Қыс айы
1969 жылдың қыс айы. Жерде алақат* етік басы үрлесін қар бар. Күн шыңылтыр аяз. Оқушылар үшін қысқы демалыс уақыты, қорада мал жайлап жүргенмін. Сәскелікте үйге төрт атты кісі келіп түсті. Сәлем беріп, қораның аузын ашып, аттарын күншуақ бетке, қаңтарып* қойдым. Аттарын қатты қинап келіпті. Тері бұрқырап тұр… Байқауымда; «қыстауға, елге жақын орналасқан малшылар-ау»- деп, шамаладым. «Қожекең үйде ме? Қожекеңе сәлем бере келдік»-деп, жатыр…
Біздің ауыл, 1964 жылы іргесі қаланған «Жаңақала»совхозы деп аталады. Мал шаруашылығымен айналысатын «Қызыл құмның» ішіндегі алыс ауыл. Аудан орталығына 150 шақырым. Жол, кәдімгі қара жол. Бұл ауылға «Қорқыт» темір жол бекетінен көшіп келгенімізге де екі жылдан асты. Елмен-жермен енді танысып жатқан уақытымыз.
Қонақтарды үйге бастап, әкем отырған бөлмеге өткіздім. Әуелгі бастап келген кісінің әкеме (Нұрмахан қожа 1900-1975):
– Ассалаумағалйкум – Қожеке!-деп, салтанатпен сәлемдескен ықылас-ілтипаты шынайы шықты. Апамды көріп:
– Ассалаумағалейкум – Қожекемнің Бибісі!*-деп, сәлемдесіп төрге орнықты.
Келген қонақ Қоңыртай Шәртімбай (1912-1982) деген кісі болатын. Бала болсам да сәлеміне сүйсініп, көңліме ізет-құрметі орнығып қалды. «Жігіт – сәлемінен сыр береді»-деп, әкеміз айтып отыратын мәтел сөздің астарын түсінгендей болдым. Қонақтарға қызмет жасауға деген құлшынысым арта түсті. Әкем қонақтармен амандасып болған соң, апам мен екеумізге иегін қағып «Қам жасаңыздар!» деп, ишара жасады. Біз өз ісімізге кірістік.
Соғым* сойылған кез. Сол жылы, совхоздың жоңыршқасының қарауылы Дөсек* Кәмәли ағамыз жаздай-күздей бағып жүріп, бес жасар қарақасқа өгізімізді соғымның уақытында қораға айдап әкеліп, өзі сойып берген.
Әкеміз:
– Балам – соғымнан қолүздік*, баққан еңбегің бар, бала-шағаға асқатық болсын -деп, қапқа – асық жілігі мен жаурын жілігін шабыстырып* бір жілік* ет салып берді. Ағамыз қайқы бел, сыйыр құйымшақ торатына мініп, қапты алдына өңгеріп алып, рахметін айтып көше бойлап үйіне қарай кете барды.
Кәмәли ағамыз біздің әкемізді «әке» деп, бізден де артық жақсы көретіндей, ықыласы бөлек жан еді. Ақеден* ақкөңіл адам.
Әкем, ол кісіні; Ата-баба әулетінен бері қарай таратып Дөсек Жаңай батыр, Дөсек Ерімбет қажының тұқымдары. Құлбай балалары- деп, отырар еді. Әкемізбен сонау Сыр бойынан бері қарай таныс кісілер екен…
Соғым берекелі, сарыалы май болды. Сиыр малының ірісін сонда көрдім. Жануар, әкемнің көшкенде Сырбойынан әкелген малының тұқымы болатын.
Оның үстіне, осы ауылдың ақсақалдары соғымға мал сойса, басы мен жарты жілік етін «қожекеңнің сыбағасы»-деп, әкеме әкеліп, батасын алып жатады.
