Қисса хазірет Әли разы алла анһудың шаһ Барбарға құл болып сатылғаны туралы
Қисса хазірет Әли разы Алла анһудың шаһ Барбарға құл болып сатылғаны туралы. Дастан Қазан қаласындағы М.А.Чиркова балаларының баспаханасында 1896, 1901, 1907, 1916 жылдары және 1913 жылы Университет баспаханасында жарық көрген. Бұл жарияланымдардың барлығы ОҒК-ның Қолжазба қорында сақтаулы. Басылымдарды өзара салыстыру барысында бұл мәтіндердің барлығы 1896 жылғы кітаптың қайталанған басылымдары екені анықталды. Дастанды жариялаған ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы.
Бастаймын “бисмилла” деп Тәңірім атын,
Қозғатайын өткендердің хикаятын.
Дұғаңыздан тастама Пайғамбарды,
Көрсеткен бұ ғаламға шарапатын.
Тыңдаңыз бұ қиссаны, көп әлеумет,
Құдайға жоғалмайды қылған қызмет.
Аспанда Ғаршы Күрсі, періште бар,
Жаратты жер мен көкті Жаппар Құдірет.
Алланың пендесіне рахматы бар,
Расулы Пайғамбардың шапағаты бар.
Мұхаммед үмбетіне мейірбан-дүр,
Білмейді осыларды асы жандар.
Мұхаммед дәрүд айтқыл Мұстафаға,
Жарасар қылған қызмет падишаға.
Бір күні хақ Расул Пайғамбарым,
Насихат айтар еді сахабаға.
Жұртына көп насихат жауап берді,
Көндірді хүкіміне тамам елді.
Мәжіліс қып мешітінде отырғанда,
Есіктен бір мүсәпір кіріп келді.
Көзінің жасын төгіп жылап тұрды,
Алдына хақ Расулдың мойынсұнды.
Бұзылды жұрттың көңлі мұны көріп,
Төрт жарға Пайғамбар мен арыз қылды.
Ғаріп айтты: – Сіз тақсыр – асыл гауһар,
Он сегіз мың ғаламға болдың Сәруар.
Сізге оңай, маған қиын падишаһым,
Бір қажет сізден тілек жұмысым бар.
Үйімде, тақсыр, менің малдарым жоқ,
Сізге айтар бөтен жұмыс, жанжалым жоқ.
Жүз тіллә қарызым бар, таппай келдім,
Көңлімде мұнан басқа арманым жоқ.
Жүз тіллә қарызым бар, пұл берермін,
Малым жоқ, енді, тақсыр, не берермін.
Құтқарғыл сонан мені, падишаһым,
Таба алмай соның үшін жылап жүрмін.
Жаратты қажет үшін сізді Құдай,
Таба алмай алдыңызға келдім сұрай.
Бәріңнен қайыр сұрай келіп едім,
Дүниеде мұқтаж болған мен бір кедей.
Бұ сөзі есітілді Пайғамбарға,
Қарады төрт жар менен сахабаға.
– Ғаріптің мұддағасы мынау екен,
Талапкер құтқарушы кісі бар ма?
Пайғамбар төңірекке үш қарады,
Үш айтқанда жұрт жауап бере алмады.
Ер Әли қол қусырып түрегелді,
Бір адам сонан басқа жарамады.
Ізетпен түрегелді хазірет Әли,
Жоқ еді о кісіде дүние малы.
Отырған көп ойлайды “Не берер?” деп,
Бар еді Дүлдүлі мен зұлпықары.
Расул айтты: – Не іске тұрдың, жаным,
Бәрі де халі-шамаң бізге мағлұм.
Байлардың сенен басқа бәрі де отыр,
Табарға жүз тілләні келер ме әлің?
Көзінен жасы ағып түрегелген,
“Ей, ата, рұқсат бер” деп, Шаһимардан.
Бата алып Пайғамбардан хазірет Әли,
Қапа боп үйден шығып жүре берген.
Келді де жетеледі Әли Хайдар,
Алланың һәр нәрседен өзін сақтар.
