Рабғұзи

Мұхаммед Расулаллаһү Ғ.С.-нің иманға бой ұсынуы

Мұхаммед ғ.с. үш жыл үйінде отырып адамдарды иманға үндеді. Ешкімнің есігіне бармады.

Пайғамбар ғ.с. Алла тағала аятының мағынасын түсіндіре келіп: «Пұтқа ғибадат қылмаңыз. Пұтқа ғибадат ету Алла тағала мен пұтты теңдес ету – азғындық», – деді. Бұл сөзді естігеннен кейін мәшрүктер ашуланып, дұшпан болып, пайғамбар ғ.с.-ді ренжіте бастады. Барша мәшрүктер жиылып Әбутәлибке барды: «Қандасыңыз Мұхаммед біздің дінімізді өзгертіп, атаңыз, бабаңыз бұрын азғындықта еді деп айтты. Ләй уә Ғазиға (Ләтуә Ғази – кәпірлер құдайының аты) тіл тигізді. Сен оны бұл істен тый!» – деді. Әбутәлиб мәшрүктері ақылды тілмен ашуын басып, қайтарып жіберді.

Пайғамбар ғ.с.-ға мәшрүктердің келгенін һәм сөйлеген сездерін Әбутәлиб еш айтпады. Пайғамбар ғ.с. ыждаһатпен халықты иманға үндеді. Мәшрүктердің дұшпандығы тағы да күшейіп, сабыр қылмай Әбутәлибке тағы да келіп: «Егер, сен Мұхаммедті бұл істен тыймасаң, біз сенімен ажырасамыз», – деді.

Әбутәлиб пайғамбар ғ.с.-ді бек сүйіп: «Әй, қандасым! Есіңде болсын, мен аман тұрғанда сені ешкім ренжіте алмас», – деді.

Пайғамбар ғ.с.-ді ренжіткен кісілер Әбужаһил, Әбуләһәп, оның әйелі Үмміжамил еді. Пайғамбар ғ.с.-ға Алла тағаладан аят келді.

«Әй, Мұхаммед! Жақын қандастарыңды дүние қорлықтарынан қорқытып иманға үнде» деген екен. Бұл аяттан соң, пайғамбар ғ.с. Әшім әулетін, Ғабдүлмәнәб әулетін жиып, Сафа тауына шақырды. «Мұхаммед не айтар екен» деп, олар жиылып барды.

Келгеннен кейін Мұхаммед ғ.с. айтты: «Әй, жамағат! Алла – бір, Мұхаммед оның хақпайғамбары деп айтуыңызды тілеймін. Әй, Құрайыш елі! Қияметтегі тамұқ азабынан жаныңызды құтқарыңыз. Пұтқа ғибадат қылу – шайтан қылған іс. Шайтан – адамға дұшпан», – деп сөйледі.

Әбутәлиб, Хамза, Ғаббас һәм басқа Әшім әулеті адамдары пайғамбар сөзіне көңіл қойды. Тек, Әбуләһәп лағнет қарсы келіп: «Сен бізді осы үшін шақырдың ба?» – деп көп жаман сөздер айтып, жала жапты.

Расул ғ.с.-нің екі қызы Әбуләһәптің екі ұлында некеде еді. Ол Әбуләһәптің ұлдары құзғыннан туған құзғын немесе доңыздан туған доңыз еді. Бұлардың пайғамбарға күйеу бала болуға еш қисыны жоқ еді. Сонан кейін Әбуләһәп балаларынан бұл екі қызды ажырастырды. Бұл екі қыз Расулалланың Рахия мен Үммікүлсімі еді. Бірінің артынан бірін Ғұсманға некелікке берді. Сол себепті Ғұсман қияметке шейін Зүлнәуреин деп мадақ етілді.

Мұхаммед ғ.с. пайғамбарлықтың алтыншы жылында Харам-шарифке кіріп, намазға кірісті.

