей жұлқынған,бұлқынған емес еді. Шеңбер жасап отырып,кейде түрегеп тұрып,денені бос ұстап, зікірде «Алла Һу», «Алла һу» деп бәсең дауыста қайталана айтылып, бар әлемді Жаратушыға арналған мадақ сөздерге жалғасатын. Елге,жерге, халыққа жақсылықтар тілеп,бата жасап аяқталатын.(Генерал Н.С.Лыкошин куә болған зікір осылай өткен).Зікірдің соңы емшілікке,рухани әңгімеге, сұрақ-жауапқа жалғасатын.

  Ет жемес ешан ата жыл сайын наурыздан кейін, кедей-кепшіктерді,жоқ-жұқаналарды  қатыстыра отырып,биылғы жаңа жылдың елімізге, жерімізге және әрбір жанұяға жақсылықтар әкелген жыл болуын тілеп,арнайы мал сойып,дербісана ұйымдастыратын.Құран оқып,соңында дұға,бата-тілек жасайтын.

  Емшілік жасағанынан түскен табыстарын өзіне қалдырмаған. Халықтан және мүридтерінен келіп жатқан мал мен мүліктерге қосып, халықтың мұқтажына жаратқан.Келес даласында мал бағып,егін егіп шашырап жатқан халыққа жақын тұстардағы 4 жерде қылуеттер қаздырып,өзі сонда жиі-жиі барып халықпен кездесіп тұрды.Жыл сайынғы шілде айларында,сол қылуеттердің кезегі келгенінде,Аллаға 40 күндік мінажатын жалғастырды.

2.Егіншілікті дамытты. «Сарыағаш» курорттары маңынан өтетін Келестің суын, «Ыса ата әулие» кесенесі тұсындағы тоғаннан алып,4 шақырым жердегі жүз гектардай жерді суландырып келген,Құдайқұл арықты одан ары қарай он бес шақырымға ұзартты.Ұзындығы бір жарым шақырымдай келетін төбелер тізбегінің астынан су өткізді. Тереңдігі он-онбес құлаш келетін, қатар жатқан құдықтар қаздырып, олардың үстіңгі бетін бұзбай  көпір қалпында қалдырып,тек астыңғы жағын бір-біріне қостырды.Жаяау адам жүре беретін тунел пайда болды.Халық мұны тунел деместен «Кескен» деді. Қазіргідей қуатты да, епті техникалар жоқ кезде, осындай инженерлік тапқырлықпен іске асырған тірліктеріне таңғалмасқа шараң жоқ.Осы жұмыстарды атқару үшін жүздеген адам тынбай бірнеше ай жұмыс істеді. Оларды ас-сумен,құрал-сайманмен қамтамасыз етудің өзін ойлап көрсеңіз,бұл жұмыстың оңай болмағанын аңғарасыз.

  Осылайша төбенің арғы бетіндегі ғасырлар бойы қаңсып жатқан  ондаған гектар жерге су апарды. Ол жерлерге бау-бақша ектірді. «Ешан базар» мен оның аржағындағы елді мекендерден Ташкентке бара жатқан немесе келе жатқан керуендер, жеке адамдар арнайы тоқтайтын.Шай ішіп демалатын. Самсаған жемістер мен қауын-дарбыздардан ауыз тиетін. Көшеттері мен тұқымдарын алып кететін.Соның арқасында  жаңадан пайда болған  «Ешан бау» ауылы шартарапқа белгілі болды,аты шықты. Осы ауылда пақса дуалдан өзіне үй салдырды.Жан-жағына халық қоныстанды. Жаңадан мазар орнын белгіледі. Оның шығыс жағынан жер асты мешіті-қылует қаздырды. Оның қазылғанына бір жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де, әліге дейін бұзылмай, елдің зиярат орны болып тұр.

3.Келесте сауданы дамытты.Қазіргі Абай кентінің шығыс жағында далалық базар ашты.Батысында маусымдық жәрмеңкелер ұйымдастырды. Оған Ташкенттен, Түркістаннан, Созақтан, Шымкенттен және жақын маңдағы ауылдардан сауда керуендері мен отар-отар қойлар,үйір-үйір жылқылар, келе-келе түйелер, сиыр табындары  келетін.Жәрмеңке қазіргі Абай кенті мен Бесқұбыр елді мекені арасын жалғап жатты. Жәрмеңкеде тұрмысқа қажеттінің бәрі сатылатын.Іздегеніңнің бәрі табылатын. Қаз қатар тігілген киіз үйлердің әдемілігі бірінен бірі асып түсетін. Әрбір шаңырақ қымыз бен қымыран ұсынатын. Қазандарда тағамның небір түрлері пісіріліп жататын. Айға созылатын жәрмеңке болған соң,онда ойын-сауық та,айтыс та,тіпті көкпар да болатын.Орта азиядағы жақсылар мен жайсаңдар,небір әншілер мен бишілер,сал серілер келетін.Бір айда бітпейтін жәрмеңкенің жергілікті халыққа берері де, үйретері де  көп болған.

Қазіргі Ташкент,Шымкент,Қызылорда облыстары аумағында Ет жемес ешан атаның бармаған жері,баспаған тауы қалмаған шығар.Осы аймақтағы халықтың ішінен Ет жемес ешан атаның көмегіне мұқтаж болғандар,әулиенің жүрген жерін білмесе де,шын ниет етіп,атын айтып жалбарынғандарға әулие көмегін берген. Бұл жәй аңыз әңгіме емес.Болған оқиғалар әлі де халықтың есінде.

  1. Елдің есінде қалған әңгімелер өте көп.