– Көзің жұм, ей, ғарібім, қала көрме,
Көрерміз бір тілекті берсе Жаппар.
Сол ғаріп көзін жұмып жүре берді,
Әлимен жолдастасып жолға кірді.
Әли айтты: – Ей, бейшара, көзіңді аш,
Ғарібім бір шаһарға жеттің енді.
Көрінді ғажап сұлу келген шаһары,
Лағыл, жақұт, алтыннан үйдің бәрі.
Алтын менен күмістен соққан екен,
Көрген соң қайран қалды хазірет Әли.
Ұлық дария шаһардың арасында,
Бітіпті түрлі жеміс ағашында.
Кедей қорықты “Бұл мені өлтірер” деп,
Кәпірдің танымаған қаласында.
Кедей қорықты Әлиді “Не қылар?” деп,
Мен өлсем, қаным жерге төгілер деп.
Мал табам деп жолықтым бір бәлеге,
Қабырғам өлгеннен соң сөгілер деп.
– Тақсыр-ау, бұ жерден сөйлеп тұрсың,
Барарды елге аман Құдай білсін.
Шаһардың түрі жаман көрінеді,
Кетелік, тауып берген пұлың құрсын.
Ей, тақсыр, рұқсат бергіл енді бізге,
Мен разы болайын, Әли, сізге.
Бәрінен пұлың құрысын, жаным тәтті,
Баралық жіберсеңіз үйімізге.
– Сен бекер сөйлеп не қыласың,
һәркімнен бір тиындық пұл сұрарсың.
Жаныңды кәпір алмас, Құдай алар,
Үйіңе есен болсаң бір барасың.
Жарлы айтты: – Ей, тақсыр, бұ не шаһар,
Сіз маған сөйледі деп, қылма қаһар.
– Келдің ғой кереметпен жарлым байғұс,
Кәпірдің падишасы – шаһ Барбар.
Әлиден бір керемет көрді сонда,
Жығылып аяғына болды пенде.
– Борышыңнан құтыларсың, ей, бейшарам,
Апарып мені сатсаң осы ханға.
Базарына бұл шаһардың мені алып бар,
Сендей адам кәпірден көрмей қорқар.
Бағаны көп кем етпе бекер қорқып,
Патшасы тіллә беріп алып кетер.
Жайыңды ханға барып сен айтқайсың,
һәр өнер қылады деп көп айтқайсың.
Кәпірден барып тілің тартпағайсың,
Арзан баға тілләға сатпағайсың.
Құлымның мың кісілік өнері бар деп,
һәр өнер қылады деп мақтағайсың.
Базарға енді мұны алып келді,
Халайық жиылған көп бәрі көрді.
– Бағасын бұ құлыңның қашырмай айт,
Алайық біреуіміз сатсаң, – дейді.
– Бұ құлым өз жұртымда бір арыстан,
Аты мұның Қашамшам, көп-ті дұшпан.
Күнбатыс, күншығыста болса жауың,
Қылады соның бәрін жермен-жексен.
Бұ құлым өзі палуан мың кісідей,
Бес мың тіллә беріп жүр ел ішінде.
Бермесең он мың тіллә мен сатпаймын,
Бір қылған қызығарсың жұмысынан.
– Білдік қой бұ құлыңды іске жарар,
Берелік патшамызға барып хабар.
Халымыз келмес біздің, қымбат екен,
Бір алса бұ құлыңды патша алар.
Бір жігіт хабар берді падишаға,
Хан алар құлды көрсе бұ бағаға.
– Он мың тіллә сұрайды сатамын деп,
Бір кедей құл апкелді бұ қалаға.
Базарға біреу құлды апкеп салды,
Көрген жан осы күнде қайран қалды.
Бағасы мың кісідей бар деген соң,
Жалладтар халі келіп ала алмады.
Сол жігіт осылайша жауап берді,
Патша мұны есітіп түрегелді.
Сол уақытта падиша зауқы келіп,
Шақыртты құлыменен келгендерді.
