Біздің әулет Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Құдайменде өзенінің бойында, Алтай-Қарпықтың Тоқа-Дәулетбике руымен бірге өсіп, біте-қайнап туысып, ел арасында тоқа қожасы атанып кеткен. Бабамыз Күзгібекқожа Арқаға еліміздің оңтүстік өңірінен ел арасында Аллаһтың ақ діні Исламды таратып, халықты имандылыққа, жаратушы жалғызға тағат-ғибадат жасаудың қыр-сырын, әдебін, тәртібін оқыту-үйрету ниетінде он жетінші ғасырдың аяғы, он сегізінші ғасырдың бас кезінде қоныс аударғаннан бері Тоқа-Дәулетбике туыстарымызбен іргеміз бөлінген емес. Тек өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ауылдық жердеірі ауылшаруашылық мекемелері, яғни кеңшарлар құрылуына орай, жұмыс бабымен аудан көлемінің басқа елді мекендеріне қоныс аударғанымызды есептемесек, Күзгібек бабамыздан тараған Ермек бабамыздан туған Баймұхаммет, Жиенқожа, Жәкейқожа және Нұрмұхамметтерден тараған ұрпақтың бәрі (кейбір жұмыс ыңғайымен Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына қоныс аударғандарынан басқалары) Жаңаарқа ауданының Сарысу, Құдайменде өзендерінің аумағында тұрады. Атам Ибраһимнен төрт ұл: Асанхан, Әуезхан, Ахметжан, Мұхаметжан және екі қыз Сәлиман мен Үрия туған. Асанхан жастай өмірден озса, Әуезхан мен Ахметжан, Сәлиман мен Үрия тоқсанның бесеуінен асып қайтты. Мұхамметжан Ұлы Отан соғысынан оралмады. Менің әкелерім мен апаларыма Алланың берген нығыметі, қашан дүниеден озғанша Аллаға тағат-ғибадатынан жаңылмай, пендеге пенде болмай, ақыл-есінен айрылмай, өз аяғымен жүріп-тұрып, ас-суын өздері алып ішіп, дәреттеріне өздері ие болды.
Ағайынды үшеуінің үлкені Әуесхан әкеміз өте зерек, естігенін ұмытпайтын, бір көргенінен жазбайтын, ел арасын жетік білетін, көптеген рулар мен жақын-жуықтарының шежіресін, бұрынғы өткен дуалы ауыз кемеңгерлердің нақыл сөздері мен үлгі боларлық іс-амалдарын жатқа айтып отыратын шешен, шаруаға пысық адам еді. Сонымен қатар, ақкөңіл, өзінің дұрыс деген тұжырымын ешкімнің беделіне, қызмет-атағына қарамай бетіне айтып, басқаның сыртынан ғайбат айтуды жаны сүймейтін. Өзінің байлығы болмаса да қолындағысын жақынынан аямайтын қолы ашық болатын. Қазақ халқының арасында кең тараған, құрдастар мен нағашылы-жиендердің арасында көп айтылатын қалжыңды екінің бірі ол кісіге айта бере алмайтын. Себебі, ол кісі өзінің ерекше есте сақтау қабілетінің арқасында қалжың айтып сүріндіремін дегендерге қайдағы бір атам заманында болған уақиғаны есіне салып, бетін қайтарып тастайтын. Көпшілігінде біз, бірге жүрген пенделердің бүгін барының ертең жоқ екенін естен шығарып, олардың үлгі боларлық іс-әрекетін, тәрбиелік мән-маңызы бар асыл сөздерін және естерінде сақтаған бұрынғы өткен абыздардың қағаз бетіне түспеген, ел арасына кең тарамаған амалдары мен сөздерін қағаз бетіне түсірмейміз. Ал кейін сол дана қарттар өмірден озғаннан соң, естіген-көргендерің мәңгілікке жадыңнан өшіп, сұрайын десең маңайыңда ешкім қалмаған уақытта өкініш өзегіңді өртеп, дана Абай айтпақшы, «Қолыңды мезгілінен кеш сермегенің»-ді білгеніңмен пайда не?! Міне, сол атамның тірі кезінде айтқандарының ешқайсысын жазып алмаған соң көпшілігі ұмытылып, ұмытылмағаны күңгірттеніп, сол кісіден естіген қалпы ма, әлде кейбір сөздер ұмытылып, сөздің мән-мағынасына, орындалған амалдың анықтығына көлеңке түсті ме деген қауіп мазалайды. Әуезханды үлкен бабамыз Ибраһимнің (л.