ЖаңалықтарЖарық нұрдың сәулесі

Тарих пен тағдыр ұштасқан – «Сараман жолы»

"Кітаптың да адам тағдыры сияқты өз тағдыры болады" академик Мұхтар Құл-Мұхаммед

Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Мұхтар Әуезовтің ғұмыр-дастанына арналған Сараман жолы кітабының оқырмандарына жол тартқан қуанышты сәтіне  куә болып қайттық. Абайдың атақты авторының пышақтың жүзінде өткен ғұмыр баянының  күрделі жолы сараланған кітап қолымызға тигенде, қазақ руханиятының қазынасынан бір-бір тәбәрік алғандай әсермен оралдық.

Академик ағамыз алдымен жиналған қауыммен жаңалығымен бөлісті. Білім орталығы Ұлттық кітапхананың оқырманы атанғанына келесі жылы жарты ғасыр болады екен. «Өмірдегі  жеткен  жетістіктерімнің бәрі  кітаптан, Адамға білім де, ақыл да кітаптан» деп бастап, кітаптың жазылу тарихы туралы біраз деректерді жеткізді. «Сараман жолы» кітабы он тараудан тұрады. 2023 жылдан бастап күні бүгінге дейін кітап түгелдей  басылымдарда, олардың электронды желілерін қосқанда, репостарды ескерсек бірнеше жүз мыңдаған оқырманы болған сияқты.

Кітап тарихына  келетін болсақ, мен қандай істі бастасам да алдымда Абай атам батасын беріп тұрады. 26 жасымда Қазақ энциклопедиясының  Құқық  және социология деген  редакциясынң меңгерушісі болдым. Бас редактор  қазақтың аса көрнекті  ғалымы, академик  Рымғали Нұрғалиев еді.  Ол кісі  өте ұлтшыл адам болатын. 1986 жылы  Совет Одағында жеке адамға арналған  үш-ақ энциклопедия  жарық көрген боалтын. Орыстарда – Лермонтов, Пушкин әлі шыққан жоқ, Украинада – Шевченко, беларустарда Янка Купала  энциклопедиясы. Біз енді  Абайды шығарайық деп, сол кісі  көп еңбек сіңіріп, мені Абай редакциясына меңгеруші етіп тағайындады».

Сол кезде Абайға қалам тартқандарды жинап, энциклопедияға не енгіземіз дегендей  мәселелер талқыланды.  Жұмыс барысында мен өмірімде алғаш рет Мұхтар Әуезовтің қызы, Алматыдағы Әуезов үйі әдеби-мемориалдық мұражайы директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Ләйла Мұхтарқызы Әуезова апаймен кездестім. Ол кісі өте сабырлы, зиялылықтың эталоны сияқты  еді. Менің ойлағанымдай емес, қазақ тілінде жатық сөйлейтін  адам екен. Әрине, қала адамының лексикасына қарай тіреліңкіреп қалып отырады. Бірақ бәрін біліп отыр. Сонда Ләйла Мұхтарқызы айтты: «Абай энциклопедиясын шығарғандарыңыз дұрыс, бірақ Әуезов деген тақырып Абаймен қатар жүреді. Ол ойларыңызда бар ма? деп сұрады. Қаржы-қаражаттың тапшылығына байланысты  әзірге Абайды ойлап отырмыз деп жауап бердім. Ол сәл ойланып, «Сіз жастау адам екенсіз, екеуіне материалды қатар жинаңыз. Заман орнында тұрмайды ғой, жақсы күндер келгенде  көрерсіздер» деді. Әуезов тақырыбына бірдеңе жазам деп ойлаған адам емеспін, бірақ Ләйла Мұхтарқызының бір сөзі ойға тамызық болды. Абай айтқан «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» дегендей, Ләйла Мұхтарқызындай білімдінен шыққан сөз, ол кезде талапты жастардың қатарында едім, менің жүрегімнің бір түкпіріне түскендей. Сөйтіп біздер Абай энциклопедиясын аяқтадық. 1995 жылы басылып шықты. Әуезов энциклопедиясына  дайындық жұмыстар сол кезде қатар жүрді. Мен кейін жеке кәсіп ашып, Атамұра баспасына ауыстым. Әуезов энциклопедиясын аяғына дейін жеткізу үшін қазақ энциклопедиясының ардагері  Наурызбай Ақпай деген ағамызды шақырып,  жұмысты жалғастырдық. Басында Кәдірбек Сегізбаев ағамыз болды. Сонымен менің мемлекеттік қызметке ауысып кетуіме байланысты Әуезов энциклопедиясын  аяғына дейін жеткізе алмадым.  Үлкен зерттеуіміз философия ғылымының кандидаты Атамұра баспасының президенті  Рахымғали Абрарұлының кезінде 2011 жылы жарық көрді».