Әбужаһил сыбайластарымен Қағбада еді. Пайғамбар ғ.с. рүкұғі сәждеге кеткеннен кейін Әбужаһил досының біріне бұйырып, пайғамбар ғ.с.-нің үстіне тезекке былғанған тері тастатты. Өзі пайғамбар ғ.с.-нің жанына барып, түрлі сөздермен сөгіп, намазға кедергі жасады. Хазреті Пәтимә бұдан хабардар болып, пайғамбар ғ.с.-нің үстінен теріні алып тастады. Одан соң Расулүлла сәждеден тұрып, намазын тәмәмдәді.

Әбужаһил малғұнның бір құлы пайғамбар ғ.с.-ға тас атты. Тас Расулүлланың бетіне тиіп, жүзін жаралап, мүбәрәк қан ақты. Расулұлла қайғырып, үйіне келді. Расулұлланы Әбужәһилдің қорлағанын Ғабдоллаұлы Жәдіған деген кісі көріп, хазреті Хамзаға айтып жылады. Бұл халді естіп, Хамзаның бек ашуы келді. Ол өзі әлі дін-исламға келмесе де Пайғамбарға көңілі жақын еді. Расулүлланың көтерілгенін, дәрежесі болғанын ұнатушы еді. Сол сәт қолына селебесін ұстап Қағбаға келді.

Әбужәһил мәшрүк құлдарымен отыр екен. Әбужәһил Хамзаның келуінен сезіктеніп: «Қандасы Мұхаммедті ренжіткенім үшін келді», – деп қашпақшы болды. Сол арада хазреті Хамза жанына жетіп келіп, Әбужәһилді ұстап: «Сені не қылсам екен. Сен менің қандасымды ренжітіп, қорладың», – деп Әбужәһилді әбден сөгіп, селебесімен періп басын жарды.

Әбужәһилдің құлдары хазреті Хамзаға қастандық жасамақ еді, Әбужәһил: «Тимеңіз! Хамзаның менде қаны бар. Мен оның қандасын ренжіттім», – деп құлдарын тыйды.

Әбужәһил жарақаттанғанына шыдады. Оның мақсаты: «Хамзаның ашуы артып, Мұхаммед дініне кіріп кетпесін. Егер ол ислам дініне кірсе, ислам діні қуаттанып кетер», – деп қорықты. Содан соң араб арасында сыйлы һәм батыр адам аталды. Хазреті Хамза мәшрүктер жанынан кетіп, пайғамбар ғ.с.-нің жанына барып, «Дұшпаныңнан өш алдым», – деді. Расулұлла: «Дін-исламды қабыл етпесең, мен бұған шаттанбаспын», – дегенде Хазреті Хамза: «Әй, Мұхаммед! Мен әрдайым сенің жәрдемшіңмін», – деп серт берді. Хазреті Ғұмар және Хамза мұсылман болғаннан соң, дін ислам тағы да қуат тауып, пайғамбар ғ.с. халыққа иман келтіре бастады.

Мәшрүктер бұл іске тарылып, Меккедегі Әшім әулетін Әбутәлиб мәққәләсіна (туған жеріне) қуалады. Әшім әулетіне қыз бермеске һәм олардан қыз алмасқа, жалпы Әшім әулетінен алыс-беріс жасамауға сертке келді. Бұл мұсылман қауымы үшін өте ауыр хал болды. Бұл заңдылық пайғамбарлық көтерілгеннен кейін 10 жылдан соң ғана бұзылды. Сөйтіп, қайтадан алыс-беріс орнады. Мұсылмандар бір мұқтаждықтан құтылып, сауда кәсіп жасап, тағат ғибадатпен айналысты. Бірақ бұл жақсылықты көре алмай 10-шы жылы Әбутәлиб дүниеден өтті. Дүниеден иманмен аттанды. Кәлимәні айтып, мұсылман болғанын Ғаббас естідім деп әңгімелейді. Әбутәлибтен үш күннен кейін Хадиша опат болды. Хадишаның жасы 65-те еді. Пайғамбар ғ.с. бұл екі өлімге қатты қайғырды. Сол үшін бұл жылды «сүннәтәлғазин» деп атады.

Мәшрүктер Әбутәлиб пен Хадишаның опатын естігеннен кейін пайғамбар ғ.с. мен сақабаларына азап, яғни қиындық келтірмек болды.

