
Жаңа елорда іргесіндегі Ақмола облысы Астрахан елді-мекені Жалтыр стансасы маңында «Әулиелер ордасы» деген ескі қорым бар. Оны халық «Тоғыз әулие зираты» деп те атайды. Ол жерге қазақ халқының рухани ағартушылары саналған хазіреттер жерленген. Бұлар – ақиқи сопылар, тасаууф ілімін меңгерген, рухани сырларды терең білген пірлер, ғұлама әулиелер1. Мұнда хазіреттердің әр қайсысы өз шәйх ұстазының жанына жерленуді қалаған. Өйткені «әулиелер жерленген жерге Алланың нұры төгіледі» деген түсінік бар. Түркістандада Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңайындағы хан-сұлтандар мен би-батырлардың жерленуін де осылай түсіндіруге болады. «Әулиелер ордасы» зиратында әйел баласы жерленбеген. Ол жерде тек қажылар және олардың ұрпақтары жатыр. Осы уақытқа дейін біз аталған зиратта сүйегі жатқан қажы-хазіреттердің еңбектерін, шығармаларын таба алмай келдік. «Қуғын-сүргін кезеңде тәркіленген немесе күштеп тартып алынған бір сандық қолжазба өртелген» деген дерек бар. Бірақ ғайыптан сақталып қалған екі дәптердегі қолжазба олардың діни сауаты мен рухани кемелдігін түйсінуге мүмкіндік береді. Жинаққа арқау болып отырған Шонтыбай хазіреттің жиені (қызы Мәдинаның баласы) Ғабдіжәлел (Қабжалел) Садуақасұлы 1900 жылы қазіргі Павлодар облысы Ертіс ауданы Аввакумов селолық кеңесіне қарасты (Сілеті) «Қажылар ауылында» дүниеге келген. Руы – Қыпшақ. Одан → Түгел батыр → Бөсін → Естүр қажы → Мәди қажы, Сейіт молда, Мәлік шешен. Мәліктен → Садуақас → Ғабдіжәлел, Хамза (18 жасында кайтыс болған).
Садуқасұлы Ғабдіжәлел орысша 3 сынып оқыған және арабша, төтеше білген, есепке өте зерек болған деседі. Ұстазы – Зияш молда. Иә, аты ел аузында жүрген Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген Зияш Алдабергенов. Мағжан мен Бейімбеттей ұлт тұлғалары оқыған бұл оқу орны – заманында «жоғары деңгейлі» медресе саналған. Сонымен бірге ол – Ресейдегі түркі мұсылмандарын ағартқан, бір идеяға топтастырған Исмаил Гаспринский ұстанымындағы жәдит оқу орны еді. Профессор Қайыржан Бекхожиннің зерттеуіне «Ғалияны» 154 қазақ шәкірті бітіргені жазылған. З.Алдабергенов – соның бірі. Ал, енді «онымен қатар кім оқыды?» деген сұраққа ғалымдар «Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұсайынов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камалидден Жайсаңов, Ғаббас Қоңқаев, Нұржан Елепов, Хамза Ибрагимов, Мұнарбек Ермектасов, Мырзахмет Қожақанов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрғамбаев, Молдахмет Ержанов, Қапан Ғабдылкереев, Хұсайын Ажаров т.б.» деп жауап береді. Бұлардың бәрі – бір-бір еңселі тұлға. Біз 154-тің ішінен 17-сін бөліп алуымыздағы себеп, дәл осы азаматтар 1913 жылы «Қазақ» газетінің 8, 15 желтоқсандағы санында А.Байтұрсынұлы жазуын қолдап, «Емле хақында» атты мақала жариялаған. Ел арасында жасынан «Зияш молда» (Алдабергенов) атанған ұстаз кейін Алматы қаласында «Социалистік Қазақстан» (бастапқы «Еңбекші қазақ», кейінгі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеген. Бір деректе оны С.Сейфуллин 1924 жылы «Еңбекші қазаққа» тартқаны айтылады. Ол ара-тұра арабшаға ынтасы бар жергілікті тұрғындарға жасырын қосымша сабақ та берген екен. Кейін Көкшетау облысы Қызылту ауданы «Қайрат» кеңшарының «15 жылдық» бөлімшесінде өмір сүріпті. Бұл Сілетіге жақын жер. 1970 жылы 82 жасында қайтқанда сүйегі Жуантөбе биігіне қойылған (Қазіргі Ш.Уәлиханов ауданының жері). Ғабдіжәлел «Бірлік» ұжымшарында қызмет еткен. Біраз жыл астық қоймасын басқарыпты. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, 1944 жылы ауыр жарақаттанып елге оралған. «Бірлік» «Ворошилов» колхозына айналғанда, кооператив дүкенін ұстап, пошта тасумен айналысыпты. 1960 жылы зейнеткерлікке шығып, «балаларым оқысын, қараңғы болып қалмасын» деп, Сілеті кеңшары орталығына қоныс аударған. Ғабдіжәлел Садуқасұлы адал еңбегі үшін әр кезеңде өкімет тарапынан лайықты марапатталыпты. «Ол өте еңбекқор, әңгімешіл, сөзге шешен, ертегі, қиссаларды көп білетін адам еді» дейді көзін көргендер. 1972 жылы пәнидегі дәм-тұзы таусылғанда, ағайын-туысы сүйегін Сілеті жеріне арулап қояды.
