Сыр-сұхбат

Ежелгі тарихтың тамыршысы

 Шығыстанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Момынов шығармашылығының ауқымы кең және жан-жақты. Ол – жалпы және отандық тарих, тарихнама және деректеметану, араб әлемі һәм Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі ислам тарихы, оның қазіргі дамуы бойынша жұмыстардың авторы және редакторы. Ғалымның кейбір жұмыстары шет тілдеріне аударылған. Әсіресе, исламтану мәселелерімен айналысушы отандық шығыстанушылар үшін соңғы жылдар осы саладағы профессор Ә.Қ.Момынов пен оның жолын қуған ғалымдар еңбектерінің маңызы зор.

Ә.Момынов шығыстанушы ғалым ретінде өткен ғасырдың  1982-1990 жылдарды  қалыптасты. Ол Таяу және Орта Шығыста, Оңтүстік Азия мен Солтүстік Африкада ұлттараралық және конфессияаралық шиеленестердің өрши түскен, араб әлеміндегі халықаралық жағдайдың кернеуі айрықша артқан кез болатын. Египет, Алжир, Иран, Ливия, Ливан және басқа елдердегі жағдайларға байланысты сұрақтарға жауап іздеу Ә. Момыновтың онан кейінгі зерттеулеріне әсерін тигізді. Бейіні кең маман бола тұра ол бүкіл шығыстануға, әсіресе, исламтану мәселесіне көп көңіл аударды.

Оның шығармашылығын «Ақын арманы, қатаң тарихшы, сізді қамшылап!» деген поэтикалық жолдармен сипаттауға болады. Оның шығыстанушы-тарихшылық шеберлігі үш фактор бойынша қалыптасты. Біріншіден, жақсы білім алды. Екіншіден, зерттеу нысаны болған шығыстану мен үшіншіден, Ә. Момыновтың бүкіл қызметіне оның С. Прозоров секілді ресейлік көрнекті исламтанушы асқан ұқыптылықты талап етті. Шығыстанушы тәлімгермен қарым-қатынасы ықпал етті. Олардың жас зерттеушіге берген білімі алдымен автордың өзіне, еңбегіне деген талғампаздық, ұстамдылық, талғағыштық қасиетін бойына сіңірді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени құбылыстардың бұрын болмаған серпіні арта түсті. Осы үрдіс көріністерінің бірі – ұлттық мәдениет пен діннің қайта өркендеу үдерістерін қарқындату болды. Этно-діни құрылымның алуан түрлілігі, өзгерген жағдайды пайдаланып қалғысы келген орталық азиялық аймақтағы әрқилы радикалды-діни қозғалыстардың жандануы, осы үдерістерді қиындатып жіберді. Әртүрлі әлеуметтік ортада белең ала бастаған түрлі ағымдар біркелкі болған жоқ. Осылардың бәрі Қазақстан және Орталық Азияның басқа да республикаларындағы, кеңірек алсақ, аймақтағы ерте және ортағасырлық исламның елімізге жайылу, даму тарихын зерттеу қажеттігіне алып келді. Ал діни көзқарастарды есепке алмай, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени мұрасының ерекшеліктерін айқындау мүмкін емес еді.

Сөйтіп бірте-бірте мұсылман Шығысы елдеріндегі этно-діни үдерістерді зерделеудің өзектілігі арта түсті. Олар қоғамдық-саяси факторлармен тығыз байланысты болғандықтан, көбінесе осы елдер дамуының ортақ бағыты детерминдеген (негіздеген, анықтаған) әр мемлекеттің ерекшеліктері бар екендігі мәлім. Өз кезегінде болып жатқан діни үдерістер әлеуметтік-саяси өмірдің басқа салаларына да өз әсерін тигізді. Осы елдерде ислам факторын есепке алмай шешілетін бірде-бір түбегейлі мәселе жоқ.