“Шақыр” деп падишасы айтып салды:
– Көрелік, алып келші қандай жан-ды.
Алдына падишаның келтіргелі,
Сол жігіт бейшараға қайтып барды.
– Шақырса біз баралық ханыңызға,
Біздерді құлағына салдыңыз ба?
Падиша екеумізді шақыртыпты,
Иә, Әли, сіз жүріңіз алдымызда.
Алдына хазірет Әли жүріп келді,
Жарлы жүр сатайын деп Әли Шерді.
– Есікке менен бұрын сіз кіріңіз,
Жауап бер ханға өзің, тақсыр, енді.
Алдымен хазірет Әли кіріп келді,
Падиша төрде отырған мұны көрді.
Қасына падишаның отырған соң,
Жауабын бастан-аяқ айта берді.
Патша айтты: – Сен өзің қайдан жүрсің,
Мұндай құлды сатам деп не қыласың?
Өтірік айтпай шыныңды айтшы маған,
Құлың патша сипатты, өзің құлсың.
– Ей, падиша, мен айтайын саған арыз,
Мал таусылып, басыңда болса қарыз.
Қолыңнан дәулет кетіп борышың болса,
Сонда сіз қайтер едің, сұлтанымыз?
Беремін құлым сатып қарыздарға,
Құлсыз ылаж болмады пұл табарға.
Сұрасаң менің жұртым шаһар Сирап,
Келемін зарураттан құтыларға.
Хан айтты: – Кім болады сенің атың,
Қай жұрттан есітелік асыл затың?
Құлымның мың кісілік бағасы депсің,
Құлыңды мықты болса, маған сатың.
– Бұ құлым өз жұртында бір арыстан,
Аты мұның Қашамшам, көп-ті дұшпан.
Күншығыс, күнбатыста болса жауың,
Қылады соның бәрін жермен-жексен.
Хан айтты: – Ей, құлым, сөйлеші сен,
Қайда алысқа жұмсасам барармысың?
Менің бір қатты қиын үш ісім бар,
Сен соны бітірерге жарармысың?
Қаптайды бір дария шаһарымызды,
Бөгейміз деп түгестік барымызды.
Бір дария, бір айдаһар бәле шығып,
Жеңе алмай түгесіп тұр арымызды.
Бірі сол ер шығыпты мұсылманнан,
Маңдайы қайтпайды екен тірі жаннан.
Қырып-жойып барады талай елді,
Кек алып беремісің сол палуаннан?
Қорқамын атын естіп, жүзін көрмей,
Салады жылда бүлік тыныштық бермей.
Ас батпай жүрегіме тітіреймін,
Сонан-ақ өлем бе деп ажал келмей.
Бір ылаж табамысың, құлым, оған,
Әли келсе, бұ жұртқа бермейді аман.
Бір қиын қатты қайғы жұмысым сол,
Барарға сен Әлиге бар ма шамаң?
Қыла көр дертке дәрмен, Қашамшамым,
Құрыды күнде жасып жарым жасым.
Мен дағы жырақпенен жүруші едім,
Батпайды Әли десе ішкен асым.
Жылында ол ұрысқа келет дейді,
Мың кісіні бір кісідей көрет дейді.
Жүз мың ер біздің елден барса дағы,
Баршасы бір қылыштан өлет дейді.
Соны өлтірсең елімді мен берейін,
Патша қылып төбеме көтерейін.
Той қылып көп жұртымды жиып алып,
Қаласаң өз еліңе жіберейін.
Әли айтты: – Уағдада бек тұрамын,
Жауымды мен де ұрысқан көп қырамын.
Бар арманың сол болса, падишаһым,
Әлиді байлап алдыңа ап келемін.
Падиша сонда тұрып қуанды бек,
Аламын дегеннен соң дұшпаннан кек.
Хан сол жерде бұйырды қазынашыға,
“Он мың тіллә қазынадан алып кел” деп.
Он мың тіллә қазынашы алып келді,
Пақырға санамаққа бәрін берді.