Бұл жинаққа Зияш Алдабергенұлы мен Ғабдіжәлел Садуақасұлынан қалған қолжазбалар еніп отыр. Қалың оқырманға алғаш рет «Әулиелер ордасы» зиратында жерленген қажы-хазіреттердің мұрасын ұсыну бұйырды. Бұл діни тұлғалардың барлығы дерлік – Жақып молла ұрпақтары (жинақта «молла» мен «молда» атаулары қатар қолданылады; біз қолжазба лексиконын сол күйінде сақтайық деп және жергілікті халық аузындағы нұсқаға иек артып, көбіне «молла» атауын сол күйінді қалдырдық). Ата-тегін қуалай зерделесек, Жақып молла – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ұрпағы. Әдетте мұндай кісілерді – ашраф, қожа деп жатады.
Оның әкесі Әмин кезінде ноғай ханы болған деседі. Бірақ тұсында бұл кісіге сойқан қастандық жасалады. Хан өлтірілген соң, бар билік оның уәзірінің қолына өтеді. Құзырлы адамдар хан мұрагері – бала Жақыпты Барабин шаһарындағы нағашыларына жеткізіп тастайды (Біз бұл аңызға бергісіз оқиғаны әрі фольклор материалы ретінде, әрі осы күнге жеткен бірден-бір ататек дерегі ретінде оқырманға ұсынғанды артық көрмедік). Мұсылманда «әсілі, ел басқаратын адам пайғамбар нәсілінен болуы керек» деген қағидат бар. Өйткені «Басшы – құрайыш тайпасынан, уәзірі -ансарлардан шықсын!» деген хадис болған. Бір күні Бараба татарлары Алтай қазақтары арқылы Құлан қыпшақ Қошқарбай батырға: «Бізді жоңғар шапқыншылары тұтқындады. Көмек қолын созып, құтқыруларыңызды сұраймыз» деген хабар жеткізеді. Қошекең тілдес-діндес ағайын халықты жоңғарлардан құтқарып алады. Шабуыл кезінде кітап толы сандық тиелген арбадан бір баланы көріп қалып, өзіне әкелуді бұйырады. Анықтаса, бұл бір жетім бала екен. Әрі-бері сұрақ қойып, жай пенде емес екенін түсінеді. Өзі Құранға тілі сынып қалған, арабша жүгіртіп оқи да алады. Батыр оны ойланбастан өзімен бірге ала кетеді. Қошқарбайдың 17 ұлы болған екен. Баламысың деген, ақыл-есі кірмегендер молла баланы жақтырмай, «естек» деп мысқылдап, шеттете бастайды. Сонда шариғат пен дәстүрге сәйкес Жақыпты бала етіп алған батыр: «Кімде-кім Жақыпты менің балам емес десе, Алланың қаһарына ұшырасын! Мен ондайларға теріс батамды беремін!» деп қатаң айтқанда, бәрі тиылады. Жас Жақыпты Қошқарбайдың бәйбішесі бірден жақсы көріп, емірене бауырына басады. Татар бала қазақтан мейірім-шапағат сезініп, толық адам ретінде қалыптасады. Өсе келе Жақып үлкен молла болып шығады. Бала кезінде-ақ кітап ашып, түрлі болжамдар айтып әрі онысы дәл шығып, абыройға бөленеді. Заманында Абылай хан осы Жақып молладан бата алған деседі. Қошқарбай батыр Жақыптың тегі әрі қожа, әрі әмір тұқымынан екенін ескеріп, оны шайқаста қолға түскен Бадамхар деген қалмақ ханының Құмай атты қызына үйлендіреді. Бұлардан туған балалар Қошқарбай батырды бабамыз деп, өздерін «Құлан қыпшақтың Молла тұқымынанбыз» деп таратқан. Қошқарбай батырдың Жақыпты қалай үйлендіргені ел арасында жыр-аңыз болып айтылады. …Қалмаққа қалың қолмен аттанарда Қошекең молла баласына кітап