Бұл «Сараман жолы» кітабына апаратын баспалдақтар еді. Соның бірі 1998 жылы  Мұрат Әуезовтың  бастамасымен Фатима Ғабитованың мұрасынан  «Өртеңге өскен гүл» жинақ дайындалады. Оны құрастырған қазақтың талантты ақыны Аманхан Әлімов. Фатима Ғабитованың біраз жазбалары араб графикасымен қағазға түскен себепті  оған да  көмек көрсеткендерді айта кету керек. Әрбір дерекке мән беретін Мұхтар Абрарұлы «Өртеңге өскен гүл» деген кітаптың атын қойған адам қазақ әдебиетінің тірі классигі,  Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты  Кәдірбек Сегізбаев  ағамыз деп атап өтті. Бұл кісінің ертеде Вьетнамға барған сапарында өртеніп жатқан бір беткейде  бір тал гүл өсіп тұрғанын көріп, соның әсерімен жазылған мақаланың атауы Фатима анамыздың  тағдырымен үндескендей дәл қойылады.

Мұрат Әуезов  сексен жасына жақындаған кезде, Рақымғали Құл-Мұхаммед ағасына кітабыңызды шығарсақ қалай дегенде, ол кісі: «Мен кейінгі кезде анам туралы көбірек ойлаймын. Анамынң алдындағы парызымды өтедім ба  өтемедім ба? Баяғыда Мұхаң шығарып еді, енді сол кітапты  толықтырып қайта шығарсақ, керемет ескреткіш болар еді» деп жауап береді. Сөйтіп «Өртеңге өскен гүлдің» екінші басылымы дайындала бастады. Рақымғали арқылы  маған өтініш айтыпты. «Мұхаң менің анам  туралы ықыласпен айтып жүруші  еді, егер мына кітаптың алғысөзіне  сол сөздерін қағазға түсіріп жазатын болса қандай керемет болар еді» деп. Ол кісінің зиялығы соншалық өзі маған звондап айта салса болады, бірақ ізеті мен құрметі өзгеше жаратылған тұлға ғой.

Осылайша кітаптың екінші басылымы 2023 жылы жарық көріп, «Қайсар рухты ғазиз жан»  деген  алғы сөзімді жаздым. Кітаптың қолжазбасы түгелдей менің қолымнан өтті: тартқан азабы мен көрген мехнаты, қайғы-қасіреті мен мұң-зары бір адамның басына жетіп артылатын шерлі жүрек сұм заманның сұмдықтарын сол қалпында баяндаған. Біз қолжазбаға қылдай қиянат жасамастан, қаз-қалпында шығардық».

Қилы заманда дүниеге келіп, кезеңнің бұрқасын, дауылдарына қарсы тұрып, жанкешті өмір сүрген, қайсар рухы жаншылмаған гүлдей десе болғандай. Оны оқырманына  жеткізу қаншалықты авторға сын болса, түйсікті оқырмандары кітап арқылы Асыл-Ананың  болмысын ашады. Бұл ретте жан-жағын өрт шалғанда күнге қарап талпынып өсіп, жас құрағын жалынға күйдірмеген күрделі тағдырды Мұхтар ағамыз мөлдіретіп алтын кесеге құйып, оқырманына  ұсынады. Сырлы кеседен сіміріп ішкен оқырман Алып-Ананың рухынан күш алып, алға ұмтылатын қасиетін алады.

Профессор Мұхтар Құл-Мұхаммед осы жөнінде де сәл тоқталып кетейік деп әңгімесін әрі жалғастырды. «Неше түрлі «данышпандар» көп  қой енді.  Бұра тартып, қазақтың жастарына қандай үлгі болмақ?» деп сынағандары да болды. Мен сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталаймын. Бұл – Ұлы адам.  Великая женщина! Неге?

