Насаб-нама

Насаб – нама нұсқалары не дейді?

2021 жылы ақпан айында Қазақстанның барлық дерлік ақпарат құралдары өзбектің Наманган қаласынан Қожа Ахмет Ясауи шежіресі мен мөрі табылғанын күллі әлемге жар салып, жариялады. Ислам әлеміне әйгілі он бір шайыһтың есімі жазылған құнды мұраларды Ясауидің ұрпағы Ибраһимжан Шарифхужаев қажы сақтап келген. 98 жастағы ғалым баба мұрасын туған жеріне қайтаруды армандайтынын айтты.

«Насабнама» яғни, Ясауи әулетінің шежіресі көне шағатай тілінде жазылған. Қожа молдаларды қудалау кезінде 1933 жылы Өзбекстанның Наманган облысына көшіп кеткен қария содан бері, тұтас қазаққа тиесілі осы мұраны туған жерге жеткізуді парыз санапты.

Біз енді «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии» деген кітапта жарияланған «Насабнама» жайындағы деректерді аударып, назарға ұсынамыз.

Насаб-нама

«Насаб-нама» – қожалар әулетінің шежіресі. Ол өз ішінде әр әулеттің жеке шежіресі болып жіктеледі және негізінен аққорғандық, хорасандық және дуана қожалардың шығу тегін өрбітеді. «Насаб-нәма» нұсқаларының қай ғасырда жазылғаны белгісіз. Тек аққорғандықтардың шежіресінде ғана «Насабнама» алғаш араб тілінде жазылып, оны 1244 жылы Қожа Ахмет Йасауидің ағасы Садыр шейхтің немересі Маулана Сафи әд-Дин Орын Қойлақи түркі тіліне аударғаны жазылған. «Насабнама»-ның екінші нұсқасының авторы немесе құрастырушысы Ысқақ Қожа ибн Исмаил Ата Қазғұрди. Ол өзінің «Хидиқат ал-арафин» атты шығармасының соңына «Дуана қожалар» немесе «Беглер» тобының шежіресін қосқан. Басқа «Насаб-нәма» нұсқаларында мұндай мәліметтер кездеспейді. «Насаб-нәма» нұсқалары бір-бірінен өздерінің таралу аймағына қарай, ондағы айтылған тарихи оқиғалардың баяндалуымен, жер-су аттары көбірек аталуымен ерекшеленеді. «Насаб-нәма» нұсқаларының жалпы құрлымдық жүйесі мен тарихи мағлұматтар жиынтығын былайша топтастыруға болады:

1) Түркістан жеріне ислам дінін таратушылардың бұған дейінгі қызметі;

2) Әулие Атаның (Сатұқ Бұғра Қара хан) Қарахан мемлекетін құрудағы күресі; Қарахан әулетінен шыққан хандардың Шыңғыс хан шапқыншылығына дейінгі билігі;

3) Ысқақ бабтың Сайрам, Сулхан, Қарғалы қалаларының халқын ислам дініне кіргізуі, Қожа Ахмет Иасауи жайлы деректер;

4) Әбдіжәлил бабтың Сырдың төмен ағысындағы дін жолындағы күресі;

5) Үш бабтан тараған әулеттер шежіресі;

6) Ысқақ Бабтың уақфтық жер, суларының тізбесі.

XIX ғасырларда Оңтүстік Қазақстан жерін Қоқан хандығының басып алуына байланысты, қоқан билеушілері ыңғайына қарай жазылған «Насаб-нәма» нұсқаларының жаңа редакциялары пайда болды. Осы кезеңде қоқандықтар билігін қолдаған бұрын Иасауи тариқатында болмаған әзлер тобы, нақыб тобы, шейх тобы атты қожалар шықты. Бұл топтар қоқан хандарының биліктерін заңдастыру үшін өз шежірелерін Қарахан қожалар әулетімен байланыстырмақ болды. «Насаб-нәма» нұсқалары ғасырлар бойына заңды құжат ретінде мойындалып, хандар мен қазылардың, басқа да лауазымды кісілердің мөрлерімен куәландырылып келді. Кейбір қолжазбаларға жалған мөрлердің басылғандығы анықталды. Бұл тарихи шежіреде Қожа Ахмет Йасауи тариқатының таралу аймақтары, силсилалары және Йасауи тариқатына арнайы бөлінген уақфтық жерлер туралы да мәліметтер бар. Онда көптеген жер-су аттары (Қашқар, Ферғана, Өзгенд, Алмалық, Бозбалық, Йасы, Отырар, Исфиджаб, Шаш, Үргеніш, т.б.), осы аймақтарды билеген хандардың есімдері кездеседі. «Насаб-нәма» нұсқаларының VII-XIII ғасырлардағы Орталық Азия, Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Түркістан өңіріндегі тарихи оқиғалар мен рухани үрдістер жайлы мәліметтер беретін тарихи шығарма ретінде маңызы зор.

***

Орталық Азияның мұсылман халықтары (қазақтар, қарақалпақтар, қырғыздар, тәжіктер, түрікмендер, өзбектер мен ұйғырлар) құрамының бір бөлігі өзінің әлеуметтік ортасы, шығу тегі жағынан жұрттың қалған бұқарасынан ерекшеленіп тұрады. Оның барынша жинақталған атауы – ақсүйек. Ол әдетте өзін негізгі халық – қарашадан жоғары санайды. Мұндай таңдаулы, мәртебелі әулет әрқилы болып келеді, олар нашар зерттелген. Бұларды қожа, сайид, төре, шах, әмір-зада, худаванд-зада, ишан, мағзұм, ата және басқаша атауға болады. Бұл әулет тектерін Мұхаммед пайғамбардың (632 ж. қайтыс болған), оның ізбасарлары мен жергілікті әулиелердің өздерінен таратады. Осылай өздерін «таңдаулыға» жатқызып алып, соған қарамастан, ата-бабаларының нақты ататын атап көрсетіп, қай топқа кіретінін айтып бере алмайтын адамдар да аз емес. Мұндай үрдіс сословие ұмыт қалғандай болған кеңес өкіметі жылдарында күрт күшейіп кетті. Алайда, әулеттердің көпшілігі өз сана-сезімдерін, реликвияларын (жазба мәнбелер, материалдық артефактілер) және ауызша жүргізілетін дәстүрлерін сақтап қалды.

«Тектілер» әулеті «ортаазиялық арабтар» тобынан тұрмыста араб тілін қолдануда өз ата-бабаларының тілін шын мәнінде мүлде білмейтіндіктерімен ерекшеленіп тұрады.

Рулық-тайпалық құрылымдары жақсы сақталған, қандай руға жататынына байланысты жеке тұлғаның социумдағы орны айқындалып тұратын көшпелі халықтар ортасында ақсүйектердің беделі айрықша айқындалып көрінеді. Тап осындай қоғамдық психология Орталық Азияда көшпенділердің ұзақ уақыт үстемдік құруы барысында ақсүйектерге дербес руларға, тайпаларға топтасып, өздерінің артықшылық жағдайларын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Атап өтуіміз керек, рулық-тайпалық құрылым көшпенді түріктердің ассимилияциясына ұшыраған тұрақты этникалық және діни топтардың жеке тайпалық құрылымдарға бөлінуі арқылы өз сана-салттары мен мәдени дәстүрлерін сақтау қалуларына қолайлы ахуал туғызды. Мысалы, қазақтар арасында «үш жүздің құрамына кірмейтін» жекелеген тайпалардың бар екені белгілі. Қазақтың ауызша генеалогиясының білгірлері олардың қатарына көп жағдайда мына 15 тайпаны кіргізеді: қожа, төре, сунақ, көлеген, төлеңгіт, қараша, құрама, қалпақ, қырғызәлі, ноғай-қазақ, шала-қазақ, қатаған, қотан, қарақойлы, созақ. Бұлардың қатарында қазақ қоғамындағы айрықша статус – ақсүйек атағын көбіне-көп төре мен қожа ие болады. Олардың қазақ рулары арасындағы құқықтары мен артықшылықтары әдеттегі құқық нормаларымен қорғалған. «Жеті жарғыдағы» әдеттегі нормаларға сәйкес, әдеттегі құқыққа сәйкес, хан немесе сұлтан болып табылатын төрені және әлдеқандай бір рудың (елдің) пірі болып табылатын қожаны өлтіргені үшін кісі өлтірушінің туыстарына қарапайым адамды өлтіруге қарағанда, жеті есе көп айып пұл салынады. Қатардағы төрені немесе қожаны өлтіргендер екі есе көп құн төлейді.