  Ет жемес ешан ата туралы сол заманда жазба дерек қалдырған екі-ақ адам.Басқа да болған болуы мүмкін,бірақ оның бәрін орыс басқыншыларының жазалаушы құрылымдарының адамдары жойып жіберген. Біріншісі әулиенің замандасы, сырласы Майлықожаның (1835-1898) ұлы Жолбарыс ақынның Ет жемес ешанға өлеңмен жазған хаты.Ондағы мына жолдарды  оқысақ біраз нәрсеге көзіміз жетеді.    Орыс,қазақ,сарт болып,

 Илікті бәрі жұрт болып,

 Сіз болдыңыз басқарған,

Халықтардың білген халіні,

 Қайыл емес ешкім жоқ,

  Ешкімде сіздей пайым жоқ,

 Ет жемес ешан намына,

  Зиярат қыла келгенім,

 Жалғанда қызмет еңбегім,

 Тақсыр-ай,жәрдем қылыңыз,

 Мүшкіл,ғаріп халіме.

 Екіншісі,жоғарыда аты аталған орыс генералы Н.С.Лыкошиннің «Ет жемес ешан» аталған очеркі.Осы жазбада 1892-жылы қазіргі Қызылорда мен Шымкент ортасындағы халық арасында бұрқ ете қалған оба ауруын тоқтатудағы қарбаласта,жасы алпысты алқымдаған Ет жемес ешан ата шаршап, жүре алмай қалса да,оны адамдар зембілге салып,ауылма ауыл аралатқанын, өзіне төнген қауіпке қарамай,ауруларға қолын тигізіп ем жүргізгенін таңдана отырып жазады.

  Тағы да осы автордың жазғаны. «Ешан базар» ашылған соң,ат ұрлайтындар көбейеді.Халық ешанына келіп жәрдем сұрайды. Ешан өзі бас болып халықпен  бірге Аллаға мінажат етіп,ұрыларды тоқтатуын өтінеді.Содан кейін де аттар түнде ұрлана береді.Бірақ олар адасып-адасып таң ата, сол атты ұрлаған жерлеріне қалай келіп қалғанын білмей қалатын болды. Осындай жәйттер бірнеше рет қайталанған соң, ұрылар бұл жерде өздеріне нан жоқ екенін түсініп,басқа жаққа ауып кетіпті.

Ет жемес ешанмен жақыннан танысуды мақсат еткен,патшаның чиновнигі Н.С.Лыкошиннің өтініші бойынша,Ташкенттегі  бір дәулетті азамат ауызашар жасап, әулие бастаған көп адамды үйіне шақырады.Бүгінгі қонақ иесі өзін өмір бойы ешан атаға қарыздар санайтын.Отасқанына 13 жыл болса да, перзент көрмеген әйелі екеуіне,ешан бір бұрда нанға дем салып,оны  ерлі-зайыпты екеуіне беріп,бөліп жеп қоюын өтінеді.Осы оқиғадан кейін жыл өтпей жатып,бұл үйде бесік пайда болады.

Ескерте кетуге тура келеді.Ешан ата басқалар құсап, жылына бір ай ғана емес,өмір бойы ораза ұстайтын.Сол себепті ешан атаны қонаққа шақыру ауызашардың уақытына сәйкестендірілетін.Орыс чиновнигі  ешанмен бірге жария зікір салғандарды көрді.Бұл зікірдің сопылардың басқа бауырластықтарынікінен өзгеше   екендігін байқады.Ол жөнінде очеркінде тәптіштеп жазған.Зікірдің соңында генералдың араққұмар Оспан есімді атқосшысы да ем қабылдайды.Сол күннен бастап ол арақты аузына алмайтын болғандығын да жазған.

  Келестегі адамдардың да Ет жемес ешан атаның кереметтері туралы айтатындары көп.Сол әңгімелердің бірі.Келес өзеніне көпір салдырғанда, бір бөрененің ұзындығы жетпей қалып,ұсталар басқа бөрене таппай тұрғанда,Ет жемес ешан ата келіп қалып,екі ракат нәпіл намаз оқып,бөрененің басын өзі ұстап,қажетті жеріне қойғанда өлшегендей тура келген.

  Тағы бір оқиға.Күндердің күнінде  ат ұрлаған кісінің  артына қуғыншылар түсіп,ұстауға жақын қалыпты. Алдында көктемгі су тасқынымен Келес өзені арнасынан асып ағып жатыр.Сенген көпірі жоқ,су алып кеткен.Торға түскендей болған ұры «Айналайын,Ет жемес ешан ата құтқара гөр,осыдан аман құтылсам ұрлығымды қоям» деп, атының басын ернеуінен асып ағып жатқан Келеске тіке салыпты.Сонда ат өзеннен секіріп өтіп, қуғыншылардан аман-есен құтылып кетіпті.Осыған таң қалған ұры,көп ұзамай Ет жемес ешан атаға келіпті.Ұрлықты қойғанын айтыпты.Осы кезде ешан ата көйлегін көтеріп жіберіп,арқасын көрсетеді. Көгеріп қалған ешанның арқасында ат тұяғының ізін көреді.

Сонда,ұрының Ет жемес ешан атадан жәрдем сұраған уақыты мен аттың өзеннен секірген уақыт арасы қас қағым сәт емес пе.Осы уақыт аралығы, дыбыстан да жылдам ұшатын самалетіңіз арқада қалатын жылдамдық емес пе!Өзінің сүйікті құлына осындай керемет көрсетуге мүмкіндік  берген Алланың құдіретінде шек жоқ! Осы әңгімеден кейін,Ет жемес ешан ата бамдат намазының сүндетіп үйінде,парызын Меккеде оқыған дегенге қалай сенбейсіз.

1911-жыл. «Ешан бау» ауылы.Құдайқұл–бесуылдардың үлкені Рүстем атаның үйі.Осы үйдің келіні–мамыттың қызы Тоты үш күннен бері толғатып, босана алмай жатты. Енесі–жаңбыршының қызы Оразкүл де үш күннен бері ұйқы көрмеді. Қолынан келген ем-домның,ырым-сырымның бәрін жасады. Нәтиже жоқ.Келіні өлетін халде,сұлық жатыр.Аузы бір тынбай, қайталап айта беретіні бір сөз. «Е,айналайын Ет жемес ешан ата, қайдасың?Өзің келіп қолдамасаң,үш адам өлейін деп жатыр. Қайдасың,ешаным, келсеңші,  жәрдеміңді берсеңші. Алладан медет сұрасаңшы».