– Тілләмен жердің жүзін толтырсаң да,
Сатпас ем пұлым болса мұндай ерді.
Кем қылды мені малға бір Құдайым,
Құлымды мақтай беріп не қылайын.
Бір түгін бермес едім мың тілләға,
Кетірді борышым қысып менен жайым.
Хан айтты: – Ей, Қашамшам, тыңда, балам,
Жылында сендей жүз құл сатып алам.
Мың сан құл бөгей алмай жатыр соны,
Келе ме сол дарияға сенің шамаң.
– Бөгеймін дарияңды жалғыз өзім,
Падиша, осы болса айтқан сөзің.
Жалғыз өзім байлаймын дарияңды,
Нанбасаң көріп тұрсын барып көзің.
– Қашамшам, құлағың сал, сөздерім көп,
Сарғайдым түніменен уайым жеп.
Сан құлмен кернейлетіп, жер күңірентіп,
Барып ем айдаһарды көрейін деп.
Ол тартты баршамызды бір демімен,
Көп жанды жұта берді ат-тонымен.
Қарсылық һеш бір кісі қыла алмады,
Қырылып қашып келдік біз сонымен.
Әли айтты: – Айдаһарға мен барайын,
Қуатын дұшпаныңның аңғарайын.
Падиша, маған разы боламысың,
Алдыңа басын кесіп апкелейін.
Он мың тіллә ол пақыр қолына алды,
Елді қашан табам деп қайғыланды.
Дүлдүлді Әли Арыслан міне беріп,
Дүлдүлдің және үстіне мініп алды.
Пақырдың тілләні алып көңілі бітті,
Еліне қайтамын деп ниет етті.
“Құдаға, Әли, сізді тапсырдым” деп,
Бейшара дұға қылып қайтып кетті.
Дұшпанға құл ғып сатты Әли ерді,
Құдай артық жаратқан жомарт Шерді.
“Мәдинені көрген соң, мүсәпірім,
Дүлдүлді қоя бер” деп уағда берді.
Мүсәпірді ертіп салды түстік жерге,
Әлидей кім пар болар жомарт Шерге.
“Хақ Расул бабама сәлем де” деп,
Үш айтты “разы бол” деп мүсәпірге.
– Разы бол, мүсәпірім, – деді Хайдар,
Аяған сізден менің енді нем бар.
– Жаһанда Әли сіздей жан бар ма, – деп,
Мүсәпір “разымын” деп, жылады зар.
Мүсәпір елге қарап қадам басты,
Көзінен қуанғаннан төкті жасты.
“Құдаға, Әли, сізді тапсырдымдеп,
Қош бол” деп, қолын ұстап амандасты.
Ол мүсәпір еліне қайтып кетті,
Бұл арада бірнеше күндер өтті.
Айлық жолға Дүлдүлмен бес күн жүріп,
Мәдине шаһарына жетіп кепті.
Әлидің кім шыдаған қаһарына,
Пақырдың қуаныш салды биһарына.
Елді көріп Дүлдүлді қоя берді,
Пияда басып келді шаһарына.
Жаяулап шаһарына жүріп келді,
Көңілі шат боп қуанып күліп келді.
Бесін оқып мешітте отыр екен,
Сәлем беріп Расулға кіріп келді.
Пақыр келіп Расулға сәлем берді,
Келгенін ол пақырдың бәрі көрді.
Хасан, Хүсейін екеуі төрт жаста екен,
“Атам қайда?” деп, шулап жылай берді.
Екі шаһзат сол жерде жылады көп,
“Атам қайда?” деп, сонда сұрады көп.
– Сізді мұндан жетелеп алып кеткен,
Атамды қайда тастап келдіңіз? – деп.
Қайда тастап келдіңіз атамызды,
Жетім қылып қойдыңыз ба, ғаріп бізді?
Шері атамның хабарын берші жылдам,
Құтқармаққа әкеткен қарызыңызды.
Расул айтты: – Жылама, перзенттерім,
Пақырдан мен сұрайын не хабарын.
