Қисса Әйуп ғалайһи-уәссәләм
Әйуп ғ.с.-нің атасы Мағсүп. Мағсүптің атасы Риуаһ, Риуаһ атасы Рүм, Рүмның атасы Ғайсо, Ғайсоның атасы Ысхақ ғ.с. еді.
Әйуп ғ.с. Рұм жерінен еді. Оның анасы Лұт ғ.с.ның қызы болатын. Қатыны Жүсіп ғ.с. нәсілінен. Рахима есімді еді.
Әйуп ғ.с.-нің атасы мен бір туған Баһил атты кәпір туысы Хоран аймағында еді. Ол 12 шаһарға патшалық ететін. Ол пұтқа, яғни суретке табынар еді. Баһилдің Сәлис атты бір пұты бар болатын. Денесі алтыннан, қолдары күмістен, аяқтары лағыл тастан жасалған.
Баһилдің бес жүз мың әскері болғанымен, баладан тұл, не ұлы, не қызы жоқ адам еді. Баһил өзінің пұты Сәлиске қырық жыл бойы: «Маған ұл бер», – деп жалбарынады. Бірақ пұттың қолынан не келсін, тілегі еш қабыл болмады.
Хақтағаланың ғұзырынан Жебірейіл ғ.с. Әйуп ғ.с.-ға келіп, Алла тағаланың сәлемін жеткізді. Пайғамбарлықтан сүйінші келтіріп: «Әй, Әйуп! Алла тағаланың саған берген бұйрығы бар. Сен Хоран аймағына барып, Баһилді иманға үнде. Алланы бір (жалғыз) деп біліп, Әйуп Алла пайғамбары десін», – деді.
Әйуп ғ.с. қолына таяғын ұстап, Хоран аймағына сапарға шықты. Мұнда келіп, Баһилді тапты. Баһил Әйуп ғ.с.-ді көріп, таныды. Екеуі көрісіп, Биһил жанынан орын беріп: «Әй, Әйуп! Қайда жол жүріп барасың?» – деп сұрады. Сонда Әйуп: «Мақсатым саған уағыз-насихат қылмақ. Алла тағала жалғыз деп, мені Алла пайғамбары деп айт. Алла тағала патшалық дәулетіңді одан әрі арттырар», – дегенде Баһил Әйуптің сөзіне қарқылдай күлген. Баһил: «Бұл Әйуп пақыр, менен бірдеңе үміт етіп келген болар. Бұған 1000 қой берейін», – деді. Бұл кезде, Жебірейіл ғ.с. келіп Әйупке: «Не нәрсе берсе ала бер, алмаймын деме!» – деді. Әйуп ғ.с. оның мың қойын алып, екінші күн және келіп: «Әй, Баһил! Алла – жалғыз. Әйуп Алланың пайғамбары деп айт!» – деді. Баһил тағы: «Мың сиыр беріңдер», – деп бұйырды. Үшінші күні Әйуп тағы келіп. Баһилге: «Алла – жалғыз. Әйуп Алланың пайғамбары деп айт!» – деді. Баһил Әйупке мың жылқы бергізді. Төртінші күні Баһил иманға тағы үндеді. Сонда Баһил айтты: «Мынаған тағы мың түйе беріңдер!» – деді. Бесінші күні Әйуп ғ.с. тағы келіп: «Әй, Баһил! Алла – жалғыз, мен Алланың пайғамбары», – дегенде Баһил және мың түйе бергізді. Алтыншы күні Әйуп ғ.с. тағы келгенде, Баһил айтты: «Әй, Әйуп! Қырық жылдан бері тәңірімнен бір ұл тілесем де, бермеген еді. Егер сенің тәңірің маған бала берсе, иман келтіремін!» – деді. Әйуп ғ.с. Жебірейіл ғ.с.-нің хабарымен қабыл етті.