аштырып, жауапты сапарының барысын болжатады екен. Сонда Жақып дәл білгендей: «Әке, жолыңыз болады. Жауыңызды жеңіп мол олжамен ораласыз!» дейтін көрінеді. Бірде ол дәл осылай болжайды да: «Бас олжаңызды маған қиыңыз!» дейді. «Болсын!» депті батыр. Айтса айтқандай, Қошқарбай батыр жауын жеңіп еліне зор олжамен оралады. Қалмақ Бадамхар ханның «ай десе аузы, күн десе көзі бар» сұлу қызы бас олжа болып келіпті. Әуелі оны Қошқарбайдың үлкен баласы тай қазанның астынан тапқандықтан, әкесімен дауласып бергісі келмейді. Бірақ батыр Жақыпқа берген уәдесінде тұрады. Қыздың анасы желмаяға мініп, жеті күндік жерді артта қалдырып, бұлардың соңынан қуып жетіпті. Кейуана бір топ адамның ортасында отырған батырға қаймықпай қарап: «Е, сен Қошқарбай боларсын!» дейді. «Болсақ болармыз!» деп жауап қатады батыр. «Береке берсін даңқыңа, Өлім берсін сиқыңа. Сендер елімізді шапқанда мен ауылда жоқ едім. Батыр, сенен мал-жанға сауға сұрағалы келген жоқпын. Мынау олжалап бара жатқан қызымның киесі бар. Оны өзгеге қор етпе. Еліңе барған соң өзің ал немесе жақсы көретін адамыңа бер. Қызымнан ел тізгінін ұстар жақсы ұрпақ тарайды» дейді қалмақ шеше. Қошқарбай батыр елге келген соң, Жақыптың тілегін, әрі қыздың шешесіне берген уәдесін орындап, оған Құмайды қосады. Айтқанындай, Жақып молла мен қалмақ ханының қызы Құмайдан ел билеген атақты адамдар мен руханиятты көтерген ғұлама-әулиелер көп тарайды. Солардың бірі – Ақмола дуанының соңғы аға сұлтаны – Ыбырай Жайықбай (Ибраһим қажы). Халық ол кісіні қадірлеп, «Бағай-екең» деп атап кеткен. Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістен кейін аға сұлтан Ресей патшасы Николайдың қабылдауында болады. Сонда: «Менің билігімдегі қазақ жері кең. Оны аралап, халықты келісімге шақыру үшін жиырма бес жыл уақыт керек. Сондықтан осы мерізімге мұрша сұраймын!» деп отырып алған деседі. Сөйтіп, өзіне қараған елдің бодандығын 25 жыл кейінге қалдырыпты. Ел басқарудың жаңа жолдарын іздеген аға сұлтан халықтың білімін көтеру мақсатында Омбыдағы Дала генерал-губернаторына хат жазып, рұқсат алып, жер-жерде мектеп, медреселер ашады… 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі, заманында ноқтаға басы сыймаған мерген Кейкі батыр (Нұрмағамбет) Көкембайұлы да – осы Қошқарбай батырдың аталас ұрпағы. Қазақ жерінде құлан қыпшақтардың көшпелі өмірі Кенесары Қасымұлы хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістің соңына дейін созылған. Бостандық сүйгіш сарбаздар осы қиян-кескі күрестің де алдыңғы сапынан көрінді. Кейкінің арғы аталары – Төрешұлы Торайғыр мен Жәукенұлы Сәбденбек – Кенесары көтерілісіне қатысқан жаужүрек батырлар. Кейкі батыр ата-бабаларының Торғайға келу тарихы туралы айтасақ, Кенесары хан өлтірілген соң Ресейдің өкімет билігі оның үзеңгілестерін іздестіріп, шетінен соттай бастады. Кейкі батырдың туыстарын аға сұлтан Ыбырайдың алдына соттауға әкелгенде, Ыбырай сұлтан ашуланған