Құдайдың құдіретін қараңызшы,кешкі апақ-сапақта Ет жемес ешан ата есіктің алдына келіп тұр.Оразкүл әже жүгіріп сыртқа шығып, атаға сәлем салады.

–Оразкүл,не болды,шақырып тыныштық бермедің ғой,өлейін деп жатқан үш адамың қайда,-дейді ешан ата.                                                              —

-Айналайын,ешаным келінім үш күннен бері толғатып,босана алмай, өлетін халге жетті.Ол өлсе ішіндегі баласы да өледі.Ол екеуі өлсе мен де өлемін. Сонда үш адам болмай ма,-дейді Оразкүл әже.

Содан кейін Ешан ата ішке енеді.Жатқан келінге бір мезгіл көз тоқтатқан. Құран аяттарынан бірін оқиды.Одан соң ашуға булығып,даусын көтеріп сөйлеп кетеді.

-О,пәдеріңе нәлет ит шайтан сен мүнда қайдан келіп қалғансың, жаныңның  барында қазір кет,кет дегенде кет,-деп қаһарына мініп, бөлменің ішінде әлсіреп жатқан келінге қарай бірнеше рет ұмтылып қойды.Одан соң өзі сыртқа шығып кетті.Арада аз ғана уақыт өткенде,шақалақтың даусы естіліпті.Есімін «Бостан» деп өзі қойыпты.

Сол Бостан Райымқұлұлының жасы 2018-жылы 107-ге толған шағында,ертең ораза айт деген күні аманат жанын  Аллаға тапсырды. Жаназасы «Ешан бау» мешітіндегі  айт намазынан кейін оқылды.Әулиенің қолы тиген соңғы адам, бұл фәниден осылайша өтті.Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қария: «Сол кезде де Ет жемес ешан атамның қолдауын сезініп жүрдім,бораған оққа қарсы жүргенімде алдымда дәу қара тас тұратын» деп еске алатын.

5. Әулиелердің өзі өлгенмен рухы өлмейді деген сөз бар.

*Ет жемес ешан ата қаздырған арыққа, Келес өзеніне салынған тоған арқылы суды бұру, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жалғастырылып келген.Егіс маусымы басталып, тоғанды жаңадан салған жас диқандар жұмысты «қатырғандарын» арақ ішіп атап өтеді.Түнде тоғанды су ағызып кетеді. Одан кейінгі күні де солай болады.Үшінші күні естері кіреді. Алла разылығы үшін деп,бір лақты сойып, «Ет жемес ешан ата кешіре гөр» деп,садақа ас жасап,құран оқып тоғанды қайта салады.Сол тоған қара күзге дейін бұзылмапты.

*Совхоз күшейіп тоғанды және Құдайқұл арықты пайдалануды тоқтатып,жүз гектардан астам жерді насоспен суғаратын болады.«С-100»дің жаңа маторы мен су тартатын қуатты насосты Келес өзенінің жағасына қояды.Матор күшеніп істеп тұр, насос та айналып тұр, бірақ суды жоғарыға лақтырмайды. Осының басы-қасында жас маторис Орынбасар екі-үш күн жүрген. Анасы жексенбі күні таң азанмен баласын ерте оятып,азырақ ақша беріп, «Ешан базарға» жібереді. Айтады, пәлен тұстағы көгенде тұрған үш қойдың астында  көрінбей жатқан ақ лақты сатып алып кел де, насостарыңның суды қолмен құятын жеріне бауыздап, қанын ағызыңдар, «ешан ата қолдай гөр» деп тілек тілеңдер дейді. Базарға барып,апасы айтқан жерден ақ лақты көреді де,иесі айтқан бағаға сатып алады.Мақта бригадиріне апасының айтқанын айтып, лақты береді.Ол кісі кішкентай лақты, өзі мінген аттың үстіндегі қоржынның бір жағына тыға салады.

Бірнеше күннен бері суды шығара алмай жүрген оқыған мен тоқығандар сәскеде тағы да жиналады. Маторды оталдырып, насосты қосып,Орекеңнің апасы айтқанды айтып, ақ лақты бауыздап,қанын насостың ішіне ағызады. Сол кезде «күмп-күмп» еткен дыбыс шығады да суды науадан асырып лақтырады. Ойбайлап «газды азайтыңдар» деген айқай естіледі.Матордың айналымын азайтқанда бәрі қалпына келіп,су керегінше жоғарыға атқыланады,арықтар суға толып,мақталыққа қарай ағып кетіп бара жатады.

Таңғалмасқа шараң жоқ.Осындай ақылды берген Орынбасардың апасы, бұл ауылға Қазығұрттан жақында көшіп келген.Ешан ата туралы да,насос туралы да,тіпті «Ешан базар» туралы да жөнді білмеген.Түнде түсінде көргенін «дым білмейтін» баласына айтты. Ол соны іске асыруға ат салысты.Бар болғаны сол. Нәтижеде бір заманда Ешан ата диқаншылық жасаған жерде су арқырап ағып жатты.Ал Орынбасар ақсақал, апасының нәрестелерге «түкіретін» емшілігі бар, елеусіз ғана жан болғанын,бірақ бастықтар білмейтінді білгеніне таң қалып,өзі қария болған кезінде айтып отырды.

*Қазақ елі азаттығын алған соң,өз билігіміз өзімізге тиген. Ұмытқанымызды жаңғыртып,санамызды оңалтып жатқан кезде,Ет жемес ешан атаның немересі Аппазқожаның және шөбересі Хасанқожаның тағы да  басқа  ауыл ақсақалдарының қалауымен, Ет жемес ешан атаның ордасы орналасқан төбені,әулие атасының қонысы ретінде,мұрагеріне рәсімдеп,үй салатын болды.Оны салуға ел көмектесті,асарлатты.Сондағы болған мына оқиға құрылысшылардың ойынан еш шықпайды.