Баһил ол түні өзінің әйелімен жолықты. Бір сүйікті әйелі құрсақ көтерді. Баһил ұйқыға кеткенде, түс көрді. Түсінде «Көктен бір тесік інжу түсті. Ол інжуден арыстан шықты. Аузынан от көрінген арыстан күн батысқа қарай кетті».
Баһил ұйқысынан тұрып, түс жорушыларды жиып, түсін айтты. Олар: «Егер ол інжу тесіксіз болса ұлың болар еді. Енді тесігі бар інжу көріпсің, қыз болар. Сол қызың ер бала табар. Сол ер бала арыстан аузынан шыққан оттай болып патшалық етер», – деді.
9 ай мен 10 күн болғанда бір қыз бала дүниеге келді. Оған Қарқисон деп есім берді. Қарқисон 20-ға толғанда, атасы Қарқисонды көріп, сұлулығына қайран болды. Қызы жанынан кетіп еді, өзін-өзі ұстай алмады. Сонан соң қызының жанына келіп, тізесін басып отырды. Қыз атасының халін түсініп: «Әй, Ата! Басқа кезде алыс отырушы едің, бүгін неге сонша жақын отырдың?» – дегенде, Баһил: «Әй, Қарқисон? Дүниеде сендей сұлулықты ешкімнен көрмедім. Сені өзіме ғана лайық көрермін», – деді. Сонда қыз атасына налып: «Әй, Ата! Сенен басқа кісі өз қызын өзі алғаны бар ма? Егер басқа адам бұл істі қылса, сен оны азаптап өлтірер едің», – деді. Баһил қызынан ұялып, сарайына қайтып келді. Бір жылдан соң қызына сәлем айтып кісі жіберді. Қыз, атасының сөзін қабыл алып, «Атамды көрем, келсін!» дейді. Баһил келіп: «Әй, қызым! Мен сені сынап едім, пейілің пәк екен», – дегенде, қызы айтты: «Әй, Ата! Сен кімге табынасың?» Баһил: «Сәлиске табынамын», – деді. Қызы: «Әй, Ата! Маған да бір пұт жасап бер. Оған мен де табынайын», – деді.
Баһил мүсіншілерді жидырып, қызы үшін алтыннан бір пұт жасатып, екі көзін гауһардан қойғызды. Ол пұтты таққа отырғызып, қызына: «Міне, сенің тірегің, осыған табын», – дейді. Қарқисон пұтқа табына бастады.
Бір күні Қарқисон тамақ ішіп отырғанда, мойнында інжу моншағы бар бір көгершін Қарқисон жанына келіп қонды. Қарқисон көгершінді ұстамақ болғанда, көгершін ұшып барып пұттың басына қонды. Қарқисон ойға қалды. «Бұл пұтты біз тәңіріміз деп атаймыз. Егер басына құс қонса, ол қандай тәңірі болмақ?!»
Алла әмірімен келген ол құс періште еді. Көгершін айтты: «Әй, Қарқисон! Бұл пұт тәңірі емес. Тәңірі иең сені мен мен жаратқан, көк пен жерді жаратқан бір Алла. Әйуп пайғамбар сенің атаңды сол тәңірге үндеген. Сен, Алла жалғыз, Әйуп – Алла пайғамбары деп ғибадат қыл», – деді.
Қарқисонға Алла ғибадат берді. Қарқисон кәнизәктеріне: «Мына тәңірге сенбеймін. Мұны далаға шығарып, пәрше-пәрше етіңдер», – деді. Кәнизектері пұтты далаға алып шығып, темірмен ұрып тастады. Қарқисон пұттың екі көзіндегі гауһарды алып қалып, басқа нәрселерін мүсәпірлерге үлестірді.