кейіп танытып, қолымен ишара етіп, шариғат бойынша 100 дүре соғуға және Торғай даласына жер аударуға бұйырады. Қолымен көрсеткен ишарасының мағынасы: оларға 100 рет дүре соғу емес, 100 шыбықпен бір рет ұру және қыпшақтар мекендеген Торғайға жөнелту екен. Ол жақтағылар Кейкі батыр туыстарын жылы қабылдап, аман қалуына себепші болады. Аға сұлтан Ыбырай Жайықбай өз халқына көп игі істер жасаған. Кеңес өкіметінің кезінде ол туралы жақсы сөз айтуға тыйым салынса да, халық осы уақытқа дейін «Бағай-екең қажы» деп ілтипатпен еске алғаны ақиқат. «Мұндай танымал қайраткер адамдар неге белгісіз болып қалды?» деген сұрақ туындайды. Мұның объективті және субъективті себебі бар. Ең басты мәселе – «орыстандыру» саясаты мен ру тартысының зардапты салдары.
Қошқарбай батыр қартайған шағында Қасым ханның қаһарына ұшырап, ауылымен бірге өре көтеріліп, орныққан жерінен көшуге мәжбүр болады. Ол Жақып молла ауылына келіп, сол жерде белгісіз жағдайда қайтқан деседі. Жақып молла тағдыры тақтайдай тегіс емес. Сарыарқада зияткерлік-рухани мектеп негізін қалаған оның ұрпақтары да қуғын-сүргінге ұшырады. Олар рухани және материалдық тұрғыда толысқан адамдар болғандықтан, қаймана жұртшылық оларды «указной татар молдалары» немесе «өзбек ишандары» деп күстаналады, тіпті мойындамауға дейін барды. Кеңес өкіметі бұларды өз жағына тартуды ойлап, мешіттерде имам болуына рұқсат етсе де, қарапайым еркіндік бермеді. Ал атеист билікпен келіспегендерін түрлі амалмен құртып отырды. Аса ауыр жылдардағы бұрынғы «указной молдалардың» имани қызметін арнайы зерттеу де маңызды. Кейкі батыр ақ-қызыл айқасқан заманда кез-келген өктемдікке қарсы соғысқаны тарихтан мәлім. Осы үшін де большевиктік өкімет оны аяусыз өлтіріп, тағы (жабайы) заман өнегесімен бас сүйегін Петроградқа алып кетті (Санкт-Петербургтегі антропологиялық қорда – Кунсткамерада сақталып келіп, талай жылғы мемлекетаралық келіссөздерден кейін Қазақстанға 2016 жылы ғана қайтарылды)… Тірі қалған Қошқарбай батыр ұрпақтары бас сауғалап, кім екенін айтудың өзіне қорыққан. «Әулиелер ордасы» жинағына енген материалдардың мазмұнына және мәтініне қарасаңыз, әр түрлі қолдан шыққанын аңғарасыз. Біріншіден, бұл – дерегі аз дәуірдің мәлімет жүгін арқалаған қолжазба кітабы (нақтырақ айтсақ, қазақ «самиздаты»). Екіншіден, қолжазба дәптердегі материалдардың авторы көрсетілген. Бірақ мұны осы мұраның жанкүйерлері хазіреттердің өз аузынан жазып алды ма, кейінірек хатқа түсірді ме – ол жағы да терең зерттеуді қажет етеді. Үшіншіден, біз бүгін «осы қолжазбалардың иесі» деп отырған Ғабдіжәлел Садуақасұлы мен Зияш Алдабергенұлының, сондай-ақ рухани қазынаны сақтап жеткізуші Тұраш Ғабдіжәлелқызының еңбегін (көшіруге қатысу мен сақтауға атсалысу деңгейін) жан-жақты байыптап, баға бергеніміз жөн. Жинаққа мұрасы кірген хазіреттер мен діндар тұлғалар: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Аббас Омарұлы, Батырқожа