а. Ыбырай) ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарының барлығы Ата дейтінбіз. Атам арабша оқыған, ақырғы демі таусылғанша ораза, намазын қаза қылмаған жан. Арнайы оқу орнын бітірмесе де, сол кезеңдегі өзі құралпыластарындай жаңаша (кирилица) хат танымайтындардың қатарына жатпайтындардан болатын. Тұрақты басылым, газет журналдармен қоса, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Абай жолы» романы сияқты туындыларды өзі оқып, ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен бастарынан өткізген оқиғаларға талдау жасап, өзінің пайымдауын айтып отыру арқылы немерелерін жақсыға баулып, жаманшылықтан қашықтатуға амал жасайтын. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының басында, әсіресе Ұлы Отан соғысы басталып, елдің ер-азаматтары соғысқа аттанғаннан соң Ұжымдық шаруашылықтың барлық ауыртпашылығы ауылда қалған әскер жасынан асқан қарттар мен әйелдер және жасөспірімдерге қарап қалды. Ол жылдары ауыл шаруашылықтарында қазіргідей әлекедей жалаңған техника жоқ, бүкіл жұмыс қолмен атқарылады. Қолда бар малды қысқы азықпен, халықтың ішіп-жеуіне керекті көлемде егін егіп, жинап алуға елде қалғандардың тәулік бойы бел жазбай жұмыс істесе де шамалары жетпеді. Міне, осы тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – ата-бабамыздың көшіп-қонып жүріп малды, әсіресе, қой мен жылқыны қысы-жазы жайып бағып, жан сақтаттыру амалын қайтадан іске асыру болатын. Қолдағы жылқы саны аса көп болмағандықтан, оларды ұзатып алысқа айдап баққанның тиімділігі болмаған. Ал әрбір шаруашылықта он мыңның үстіндегі қой малын ел қоныстанбаған шөбі шүйгін, суы тұнық шалғай жерлерге апарып бағу бірден-бір дұрыс шешім болды. Малды қысы-жазы жайып бағуға қолайлы жер – Ақтау, Желтау, Тасқоралы, Қызылтау жерлері. Бұл аймақтарды ол кезде мал аяғы баспаған, шөбінің мұрты бүтін, суы тұнық шұрайлы жерлер болатын. Бірақ, халық жиі қоныстанған мекендерге, теміржолға, аудан, облыс орталығынан қашықтығына байланысты ел қоныстанып пайдаланылмайтын. Қазіргі өлшеммен екі жүз, екі жүз елу шақырым қашықтық үйдің қасындай болып есептелінсе, ол заманның өлшемімен ол жер, жердің түбі болып саналатын. Сол кездегі көліктің ең жайлысы да, ең жүйрігі де атпен, жаңағы қазір үйдің іргесі болып саналатын жерге жету үшін сағаттап емес, суыт жүргенде тәуліктеп, ал асықпай жүргендер апталап жүрсе, көліктің кең тараған екінші түрі өгізбен, немесе өгіз арбамен бес-он күндеп жүретін жол еді. Қалай дегенмен, жері шүйгін, суы мол жер халық тығыз орналысқан аумақтан қанша қашық, жолы қиын болғанмен малдың қамы үшін солай қарай барып қоныстануға мәжбүрледі. Әрбір шаруашылық жаңа қонысқа апаратын мал басының санына орай, малды бағып-қағуға қажетті мөлшерде жұмыс күшін бөліп, солардың отбасыларын көшірді. Осы көшкен елдің бірі болып Атам үйі де тауға көшті. Тауға көшіруге отбасыларын іріктегенде ең басты шарт – отбасында жасы ұлғайса да дені сау отағасының болуымен бірге отбасы мүшелерінің шағын болуы. Оған себеп, баратын жерде дайын тұрған салулы үй, салқын төсек жоқ. Қыстың көзі қырауда, барғандарға киіз үйді болмаса жерден қазылған жеркепені паналауға тура келеді. Бұл жағдайда от басындғы ес білмейтін жас балалар мен еңкейген әлжуаз қарттардың қатарға қосылып, өмірді жалғастыруы неғайбыл. Оның үстіне шауып-үйіп қойған жеткілікті мал азығы болмаған соң, қыстың күні де малдың жайылымын ауыстырып отырмаса болмайды. Қанша шөбі шүйгін дегенмен, арқаның шөбі сирек, мал бір жеті – он күн жайылған соң шөбі азайып, малдың аузына ілігуі қиындап шиырланып қалады. Қыс түгілі, жаздың күні қой