Бір күні мүсәпір келіп, Алла разылығы үшін деп садақа сұрады. Қарқисон оған пұт көзінен алған екі гауһарды берді. Ол пақыр, гауһар бағасын білмейтін еді, гауһарды базарға алып барып: «Бұларды сатамын, құны екі алтын», – деді. Базар басшылары оны ұстап алып: «Мұны қайдан алдың? Бұл гауһарды патша тілегі үшін мен мың алтынға сатып алған едім. Ал сен екеуің екі алтынға сатпақ боласың», – деп, пақырды тұтқынға алып, патшаға әкелді. Патша гауһарды көріп, танып: «Мұны қайдан алдың?» – деп сұрады. Мүсәпір: «Қарқисон өзінің сарайында берген еді», – деді. Баһил дереу қызының жанына келіп: «Ол тәңір қайда?» – деп сұрағанда Қарқисон: «Ол тәңірі емес, басына құс қонды. Сонан соң оны тастадым. Сені мен мені жаратқан бір Аллаға ғибадат етемін. Сені Әйуп пайғамбар Алла тағалаға үндер», – дегенде, Баһил қайғырып, қызын үгіттеді. Қызы әке сөзін қабыл етпеді.
Баһил ашуланып, сарайына қайтты. Ол уәзірлерін жиып, менің қызым тәңірден бас тартты, өзге тәңірге табынбақ. Оған не жаза жасау керек деді. Уәзірлері: «Қашанда қатынның ақылы аз болар. Бір күні сенің тәңіріңе өзі-ақ табынар», – десті.
Баһил қызына тағы келіп: «Әй, қызым! Сенің бұның не?» – деді. Қызы: «Ақиқат жолы – Әйуп пайғамбар жолы», – дегенде, Баһил қатты ашуланып: «Бұл сөзіңді енді естісем, азапқа салармын», – деді. Қарқисон: «Жиырма жыл рахат күн кешіп едім, енді азап шексем де болар», – дегенде, Баһил орнынан тұрып кетіп қалды. Қарттарын жіберіп еді, Қарқисон оларды қабыл етпеді. Мұнан соң Баһил ашуланып: «Тәңірін үгіткен мұның қолын кесіңдер де шаһардан қуып шығыңдар!» – деп бұйрық берді. Қарқисон: «Өлтірсеңдер де бұл сөзімнен қайтпаспын», – дегенде оның оң қолын кесіп алып, өзін жырақ жердегі бір теңіз жағасына апарып тастап кетті. Қарқисон өзінің кесілген қолын жанында сақтады. Ол теңіз Мәсәйіл есімді патшаның иелігінде еді.
Бір күні Мәсәйл аңға шығып, әскерімен бір қоянды қуалады. Қоян келіп, теңіз жағасында жатқан Қарқисонға тығылды. Әскер Қарқисонның сұлулығын көріп, таң қалысты. Мәсәйлге барып айтты. Мәсәйл жақын келіп Қарқисонды көрді. Бұл нәзік қызға Мәсәйл жақынырақ келмекші болып ниет қылды. Сонда Қарқисон: «Менен алысырақ тұр», – деді. Мәсәйл: «Сен хор қызымысың, әлде пері қызымысың?» – деп сұрады. Қарқисон: «Көк адамымын», – деді. Мәсәйл: «Қайдан келдің, есімің кім?» – дегенде, Қарқисон «Менің есімімде не істерің бар, қайдан келгенімнің саған керегі не?» – дейді.
Мәсәйл айтты: «Әй, қыз! Бұл жер сенің орның емес, онан да менің қандастарыма бар, сені соларға алып барайын. Сен солармен бірге тұр», – деп бір түйе келтіртіп, Қарқисонды түйеге мінгізіп. Шаһарға алып барды.
Мәсәйл анасына айтты: «Әй, Ана! Теңіз маңынан бір қыз таптым. Өзі сұлу. Бірақ бір қолы жоқ. Ол ғаріпті сізге тапсырамын, жақсы күтіңіз», – деді. Анасы баласының бұл сөзін қабыл етті.