Басарұлы, Садық Теңізұлы, Сұлтан Еділбайұлы, Мұқаш Түктібайұлы, Құтан Әлібекұлы, Алдажар Бекенұлы, Жанбатыр Жақыпұлы, Мұса Шонаұлы, Бекберген Тілеуімбетұлы, Баймұхаммет Құлыбекұлы, Айдоке Жанқұлұлы, Баттал Жүсіпұлы, Шерияздан Ниязмұхамедұлы, Нұртаза Құдайбергенұлы, Баһауддин Айдаболұлы, Баһреддин хазірет бәйбішесі Халима, Әлмұхамед Толқынбайұлы, Қосмұхамет Кенжекейұлы. Бұл жерде Мәшһүр-Жүсіптен басқасының бәрі – «Әулиелер ордасына» (зираттан гөрі рухани-діни мектепке) жақындар немесе бір ортаның тұлғалары. Шетінен – қажылар мен хазіреттер. Жай уағыз айтқан молдалар емес, сөз ұстаған көсем де шешен молдалар. М.Көпейұлының «Шонтыбай қажы» дастаны – осы кітаптың көшбасшысы және замана қиындығына қарай бүгінге мәліметі аз жеткен тұлғаны деректендіріп тұрған асыл мұра. Мұның сыртында белгісіз бір қыз («Басарұлы Темір биге айтқаны») бен баланың («Би әкесіне айтқаны») мұрасы «ауыз әдебиеті үлгілері» ретінде кірген.
Мұралардың көркемдік деңгейі, поэтикалық қуаты әр түрлі. Ішінде шымыр өлеңдер де бар. Мысалы:
Ағарды шашымыз бен сақалымыз,
Көзде – жас, көкіректе қапалымыз.
Нәрсе жоқ ішімізде іске жарар,
Әдемі сыртымызда шапанымыз.
Немесе:
Қанағатсыз қу нәпсім,
Тұтпайсың Хақтың бұйрығын,
Мінем дейсін жүйрік ат,
Талдап бір өріп құйрығын.
Алсам дейсің біреудің, Жорғасы мен жүйрігін.
Күнделікті өмірдің кәдімгі ағымы сынды қарапайым өлеңдер де аз емес. Бірақ оның өзінде ислами тәлім, адами тәжірибе байқалып тұрады:
Біздің қазақ қашады пір дегенде, «Тәуба ғып біздің жолға кір» дегенде. Есітіп шайтан малғұн қуанады, Пәленше пірсіз солай жүр дегенге.
Пайғамбар мен халифалар өмірінен алынған оқиғалар мен тағылымдарды арқау еткен және өлең үйлесімін басшылыққа алуды қажет деп таппаған жай діни ақпараттық деңгейдегі туындылар да ұшырасады. Бірақ, қалай десек те, мұның бәрі – сол дәуірдің сөзі, ойы, толғамы, тебіренісі, арманы, мұңы, мұраты. Мәселен, жыр деуден гөрі «діни трактат» сарыны деуге жақын мына шумақтарға назар салыңызшы:
Әлфақру фаһри деген әз-Хазірет, Науазиғи сақи болмақ әннан мұрат. Байды артық, фақырлерді қор тұтпа деп, Бұл хадис үммәтларға бір ғибрат.
Оқыған жұрттың бәрі молла болмас, Ақылды оңға басар, сол да болмас. Мән ташәббәһә биқаумин фәһуә минһу, Батыл мазхаб адаммен болма жолдас.
Мұнда Пайғамбар хадистерінің қағидат-тұжырымы ғана емес, дін-исламның әрі ұстыны, әрі тетігі секілді ұғымдар, тұжырымдар, пікірлер тұнып тұр. Ал, ең басты түйін: «Оқыған жұрттың бәрі молда болмас!». Бұл қазақтың – «Алла бермегенді адам бермейді» деген мәтелінің түсіндірмесі секілді. Яғни оқу – бір басқа, тоқу – бір басқа. Терең сезіміңмен қабылдап, қалыбыңмен-жүрегіңмен сіңіріп, парасат-білігіңмен қорытсаң, оқуың нәтиже бермек. Хазірет-қажылар мұрасының тақырыбы бірыңғай дін мәселесі ғана емес. Мұнда заман мен өмірдің шым-шытырық сәттері де көрініс тапқан. Айталық:
Кей адам кәсібі жоқ, жүрер босқа,
Арада сөз жүргізер тату досқа.