Әкем:
– Балам, Алланың берген несібесі ғой! Басты сойып, ақсақалдарды шақырып, бәтиесін алып жіберейік!? Бөліп жеген асың, берекелі болады!-деп отырғаны. Қанша бас келсе, сонша қонақ, Сонша мәжіліс болады…
Бұл кісі, арнайы шақырту келмесе, үйден ұзап шықпайды. Бірде, Шәртімбай ақсақал әкемізге:
– Қожеке сіз де басқа кісілер секілді елді аралап салтанат құрып, қожалық жасамайсыз ба? Шүкір, осы елдегі Кете, Шөмекейдің үлкен-кішісі алақанына салып сыйлайды. Бала-шағаға да рыздық-несібе болар еді?-деді.
Бұл әңгіме, шәй құйып отырған апама да, кесе алып беріп отырған маған да тосын естілді.
Десе де, айтылған әңгіме құлағыма жағып: «Әкем қыдырса, бірге қыдырар едім»-деп ойладым. Дастархан басындағы Бөршек, Нұрбай, Шамшат ақсақалдар да бұл әңгімені қоштап отыр. Әңгіменің ақырын күттік…
Әкеміз Қорқыт теміржол бекетінде 34 жыл жол бақылаушысы болып, содан еңбек демалысына шыққан кісі. 1967 жылы осы, «Жаңақала» совхозына көшіп келгенбіз. Бұл жақтағы елдің өз дәстүрі бар секілді. Жоғарыдағы кісілердің де айтып отырғаны сол.
Әкеміз таспиғын тартып отырып, сәлден соң:
– Шәртеке, Алла «байұлы» (байғұз) деген құсты әуелде адам санатында жаратқан екен. Пейілінен осындай күйге түсіпті…
Сонда ол бишара:
-«Я, Алла адам едім, түр-сипатымды дәрменсіз құсқа айналдырдың. Менің рыздық-несібем не болады?!»-деп, жылады дейді.
Сонда жаратушы:
-«Сенің рыздығыңа, күніне екі торғай несібең болады – соған үкім еттім!»- депті.
Жарықтық сол «Байұлы» деген құстың жайылып жүргенін, я болмаса жем жеп отырғанын адам баласы көрмейді. Бейіттің басында, тау жартастың үстінде жаратқанға зікір айтып отырады екен.
Ескіліктіден, қазақ – Алланың назары түскен, қасиетті құс санайды. Жаратқан ием кепіл болған сол екі торғай, күні бүгінге дейін сол құстың азығы екен.
Он сегіз мың аламды жаратып, ондағы жан-жануардың рыздық-несібесін тең бөліп жеткізіп отырған Алла, – сіз бен біздің де несібемізге кепіл ғой – Шәртеке!? Үйде отырсам да, дүзде жүрсек те – Алланың бұйыртқанынан артық ештеңе болмайды. Алланың қазынасы мол ғой ! Әр істі Алла біледі!?-деді…
Осылайша әкеміз өзіне тиесілі «ата жолына»* деген пайдадан да бас тартты. Сонымен бірге, өзімдегі «қыдырсақ-ау!» деген қиял да аяқталды…
Өзім болсам, әкемнің үйдегі «мырза малайымын». Мақсатым әкемді, әкемнің қонағын күту, мал-қораның шаруашылығы түгел мойнымда.
«Балам өздеріңді жұрт қожаның баласы дейді. Үлкенге ізетті, құрметті болыңдар. Сәлем беріп, алдынан кесе өтпеңдер!»-деп қойған.
Бозбала болып қалған уақытым. «Қожаның баласы» деген атақ та өзіме ауыр тиіп жүр. Шаш қоймайсын. Тықырлап бәкімен алдыртады. Доп ойнау, ләңгі тебу, асық ойнау т.б.
істерді қоштамайтын. «Балам тіршілігіңмен айналыс. Мұғаліміңнің айтқанын істе»-деп отырады.
Бізге деген елдің ықыласы да бөлек болды. Той-томалақтан қайтқан үлкен кісілер мектеп жасындағы бала болсам да»жарықтық әулиемнің тұқымы келе жатыр ғой»-деп, ат-есектерінен түсіп амандасып жатады.