Сол оқиға болатын күні, құрылысшы жас жігіттер қас қарайғанша жұмыс істейді.Үйге қайтуға кеш болып қалды деп,құрылысы бітпеген осы үйде қона салмақшы болады. Хасанқожа «жігіттер, мен сендердің қонғандарыңа қарсы емеспін,түнде бір атаны көрсеңдер қорықпаңдар»  дейді де кетіп қалады. Ертеңіне сәске түсте Хасанқожа келсе,тым-тырыс,аналар көрпелерінің астында, басын шығармай әле жатыр екен. «Ассалаумалейкум» деп дауыс шығарғанда,аналар көрпелерін ашып,әкелері келгендей қуанып, орындарынан атып-атып тұрады. Айтуларына қарағанда,бұлар ұйықтар-ұйықтамастан есіктің ілгегі өзінен өзі ашылып,екі-үш қария үйге кіріп келеді.Салынып жатқан үйдің бөлмелеріне кіріп көреді. Бір-біріне «болады» деп қояды. Осыдан кейін-ақ, жас жігіттер бір-біріне тығылып,көрпелерін қымтай бүркеніп, таң атқанша жатады,  ұйқы көрмейді.

*Осы сияқты тағы бір әңгіме.Хасанқожа жоғарыда айтқан жаңа үйге көшіп келгеннен кейін,үй іргелік жерге қауын-дарбыз егеді.Оның пісетін уақыты да жақындап қалған болса керек.Бұл оқиғаға қатысушылар жас емес,баяғыда үйленген,балалы-шағалы болса да, үйіндегілердің көздеріне түспей, жасырып арақ ішетін әдеттері бар еді.Қараңғы түсіп,ай көрініп қалған шақ.Жолдың шетінде бір шишаны бөліп ішейін деп отырғанда, басытқылары болмай, солардың ішіндегі жасы елуді еңсеріп қалған,қырма сақалдысы «мен білем, қазір бірдеңе тауып келем» деп,қоршаудан өтіп, Хасанқожа еккен қауынды  аралап кетеді.Қауынның піскенін таба алмасын білсе де, дәм кіре бастаған шапшаларын алайын деп, тұмсықтарын бас бармағымен басып көріп жүргенде,жақын жерден жөткірінген дыбысты естиді. Қарап қалса,ұзын шапанды ақ сақалды кісіні көріп қалады.Сәлем берудің орнына елуді еңсеріп қалған жігіт ағасы қоршаудан қарғып өтіп,алды-артына қарамай, бөтелкелестерін тастай қашады.

*Ет жемес ешан атаға қатысты таңғаларлық оқиғалар қазіргі күндері де кездесуде. Көпшілігін біле бермейміз. Ұшқын ауылындағы Омар деген ақсақалдың Қарағандыға тұрмысқа шыққан қызы, көтерген баласын тастап қоя береді екен.Қаратпаған жері қалмапты.Сол қызды Ет жемес ешан атаның шөбересі, шырақшы Хасан қожаға әкеліпті.Ол бір Аллаға сыйынып,Ет жемес ешан атаны уәсила етіп,келіншектің перзентті болуын сұрап құран оқып,дұға жасапты.Уақыттар  өте келіншектің екіқабат болғаны белгілі болады.Ай сайын құран оқытып,дұға жасауға мүмкіндік болмайды.Себебі аяғы ауыр келіншекті жұмысы шақырып қоймайды.Енді не істейміз дегенде,Хасанқожа оның да амалын табады.Қарағандыдағы келіншекті телефон арқылы оқып көрмекші болады.Ай сайын осындай «сеанс» жүреді.Ол жылдарға жалғасты. Нәтижеде,сол келіншек қазір екінші перзентін өсіріп жатыр.

*Тағы бір әңгіме.Бұл енді қуанышты жағдай емес,бірақ әрбірімізге сабақ болуға тиіс оқиға.Етжемес ешан атаның немересі Аппазқожа ата қартайып,шөбересі Хасанқожа шырақшылықты әле толық қабылдай қоймаған кезеңде, «Ешаната мазарына» жиі келіп тұратын,қабырда жатқандардың туыстарының өтінішімен әруақтарға арнап құран бағыштайтын ауылға танымал бір азамат болатын.Бір күні Хасанқожа мен Сман палуан өткендерге құрап оқып болған соң,қылует жанында әңгімелесіп отырғанда, сол кісі келіп қалып, мұсылман адам айтпайтын сөздер айтады.Оның айтуынша бұл мазарда адам қорқатындай ешнәрсе жоқ. «Бар болса көрсетіңдер. Бұл жерге менен көп келетін адам жоқ.Маған көрінген немесе сезілген қорқатын нәрсені байқағаным жоқ. Сендер айтып жүрген дәу жыланды әнеукүні осы жерде кетпенмен шауып өлтірдім.Кәні, маған ешнәрсе болған жоқ»-депті.Сөйтіп, өзінің мықтылығын байқатыпты. Сол азамат осы әңгімеден кейін көп ұзамай, қыдырып барған жағында, белгісіз аурумен ауырып, қысқа мерзімде қайтыс болды. Осы мазарға әкеліп жерлерде де, жолда кедергілерге ұшырап, кешігіп келген.Бұл оқиға кездейсоқ болған десек те,ойланып сөйлеуді,асып-тасымау керектігін ойға сала береді.

*Осыдан біржарым ғасырға жуық бұрын қазылған,Етжемес ешан ата көп жылдар бойы, жазғы шілдеде 40 күн бойы Аллаға мінажат еткен қылуетті зиярат етуге келушілер егемендігімізді алғалы бері   көбейді. Соңғы жылдары,осы қасиетті жердегі ағаш басына ұя салып,тұрақты мекен еткен, біз білмейтін (танымайтын) құс пайда болды.Ол адамдар келгенде сайрайды. Қылуетке кіре берісті ыбырсытатын сауысқан,қаражалақ сияқты құстарды қуатын, жолатпайтын болды.Оған бұл жұмысты кім тапсырды? Жаратқанның бізге сабақ болсын деп көрсеткен кереметі емес пе!

