Алаутдин ишан
1930 жылғы 4 қаңтарда облыстық ОГПУ органы тарапынан Қазақстан Республикасы көлемінде, сондай-ақ Орта Азия ОГПУ органдары бойынша Аппақ Ишанов Алаутдинді табу, ұсталған жағдайда табанда қамауға алуға қажеттігі жайындағы өте құпия жеделхаты жер-жерге жөнелтілді. Іздеу әлі күшінде еді. Өте «құпия хат» хабарында атап көрсетілгендей Қазақстаннан Өзбекстан Республикасына қашқан ишандар қатарындағы әкелі-балалы Аппақ ишан мен оның баласы Бахибулла, Аппақ ишанның інісі Сабыр облыстық ОГПУ жанындағы «Үштіктің» үкімімен жазасын алып, алыс жаққа жер аударылып кетсе де Алаутдин тұзаққа түспей-ақ қойды. Жасынан зерек, құйма құлақ, ұғымтал болып өскен бала ОГПУ-дың «қырағы сақшыларын» керемет таң қалдырды. Алаутдиннің оқуы он бес жылға созылса, білімін үзіліссіз жетілдіруде жүрген болса, таң қалмағанда қайтсын? Шындығында Алаутдин 1894 жылы туылып, 1902-1905 жылдар аралығында шаян мешіт-медресесінде атақты Жақып дамолланың сыныбында оқыса, 1905 жылы Түркістан, 1906 жылы Ташкент, 1907 жылы Бұхара, 1908-1910 жылдарда Самарханда, 1910 жылы Хиуа қаласы маңындағы Үргініште, 1911 және 1912 жылдары Уфадағы атақты «Ғалия», Орынбор қаласындағы «Хусаин» медресесінде дәріс алған, үлкен білім иесі екендігімен танылды. Сонымен бірге 1910 жылы он алты жасында Құранды жатқа оқитын, сазды мақамы бар Қары атағын алғандығы да тергеу орындарына мәлім болды.
Алаутдиннің жолын қуып келгенде қайта-қайта айналып Шаян мешіт-медресесіне соға бергені айқын аңғарылады. Әрине, мұнда ұлы Мұхаммед Пайғамбар ұрпақтары дейтін әкесі, ағалары мен әкесінің інілері, өзі пір, ұстаз тұтқан атақты Жақып дамолла бар еді. 1914 жылдан 1922 жыл аралығында осы медреседе жас шәкірттерге бар тапқан, жиған білімін кейінгі ізбасар шәкірттерінің зердесіне құюға ұмтылды. Қазан төңкерісінен кейінгі дүрбелең шақ бұл жерден жылыстап, Өзбекстан жаққа кетуіне мәжбүр етті. Осы аласапыран, шақтарда қазақтың оқыған, білімді зиялылары «Түркістан өлкесін құру» жөніндегі бірде астыртын, бірде жасырын күрес жүргізіп келгені мәлім. Бұл жоспарды орындау мақсатында Мұстафа Шоқай ұйымдастырған «Шора ислам» ұйымының белгілі бір дәрежеде ықпалы болғаны және ұйым мүшелерінің қатарында Алаутдиннің де жүргені мәлім болды. Осы мәліметтердің жиынтығы ОГПУ-дың қырағы сақшыларының қолына түсіп қаралау мақсатындағы материалдар қалыңдай берді.
Іздеуде жүрген Алаутдин Аппақ Ишанов «Қазақстан Республикасы, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының өңірінде жоқ, болуы мүмкін емес» деген қорытынды жасалды да, 1935 жылы оны Өзбекстан Республикасынан, Ташкент, Самархан төңірегінен, әсіресе, діндарлар көбірек шоғырланған жерден іздеу қажет деген бағыт ұсталды. Осы шараларды іске асырудың өзінде де қашқынды ұстап, қамауға мүмкін болмады. Бір ғана айқын нәрсе сол: қашқын халықтың қалың ортасында жүр, оны ешкім де көрсетіп ұстап бергісі жоқ. Алаутдиннің көбейтіліп түсірілген бейне суреті жер-жерге, НКВД, Ішкі істер бөлімдерімен қатар ауылдық кеңестерге де жіберілді. Араға салған белгіленген уақыт та еш нәтиже бермеді. Тек осыдан кейін ғана тергеу орындары «Алаутдин Аппақ Ишанов басқа атпен, жалған төлқұжатпен жасырынып қашып жүр» деген қорытындыға келді.
Ташкент іргесіндегі Тойтөбе елді мекені маңында жаңадан ұйымдасқан Калинин атындағы колхоз адамдары арасында өзбекше, қазақша, орысша, парсыша, түрікше таза сөйлейтін «қайыршы» пайда болғанын ауылдық кеңестің жауапты хатшысының міндетін атқаратын Ділдабек Садыбаев байқап қалған еді. Қиырдағыны қалт жібермей қабағынан танитын жігіт мұның тегін адам емес екенін бірден аңғарғанды. Кешкі беймезгіл, адам аяғы сиреген апақ-сапақ шақта кеңсеге келіп, ОГПУ тарапынан іздеуде жүрген адамдардың суреттері арасынан Алаутдиннің әртүрлі кескінде түскен суреттерін салыстырып оырып: «дәл осының өзі» деген-ді. Бірақ, бұл сырды сыртқа шығарған жоқ, ішке сақтады. Дәл сол күннің ертесінде түстен кейінгі жұмыстың қауырт шағында ауыл үйді аралап келе жатқан Ділдабек иығына қоржыны, бір қолында ақ таяғы бар «дуананы» ауылдың сырт жағында салынған арық үстіндегі көпірде ұстады.