Біреуді кінәлау үшін оның өмірбаянын білу керек, себебін білу керек. Мына кісі 1903 жылы ауқатты татар көпесі Зайнолла Ғабитовтың отбасында дүниеге келіпті. Қапал деген қалада туған. Алматының іргесі 1854 жылы салынған кезде Қапал қала статусында, іргелі қала болған. Неміс, француз тілдеріне жатықтырып, Еуропа әдебиетінен мол мағлұмат беретін дәрістер оқиды. Қыздардың музыкаға қабілетін байқап, пианинода ойнауды үйретеді. Сөйтіп жүрген кезде Жетісуда Азамат соғысы басталады. Генерал Дутов, атаман Анненковтың шұбырған әскерлерінің бар жауыздықтары осында өтеді. Осындай ақ пен қызыл арпалысып, аңдысқан заманда аяқастынан арандап қалмау үшін Фатима анасы Ғайнижамалдың батасын алып, бұл кезде жергілікті большевиктер жағында қызмет істеп, іскерлігімен елге танылып қалған Біләл Сүлеев деген азаматқа 15 жасар Фатима 1918 жылы тұрмысқа ұзатылады.

Фатима Біләл Сүлеевтен алтын асықтай екі ұл туады.  Біреуі Азат Сүлеев,  екіншісі Жәнібек Сүлеев.  Азат үлкен азамат болады. Москва Мемлекеттік университетін  бітіріп, шығыс тілдерін меңгеріп шығады. Жәнібек «халық жауының емес, халық батырының баласымын» деп өз еркімен майданға аттанып, сонда қаза табады.  Азат Сүлеевтің баласы – Жәнібек  Сүлеев біздің ортамызда отыр» деп жақсының көзін елге таныстырды.

Әрі қарай ойын жалғастырған Мұхтар Абрарұлы, 1937 жылдары атылып кеткен күйеулерінің ұрпағынан  қиын жағдайларда айырылып қалған  апаларымыз жеңгелерімізді кінәлауға болмайды. Бірақ мына кісі  Біләлдің екі баласын жеткізген. Біләлсіз жеткізген. Біләл Сүлеев  М.Әуезов,  Ә. Ермеков,  Дінше Әділовпен бірге  түрмеге жабылған.  Екі жылғы айыптан кейін Мұхтар Әуезов барлық шығармаларынан бас тартып, өзін-өзі айыптап түрмеден  босатылып шығады. Дінше Әділов атылып кетеді. Алаш ардақтыларына кезенген алғашқы оқ – 1929 жылы атылды.  Қазақстанға келсе Біләл Сүлеев те атылып кететін еді. Сондықтан амалдың  жоқтығынан  келе алмаған Мәскеуді Қарақалпақстан жақты тасалап кеткен. Елде қалған Фатимаға балаларды асырау керек қой. Сөйтіп жүргенде Ілияс  кездеседі.  Бір ауылдан, былайша айтқанда әмеңгері. Бір атадан, бір рудан Ілияс өзінің сүйіспеншілігін білдіреді. Ілиястың отыздың жуан ортасындағы қырықтың қырқасына жақындап қалған  кезіндегі ғажап махаббаты – жастай жесір қалған Фатиманың жүрегін жылытты. Ол бұған да адал болды. Үміт пен Ильфа екі қыз дүниеге келеді.  Үшінші баласына аяғы ауыр кезінде Ілияс ұсталып,  Болатты жазушының түрмеде жатқан кезінде туады.

Бес жыл бақыт құшағына бөленіп, бір-бірін әз тұтып, таза көңілден сыйласқан  жандардың ең соңғы кездесуі 1938 жылдың ақпан айында НКВД түрмесінде өтіпті. Бұл туралы деректі де біз Фатиманың естелігінен табамыз. Кездесуге Фатима Ілияс әлі көрмеген емшектегі сәбиі Болатты да ала барыпты:

«Күнұзаққа ашыққан жас нәресте қомағайлана еме бастады. Ілияс мен отырған орындықтың артына келіп, Болаттың шашалып, қомағайланып емген түріне қарап тұрып:

– Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуге үйрет бұл ұлды, – деді. Тергеушінің: «Өзіңіздей жазушы болар», – дегеніне Ілияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін», – деді.

Фатима шақалақ баланы аман-есен өсіріп,  тура  әкесінің деңгейін жеткізіп,  Жансүгіров Жазушылар одағының төрағасы болса, Болат Ғабитов-Жансүгіров  кинематографистер Одағының басшысы болды. Осындай  ұлы адам болмаса, ұрпағының тағдыры қалай болар еді?!