Ә. Момыновтың исламтану мәселелерін көтеруі, Қазақстанда зерделудің теориялық қана емес, үлкен тәжірибелік мәнге де ие болуына себепші болды. Сонымен қатар елтану-аймақтық мәселесін жаһандық тұрғыдан да қарастыру қажеттігі айқындала түсті. Ә. Момынов қазіргі діни мәселелер статикада (тең қалыпта) емес, динамикада (серпінде) қарастырылуы қажет деп санайды.

Исламның даму тарихы мен оның жайылуын зерделеу ғылыми-танымдық қызығушылық та тудыратыны күмәнсіз. Тарихи құбылыстардың сан алуан түрде білінуі мен сабақтастығын елемей, олардың көптеген қырларын адекватты (барабар) түсінуге болмайды. Діннің тарихи өткеніне қызығушылықтың этно-діни сана-сезімнің жаппай өсімімен де байланысы бар. Оның ең маңызды компоненттерінің (құрамдастығының /құрауыштығының) бірі – халықтар мен олардың дінінің тарихи-мәдени орталықтары туралы көзқарас деу керек. Ә. Момынов шығармашылығы бір тақырып, яғни тарихи зерттеу саласымен ғана тұйықталмай, қазіргі заманның толғақты, зәру проблемаларымен үндесуі де маңызды. Оның мұсылман қозғалыстары мен ағымдарына, радикалды ислам бағыттарының тұрпаттамалары, діни мен зайырлылықтың арақатынасы, дәстүрлі исламның мәні мен маңызды сипаттарына және басқа да жақтарына қызығушылық танытуы да осыдан.

Ә. Момыновтың шығармашылығы мұрағат дереккөздері мен оларды тізімдемелеу, Қазақстанның тарихы, мәдениеті, сондай-ақ діні бойынша шығыс және батысеуропалық дереккөздерді жинау мен оларды өңдеуге назар қоюымен де көңіл аударады. Сөйтіп қазақтар және Орталық Азияның басқа да халықтарының рухани-мәдени мұрасын толығырақ зерттеу, түсіну және қайта ұғынудың мүмкіндіктерін ашқан дереккөздердің кешені қалыптастырылды. Оған «ХІІ–ХVI ғасырлардағы шығармалардан үзінділер» (2006); «Араб дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» (2007); «Disputes on Muslim Authority in Central Asia (20th Century): Critical Editions and Source Studies» «Manuscrits en écriture arabe du Musée regional de Nukus» (République autonome du Karakalpakstan, Ouzbékistan): Founds arabe, person, turkĭ et karakalpak. Roma: Istituto per I’Oriente C.A. Nallino, Mazar Dokuments from Xinjiang and Ferdhana (Facslimile)» атты еңбектері куә. Осы дүниелерде аймаққа исламның жайылу үдерісі мен қалыптасуы, сопылық ағымның таралуы және олардың көшпенділер ортасындағы пұтқа табыну нанымдарымен әрекеттестік үдерістері көрсетілген.

Қазақстан мен тұтас Орталық Азиядағы исламның даму тарихын қарастыратын бірқатар іргелі жұмыстар Ә. Момынов редакциясымен жарық көрді. Бұған «Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы» (2009); «Қожа Ахмет Йасауи кесенесі. Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави. Mausoleum of Khoja Ahmed Yasawi» (2009); «Насап наме»: «Бірінші-үшінші кітаптар» (2013) тәрізді ғылыми басылымдарды атауға болады.