Мәсәйл бір күні Қарқисонға ғашық болды. Сабыры қалмай, «Әй, Қарқисон! Жеті жүз кәнизәгім бар, сені бәрінен үлкен етемін, маған некелікке келемісің?» – деді. Қарқисон: «Менің екі айыбым бар. Бірі қолым жоқ, екіншіден, менің дінім басқа. Сондықтан маған ренжіме», – деді. Мәсәйл айтты: «Сенің дінің не нәрсе, кімге табынасың?» – дегенде, Қарқисон: «Менің дінім Әйуп пайғамбар діні, тәңірім – Алла тағала», – деді.
Мәсәйл: «Сенің неше тәңірің бар?» – деді. Қарқисон: «Біреу. Ол мені мен сені жаратушы. Саған патшалық келтіріп, жер мен көкті жаратты. Не істеймін десе де құдіреті мен ықтияры жетеді», – деді.
Мәсәйл: «Егер сенің дініңе кірсем, мендік болармысың?» – деді. Қарқисон: «Әрине, сендік боламын», – деді. Мәсәйл: «Ла ілаһә ілла ллаһ Әйуп-Расулү ллаһ», – деп иман келтіріп, Қарқисонмен некеленді. Қарқисон атасының түсіне кірген арыстанға жүкті болған еді. Жеті ай құрсақ көтергенде, Мәсәйлге дұшпан келіп, Мәсәйл әскер жиып, соғысқа аттанды да, Қарқисонды анасына тапсырды. 9 ай 10 күн толғанда Қарқисон босанып, бір ер бала тапты. Есімін Қарқиса деп атады.
Мәсәйлдің кәнизәктері Қарқисонға күншілдік қылып, Мәсәйлдің анасына Мәсәйлдан хат келді деп бір хат әкелді. «Ғазиз Анама мақсат сөзім бар еді. Анау Қарқисон ұры қатын екен. Ұрлығы үшін қолын кесіп, шаһардан қуалаған. Әй, Ана! Ол қатынды маңайыңнан қуып жібер, қайда кетсе, сонда кетсін», – деген хатты оқып, анасы таң қалды. Кәнизәктар оны теңіз жағалауына апарып тастады.
Қарқисон бір қолымен ұлын тәрбиелеп әбден қиналып, Хақтағалаға зар еңіреп жалбарынды. Дереу Алла тағала жәрдемімен баяғыдағы көзіне көрінген көгершін келіп, Қарқисонның қолын қанатымен сипағанда қолы алғашқыдай сәләмат қалпына айналды. Қарқисон бұл халді көріп, тәуба етті. Ол көгершін Алланың бір першітесі еді.
Мәсәйл соғыстан келгенде Қарқисонды іздеді. «Қарқисон алдымнан шығар», – деп үміттенген еді. Анасынан: «Әй, Ана! Қарқисон қайда?» – деп сұрағанда, анасы хатты көрсетті.
Мәсәйл: «Мен мұндай хат жазғаным жоқ. Тіпті, мұндай іс ойыма да келмеп еді», – деп аһ ұрып қайғырып, атқа отырды. Уәзірлеріне: «Төрт тараптан Қарқисонды іздеп табыңдар», – деді. Ол теңіз жақтан Қарқисонды көріп, шаһарына алып қайтты.
Қарқисонның кесілген қолы орнына түскенін көріп: «Қолың қалай түзелген?» – деп сұрады. Қарқисон айтты: «Алла тағала қолымды түзетті. Жоқты бар етпек Алладан», – деді.
Мәсәйл айтты: «Мен Алладан тілек тіледім. Алла тағала жәрдем беріп, дұшпанға үстем болдым», – деді. Мәсәйл жалған хат жазған кәнизәктердің сексенін сахараға апарып өлтіртті.
Көп жылдар өткен соң, Қарқиса жігіт болды. Ол салтанатты сұлу әрі қайратты батыр еді. Мәсәйл мемлекетті ұлы Қарқисаға тапсырып, өзі ғибадат етумен болды.