Дәстүрлі көшпенділер қоғамында төре – жоғары зайырлы биліктегі, қожалар рухани биліктегі құқықтары үшін мойындалды. Осыған байланысты мынадай сұрақ туады: қожа құбылысы қаншалықты дәстүрлі, олар қашан қалыптаса бастады және бұл процестердің ошағы қайда? Жүргізілген зерттеулер аталмыш құбылыстың түрікмендер мен қазақтар арасында кеңге жайылғанын көрсетті. Негізгі бұқарасы тек XVI ғасырда ғана Еренқабырға тауларында көшіп жүрген қырғыздарға керісінше ол мүлде дерлік белгісіз болып шықты. Қарақалпақтар мен қазақтарда қожа атауының бірдейлігіне қарап, қарақалпақтардың бұл құбылысты Сырдария бойындағы аудандарда болған кездерінде қабыл алғандарын және мұның тамыры тереңде жатқан аймақтық ерекшелік екенін пайымдауға болады.

Қазақтардың діни тарихында қожалардың алатын орны айрықша екенін, мысалы, белгілі ақын Абайдың (1904 ж. қайтыс болған) әкесі Құнанбай Өскенбаевтың (1885 ж. қайтыс болған) Меккеге қажылыққа барған сапары барысында (1879 ж) қала шерифімен кездесуі кезінде өз халқы туралы айтқан: «Тіріміздің билігі – төреде, өліміздің билігі – қожада» деген сөзі анық аңғартады.

Егер жүздер құрамына кірмеген қазақтардың жалпы саны шамамен 300 мың деп есептелсе, қазақ қазақ қожалары төремен және сунақпен қосқанда, 40 мың адам болады.

Қазақ генеалогиясының білгірлері қазақ қожаларының мынадай барлығы 17 ірі руы бар екенін атайды: аққорған, ақ-қожа, бақсайыс, хорасан, дуана, сейіт, қылышты, сабылт, қылауыз, жүсіп-қожа, қарахан, керейіт, шәріп-қожа, қырық-садақ, түрікпен-қожа, сунақ және смайл-қожа. Бұлардың ішіндегі 12-сі өздерін Мұхаммед ибн әл-Ханафийаның (81/700-01 ж. қайтыс болған) ұрпақтары санайды.

Қазақ қожаларының арасында олардың руларының шығуы туралы және бұл рудың Орталық Азияға қалай қоныс аударғаны туралы киелі тарих (Насаб-нәма) бар. Ол ішінара сондай-ақ өзбектер, ұйғырлар, қарақалпақтар қожалары мен түрікмендер әуладтары арасында да кездеседі.

Орталық Азия территориясында осы қастерлі тарихтың бар екеніне алғашқылардың бірі болып Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің мүшелері назар аударып, Қарахан шежіресінің көптеген нұсқаларының бірін тапты. Бізге зерттеулеріміз барысында Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивінен «Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің» жоғарыда аталған басылымға негіз болған әңгіменің түпнұсқасы тұрған И-71 қорын кезіктірудің орайы келді. Осы тізімді аталмыш кітапта жарияланған алты мәтінмен салыстырып қарағанда, Абд әл-Әзиза ибн Кәтта-қожаның (XIII/XIX ғ) авторлық етуімен жазылған «Насаб-нәма-йи манзума» шығармасындағы әңгімені, шамасы, Ораз-Мұхаммед деген біреудің түркі тіліне аударғанда, қысқартып жібергені байқалады. Алайда, ресейлік өлкетанушылар бастаған киелі тарихтың ғажайып мәтіндері мен культті жерлерді зерттеуге байланысты жұмыстар көп ұзамай тоқтап қалды. Бұл процесс, шамасы, Орталық Азияда беделді жазба мәнбелер негізінде жүргізілген мұсылман тарихын зерттеу ісіндегі атышулы табыстарға тікелей байланысты болса керек. Шын мәнінде бұл нарративті, яғни дәлелмен баяндалған мәнбелер Орталық Азияны исламдандыру жөнінде бұрыннан қалыптасқан тұжырымдар мен суреттеліп келген сакралды әңгімелермен оншалықты үйлесе бермейтін, көп жағдайда тіпті оларды үзілді-кесілді жоққа шығаатын нақты тарихи құжаттар еді.

Осылайша кенеттен ұмыт қалдырылып, алаңсыз жабылып қалған, үнсіздік құшағын көмкерген, кеңестік көсемдерге жақпай қалған бұл тақырыпты кенет америкалық зерттеуші Дэвин ДиУис қайта көтерді. Осылайша өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Орта  Азияға деген қызығушылық қайта жаңғыра бастаған кезде ғалымдар «Насаб-нәма» атты шежірелер кітабына назар аударды. Осының нәтижесінде тарихты зерттеуге қызығушылар, негізінен шығыстанушылар аталмыш жинақтың бұрын ғылыми ортаға белгісіз болып жаңа варианттарын тапты. Олардың бірқатары сол бойда өз факсимилелерімен бірге, біреулері кирилл әріптеріне көшірілген аударма нұсқалары бойынша мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. Алайда, мұндай жарияланымдарда түпнұсқалық сыни түсіндірмелерге орын берілген жоқ, тізімнің кодикологиялық (жазба мұраларды зерттейтін ғылым) суреттемесі жасалмады, қазіргі заманғы түркі (қазақ, өзбек) тілдеріне аудару барысында мәтіндерді ретсіз қысқартып жіберу, кейбір өздеріне түсініксіз көрінген жерлерін айналып өту немесе түпнұсқаны дұрыс түсінбей тәржімалау секілді ортақ өрескел кемшіліктер көптеп кездесті.

Зерттеушілердің пікірінше, «Насаб-нәманы» қазіргі заманғы түрік тіліне аударған түрік зерттеушісі Кемал Эраслан да сыни мәтінді салыстырып отырып бермей, осындай күмәнділеу жеңіл жолмен кетіп қалған. Ол түрікше аудармаға «негіз» ретінде алған төрт фотокөшірменің екеуі мәтінінің (C мен D, 139-144 б) «Насаб-нәмаға» ешқандай қатысы жоқ. Ал «В» (123-137 б) көшірмесін Қазақстандағы түпнұсқасымен салыстырып көргенде, оның ақаулы екені айғақталды: мұнда бар 355 жолдың тек 287-сі ғана көрінетін болып шықты.

Біздің далалық зерттеу жұмыстарымыз «Насаб-нәманың» ғылыми есепке кірмеген нұсқалары өте көп екенін көрсетті. Мәселен, біздің іздестіру 1988 жылы жүргізілген нақты жұмыстарымыздың барысында оның барлығы 33 қолжазбасы бар екені анықталды, оның ішінде екі нұсқада бір мәтін жазылған. Бұлардың 10-ы 2000-2001 жылдары Қазақстанның Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл, Өзбекстанның Ташкент облыстарының алыстағы аудандарына жасалған алты экспедицияның кезінде табылды. Сол кезде біркелкі мәтіннің 2-3 адамның қолынан шыққан мезеттері де кездесті, сонда олардың әрбірі өзінің дүниесін түпнұсқа ретінде көрсетпекші болған. Сондықтан экспедициялардың барысында шежіре нұсқаларын ұстап отырған кісілермен сұрақ-жауап түріндегі сұхбаттар жүргізілген. Жалпы, 33 нұсқаның бесеуі мемлекеттік қорлардан табылса, қалған 28-і жеке жинаушылар мұраларынан алынды.

***

Бұл тізімдерді камералық өңдеуден өткізу барысында біз қастерлі тарихтың алты редакциясын екшелеп алдық. Одан әрі зерттеудің мәнбе базасын кеңейту мақсатында олардың әрбірінің мәтінін орыс тіліне аударып алу жөнінде шешім қабылданды. Тоғыз қолжазбада ұсыныға он тізім бойынша алты тіректі мәтін даярланды.

«Насаб-нәманың» төрт нұсқасы – түркі тілінде, екеуі – парсы тілінде жазылған. Түркі тілді төрт нұсқада олардың құрастырылған уақыты 14 раджаб, 680/1281 ж., 29 қазан («Қайалық» редакциясы – «Тарих-нәма») және 690/1291 ж. (Васийат-нама-ий Сафи ад-дин Орын-Құйлақи) деп көрсетілген. Мәтіндердегі мәліметтерге қарап, біз олардың  қағазға жазып түсірілулерінің әртүрлі өңірлерде жүзеге асқанын білеміз. Бұларға қожалардың Қара-Асман, Арқұқ, Қайалық, Орын-Қайалық және Тұрбат (қожа Исмаил-ата) атты кландары қатысқан. Олардың бәрі, біріншіден, әртүрлі редакцияларда өз руларын қасиетті аңыздардың геройлары етіп айрықша атап көрсетуге, екінші жағынан, өздерін Йасауи – Қожа Ахмет Йасауи (562/1166-67 ж. өлген) эпонимімен туыс етіп көрсетуге мүдделі топтар мен кландар.