Пайғамбар ғ.с. сақабаларымен намаз оқығанда тамағына тезек салған еді. Мәшрүктердің жапасынан әбден безер болып, пайғамбарлықтың 11-ші жылында Зәйд-бүйнү-Харсамен Тайф шаһарына барды.

Тайф халқы дін исламды қабыл етпеді. Пайғамбар ғ.с-ға тас атып аяғын жаралады. Зәйд-бүйнү-Харса пайғамбар ғ.с.-ға тас тиіп кетпесін деп арашаламақ болғанда Зәйд-бүйн-Харсаның өзінің басына тас тиіп, жараланды.

Пайғамбар ғ.с. Тайф шаһарында бір ай жүріп, қайтып Меккеге Матғам-бүйнү-Ғадди химаясына кірді (химая – сақтау орны). Әрқашан иманға үндеуді ыждаһат етіп жүрді. Қажы уақытында Мәдинеге келгендерге жолығып, Пайғамбар ғ.с. оларға құран оқыды. Мұсылмандық үкімдерін айтты. «Дін исламға келулеріңізді өтінемін», – деді. Бұл Медине халқы яһудилерден: «Меккеде Әшім әулетінен жуық арада бір пайғамбар шығар», – дегенді естіген еді.

Барлығы жеті кісі болатын. Есімдері: Асығад Зә-рә-рәұлы, Рапих Мәлікұлы, Ғауф Харысұлы, Ғамар Ғабділ Харсаұлы, Қатиба Ғамарұлы, Ғақбә Ғамарұлы, Жәбір Ғабдоллаұлы. Осы жеті адам дінге келушілердің алғашқылары болды. Мединеге қайтып, дін исламның тарауына көп үлесін қосты. Пайғамбарлықтың 12-ші жылында Мединеден және 12 адам келіп, мұның бесеуі алғашқы мұсылман сақабалар еді. Жетеуі алғаш мәртебе етіп, пайғамбар ғ.с-мен көрісіп, дін-исламды мойындап, ислам үкімдерін үйренді. Мәшрүктік қылмасқа, зина қылмасқа, ұрлық жасамасқа, балаларды өлтірмеуге уәде қылды. Осылар арқылы көп адам мұсылман болды. Ислам дінінің үкімдерін үйрену үшін, пайғамбар ғ.с-нан бір сақаба жіберуін тіледі.

Расүлұлла ғ.с. оларға Масығаб есімді сақабаны жіберді. Масағаб Мединеге барып, Сағат-бүйнү Зәрәрәға ислам дінін және құран-шариф үйретті. Медине халқының баршасы мұсылман болды. Мединеде дін ислам қуат алып, пайғамбарлықтың 13-ші жылында Мединеден Масығабпен 73 ер, 2 қатын Меккеге келіп, пайғамбар ғ.с.-мен көрісіп, алғашқы айтылған уәделеріндей тағы да уәде берісті.

Бұдан кейін мединеліктер: «Әй, Расулалла! Егер біз уәдемізге берік тұрсақ не болар?» – деп сұрады. Сонда пайғамбар ғ.с. мединеліктерден кеңес сұрап: «Сақабалар. Мен өзім Мединеге көшсем қалай болар екен» дегенде, мединеліктер шат болып, «Рахым етіңіз», – деді.

Осы 72 кісі Мединеге көшіп кеткеннен кейін пайғамбар ғ.с. сақабаларға да Мединеге көшуін бұйырды. Әбубәкір де көшуге рұқсат сұрағанда Пайғамбар ғ.с. рұқсат етпеді. Көшуге Алла тағаладан әмір келуін күтті. Меккеде Әбубәкір ғ.с. хазреті Ғали қалды.

Рәуәйәттә айтады: «Пайғамбар ғ.с.-ді қорлап жүрген мәшрүктер бес кісі еді. Алғашқысы, Уәлит-бүйнү Мұғайра, 2-ші, Ғасбүйнү Уәил, 3-сі, Асуд-бүйнү Иағус, 4-ші, Әбудәмға, 5-ші, Харас-бүйнү Талама лағнет».

Бір күні пайғамбар ғ.с. Қағбаға кіріп отырғанда, Жебірейіл ғ.с. әзір болды. Бұл 5 мәшрүк те пайғамбарларды қорлау ниетімен бірінің артынан бірі пайғамбар ғ.с-нің жанынан өтті.