Бір күні Қарқиса анасына «Әй, Ана! Сен қай жерде туып едің?» деп сұрағанда Қарқисон өзінің Хоран жерінен екенін және бір кезде басынан кешкен жайтты баян етті.
Қарқиса анасынан бұл сөзді естіп, аяғына жығылып: «Әй, Ана! Алла тағала атымен ант етіп айтамын, Әйуп пайғамбар құрметі үшін Баһилден өш алмай таққа отырмаймын», – деп әскер жинады. Жетпіс мың әскермен Хоран шаһарына анасын қоса ертіп келді. Хоран жанына келгенде Баһилге хабар берді. Баһил жүз мың кісімен соғысқа шықты. Бұлар бірнеше күн соғысып, Қарқиса әскері Баһил әскерін жеңіп шығып, Баһилді Қарқиса ұстап, анасының алдына келтірді.
Қарқисон шатыр астында отырған еді, ұлы: «Әй, Ана! Мына дұшпанды саған ұстап әкелдім. Ендігі ықтияр сенде, не тілесең, соны жаса», – деді.
Сонда Қарқисон: «Әй, Қарт! Мені танимысың?» дегенде, Баһил: «Менің қызыма ұқсайсың. Бірақ менің қызымның бір қолы жоқ еді», – деді. Қарқисон: «Қызыңның қолына не болып еді?» – деді. Баһил: «Күнә қылып, менің дінімді тастап, басқа дінге кірді. Сол себептен қолын кесіп, шаһарымнан қуаладым», – деді. Қарқисон: «Сен Әйуп пайғамбармен келісіп уағда етіп, егер сенің тәңірің маған бала берсе, иман келтіремін деп едің. Онан соң түс көріп, түсінде тесік інжу көктен түсіп, ол інжуден арыстан шығып, ол арыстанның аузынан от шығып, күн батыс тарапына бет алып еді. Міне, бүгін сол түсің жорылып келді. Мен сенің қызың – Қарқисонмын. Сені тұтқында ұстап, маған келтірген ұлым Қарқиса!» – деді.
Баһилдің көзінен жас ағып, қызының алдына жығылып: «Әй, қызым! Қолың қалай түзелді?» – дегенде, қызы: «Алла тағала қолымды түзетті. Дін ислам – хақ. Әй, Ата! Иманға кел. Дүниедегі мақсатыңа сонда жетерсің», – деді. Баһил дереу: «Лә іллаһә ілла ллаһ Әйуп-Расулү ллаһ» – деп иман келтірді.
Сөйтіп қызы Баһилмен көрісті. Баһилдің үш шаһарын өзіне қайта тапсырып, анасымен өз шаһарына Мұғариб Заминге қайтты.
Мұғариб-Заминде әскермен соғысып, аумағы бес айлық жерге мемлекет ашты. Мұнан соң Жебірейіл ғ.с. Әйуп ғ.с.-ға Алла тағала сәлемін жеткізіп айтты: «Құлым Әйуп Баһилге бала бердім, иман келтірсін», – деді. Бірақ Баһилдің иманға келгенін айтпады.
Әйуп ғ.с. Баһилге барып: «Әй, Баһил! Сенің берген уәдеңе бола келдім. Алла тағала саған бала берді, сен енді иман келтір», – деді.
Баһил Әйуп ғ.с.-ға: «Әй, Әйуп! Мен иман келтіргенмін», – деп хал-ахуалын сөйлеп, құрмет қылды.
Әйуп ғ.с. Баһилге шариғат үкімін үйретті. Мұнан соң Әйуп ғ.с. өзінің шаһарына аттанды.
Әйуп ғ.с. Тино еліне кірді. Ел ішінде бір кісі жол үстінде отырып қайыршылық қылады екен. Сол жерде бір кісі Әйуп ғ.с.-ге: «Әй, Расуллола! Бұл кісі менің үйімнің қасында тұрады. Мұның сасықтығынан шыдамым таусылып, неше мәртебе бұл жерден кет десем де кетпеді», – дегенде, мүсәпір: «Әй, Расуллола! Мен неге басқа жерде тұруым керек?» – деді.