«Насаб-нәманың» мәтінінде сондай-ақ Әмір Темір (771-807/1370-1405), Мұхаммед Шайбани-хан (906-916/1500-1510), Абдаллах-хан (991-1006/1583-1598) және басқа әртүрлі монархтар генеалогиялық құжаттарымен (бұл мәтіндерден олардың бұрынғы «әділетсіз» билеушілер екендері жазылған «жаңалықтар» алынып тасталған) еске түсіріліп өтеді. Алайда, «Насаб-нәмаға» жүргізілген кодикологиялық зерттеу бұлардың көпшілігінің XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жасалғандарын айғақтап беріп отыр. Ал бұдан гөрі ертеректе басылған құжаттарға (Тимуридтер: 771-913/1370-1507; Шайбанидтер: 906-1007/1500-1599) келсек, олар жалған, жасанды жазбалар болып табылады.

Осылардан көрініп тұрғанындай, қасиетті тарих күрделі мәнбе болып табылады. Шын мәнінде қастерлі аңыздардың арқауын өзгертіп, оны «жүзгізіп» қою олар алғаш пайда болған кезден бері қарай болып жатқан әртүрлі кең ауқымды геосаяси жағдайларға қарай үздіксіз жалғасып келген. Тап осындай кезең, мәселен, XIX ғасырда Түркістан үшін Қоқанд хандығы мен Бұхара маңғыттарының таласы басталғанда туған. Парсы тіліндегі екі нұсқа дәл осы тұста жазылған. Бұлардың біріншісі – «Тарджуми-йи насәб-нама» (Ташкент нұсқасы) орыс әскерлерінің 1282/1865 ж. Ташкентті жаулап алулары кезінде қарсылық күресін ұйымдастырған белгілі қарахан қожа Әбу-л-Қасым ишанның (1892 ж. өлген) ұрпақтары болып шықты. Екіншісі – «Насаб-нәманың» парсы тілінде жазылған өлең түріндегі нұсқасы («Насаб-нәма-йи манзума», оның Қоқандқа жақын жердегі Биш-Ариқта тұрған Абд әл-Азиз-қожа ибн Кәтта-қожаның қаламынан туғаны анықтап алудың орайы келді. «Насаб-нәманың» парсы тіліндегі бұл нұсқалары өздері жаулап алған көшпенділерге қожаның барлық кландарының ықпалын пайдаланбақшы болған Қоқанд хандығының (1213-1293/1798-1876) саясаты аспектілеріден аз зерттелген жақтарына үңілуге мүмкіндік берер еді.

Қоқанд хандығының аймақтағы өз позицияларын нығайта түсу жоспарында ықпалы күшті кландар мен жергілікті қожалардың беделін пайдалану болды. Хандар осындай саяси ойларын табысты жүзеге асыру мақсатында ықпалды тұлғаларға мүліктік және сословиелік артықшылықтар беріп қойды. Мұның бір саласы ретінде өздерінің ататектерін қайта жазып, заңдастырып алу мүмкіндігі жасалды. Хандық сосын олардың бәріне өз мөрін басып берді. Алайда, сол кезде мұндай әрекеттерге қарсы оппоненттер де табылды. Олар бұған қарсы іс ретінде шежіренің өздері жасаған нұсқаларын таратты. Бұлай қолдан жасалған шежірелер тіпті бұрын өтіп кеткен хандардың өзінің мөрлерін бастырып алып жатты. Осыдан келіп, шежіренің көптеген жаңа нұсқалары пайда болып, олардың саны қаптап кетті.

Авторлары – Әшірбек Муминов, Зікірия Жандарбек

 Мәтінге кіріспе

Қожалардың «Хадиқат әл-арифин» жазбасына жалғанған «Насаб-нәма» атты үлкен құжаттар тобы мазмұнының ерекшелігі, оның біз «Васийат-нәма-йи Мауләнә Сафи ад-дин Орын-Құйлақи» деген шартты ат қойған бір бөлімі болып табылады. Бұл мәтінді құрастырушының өзі ата-бабалары вакфке айналдырып кеткен жер туралы ақпармен бірге ұрпақтарына жазбаша өсиет қалдыру мақсатын көздеген. Осы фактіден шығара отырып, аталмыш мәтінді «Вакф-нәма» деп те атауға болады. Автор бұл бөлімде, біріншіден, киелі тарихты арабшадан түркі тіліне аударған XIII ғ. соңында өмір сүрген Мауләнә Сафи ад-дин Орын-құйлақи екенін, екіншіден, Мауләнә Сафи ад-дин Урунг-құйлақи ұрпақтарының Ысқақ-баб пен Қожа Ахмет Йасауидің заңды және бірден-бір мұрагерлері болып табылатынын айтады.

Көптеген тізімдер сондай-ақ өзіне «Насаб-нәма» мен «Васийат-нәманы» (бұл бөлімде олар қосымша мақсатта – орысша аудармаға түсіндірме ретінде берілген) қосып алған. Алайда, тек «Васийат-нәма-йи Мауләнә Сафи ад-дин Орын-құйлақи» ғана өзінше жеке мәтінді ұстап тұр.

 

1.1. Мұсахан Әбутәліповтің жеке жинағының қолжазбасы

Қолжазбаның егесі Әбутәліпов Мұсахан Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Аққорған (бұрынғы – «Түгіскен») ауылында тұрған. Қожаның аққорған руы тарихының және қазіргі заманғы ахуалының білгірі Мұсахан Әбутәліповтің дерегінше, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Ташкент облыстарының территориясында аққорған руының 951 отбасысы тұрады. Оның өзі осы рудың алшын, тама, адай, қоңырат деген қазақ тайпалары өкілдерін пір тұтқан қара-шайық тармағына жатады.

1.3. Қуандық Сәруаровтың жеке жинағының №1қолжазбасы

Қолжазба егесі – Жаңақорған ауданының бұрынғы «Түгіскен» совхозында (бүгінде – Аққорған ауылы) тұрған Қуандық Сәруаров.

1.4. Полат-қажы Мәменовтің жеке жинағының №1 қолжазбасы

Түпнұсқаның егесі – Полат-қажы Мәменов (Маманов, 1932 ж. туған, қожаның аққорған руының құсайын-шайық тармағы) Түркістан қаласында тұрады.

1.6. Балтабай Омарович Атаджановтың жеке жинағының қолжазбасы

Құжат егесі – қожаның нақып руынан – Сүлеймен Уәлидің ұрпағы, Түркістан қаласында тұрады.

1.8. Абдулла Абдулваххабович Йулдашевтің жеке жинағының қолжазбасы

Қолжазбаның егесі – 1946 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны тек өз әкесі Абдулваххаб пен атасы Йулдаштың ғана аттарын біледі.

1.9. Абд әл-Қадир Сыздықовтың жеке жинағының №1 қолжазбасы

 1.10. Бахадыр Сапиевтің жеке жинағының қолжазбасы

Қолжазба егесі – Бахадыр Сапиев, 1947 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының .Жүйнек ауылында тұрады. Қолжазбаны атасы Мұхаммед-Нәби әкесінің бауыры Байқажыдан алған.

I мәтіннің аудармасы

Алла Тағала бірінші Адамды жаратты. Оның ұлы – Шис, оның ұлы – Ануш, оның ұлы – Қайнан, оның ұлы – Махлайл, оның ұлы – Барда, оның ұлы – Ахнух, оның ұлы – Мүтүшлах, оның ұлы – әл-Мәлік, оның ұлы – Хәзіреті Нұх, оның ұлы – Сам, оның ұлы – Арфахшад, оның ұлы – Шалух, оның ұлы – Әмір, оның ұлы – Фаниғ, оның ұлы – Арғұн, оның ұлы – Сәри, оның ұлы –Сәхур, оның ұлы – Тарух, оның ұлы – Әзар, оның ұлы – Хәзіреті Ибрахим, оның ұлы – Хәзіреті Исмаил, оның ұлы – Қайдар, оның ұлы – Сәбит, оның ұлы – әл-Йаса, оның ұлы – Үр, оның ұлы – Үд, оның ұлы – Әднән, оның ұлы – Мәадд, оның ұлы – Низәр, оның ұлы – Мудар, оның ұлы – Ілияс, оның ұлы – Мүдрика, оның ұлы – Хұзәйма, оның ұлы – Кинәна, оның ұлы – Нәдір, оның ұлы – Мәлік, оның ұлы – Фихр, оның ұлы – Ғәлиб, оның ұлы – Луайй, оның ұлы – Кәб, оның ұлы – Мүрра, оның ұлы – Киләб, оның ұлы – Құсайи, оның ұлы – Абд Манәф, оның ұлы – Хәшим, оның ұлы – Абд әл-Мүттәліб, оның ұлы – Әбу Тәліб, оның ұлы – Хәзіреті Әли Мұртаза.

Оның ұлы – Имам Мұхаммед-и Ханафийиа, оның ұлы – Абд әл-Фаттах, оның ұлы – Абд әл-Жабба, оның ұлы – Абд әл-Қаххар, оның ұлы – Абд ар-Рахман-баб, оның ұлы – Исхақ-баб – оған Алланың шапағаты болсын!

