Бір суреттің сыры

Тағдыр тәлкегі немесе бір хаттың ізімен

Оңтүстік Қазақстан, бүгінгі Түркістан облысында әлі күнге дейін әдебиетші ғалым, ұстаз, журналист Әсілхан Оспанұлын білетін, қолында оқыған немесе сырттай болса да танитын жандар жеткілікті. Алайда Әсекең дегенде олардың ойына бірден оралатыны – күнгей ақындары Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса, Нұралы, Ергөбектердің есімдері, одан қалса генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін алғаш болып, сонау 1972 жылы облыстық және республикалық газеттерде жариялап баршаға жайғаны оралатын болса керек. Бұл – рас. Марқұм әкем бүкіл саналы өмірін осы ақындарды зерттеп, шығармаларын жинап, үздіксіз мақалалар жариялап насихаттауға арнады және оларды энциклопедияларға енгізіп, тіпті Шымкент ономастика комитетінің мүшесі ретінде қаланың көшелеріне есімдерін беруге мұрындық болды. Бұлардан да бөлек қоғам өмірінде өзін шын халық жанашыры екенін көрсетіп, тынымсыз еңбектенумен өмірі өтті. Міне, сондай істерінің арасында көпшілікке беймәлім болып қалғандары да баршылық. Солардың өзім үшін ерекше әсер қардырған бірін осы жерде ауызға алып кетсем деймін.

Бірде, 2003 жылдың ақпанында, қолын алып кетейін деп үлкен үйге соға келсем, әкем қатты толқыныста отыр екен. Бір таныс келіншек келіп сонау Иранда Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқын болып қалып қалған бір қожа қарияның хатын әкеліп тапсырып, «Әсеке, сіздің бауырыңыз ғой, мүмкін танып қаларсыз, болмаса үлкендердің бірі ол кісі жайлы естіген шығар» деп айтып, қол ұшын беруге өтініпті. Сол хатты бірден маған оқып беріп, бөтен елде бүкіл ғұмыры өткен қарияның кішкене фотосуретін де көрсетті. Ертең облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне апарып бастыратынын, мүмкін қарияның туыстары табылып қалар деген сөзін айтты. Қасымызда отырған анам Оразкүл қайта тыңдап хатты көз жасын орамалының ұшымен сүртіп алды. Бір-екі пиала шай ішкен соң мен қоштасып шығып кеттім де, үйіме жеткенше тағдыр тәлкегіне ұшыраған қандасымызды аяп қатты ойға шомып кеттім. Алайда, несін жасырайын, ішімнен 60 жылдан астам бұрын соғысқа кеткен болса, ол кезде өзінен жасы үлкен ағасы мен жеңгесін, есте қалған туыстарын өзі 86 жасқа келгенде іздестірсе – кім бар, кім жоқ?! Аядым, амал нешік, тағдыры қаншалықты ауыр болған, ең болмағанда 10-15 жыл бұрын хабары келсе ғой деген ойға қалдым…

Арада 3-4 күн өтіп кетті. Шеберханамнан кеш түсе үйге келсем келіншегім сені қайынатам бірнеше рет іздестіріп телефон шалды, не болды екен, хабарын алшы деп айтты. Расында не болып қалды екен деп телефонға жетемін дегенше өзі де «шыр-р-р» ете қалды. Лезде трубканы алып құлағыма тоссам, әкем менің дауысымды ести сала «Сүйінші! – деп жайып салды да, артынан – Сейдіқожа атаңның туыстары табылды!» – деген сөздерді қосып, қуаныш жасыра алмай асыға бөлісе бастады. Мен, шынымды айтсам, кім жайлы айтып тұр деп ойланып та қалдым, бірақ іле-шала «Ағасының баласы келіп кетті, Иранға шұғыл шықпақшы» деген сөздерді естіген соң бірден кім туралы әңгіме болып жатқанын ұқтым. Мен «Көке! Тұра тұрыңыз, қазір бес минутта барамын» деп шығып кеттім. Үй арасы бір аялдамадан да аз, екі аттап бір басыр лезке аулаға кірдім. Анам да қуанышын жасыра алмай есік аузынан күтіп алды. Әкем болса да жаңа кітабы шыққандай қуаныштан езуін жинай алмай, жайғасып болғанымды күтпей әңгімесін бастап кетті.

