Ғалымның хаты

Әбдіжәлел қожа және оның ұрпақтары

XVIII ғасырдағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезеңінде  ерекше көзге түскен тарихи тұлғалардың қатарында Әбдіжәлел қожа да болатын.

Сол дүбірлі тарихи оқиғалар тұсында хатталған мұрағат  құжаттарында Әбдіжәлел  бүкіл қазақ халқының пірі ретінде көзге түсіп көпшілікпен мойындалған. Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғының» бірінші жарғысында  «Халықтың ханы, сұлтаны, Пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін», – деп жазылған [1, 120 б.]. Яғни қазақ қоғамы Пір-әзіретті  айрықша құрмет тұтқан.   Жалпы мұсылман дінінде пір ақсақал, қарт кісі деген мағынаны білдіреді. Сондықтан дінімізде тасаууф ілімінің ғұламаларын сол жолдың үлкені, ақсақалы, құрметтісі деген мағынада пір атаған. Бұл арада тасаууф – сопылық салт-дәстүрді уағыздайтын ілім. Тасаууф ғалымдары бұл ілімді жүректі тазалау, жаман мінездерден тазару, жақсы мінездермен толтыру, рухты тазалау, жақсыны меңгеру деп түсіндіреді. Олай болса пірлер халқымыздың арқа тірер асылы, тірегі, жақсылыққа бастаушысы болған деуімізге болады. Біздіңше халқы мен сол замандағы атақты би-батырлары, елдің бетке ұстарлары мойындаған Әбдіжәлел дәл сондай тұлға болған.

Әбдіжәлел қожаның есімі қолда бар мұрағаттық деректерде алғаш рет қазақтың игі-жақсыларының  1785 жылы 21 шілдедегі орыс патшасы  ІІ Екатеринаға жолдаған хатында аталады.  Хат соңында елге белгілі 55 рубасыларының соңында «Пир всего киргиз-казахского журта Абул-желил хожа», – деп анық жазылған. Хат астында есімдері жазылған тұлғалар қатарында атақты Сырым батыр, Әйтеке бидің ұлы Өтебас, немересі Қаракөбек, әйгілі Бөкенбай батырдың ұлы Тіленші, Қара, Саржала, Дөнен, Қаратау, Сегізбай, Тұрмамбет және өзге де би-батырлар болды.  Хат жолдаушылар ел ішінде қалыптасқан күрделі мәселеге назар аударып, шекарадағы қазақ-орыс қарым-қатынасын реттеуді көздейді [2, с.52-54].    Қазақ-орыс қарым-қатынасындағы Жайықтың Еуропа бетін жайлау, тұтқындар алмасу, казак-орыс әскерилерінің озбырлығы мәселелері қай уақытта да күн тәртібінен түспеді. Бұған қоса сол заманда хандық басқару жүйесінде де дағдарыс шиеленісе түсті. Ел игілері оны көре тұра Нұралы ханды алмастырып, орнына атақты Батыр ханның ұрпағы кезінде Хиуаны билеген Қайып сұлтанды көтеруге күш салады. Ол турасында Сырым, Әбужәлел, Сегізбай, Мұратбек және өзге де беделді тұлғалар ашық жазады [2, с.62-65].

Патша үкіметі қазақтардың хатын шебер пайдалана білді. Кіші жүз қазақтары қазақ-орыс шекарасындағы шиеленіс себебін ханның Ресейдің саясатын жүзеге асыруынан іздеді. Ол турасында әбден қартайып, ел ішімен байланысын үзген Нұралы хан: «Қазақтар мені – орыстың ханы, біздің жайымызды тіпті ойламайды, менен теріс айналды, көшіп кетті», – деп мойындайды [2, с.56]. Соңында патша шенеуніктері 1786 жылы көктем шыға қазақ ханын алдын ала жоспарланған айла-шарғымен кездесуге шақырып, артында Уфаға жер аударып тынады. Ресей саясаткерлерінің «бізге тиімдісі қазақтарды қазіргідей бөліп-бөліп басқарту» дегені хандық басқаруды жоюға басталған жоспардың бастамасы болды [3, 2-3 п.].