Ол (Исхақ-баб) қажылыққа барды. Қажылық жасап, Қағбаға беттеді. Ол жақтан қайтып оралып, Сайрамда негізін өз қолымен қалап, Чуб мешітін салды. (Бұған) ол 3500 (динар) алтын ақша жаратты. Исхақ-баб 120 жыл өмір сүрді. (Оның) 90 жылында ол Қыдырмен сөйлесті – оған бейбітшілік болсын! 30 жыл бойы кәпірлерге қарсы қасиетті соғыс жүргізді. Тағы Исхақ-баб бір өзі үш мың батыр сарбазға қарсы тұра алатын еді. Тағы оның темір сауытының салмағы он батман, ал күрзісінің салмағы 24 батман болды.

Исхақ-бабтың ұлы – оған Алланың рахымы болсын! – Харун-шайх. Оның ұлы – Мумин-шайх. Оның ұлы – Мұса-шайх. Оның ұлы – Усман-шайх. Оның ұлы – Мұхаммед-шайх. Оның ұлы – Ифтихар-шайх. Оның ұлы – Махмуд-шайх. Оның ұлы – Ілияс-шайх. Оның ұлы – Ибрахим-шайх. Ибрахим-шайхтың екі ұлы болды: оның бірін Ахмад-хаджа деп, екіншісін Садр-шайх деп атады. Садр-шайхтың екі ұлы болды: біреуінің аты – Абд әл-Мәлік, екіншісінің аты – Данишманд-қожа, оның лақаб аты Орын-қойлақы еді. Оның ұлы Мауләна Сайф ад-дин Орын-қойлақы болды. Абд әл-Мәліктің ұлының аты – Абдал Әли – оған Алланың разылығы болсын!

Шайх Ахмет Йасауидің қадір-қасиеті

Қожа Ахмет Йасауидің әкесі – Ибрахим шайх. Оның өзіне 15 жыл оңаша (қилуетте) қызмет еткен (аты бойынша) Мұса-қожа деген серіктесі болды. Ибрахим шайх Қыдырдың  – оған бейбітшілік болсын – нұсқауымен Мұса-қожаға Йасы еліндегі сүфрәні (сүфрә – өкімет, билік. – Анықтама біздікі) ұстауға рұқсат етті. Ол Йасы елінде 43 жыл сүфрә ұстады және 40 жылдан аса Қыдырмен – оған бейбітшілік болсын – әңгімелесті. Сол уақытта Йасауи Қожа Ахмет 20 жаста болып еді. Ата [Қыдыр] айтты:

– О, Қожа Ахмет Йасауи, бер маған қолыңды! – деді.

Қожа Ахмет Йасауи оған өзінің қолын берді. Қыдыр-ата оның қолын ұстап тұрып, былай деді:

– Сіздің өміріңіз 120 жылға созылады, сіз өзіңіз соңыңызға есепсіз ізбасарлар (мүридтер) ерген ұлы шайх боласыз.

Шайх Ахмет Йасауи – оған Алланың шапағаты болсын! – Сайрам облысынан келіп, Йасы елінде 100 жыл ақылшы-ұстаз (шайх) болды. Шайх Ахмет Йасауи – оған Алланың мейірімі болсын! – таңғы намаздың бірінші бөлігін (сунна) Йасыда атқарып, ал екінші бөлігін (фарз) Қағбада орындады. Тағы да жұмалық намазын Йасыда жасап, (сонымен бір мезгілде) Қыдырмен бірге – оған бейбітшілік болсын! – Қағба мен Сайрамда оқыды. Сол сияқты мерекелік намазда да бірге болды.

Бұдан әрі, [оған] Суфи Мұхаммед Данишманд Зарнуқи келді. Ол Ахмет-қожа-атада, қилует орындап, 40 жыл қызмет етуге қалды. Бұдан соңыра Шайх Ахмет Йасауи былай деп, Суфи Мұхаммед Данишмандқа рұқсат берді:

– Отырарға барда да, [онда] сүфрә ұста.

Суфи Мұхаммед Данишманд Отырарда 40 жыл сүфрә ұстап, Қыдырмен – оған бейбітшілік болсын! – 70 жыл әңгімелесті. Тағы Суфи Мұхаммед Данишмандта бір Сүксүк қожа – оған Алланың рахымы жаусын! – деген мүриді болды. Ол Йасауи-қожа-атаның  қатысуымен 12 [жыл] қызмет етті. Ол барлығы 112 жыл өмір сүрді және 3000 шәкірті бар еді. Оның таңдаулы (хәсс) шәкірті Әулие-Мәлік болды. Мәлік-ата 92 жыл өмір сүрді, 70 жыл Қыдырмен, Ілияспен және абдалдармен сөйлесті (абдал – софы иерархиясының дәрежесі. – Анықтама біздікі).

Йасауи Ахмет-қожа-ата 120 өмір сүрді. Сайидтардан 12000 ізбасарлары (мүридтері) бар еді. Оның 40 қилует-ханасы болды. Қилуетке кіріп, ол одан тек 41-ші күні ғана шықты. Йасауи Ахмет-қожа-ата Қағбаға бара жатқанда, бұлттардың үстімен ұшты. Тағы ол былай деді:

– Өзінің мүридін 40 жыл қилуетпен тәрбиелесе, сол шайх болып табылады. Бұлайша болмаған жағдайда ол шайхылық үшін жарамайды. Сондай-ақ кімде-кім өзі жасаған барлық әрекеттерге егелік етіп, өзгенің жасаған күнәларын елемейтін болса, сонда ол Қыдырдың – оған бейбітшілік болсын! – және Ілиястың тіректері болады. Кімде-кім намаздың бірінші бөлігін (сүннә) осында, екінші бөлігін (фарз) Қағбада орындайтын болса, сол шайх болып табылады. Соған ақылшы-ұстаз (шайх) болуға рұқсат етіледі. Бұдан басқа жағдайда тыйым салынады.

Ол тағы Сүлеймен-қожа Хәкімге Үргеніш уәләятын берді. Ол 95 жыл өмір сүрді, соның 70 жылында Қыдырмен бірге – оған бейбітшілік болсын! – әңгімелесті.

Оның және 5000 мүриді болды. Йасауи Ахмет-қожа-ата күн сайын өзінің жағасынан ұстап, Құдайға тағзым жасап, былай деп дұға етті:

– О, Аллам менің, жаһан халқы жақсара түсті, (алайда) мен жақсара қоймадым.

Йасауи Ахмет-қожа-ата соңғы сапарына жиналып аттанар алдында, ол өзінің орнына, оның туыстық жақындығын ескеріп, өзінің інісінің ұлы Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақиды тағайындап кетті.

Сафи ад-дин Орын-қойлақи 93 жыл өмір сүрді, оның 50 жылдан астамында Қыдырмен және Ілияспен – оған бейбітшілік болсын! – әңгімелесті. [Ол айтты:]

– Суфи Мұхаммед Данишмандтың таңғажайып қабілеттеріне келсек, солардың бірі оның бір таудан бір тауға секіре отырып, бұлттардыңың үстімен қажылыққа барғаны болды. Оның қасиетті орны Отырарда, Суфи-ханада тұрды. Ол Суфи-ханада халықтан 300 (динар) қызыл алтынға (барлығы бұл) жер мен су сатып алып, оны Суфи Мұхаммед Данишмандтың вакф ханакахасына айналдырды. Қайы-тегінге келсек, ол Суфи Мұхаммед Данишмандты өзінің ақылшы-ұстазы (шайхы) және «әулие» (ата) деп мойындап, (оған) Шиттің жері мен суын берді. «Менің тоғыз бабамның меншігі (мүлік) болып табылатын және маған заңды өткен жер Хукуз-тағеден Қара-Шыққа дейін созылып, ол 100 күшлік (жыртылған) алқап болады. Мен оны Алланың қалауына орай, сосын Алланың елшісі – Мұхаммедтің қорғауы үшін жүгініп, вакфке айналдырдым,. – деді.