Байқауымда бізді,- әулетіміз бен әкеміздің құрметіне деген халықтың осы ілтипат ерте есейтіп жіберді.
Оның үстіне бірде әкемізден:
– Әке, неге бізді «әулиенің тұқымы дейді?»-деп, сұрадым. Әкем ойлы көзімен маған бажайлай қарап, тасфиғын тартып отырып сәлден соң:
– Балам, өздері секілді екі аяқты, бір басты адамды «әулие» көріп жүрген – халық әулие! Біз, әулие емес, әулетпіз. Пайғамбар әулеті. Халық әулие тұтып алақанына салса, соған лайық болыңдар шырақтарым! -деп, жауап берді.
Әкеміздің осы сөзі, өмірлік қағидамызға айналды…
Әкеміздің, «Үйге қонақпен бірге – құт-береке* ере келеді»-деп, сендіргені сондай, өзім үшін, біздің үйдің мерекесі* – қонақ.
Ауылдың жасы үлкен ақсақалдары; Құлбай, Қайралап, Жылқыбай, Шайқы, Лепес, Ұзақбай, Ұлғасбай, Алпысбай, Елапан молла, Аман молла, Молдабай молла,Төлеутай молла, Қалжан, Бектібай, Машарап молла, Баба шал, Үмбетбай, Торақбай ұста, Олжабай жырау, Қайырқұл, Данышпан, Мырқы, Жақсымбет, Әшім, Әбілда, Садық, Анық, Тоқтыбай, Әкім, Бисенқұл, Боранбай, Ерболат, Жетпісбай, Сәт молла, Бәйіш қожа, МІжтай, Қашақбай, Әби қожа, Шайхы қожа, Шахар қожа, Нұрбай, Нұржан, Шамшат, Бөршек, Жаңабай,Қартаңбай, Әйтпенбет ұста, Қайрулла, Нәжім, Жолай Шамшат, Ибрагим, Нұрғали, Лесбай, Жанай, Киікбай, Исағабыл, Жолдасбай, Әжібай, Айтуар, Аяған, Әлиакбар т.б… ақсақалдар өмірдің от пен суынан өткен, абзал жандар еді. Осы кісілердің қолдарына су құйып батасын алдық. Қолдарынан ет асап, дәм таттық.
Бірде мектептен келіп, үйдегі дайындықты көріп:
– Апа, тағы да қонақ келе ме?-десем, апам;
– Я, қонақ келе жатыр. Әкең жиырма басы бар өгіз сойып берген жоқ па?! -деп, күліп жіберді… Оған Қойсын жеңгеміз бен Мәрияш, Күләш, Күнби, Сахып апаларымыз да сылқылдап күліп:
– Атамның бала-шағасына бұйырған несібесі ғой!-деп, жатыр.
Бір ауылдың халқы, көрші-көлем бір үйдің адамындай тату-тәтті өстік. «Атасы достың, баласы тату болады»-деген, күні бүгінге дейін сол дәстүр жалғасып отыр…
Сонымен, апам екеуміз қонақасының* қамына кірісіп, қонақтардың қызыметіне сай тұрдық. Ошақтағы шаршы ернеуі бір құлаш қара қазан, асқазан пештің оқпанынан орын алып, от жағылып, ас салынды. Қызыл алтындай сексеуілдің шоғына тойған ақ самаурын да, сыбызғыдай күйін шертіп ыңылдап ала жөнелді. Өзіме тапсырылған, шәймен бірге берілетін қуырдақтың етін турап отырмын. Апам шағын қазанына нан қуыруға кірісіп кетті. Пештің аузындағы шоққа көмілген тападағы нан да пістім деп, жұпардай аңқыды. Сол кездері апамды қолының сиқыры бар жандай сезінетінмін. Аппақ жүзі от-жалынға балбырап, мәңдайынан шып-шып шыққан терін, орамалмен қайыра сүртіп алып, тынымсыз тіршіліктің көсеуін көрік басқан ұстадай, отқа көсеп-көсеп жіберді.