1786 жылы 9 наурызда Кіші жүзде Халық кеңесі ұйымдастырылып, 1000 адамның қатысуымен елдің ертеңі талқыға түседі. Кеңеске Сырым, Әбдіжәлел, шекті Мұрат би, адай Асан би, табын Тіленші батыр, масқар Дөнен батыр, беріш Төлек, Саржала, Бөдене, Байгелді т.б. ел игілері қатысқан.  12 наурызда М.Черкаский мен ахун М.Хұсайынов Әбдіжәлел қожадан Қайып хан жөнінде сұрастырады. Қожа өз ойын бүкпестен «Қайып хан әйгілі тектен шыққан. Бұрын 15 жыл Хиуа халқын басқарған. Бүгінде елге оралды. Ол шешім қабылдай алатын, батыл, әрі әділ адам. Қайып хан Сыр бойындағы Ұлы Борсықты, кейде Елек бойларын мекендейді» – деп мәлімдейді [4, 102 п.]. Міне осындай ақпаратпен танысқан орыс елшілері Әбдіжәлелге ойларын жүзеге асыру үшін О.А.Игельстроммен танысып, орыс патшасының «бодандығын» қабылдауға шақырады. Ендігі жағдайда Ресей Әбдіжәлел қожаны беделді тұлға ретінде тани бастады.

Дегенмен Ресейдің қазақтардың ішкі ісіне ашық араласуы елдегі жағдайды шиеленістіре түсті. 1786 жылы тамыз айында Нұралы хан балалары қалыптасқан жағдайға  Сырым батырды кінәлап, оны қолға түсіріп елдің оңтүстігінде орналасқан Ерәлі сұлтанға әкетеді. Мұндай әрекетті беделді Сегізбай, Тұрмамбет, Қаратау, Көккөз, Сопыра билермен қатар Әбдіжәлел де талқылайды. Соңында олар бірлесе Симбирск-Уфа генерал-губернаторы О.А. Игельстромға хат жолдап, Сырымды босату «өз мәселеміз», – деп хабарлайды. Хатты Әбдіжәлел қожаның ұлы Араслан  өзге де қазақтармен бірге жеткізеді [2, с. 72-73].

Бұл кезеңде Әбдіжәлел қазақтың игі-жақсыларымен бірге ел тыныштығы үшін барлық саяси шараларға қатысады. Алдымен ол Ресей шекарасындағы қорғанда қамауда жатқан Айшуақты, Уфада жер айдауда жүрген Нұралы ханды елге қайтаруға жұмыстанады. Оны іс жүзіне асыру үшін ол 1787 жылдың көктемінен бастап орыс керуендерін қазақ даласынан жүргізбей ұстап қалуды ұйғарған өзара келісімді қолдайды. Мұндай келісімге Сыр бойы рубасылары – Өтебас, Сартай, Қаракөбек және өзге би-батырлармен бірлесе келеді. Ол турасында Я.М.Зенбулатовқа: «Нұралы ханды кездесуге шақырып, ұстап қалдыңыздар. Сіздерге жауыздық жасамаған Айшуақты не істедіңіздер, ал баласы Сапақты жолдастарымен өлтірдіңіздер» – деп ашық хабарлайды [5, 152 б.].  Ерәлі сұлтанның бастауымен жүзеге асқан Бұхарадан шыққан орыс керуендерінің тоқтатылуы Ресейді алаңдата бастады. Өйткені ол арқылы орыс экономикасына зор шығын келетін. Осы жолы орыс саудагерлері 121 102 руб. шығынға ұшырайды. Амалсыздан орыс әкімшілігі өзара түсіністік іздеп, Әбдіжәлел, Жанұзақ, Боранбайлар арқылы Ерәлімен байланысқа шығуға мәжбүр болады. Қазақтардың өзара келісімімен тамыз айында Сырым Жайық бойына оралса, 14 қыркүйекте құрамында Сырым батыр, Әбдіжәлел қожа, Қаракөбек  би барлығы 18 адамнан тұратын хат О.А. Игельстромға жолданады. Хатта  Нұралы ханды елге қайтарудың қажеттігі баса көрсетіледі [5, 146, 152 б.].