Алайда, Қарғалық Ысқақ-бабтың меншігі болып табылады. Содан бері оны біздің бабаларымыз егеленді. Бұл шежіре (насаб-нәма) Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақиге (мұрагерлік жолымен) көшті. Ол араб тілінде жазылды, ол (Сафи ад-дин Орын-қойлақи) оны түркі тіліне аударды. Хижрадан (718-19) кейін 100 жыл өткен соң Ысқақ-баб – оған Алланың рахымы болсын! – Шам уәләятынан Түркістан уәләятына келіп, ислам дінін таратты. Қарғалықта үш қатарлы қамал көтерді, жұма мешітін тұрғызды. Қарғалық еліне он мың аула (тұрғын) жиналды. Қай жерде кәпірлер, дуақандтар және христиандар кездессе де, ол оларды дінге шақырды. Дінді қабылдағандар аман қалды, ал қабылдамағандарды ол өлтірді. Ысқақ-баб ғазауатқа аттанған кезде, өзімен бірге 100 мың батырды алып жүрді. Ол 85 жыл патшалық құрды. Қыдырмен және Ілияспен – екеуіне де бейбітшілік болсын! – сөйлесу үшін ол 80 жыл сүфрә (сүфрә-дәр) ұстады. Ол күніне он ірі қара мал мен 100 қойды құрюандыққа шалып отырды. Бірде, Ысқақ-баб оңаша отырғанда, оған Қыдыр мен Ілияс келіп былай деді:

– Егер саған зиярат етіп келсе, ол бізге жасалған қажылыққа теңестірілсін, адамдар барлық пайғамбарлардың қабірлеріне барып тұрған кезде сондай марапат алатын болсын!

Қарғалыққа келсек, ол Ысқақ-баб арқылы Әли Мұртаза тегіне тиесілі болады және (Ысқақ-баб) Әлидің – Алла оны көкке көтерсін – жетінші ұрпағы болып табылады. Енді біз Ысқақ-бабтың вакфқа құрбандық еткен жері хақындағы әңгімеге келдік. Ол (вакф беруші), Ысқақ-баб мына жерлерде көне қамалдар мен собор мешіттерін тұрғызды: Иминлик Орын-Сүгән Исилик, Үзүн-Яғаш, Икді-Сүйі, Йәшіл-Көл-Сүйі, Мәкін-Тәми-Сүйі,

Хүш-Сүйі, Әк-Мингәр-Фадлі-Сандаш-Сүйі, Қандақы Мингәр-Фар Қайа-Сүйі, Бәг-Бәш-Сүйі, Йүмаләг-Сүйі, Үгрәк-Арслан-Сүйі. Бұл өзендер Ысқақ-бабқа рұқсат етілген меншігі болып табылады.

Ысқақ-бабтың таудың осы беткейінде жатқан жерлері мен өзендеріне келсек, олар Ысқақ-бабқа Іл-Кант-Арсланлиқ-Ариғи арығын қазғаны, (оның) қамалы мен (оның) жұма мешітін тұрғызғаны үшін меншікті болады. Олар (бәрі) Ысқақ-бабтың заңды жеке меншігі. Ол Сайрамның Улүрга-Сариғ-Қамиш-Сүйіндегі Чуб мешітін вакфке айналдырды. (Бұдан әрі орналасқан) Қожа-Түмәси-Қара-Тигәр шатқалының тереңінен ағып шығатын Хадақ-Гари-Фардан, Арсланлиғ-Сүйіден Иқанға дейінгі – Қизилча-Мингәр Сүйі, Фатәдй Күпрүк-Типә-Сүйі, Қайа-Чүк-Сүйі, Йарүк-Сүйі, Үрүнлүк-Сүйі, Амрикә-Сүйі, Әліб-Йарүк-Сүйі, Біджингә-Сүйі өзендері.

Осы жазылған (мұнда) барлық жерлер мен өзендер Ысқақ-бабтың салықтан босатылған заңды жерлері болып табылады. Шынтуайтында және заңдылығында басқа ешкімнің (оларға) қатысы жоқ.

Енді Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақы айтады:

– Менің ұлы бабам Ысқақ-бабтан Йасауи Ахмед-қожа-атаға дейін біздің бабаларымыздың он буыны осы шаруашылыққа егелік етті. Олар менің ұлы бабам Ысқақ-бабтың барлық заңды жерлері мен суларын басқарды, жерге егін еге отырып, оның сүфрәсін ұстады. Мен бұл шежіреде бұл жерлер мен өзендерді мен өліп қалған жағдайда менң ұлым Зәхидтің балалары (отбасысы) – менің ұрпақтарым – менің шыққан тегім мен түп-тамырымды білсін деген мақсатта еске түсіріп өттім. Сонда олар біздің заңды жеке меншіктеріміз, ұлы бабамыз Ысқақ-бабтың жерлері мен сулары туралы білетін болады. Осыдан кейін олар талап қойып, (бұларды) кері қайтарып алып, Құдайдың разылығы үшін менің ұлы бабам Ысқақ-бабтың сүфрәсін ұстайды. Алыс және жақын өлкелерден ауру және аш болып келген дәруіштер, діндарлар мен мұсылмандар (бұдан) тамақ жеп, су ішіп, (сол үшін) Алланың мырзалығы үшін – Ол ұлы әрі даңқты! – (менің бабаларыма) дұға оқиды – сонда Ол менің ұрпақтарымды сый-сияпатқа бөлейді, ал мен мәңгіліктің алдында тыншу табамын, Алла да разы болады – Ол ұлы әрі даңқты! – сонда мен де біз Кімге сенген болсақ, Кімді мойындаған болсақ, солардың атынан оның қолдаушысы боламын. Бұл жерде менің еске түсіріп отырғанымның бәрі – шындық. Осы мақсатта ұлы бабам Ысқақ-бабтың бұл шежіреде заңды меншіктерін көрсеттім.

Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақы тағы былай дейді:

– Мен 93 жыл жасадым. Оның 53 жылында Қыдырмен және Ілияспен әңгімелестім. Біз қанша егінді аз сепсек те, Алла – Ол ұлы әрі даңқты! – Қыдыр мен Ілиястың бізге шексіз бата берулері арқасында молшылықты көп жіберді және ол (астық) барған сайын көбейе берді, тіпті тым көп болып кетті. Келіп жатқан, кетіп жатқан діндарлар мен кезбе-дәруіштер осы астықтан дәм татқанда, ол (Алла) бізге бұрынғыдан да көп берді. Шынын айтқанда, біз тап осы мақсатта менің ұлы бабам Ысқақ-бабтың заңды жерлерін өңдеп, оларға дән сеуіп, суғара отырып, (оларды) басқардық. Қыдыр мен Ілиястың берекелі баталары арқасында, – екеуіне де (бейбітшілік) болсын! – біз ешқашан не аштықты, на қайғыны бастан кешіп көрген жоқпыз. Алла – Ол ұлы әрі даңқты! – бізге қатал да болған жоқ, бізді мұқтаждыққа да тіреп қойған жоқ, қысым да көрсетпеді.

Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақы тағы былай дейді:

– Менің ұлы бабаларымның заңды меншіктері мен сүфрәсі маған мұраға қалады. Шынтуайтында, мен (олардың) мұрагері болып табыламын!

Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақы тағы былай дейді:

– Менің өлім сағатым соққан кезде барлық таңдаулы адамдар мен бұқараның қалың тобы осы шежірені оқитын болсын, бірақ егер олар менің ұлы бабамның (Ысқақ-баб) осы заңды меншігін мен суға таласатын болса, менің ұлы атамның сүфрәсін құрметтейтінін көрсететін болса, үй-күйсз жүргендерді, аш кезбе-дәруіштер мен хақ дінді мұсылмандарды жақтырмай, (оларды) кемсітетін және қорлайтын, жауапкершілікті сезінбейтін болса, онда мен, Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақы, біздің бәріміз сенетін және мойындайтын Қиямет күні келген кезде, мен олардың ұлы жауы боламын!

Ысқақ-бабтың Қарғалықтағы иеліктерінен бастап оның Мауләнә Сафи ад-дин Орын-қойлақыға дейінгі иеліктеріне дейін біздің бабаларымыздың 540 жыл өмірлері өтті. Бұл шежіре олардан Мауләнә Зәхид ад-дин-шайхқа көшті. Одан – Ахмед-шайхқа, одан – Бахә ад-дин-шайхқа, одан – Құтб ад-дин-шайхқа, одан – Абдаллах-шайхқа, одан – Ахмед-шайхқа, одан – Қара-шайхқа, одан – Бахә-ад-дин-шайхқа жетті. Бахә-ад-дин-шайхтың екі ұлы болды: біреуін – Хұсаин-шайх, келесісін Қара-шайх деп атады. Қара-шайхтың бес ұлы болды: бірінің аты – Баба-шайх, келесісі – Сәфи ад-дин-шайх, тағы біреуі – Зәхид-қожа, тағы бірі – Құл-Ахмед-қожа, тағы бірі – Ахмед-шайх. Ахмед-шайхтың ұлы – Қожа-шайх. Қожа-шайхтың ұлы – Шайх-Жан-шайх…