Іргелі зерттеулердің әртүрлі бағдарламалары шеңберінде Ә. Момынов еңбектері Қазақстанға исламның жайылу тарихын объективті зерттеуге; Орталық Азия халықтарының ерте, ортағасырлық және қазіргі мәдениетіндегі діннің рөлі мен оның орнын ұғынуға мүмкіндік берді. Оның ғылыми айналымға кеңінен кіргізген жаңа материалдары негізінде халқымыздың көршілес жұрттармен сан алуан пішіндегі тарихи-мәдени және рухани байланыстары мейлінше әділ көрсетілген. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, осы байланыстардың алғышарттары ертерек қалыптасса, кейбірі орта ғасырлар және жаңа кезең басында қарқынды ірге тепкен. Онан басқа, көптеген жағдайларда халықтың барлық топтарын инновациялардың (жаңартудың) қамтымағанын, қоғамдық қызметтің барлық тәсілдері мен оларды жүзеге асыру түрлерін қозғамағанын көрсете отырып, осы мәселелерге қатысты кейбір тұжырымдарға сыни тұрғыдан қарауға болады. Осылайша, Қазақстанға исламның таралуы бұрынғы діни түсініктерді (мысалы, бақсылықты) жойған жоқ.

Ә. Момыновтың дінді тереңірек зерттеуіне XV–XIX ғғ. Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы, мәдениеті және діні бойынша жазбаша және ауызша дереккөздерін зерделеуі себепші болды. Бұл зерттеулерде Қазақстандағы мемлекеттіліктің ертеден жаңа заманға дейінгі тарихи дамуы жүйелі түрде талданды. Соның арқасында XV–XVІ ғғ. Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы бойынша құнды нарративтік дереккөздер айналымға енгізілді. Сол себепті де Орталық Азия, Үндістан, Түркия, Иран және т.б. елдеріне жазылған араб, парсы және түркі тілді шығармалардағы мәліметтердің байлығы мен саналуандығы мәлім болды. Алғаш рет парсы, түркі тілді нарративтік шығармалардың биобиблиографиялық шолулары дайындалды. Сонымен қатар сирек кездесетін және әлі де белгісіз, ғылыми айналымға енді ғана енгізіліп жатқан еңбектердің тарихи-деректеметанушылық зерттеулері дайындалды. Олардың арасында қазақтардың исламға дейінгі көзқарастары мен танымдары, исламның ену жолдары және сопылық ағымдардың жергілікті халық арасындағы қызметі, қожалар мен сейиттердің рөлі жайлы құнды мәліметтер бар.

Ә. Момынов Қазақстанның Шығыс және Орталық Азия елдерімен мәдени және діни өзара байланысының тарихын көрсететін қазақ тіліндегі арабографиялық дереккөздерді өңдеу мен зерделеуге де біршама көңіл бөлді. Осыған байланысты, Батыс Қазақстанның жерлеу кешендерінің арабографиялық мәтіндерінің алғаш рет «Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы» (2009) деген атпен жарық көруі маңызды оқиға болды. Дүниежүзілік ғылымда Қазақстан аумағындағы араб тілді эпиграфиялық жәдігерлерді зерттеуге қатысты осы күнге дейін бірден-бір жарияланым, бірде-бір эпиграфиканың мәтіні болған жоқ. Эпиграфикалық жәдігерлерді түбегейлі зерттеу осындай кешендердің салыну ерекшеліктеріне жаңаша қарауға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың мәдени-тарихи кеңістіктегі орны мен рөлін анықтауға да көмектеседі.