*Сол сияқты осы төңіректе жаратылысы ерекше,түсі қып-қызыл жылан да кейбіреулерге көрініп қалады екен.Бұл мақұлық та Алла жаратқан, сырын біз білмейтін тіршілік иесі екені анық.

6.Әулиенің ұрпақтары.

Ет жемес ешан атаны өз көзімен көргендерден, жоғарыда  атап өткен екі автордан басқа жазғандардікін көзіміз шалмады. Ғалымдардан Н.Нұртазина Ет жемес ешан ата туралы  «Ишаны Туркестанского края» деген зерттеуінде атап өткен.Онда Ет жемес ешан ата туралы жаңсақ пікірлерге орын берілген. Сол сияқты тарихшы Мәмбет Қойгелдінің зеттеуіндегі,  1937-жылдары қудаланған дін қызметкерлерінің ішінде Етжемес Ишанов деген фамилияның жүргені түсініксіз жағдай.Ет жемес ешан ата 1913-жылы жасы 80-ге келіп қайтыс болған.Жерленген жері өзі туылып, өскен «Көкше» елді мекеніндегі Шайх Зайниддин кесенесінің ішінде.Қазір бұл жер Ташкенттің ең көрікті жерлерінің біріне айналған.

Ет жемес ешан атаның Зайнилабин есімді інісі бар еді.Келестіктер оның атын қазақ тілінің икеміне келтіріп,Зайнабешан деп атайтын. Ол ағасының ордасынан бір жарым шақырымдай жердегі Келес өзенінің жағасындағы төбеде отырған.Ет жемес ешан ата осы інісінің жаңа туылған Сәйдәріп есімді баласын, қырық жасында бауырына басады. Өзінің бел баласы Имамеддинді (оны келестіктер  Төрежан деп атап кеткен) елуекі жасында көріпті.Біз  білетін  перзенттері осылар.Ет жемес ешан ата жасы сексенге таянғанда, бала-шағасын шақырып алып, «маған деген қандай өкпе-наз, тілектерің бар» деп  сұрайды.Сонда Сәйдәріпқожа «мені екі дүниеде де перзентім деп айтасыз» дейді.Тілек мақұлданады. Ешан ата көзінің тірісінде қасиеті бар екі шапанын екі ұлына  бөліп береді.Сәйдәріпқожаға берген шапаны қазір де бар.Шөбересі Хасанқожаның сандығында сақтаулы.Бір ғасырдан асса да тозбаған,сол күйінше.Бұл шапан 2015 және 2017- жылдары әулиеге арналып өткізілген үлкен жиындарда,лайықты кісілерге кигізіп елге көрсетілді.

  Осы жерде екінші шапанның тағдырын айта кетейік.Төрежаннан қалған бұл шапанды, жақын туыстары әулие атадан қалған тәбәрік деп,қайшымен кесіп бөліп алған деген сөз бар.Нәтижеде шапан да,оның қасиеті де жоқ болады.Кесінділері қазір кімдердің қолдарында жүргені де белгісіз.

Заман өзгеріп,орыстар өздерін өздері «төңкеріп»,1917-жылы «жалаңаяқ» коммунистік партия билікке келеді.Империядағы иеліктердің иелерін жояды.Ақ патшаны жанұясымен қырып тастайды.Бұрынғы шенділердің аман қалғандары шет ел асады. Отарланған Қазақ елі бұрынғыдан  да бетер  қиыншылықтарға ұшырады.Сол кезде 6 миллионнан  асатын,(соңғы деректер бойынша 8 миллионнан  асатын) қазақтың жартысынан көбін атып,асып және қолдан жасаған ашаршылығымен қырып,жойды. Тарихты ұмыттырды. «Жаратылыс өзі бұрыннан осындай.Адам Дарвин айтқандай маймылдан тарап, өсіп-өрбіген».  Осыны халықтың санасына сіңірді. Басқаша ойлағандар атылды, түрмеге тоғытылды.Қысқасы «Құдай жоқ,дін өтірік» деді.

Осындай саясаттың кезінде Ет жемес ешан атаның ұрпақтары да қуғынға ұшырады.Ешан,молдаларды да байлармен бірге жазықсыз жазалады.Ешан атаның ұлы Төрежанды милиция бастығы Жұман деген 1929-жылы тұтқындап,үлкен істі тындырған болып,өзінің мықтылығын түрникке асылып,әр түрлі жаттығулар көрсетіп жатқанында құлап,екі аяғы бірдей сынып,ойбайлайды да қалады. Күнде ойнап жүрген түрниктен неге құлағанын ойлаған ол,өзіне бағынышты милицияға айтып,Төрежанды тез босатып жіберуді бұйырады.Ол келіп, қамаухананың есігін ашқанда Төрежан ол жерде жоқ екендігі белгілі болады. Жанындағылардан «көрдім» деген адам табылмайды.

Төрежан басқалардың көзіне түспей түрмеден шығып кетіп еді.Бағыты «Қауыншы» елді мекені болды.Ол жерге жетем дегенше бір көпірдің үстінде іздеуші милициямен кездесіп те қалады.Бірақ ол көрмеген болып өтіп кетеді. Шынымен сондай болды ма,жоқ әлде киіп алған Ешан атаның шапаны көзін «байлап» қойды ма,ол жағы бізге белгісіз.Оның сыры он жылдан кейін ашылды.Баяғы,Ет жемес ешан ата өзі туғызып алған,атын Бостан деп қойған атамыз бен Төрежанның ұлы,құрдасы Төрехан екеуі бір шаруамен Ташкентке барады. Сондағы бір таныс дүкен иесі бұларды ішке кіргізіп,басқаларға білдірмей бір хатты береді. Ол Төрежанның өзінің баласы Тәкірханға жазған хаты екен.

