Насаб-нама

Хорасан қожалар шежіресі

Халықтың тарихи жадын сақтаудың үлгілерінің бірі – шежіре. Ауыздан-ауызға, ұрпақтан –ұрпаққа жетіп, қаншама аңыз-әңгімелермен толыққан шежірелерді осы күнге дейін тарихи дерек ретінде тарих ғылымы мойындаған емес еді. Тек соңғы жылдары ғана шежірелерге мән беріліп, көңіл аударыла бастады.

Міне, сондай шежірелердің тамаша үлгісі ретінде қазақ қожалары арасына тараған шежіре – «насаб-намаларды» айтуға болады.

Насаб-намалардың шежірелерден өзгешелігі – мұнда кімнен кімнің  таралғанын ғана айтып қоймайды, сонымен бірге ҮІІ-ХІІ ғғ аралағында Оңтүстік өңірінде болған түрлі тарихи оқиғалардан хабар береді. Мысалы, бұл Насаб-намаларда ҮІІІ ғ. Сыр бойындағы халықтардың қандай дінді ұстағаны, олардың қожалары мен билеушілері туралы көптеген тарихи деректер кездеседі. Насаб-намаларда «Бұл хижараттың 150 жылы еді», деп көрсетуі исламның Түркістан жеріне қашан келгендігін нақты дерекпен көрсетіп тұр. Және бұл дерек Хорасан (Солтүстік Иран) мен Мауараннахрда сол кезеңде болған тарихи оқиғалармен тікелей байланысып жатыр.

Осы күнге дейін ғылымға белгісіз болып келген Насаб-нама нұсқалары енді ғана дерекнама ретінде танылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының обьектісіне айнала бастады.

1992 жылы халық назарына ұсынылған «Сафи-ад-дин Орың Қойлақы «Насаб-намасы» атты кітап  бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстың алғашқы нәтижелерінің бірі болатын. Содан бері мұндай «Насаб-намалардың» бірнеше нұсқасы табылды. Бірақ соңғы кезге дейін Хорасан қожалар шежіресін кездестірмеп едік. Қай жерде екенін білсек те қолымыз жетпей жүрген болатын.  Оның себебі, біз білетін нұсқалар Бұқара облысында еді. Оның бірі – осы кітапқа нұсқа болған Оспанов Низамутдин нұсқасы. Екіншісі Үшқұдық стансасында тұратын Латиф қожа Мирхашимов қолында деп естиміз. Ал, Әбибулла Үсенқожа ұлының қолындағы нұсқа біз үшін күтпеген жаңалық болды. (Осы «Насаб-нама» нұсқаларын іздестіріп, тауып тапсырушы Ибадулла Әбдіраманов ағамыз бен «Насаб-наманың» көшірмесін жасатып, көне мұраға қамқоршы болып жүрген Нұрманов Әбдімүтәліп ақсақалға үлкен рахметімізді айтамыз).

Бұл шежірелердің Аққорғандық ожалар (Ысқақ баб ұрпақтары), Қарахандық қожалар (Әбдірахым Баб ұрпақтары) шежірелерінен өзгешілігі соңғы жағында ғана кездеседі. Соңында мұнда Әбдіжалил Баб ұрпақтары ғана жазылған. Бұдан басқа  өзгешелік сезілмейді.

Назарарыңызға ұсынылып отырған «Насаб-нама» аудармасы осы екі нұсқа негізіне жазылады.

  • Оспанов Низамуддин нұсқасы;
  • Әбибулла Үсенқожа ұлы нұсқасы.

Н.Оспанов нұсқасы ұзындығы 4 метр келетін ұзын орама қағазға жазылған. Ені 26 см. Мәтін ені 16 см. Қолжазбаның екі жиегіне 27 рет мөр соғылған.  Мөрдегі кісілердің аттары олардың осы Түркістан өңірінен  шыққандығын көрсетеді. Мысалы «Молла Сабырхан муфти ибн Иусуф хан Йасауи» немесе «Әбу-л Фатх қазы ибн Әбу-л Уақаб Сығнақи» атты кісілердің аттары кездеседі. Сондай-ақ, Түркістаннан табылған басқа «Насаб-намаларға» соғылған мөрлер де осы нұсқада бар: «Баха-ад-дин қожа қазы калан ибн Хұсайн қожа қазы Алауи» немесе «Молла Камал ад-дин муфти ибн Төленбай Йасауи»

Бұл жерде «Насаб-нама» сияқты шежірелердің тек Түркістан өңірі мен Ферғана аңғарын мекендеген қожалар арасында таралғанны айтып өткеніміз абзал.