Ал енді Сараман жолының үшінші тарихын бастамас бұрын, Мұхтар Әуезовтің өмірінен айталық. Мұхаңның үш ұлы болған, Біріншісі Райханнан туған Шоқан жасында шетінеп кетеді, одан кейін Ленинградта оқып жүрген кезінде  Валентина Николаевна Кузьминадан Елдес турады,  Ленингардтан Ташкентке келе жатқан жолда балаға  ауру жұқтырып  Ташкентте ол қайтыс болады.  Одан кейін Елдар деген бір ұлы жарымжан болып туады.  Сонда дүниеден ұлсыз кетемін ба деп отыр ғой. Соның бәрі  кітапта бар. Мұхаңа Мұраттай  ұл туып береді. Мұрат дүниеге келмесе Мұхаңның ұлдан тараған ұрпағы қалай болар екен. Мұраттың аяғы құтты болып,  Ернар дүниеге келеді. Ернар тамаша азамат болып өседі, ғылым кандидаты ориентолог. Докторлық диссертация қорғау қамында жүрген кезде  көлік апатынан қайтыс болады. Ұрпағы бар. Осындай жағдайда Мұхаңды да бақытқа жеткізген адам, үш қазақтың  алыбынан тапқан балаларының бәрін жеткізіп, ел қатарына қосып, үлкен елге айналды.

Мұрат ағамыздың сексен жылдығына орай  «Қазақ рухы» деген кітабы жарық көріп, «Ардақты бауырым,  ата-анам туралы тамаша естеліктер жазып, ұзақ жылдар бойғы  сырлас досым болған  академик Мұхтарға  Мұрат ағасынан естелік» деп кітабына қолтаңбасын қалдырып, жазып берді. Екеуміздің арамызда 20 жылдай айырмашылық бар. Бірақ екеуміз дос, сырлас болдық.

Оқырман байқағандай, бұл кітап аяқталмағандай әсер қалдырады. Оқиға сексенінші жылдармен бітеді. Әрі қарай кіші Әуезовтің өмірі басталуы керек. Невада-Қазақстан қозғалысы вице-президенті, Парламент депутаты,  Қазақстанның Қытайдағы тұңғыш елшісі, Азамат оппозициялық  партиясының жетекшісі, Ұлттық кітапхана директоры кезіндегі қызметі бір төбе. Бұл бір берекелі уақыт болды. 50 жуық телехабар жасап, кітап етіп жариялады. Артынан естеліктерін  жазды.

Мұрат Мұхтарұлы туралының өмір жолы қашан жазылып, қашан шығатынын  айта алмаймын. Кітаптың да адам тағдыры сияқты тағдыры болады», деп қайырды.

Сонымен Академик Мұхтар Құл-Мұхаммед «Сараман жолы» атты жаңа кітабында ұлт әдебиетінің ұлы классигі Мұхтар Әуезов пен оның талантты ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің тағдыры арқылы қым-қуыт оқиғаларға толы XX ғасырдағы қазақ қоғамының саяси тарихын әр қырынан ашып көрсетеді.

Кітаптың «Қайсар рухты ғазиз жан» атты алғашқы тарауы XX ғасырдың басында дүниеге келген Мұраттың анасы Фатима Ғабитованың тағдыр-талайына арналған.

Автор Фатиманың ауыр тағдыры арқылы қазақ даласының шұрайлы жері –  Жетісудың отарлануын, Азамат соғысы жылдарында генерал Дутов, атаман Анненков әскерлерінің осы өлкеде жасаған жауыздықтарын кейіпкердің бұлтартпас нақты фактілерге құрылған естеліктеріне сүйеніп ашады.

Осы тарауда ғасыр басы мен жиырмасыншы жылдардағы қазақ даласындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі, республикада ашылған жоғары оқу орындары мен оларды ашудағы С. Асфендияров, А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, Х. Досмұхамедов сияқты ұлт зиялыларының еңбектері баяндалады.

«Алтын баладан – алып эпопеяға» атты екінші тарауда екі бірдей жары сталиндік репрессияның қанды шеңгеліне ілініп, атылып кеткеннен кейін бес баласымен аңырап қалған Фатиманың тіршілік үшін, шүпірлеген балаларының амандығы үшін жанкешті күресі суреттеледі. Осы кезеңде оның ежелгі танысы Мұхтар Әуезов жанынан табылады. Екеуара сыйластық сүйіспеншілікке ұласып, дүниеге «алтын бала Мұратай» деп жазушы еркелеткен Мұрат Әуезов келеді. Өмірге ұрпағын жалғайтын ұл келгеннен кейінгі кезеңде үздіксіз қудалау, сынау, қуғындау мен абақтыға жабудың алдында жүрсе де, кейін әлем әдебиетінің классикалық туындысы ретінде танылған, қазақтың бас романы – «Абай жолы» эпопеясын жазуды аяқтайды.