Әйуп ғ.с: «Бір жыл мұнда тұрған екенсің, енді басқа жерге барып тұр. Рыздық берер, ол үшін қайғырма», – деп кетіп қалды.
Үй иесі мүсәпірге: «Әйуп ғ.с. сенің кетуіңді жөн көрді!, – дегенді естіп, ол мүсәпір Алла тағалаға зарлық қылып жалбарынды: «Әй, Раббым! Пайғамбарың маған залымдық етті. Мені кет! – деп қуалады. Менің басымдағыны соған бер!» – деді.
Алла тағала оның дұғасын қабыл етті де, мүсәпір жазылды. Мұнан соң Әйуп ғ.с.-нің өзі сол ауруға душар болып қалды.
Әйуп ғ.с.-нің үш қатыны бар еді, екеуі талақ сұрады. Оларды Әйуп талақ қылды. Үшінші әйелі Рахима Әйупқа күн-түн қызмет етумен жанында қалды. Бір күні көрші әйелдері Рахимаға: «Әй, Рахима. Әйупты мына жерден алып кет! Әйуптың құрты балаларымызға жұғар деп қорқамыз. Жақсылықпен алып кетпесең, оны күштеп шығарамыз», – деді.
Рахима жылай-жылай, Әйуп ғ.с.-ді арқасына салып, өзінің үйінен алып шығып, басқа жұртқа әкеліп қойды.
Ол жердегі шаһар халқы Әйуп ғ.с. халін көріп: «Әй, қатын! Еріңді мына жерден алып кет. Әйтпесе, ит жіберіп талатамыз», – деді. Рахима зар еңіреп, Әйупті көтеріп, сахараға алып шығып бір жол шетіне қойды. Бір қос жасап, астына шөп төсеп, басына тас жастады. Әйуп ғ.с. тасқа таянып жатты.
Денедегі құрттар күннен күнге көбейіп Әйуп ғ.с.-нің етін жеп жатты. Әйелі Рахима тамақ әкелу үшін шаһарға кетпек еді, Әйуп ғ.с: «Әй, Рахима. Кері қайт. Егер мені тастап бара жатсаң, өсиет айтамын», – дегенде, Рахима: «Әй, Қожам! Қорықпа, жаным тәнімде болса еш тастамаспын!» деді. Рахима әр күн шаһарға барып, бір кесек нанға қызмет етіп, Әйуп ғ.с.-ді асыраушы еді. Бұл шаһар халқы Рахиманың Әйуп қатыны екенін біліп: «Бізге жуық келме, ауаша жүр. Сенен біз жиіркенеміз», – десті. Рахима бұл сөзді естіп, қайғыра жылады. «Әй, Раббым! Халімді білесің. Бізге жер жүзі тарлық етті. Дүниеде адам баласы бізден жиіркенетін болды. Ахиретте сен бізден жиіркенбе. Қиямет күні сен жұмақ жұртынан бізді қума», – деді.
Сонан соң Рахима нан пісіруші әйелге келіп, «Маған қарызға нан бер, Әйуп ашығып жатыр», – деді. Нан пісіруші әйел «Ерім көрмесін, менен ауаша жүр. Егер шаш тұлымыңды кесіп берсең, саған нан беремін», – деді.
Рахиманың он екі тұлым шашы бар еді, сұлулықта бабасы Жүсіп ғ.с.-ге ұқсас еді. Әйуп ғ.с. Рахиманың бұл тұлымдарын қатты ұнатушы еді. Сондықтан Әйуп ғ.с. үшін қайшымен бір тұлымын кесіп беріп – төрт таба нанға айырбас етті. Мұнан соң Рахима айтты: «Әй, Раббым! Бұл тұлымды кескенім, пайғамбар Әйуптың ырыздығы үшін. Ерімді аман алып қалу үшін, тұлымымды нанға саттым», – деп нанды Әйупке әкеп көрсетті.