«Насаб-наманың» алғашқы бөлігі хижраның 1180 жылы жазылған. Көшірушінің аты белгісіз. Көшірушінің қолтабасы болғанымен, одан жазған кісінің аты-жөнін оқу мүмкін болмады.

Әбибулла Үсенқожа қолындағы нұсқаның ұзындығы 5 метр 58 см. Орама қағазға  жазылған.  Негізгі бөлігі 157 қатар жолдан тұрады. Бас жағында басқа нұсқадан алынған жалпы ислам тарихына қатысты парсы тілінде жазылған деректер берілген. Бұл қолжазбаға төрт рет мөр соғылған жазулары өшіп кеткендіктен оларды оқу мүмкін болмады.

Н. Оспанов нұсқасымен салыстырғанда бұл нұсқада айтарлықтай ештеңе жоқ. Тек, Ә.Үсенқожа ұлы нұсқасында көшіруші текспен еркін жұмыс істеген. Сол себепті сөз қолданыста аздаған өзгешелік бар.

Сондай-ақ, бұл шежіренің бір жерінде бір кісінің  аты түсіп қалған. Оны соңында кестеден көруге болады. Кітапқа беріліп отырған да осы А. Үсенқожаұлының нұсқасы. H.Оспанов нұсқасы түпнұсқа емес. Ксерокөшірме болғандықтан оны кітапқа пайдалану мүмкін болмады.

Бұл кітапта шежіремен қоса, Әбдіжалил Баб туының суреті де қоса беріліп отыр. Ол ту қазір Ташкент облысы Янгюль ауданында тұратын Патша қожаның үйінде сақтаулы. Ту қоладан құйылып жасалған. Тудың жоғарғы жағында «Аллаху Ахад» одан төменіректе «Мухаммад уа Али» деп жазылған жазу бар. «Али» аты туда тағы да төрт жерде кедеседі. Өкінішке орай, одан басқа жазуларды оқу мүмкін емес. Себебі,  тудың орта бөлігі түсіп, жіппен байлап қойылған және тудың жоғарғы жағындағы жарты ай белгісі де жоқ. Жарты ай белгісі болғаны анық, кесілген орны тұр. Неге олай болды, бізге ол жағы беймәлім.

Бірақ, мұндай қасиетті дүниелердің ғасырлар бойына тұрған оныдарынан шашырап әр жаққа кетуі, халық басына түскен ауыр зұлматпен тікелей байланысты. Қазіргі күні қайтадан күніміз туып жоғалғанымызды жиып жатқан кезде, сол туды да қайтадан өз орнына қайтарған дұрыс сияқты.

Сөз соңында осы туды сақтаушы Патша қожа ақсақалға «Насаб-нама» нұсқаларын сақтаушы Оспанов Низамуддин, Әбибулла Үсенқожа ұлына. Осы кітаптың шығуына тікелей ықпал жасаған Ибадулла Әбдіраманов ағамызға шексіз рахметімізді айтамыз.

Бисмиллахир рахманир рахим

Уа Шахи Мардан Хазреті Али Карамуллах Уажхаһудің ұлы имам Мұхаммад Ханафийа ради Аллаху та ала анху. Оның екі ұлы болды. Бірінің аты Шаһ Абд ал-Фаттах және бірінің аты Шаһ Абд ал-Маннан еді. Бұлардан нәсіл қалды. Өзгелері опат болды. Шаһ Абд ал-Фаттах нәсілі  Шам, Шамат елдерінде патшалық қылды. Абд ал-Маннан нәсілі Шах Баттал Ғазы еді. Рум тарсаларымен соғысып оларды жеңді. Абд ал-Фаттахтың екі ұлы болды. Бірінің аты Абд ал-Жаббар және бірінің аты Абд ал-Уаһһаб еді. Абд ал-Уаһһаб тан нәсіл қалмады. Абд ал-Жаббардың да екі ұлы болды. Бірінің аты Абд ал-Жалил және Абд ал-Қаһһар еді. Абд ал-Қаһһардың екі ұлы болды. Бірінің аты Абд ал-Рахман және бірінің аты Абд ар-Рахим еді. Абд ал-Рахманнан екі ұл болды. Бірінің аты Исқақ Баб, бірінің аты Абд ал-Жалил Баб. Абд ар-Рахман Шам уалаятының патшасы еді. Абд ар-Рахим Бағдат уалаятының патшасы еді.