Арасында даладан ойнап кірген іні-қарындастарыма да күлше пісіріп, сорпаның майынан қалқып бір-бір кесеге турап беріп, тойдырып қояды.
Өзімнің қонақ бөлмеге кіріп-шығып жүріп құлағым әңгімеде.
Әне-міне дегенші шәй қайнап, қуырдақ дайын болды. Дастархан жасалып, қонақтарға кесе алып беруге апамның қасынан жайғастым.
Айтылған әңгіменің орта тұсынан түсінгенім; «құстың келу, қайтуында» көтеріліп ауыратын Раман деген адамды әкеме оқытуға*, емдетуге әкелген екен.
Қонақтардың жасы үлкені, «Торжорғаға» мініп келген төртпақ, қызыл шырайлы, шоқша сақалды, жанары үкінің көзіндей нұрлы Шәртімбай ақсақал келген шаруасын баяндап:
– Қожеке, бұл баланың ата-бабасы Ұзақбайдан әрі қарай өзіңізге белгілі. Жас адам, дерт қысып көтерілсе ешкімге бой бермей кетеді. Отбасына зәбірі* тиіп, керші-көлем ескертіп, қорқа бастады. Сол үшін біреуді жазым қылар деп, қасыма адам ерте шықтым.
Бұл, дерт буса адамға қарайды! Осы жолы сізге әкелу үшін де екі күн алыстық. Әлі келмей, мына Қартаңбайдан ғана (Қоңыртай) беті қайтып тұр. Жаңа ауылға жақындағанда «қожаға бармаймын»-деп атпен кейін қашып, қасымдағы азаматтармен қуып жүріп «Әдіресіннен»* қайтарып, зорға ұстадық, -деп, баяндап отыр…
Әңгімеге құлағын салып отырған Раман деген кісі арқасын қабырғаға тіреп, әкеме қарама-қарсы шүйіле қарап, түнеріп, шықшыт етін бұлтұлдатып, тісін қайрап, тістеніп отыр.
Әкем әңгіме тыңдаған болып, молдасын құрып төрде тасфиғын тартып, әңгімеге басын изеп ғана ишара жасап қойды. Ол кісінің басқа іспен шұғылданып отырғанын білдім…
Бұл жағыдай бізге ес білгелі таныс. Қорқыттағы үш бөлмелі үйіміздің бір бөлмесі осындай ауру-сырқау кісілердің орны болатын…
1966 жылдың қысы. Бірде, үйге атқа мініп, аузынан ақ көбігін шашып, шудасын желпілдетіп жарау* бура жетектеген Әйтпен деген кісі келіп түсті. Бураға теңдеген жүгі бар. Өзі үстінде қасқыр ішік, басында түлкі тымақ, аяғында саптама* етік. Белін қайыс белбеумен тартып алған. Астында жуан белді торы айғыры бар. Өзі, еңгезердей сақал, мұртты ақсары адам екен.
Аттан түсіп, бураны жетектеп әкеліп есіктің алдына шөгерді. Далада ойнап жүрген үш-төрт бала, жүгіріп келіп қарап тұрмыз. Үйден әкем мен апам да шығып амандасып жатыр. Апам ол кісіге «Қош келдіңіз әке!» деп еді, ол кісі:
– Айналайын Төлеу жан! Жалғыз бала дертке ұшырап, соны алып келе жатырмын!?-деп, бураның үстіндегі қырау, қар басқан киізді арқанын ағытып сыпырып алғанда, бойымен бірдей бөрен ағашқа таңылып, ұзына бойы бураның қапталына артылған ақ көйлек, ақ дамбалымен жатқан 18-19 жасар палуан денелі аппақ жас жігітті көрдім. Сол жақ шекесінен аққан қан мұз болып сорғалап, басының құйқасы қасық басындай бөлек қатып қалыпты. Апам жан ұшырып, балаға ұмтылып:
– Мына баланы қолдан өлтіріп әкеліпсіз ғой! Бұл не деген мейрімсіздік деп?!-дауысы қатты шықты. Сол кезде байлаулы жігіт те, тіршіліктің нышанын беріп ыңылдап дыбыс шығарды. Шандып байлаған қыл арқан шешуге келмей жатыр. Апам үйден өткір пышақ әкеліп, арқанды қиып-қиып тастады. Жігіт жүруге жарамай, қардың үстіне дізерлеп отыра кетті. Қол-аяғы домбығып ісіп кеткен екен. Әкемнің аяғынан құшақтап, «әке-әке!»- деп, жылай берді.
