Хазірет Алдажар қажы ұрпағы – Смағұл

Смағұл Алдажарұлы (1894-1982) саяси қуғын-сүргінге ұшырап, «Ит жеккенге» ай-далған. Сол жақтан еліне аман-есен қайта оралады. Абақтыда отырып та ораза ұстаған. Қыстың өзінде бір тілім қара нанмен, бір шыны қара сумен ауыз ашып, ауыз бекітіпті. Осы ниеті қабыл болып, Алла тағала рухани күш береді. Қартайған шағында: «Алланың өзі сақтап, әруақтар жыл бойы маған тамақ берді!» деп көзіне жас алады екен.
«Мен таңертең беретін бір кружка қайнаған суым мен нанымды кешкі уақытқа тығып қоятынмын. Жатар кезде аузымды сол бір тілім қара нанмен ашамын. Түсімде мен күнде тойда қазы, қарта жеп, қымыз ішіп отыратынмын… Туысқандарымның барлығы жүргендей көрінетін, тіпті танымайтын адамдар да. Олар өте ажарлы, қолдары ашық адамдар екен (түсінде). Мүмкін олар ата-бабаларымыздың аруақтары шығар. Мен етке күпті болғандай кекіріп оянатынмын. Сол сәттен күні бойы аштықты сезбейтінмін. Сәресіде қайнаған су ішіп, ниет жасап, кешке қара нанымды жейтінмін. Күнде оянған кезде қасымдағы – сол жағым мен оң жағымдағы адамдар үсіп өліп жатты. Оларды солдаттар темір ілмекке іліп, далаға алып кетіп жататын. Мен қасымда жатқан адамдардың аттарын сұрап алатынмын, ертеңгі күні тұрмай қалса, олардың атынан дұға оқитынмын. Өзімнің де есімімді айтып жататынмын. Біз адамбыз ғой. Малға ұқсап өлгіміз келмейді. Дұға бізді сақтайды. Барлығы осымен келісетін. Жатар кезде барлығы өздерінің аттарын атап, қоштасып ұйқыға кететін. Бәрі – бір Алланың қолында, кімге ертеңгі таңды сыйлайды, ал кім азаптан құтылады…». Бұл – Смағұл ақсақалдың сөзі.
Смекең қайтарының алдында Аманжол баласына: «Мен өлсем, «Тоғыз әулие» зиратына жерлеңдер» деп арман-тілегін айтыпты. Сонда немересі : «Неге қалада емес, жапан далада жатқыңыз келеді?» деп сұрағанда, атасы: «Ол жерде жай адамдар жатқан жоқ. Олардың бәрі – әулие-қажылар. Қиямет күні бұл зират нұр шашады! Солардың қасында кімде кім жатса, оғанда Алланың нұры тиіп, шапағаты болады» деп жауап береді. Расында, бақиға озғанда, ұрпағы оның сүйегін Ақмола облысы, Жалтыр стансасы қасындағы «Әулиелер ордасы» зиратына жерлейді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Смағұлдың немересі «әулие-хазіреттердің қасында қажы болып жатуы үшін» атасының атынан бәдел-қажылық жасайды.