Абд ал-Рахман опатынан соң Исқақ Бабқа патшалықты  берді. Інісі Абд ал-Жалил Баб Йамин (Йемен) патшасы еді. Абд ал-Жалил Бабтың лақабы Хорасан ата дейтін. Абд ар-Рахим Исқақ Бабпен Абд ал-Жалил Бабты өзіне шақырды. Үшеулері бір жерге жиылды. Исқақ Баб айтты: «Ай, Абд ар-Рахим, менің бір сөзім бар, айтайын» деді.  Абд ар-Рахим: «Айтқын» деді. Исқақ Баб айтты: «Хазреті Абу Бакір Сыддық ради Аллаху анху кезінде (уақытында) Халид Уалид ұлы Абд ар-Рахман  12  мың сахабаларды бастап Өзгенд, Ферғана елдеріне барып, шахид болды. Амирул-му минин Шаһи Мардан Хазрет Али кезінде Кусам ибн Аббас, Мұхаммад ибн Абд ал-Жалил отыз мың таб индарды бастап Өзгенд, Ферғана елдеріне барды. Мұғтарсаларымен соғыс қылды.  Қусам ибн Аббас Самарқандқа келіп шахид болды. Он сегіз мың әлемді жаратқан Алла тағала бізге иман мен ислам патшалығын, қуат пен күш берді, шерік (әскер) пен аспабын берді. «Ай, атамыздың інісі Абд ар-Рахим, Хақ тағала ризалығы үшін біз барсақ, Өзгенд, Ферғана Муғ тарсаларымен соғыс қылсақ дін хақы үшін қылыш ұрсақ, иманға  да уат қылсақ» деді. Абд ар-Рахим: «Бұл жақсы мәслихат» деді. Бұл хижраттың 150 жылы еді.

     Абд ар-Рахим, «Біздің жетпіс мың шерігіміз (әскеріміз) бар, түгел аспабымен» дейді. Исқақ Баб айтты: « Біздің елу мың шерігіміз бар, түгел қаруымен». Абд ал-Жалил Баб атты: «Біздің қырық мың шерігіміз бар, түгел қаруымен». Одан кейін олар шеріктерін қосып, Шамнан Исфаханға аттанды. Исфаханнан Тебризге келді. Тебризден Мазандранға келді, Мазандраннан  Серахсқа келді. Сарахстан Балхқа келді. Балхтан Тарбатқа келді. Тарбаттан Шур Бұхарамс заманға келді. Бұхарадан Самархандқа келді. Самархандтан Өзгенд, Ферғанаға келеді. Одан Ош, Шаш, Қасанға келді. Мұсылмандық әшкере болды, ислам ашылды. Өзгенд, Ферғана елінде екі мұғ патшасы бар еді. Бірінің аты Каруан еді және бірінің аты Ихшит еді. Олармен соғысты. Қырық мың мұғ өлді. Он сегіз мың мұсылман шахид болды. Мұсылмандық әшкере болды. Одан кейін Испижабқа келді. Исқақ Бабпен бірге табииндар бар еді. Бірінің аты шайх Бәкір ад-ди Қаффал еді. Шайх Бәкір ад-дин халайыққа ілім-хикмет үйретті. Бұдан  кейін үшеуі үшке бөлінді. Жеті кент еліне Абд ар-Рахим ислам аша барды. Исқақ Баб Сайрам, Қарғалық, Сулхан тарапына барды. Одан соң Абд ар-Рахим Қашқар тарапына барды. Қашқарда бір тарса бар еді. Қаншама есепсіз дүние, мал алды. Исқақ Баб Нахибдарды өлтірді. Мұсылман діні әшкере болды, исламға жол ашылды.