II мәтіннің аудармасы

Хазіреті Адам шежіресі

Алла өзінің құдіретімен Хәзіреті Адам-атаны жаратты. Оның ұлы – Шис-нәби, оның ұлы – Унүш, оның ұлы – Қайнан, оның ұлы – Махйаил, оның ұлы – Бардаил, оның ұлы – Ахнух, оның ұлы – Мүтүшлах, оның ұлы – Мәлік, оның ұлы – Хазіреті Нұх, оның ұлы – Сам, оның ұлы – Сайдә, оның ұлы – Арфахшад, оның ұлы – Хазіреті Сәлих, оның ұлы – Әмір, оның ұлы – Валаби, оның ұлы – Арғұн, оның ұлы – аш-Шар, оның ұлы – Нарух, оның ұлы – Атарух, оның ұлы – Азар, оның ұлы – Хазіреті Ибрахим, оның ұлы – Хәзіреті Исмаил, оның ұлы – Қайдар, оның ұлы – Хамд, оның ұлы – Самир, оның ұлы – Нәзір, оның ұлы – Йашджаб, оның ұлы – Ашджаб, оның ұлы – ас-Сама, оның ұлы – әл-Йаса (Оның жеке және бейнелі аты – Хәзіреті Қыдыр), оның ұлы – Адр, оның ұлы – Әди, оның ұлы – Әлийа, оның ұлы – Маадд, оның ұлы – Мудар, оның ұлы – Хәзіреті Ілияс, оның ұлы – Мәлік, оның ұлы – Хұзайман, оның ұлы – Кинәнат, оның ұлы – Нәдір, оның ұлы – Луайи, оның ұлы – Кәб, оның ұлы – Мурра, оның ұлы – Киләб, оның ұлы – Қусайи, оның ұлы – Абд әл-Маннан, оның ұлы –Хашим, оның ұлы – Абд әл-Мүттәліб. Оның Харис, Әбу Лахаб, Аббас, Хамза, Мұқаддам, Хиджр, Зубайир, Шамун, Әбу Тәліб, Абдаллах деген он ұлы болды. Оның ұлы – Хәзіреті Мұхаммед Мұстафа. Хәзірет Әбу Тәлібтың ұлы – Хазіреті Әли Мұртаза – Алла оған разы болсын! Яғни ол – шариат әміршісі, тариқат сауыты, ақиқат мәнбесі. Ол – сүйкімді жол бастаушы, әулиеліктің марапаттарына лайықты, қауымның қорғаушысы. Ұлы Алла Тағаланың елшісі, Аллаға жақын жан – Мұхаммед – Алланың елшісі – оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын! Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі, Оның текті ұрпағы.

Хазіреті Әбу Бәкір Сыддықтың – оған Алла разы болсын! – ұлы Мұхаммед-и Бәкір Сыддық – Алла оған разы болсын!

Хәзіреті Омардың – оған Алла разы болсын! – ұлы – Абдаллах – оған Алла разы болсын! Оның ұлы – Шайх Әбу Бәкір, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Хәзіреті Осман Факих, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Шайх Хасан Уәсили, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Хазіреті Насыр Нийаби, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Шайх Омар Парранда, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Хазіреті Осман Парранда, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Шайх Мұхаммед Парранда, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Хазіреті Шайх Хасан Парранда! – Алла оны есіркесін! Оның ұлы Шайх Омар Бағристани, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Хазіреті Шайх Мұхаммед Парранда, – Алла оны есіркесін! Оның ұлы – Шайх Мауләнә ад-дин Парса, – Алла оны есіркесін!

 

Шах-и Марданның шежіресі

Пайғамбармен оның кереметі арқасында бір дарақта (шежіреде) тұратын шынайы имам. Сонымен бірге, басқа балалар басқа дарақта тұр; ал ол, айбынды, әділетті имам, Шах-и Мардан, Алланың арыстаны, жеңімпаз, хақ дінділердің жол бастаушысы Әли ибн Әбу Тәліб – Алла ұлықтасын оны! Оның рухы мен жарқын бейнесіне тағзым ету және ұлықтау мақсатында оның ұрпақтарының лайықты екенін еске түсірудің өзі текті сенімді және түсінікті ете түседі, себебі, (Аллаға) ғашықтар мен оған таң қалатындар ғашықтардың біртұтас қауымынан шығады. Сондықтан олардың қуаныш пен рахатты сезініп, оларда тілек пен өз ниеттеріне сенім пайда болуы қажет. Алладан – қателеспеушілік пен жәрдем!

Әулиелердің жол бастаушысы Шах-и Мардан, хақ дінділердің әміршісі Мұртаза Әли – оған Алла разы болсын, онда хақ дінділердің әміршісі Имам Мұхаммед-и Ханафийа – Алла оған разы болсын! – оның Рүм падишахының қызы – Бибі Ханафия-хатуннан туған ұлы болып табылады [Оның жұбайы] Бибі Шамсия-хатун Хазіреті Османның қызы болды. Имам Мұхаммед-и Ханафийа исламның падишахы болды. Оның екі ұлы бар еді: Шах Абд әл-Маннән және Шах Абд әл-Фаттах. Шах Абд-әл-Маннәнның ұлы Шах Баттал Ғази болды. Ол Рүм христиандарына қарсы ғазауат соғысын жүргізіп, оларды жойып жіберді. Шах Абд әл-Фаттахтың, – оған Алла разы болсын! – екі ұлы бар еді: Шах Абд әл-Жаббар, – оған Алла разы болсын! – және келесісі – Имам Жафар Садықтың қызына үйленген Шах Абд әл-Қаххар, – оған Алла разы болсын! Оның екі ұлы бар еді: Шамда падишах болған Шах Абд ар-Рахман-баб пен Шәмәтта падишах болған Шах Абд ар-Рахим. Шах Абд ар-Рахманның екі ұлы бар еді: олардың бірі – Хазіреті Ысқақ-баб, – оған Алла разы болсын! – екіншісі – Хазіреті Абд әл-Жалил-баб, – оған Алла разы болсын! Шах Абд әл-Рахман-баб 12 мың жақтастарын (сахабалар) бастап, Өзгент пен Ферғана беттеді. Ол дуақанттармен және христиандармен соғысып, Өзгент пен Ферғананы, Қасан мен Үшті басып алды. Мұсылмандық беки түсті. Оларда екі кәпір бар еді. Олардың бірінің аты Кариан-Баст болды. Келесісі – өзінің мемлекетін өз еркімен бере салған және (тағы) өзінің қызын Абд ар-Рахман-бабқа берген Ихшіт-Кәфир болды. Мұсылмандық беки түсті.

Бірде Құртуқа өзі Ихшіт-Кәфирге былай деді:

– Менің (сен үшін) бірдеңе істегім келеді.

Ихшіт айтты:

– Егер сен Абд ар-Рахман-бабты өлтіре алсаң, онда менің мұрагерім боласың.

Бір жолы Құртуқа әлдеқалай Шах Абд ар-Рахман-бабтың есігінің алдына отырып алып, жылай бастады. Шах Абд ар-Рахман одан сұрады:

– Құртуқа, нені тілейсің?

Құртуқа айтты:

– О, менің падишахым, мен – бақытсыз келімсекпін.

Падишах оны аяп, (онымен) бірге үйге келді де айтты:

– Менің қасымда мында әлсіз, бақытсыз (адам) бар, сен оған мейірімділікпен қара!

(Әйелі) айтты:

– О, менің әміршім, бұл қайырымсыз іс, (мұнда) бір құйтұрқылық пен айлакерлік бар екені сезіледі.

Падишах айтты:

– Алланың жазуы жазылып қойылған адамға қарсы ешқандай айла жоқ!

Әмірші айтты:

– О, Құртуқа, менің ішкі жан-дүниеме кіріп, маған қызметші бол.

Бір жолы Құртуқа айтты:

– О, ханым, падишахтан сұраңызшы, неге оны ұрыс даласында оны жебе де, семсер де, найза да, мылтық та ала алмайды екен?

Ханым осы сұрақты падишахқа қойды. Ол былай деп жауап берді:

– О, дуақанттың тұяғы! Біз Пайғамбардың ұрпағы, Шах-и Марданның ұрпағы болып табыламыз, осы себепті бізді ештеңе ала алмайды! Алайда, әрбір жолы намаз оқып жатқан кезімізде біздің денеміздің барлық бөлігі қорғасындай балқиды.

Ханым мұны (осы мәліметті) Құртуқаға баяндады. Құртуға бұл хабарламаны Ихшіт-Кәфирге жеткізді, осы үшін бұл (патшадан) сый-сияпат сұрады.

Бір жолы Абд ар-Рахман-баб өзінің 12 мың жақтастарымен бірге Сафід-Бүләндта намаз оқыды, сол кезде Ихшіт-Кәфир барлық мұсылмандарды шаһит қылды.

Содан соң бұл хабар Меккеге, Мединаға, Шамға, Шәмәтқа, Йаманға, Мысырға және Рүмге дейін жетті. Сонда Хазіреті Ысқақ-баб әкесінің орнына Шамның падишахы болды. Хазіреті Абд әл-Жәлил-баб Йаман уәләятының падишахы болды.