Қандай күйде қалғанын біле алдың ба,
Баян қылшы Алланың Арысланын?
Басшың жоқ бірге кеткен тұрсыз келіп,
Не іске Әли Арыслан қалды көніп.
Қайда қалды, Әлиді баян қылшы,
Жіберді ме қарызыңды алып беріп?
Сонда пақыр сөйлейді көргендерін,
Айтады бастан-аяқ жүрген жерін.
Құл болып сатылғанын Құдай үшін,
Он мың тіллә пұл алып бергендерін.
– Мені үйден ап шықты бермен жүр деп,
Артына мінгістерді көзің жұм деп.
Бір уақытта аш деген соң, көзімді аштым,
Маған айтты “Алдыңда елді көр, – деп.
Сен мені бұ шаһарға сатқын құл, – деп,
Аларсың мені сатсаң қанша пұл, – деп.
Құдай үшін бағамды халал қылдым,
Соныменен қарызыңнан сен құтыл” деп.
Аты екен ол шаһардың шаһы – Барбар,
Сат деп өзін бұйырды Әли Хайдар.
Сатпайын десем Әли Мұртазаны,
Амалым жоқ жүз тіллә қарызым бар.
Әлиді падишаға саттым сонда,
Пұл алдым қымбатына он мың тіллә.
Барбарға ер Әлиді құл ғып сатып,
Иә, тақсыр, өзім қайтып келдім мұнда.
Шаһ Барбар қолымнан сатып алды,
“Айт”, – деді, – Расулыма біздің халды.
“Дұшпанға құл қызмет қыламын” деп,
Ер Әли сау-саламат сонда қалды.
Тыңдады мына сөзді көп жамағат,
Әлиді қалды деді сау-саламат.
Мүсәпірден хабарын есіткен соң,
Көңілі жай болды сонда екі шаһзат.
Әлидей жомарт жан жоқ жаһанда һәр кез,
Пақыр барып борышынан құтылды тез.
Бұ жақтың әңгімесі тұра тұрсын,
Енді Шаһимарданнан естіңіз сөз.
Шықты да қаһарланып жүре берді,
Әли Хайдар дарияға жетіп келді.
Мың сан құл бөгей алмай жатыр екен,
“Бәріңді азат қылдым” деп жауап берді.
Бір үлкен сол арада тау тұрыпты,
Тауға барып қылышын суырыпты.
Сол тауды зұлпықармен екі бөліп,
Жарымын суға апарып қондырыпты.
Сол таудан аса алмады аққан дария,
Әлиге берген Құдай мың сан хайла.
Дарияны Әлидің байлағаны,
Дұшпанның көп жұртына болды жария.
Дарияны бөгеді де елге келді,
Құтқарған азабынан талай ерді.
Қасына падишаның келгеннен соң,
Падиша қайран болып күле берді.
“Қылайын енді, – деді, – бірін” Әли,
Айдаһарға бармаққа келді қаһары.
Соның мен апкелейін басын кесіп,
Айдаһардың бойы жүз жеті қары.
Қасына айдаһардың барып тұрды,
Айдаһар мұны көріп айбат қылды.
Ысқырып лебіменен тартқан екен,
Әли түгіл қозғалтты қара жерді.
Ақырып сонда Әли айқай салды,
Суырып зұлпықарын қолына алды.
Шапқанда зұлпықары жерге батып,
Кесуге көк өгізді жақындады.
Құдайым Жәбірейілге әмір қылды,
“Ұста” деп, шапшаң барып зұлпықарды.
– Кескен соң көк өгізді дүние болмас,
Тез барып Зұлпықарды тұтқын, – деді.
Қақ бөліп айдаһарды басқа салды,
Зұлпықар жеті қабат жерге барды.
Жәбірейіл көз ашқанша жерге кіріп,
Басынан зұлпықардың ұстай алды.
Жығылды қақ жарылып сол айдаһар,
Құда жәрдем қылған соң Әли Хайдар.