Әкесі:
– Қожеке, байқа! Бұл адамды алып түседі!?-деп, сақтық үшін шөгіп жатқан бураның мінер жақ жазы ағашын* суырып алды.
Әкем жігіттің арқасынан қағып:
– Балам, «Жау қырылып қалыпты ғой!»(әкеміздің сөзінің салты еді)-тұра ғой?-деп, сүйемелдеп апам екеуі үйге кіргізді.
Әкесіне:
– Егесі бар* дерт қой! Сізді көріп қайсарысып көтеріліп кетер. Біздің Көкемнің* (нағашы әкеміз Төремұратты әкеміз солай атайтын) үйіне барып демала беріңіз, мына бала апарады деп маған тапсырды.
Ол жұмысты орындап, үйге тез қайтып келдім.
Пештің түбіне отырғызған бойда апам, өзінің дәрі-дәрмек салған арнайы қобдишасын алып басындағы жарақатын емдеуге кірісті. Жігіттің басын жылы сумен әбден жуып, тазалап, шашын сыпырып алып, дәрілеп бас терісін орнына қойып таңып, қол-аяғын жылы сумен жуып, жылқының майымен майлап орап тастады. Бойы жылып, науқас балбырап ұйқыға кетті. Ол уақытта әкесі келіп болған жағыдайды баяндады.
– Қожеке құдайдан тілеп алған жалғыз ұлым еді. Баламды үш жылдық армиядан қалдырып беремін деп біреу көп қаражатымды алып, баламды уақытша Қызылордадағы жындықанаға жатқызып қойды. Әне-міне деп жүргенде үш ай жатып қалды. Ішіне бір кіргізсе шағаруы қиын екен. Сап-сау балам соның ішінен осындай қалге душар болды. Қарақұмнан осында жолшыбай екі қонып жеттім. Бала көтеріліп, жыны шешесі мен екеумізге түсті. Өлтіретін сыңай танытты. Сосын, жазы ағашпен ұрып жығып байлап алдым. Бұл кәзір тұрса қиратады. Қол-аяғын байлап тастайын деп шылбырды ала келдім. Енді баланы қайта сол жақтың доқтырына алып бара жатырмын-деп, басын шайқап күйзеліп отыр. Әкем үнсіз тыңда таспиғын тартып отырып бар айтқаны:
– Алла біледі! Ақсақал, баланы олай кіріптар қылмаңыз. Оыс үйде қалсын. Алла жар болса дертінің де шипасын берер?!-деді… Сол, науқастанып келген Меңілбай біздің үйде бір ай шамасында болды. Өзімізге ағадай болып кетті. Қора-қопсыны жөндеп, азын-аулақ малымызды жайғап, әкемізбен бес уақыт намазға бірге жығылып, дәрет суын дайындап отырады. Дертінен құлан-таза айығып әкесінің қолына тапсырды.
Әкем Әйтпен ақсақалға:
– Алла жар болып, бала дертінен айықты. Жасы үлкейген уақытта қайта соғар. Ол, уақытта дерт иесінің де қолынан ештеңе келмейді. Дертте өзімен бірге қартаяды-деп, жатты. Ол сөздерін толық түсінбесем де, мағынасын шамаладым…
Сол, Меңілбай ағамыз ұл-қыз өсіріп ордалы отбасына айналып, 75 жасында, осы жылдың (2018) мамыр айында Қармақшы ауданының «Тұрмағамбет» аулында өмірден өтті. Атбасын бұрып, қол жайып құран бағыштадық…
«Қорқыт әулиеге» түнеуге келетін белгілі жандар да үйімізде жатып, әкемізбен еріп барып зиараттап қайтатын. Жарықтық; Дүрман қожа, Махан мақсұм, Әбу қожа, Омық махсұм, Оспан молла, Жұмаш тігінші деген кісілер замананың тар кезеңдерінде де әулиелікке соғып тұратын.