Ә. Момынов мемлекеттік ғылыми бағдарламалар шеңберінде Қазақстан мен Орталық Азияға исламның таралуы мен даму тарихын кең, бөлектен жекеге, бірақ маңыздылығы жағынан кем түспейтін тұрғыдағы түрлі дереккөздердің материалдарын ашты. «Халықтық» немесе «тұрмыстық» ислам зерделенді. Бұл жайт егемен Қазақстанның мәдениеті мен руханилығын қайта өркендетудің маңызды проблемаларын зерделеуге және жаңа болашақ тұжырымдамалық нұсқамаларды дайындауға маңызды тірек болды. «Араб дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» атты еңбегінің шығуы Қазақстан мен Орталық Азия аумағына исламның жайылуы және дамуының көптеген қырларын жете реконструкциялауды (қайта жаңғырту/қайта құруды) мүмкін етті. Бұл кітапта Қазақстан мен іргелес жерлердің халықтары мен тайпаларының тарихы және мәдениеті бойынша құнды дереккөз болып табылатын ІХ–ХІІ ғғ. саяхатшылар мен географтар Тамим ибн Бахр, Саллам ат-Тарджуман, әл-Джахиз шығармалары және жазбалары және олардың арабша мәтіндері материалдарының аудармасы бар. Арабша шығармалардың басым бөлігінің орыс тіліне аудармасы алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Бұл зерттеуде ХІІ–ХVI ғғ. 23 араб тілді авторлардың еңбектерінен алынған мәтін үзінділеріне түсінік берілген. Олар Қазақстанның ортағасырлық тарихы мен мәдениетінен мәлімет береді және әскери-саяси тарих, халықаралық қатынастар, әртүрлі конфессиялардың рухани мәдениеті мен олардың өмір салаларына қатысы барлығын айтқан жөн. Сонымен қатар 100-ден астам ірі ғалым және мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен жазба мұралары баяндалды. Қазақстанның Еміл, Қайалық, Қарасман, Зернуқ және басқа да ірі рухани, мәдени, діни орталықтарында болған ғылыми өмір зерттелген.

Ғалымның күшімен бұрын ұмыт болған және тыйым салынған есімдер тарих қақпасынан жарыққа шықты. Олардың Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) үмбеттеріне, қазақ қожаларына арналған еңбектерінің тарихи-рухани құндылығы мол. Ә. Момынов өз еңбектерінде қазақтардың ауыз әдебиетіне, шежірелік хикаяларына, тарихи-мәдени және этнографиялық материалдарына айрықша назар аударған. Дала эпосына енген ауызша тарихнама, фольклорлық жанрлар еңбектерін жазуда негізгі дереккөз болды. Автордың пайымдауынша халқымыздың тарихнамалық дәстүрі қоғамдық идеологияның қалыптасуы мен оның дамуына әсер еткенінде. Ол – ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп келген халықтың тарихы, аталарымыздың ерлік істерін аңыз бен жыр түрінде әңгімелейтін және өзімен өткені туралы тарихи ақиқат нақзатының жады.

1990-жылдар аяғында Қазақстан және Орталық Азияның басқа да республикаларында дәстүрлі емес ислам қозғалыстары мен ағымдары оқыс жанданды. Олардың ең радикалдылары (батыл әрекеттегілері) Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы оқиғалар куә болғандай, өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру қаупін төндірді. Өңірдегі дәстүрлі емес ислам ағымдары қызметі күшеюінің ізінше, жергілікті халық ішінде өз идеологиясын енгізуге тырысқан шет мемлекеттердің діни ұйымдары да қызметін жандандыра бастады. Олардың қызметі, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыздандыру, қоғамдағы этникааралық және дінаралық татулықты нығайтуға байланысты мәселелерді тыңғылықтау қажеттілігіне айрықша назар аударылды. Елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту және діни бірлестіктер мен ұйымдардың қызметіне қатысты бірқатар заңдар қабылданды. Діни экстремизм мен лаңкестікпен күрес тұжырымдамасы ел басшылығы дәрежесінде ресми танылып қана қоймай, ғылыми зерттеулерді кеңейтуге де негіз болды. 2000 жылдың басына жобаланған бірқатар өте маңызды ғылыми-зерттеу бағыттары осы тұжырымдамаға негізделді. Осы жағдай Ә. Момыновтың исламтану проблемаларын зерттеу аясын кеңейтті.

«Орталық Азия және мұсылман Шығысы елдеріндегі қазіргі ислами ағымдар: тарихи тамырлары, идеологиялық және саяси-құқықтық негіздері» атты жобаға сай мұсылман Шығысы елдеріндегі ислами қозғалыстар мен ағымдарының пайда болу себептері, олардың Орталық Азиядағы жайылу үрдістері, қоғамдағы маңызы, орны және рөлі, Қазақстанда және тұтас өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайға әсері мәселелері зерттеуші назарында болды.