малының аяғы қысқа, ұзақ жүрісті көтере алмайды, қойшылар әрдәйім малдың жайылымын қуалап, көшіп жүреді. Егер малшының отбасында ес білмейтін жас балалар болса, олар бұндай тұрмыс салтына аман қалуы ілуде біреуі болмаса мүмкін емес. Сол уақытта Атамның үйінде Әжем екеуінен басқа екі баласы – ұлы Зарлық 7 жасар, ортаншы қызы Үміт 12 жаста болатын. Соғыс басталған қырық бірінші және одан кейінгі жылдардың қысы өте қатты суық болды. Олай дейтінім, есімде мынандай бір жағдай сақталды. Қырық төртінші жылдың қысы. Біздің қыстауымызды қар қалың алады. Қарға тосқауыл болсын деп үйдің жел жағына қардан аққала тұрғызатынбыз. Сол жылы да қалың жауған қар екі күннің бірінде есік-терезені жауып қалып, үйдің төбесінен жүріп кететін. Аз да болса келесі жауған қарға сәуе бола ма деп ақпан айының ішінде Әкем Ахметжан (әкемді Тәте дейтінбіз) екеуміз аққала соғуға шықтық. Күннің суықтығы сонша, қар мұз болып қатып қалыпты. Күрекпен ою мүмкін емес. Қолымызға кетпен алып, қарды мұз құсатып ойдық. Қардың қаттылығынан кетпенмен шапқан қар қос алақандай болып ұшып түседі, соны айырдың ұшына іліп амалдап аққалаға орнықтырамыз. Ал қазіргі кезде қыс қатты дейміз, кей жылдары қар сонша қатпақ түгілі көпшілігінде ұлпа бетінде жатады. Міне, сол қырқыншы жылдың қысында ұжымшардың жылқысын бағатын адамның реті болмай, Ұжымшар таудан Атамды шақырып алып жылқы бақтырды. Ол кісінің үйі Желтауда болғандықтан біздің үйде – інісінің үйінде жатты. Тәтем соғыста. Ол жылдары елдің барлығының тұрмысы өте нашар болатын. Нан бірде бар, бірде жоқ. Елдің талғажу қылатыны – қолдарындағы бірлі-жарым сиырдың майы алынған көк сүті. Соғыс жылдары, одан кейінгі бірталай жылдары мемлекет әр сиырға төрт килодан қорытылған майға салық салатындықтан, сүтті қаймақтап қаймағын сыпырып алып май шайқап, қорытып, тортасынан айырып, мемлекетке өткізеді. Қаймағы алынған сүтті пісіріп ішіп, ірітіп ақ ірімшік жасап жеп, ұйытып айран қылып ішіп, сары суын қайнатып сірне жасап қант орнына пайдаланады. Ұзын сөздің қысқасы, елдің жатса-тұрса айналдырып талшық ететіні сүт. Қазіргі кездегі жылқышыларға жасалатын жағдай ол кезде түсіңе де кірмейді. Себебі, ол уақытта ұжымшарларда мал басы шағын, жұмыс күші жоқтың қасы, сол себепті жылқыны қысы-жазы жалғыз адам бағады. Күндіз күні бойы мал ішінде болып, кешкі онбір-онекінің кезінде үйге келіп, апыл-ғұпыл бірдеме ішіп-жей салып, жылқының күзетіне қайта кетеді. Міне, осындай кештердің бірінде Атам кешкі ас ішуге үйге келгенде менің шешем, («Жеке» деуші едік) Жекем кешкі асқа Атама сүт пісіріп беріпті. Сүтті ішіп отырып, Атам «келін шырағым, нан жоқ па?» десе, Жекем «Ауданбайға қойған бір үзім ғана нан бар еді» депті. Ол кезде мен үштен асып төртке келіп қалған кезім, «Жеке, нанды Атама берсеңізші, ол кісі күзетке суыққа барады ғой, мен үйде жылы жердемін» деппін. Әрине, бұл сөзді мен қаншалықты ойланып, мән беріп айтқанымды білмеймін, ол түгілі осы сөзді айтқанымның өзі де есімде жоқ. Тек кейін ауыл шаруашылығына үкімет көңіл бөліп, кеңшарлар ұйымдастырылып, егіннің көлемі ұлғайып, астық молайып, елдің ауызы нанға жарығаннан кейін адамдар бұрынғы көрген ашаршылығын ұмытып, шеті де үзілмеген бөлке нандарды далаға тастап, аяғымен теуіп жүрген кезеңде Атам елдің нанды қадірлемей, ысырапқа ұшыратқанына налып, мысал ретінде жоғарыда сөз болған бір үзім нан жөнінде есіне алып отыратын. Мен сол кісінің айтқаны арқылы ғана білдім. Бұл жерде Атам мені, ел алдында, не болмаса