Бұл уақытта Әбдіжәлел қазақ-орыс мәселелерін шешу мақсатында құрылған (1786 жылы 3 қазанда ашылды – Ә.М., Ж.Н.) шекаралық сотқа қазақтардан 6 адамды дайындауға келісімін береді. Сотқа қазақтардан Байұлы тайпасынан Бекайдар Жаңабайұлы, Жармұхаммед Үсенұлы, Әлімұлынан Рахманберді Құттыбайұлы, Базарбай Құдайбердіұлы, Жетірудан Арғынбай Шақабайұлы, Қалыбай Жарасұлы мүше болған. Тарихшы М.П.Вяткин тізімде қазақтар ұсынған Әбдіхалық қожа мен Қарабай сұлтанның  ұлы Есмұхаммедтің енгізілмей қалғанына заңды түрде таңданыс білдірген-ді [6, с. 235-236]. Біздіңше бұл арада тағы да орыс саясаты араласты.  Есмұхаммед сұлтан қазақтар қолдап жүрген Қайып ханның немере інісі болса, Әбдіхалық деп отырғанымыз Әбдіжәлел қожа деп есептейміз. Бұдан шекаралық орыс әкімшілігіне белді тұлғалардың қажет еместігін байқауға болады.

Міне, осындай деректерден соң Әбдіжәлел атауы мұрағаттан кездеспей, керісінше оның балалары Араслан, Нұрмұхаммед  тарих сахнасына шығады. Біздіңше қожа қартайып, қайтыс болған. Дегенмен жоғарыдағы аз ғана деректер оның қоғамдық-саяси белсенділігін дәлелдеп қана қоймай, елі мойындаған тұлғаға айналғанын айғақтайды. Әбдіжәлел қожа артында Араслан, Құдайқұл, Нұрмұхаммед, Қарабай, Құстауыр, Әділ, Басман, Досмұхаммед, Есмұхаммед атты 9 ұл қалады. Құстауыр мен Досмұхаммедтің балалары болмаған. Арасланнан -Төрежан, Әділден – Сұлтан, Құдайқұлдан – болашақ 12-ші дистанцияның басшысы Якуб, Басманнан – Әжіхан, Иман, Нұрмұхаммедтен -Тілеу-Мұхаммед, Сейіт-Ахмет, Шынанғали, Ишғали, Қарабайдан Бақыржан,  Ишмұхаммедтен -Аймұхаммед, Қалды, Меңді тарған [7, с. 26-100].

Әбдіжәлел қожа да ата дәстүрмен Шыңғыс хан ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара құдандалықты жалғастырған. Мәселен, Әбдіжәлел қожаның баласы, кейін Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет еткен, полковник шеніне жеткен Нұрмұхаммед  Нұралы ханның Той-Қара ханшайымына үйленген. Ханым Орынбор әскери губернаторы, барон О.А. Игельстромның сеніміне ие болған тұлға. Бұл турасында 1901 жылдың 23 ақпанында «Астраханский листок» газетіндегі И.С.Ивановтың «К столетнему юбилею Внутренной (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды» атты мақаласында: «Из дочерей Нурали-хана обращает на себя внимание княгиня Той-Кара, умная и красивая женщина, бывшая замужем за чиновником, служившим в Пограничной комиссии. Она постоянно жила в Оренбурге, но бывала и в столице, где усвоила себе наружную светскость и лоск, но одевалась всегда по-азиатски. Княгиня имела сильное влияние на барона Игельстрома, бывшего в 1797-1799 гг. военным губернатором», – деп тарқатылады [8, с. 2-3].

