Ел аузынан
Бір әңгімесінде «Келінтөбенің» тұсында, Сырдарияның шығыс бетінде Ақтас мешіті бар, сол жерде көп бейіттер бар, Айқожа ишанның ұрпақ әулеті сол жерде, дейді, сол кісінің салдырған мешіті екен, бір күні қараша Абылай деген кісі мешіттің тұсында, азанда ерте тұрып, таң намазына Сырдариядан дәрет алып отырса, Сырдариядан шылп-шылп етіп өтіп келе жатқан біреуді көреді, ол толық өткеннен кейін анықтап қараса Айқожа ишан екен. «Көрдім десең көзің шықсын!» – деп ишан кете барады. Кереметтің күшімен Сырдарияны қара жердей басып, өтіп келе жатқан мұндай кереметті көрген Абылай болыс елге айтайын десе көзі шығып қалады, айтпайын десе іші толып барады. Ақыры ауру болып төсек тартып жатып қалады. Оның төсек тартып жатқанын Айқожа ишан естиді. Сол оқиғадан бір жылдаң соң Айқожа ишан жанындағы бір-екі адамға «Анау Абылай ауырып жатып қалыпты, барып жағдайын сұрап қайтайық» – деп келіп, жағдайын сұрап отырып «Жыл өтті ғой, енді ешкім сенбейді, енді айта бер, ештеңе етпес» – деп оған батасын беріп кетеді. Ишан рұқсат батасын берген соң Абылай болыс көп кешікпей тәуір болып тұрып кетеді» – дейді Жалмырза.
Қаратөбеде үй істеп отырғанымызда Айқожаның шөпшегі Әбілхайыр қожа біздің әкемізбен шамалас адам екен. Біздің әкеміздің мұсылмангершілігін тәуір көре ме, Үсен қожа деген кісінің де білімі күшті, ескі Құран тілін білетін сауатты адам екен.
Әбілхайыр Ұлы Отан соғысына барып, ол жақта немістердің қолына тұтқынға түсіп, көп қиыншылықтарды көреген кісі еді, одан кейін бірнеше рет жарақаттанып, соғыс аяқталардан бір жыл бұрын елге оралған.
Ауылға келген соң, колхоз бастығы Әбілхайырға баспақ бақтырып қояды. Баспақтарды бағып жүрген кезінде оған мал фермасының бастығы келіп ұрысып, әке-шешесінен боқтап, ата-бабаларына тіл тигізіп, тіпті оны қамшымен бір-екі рет тартып та жібереді және «сені бұл жерден құртамын» деп қайтып кетеді. Ол кеткен соң Әбілхайыр өзі таяқ жеген, ашуға булығып «бұл ферма бастығына не жаздым, мал бақ деді, малын бақтым, бүлдіріп қойған жазығым шамалы, мені осынша қинап балағаттайды» деп жылап жа-
тып қалды.
Жатқан кезінде біреу дүрсілдетіп келіп, үйге кіріп: «Ау, Әбілхайыр тақсыр, ана ферма бастығы саған әбден ұрысып тілін тигізген екен, үйіне бара іші кеуіп кеткен, есіктен төрге домалап жатыр, маған сізді алып кел деді, өзіңді соған шақыра келдім» – дейді. Әбілхайыр болса: «Мен оған не деп барамын, әке-шешеме, бабаларыма тілін тигізіп, боқтап-бұралап өзімді ұрып кетті. Оның ештеңесін бүлдірмесем де мені балағаттайтын несі бар сонша, сен кете бер, мен бармаймын» – деп оны қайтарып жібереді.
Түннің жарымында әлгі адам бір атты мініп, бір атты жетекке алып тағы келіп: «Ойбай, Әбілхайыр! Анау ферма бастығы өлуге айналды, іші кеуіп басынан асып барады, негізі бармасаң болмайды» – деп өтініп қоймаған соң, жетектеп әкелген екінші атқа мініп ауылға барса, ферма бастығы жүдә болмай қалыпты, есіктен кіргеннен: «Тақсыр! Мен әруақтарға тілім тиді ме, үйге келгеннен осы күйге ұшырадым» – деп жылап жібереді. «Ә, солай ма екен, – деп Әбілхайыр жайлап ферма бастығының қасына келіп – Бисмилла-рахмани-рахим, әруақтар, қателеспейтін адам болмайды, әуелі жаратушы Құдай, екінші әруақтар қателескен қатесін кеше гөр» – деп айтып, оның кеуіп кеткен ішін жай сипаған кезде, оның кеуіп кеткен іші сылқ түсіп, гүрілдетіп жел жібереді. Алдында уайымдап отырған балалары күліп мәз болады, артынша оның кепкен іші басылып, жаны жай тауып қалады.
Дереу қазанға ауқат салдырып Әбілхайырға ауқат, шәй береді. Ауқат ішіп болған соң Әбілхайырға ферма бастығы бір пұт ұн, жарты қойдың еті, тағы шәй беріп, кешірім сұрап қайтарады. Ол уақытта бір пұт ұныңыздың құны бір сиырға пара-пар, жанына батып қайтадан дұрысталған соң, аясынба бәрін шығарыпты. Сол кезде ферма бастығы бұл Әбілхайырдың тұқымдарының тек емес екендігіне көзі жеткен екен.
Сауран ЕЛЕУОВ