Білген Шайыр айтады

Тастама жұртқа шала көшеріңде

Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы

(Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» кітабында келтiрiлген нұсқа)

Дұшпандар тың салмай ма шабысыңа,

Тұлпардай әрбiр шыққан дабысыңа,

Байұзақ, Батырбекпен екi нусың,

От салма өздi өзiңнiң қамысыңа.

 

Белбеудi бел қышиды шешерiнде,

Жылқы мал тiстеспейдi өсерiнде,

Екеуiң орта жасқа келiп қалдың

Тастама жұртқа шала көшерiңде.

 

Бiр дұшпан екеуiңдi жанып жүр ме?

Жел сөзге арадағы нанып жүр ме?

Басын тарт тұлпарыңның керiстiрмей!

Сауырын зорықтырып алып жүрме.

 

Бұл өлеңнің шығу тарихы мынадай:

Дулат руының ішіндегі шымырдан шыққан атақты Байзақ датқа мен сиқым тармағының беделді кісісі Батырбек датқа екеуі араздасып, ел арасы бүлініп, іс насырға шабатын жағдай туындаған соң жұрт Сыр бойынан Мәделіқожаға адам жіберіп араға түсуін өтінеді. Мәделіқожа батыр Сыр бойынан келіп Байзақ пен Батырбекті бір сыйлы туысының үйіне бір-бірінің келетінін білдіртпей шақыртып, сол жерде, дастархан басында татуластырған екен дейді.

Мәделіқожаның бұл өлеңінің 1997 жылы табылған нұсқасында мынадай төртінші шумағы бар екен:

Ақсуда жасақ құрып тұрысқаның,

Жауыңды қашан бірге қуыспадым,

Мылтық атсаң дулаттың баласы өлер,

Жалған ба бір атадан туысқаның?

 

 

ТАСТАМА  ЖҰРТҚА  ШАЛА  КӨШЕРIҢДЕ

(өлеңнің соңғы табылған ІІІ-нұсқасы)

 

Батырбек, Байзақ едің мақтап жүрген,

Осы ма бар өнерің сақтап жүрген,

Екеуің екі жаққа тарта берсең

Жеп кетер бұрадарың жақтап жүрген.

 

Ер өлер ерегіссең намысыңа,

Арқада Арғын таңданған дабысыңа.

Дулаттың төрт баласы – төрт өзенсің,

От қойма ерегісіп қамысыңа.

 

Белбеуді бел қышиды шешерінде,

Жылқы мал тебіспейді өсерінде,

Батырбек, Байзақ пенен екі керуен,

Тастама жұртқа шала көшеріңде.

 

Ұл туса ата безер өзім деме,

Жақсыны – жат, жаманды – көзім деме.

Битке өкпелеп тоныңды отқа салма,

Бақтияр! Өз етіңді өзің жеме!

 

Дулатқа аға болдың құдай қалап,

Мақтауға әр қалайда тұрсың жарап,

Арқада Шоң, Торыайғыр жауласқанда

Өлең мен елдестірген ақын Жанақ.

 

Өлеңім берен мылтық сегіз қырлы,

Баршаңыз білерсіздер біздің сырды,

Сіздерді – Шоң, Торыайғыр деп келдім мен,

Бізді сіз көрмейсіз бе Жанақ құрлы.

 

Қосындының ерлері бар ту ап келген,

Бола ма бұдан артық жауап деген,

Екі адам ашуланып араздасса

Екеуін жарастырмақ сауап деген.

 

Тату болсаң көп қосын жимайсың ба,

Елдегі телі-тентекті тимайсың ба,

Екеуің жарасқаның сауап болса

Қожаңа бір сауапты қимайсың ба.

 

Аралас аққу, тырна бірге жатқан,

Мергендер шақпақ тасын қырнап атқан,

Мылтық атсаң Дулаттың баласы өлер,

Қоңырат өлер дейсің бе, Сырда жатқан.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button