Бірінші Дәмға өтті. Жебірейіл ғ.с. Дәмғаның жүзіне қарады. Сол кезде Дәмға екі көзден айрылды. Жығылып-сүрініп, еңіреп әлек болды. Онан кейін Иағус өтті. Жебірейіл ғ.с. оның құрсағына қарады. Сол сәт оның іші жарылды. Онан соң Уәлит-бүйнү Мұғайра өтті. Жебірейіл ғ.с. оның аяғына қарады. Сол сәт бір тікенек аяғына қадалып, жығылып әлек болды. Онан кейін Харас-бүйнү талама өтті. Жебірейіл ғ.с. төбесіне ишарат қылды. Сол сәт ол: «Мұхаммедтің тәңірі мені өлтірді», – деп шыңғырып, басын құрма ағашына ұрып, жанын жәһһәннәмаға жіберді.

Мекке мәшрүктері пайғамбар ғ.с.-нің Мединеде қуат алғанын көріп, не істерін білмей таңқалысып, Мекке маңайындағы Қабибалалардың басшысы Хабиб-Бинү-Мәлік деген патшаға хат жазды. Хатында: «Арамыздан бір кісі шығып. Ата-бабаларымыздың дінін қате деп, көп кісіні өзінің соңынан ертті. Атаны баладан, баланы атадан айырып, арамызға зор қасірет әкелді. Мұны еш тыю мүмкін емес. Сондықтан сенен үміт күтеміз», – деді. Бұл хатты Хабиб оқыған соң қатты ашуланып, өзінің әскерімен Мекке жанына келіп, соғыс шатырларын құрды. Мәшрүктер қарсы алып: «Пайғамбарларды күштеп алып келейік пе?» – деді. Сонда Хабиб: «Жоқ, күшпен емес, жұмсақ сөзбен түсіндіріп алып келіңіз. Егер оған көнбесе қаһарланамыз», – деп, бір адамды шақырып келуге жіберді.

Пайғамбар ғ.с. бірнеше сақабаларымен Хабибке баруға шықты. Хабиб пайғамбар ғ.с.-нің келе жатқанын көріп, жүзінен нұрды көріп, Әбужәһилден: «Мұхаммед осы ма?» – деп сұрады. Әбужәһил: «Әрине», – деп жауап берді. Хабиб пайғамбар ғ.с.-ді құрметтеп, шатырына алып кірді. Екі жақтың сөзі басталғанда Хабиб айтты: «Ей, Мұхаммед? Егер сен хақ пайғамбар болсаң, мұғжиза көрсет (мұғжиза – ғажайыптар деген мағынада). Қазір Ай тусын, сол кезде Ай екіге жарылып, жерге түсіп, сенің пайғамбар екеніңе куә болсын. Аспандағы Ай қақ бөлініп, жерге екі кесек болып түссін. Етегіңнен көйлегіңе Ай кіріп, екеуі екі жеңіңнен шығып, екеуі қайта қосылып, көкке шығып, сол жерде ғайып болсын. Тағы да көңілімде бір нәрсе бар, соны біліп айт», – деді. Пайғамбар ғ.с. Абу-Қабис тауына шығып, сәжде қылып, бұл мұғжизаның болуын Алла тағаладан тіледі. Дереу Жебірейіл ғ.с. келіп, Хабиб сұраған мұғжизаның болуын жене көңілдегі нәрседен хабар берді.

Пайғамбар ғ.с. мәшрүктердің мәжілісіне барып, қол көтеріп, дұға қылуға кірісті. Сол кезде Ай екіге бөлініп, жерге түсті. Етегінен кіріп, бір кесегі жеңінен, біреуі екінші жеңінен шықты.

«Лә іләһә ілла ллаһ Мұхаммедү р-Расулүллаһ», – деп шәһәдәт бергенде, Ай қосылып, көкке шығып барып, ғайып болды. «Ей, Хабиб! Менің көңіліңдегі нәрсе көзі, аяғы жоқ қызыңа дауа іздемек еді. Ол қызың аман-есен жазылып, маған иман келтірді», – дегенде, Хабиб дереу иман кәлимә и-шәһәдәт келтіріп, мұсылман болды.