жақын-жуықтың арасында мақтай қояйын деген ниетпен емес, елдің басынан қандай қиын жағдайлардың өткендігіне дәлел ретінде келтіріп, маңайын ысырапшылдықтан табатын күнәден сақтандыру үшін айтатын. Кейін жасы келіп, үйде жақын-жуықтарының арасында, демалыс, ұйқы жөнінде сөз бола қалғанда «таң алдында, ат үстінде отырып, қамшыңның сабын ердің алдыңғы қасына тіреп, маңдайыңды қамшының сабына қойып, бір сәт мызғыған ұйқыдан тәтті ұйқы болмайды» деп отыратын. Олай дейтіні, заңының қаттылығы ма, сол уақыттың адамдары қанша аш-жалаңаш болса да, дәл қазіргідей мал ұрлаумен айналыспайтын. Әлде, пенденің Аллаһтан қорқынышы күшті болды ма, қайдам?! Дәл қазіргі кездегідей топтап айдап кетпек түгілі, бірлі-жарымдап та мал ұрлағаны естілмейтін. Олай деуіме себеп, Атам бағатын, ұжымдық шаруашылықтың жылқы қосынан өткен ғасырдың қырқыншы жылының аяғында екі аты жоғалып, қанша іздегенмен табылмады. Іздеуден жалығып, Атам жер-жерге, таныс, жекжаттары арқылы жоғалған малдың ен-таңбасын айтып, сұрау салды. Енді анық жоғалды ғой деп күдер үзіп жүргенде іздеудегі малдың түс-түгіне ұқсас малдар біз тұратын жерден жүз шақырымнан аса қашық жерде жүр деген хабармен, айтқан жерге іздеп барып алып келеді. Қалай болғанда да, жылқы малы жүрдек, бір қозғалып кетсе, не бірдеңеден үріксе талай жерге безіп шығып кетіп, таптырмай кетеді, бұл бір, екіншіден, әсіресе, қысты күні ұялы аш қасқырлар жылқыны торуылдайды, өйткені, далада олардан басқа қасқыр тісіне басатын мал болмайды. Міне, күзетсіз малға жолыққан қасқыр жылқыны бірден бас салмай, алдымен таң алдында жусап-қалғып тұрған жылқының алдына келіп, жата қалып, қарға бір-екі аунап, құйрығын бұлаңдатып, ойнаған кейіп танытады. Осы кезде жылқы, алдында құйрығын бұлаңдатып, бейкүнә итке ұқсап жатқан қасқырға жақындап, иіскей бастағанда қасқыр жылқының тұмсығынан ала түседі. Тұмсығына қасқырдың тісі батқан жылқы шошынып, шыңғырып жоғары шапшыған кезде қасқыр тұмсықты жібере салып, жылқының жұқа шабын жарып жібереді. Бұдан кейін, қарыны ақтарылған жылқыны оншақты, бір ұя қасқыр әп-сәтте-ақ жәукемдеп тастайды. Міне, осындай жағдайға тап болмас үшін, жылқы күзеткен адам аттан түспей, ердің қасына таянған қамшының сабына басын сүйеп мызғуға мәжбүр болады. Атам ойына келген дұрыс сөзді ешкімнің беделі мен мансабына қарамай көзіне айтатын, артық дүние жинауға талпынбайтын, ақкөңіл адам болатын. Қолындағысын сыйласқан адамынан аямайтын ашық, ескіше де, жаңаша да сауатты, жұмысқа оң иығын беріп тұратын пысық болатын.
Біз, бір әке-шешеден алты ұл, төрт қызбыз. Ұлдардың төртеуі жастай шетінеген. Ұлдардың үлкені және сүйкімдісі менен үш жас үлкен Яһуда болатын. Бестен асып алтыға қараған шағында ақылды, бәденді, балғын-сүйкімді болып ер жетіп келе жатып қайтыс болды. Әкей сүйкімді ұлы қайтыс болғанына қайғырып, алғашқыда басқамызды аса көзіне ілмей, өзімен өзі болып, маңайындағыларға да жылы қабақ таныта қоймапты. Ағасының көңілі бөлініп, қайғысынан айықсын деген Көкем: «Аха, Яһуда қайтыс болса артында Ауданбайыңыз бар» деп, жатқан Тәтемнің төсіне мені отырғызыпты. Мен жас кезімде аурушаң, әлжуаз болыппын. Тәтем:«әй, әрі әкетіңдерші, керегі жоқ» деп мені итеріп жіберсе, мен құлап, жылап жатсам, Көкем келіп, мені көтеріп алып, жұбатып жүріп «жылама, Ауданбай, өмірің ұзақ болса, осы үйдің еркесі де, серкесі де сен боласың» деген екен. Тұстастары Мұхаммеджан-ау, ұлың жоқ қой десе, «Ауданбай тірі болса, маған ұл не керек, осы болады ғой» дейді екен.