-Ассалаумалейкум, жарықтық, шаршадың ба, мына атқа міне ғой, – деп Ділдабек жорға күреңінен секіріп жерге түсті.
-Мені әурелеме, сельсовет бала, мен бір жүрген бейшара адаммын, не қыласың әурелеп, – деп Алаутдин азар да безер болды.
-Жоқ, мініңіз, Сіздей әулие адамдар жаяу жүргенде біздердің атқа мініп, шіреніп жүруіміз жараспайтын қылық. Ділдабек қоярда қоймай Алаутдинді атына мінгізді.
Бұл осыдан төрт-бес жыл бұрын 1929 жылдың қоңыр күзінде Шаян аудандық НКВД, Ішкі істер бастықтары болып қожа-молдалар тобын сонау қиырдағы Арыс қаласының түрмесіне айдап апарды да, сенім артқан «қызыл жағалы» жігітіміз Садыбайдың Ділдабегі болатын-ды. Жан дүниесі таза, ар-намысына дақ түспеген, ұрлық пен қарлықтан аулақ адамдарды нақақ түрмеге айдап кімге жеңіл тисін. Намаздыгер, намазшам уақытында Қызыл Көпірден өте салысымен қожа-молдаларды, Шаян медресесінде сабақ берген дамоллларды босатып қоя берді де Ділдабек бастаған үш жігіт көрші Өзбекстанға тартып тұрды. «Қызыл жағалы» қашқын жігіт ешқайда бұрылмастан Жоғарғы Шыршық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіндегі жақын ағасы Нарбек Сыпатаевқа келіп, ақыл сұрады. Аупартком хатшысы жас жігітке алғашқы кезде Бектемірдегі учаскелік милиция қызметкері болып істеуге кеңес берді де жыл өтпей жатып осында ауылдық кеңестің хатшысы қызметіне ауыстырды.
Ендігі кезекте қорытындыны жоғарғы құзырлы орын беруі керек. Ақыры бұл іске байланысты 1947 жылғы 29 наурызда Ішкі істер министрлігі жанындағы әскери прокуратурасының прокуроры, әділет подполковнигі Голубеевтің тиянақтаған қорытындысын КСРО Ішкі істер министрлігінің әскери прокуратурасының әскери прокурорының орынбасары, әділет гвардия полковнигі Березовский қол қойып бекіткен қылмысты істі қарап, Алаутдин Аппақ Ишановқа жаза белгілеуді КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жанындағы арнаулы Бүкілодақтық Кеңестің қарауына ұсынды. Бүкілодақтық бұл кеңес 1947 жылғы 5 сәуірдегі өзінің талқылауында Алаутдинге 8 жыл мерзімге бас бостандық еркінен айыру жазасын белгіледі. Сөйтіп НВКД жанындағы «Үштіктің» де, халық сотының да, ішкі істер органдары жанындағы соттың да шамасы келмейтін бұл іске осылайша нүкте қойылғандай еді. Ал, 1989 жылғы 16 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президумы Алаутдин Аппақ Ишанов қылмысты деп танылған №2960 істе қылмыс құрамы болмағандықтан оны толық ақтады, арада қаншама жылдар өткенде әділет салтанат құрды.
Бірақ үлкен жүректі азамат, адамдарды ізгілікке, игі мұраттарға үндеген, ислам дінінің нұрлы шұғыласын айналасына таратумен болған, сонысымен халқының асыл перзентіне айналған Алаутдин Аппақ Ишанов Краснодар өлкесіндегі лагерьде жазасын өтеп жүрген кезінде 1953 жылы күзде алпысқа қараған шағында өмірден озды.
Бір замандарда «бір қойыңды мың қой қылар жері бар, мың қойыңды бір қой қылар желі бар» тусырап жатқан дала төсінде, Шаян өзенінің Қарабастау деген жерінде, мұсылман қауымының, иісі осы төңіректегі күллі қазақтың бағына салтанатты мешіт бой көтерді, онымен қатарласа ислам дінінің нұр шұғыласын таратушы, даланың алыс қиырларына жеткізуші шайықтарды дайындайтын медресе тұрғызылды, нелер ғұлама әулие, дін ілімінің тереңіне бойлап, асылдарды теріп ала білген дамолла ұстаздар жас шәкірттерге сабақ берді. Ал, ХХ ғасырдың басында жер бетінде пайда болған алып мемлекеттің басында отырған Ібілістің қолындағы қан сорғалаған алдаспан дамолла ғұламаларды алыс қиырларға айдады, қуғын-сүргінге ұшыратты, Шаһ Бүзірік заманына, ұлы өзен-дария жағасына Мұхаммед Шайбани әскерінің соңында көтерілген қою щаң бұл жолы да көтерілді, бірақ, қанды шаңға айналды. Үш миллионға жуық қазақты алып тынған Ібілістің қолындағы зұлмат күш заманында мына айдынды дала төсінде ислам нұрын таратушы, шырақ болып жанған Аппақ Ишан жетпіске қараған шағында, оның ұлы Алаутдинді алпысқа аяқ басар сәтінде қасірет пен қайғы мекені-қапас төрінде алып тынды, Мұхаммед Пайғамбарың ұлы өмірдің негізгі заңдылықтарын түйіндеген Хадистер топтамасын ұрпақтар жадынан шығаруға, сөйтіп, өсіп келе жатқан ұрпақтарды мәңгүрттік қалыпқа түсіруге қызыл империя бар күшін салды. Бірақ, ақыры болмады, ХХ ғасырдың соңына таман іштен мемлекеттік құрылым өз-өзінен жер бетінен ізім қайым жоқ болып жоғалып тынды.