Үйімізге қарама-қарсы ескі екі бөлмелі үйді әкем «Қаратамыр Семетей аталығынан Мәшеңке әулиенің үиі»-деп, есік терезесін бекітіп, ит-құс кірмесін деп, қарауылдап жүретін. Бұл кісінің өмірі өзінше бір сала әңгіме…
Бүгінгі келген қонақтар жақсы жайғалып, әкемізбен ұзақ әңгімелесіп кеш жатты. Түннің жарымнан ауды. Апам екеуміз аяқ-табақ жинастырып, әлі жүрміз. Біз үйде төрт ер баламыз. Кішкентай қарындасымыз жас. Әкем дәрет алуға шапанын иығына іліп, таяғына сүйеніп далағы беттеді. Томыртқалап* жылытып қойған құманды қолыма ұстатып ере шықтым. Тайып құламауы керек. Ол кісі сыртқа шығып бара жатып дәлізге кідірді. Келген қонақтардың аяқ киімін оң жақ қабырғаға қатарлап тізіп қойғанмын. Ол кісі соған қарап тұрып:
– Ойпырмай балам, «Жау қырылып қалапты ғой!»-деген, үйрешікті кіріспе сөзінен соң, таяғымен нұсқап:
– Балам, мына жерде, үлкен сауап тұр ғой!?-деп, маған қарады. Күн ұзағында қызметімнен мін шыққан жоқ еді. Түсіндім. Басымды изеп, амалсыз мақұлдадым… Ол кісі қайтып ішке кіріп, құптан намазын оқуға кірісті. Ол сағат жарым оқылады.
Демалып жата қалғым-ақ келіп тұр. Оның үстіне әкемнің тапсырмасы да ұнап тұрған жоқ… Ошақ басында өз ісімен айналысып отырған апам, бір шекелеп қабағын көтере керіп:
– Әкеңнің айтқан жұмысын бітір!-деді. Бұл кісіге сылтау айтуға болмайды. «Ал, ендеше!»-деп, саптама* екі етік пен үш адамның грзебей*етігін әкеліп пештің аузына қойдым. Апам:
– Мынауың не?-деп, жатыр.
– Әкем, осы сегіз етіктің ішінде «сауап» бар- дейді. Соны тауып аламын!-дедім. Ішімде ренішім де бар.
Өзі де шаршап отырған апам, мырс етіп күліп жіберді. Алдыма кенеп* әкеліп төсеп, пештің алдына молдас құрып жәйланып отырып алдым. Апам соғымның сорпасынан қалқыған май салған әлеумен* кәтөлектен* екі ожау басы майды омырып ыдысқа салып берді. Сонымен етіктерді ығал шүберекпен сүртіп, майлауға кірістім. Қонышына қолымды салып шұлғауларды алып шыққаннан-ақ аядай бөлмедегі жағдай өзгерді… Сырттан кірген апам:
– Әкеңнің тыққан «сауабын» таптың ба?-деді жүзінде күлкі, сәл жымиып. Өзім не істерімді білмей отырмын.
Апама сыбырлап, ызаланып сөйлеп:
– Апа бұл , қойшылардның етігі ғой! Осыған майдың не қажеті бар? Осылар май таппай жүрме?»-деп, келе жатыр едім, ол кісі сұқ саусағымен етіктерді көрсетіп, тағыда қабағын керіп, иегін қақты. «Болды – ісіңе кіріс!»-деген сөз. Енді артық сөйлеуге болмайды.
Сосын қасымда жатқан әр түрлі шұлғауларды жанып жатқан пешке атып ұрды. Аң-таң болып апама қарадым.