«Аласат соңы – сабағат» атты үшінші тарауда «Абай жолының» орыс тіліне аударылып, толып жатқан машақаттармен Одақ оқырмандарына жетуінің жай-күйі айтылады. Сондай-ақ ұлы жазушының  сол кездегі республика басшысы Ж. Шаяхметовтің қолымен ұйымдастырылып,                1953 жылдың сәуіріндегі үш күнге созылған тұрпайы айыптаулардан кейін достарының көмегімен Мәскеуді жағалауы, Мәскеу мемлекеттік университетіндегі ұстаздық, профессорлық қызметі сөз болады.

«Қоңырдың күзі» атты келесі бөлімде бар ғұмыры қуғын-сүргінмен өткен жазушының Қазақстан басшылығына П. К. Понамаренко, Л. И. Брежнев келгеннен кейінгі уақыттағы өмірінің берекелі, жемісті кезеңі суреттеледі. Осы кезеңде, 1957 жылы жазушының 60 жасқа толған мерейтойы республика көлемінде кеңінен атап өтіліп, 1959 жылы оған Кеңес Одағының ең мәртебелі марапаты – Лениндік сыйлық беріледі.

Мұхтар Әуезовтің атағы әлемді шарлап кеткен 1959 жылы оның болашағынан зор үміт күткен ұлы Мұрат Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне түсіп, даңқты әкенің жолын жалғайды.

Кітаптың «Пышаққа түскен кітап» атты бесінші тарауында Мұрат Әуезов бастаған талантты жас ғалымдар жазып, 1976 жылы идеологиялық тұрғыдан зиянды еңбек ретінде туралып кеткен «Көшпелілер. Эстетика. Дүниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» атты көшпелілердің көне мәдениетін зерттеу мен оның әлемдік өркениетке тигізген әсері жайлы жинақтың жазылу тарихы, оның авторларының шығармашылығы тарқатылады.

«Өршіл рухты өзден» деп аталатын кітаптың алтыншы тарауында Мұраттың Мәскеу, Ленинград және Кеңес Одағының өзге де ірі қалаларында оқитын талантты қазақ жастарының басын қосып, тоталитарлық жүйеге қарсы «Жас тұлпар» ұйымын құрғаны баяндалады. Оның қатарында кейін қазақ ғылымы, мәдениетінің дамуына аса зор үлес қосқан Б. Тайжан, С. Ақатай,       М. Айтқожин, М. Ғылманов, Ә. Мұхамбетова т.б. зияткерлер болды.

«Саяқ жортқан саңлақ» атты келесі тарауда жетпісінші жылдардағы Мұрат Әуезовтің шығармашылық ізденістері мен ортасы талданады. Ол бұл жылдары қазақ әдебиеті мен өнеріндегі білімді, тегеурінді жас буын                     О. Сүлейменов, Б. Ғабитов-Жансүгіров, С. Санбаев, А. Сүлейменов,                    А. Сейдімбек, М. Қисамединов, С. Айтбаевтармен етене араласып, олар бір-бірін шығармашылық тұрғыдан қолдап отырған. Мұның бәрі Мұрат Әуезовтің сол жылдары жазылған күнделіктерінен әдемі көрініс тапқан.

Іргелі еңбектің «Үндістан үндестігі», «Жазылмаған Жапония», «Ашылмаған Америка» атты кейінгі үш тарауы әкелі-балалы Әуезовтердің әлемнің үлкен үш елі – Үндістан, Жапония және АҚШ-қа жасаған сапарларына құрылған. Автор олардың күнделіктері мен жарияға жеткен жолбаян еңбектерін салыстыра талдау арқылы үш елдің тарихы, мәдениеті мен өнері жайлы және олардың ғылым мен әдебиет саласындағы көрнекті өкілдері туралы таным-тағылымы мол деректер келтіреді.

Академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің түрлі мұрағаттық материалдарды кеңінен қамтып, кейінгі үш жыл ішінде үздіксіз жазылған «Сараман жолы» атты іргелі еңбегі 2023–26 жылдар аралығында «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз» журналында, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді.

Сараман жолы кітабының тұсаукесер рәсіміне ғалымдар Бақытжан Жұмағұлов, Зиябек Қабылдинов, Берекет Кәрібаев, Серік Негимов, Қансейіт Әбдезов, Мұхтар Әуезовтің жиені Диар Қонаев, ақын-жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Бауыржан Жақып, кітапты шығарған «Атамұра» баспа корпорацияның президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, тағы басқалар қатысты. Ғалымдар өз пікірлерімен бөлісіп,  ыстық лебіздерін жеткізді.

Қайсар рухты ғазиз жан

Алтын баладан – алып эпопеяға

Аласат соңы – сабағат

«Қоңырдың» күзі

Жазылмаған Жапония

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button