Ә. Момыновтың қазіргі діни үрдістерді терең зерделеуі Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде түздік зерттеулерін жүргізуіне түрткі болды. Жиналған материалдардың көпшілігі айналымға енгізілді. Оның елдің әртүрлі аймақтарындағы діни жағдай туралы жұмыстары, сондай-ақ көршілес орталық азиялық республикаларда жүргізілген экспедициялардың нәтижесі жарияланған шығарылымдар пайда болды. 2006 жылдан бастап, мұсылман Шығысы және Орталық Азия елдерінде де исламның саясиландыру үдерісін тереңірек зерттеу басталды. Бұл, әуелі, сәйкес шаралар жасап, оны жүргізуді талап ететін елдің ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғау қажеттігі пайда болған Қазақстан саясаты басшылығындағы басымшылықтардың өзгеруімен шартталған. Бұл шаралар ғылыми әзірлемелер негізінде дін саласын реттейтін сәйкес курсқа енгізілді. Мұсылман Шығысының қоғамдық-саяси өміріндегі діни фактордың рөлі мен маңызы Ә. Момынов басшылығымен «Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі тұжырымдамасы контексіндегі Орталық Азиядағы саяси исламның ерекшеліктері» атта жобаны, сондай-ақ әлемнің ғылыми орталықтары зерттеушілерімен халықаралық жобалар әзірлеудің басталуына себепші болды:

1) Германиямен бірлесіп Кеңестік кезеңде және ТМД елдерінде исламның пайда болуы.

2) АҚШ және Швейцариямен бірлесіп Орталық Азиядағы исламдану және мінәжат шежіре: нарративтік және генеологиялық (шығу тек жүйесі) дәстүрдегі Ысқақ баба мұрасы.

3) АҚШ және Швейцария, Өзбекстанмен бірлесіп, ХХ ғасырда Орталық Азиядағы мұсылман діні беделдерінің пікірталастары: сыни басылымдар және дереккөздерді зерттеу. Жобалармен жұмыс нәтижесі бойынша мұсылман Шығысы және Орталық Азиядағы ислам дамуының өзекті проблемалары бойынша мақалалар мен монографиялар және кітаптардың ұзын саны жарияланды. Олардың ішінде «Жахр зикры және саманы негіздейтін фатуалар жинағы», «Ислам үшін жол ашу: Ысқақ баба туралы әңгімелер, XIV–XIX ғғ.» атты зерттеулерді ерекше айтуға болады.

Тұтас алғанда, Ә. Момынов пен оның жұмыс тобының исламтану проблемасын зерделеуі үдеме бағыт бойынша, сабақтастық жолымен және бұрынғы жылдардағы ғылыми әзірлемелерден жаңа, қазіргі реалилер (айқындылық) мен заман талабына сай, сатылы ауысу арқылы жүргізілді. Мұнда мемлекет пен қоғам мүдделерін есепке ала отырып, Қазақстанда, сондай-ақ мұсылман әлемінің Иран, Ауғанстан, Пәкстан, Араб Шығысы мемлекеттері, Түркия және басқа да елдердегі исламның дамуына объективті баға беру міндеті қойылды.