Хатты оқығанда белгілі болғаны.Алланың арқасында және шапанның қасиетімен қамауханадан білдірмей шығып кетеді. «Қауыншыға» аман-есен жетеді.Ол жерде Қашқардан келген адам жолығыпты.Ол адамның айтуы бойынша белгілі болғаны,Қашқарда оған үй-жай және арнайы мешіт салыныпты. Әйел де таңдап қойыпты.Қазір сол жерде жасап жатқанын,енді бұл фәниде емес, арғы дүниеде кездесерміз деп жазыпты.Бұл әкенің балаға жазған соңғы қоштасу хаты еді.Кейінгі жылдардың  бірінде Төрежанның Меккеге қажылыққа барғаны және сонда о дүниелік болғаны туралы хабар келеді.

Төрежанның Тәкірханнан басқа тағы бес-алты ұл-қызы болған.Сол кездегі совет үкіметінің қожа-молдаға қарсы саясатына байланысты бәрі де қуғын-сүргінге ұшыраған.Тәкірхан 2000-жылы жасы тоқсанға жетіп қайтыс болады. Ол кісіден 1966-жылы туылған Зухриддин есімді ұл және алты қыз қалады. Олардан өрбіген ұрпақ Ташкентте өсіп,өніп жатыр.Қашқарда жүргенде перзент көрді ма, көрмеді ма ол жағы бізге белгісіз.

Ет жемес ешан атаның Сәйдәріп есімді ұлы туралы мәліметтер өте аз.Ол кісі де жай адам болмаған сияқты.Балдары Аппазханқожа және Мұхтарханқожа туралы болжағандары дәл келген. «Ешан бау» ауылында жүргенде ел аралап, бес-алты ай хабарсыз кетеді екен.Кемпірі Айпаща 1922-жылы қайтыс болғаннан кейін,қырғыз қызына үйленіп, «Ешан базар» ауылында жасапты. Адамдар өздеріне Сәйдәріпқожа  келе жатқанын  алдын ала жылы лепті жел ескенінен сезетін болған.Алғашқы артель ұйымдасқанда,оған мүше болып, мақта егіп,жаңа биліктің айтқанын да істепті.Денсаулығы сыр бере бастаған соң,Ташкентке қоныс аударған.Сол жақта 1927-жылы 54 жасында қайтыс болыпты.Артында екі ұл,екі қыз қалады. Кіші ұлы Мұхтархан екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып,ол жақтан қайтпаған. Сапура қызы жас кезінде қайтыс болған.Жорахан деген қызынан жиендері бар.Аппазханқожа әкесі қайтыс болған соң, Ташкенде жүріп көп қиыншылықтармен оқып,мұғалім мамандығын игереді.

Соғыстан кейінгі жылдардың бірінде Шарапат апамен шаңырақ көтереді. Жас маман ретінде Бекабат қаласындағы бір мектепте біреуі директор, екіншісі мұғалима болып қызмет етеді.Шарапат апа Акрам,Акрал,Қошқар деген ұлдары мен Мавлюда есімді қызынан кейін Хасан,Хұсан деген егіз ұлдарды дүниеге келтіреді. Қуаныштары ұзаққа созылмайды.Егіздің кішісі Хұсан аз уақыт ауырып,шетінеп қалады. Артынша үлкені Хасан да ауыра бастайды.Осы кезде Аппазханқожаның бұрыннан ауырып жүрген асқазан ауруы да асқынып кетеді.Бастарына осындай қиыншылықтар түсіп,не істерлерін білмей жүргенде, бір ақсақал үйлеріне келіп ақыл айтады.Әулие болған аталарың бар екен.Сол әулие аталарыңның ізі қалған жерге барсаңдар,денсаулықтарың түзеліп,бәрі жақсы болып кетеді депті.Осы сөзден кейін Аппазханқожа ойланып жатпастан директорлығын да,үй жайын да тастап,өзі бұрыннан білетін «Ешан бауға» 1957-жылы 44 жасында көшіп келеді.

Бұрынғы мектеп директорына табылған ыңғайлы жұмыс,бөлімше кеңсесінің қарауылдығы болды.Шарапат апа балдарына қарап үйде отырды.Мавзуда,Масуда есімді екі қызды дүниеге әкелді.Ет жемес ешан атаны жақсы білетін Құдайқұл бесуылдар мен Әжікелердің ұрпақтары ықыласты болып,қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жүрді.Сол жылдары үкіметтің қаулысымен Қазығұрттан көшіп келген Бөгейжіл және Өзбекстан жақтан өзінің Қазақ еліне қайта қоныс аударып жатқан Қоңырат ағайындардың да қолдап, қолпаштауына ие бола бастады.Осы ағайындар Аппазханқожа деп айтуды оңайлатып,сол кезден бастап Аппазқожа деп атай бастады. Перзенттері есімдеріндегі «хан» жалғаулығын қазір ешкім қосып айтпайды.

Аппазқожа ата алғашқы кезде намазын үйінде жеке өзі оқып жүрген болса, кейін бейресми ашылған мешіттерде, бейресми имамдық қызметтер атқарды.Өтініштер бойынша ауырған-сырқағандарға да дем салды.Қаза болғандардың жаназасын да жасырын оқыды.Мұның бәрі сол кезде, коммунистік партия билеп дінге қарсы болып тұрған кезде, халыққа жасаған теңдессіз сауап тірліктер болатын.Ол заманда қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кез. Адамдар намазды жасырынып оқитын.   Өлгендерге жаназа оқытпайтын.Жақын адамдарының жасырын жаназасына коммунистер  келмейтін.Сыры ашылып қалса,жазаға тартылатын.

Ет жемес ешан атаның немересі-Аппазқожа 20 жылдай бөлімшенің кеңсесіне қарауылдық жасап,зейнетке шыққан болса, одан кейін де 20 жылдай халыққа діни қызмет көрсетті.1996-жылы жасы 83-ке толған шағында, ауырып дүние салды.Сүйегі «Ешаната мазарына»,өзінен үш жыл бұрын қайтыс болған кемпірі Шарапат апаның қасына қойылды.