Өзінің қой-қозылық ұрлығы бар,
Шығып жүр күнде сондай шошқа.
Ұлықтың пара болды қаражаты,
Нашарға толып жатыр қиянаты.
Айтады билер билік пұлға қарап,
О дағы ақырзаман әламаты.
Жаманның айнасына қарай отырып, жақсыны көру немесе тіршіліктің ащы сабағына айнымас мыңжылдық парасат мұнарасынан қарау – діндарлар жырының арқауы. «Шонтыбай қажы» дастаны енген М.-Ж.Көпейұлының 20 томдығының 3-томы түсініктемесінде мынандай керемет дерек бар: «Сарыарқадан бір замандарда қазақ халқы қажыға көп барған. Сонда ғарафада айтуға ауыз бармайтын жаман жұқпалы дерт киіп кетіп, қажылар көп қырғын тапқан. Сонда Қыпшақ Молда баласынан Омар Ыбырайұлы өз үйінде ажалынан өлген. Шонтыбай қажы қырғыннан аман келіп, Омар орнына бата қыла келгенде, Батырқожа қажының үйінде Мәшһүр Жүсіп қағазға жазып алып сөйлегенде, естіген жандар су болып еріп кетті. Шонтыбай қажы екі-ақ сөзге шамасы келді. Бірі: «Шырағым-ай, сонда менің қасымда бірге жүріп пе едің?!» дейді. Бірі: «Тоғыз барған біз осының бірде-бірін білмейміз, қайдан бәрін жаттап, оқып-тоқып жүргенсің?» деп, риза болып, батасын һәм нағам хәсәнін зор берді. Сонан соң-ақ Мәшһүр сөзі дәуірлеп көтеріле берді. Сонда Мәшһүр отыз бес жасында қара атпен жалғыз Бұхара, Ташкентке бет алып бара жатқан жолы еді. Хазірет сопы Аллажардың үш жол сөзімен бес жыл жүріп, аман-есен, ырғап-жырғап үйіне қайтып келіп түскен…» (Даярлаған Мәшекең ұрпағы бұл мәліметті «1171-папкадан алынды» деп көрсетеді. 367-бет).
Байқасаңыздар, бізде ғұламаны тану мен табудың, бағалау мен бағамдаудың, түсіну мен түйсінудің, ардақтау мен асқақтатудың өзіндік жөн-жобасы болған. Бұл жинақ соны да бір еске салады. Қазір біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жер мен киелі орындарды жиі айтып, мән бере бастадық. Ал, енді белгілі бір жерді де, тіпті қорымды да қасиетті етіп отырған – өз заманында рух азаттығы мен руханият жауапкершілігі үшін күрескен тұлғалар. Нақты жағдайда сүйегі «Әулиелер ордасы» қорымында байыздаған Жақып молла айналасындағы жақын-жуық хазіреттер, діндарлар осының дәлелі. Аталған рухани орданың бір шеті – Мұхаммед пайғамбар жұрағатына, екінші шеті – ноғайлы хандары мен Еділ-Бұлғар ақсүйектеріне, үшінші шеті – даңқты Құлан қыпшақ Қошқарбай батырға, төртінші шеті – әйгілі Шонтыбай қажы мен аға сұлтан Ыбырай Жайықбай сынды ірі тұлғаларға барып тіреледі. Тарих қайнауы, тағдыр серпілісі, рух намысы, дін тазалығы – Сарыарқаның бір пұшпағын жайлаған қазақ әулие-пірлерінің жауапкершілігін шегелеп, білігін жария етті. «Әулиелер ордасы» мұрасы – соның айғағы, соның айнасы.
Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА академигі Кеңшілік Тиышхан, дінтану профессоры
Әулиелер ордасы: әдеби-танымдық мұра / Жауап ред. Д. Қамзабекұлы; түсініктерін жазған К. Тиышхан, арабша мәтінді саралаған М.Смағұлов. – Нұр-Сұлтан: «Астана полиграфия» баспасы, 2019. – 322 б.