2009 жыл Қазақстанның сыртқы және ішкі саясат саласында айқындаушы мерзім болды. Сол жылдан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ «үштігі» құрамында өз міндеттерін орындауға кірісті. Осы сәттен (2010 ж.)        ЕҚЫҰ-дағы төрағалыққа дайындық кезеңі басталды. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасының қызметі мен өкілеттілігін тиімді жүзеге асыруда оларды сәтті орындауға қойылар базалық талаптарды анықтау қажет. Олардың бірі – Мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы сындарлы үнқатысуды орнату. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстанның этникааралық және конфессияаралық татулықтың жағымды тәжірибесі үлгі ретінде ұсынары бар. Қазақстандық ғылым алдына тарихи және қазіргі материалдар негізінде этникааралық және конфессияаралық өзара қарым-қатынастарды, олардың қазіргі даму тәжірибесін кеңінен және тереңінен ашу міндеті қойылды. Оларды шешуде Ә. Момынов «Мұсылман әлемі және Батыс үнқатысуын нығайту контексінде Қазақстандағы дінаралық өзара қарым-қатынастардың қалыптасуының ерекшеліктері, қазіргі жағдайы және болашағы» атты жобаны әзірлеп, іске асырды.

Онымен қатар, батысеуропалық ғылым орталықтары және зерттеушілерімен ынтымақтастық дамыды. Бүгінде Ә. Момыновтың Анке фон Кюгельген, Девин Ди Уис, Михаил Кемпер, Коматсу (Жапония), Б. Бабажанов (Өзбекстан) және басқалары тәрізді белгілі ғалымдармен қызметі жемісті. Олардың көпшілігімен бірлескен жобалар жасалды және олар орындалып та жатыр. Осы ынтымақтастық нәтижелерінің бірі «Орталық Азиядағы исламдану және мінажатты шежірелер: нарративтік және генеологиялық (шығу тек жүйесі) дәстүрлердегі Ысқақ баба» (2009) атты іргелі еңбегінің жарық көруі болды. Онда ХІХ–ХХІ ғасырлардағы «Насаб наменың» орыс тіліне аударылған мәтіннің алты редакциясы ұсынылды, оның өзі алдағы зерттеулер үшін сенімді деректеметанушылық негізін жасайды.

Бүгінгі күні зерттеушілер алдында Қазақстан кітапханалары қорларында жоқ дереккөздерді айқындау және жинау бойынша орасан зор археографиялық жұмыс жүріп жатыр. ТМД және шет мемлекеттердегі қолжазба қорларының әртүрлі орталықтарын жүйелі тексеру қажет. Одан басқа, ғалым зерттеу бағдарламалары шеңберінде Қазақстан аумағында сақталған материалдық артефактілерді, көптеген эпиграфикалық жазбалары бар ескерткіш-қорымдарды, жерасты мешіттерін, кесене-саркофагтарды зерделейтін бірлескен экспедициялар жүргізуді ұсынып отыр. Мұның өзі ғалымның проблемаға ауқымды қарауын, материалдық және рухани дереккөздерге ерекше көңіл бөлуін байқатады.

Ә. Момынов еңбектерін зерделей отырып, біз отандық шығыстанудың бүгіні мен ертеңіне көз жүгіртеміз: оның басшылығы және өзі де жүргізген іргелі зерттеулер жариялануын жалғастыруда. Осыған байланысты «Орталық Азиядағы исламдану және мінәжатты шежірелер: нарративтік және генеологиялық (шығу тек жүйесі) дәстүрлердегі Ысқақ баба» атты зерттеуін тағы бір атап өткен жөн.

Әшірбек Момыновтың еңбектері және жаңа шығармашылық ойларымен қуантарлықтай күш пен қуатқа толы. Отандық және шетелдік шығыстанушы-исламтанушылар, Қазақстанның ылыми жұртшылығы Әшірбек Момыновқа зор денсаулық және алдағы қызметінің барлық саласына табыс тілейді.

Әбсаттар қажы Дербісәлі,    

Р.Б .Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының директоры,

ҚР Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Әбсаттар Қажы Дербісәлі. Ежелгі тарихтың тамыршысы // Әбсаттар Қажы Дербісәлі және Қазақстанның шығыстану ғылыми мен рухани жаңғыру мәселелері: Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары / Құраст.: Б. Жұбатова, Л. Ерекешева. Б. Батырхан. – Алматы: Қазақ университеті, 2017, бб. 222-227.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button