Сөйтсем газеттегі хатты оқып өзіміздің Шымкентте тұратын Сейдіқожаның туған ағасының баласы редакцияға барып, әкемнің адресін алып үйге іздеп келіпті. Әрине қуаныштан әкеме алғыстарын жаудырып, жылап та алып, өткеннен небір әңгімелер қозғап, арқа-жарқа отырып шай ішіп дегендей, тіпті Иран елшілігімен де хабарласып үлгергенін хабарлап, ол жақтан қолымыздан келген көмекті аямаймыз деп уәде еткенін де жайып салып, мәз-мейрам болып кетіпті…

Ал маған келсек үйге қайтып келе жатқанда мен өзімнен шындап шошып кеттім. Себебі, несін жасырайын, маған сол бір аманат хатты әлгі келіншек әкеліп көрсетсе «көп уақыт өтті ғой» деп қоя салар едім. «Үмітсіз – шайтан» деген мәтелдің мен үшін сол жолы құр бос сөз болғанын түсіндім. Соншама адам арқылы жер түбінен –  Ираннан Ақтауға, ол қаладан Шымкентке айналып жеткен жыртық хатқа, біреудің өмірінің аяқ шағында – бар арман-өксігін хаттап жазған аманатының үстінен іштей болса да аттап кеткенімді ұғып тілім өзімнен түңіліп кеттім… Сәл болмағанда солай істер де едім ғой!

Келесі аптада әкем «Сүйінші! Туысы табылды!» деген айдармен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне болған жаңалықты жариялап бұл хикаяның қалай аяқталғанымен бүкіл оқырманды таныстырып шықты. Әкемнің бұл ыждаһаттылығы мені одан да бетер таңғалдырып тәнті етті…

Бұл оқиға әрине маған үлкен өмірлік сабақ болды. Осы естелігімді оқығандарға да сабақ болсын деп жазып отырмын. Құдайдың мен көрген бір құдыреті осы болды десем артық айтпаспын. Содан бері «Болмасаң да ұқсап бақ» деп әкемді үнемі жадымда ұстауға тырысамын.

Тәуба, шүкір.

Сөз соңына:

Былтыр қара күзде әулетіміздің тарихы түгенделген «Дуана қожалар» атты шежіре-кітапты жарыққа шығаруға көп еңбектендім. Макетін жасап отырып Дуана қожаның үлкен ұлы Қожжан бабаның үрім-бұтағын беттен бетке көшіріп тізіп отырсам «Сейдіқожа – Иранда қалған» деген сөз көзіме оттай басылғаны. Бірден аталарын тарқатып қарасам 2003 жылы әкем немере інілерін тауып берген Ираннан хат жазған қария болып шықты. Осылай 16 жыл тастап осы бір оқиға қайтадан алдымнан шыққаны. Сөйтсем Сейдіқожа мен әкем Әсілхан, құдайдың құдыреті, сегіз-тоғыз атадан қосылады екен. Тек біздер Дуана қожаның кенже баласы Бақмұхаммедтен тараймыз. Қазақ кейде қан тартады, қан жібермейді деп айтып жататыны бар емес пе, мүмкін солай да болған шығар деп ойлаймын.

Шежіре кітапқа осы оқиғаны қысқаша баяндап жазып шығып, Сейдіқожа атамның есімінің астына қойып өз айыбымды біршама жуып-шайғандай болдым.

Ералы Әсілханұлы ОСПАНОВ

Шымкент қаласы. 18 тамыз, 2020 жыл.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button