Осы кезде де,екінші шапанды бөліске салғандағыдай, Аппазқожадан қалған дүниелерді бөліп алудан үмітті болған ұл, қыздары мұрагер-шырақшы,Әулие Ет жемес ешан атаның ордасы–үлкен үйдің иесі Хасанқожаға талап қояды.Үйдің иесіне бұл шырақшылық қалай «бұйырғанын» төменде айтылады.Одан кейінгі шырақшылық әулиенің қайсы шөпшегіне бұйырылатынын Хасанқожа да білмейді.

Екі арасатта тұрғанында,Хасанның желкесіне қонып,қанаттарын қағып тұрған «әруақ көбелектерді» көрген, ортада отырған үлкендерден Құтбы және Бәшар апалардың «енді қойсаңдаршы, ата-аналарыңның әруақтарын қинамасаңдаршы» деп,көбелекті көрсеткенде барлығы да сап тиылады.Соның арқасында әулие атамыздан қалған жәдігерліктер аман-есен сақталып келеді. Ағайын-туғандар да тағдырға тән беріп,Алла разылығы үшін бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр.Қажет кезде шапанды жамылып,Алладан медет,атасынан шапағат сұрайды.

Ет жемес ешан ата өзінің рухани мұрагерлігін (шырақшылығын) Сәйдәріп баласынан тарқағандарға мәжбүрлеп беріп келеді. Аппазқожаны  мектеп директорлығынан кеңсе қарауылдығына апарды.Көп шөберелерінің ішінен таңдау  Хасанқожаға түсті.Бұл бала да Келесте өскен басқа шөберелері  сияқты, орыс мектебінде оқыған.Дарвинді жақтаған,Ислам дінін даттаған тәрбие алды.Біраз жыл Камаз автомашинасын жүргізді.Бірақ басқа шоферлар сияқты еркін жүре алмады,яғни әулие атасы жүргізбеді.Орысша оқыған бала алғашқыда оны түсінбеді,түсінгісі де келмеді.Сол кезде,баяғы Бекабатта әкесінің іші ауырғандай іш ауруы бұның ішінде де пайда болды. Төрт рет операция үстелінде жатты.Жазылмады.Әкесі Аппазқожа «енді өлесің» деді.Сол сөзден кейін «әкіс баланың» беті бері қарады.Әкесі үйреткен ислам тәрбиесін, оқытқан ислам білімін  бойына сіңірді.Құран сүрелерін қиынсынбай жаттады.Әкесі Аппазқожа 78 жасында мұрагерлікті 34 жастағы баласы Хасанқожаға тапсырды.Шырақшы Хасанқожа 1991-жылдан  Ет жемес ешан атаны арқа сүйеп,жәрдем сұрап келгендерді қабылдап,дем салады.Жер асты мешіті-қылуетке апарып зиярат жасатады. Хасанқожаны іздеп келушілердің аяғы үзілген емес.

Шырақшы Хасанқожаның денсаулығы жақсы.Оншақты перзенті, жиырмашақты немересі бар.Бәрі тәуелсіз Қазақстанға хал-қадерінше қызмет етуде. Хасанқожа Ешан атаның қылуетіне зиярат жасап келгендер тоқтайтын шағын ғимараттың құрылысын аяқтаған. Әулие атасынан медет сұрап келгендерге қызмет етуді өзіне абырой санайды.Ниет етіп келгендер тоқтайтын үйдің  демалатын бөлмелері, ас әзірлейтін асханасы, қазан-ошағы,ыдыс-аяғы бәрі бар.Тілеухананы көргендер риза болуда.

Ташкентте жеті жылдай жоғары шенді қызметтер атқарған генерал Н.С.Лыкошин Ет жемес ешан атамен бірнеше рет кездескен.Өмірі мен қызметін зерттеген.Осы мақаланың жазылуына негіз болған да генерал жазған «Ет жемес ешан» очеркі. Генерал Ет жемес ешан атаның аты-жөнін «Ишанъ-Баба-Ахундъ-Шадманъ-Ходжа-Ишановъ» деп көрсеткен.Осындағы Баба мен Шадман сөздері ғана адам есімдері. Алғашқысы бүгінгі басты кейіпкеріміздің ұмыт болған есімі,екіншісі әкесінің аты.Қалған басқа сөздер ислам дініндегі атақтар.Ал,соңғы Ишанов дегені орысша фамилия жасағаны. Ескерте кететін тағы бір жәйт.Орыстар «ишан» деп жазуды бастағаннан кейін,басқаларымыз қазақша «ешан» деп жазсақ қате болады деп, бәріміз «ишан» деп жазуды әдетке айналдырдық.Бұл қате.Ешан сөзі қазақтың төл сөзі.

Ет жемес ешан атаның рулон қағаздағы шежіресін тексеруге алған құзырлы органның адамдары, әулет құрамы жазылган жерін жыртып  алып қапты.Қалғанын  зерттегенде  Ешан атаның арғы аталары Хазіреті Әлінің ұлы Мұхаммад Ханафияға барып тірелетіндігін шежіреші ғалым Сейіт-Омар Саттаров бағамдады.

1995-жылы 20-қарашада Ташкент тарих музейінің директоры Нуриллабек Убайдуллабекұлының мөр басып растаған,кеңесшісі Ет жемес ешан атаның немересі Тәкірхан болған,тарихшы Сирожиддин Ахмет құрастырған шежіреде «Ет жемес ешан—Бабаахун Шадманқожа ешан» деп жазылған. Осындағы ешан,ахун, қожа сөздерін алып тастасақ Баба, Шадман сөздері қалады. Мұндағы  Шадман әкесінің аты,Баба өзінің есімі екендігіне тағы бір дәлел.

Ет жемес ешан атаның мұрагер-шырақшылары немересі Аппазханқожа мен шөбересі Хасанханқожалардың фамилиялары неге Арипов дегенге тоқталсақ,аталары Сәйдәріп есімінің екінші жартысын алып,өздерінің арғы тегін коммунистерден жасырған түрі деп түсіну керек.

