Жарық нұрдың сәулесі
Кестелі ойдың көрігі
Келер, 2023 жылы қайраткер тұлға - Исатай Әбдікәрімұлының туғанына 100 жыл толады
Жарықтық Исекең, жарық дүниенің жүзін Жаңақорғанның киелі жерінде көрді. Бүгінде дарияның дөңестеу бойында «Бес кемпір» дейтін жер атауы бар. Сол бес кемпірдің бірі Исекеңнің анасы еді.
Біз жерлеспіз, мені Жаңақорған жұрты жат көрмеді, бауырына басты. Сондықтан арқалы аға ретінде көкемізді ардақ тұтамын, парасатты жолын жалғауға перзенттік парызымды қоса беремін.
Мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовпен 1998 жылы өмірімде алғаш және соңғы рет кездестім. Қызылорда қаласының 180 жылдығы мерекесіне орай Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Өлмесхан Мәтенұлы Болатбеков және ішкі саясат бөлімінің бас маманы яғни мен, оның үйіне құттықтап бардық. Қолымызда сый-сияпатымыз бар, соны табыстауымыз керек. Күн ызғарлы болатын. Үйдің іші қоңыр салқын екен, ол шайқалма креслода отырды. Одеяломен оранып алған. Сырбаз, сұңғыла кісі ғой, тоңғанын сездірмеуге тырысып, тағылымды ой тарқатты, «Көп екен көргенімнен көрмегенім» дейтін туындысына қолтаңба жазып, тарту жасады. Жылы жүзінен шуақ төгіліп тұрды, тағы да кездесетіндей кейіп білдіріп, үлкендік ишаратпен шығарып салды. Сол кісінің кітабы менің бағалы бұйымым болып, қазір төрімде тұр.
Жаңақорған ауданы Қожакент ауылында екі мектеп бар. Оның бірі әрі еңселісі Исатай Әбдікәрімов есімімен аталады. Тұғыры биік тұлғалы ағамыздың атына сай жыл сайын оқушылардың білім сапасы артып, аудандағы іргелі білім ұясына айналды. Бұл да болса, киелі кісінің әруағының қолдауы, ұрпаққа ұлағатты жолының ұлық үлгісі болып қалыптасуының негізі.
Саналы ғұмырында қандай жауапты қызметті атқарса да Исекең туған топырағы Жаңақорғанымен рухани байланысын үзген емес. Әйтеуір мүмкіндігін тауып, елге, ағайынға жиі ат басын бұрып тұруға тырысты. Елдің мәселесін, жерлестерінің аманатын көзінен таса қылған емес дейді көзкөрген замандастары. Осындай азаматтығын есінде сақтаған елі оны Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр Адамы» құрметті атағына лайықты таңдады. Бүгінде Қызылорда қаласындағы аграрлық- техникалық жоғары колледж қайраткер есімімен аталады.
Исатай Әбдікәрімұлы еңбек жолын да Жаңақорған ауданынан бастап, әуелі аудандық «Екпінді» газетінде әдеби қызметкер, сосын 18 жасында қан майданға аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралған соң аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. Осылай елден ер шықты, ерді елі еледі.
Қайраткердің өмірбаянына зерделей көз салғанымда менің туған жерім Қармақшы ауданына екі мәрте барып, жауапты қызмет атқарғанын байқадым. Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тәжірибе жинақтаған ол 1949 жылдан бастап облыстық партия комитетінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, облыстық комсомол комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарды. 1953-1955 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық Кеңесі атқару комитетінің хатшысы, ал 1955 жылдан Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қармақшы өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1978-1979 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумының Төрағасы болды.
Исатай Әбдікәрімов КПСС ХХІҮ съезінің делегаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Еңбек Ері атағымен, екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, Құрмет белгісі ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Ел мақтаған, жұрт жақтаған Исатай аға 2001 жылы 7 сәуірде дүниеден өтті. Соңғы қоштасу сапарына жиналған мұқым ел Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театры алдында мұңданып тұр. Шер толқытқан қаралы митингіде мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов сөйледі. Жоқ, ол жансарайын жаншып, алғаусыз ақтарды. Кесек-кесек сөзі сай сүйекті сырқыратып, күллі халықтың қайғысын қайратқа жеңдірді. Тауып айтқан сөздің соққысы сойылдан артық деген, қайран, Сейілбек ағаның сол қанатты сөздері әлі құлағымда қалқып тұр.
Келер, 2023 жылы қайраткер тұлға – Исатай Әбдікәрімұлының туғанына 100 жыл толады.
Ғасыр ғұмырдың ғаламаты Сыр өңірінде лайықты аталып өтеді.
Өмір өнегесі, тұлға танымы, тағылымы ұрпақ жадында жаңғыра береді.
Руслан Рүстемов