    Одан кейін Исқақ Баб Қарғалыққа келді. Үш қабат қорғаны бар еді. Оны бұздырды, халқын мұсылман қылды. Мұсылман болмағандарын өлтірді.

     Исқақ Баб елу төрт жыл патшалық қылды. Қарғалықта мешіт, медреселер салдырды.

     Әбд ал-Жалил Баб Шаштан Баршынкент, Балтырсек, Жаркент елдеріне барды. Қылыш Қара хан атты хан бар еді. Тарсаша аты Йашмут еді. Оның екі ұлы бар еді. Бірінің аты Сары тонды Өтеміс еді. Өтеміс хан дер еді. Мың ерге қарсы тұратын еді. Шалса қылыш, атса оқ өтпейтін еді. Женд патшасы еді. Әбд ал-Жалил Баб Йашмут ханды иманға шақырды. Йашмут иман келтірмеді. Қанша күн-түн соғысты. Сансыз тарса өлді. Мұсылмандар шахид болды. Сол жерде Әбд ал-Жалил Баб Өтеміс қолында шахид болды. Женд үстінде Өгіз қыр жағында шахид зираты болды. Бұл хабарды Исқақ Баб есітіп, отыз мың әскермен Жендтке аттанды.  Йашмут ханмен соғысты. Он мың тарса өлді, төрт мың мұсылман шахид болды. Жиырма алты мың әскер қалды. Йашмут ханды өлтірді. Оның ұлы Сары тонды Өтемісті ұстап, Қарғалыққа алып келіп, зынданға салды. Көп насихат айтты. Иман келтірмеді. Болмағасын қорғанға жауып өлтірді. Одан кейін Исқақ Баб әлейһи- ар-рахмата Шашқа барды, одан Қабаға барды. Одан келіп Сайрамда Жоба мешітін салдырды. Мешіттің ірге тасын  өз қолымен қалады. Сары Қамыс суын осы Жоба мешітіне уақыф қылды. Мешіт салуға үш мың бес жүз алтын қаржы қылды. Исқақ Бабтың жүз жиырма жыл өмірі болды. Тоқсан жыл Хзыр алехи-с-саламмен сұхбаты болды. Отыз жыл дінсіздермен соғысты. Исқақ Баб мың аты Мұнкөзлік Бұғра хан еді. Тарсаша аты Бахтан еді. Онымен соғысты. 60 мың тарса өлді, 18 мың мұсылман шахид болды. Мұсылмадық тарады, исламға жол ашылды. Әбд ар-Рахим Қашғар еліне отыз жыл патшалық қылды. Өз уақытында Табғач Бұғра хан атанды. Одан кейін ол Алмалық, Қиялық елдеріне барып ислам таратты. Оның ұлы Қара Бұра хан, оның ұлы Қылыш Қара хан, оның ұлы Мансұр Хумар хан, оның ұлы Жұғра Тиган хан, оның ұлы Арслан хан, оның ұлы Исмайл хан. Оның ұлы Ильяс хан, оның ұлы Ахмед хан, оның ұлы Санжар хан, оның ұлы Хасан хан, оның ұлы Мұхаммад хан, оның ұлы Абд ал-Халық хан, оның ұлы Білге хан, оның ұлы Дад бек хан. Бұлардың барлығы Отырарда өтті. Үргеніш ханы Мұхаммад Сұлтан келіп, Білге ханды өлтірді. Білге ханның нәсілі кесілді. Одан кейін Отырарда  Қайыр хан хан  болды. Қайырхан нәсілі қаңлы еді. Одан кейін Ауан залымның тар заманы болды.