Ет жемес ешан атаның шыққан арғы тегі ұлтқа жатпайтын «қожа». Ұлты өзбек еді деп айтатындардікі шындыққа жатпайды.1920-жылдан орыс билеушілерінің қалауымен, Өзбек республикасы құрылды және сол аумақтағы әр түрлі тілде сөйлейтіндерді ұлты «өзбек» деп еріксіз жаздыра бастады.Н.С.Лыкошиннің очеркінде «өзбек» сөзі мүлде қолданылмаған.Жолбарыс Майлықожаұлының  Ет жемес ешан атаға жазған өлең-хатында «орыс,қазақ,сарт» деген сөз бар, «өзбек» сөзі жоқ. Генерал Ет жемес ешан ата бата-тілекті  «арабша емес,түрік тілінде айтты» деп жазған.Соған қарағанда бата-тілек қазақ тілінде айтылған.Ел білетін есімі «Ет жемес ешан ата» сөзі таза қазақ тілінде.Соған қарамай  ұлты қазақ еді деп айтуға да болмайды. Қазақ арасында туылып, қазақ арасында өсіп,қазақ тілінде сөйлеп, бүкіл саналы өмірін қазақ арасында өткізген әулие, бар мұсылманға ортақ болғандығын, ешкімді алаламағанын мақтаныш етуіміз керек.

7.Әулиеден қалған жәдігерліктер.

Ет жемес ешан атадан қалған жәдігерліктердің бәрі Келес даласында сақталған.1945-жылға дейін «Ешан базар» аталған қазіргі Абай кенті өсіп өркендеуде.Бір мезгілде үш мың адам намаз оқи алатын 6 күмбезді мешітті  коммунистер бұздырып, кірпіштерін социалистік құрылыстарға пайдаланған.Сол мешіттің орнына 1980-жылы салынған 800 орындық  «Ешан Баба» мешіті де жәдігерлік. Осы тарихи орынға қарсы бетте «Ешан базар» аталған сауда орны әр жексенбі күні жұмыс істеп тұр.Сол сияқты, бұрынғы «Ешан бау» ауылындағы, халық әліге дейін  «Ешан арық» деп айтатын арықтар, «Ешаната мазары»,жер асты мешіті—қылует,Ешан ата отырған қорған,ондағы әуіз және Ешан ата Сәйдәріп баласына берген шапан да осы санатқа жатады.Егемендігіміздің алғашқы жылдарында салынған «Ешан бау» мешіті әулиеге деген жергілікті халықтың ықыласын көрсетеді.Өкінішке орай,әулиенің суреті қолға түспеді. Генерал-губернатор К.П.Кауфман шығарған «Түркістан альбомынан»  да таба алмадық немесе танымадық.

8.Келес халқы әулиенің болжамына сенді.

Еліміз азаттыққа қолы жеткен соң,Келес зиялылары Ет жемес ешан атаны халыққа  қайта таныстыру мақсатында бірнеше мәдени көпшілік шаралар өткізуге мұрындық болды.2006-жылы Абай ауылындағы аудандық кітапхана осы тақырыпқа оқырмандар конференциясын өткізді.2014-жылы жазушы Орынкүл Тәжиеваның тапсырысымен осы жолдардың авторы «Ет жемес ешан ата» деп аталған танымдық кітап шығарды. 2015-жылы Абай ауылындағы Мәдениет үйінің 500 орындық залы тола адаммен, «Ет жемес ешан атаның өмірі мен қызметі» деген тақырыпта,әулиені ұлықтау шарасы өтті.2017-жылы ескі «Ешан бау» ауылының қырында, ашық аспан  астында,мәуліт мерекесі үлгісіндегі  бағдарламамен Ет жемес ешан атаның атынан дербісана өткізілді.Оған аудан әкімі бастаған екі мыңға жуық адам қатысты.Осы шараларды ұйымдастыруға «Сарыағаш» газеті белсене қатысты.

Ет жемес ешан ата болжамдарының ішіндегі, Келес және Сарыағаш аудандары деген ұғымдардың жоқ кезінде,Келес даласы туралы «Бұл ел 3 рет бөлініп,3 рет бірігеді,одан кейінгі бөлінуден соң,өз алдарына жеке-жеке ел болады» деген сөзі, келестіктердің есінен шыққан емес.

 Ежелден Келес даласы деп аталған біртұтас аймақта,1928- жылы Келес ауданы құрылды.1939-жылы бұл ауданнан Сарыағаш ауданы енші алып шықты.Бұл бірінші бөлінуі.1963-жылы Келес ауданы өзінен енші алып шыққан Сарыағаш ауданына бірінші рет біріктірілді.1964-жылдың соңғы күні, бұрынғы Келес ауданы аумағы Шардара ауданы аталып,екінші рет бөлінді.(1969-жылы Келес ауданы деген бұрынғы аталымы қалпына келтірілді). 1988-жылы Келес ауданы жойылып,Сарыағаш ауданына екінші рет біріктірілді.1989-жылы екі аудан болып үшінші рет тағы бөлінді. 1997-жылы бұл екі аудан қайтадан үшінші рет біріктірілді.

150 мыңдай халқы бар Келестіктердің ары қарай,жеке ел–аудан болып кететін соңғы бөлінуді күткеніне 21 жыл болғанда,2018-жылдың 5-маусымы күні,  Президентіміздің жарлығы шығып,Келес ауданы қалпына келтірілді.Әулие Ет жемес ешан атаның болжамы іске асты.

Оңғар Исаев,журналист,  Келес ауданының құрметті азаматы Түркістан облысы.

17-бетте Тәкірхан Төрежан болып қате жазылған екен. Жаңадан белгілі болған 2 оқиғаны қостым.Сол себепті бүкіл тексті қайта жібердім. Оңғар ағаң.16.05.2019 ж.   және осы күндерде болып жатқан 2 көріністі қосып толықтырдым,жібердім.17.05.2019.

 

 

 

 

 

   

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button