Қылыш Бабаевтың азаматтығы
1947 жылы қазақтың кемеңгер жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов 50 жасқа толғаны белгілі. Бұл кез оның басына үйірілген қара бұлттардың толығымен тарқай қоймаған, алашордашылармен байланыста болды деп қамауға алынып 6 ай түрмеде жатып, жаны зорға аман қалған, үстінен әлі де оқтын-оқтын арыздар түсіп, жүрегі әбден шайылған кезең болатын. Сол себепті Мұқаң мерейтойын тойламақ түгілі, тіпті аузына алуға баталмай жүреді. Осындай күй кешіп жүргенінде бірде оның алдына Қылыш Бабаев келіп ертеңгі күні бірге тау жаққа барып, серуендеп, сергіп келуді ұсынып, өзінің көптен бері айтқысы келіп, ақылын сұрайтын бір маңызды мәселе бар екенін де жолай айтып өтіп, жазушы ағасының келісімін алып кетеді.
Ертеніне, келіскендей, Мұқаңның үйіне жеңіл машинамен келіп, отырғызып алып Алматының төрінен менмұндалап шақырып тұрған Алатауды бетке алып жүріп жолға шығады. Жол бойы түрлі әңгімелер айтылып, күлімдеген күннің шуағына бөленіп, ә дегенше бір көздің жауын алған керемет жайлауға жетеді. Сол жерде оқшау тұрған бір әдемі ақ отауды көзі шалған Қылыш Бабаев, сусындап алайық деп соған қарай жолдан бұрылады да, жүйткіп барып көлігін тоқтатады. Олар көліктен түсіп болғанынша жолаушыларды көріп бет алған үй иелері алдарынан шығып, аман-саулық сұрасып, Мұқаңды бірден тани кеткен соң қуаныштары қойындарына сыймастан үйге кіріп нан ауыз тиіп кетулерін өтініп қолқалай бастайды. Аяғын біраз жазып алғысы келіп тұрса да Мұқаң олардың көңілін қимай, сыйлап үйге қарай бет алады. Содан кіріп келсе іште Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Шәкен Айманов, Ғабиден Мұстафин секілді қазақтың сол кездегі небір марқасқалары оны құшақ жая қарсы алып, бірден сол жерде оны 50 жасқа толған мерейтойымен құттықтай бастайды. Алғашқыда сәл абдырап қалған Мұқаң бұл Қылыш бауырының арнайы ұйымдастырған ісі екенін бірден түсіне кетіп, көңілі толқып кетеді. Қызу қарсы алу сәл сабырсыған соң жұрт Мұқаңды төрге шығарып, қабат-қабат көрпешелерге жайлы жайғастырып, сапырылған сары қымыз құйылған кесе ұсынып, той-томалақ сол жерде басталып кетеді. Небір жылы лебіздер айтылып, Арқаның асқақ әндері шырқалып отырыс одан бетер қыза түседі. Ет тартылып, сорпа ішіліп болған соң қонақтар аяқ жазып алайық деп сыртқа шығады. Сол кезде, бірнемені желеу етіп үйден ертерек шығып кеткен Қылыш Бабаев күмістелген ері күнге шағылысқан бір ақбоз атты жетектеп келіп, Мұқаңды соған қондырады. Жиналғандар шу ете қалып, ду қол шапалақтың астына алып ұлы жазушыны енді жарыса құттықтауын сыртта жалғастырады. Бірі жер-көкке сыйғызбай мадақтап жатса, тағы біреулері сөздеріне әзіл-оспақ араластырып жұрттың ішек-сілесін қатырып күлдіріп те алады. Мұндай құрмет-қошеметті күтпеген Мұқаңның көзіне еріксіз жас келіп, Қылыш бауырына дән ризалығын білдірмек болып, ат үстінен иіледі де, оң қолымен құшақтай алып екі бетінен кезек-кезек сүйеді…
Қылыш Бабаевтың осындай нағыз ұлы тұлғаларға жарасатын, азаматтықтың керемет үлгісі болып табылатын ісін кімнен естігенім есімде қалмапты. Мүмкін, анда-санда Қылыш ағасын үлкен өкінішпен аузына алып отыратын марқұм әкем Әсілхан Оспанұлы бірде аузына алды ма, әлде, қырықтың бірі Қыдыр дегендей, алдымнан шыққан көзі ашық көптеген ағалардың қайсыбірі баяндап берді ме екен, қанша толғансам да есіме ала алмағаным. Кім біледі, осы бір ұмытылмас оқиғаны тағы бір қазақтың асылы аузына алып кеткен болар, немесе, болашақта, бір жолы біреуден естіп ем деп есіне ала жатар. Бастысы, Мұхтар Әуезов сынды біртуар жанның жанында Қылыш Бабаев секілді ұлтжанды азамат інілерінің болып, тынысын қолдарынан келгенінше кеңейте білгенінде.
Ералы ОСПАНОВ, суретші
Сөз соңына
Қылыш Бабаев әуе апатынан кенеттен опат болғанда Алматының Пролетарский көшесіндегі жеке үйіне қаралы топты Қаныш Сәтбаев бастап барыпты. Бұл кезде түс болап қалыпты. Қылыштың әйелі Мағруй терезеден қараса, ауланың ішіне адам толып кеткен екен. Не болды екен деп ойлап болмай, Қаныш Сәтпаев: «Қазақтың қанат-құйрық бітіп, жетіп келе жатқан бауырымнан айырылдым» деп айғайлап үйге кіріп келгенде Мағруй есінен танып, құлап қалыпты. Сол соққыдан көтеріле алмай, ұзақ науқастанып қайтыс болыпты. Көз көргендердің айтуынша Қылыш Бабаев соңғы сапарға шығар алдында үйден шықса күшігінен өсірген иті ізінен қалмай үріп, аяғына оралып жібермепті. Оның тосын мінезіне таңданған Қылыш енесіне «Әни, итті алып кетіңізші» деп өтініпті. Өзі жақсы көретін күшіктің қылығы есіне түсті ма, машинаға мінген соң «Екінің бірі өлсе – бірі қалар. Жалғыздың өзі өлсе, артында қалғандарын ит талар» деп әкесі айтып жүретін қиссадан үзінді айтып, көліктегі серіктерін таң қалдырған екен…
Дуана қожа – Мәді ҚАЖЫ әулетінің шежіресі, Қызылорда-Шымкент – 2018 жыл кітабынан