Аждаһаның басын апкеп салып еді,
Көрді де қайран қалды шаһ Барбар.
Соң хазірет Әлидің қайратына тамаша қалып, Барбардың айтқаны:
– Бөгедің дарияны жалғыз барып,
Мен тұрмын қайратыңа қайран қалып.
Қашамшам, перімісің, диюмысың,
Қайтып келдің дарияны байлап салып.
Тас байлап дарияны келдің қайтып,
Жаһанда жан бар ма екен сенен артық.
Күнінде жүз мың әскер жабылса да,
Қырып тастап кетерсің жердей тарпып.
Сан мың әскер таусылған байлай алмай,
Әбден шаршап болғанбыз хайла қалмай.
Қайратыңды көрген соң, қорқып тұрмын,
Дию болып жүрмеңіз адам болмай.
Қашамшам диюмысың, перімісің,
Сақыпқыран ерлердің бірімісің.
Саған берген разымын мен пұлыма,
Осындай қызмет қылып жүрермісің.
Айдаһардың апкелдің басын кесіп,
Қорқып едік һеш ылаж болмас десіп.
Бұл екеуін бітірдің жалғыз өзің,
Қуанып мен отырмын көңілім өсіп.
Бұ қайратпен Әлиді апкелесің,
Саған болмас дүниеде һеш адам тең.
Қашамшамым, бітірдің екеуін сен,
Сенің иең бағаңды айтыпты кем.
Енді Әлиге сені мен жіберейін,
Қайратыңның қызығын бек көрейін.
Әлиді тірі байлап алып келсең,
Не тілегің болса да, мен берейін.
– Әлиге мен жүрейін бір талай жер,
О да асқан мұсылман, бір кемеңгер.
Келейін ер Әлиді тірі байлап,
Жолдасқа тоқсан кісі палуан бер.
Падиша, маған тоқсан палуан бер,
Сіздер менің Әлиге барғаным көр.
Баралық жолдастасып тоқсан палуан,
Әлиді таңатұғын арба алып жүр.
Патша айтты: – Бұ тоқсан неге жарар,
Жұмысты бітіреді күнде даяр.
Әлиге қайрат қылсаң, сен қыласың,
Бұларың серік болып бірге барар.
Тоқсаның Қашамшамның соңына ерші,
Қылғанын ер Әлиге барып көрші.
Барыңыз Қашамшамға күш берісіп,
Әлиді таңып байлап алып келші.
Тоқсаны келе жатыр сонда дейді,
Бір алыс келе жатыр жолға дейді.
Әли айтты: – Жігіттер, құлағың сал,
Әлиді енді тұтып байла, – дейді.
Біреу айтты: – Осы құл Әли екен, – деп,
Палуан деген кісі осы екен, – деп.
Әлиді байлап қайта жүрді дейді,
– Әли жалғыз далада жүр екен,– деп.
Біреуің падишаға бар, – деп айтты,
Сүйінші, сұлтаныңнан ал, – деп айтты.
Бір палуан падишаға келді дағы,
“Сүйінші, біз апкелдік, хан” деп айтты.
Сүйіншіге жүз тіллә берді ханы,
Дұшпанды мұқаттық деп көрсетті оны.
Арбаға таңуменен келді дағы,
Тұрады аспанға ұшып хазірет Әли.
Арбасы тоқсан екі байлап алған,
Ақырып сонда Әли айқай салған.
Арбамен онша-мұнша ойын қылып,
Кәпірден жүз мың ләшкер өліп қалған.
Көреді кереметін жұрттың бәрі,
Жиылған тамашаға жас пен кәрі.
Жұртына шаһ Барбар сөз сөйлейді:
– Япырмай, осы екен ғой Хазірет Әли.
Суырды сонда Әли зұлпықарын,
Жад қылды Құдай менен Пайғамбарын.
“Ей, кәпір, мұсылман бол қырармын” деп,
Келтірді айбаттанып көп қаһарын.
Жиылып сансыз кәпір жылап келді,
Әлидің кереметін бәрі көрді.