Ыдыстаға май еріп, екеулеп етік майлауға кірістік. Шілдеде шырақ көрмеген «саптама етіктер» жаққан майды жәйіннің басындай жалтырап, жұтып ішіп жатыр… Адамның қолы қойсын ба. Барлық етік жалтырап, сүңгідей болып шыға келді. Әсіресе таза былғарыдан тігілген қонышты саптама* етік, жылқының ішіндегі айғырдай көзге ерекше көрінеді. Ұлтарақтарына дейін кептіріп, етіктерді жылы жерге қойдым.
Апам сандықты ашып, орамы мен сұрғылт түсті шибарқұт* мата алып келді. Әр етікке қарбойынан* мол етіп жыртып, ішіне бүктеп салып қойдық. Бәрі әдемі болды. Ойпырмай,- өз ісіме, өзім сүйіндім-ау!
Таңертең әкем таң намазына ерте тұрып, дәретке шықты. Өзім әкеме ере тұрып, қонақтардың аттарына дорбамен күрмек* жем іліп, қамыс шөптің соңғы орымындағы үпелектеп* кеткен төрт бау шөп салдым. Әкем дәрет алып болып:
– Балам қонақтардың ат-көлігі жайланды ма?-деп, сұрады.
– Я, әке. Шөп салып, жемін іліп қойдым-дегенімше болмай қораға бұрылды. Таң алдында жал-құйрығы бозқырауланып дорбадан жем жеп тұрған аттарға қарап тұрып:
– Балам, «жау қырылып қалған екен». Төрт атқа төрт бау жоңыршқадан сал. Күн аяздау. «Жортар аттың тоғы жақсы» деген. Отын* алсын-деді. Өзі бар-жоғы үйдің айналасынан орып алған отыз бау жоңыршқа. Көктемде ерте туған төлге берерміз деп бөлек жинатып қойған еді. Амалсыздан салдым.
«Бала соққан кездіктің, басы жарық» -деп, бұл кісінің осындай ойламаған жерден жұмысымды бақылап қоятыны бар.
Аттардың дорбасын алып, отқа қойып ішке кірсем, қонақтар да ұйқыларынан тұрып, аяқ киімдерін көріп, аударып-төңкеріп:
– Айналайын қожекемнің баласы-ай! Жарықтық қожекеңнің тәрбиесі ғой!-деп, жатыр. Өзім қуыстанып әкеме қарасам ол кісі, таспиғын тартып отырып болар-болмас басын изегендей болды.
– Ойбай-ау! Шұлғауымызға дейін жаңалап қойыпты ғой. Өркенің өссін!-деп, алғыстарын беріп, қауыр-жауыр болып жатыр. Сыртқа шығып қайта оралған Шәртімбай ақсақал әкеме:
– Ойпырмай қожеке! Мініс көліктерідің жағдайын білейін деп қораға барсам, мына кішкентай қожекең аттарға жемін іліп, төрт бау көк жоңырша салып қойыпты. Айналайын, жұрттың балдары неге осындай болмайды? «Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір»-деп, үлкендер айтып отыратын еді. Айналайын бақытты бол!-деп, жатыр. Әкем ризалық білдіріп, ишарамен қолын жайып, бетін сипап, сақалын тарақтап отыр.
Апам таңғы шәйдің үстінде келген қонақтарға:
– Айналайындар біз осы Қожекеңнің – Бибісіміз. Маған қазақ болған жердің бәрі – төркінім! Қазақта «Қыздың тәуірі, ат жеміне жарайды»-деген, сөз бар. Үй осы, келіп тұрыңдар?!-деп, төрт кісіге төрт ер орамал, бір-бір көйлек беріп батасын алдық. «Қожекеңнен тәбәрік» -деп, ол кісілер де мәз болып жатыр.
Дастархан жиналған бойында Раман ағамыз әкемнің алдына барып жүрелеп отырдып:
– Қожеке мені байладыңыз. Мен түнімен көретінімді көрдім! Енді мыналарға айтыңыз. Мені жындыханаға өткізбесін? Мен сізге келіп тұрайын. Мен кетсем менің бала-шағамды кім бағады?!-деп, иығы селкілдеп жылады.