Бір жолы Қусам ибн Аббас пен Мұхаммед ибн Жәлил бастаған 30 мың жақтастар Өзгенд-и Ферғанаға келіп, дуақанттармен және христиандармен соғысты, сондай-ақ олар да шаһиттікті бастан кешті. Қусам ибн Аббас, – оған Алла разы болсын! – қол бастап Самарқандқа келді, ол да (сонда) азапталып өлтірілді. Хәлид ибн [әл] Валид 30 мың қолды бастап барып, Сариаманың (бұл қазіргі Қарамұрт деген жердің орнында) жоғарғы жағында шаһит болып қаза тапты.

18 мың ғаламды жаратушы Мәңгілік Жалғыз Алла Тағала бізге исламның әміршілігін, күшін, жеңісін берді Біз (мұнда) тағы (әңгімеге оралдық).

(Ысқақ-баб айтты):

– О, менің әкемнің бауыры, Абд ар-Рахим, Алланың ризашылығы мен Пайғамбардың қуанышы үшін Ферғананың христиандарына барып, соғысамыз. Бізге олардың онда өте күшті және қуатты екендері жөнінде хабарлар жетіп жатыр. Олармен дін үшін соғысып, оларды исламға шақырамыз.

Осы уақытқа дейін хиджраның 150 жылы өтіп еді (767-768 жж.). Олар үлкен кеңес құрды. Хәзіреті Ысқақ-баб сонда Хәзіреті Абд ар-Рахим-бабтан сұрады:

– Сізде қанша сарбаз бар?

Абд ар-Рахим-баб жауап берді:

– Мен толық жарақтанған 60 мың сарбазға басшылық етемін.

Абд ар-Рахим-баб сосын Ысқақ-бабтан сұрады:

– Сізде қанша мың сарбаз бар?

– Менде толық жарақтанған 50 мың сарбаз бар.

Олар енді Абд әл-Жәлил-бабтан сұрады:

– Сізде қанша мың сарбаз бар?

Абд әл-Жәлил-баб жауап берді:

– Менде толық қару-жарақты 40 мың сарбаз бар.

Осыдан кейін үш падишах бір-бірлеріне өзара адал болу жөнінде ант беріп, қасам ішті. Әскер мен жабдық-жарақты дайындады. Олар Шамнан шығып, Шәмәтқа келді, бұдан әрі 150 мыңдық қолмен Табризге келді. Осы жерден үш падишах үш топ болып жылжыды: Абд ар-Рахим-баб – Исфахан-Нисф-и Жахан, Ысқақ-баб – Үргеніщ, Абд әл-Жәлил болса, Балх арқылы жүрді. Абд ар-Рахим Хорасанға, сосын Тирмизге келді. Хәзіреті Ысқақ-баб Мазандаранға бет түзеді. Сосын – Сарахсқа және одан әрі Балхқа тартты. Үш падишах бәрі бірге Бұхараға келді. Сол жерден ары қарай Өзгенд-и Ферғанаға барды. Соңынан Баб-у Кәсән еліне жетті. Ислам таратылды, мұсылмандық бекіді. Өзгенд-и Ферғана елінде екі дуақант падишах бар еді. Олардың бірінің аты – Кәрвән-Баст, екіншісінің аты Ихшіт-Кәфир болатын. Бұлар олармен шайқасып, екеуін (падишахтарды) де өлтірді, 40 мың дуақант өлді және 20 (мың) мұсылман шаһит кетті. Есепсіз олжаға кенелді. Ислам бекіді. Барлық (елдер) – Өзгенд-и Ферғана, Кәсән, Үш – мұсылмандыкі болды. Олар Өзгенд-и Ферғанаға (онда ереженің орындалуы үшін) шариатты бақылап отыру үшін бір адамды белгілеп қойды. Осыдан соң олар (келесі) адамды Кәсән мен Үшке (онда ереженің орындалуы үшін) шариатты бақылап отыратын етуге тағайындады.

Сол жақтан Шашқа келді. Онда Байт ад-Дар номылы бір падишах бар еді. Ол келе жатқан (жауды) байқап, Шаштың падишахына мынаны жеткізген бақылаушы (қарауыл) қойды:

– О, менің әміршім, мұсылман падишахы (бізді) жаулап алу үшін келді.

Бай ад-Дар өзінің бағыныштыларымен бірге Сайрамға қашты. Онда Қурқұз есімді бір падишах бар еді. Хәзіреті Абд ар-Рахим-баб, Хәзіреті Ысқақ-баб, Хазіреті Абд әл-Жәлил-баб Шашқа кіріп, оны жаулап алды. Мұсылмандық бекіді. Ысқақ-бабпен бірге бес ізбасарлардың ізбасарлары болды (тубба-и тәбиин). Олардың бірінің аты Хәзіреті Имам Бәкір Каффәл еді. Тағы бірінің аты – Хәзіреті Абд әл-Әзіз Алам-дәр, келесісі – Хәзіреті Шайх Хасан Уәсилий Алам, басқасы – Йуваш-баб Кәді. Тағы бірі – Чинәрлік-шайх деген

күниясы бар қала басшысы (раисы) Қожа Хамид, ал келесісі Бұхараға шариатқа (ереженің орындалуы үшін) бақылау жасау үшін тағайындалған Қожа Алә ад-дин Муфти деп аталды. Хәзіреті Абд ар-Рахман-баб – оған Алла разы болсын, Хәзіреті Ысқақ-баб – оған Алла разы болсын, Хәзіреті Абд әл-Жәлил-баб – оған Алла разы болсын, – үшеуі ақылдасып, Хәзіреті Имам Бәкір Каффәл Сиддиқиді, Хәзіреті Чинәрлік-шайх Сиддиқиді, Хәзіреті Шайх Хасан Уәсилий Омариді Шашқа мұсылмандарды илм-и хикматқа оқыту (негіздеріне) үшін орынбасар (халиф) етіп тағайындады.

Осыдан кейін үш падишах үш топқа бөлінді: Хәзіреті Абд ар-Рахим-баб Шыршық жазығымен Арғуге беттеп, барлығын (сол аудандарды) исламға айналдырды. Сол жақтан 100 мың қолмен Қашарға беттеді. Онда бір христиан падишах бар еді. Оның лақаб аты Мүнкүзлүк Буғра Қара-хан, ал шын аты Бахтан болатын. Бұл Бахтанды дінге шақырды, ол оны қабыл алмады. Сонда ол өлгенше шайқасып, Бахтанды өлтірді. 60 христиан өлді, 10 мың мұсылман шаһит болды. Хәзіреті Абд ар-Рахим-баб өз тегін Қара-Қаңлы (тайпасынан) тарататын Бұғра Қара-ханның қызын әйел етіп алды. Абд ар-Рахим-баб Қашғардың халқын мұсылман қылды.

107-108-беттерге түсіндірме:

Ташкент қаласының тұрғыны Рустам Муминовтің жеке жинағынан алынған шежіреге (Хатт-и ишәрат) Абд әл-Әзіз-баб хұсайинит болып шықты. Оның ұлы – Абд әл-Ғафур-қожа, оның ұлы – Абд әл-Қаххәр-қожа, оның ұлы – Жафар-қожа, оның ұлы – Сайид Сафа-қожа, оның ұлы – Сайид Мұса-қожа, оның ұлы – Сайид Тәхир-қожа, оның ұлы – Сайид Омар-қожа, оның ұлы – Сайид Осман-қожа. Баба-хан Қасым-хановтың ауызша ақпарына сәйкес, Абд әл-Әзіз-баб жерленген Қожа Алам-бардәр мешіті жанындағы зират ескі Ташкенттің өзінде орналасқан. Оның туы желбіреген жерде осы көне мешіт салынған. Бұл ту Мухйи-д-дин-қари Музаффар-қари оғлының (1991 ж. өлген) отбасында сақталған. Бұлардың соңғысы қайтыс болар кезінде туды қолынан шығармай, құшағына алып жатқан. Мешіттің имамдары сосын қажылардан садақа (назр) жинап, туды алу үшін жаңағы кісіге берген.

Шежірелердің біріне сәйкес, Йуваш-баб шын мәнінде Ысқақ-бабтың туған бауыры (хәхар), Абд ар-Рахман-бабтың ұлы болған. Исхақ-баб Қарғалиққа кетіп бара жатқанда, өз әскері ішінен екеуін – Абд әл-Мәжид-баб пен Йуваш-бабты Исфиджабта қалдырған. Абд әл-Мәжид-баб (ол кейде Чинәрлік-шайх есімімен белгілі болған) Исфиджабты 45 жыл басқарған. Ол өз қызы Тәвүс-бегімді Йуваш-бабқа күйеуге берген. Күниясы Чинәрлік-шайх болған қала басшысы (раис) Абд әл-Мәжид-баб қайтыс болғаннан кейін билік (салтанат) оның мұрагері және күйеу баласы Йуваш-бабқа өтті. Бұл рудың жалғастырушылары Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтилер династиясының өкілдері – Ишан Баба-хан Абд әл-Маджидханов (мүфтият басқарған жылдары: 1943-1957), оның ұлы және мұрагері Зияутдин Бабаханов (1957-1982), немересі Шамс ад-дин-хан Бабаханов (198-1989) болды. Бұлардың соңғысы мүфтияттан босағаннан кейін дипломат мансабына көшіп, Өзбекстан Республикасының Сауд Арабиясы мен Мысырдағы елшісі қызметін атқарды.