Үстінен алтын тақтың жерге түсіп,
Барбар шаһ “дін үйрет” деп жауап қылды.
Барбарға сонда Әли дін үйретті,
Иман айтып һәр шарадан жол көрсетті.
Халайық көп жиылған мұсылман боп,
Әлиді үлкен-кіші құрмет етті.
Шаһар халқы мұсылман болып қалды,
Иман нұры көңліне толып қалды.
Жүз түйеге арттырып алтын беріп,
Әлиді шаһ Барбар ертіп салды.
Көп жанды дінге салған Әли батыр,
Салады ерегіссе заманақыр.
Далада бірнеше күн сапар жүріп,
Жақындап Мәдинеге келе жатыр.
Қуатын ер Әлидің артық қыпты,
Ерегіскен дұшпанын жерге тықты.
Төрт жар мен асхабтарын ертіп алып,
Пайғамбар есіткен соң қарсы шықты.
Пайғамбар Әлиді іздеп қарсы келді,
Ер Әли келе жатыр, мұны көрді.
Жүгіріп аттан түсіп Әли батыр,
Көрісіп Пайғамбармен жылай берді:
– Көрсетті сізді аман Алла Тағала,
Амансыз ба баршаңыз, көп сахаба?
Иә, тақсыр, онша-мұнша олжа апкелдік,
Беріңіз үлестіріп бейшараға.
Олар һеш дүниені сүймейді екен,
Жомарт адам тозаққа күймейді екен.
Жомарттықпен өзінің басын сатқан,
Тірек қылып дүниені жимайды екен.
Болсашы жомарт адам осылардай,
Қаһары тақсыр ердің жауған қардай.
Талай-талай кәпірді мұсылман ғып,
Мерт болды бұ жалғанда дүние жимай.
Әлимен жомарт еді әділ Омар,
Жомарттар жақсы жерден орын алар.
Біреудің қажеті үшін басын сатқан,
Олардай жақсы кісі қайдан болар.
Білген сөзім, кісіден сұрамадым,
Онша-мұнша ғалатқа қарамадым.
Қате болса, Мәулекей түзетер деп,
Мұнан артық сөйлеуге жарамадым.
Жұрт асқан ақын емен менің өзім,
Халімше жаздым хатқа білген сөзім.
Мәулекей данышпанға дұғай сәлем,
Сөзіне Жүсіпбектің салғыл көзің.
Бар Құдай анық сүйер жомарттарды,
Жомартқа Рахман Ием рақымы бар-ды.
Жамағат, қол көтеріп бір дұға қыл,
Жад қылдық Пайғамбар мен шаһариарды.
Екі қисса шығардым мұнан бұрын,
Көңліме берген Алла илһам нұрын.
Үшеу болды мұнымен жазған қиссам,
Ер Мәулекей түзетіңіз қалған жерін.
Шайхыслам қожа ұғлы – мен Жүсіпбек,
Пенде едім дүниеде бір күнәсі көп.
Жақсы қисса өлең ғып хатқа жаздым,
Оқығандар бір дұға қыла ма деп.
Оқыған шариғатты мен бір жәһіл,
Көңілімде бір зәредей жоқ-дүр ақыл.
Сөзімді оқыған жан ұнатсаңыз,
“Рахмет” деп, мен ғаріпке бір дұға қыл.
Сөйлеуге мұнан артық жетпес күшім,
Қайнайды өлең десе оттай ішім.
Оқыған жан бір дұға қылғыл маған,
Пайғамбар шаһариардың хақы үшін.
Дүниеде көңілімде көп-дүр арман,
Жеткізгей мұратыма, Қадір, Рахман.
Және бір қисса бұған қосайын деп,
Мәселеге қарадым кітаптардан.
Рахман Алла, аша гөр менің бақытым,
Бұрын күміс сөздерге алтын жаптым.
Және тіркеп осыған терейін деп,
Ер Әлидің және бір сөзін қаптым.
Қазірет Әли. Діни дастандар. – Алматы: , 2015. – 362 бет.