Білген Шайыр айтады

Пенделердің өтер халінде жанын беске бөлгені

ЖИЫРМА ЕКІНШІ ФАСЫЛ

Пендеге өтер уақыты жақын келер,

Сол заман оның жанын беске бөлер.

Уарыстар малын рухын періште алып,

Еттерін жемек үшін құртқа берер.

 

Топырақта қалса керек ұстықаны,

Алғайлар жақсылығын қысымлары.

Бұлардың бәрі бірден кеткенде һәм

Пенденің кетпес һәм деп ол дін иманы.

 

Әр күн жер он мәртебе ауаз қылар,

Басқалар инсі жыннан біліп тұрар.

Кейінгі біз сипатты пенделерге

Артықша өсиет-дүр білсең бұлар.

 

Әуелі жер айтады: «Ей, ибн Адам,

Үстімде жақсы жолға ұрғын қадам.

Ақыры өлгеніңде қойныма еніп,

Жатсын деп айтады әлид дауам.

 

Екінші, напәрмендік қылып жүрсең,

Азапта болсаң керек маған кірсең.

Үшінші, бұл дүниеде күлсең дағы

Өлгенде ішіме еніп жылай дүрсің.

 

Төртінші, үстімде сен шат болсаң да,

Түсерсің ішіме еніп қайғы-қамға.

Бесінші, ішіме енсең құрт жегейлер,

Дүниеде арам жесе қайсы пенде.

 

Алтыншы семірсеңіз арамды жеп,

Ақыры арықтарсың ішіме кеп.

Жетінші, тәкапарлық қылған адам,

Тартады ішіме кеп қорлықты көп.

 

Шат болып, сегізінші, жүресіздер,

Ішіме келгенде һәм қайғы өсер.

Раушанда, тоғызыншы, жүрсеңіз һәм,

Кіретін қараңғы көр алдыңда бар.

 

Айтқаның, оныншы, бұл дүнияда,

Қосылып жүреріздер бәрің һәмма.

Бір үйде жалғыз-жалғыз жатсаң керек,

Ақыры ажал жетіп келсең маңа.

 

Пенденің қоятұғын қабірі һәм баз,

Әр күні бес мәртебе қылғай ауаз.

Деп айтар: «Маған келген жалғыз тұрар,

Дүниеде жолдасыңды айлағыл саз».

 

Жолдасың кәрәммуллаһ Құран шәріп,

Әрдайым өзіменен жүрсе алып.

Әр күні уәзипа қып, әдет етсе,

Пендеге көрде тұрар бірге барып.

 

Екінші, мен деп айтар, қараңғымын,

Даяр қыл өлмей тұрып, шырағыңды сен.

Намазды түнде тұрып көп оқыса,

Көр іші шырақ мысал бола раушан.

 

Үшінші, менің ішім құм, топырақ біл,

Астыңда төсегіңді сен даяр қыл.

Дүниеде жақсы амал, тағат қылса,

Пенденің көр ішінде төсегі бұл.

 

Төртінші, жылан, шаян ішінде бар,

Оларды жоқ қылмаққа таяқ дәркар.

Ол таяқ – бисмилла мен садақа етпек,

Көзінен жасын төгіп жыласын-лар.

 

Бесінші, Мөңкір-Нәңкір менде бар-дүр,

Пендеден «Мен рәббиік» деп жауап алар.

Тауһиттың калимасын көп айтқандар,

Жауабын дұрыс беріп, аман қалар.

 

Денеден пәруаз етіп жан шыққанда,

Аспаннан ауаз қылып, айтқандай әнда:

«Тіріңде күні-түні мехнат етіп,

Дүниені жиып едің ая, пенде!

 

Тәрік етіп тастадың ба, бұл күн әні,

Болмаса, тастады ма дүние сені?

Бейнет қып, күні-түні тынбай жүріп,

Басқаға қойып кеттің бар дүниені.

 

Өлікті ұжымақтыққа даяр етер,

Ғайыптан құлағына ауаз жетер.

Деп айтар: «Ая, пенде, күшті едің,

Бұл күні ол күштерің қайда кетер?

 

Әр түрлі сөз айтатын тілің қайда?

Есіткен құлағыңнан жоқ-дүр пайда.

Дүниеде бірге жүрген ер достарың

Бұл уақта кетіп қалды қайсы жайға?»

 

Кебінге ол өлікті салса-лар тез,

Ғайыптан нида қылып айта-дүр сөз:

«Хошуақты жәннат енсең һасыл[1] болар,

Өкініш, әгар болсаң, тозаққа кез.

 

Ей, пенде алыс жайға бара-дүрсің,

Қанша-дүр жол азығың, даяр қыл сен.

Бұл үйге жемектіктер жоқ-дүр саған,

Не пайда аһле әйел, мал-мүлкіңнен!»

 

Пендені салған уақта жаназаға,

Ғайыптан ауаз келіп айтар жәна.

Әр түрлі әміре мағрұп мөңкір[2] істің

Дүниеде қылар едің бәрін һәмма.

 

Әгарда қайыр болса қылған ісің,

Хошуақтық болса керек оның үшін.

Жазасын жамандықтың тартса керек,

Мүбәда күнә болса, ол жұмысың».

 

Қабірдің жағасына қойса келіп,

Ғайыптан бұл сөзді айтар ауаз беріп:

«Дүниеде көп қуанып жүрер едің,

Бұл күні қайғырасың ішіме еніп.

 

Сөйлеген неше түрлі қайда тілің?

Бұл күнде айта білмес оның бірін.

Өзіңе азғантайда пайда бермес,

Ілгері ғапылдықпен жүрген күнің.

 

Ол күні көрге қойып кетсе һәмма,

Айтады нида қылып, Алла аңа.

Мал-мүлкім, қатын-балам, дүнием деп,

Жүрдіңіз напәрмендік қылып маңа!

 

Болмады ешбірісі саған серік,

Жатырсың жалғыз өзің мұнда келіп.

Артықша ата-анаңнан мейірбанмын,

Деп айтар кәрам етсе, халін көріп.

 

Құдая, бұл айтылған оқиғаның,

Баршасы өз басыма келер менің.

«Анаңнан мейірбанмін» деп айтылған сөз,

Көңіліме бір сенген уәдең сенің.

 

[1] Һасыл, хасыл /а/ – нәтиже; жүзеге асу, мақсатқа қол жеткізу; дайын.

[2] Мөңкір – мәтін бойынша «жаман», «лас» мағанасында.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button