     Ал, Исқақ Баб Шаштан Сайрамға келді. Сайрамда екі жүз алпыс мың үйлік Тарса бар еді. Үш жүз ұлыстайы бар еді. Барлығы тарса еді. Патшаның аты Көркөз, лақабы Нақибдар еді. Исқақ Баб Нақибдарды иманға шақырды. Нақибдар: «мен жетпіс атамнан бері тарсамын, менің дінім хақ. Сондықтан, мен сенімен соғысамын» деді. Үш түн-күн соғысты. Он мың тарса өлді, бес мың мұсылман шахид болды. Шайт болғандардың ішінде Исқақ Бабтың тубба ат-таб ины Абд ал-Әзиз де бар еді. Ол Исқақ Бабтың ту ұстаушысы (аламдары) еді.

    Нахибтар қашып Сұлханға кетті. Исқақ Бабта Сұлханға  Нахибдарды қуа барды. Онда да  үлкен ұрыс болды. Сансыз тарса өлді, мұсылмандар шахид болды. Ерге қарсы  тұратын еді. Найзасының темірі он батпан шар болат болатын. Ол Түркістан уалайатына ислам аша келді. Түркістан халқы оны дарбазаны ашып қарсы алды.

Исқақ Баб Қарғалықта 80 жыл суфрадарлық қылды. Әр күні жүз қой, он соғым кешер еді. (сояр еді).

    Бір күні Хзыр мен Ильяс пайғамбарлар келді, «Сізге зиярат қылғанның сауабы, бізге және жұмла пайғамбарларға зират қылғанның сауабындай болсын» деді. Исқақ Баптың ұлы Харрун шайх, оның ұлы Мумин шайх, оның ұлы Мұса шайх, оның ұлы Исмайл шайх, оның ұлы Хасан шайх паранда, оның ұлы Усман шайх, оның ұлы Омар шайх, оның ұлы Ифтихар шайх, оның ұлы Ибрахим шайх, Ибрахим шайхтың екі ұлы болды. Бірі Хазрет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауи және бірі Садр шайх еді. Садр шайхтан екі ұл болды: Бірі Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы, екіншісі Али қожа еді. 

Абд ал-Жалил Бабтың  ұлы Сұлтан Хұсейін қожа Ата, оның ұлы Жақып қожа, оның ұлы Мұхаммед қожа, оның ұлы Сейт Ахмед Қожа Ата, оның ұлы Оспан (Усман) қожа Ата, оның ұлы Хусейн қожа Ата, оның ұлы Атажан қожа Ата, оның ұлы шах Мұхаммед қожа Ата,

оның ұлы Ашраф қожа Ата, оның ұлы Айййб қожа Ата, оның ұлы Сүлеймен қожа Ата, оның ұлы Құдайқұл қожа Ата. Құдайқұл қожа Атаның алты ұлы болды. Бірінің аты Оспан қожа, бірінің аты Хусайн қожа,  лақабы Шұбұрдымс Ата, бірінің аты Сүлеймен қожа және бірінің аты Мұхаммед қожа, бірінің аты Араб қожа, бірінің аты Құрайыш қожа.

    Құдайқұл қожаның ұлы Хусайн қожаның екі ұлы болды. Бірінң аты Сейіт Ахмет қожа және бірінің аты Құрбан қожа. Құрбан қожаның  төрт ұлы болды. Бірінің аты Қасы қожа, бірінің аты Араб қожа, бірінің аты Көшек қожа, бірінің аты Қожан қожа.

      Сейіт Ахмет қожаның он ұлы болды. Бірінің аты Аййуб қожа, бірінің аты Әбдірахман әзлер қожа, бірінің аты Сүлеймен қожа, бірінің аты Айса қожа, бірінің аты Мұса қожа, бірінің аты Мұхаммед қожа, бірінің аты Жүсіп қожа, бірінің аты Баба қожа, бірінің аты Ибрахим қожа және бірінің аты Ұлы қожа.

  Әбдірахман қожаның  да он ұлы болды. Бірінің аты Бек қожа, Бірі Набра қожа және бірі Саийдхан қожа азизлер және бірі Абтдхан қожа азизлер және бірі Сұлтан қожа азизлер, және бірі Бабахан қожа азизлер және бірі Абдулла қожа азизлер және бірі Рахымжан қожа азизлер және Шаһ-Мұхаммед қожа азизлер.

Саийд хан қожаның екі ұлы болды. Бірі Саийд Иман қожа, бірі Иманшаһ қожа.

                                                                     1994 жыл

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button