Мұндай пікірді жалғастырған тарихшы И.В. Ерофеева: «Одной из самых видных и влиятельных династий сайидов (группа сайид-кожа) в Казахской степи был разветвленный клан потомков племянника некоего авторитетного суфийского пира (шайха – наставника) казахов трех жузов сайида Мухаммад-кожа, который вместе с ханом Абулхаиром (1710-1748) еще в конце первой четверти XVIII в. переселился со своим семейством из г. Туркестан в Северо-Западный Казахстан. Внучка этого «святого», дочь его старшего сына Мурза-кожа в начале 50-х гг. XVIII в. была выдана отцом замуж за сына Абулхаира от волжской калмычки Баяны султана Чингиза (ум. в 60-х XVIII в.), а после его смерти унаследована по обычаю левирата ханом Младшего жуза Нурали (1748-1786). Последний имел от этого брака красавицу-дочь знаменитую княгиню (так она именовалась в российских официальных документах той эпохи) Тайкару (Той-Қара – Ә.М., Ж.Н.) (ум. после 1806), ставшую женой одного из знатных «потомков» по восходящей силсиле имама Мухаммада б. ал-Ханафийа (ум. в 700) надворного советника Нур-Мухаммад-кожа (Абжелилова, Абзелилова, Абзялилова; ум. после 1819), сына влиятельного «пира киргиз-казахского йурта» кожа Абу-л-Джалила б. Фар (Пир)-Мухаммад-кожа, а позднее – фавориткой оренбургского военного губернатора (1796-1798) барона Отто Генриха фон Игельстрома (1737-1823), возведенного в 1792 г. в графское достоинство Священной Римской империи германской нации», – деп толықтыра түседі. Бұл деректен біз Той-Қара Нұралықызының нағашылары қожа, нақтырақ айтсақ, сейіт-қожа екенін және оның әжесі Баян есімді қалмақ болғанын, сонымен қатар оның анасы Нұралы ханға әмеңгерлік жолмен келгенін біле аламыз [7, с. 19-20]. 1799 жылы 21 мамырда патша жарлығымен Орынбор әскери губернаторы Бахметевке: «Отвести для табунов и стад Тойкара удобную пастьбу в окрестностях Оренбурга … из уважения к ее породе», – деп тапсырылған болатын [9, с. 140].

Әбдіжәлел қожаның балалары да ел алдына шықты. Қазақ-орыс қарым-қатынасында Нұрмұхаммед қожа ерекше көзге түсті. Ол ел игілері ұйымдастырған кеңестерге қатысты, қазақтың би-батырларының ұсыныс-талаптарын орыс шенеуніктеріне жеткізіп отырды. Мәселен 1791 жылы 29 тамызда Боранбай мырзамен бірге Әбілғазы хан, Сырым, Қаракөбек билер бастауымен болған жиналыстың қорытындысын Орынбор губернаторы А.А.Пеутлингке табыстайды [10, 97 п.]. Басты мәселе тағы да хандық басқаруға байланысты өрбиді. Қазақтың белді игі-жақсылары  оған Ресейдің араласпауын тіледі және жасы ұлғайған Ерәлі сұлтанды қодамады. Оған қарамастан  Ресей  саясаткерлері өз шешімімен Ерәліні хандыққа бекітеді. Мұның арты ұлт-азаттық қозғалыстың  өршуіне әкеледі. Осы тұста Нұрмұхаммед қожа Елек қорғанына орын ауыстырады. Бұл кезеңде Нұрмұхаммед қожа Орынбордан титулдық кеңесші лауазымын (мұндағы титулдық кеңесші – 9-шы категориядағы азаматтық шен – Ә.М., Ж.Н.) алған-ды [2, с. 140-141]. Бұл шен армия капитаны деңгейінде саналды. Оны қазақтарға беру арқылы орыстың басқару жүйесіне тәрбиелеу мақсатын көздеді. Содан Шекаралық сотқа қызметке қабылданып, Орынборға ауыстырылады [11, с. 115].

