Ясауи мұрасы

«Түркістан және Елбасы»

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени  қорық-мұражайы 2016 жылдың 30  қараша күні  сағат 11.00-де   «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мерекесіне орай  «Түркістан және Елбасы»  көрмесінің ашылу рәсімін өткізеді.

Қазақстан территориясында ежелгі темір ғасырынан бастап Сақ, Сармат, Үйсін, Қаңлы, Ақ Ғұндар, Түркі, Қарлұқ, Оғыз, Қидан, Қарахан, Қыпшақ, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Көшпелі Өзбек және Қазақ хандығы сияқты көптеген мемлекеттер қалыптасып, өмір сүрген және ыдырап отырғандығы тарихтан мәлім. Өз заманында атақты Томиристен бастап Естемі қаған, Оғыз хан, Қарахан сынды тұлғалармен теңдес қазақтың Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан және ұлы Абылай сынды тарихтың дамуына ықпал еткен бірегей саясаткерлер шықты. Әсіресе «Орыс аюын орманында, Қытай айдаһарын қорғанында, Жоңғар жыланын інінде» ұстайтын саясат жүргізе білген ұлы Абылайдың ролі ерекше еді. Содан соң-ақ бодандыққа түскен еліміз 200 жылдан асқанда ғана барып тәуелсіздігіне қайта қол жеткізді.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тарих сахнасына шығып көреген саясат жүргізе отырып, Солтүстіктегі Ресей, Шығыстағы Қытай, Батыстағы Еуропа елдерінің, мұхит асып АҚШ басшыларымен иығы тең дәрежеде келіссөз жүргізе білгендігін  бүгінде әлем мойындап отыр. Сондай-ақ еліміз 2010 жылы ЕЫҚҰ төрғасы болып, Астанада елу төрт елдің басшыларын жинап Самит өткізді. 2011 жылы еліміздің тарихында болмаған қысқы Азия ойындары Алматы мен Астана қаласында жалауы көтерілді. 2017 жылы дүниежүзілік EXPO көрмесінің Астанада өтетіні де тегін емес-ті.

Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі халықтарының, оның ішінде исі қазақтың айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені. Ұлы ұстаздың рухани ілімі бағзы заманнан бері шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізетін жол ретінде танылған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деп өткен кешегі қазақтың  хан-сұлтандары ел басқару ісінде  Ясауи қағидаларын негізге алған.  Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады» деп киелі мекеннің  дәрежесін одан әрі айқындай түсті.

Осы алтын сабақтастықтың бүгінгі күнге дейін тіні үзілмей жеткендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен, ілтипатымен байланыстыруға болады. Әркез бабалар дәстүріне айнымас адалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Әзірет Сұлтан кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне тікелей мұрындық болды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ең алдымен, 1985-1988 жылдары Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұста, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысады. Содан бері Елбасы тарапынан Әулие бабамызға тағзым ретінде саналатын игі жұмыстарға ақ жол ашылды деп есептеуге болады. Еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп, егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Тұңғыш рет киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті ашылды. Сонымен қатар кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын  ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасап отырған қамқорлығының арқасында  «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша орындалған нәтижелі еңбектердің өзі бір төбе.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз қаламынан туындаған кітаптарда, ой-толғамдарында Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімі мен оның қазіргі кездегі қажеттілігіне баса назар аударылған. Оның тарихи-мәдени маңызына қатысты елеулі тың тұжырымдар келтірілген. «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Ғасырлар тоғысында» атты кітаптарында Ясауи қалыптастырған ілімнің құндылығы жөнінде оң пікірлер айтылған.

Елбасымыздың қасиетті шаһарға әр сапары жақсы жаңалығымен жанға жебеу, ойға демеу бола келеді.

Елбасымыз Түркістан қаласына 2010 жылдың 26 мамырында жасаған сапары кезінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіндегі кездесуде жиналған жастардың алдында күллі әлем мойындаған Ясауи мұрасын оқып-үйрену жөнінде, оның мәні жөнінде сөз қозғады. Демек, бұл Ясауитанудың, Ясауи мұрасын игеру саласының жаңа белеске көтерілуіне алғышарт бола алады.

Көрме экспозициясына қорық-мұражай қорынан 50-ден астам жәдігерлер қойылады.  Оның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, егеменді, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Р.Т.Ердоған,  Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовтармен Түркістандағы ресми кеңестері мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы»,  «Казахстанский путь», «Бейбітшілік кіндігі», «Туған елім — тірегім», «Евразийский Союз идеи, практика перспективы», «Kutup Yildizi», «Nursultan Nazarbayev» атты жарық көрген кітаптары көрмеге қойылады.

Көрме  2016 жылдың 30 қарашасынан 30 желтоқсанына  дейін жалғасады.  Баршаңызды көрмені тамашалауға шақырамыз.

«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайы сіздерді көрмені тамашалауға шақырады!

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button