Хабиб мәжілістен соң өз жұртына қайтты. Қызы кәлиме и шәһәдәт айтып, Хабибке қарсы жүгіріп шықты.

Мекке мәшрүктері пайғамбар ғ.с.-нан 360 мұғжиза көрді. Пайғамбар ғ.с.-нің хақтығын білді. Солай болса да тәкәппарлық етіп, иман келтірмеді.

Хақтағала айтады: «Ғаламның барлық мақұлықтарын достым Мұхаммед құрметіне жараттым. Мұхаммед досыма ғажайып қасиеттер сыйладым. Ондай қасиетті басқа пайғамбарларға бермедім. Әуелі Мұхаммедті нұр етіп жараттым. Дүниедеге небір пайғамбарлар келді. Олар үмбетінен жапа шеккеннен кейін көңілдері қалып, үмбеттері үшін әлек дұғасын (қарғыс дұғасын) қылды. Ал достым Мұхаммед үмбетінен небір қиындық көрсе де ғидаят (жақсылық дұғасы) дұғасын қылды. Адам пайғамбар бір қателігі үшін жұмақтан шықты. Достым Мұхаммед үмбеттері неше жүз мың қате, күнә жіберіп, ықыласымен қайғырып, тәубе етісті. Сол үшін күнәләрін кешіремін. Достым Мұхаммед құрметіне жұмаққа негізіп, көз көрмеген, құлақ естімеген дәрежелер беремін.

Ыдырыс пайғамбарға нәжим (аспан ғылымы) үйреттім. Сол арқылы достым Мұхаммедке болашақ бағдарын білдірттім. Халилім Ібраһим пайғамбарға Намруд отын суыттым. Достым Мұхаммед үмбетіне тамұқ отын суытпақпын. Сүлеймен патшаға желді бағынышты қылдым. Достым Мұхаммед үмбеті көзді ашып-жұмғанша Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа жүрер.

Мұса пайғамбар қауым Ніл дариясының аяқтарына еш су тимей аман-есен өтті. Достым Мұхаммед үмбеті Сират көпірінен сәләмәт еткей.

Мұса пайғамбардың таяғы сиқыршылардың сиқырын жоқ қылды.

Достым Мұхаммед үмбетінің күнәсін достымның өз шапағаты жоқ қылғай».

Адам ғ.с. істеген күнәсі үшін 300 жыл жылады. Қатесі кешірілмеді. Мұхаммед құрметіне мінәжат қылды. Сонда ғана Хақтағаладан: «Ей, Адам! Күнәңді кештім, не тілегің бар еді?» деген хабар келді. Хақтағала Ғайса ғ.с.-ді төртінші қат көкке шығарды.

Ібраһим ғ.с.-ді Намурд отына салғанда Жебірейіл ғ.с. Алланың пәрменімен бір көйлек келтіріп, Ібраһим ғ.с.-ға кидірді. Ол көйлектің жағасында Мұхаммед ғ.с.-нің есімі жазылған еді. Сол есім құрметі үшін Ібраһим ғ.с.-ға от залал келтірмеді.

Дәуіт ғ.с. қолына темір ұстаса, темірдің өзі балауыз сияқты балқып тұратын болған. Мұхаммед ғ.с.-нің мүбәрәк есімін Дәуіт ғ.с.-нің тілінен жаратқан. Мұса ғ.с. перғауыннан қашып бара жатқанда алдынан Ніл дариясы кездесіп, мүтәһил (үрей) болды. Сонда Жебірейіл ғ.с. келіп: «Әй, Мұса! Мұхаммед ғ.с.-нің шапағатын келтір», – деді. Мұса ғ.с. мінәжәт қылды. Сонда Хақтағаладан хабар келді: «Әй, Мұса! Таяғыңмен дарияны соқ», – деді. Таяғымен дарияны соқты. Дария он екі болып бөлінді. Мұса ғ.с. қауымымен сол жолдан шығып, аман құтылды да, Перғауын әлек болды.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Суретті түсірген  Сұлтан Сейіт

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button