1802 жылы 6 сәуірде  Нұрмұхаммед түркімендер ханы Пірәлі Нұралыұлының ұсынысымен 1799 жылы ашылған Орынбор Шекаралық комиссиясына заседатель ретінде қабылданады. Оны губернатор Н.Н.Бахметев бекітіп, қазақтарға қатысты мәселелермен шұғылдануды тапсырады.   Міне осы қызметті ол 1820 жылға дейін 18 жыл бойы сұлтан Тәуке Айшуақұлымен бірге атқарады. Осы жылы ол қартайғанын және 30 жыл бойы үздіксіз еңбек еткенін алға тартып, губернатор П.К.Эссеннен Орынборда қалмай Гирьяльск станицасында қыстауға рұқсат беруін өтінеді. Бірақ Шекаралық комиссия орыс үкіметінен жалақы алатын шенеунік ретінде Орынборда болуын талап етіп, ол орындалмаған жағдайда жалақыдан айырылатынын ескертеді. Комиссияда қызметте жүріп Нұрмұхаммед қожа надворный кеңесші лауазымына ие болады. Бұл мәселелерді талдаған тарихшы Г.Сұлтанғалиева кей жағдайда қазақтардың шекаралық мәселелерді шешуге қатыспағанын дәлеледеді [12].

Нұрмұхаммед қожа Орынбор өлкесінде тұрақтаса да елдің белді тұлғаларымен  байланысын үзбеді. Ол Арынғазы хан бастаған қозғалыс кезінде де байқалды.  Кіші жүз тағындағы Шерғазы ханның орнына Арынғазы сұлтанды сайлау туралы  Кіші және Орта жүз игі-жақсылары көтерген ұсынысты Нұрмұхаммед бірден қолдайды және бірнеше хат астына мөрін басады. Жазылған хаттарда Арынғазының ел тағдырына тигізер пайдасы баса көрсетіледі [2, с. 314, 322-323].

Қорытындылай келе, Әбдіжәлел қожа мен оның ұрпақтары қазақ тарихында терең ізін қалдырды.

Ә.Қ. Мұқтар – тарих ғылымдарының докторы, профессор

Ж.К. Нұрмұханов – педагогика ғылымдарының магистрі

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1 Артықбаев Ж.О. «Жеті жарғы» – мемлекет және құқық ескерткіші (зерттелуі, деректер, тарихы, мәтіні). Оқу құралы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2006. – 150 б.

2 Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). – Москва-Ленинград: Издательство Академии Наук СССР, 1940. – Т. IV. – 543 с.

3  Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты (алда РИССМ) 122 қ., 122/3 т., 1785, 2 іс

4 Ресей мемлекетінің әскери тарихи мұрағаты (алда РМӘТМ) 52 қ., 1/194 т., 367 іс

5 Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында (Қазақстанның батыс өңірі: XVIII ғасырдың екінші жартысы және ХІХ ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы тарихи жағдайлар). – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. – 258 б.

6   Вяткин М.П. Батыр Срым. – Москва-Ленинград, Издательство АН СССР, 1947. – 391 с.

7  Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-XIX вв. (история, историография, источники). – Алматы: ЖШС «Print-S», 2003. – 178 с. + вкл. 8 с.

8 Иванов И.С. К столетнему юбилею Внутренней (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды // Астраханский листок. – №42, 23 февраль, 1901. – 4 с.

9  Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизах степных областей. – Оренбург: Типолитография И.И. Жаринова, 1898. – 867 с.

10 РФ Орынбор облысының мемлекеттік мұрағаты (алда ОРОММ) 5 қ., 1 т., 39 іс

11 Касымбаев Ж. Государственные деятели Казахских ханств ХҮІІІ-первой половины ХІХ в. –Алматы: Жеті жарғы, 2001. Т.2: Хан Айшуак (1719-1810). – 254 с.

12  Султангалиева Г. Казахские Заседатели Оренбургской Пограничной Комиссии (Первая половина XIX в.) // Вестник КазНУ Серия Историческая -2013. – №4. – С.30 – 36

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button