 

Абд әл-Жәлил-баб Шаштан Хүб-Жендке келді.

Абд ар-Рахим-баб бір қала тұрғызып, оны Йәркент уәләяты деп дәріптеді. Абд ар-Рахим-баб өзіне Сұлтан Сатұқ Бұғра Қара-хан деген атақ қабылдады. Оның зираты Йәркент уәләятында жатыр. Оның ұлы – Қиліч Қара-хан. Оның ұлы – Эрбүз Қара-хан. Оның ұлы – Әулие Қара-хан. Оның ұлы – Хәзіреті Хидр-у Ілияспен қырық күн шілдеде бірге отырған Мәнсүр Қара-хан. Оның ұлы – Чағүр-би Қара-хан. Оның ұлы – Жамәл Қара-хан. Оның ұлы – Жихад Қара-хан. Оның ұлы – Санжар Қара-хан. Оның ұлы Хәзіреті Хидр-у Ілияспен әңгімелескен Сұлтан-хан еді. Оның ұлы – Гадәй Қара-хан. Оның ұлы – Абд әл-Халиқ-хан. Оның ұлы – Хәзіреті Хидр-у Ілияспен 40 әңгімелескен Мұхаммед-шайх. Оның ұлы – Шах Хасан-шайх. Оның ұлы – Хәзіреті Хидр-у Ілияспен әңгімелескен Абд әл-Әзіз. Оның ұлы – Әулие Қара-хан деген тахаллусты Шах Махмұд. Оның ұлы – Абд әл-Маннән. Оның ұлы – Абд әл-Фаттах. Оның ұлы – Шах Абд ар-Рахман. Оның ұлы – Ишан Шах Қасим. Оның ұлы – Ишан Шах Абдаллах. Оның ұлы – Шах Абл әл-Халиқ-хан. Оның ұлы – Шах Хасан-хан. Оның ұлы – Ишан Тахир-хан. Оның ұлы – Әулие Мәлік-хан. Оның ұлы – Ишан Шах-Ахмед-хан. Оның ұлы – Шах Абд-и Жаббар-хан. Оның ұлы – Шах Абд әл-Маннән-хан. Оның ұлы – Шах Ибрахим-хан. Оның [ұлы] – Ишан Қожа Йакуб-шайх. Оның ұлы – Қожа Ибрахим-шайх. Оның ұлы – Шах Мұртаза-шайх. Оның ұлы – Шах Абд ар-Рахим-шайх. Оның ұлы – Абд әл-Жаббар-шайх. Оның ұлы – Шах Мұхаммед-шайх. Оның ұлы – Абд-и Жәлил-шайх. Оның ұлы – Әулие Қожа-шайх. Оның ұлы – дүниеауи өмірде падишах, ғалым және кемеңгер болған Сұлтан Хамир-ата. Ол Қара Бұғра-ханның, Әли-ханның, Хасан-ханның және Чакір-тигән-ханның ұрпағынан. Қайда вакф жері болса, ол (жер) Чакір-тигән-хан мен Сұлтан Хамир-атаның вакф айналдырғаны болып тұрды. Чакір-тигән-ханды Қара-Мұртқа барар жолдағы Сарйамға жерленді. Одан кейін Сарйамда Арслан-хан ибн Әли 60 жыл падишах болды. Одан кейін Сұлтан Хамир-ата падишах болды. Оның ұлы – Алаф Дикхан-баба. Оның ұлы – ғалым және кемеңгер болған Мулла Қожа-шайх. Оның ұлы – Сайид Қожа-шайх. Оның ұлы – Ғайб Шах-шайх. Оның ұлы – Нәзанін-шайх. Оның ұлы – Хайи-шайх. Оның ұлы – Баба-шайх. Оның ұлы – Исмаил-шайх. Оның ұлы – Дәруіш-баба деген күниялы Мұхаммед-шайх. Оның (екі) ұлы болды: бірінің аты – Исмат-қожа, ал келесісі – Мир-қожа-шайх. Исмат-қожаның үш ұлы болды: Әли-хан, Абд-и Жаббар-хан және бірі – Нийаз-хан. Иә, Алла шындықты жақсы біледі!

Хәзіреті Абд әл-Жәлил-бабтың шежіресі

Шаштан ол Хүб-Жендке келді. Онда Қилич-хан есімді сенімсіз падишах болды. Ол онымен (Қилич-ханмен) шайқасты. Оның (бір) өзі мың батырға қарсы тұра алатын Сарік Түнлүк Өтәмиш деген ұлы бар еді. Абд әл-Жәлил-баб Қилич-хан мен Өтәмишті дінге кіруге шақырды, олар оны қабылдамады. Ақырғы шайқаста 50 мың христиан өлді және тоғыз мың мұсылман шаһит болды. 30 мың ислам сарбазы қалды. Абд әл-Жәлил-баб – оған Алла разы болсын, Өтәмиштің қолынан шаһит өлімімен қаза тапты. Оған тәу ететін (зийарат-гәх) орын Хүб-Жендке жақын жерде, дарияның жағасындағы төбешікте тұр.

Абд әл-Жәлил-бабтың ұлы – Ибрахим-сүфі. Оның ұлы – Исмаил-сүфі. Оның ұлы – Мікәйіл-сүфі. Оның ұлы – Исрәфіл-сүфі. Оның ұлы – Айина сүфі. Оның ұлы – Мұхаммед-сүфі. Оның ұлы – Махмұд-сүфі. Оның ұлы – Бадр-ата. Оның ұлы – Баллі-ата. Оның ұлы – Сүйүндүк-ата. Оның ұлы – Куфүндүк-ата. Оның ұлы – Ибрахим-ата. Оның бес ұлы болды: Исмаил-ата. Жабрәил-ата, Мікәил-ата, Исрәфіл-ата, Исхақ-ата. Хәзіреті Исмаил-атаның тоғыз әйелі болды: біріншісі – Нұр-бібі, тағы Захрә-бібі, Казәк-бібі-ана, Даулат-әнә, Ұғұншық-бібі, Құтлұқ-бібі, Фәтима-бібі. Ол (олардан) 18 ұлды және 17 қызды болды: Қожа Исхақ, Қарә-шайх, Барәт-шайх, Хумай-шайх, Махмұд-щайх, Мұхаммед-шайх, Айина-шайх, Мустафа-шайх, Атсіз-шайх, Қажы-шайх, Абдаллах-шайх, Шаріф-шайх, Әлі-шайх, Абд-и  Рахмән-шайх, Абд-и Қожа-шайх, Сүйүндүк-шайх, Абд әл-Мәлік-шайх, Фәрсә-бича, Үнчі-биа, Ийичік-бича, Хитай-бича, Айина-бича, Иқбәл-бича, Ашүр-бичә, Айиша-бича, Күзүн-бича, Марийам-бича, Түрсүн-бича, Сәлих-бича, Рәбиа-бича, Хадіджа-бича, иә, Алла шындықты жақсы біледі!

Хәзіреті Исхақ-бабтың шежіресі

Ол Күркүз номылы бір христиан падишах билеп отырған Исбиджабқа келді. Исбиджабта христиандардың 60 мың үйі болды. Оның 300 рүстәгі бар еді, олардың бәрі христиан еді. Хәзіреті Исхақ-баб Байт-Дар Күркүзді дінге кіруге шақырды. Алайда, ол (оның шақыруын) қабылдамай, былай деп жауап берді:

– Біз 70 ұрпақтан бері христиан болып келеміз.

Олар үш түн және үш күн шайқасты. 20 мың христиан өлді және бес мың мұсылман опат болды. Исхақ-бабтың ту ұстаушысы Абд әл-Әзіз 70 жерден жараланып, шаһит болды. Жаратқан Алла хақ дінділерге жеңіс сыйлады. Байт-Дар Күркүз Сүлхәнға қашып кетті. Осыдан кейін Хәзіреті Исхақ-баб Байт-Дар Күркүздің ізіне түсіп, (сонда) келді. Күні-түні аяусыз шайқасты. 30 мың христиан өлді және жеті мың мұсылман шаһиттікпен қаза тапты. Ақырында Хәзіреті Исхақ-баб Сүлхәнда Байт-Дар Күркүзді қолға түсіріп, өлім жазасын берді. Мұсылмандық бекіді.

 

Үш халифтің ұрпағы кітабынан

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button