Әйуп ғ.с. әйелінің тұлымының кесілгенін көріп, Рахима өзін сатқан деп күмәнданды. «Егер жазылсам, Рахиманың бұл ісі үшін жүз мәртебе дүре соғармын», – деп іштей ант етті.
Рахима тұлымын не үшін сатқанын Әйуп ғ.с.-ға айтты. Әйуп ғ.с. сонда жылап: «Әй, Раббым! Менің халім бітті. Пайғамбар әйелі тұлымын сатты, мен соның арқасында тамақ жедім», – деп қайғыға түсті. Сонда Рахима айтты. «Әй, қожам, қайғырма! Тұлымды Алла тағала бұрынғыдан да көркем етіп өсірер», – деп Рахима нанды кесіп, Әйуп ғ.с.-ға асатты.
Әйуп ғ.с. тәнін құрттар жей берді. Тәнінде ет қалмады. Әйуп ғ.с.-нің жүрегі мен көзі қалды. Тәнінен ет қалмағандықтан құрттар бірін-бірі жеді. Сөйтіп екі құрт қалды. Осы қалпымен Әйуп ғ.с. көңілінен шүкір етіп, тәубаға келетін.
Екі құрт ашығып, ет іздеп, Әйуп ғ.с.-нің денесін тінтіп жүрді. Тіл мен жүректен басқа ешнәрсе таппады. Бірі Әйуп ғ.с.-нің тілін тістелеп, еікнішісі жүрегін тістелегенде, Әйуп ғ.с. Алла тағалаға жан дауысымен айқай салды. «Әй, Раббым! Маған пәле жабысты. Ақиқатта, сен рахмат істеушісің, рахматыңды бер», – деп зарлағанда Әйуп қара басы үшін емес, Алла тағалаға шүкір етіп, зікір қылудан, ғибадат айтудан тыйылып қалатынын ойлап қиналып еді.
Әйуп ғ.с: «Әй, Раббым! Көңілім шүкір болып, сені сүюмен шектеліп, тілім зікір қылумен келген еді. Егер тілім мен көңілім құртқа жем болса, саған мінәжат етуден кесіліп, тыйылармын. Әй, Раббым! Сенен айырылуға қалай көнермін?!» – деді. Сондықтан Алла тағала хабар беріп: «Әй, Әйуп! Тіл менікі, көңіл жүрек менікі, пәле де (құрт та) менен болса маған жалбарын!» – деп Әйуп денесіндегі бір құртты суға жіберді, ол сүлік болды. Сол сүліктен адамзат шипа тапсын деді. Екіншісін сахараға жіберді. Ол ара болды. Балынан адам шипа тапсын деді. Мұнан соң Жебірейіл ғ.с. жұмақтан екі риман жемісін әкеліп: «Әй, Әйуп! Бұл жемісті жесең, тәніңе ет өсер», – деді.
Әйуп ғ.с. риман жемісін жегеннен кейін: «Әй, Әйуп! Алланың жәрдемімен тұр!» – деді. Әйуп ғ.с. тұрды. Жебірейіл ғ.с. Алланың әмірімен «Әй, Әйуп, аяғыңды жерге теп», – деді. Тепті, сол сәтте екі бұлақ шықты. Бірі – жылы, бірі – салқын бұлақ еді. Жылы бұлақтан ғұсыл құйынып, салқын бұлақтан су ішті. Тәнінің сыртындағы һәм ішіндегі аурулары түгел кетті.
Тәні алғашқыдан да көркемірек болды. Жүзі Айдың 14-ші кешіндей көк ғажайып нұрлы болды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с. хадисінде: «Бір сағат қайғыға сабыр қылмақ, бір жылғы ғибадат етуден артық» деген. «Сабыр ету, шүкір ету бәрінен артық. Сабыр қылсаң – рыздығың артады. Сабыр сақтаумен Алла тағалаға жақын боларсың», – деген.