Әкем:
– Айналайын Раманжан! Мына Шәртекеңе тапсырдым. Еш жаққа апармайды. Бір Алла – деп, кәлимаңды қайырып, дәретіңді алып таза жүр. Шырағым малыңды бағып, отбасыңа еге бол!? – деп, ақыл-кеңесін беріп жатты… Сол Раман уәдесінде тұрып, әкеміз дүниеден өткенше құстың келу-қайтуында, жылына екі мәрте үйде бір жұма болып, сапта тұрып намаз оқып, әкемнің айналасында болады. Балалы-шағалы отбасы болып кетті.
Бірде, әкемнің ауырыңқырап жүрген уақытында Раман атпен шауып келіп, апамнан:
– Сәлем бердік – Бибі! Үйде қожекең бар ма?-деп сұрайды.
Апам ауырып жүрген адамның мазасын алар деп:
– Қожа жол жүріп кетті-десе:
– Жаңа «Төлегеннің бұлағында» (ауылға 40 км жер) қой жәйіп тұрып, құмалақ салғанымда қожекең төргі бөлмеде намаз оқып тұр еді. Мені шақырды. Бүгін – күн жұма ғой!?-дегенде апам қатты ұялып:
– Айналайын Раман жан, үйге кіре ғой- деп, үйге кіргізсем әкең намазда тұр екен. Раман да дәретін алып намазға тұрды. Соңыра, әңгімесін айтып, шәй-суланып отырып:
– Қожеке, мына Бибіге айтып қойыңыз. Сізді менен жасырмасын. Сіз мені дұғаңызға қосқан уақытта Құдай маған жеткізіп тұрады!-дегенде апам қатты ұялыс таптым деп, айтып отыратын.
Сонымен қонақтар сәскелікте риза болып аттанды. Аяғындағы етіктері ерекше жалтырап салтанатты тойға бара жатқандай жарасымды болды.
Әкем құптан намазынан соң жәйнамазының үстінде тасфиғын тартып отырып:
– Балам, – Алланың жаратқан жанының артық-кемі болмайды. Алланың алдында қонақ та, қойшы да, біз де бірдейміз. Қонақ күткенде, пейіліңді сол кісіге байлап қызмет жаса. Көңліңе күпірлік келтірме. Алла – әділ! Еткен қызметіңнің есесін, еселеп қайтарады!?
Атбасын тіреп келген құдайы қонақтың табалдырығыңнан аттағаннан, аттанып кеткенше – еншісі осы үйде болады. Ат-көлігінің жем-шөбін ыждақаттап*, еткен қызметіңде мін болмасын!?. Бір ісіңе немқұрайлы қарасаң, бар еңбегің зая кетеді. «Әттеген-ай, Қожекең баласына айтпаған екен!»- десе, барлық сауаптан құр қаламыз!?
Әрдәйім естеріңде болсын – қонақ осылай жайғалады! Қызметеріңе рахмет – балам!-деді.
Ол кісінің, біздің ішкі жан-ділмізге дейін бақылап отыратынын түсіндім. Анық көзім жетті.
Біле тұра істемеген екі ісімді, найзаның ұшымен түртіп тұрғызғандай қолыммен жасатып, оның нәтижесі қандай болатынын көзіме көрсетті.
Әкеме көзімнің астымен қарап отырып, ішімнен рахметімді айттым. Бұл кісінің бізге беймәлім қасеттері көп жан еді…
Бұл қыста сөйтіп асаудан басбілген тайдай, тәртіптің тезіне* түсіп шықтық.
А.Н.Алматов
Астана. 06.07. 2018.
Керемет мақала! Әкеңіздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Мен Қармақшыда туып-өстім.Бала кезімде үйге Дүрман қожа деген, иығында арқалаған қоржыны бар кісі жиі келіп қонып кетіп тұратын.Сол кісі жайлы мәліметіңіщ болса,бөліссеңіз…