Майлықожа ақынның бір қасиеті ол өз заманында жасаған белгілі деген кісілердің есімдерін түгел дерлік терме-толғаулары мен өлең-жырларына қосып, олардың атқарған жақсы-жаман істеріне бір ауыз болса да бағасын беріп, ел ішінде есімдері өшпестей етіп кеткендігі. Осы ерекшелігінің арқасында ақынды Оңтүстік өңірінің шежірешісі деп те атауға болады. Міне, сол елдің тізгінін ұстаған көптеген белді, білікті адамдардың ішінде тек күнгей өңіріне ғана емес, жалпы Қазақстан көлемінде аты шыққан бірнеше азамат бар. Олар – Абылай ханның шөберелері, Кенесары ханның ұлдары Сыздық пен Ахмет сұлтандар және Әбілхайыр ханның шөпшегі Сейітжаппар төре. Төменде осы үш тарлан туралы соңғы жылдары жиған-терген, түрлі дерек көздерімен танысып шыққан соң түйген ойларымды оқырман қауымға ұсынсам деймін.
Бұл үш азамат та Мәделіқожа, Майлықожалармен дәм-тұздас, сырлас-сыйлас болған кісілер. Сол себепті әңгімемді осы екі ақынның шығармаларында кездесетін, оларға тікелей қатысы бар өлең жолдарын қарастырудан бастауды жөн санадым. Ал сөзімнің басын бұл үшеуінің ішінде Қазақстан тарихынан өзіне тиесілі орынын алудың орнына біржолата ұмытылуға сәл-ақ тұрған Сейітжаппар төреден бастағанды дұрыс санадым. Себебі оның өмірі күнгей қазақтары мекен еткен Түркістан өлкесін кезінде табанына басқан үш бірдей мемлекеттің – Қоқан хандығы, Бұқар әмірлігі мен Қиуа хандығының ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы тарихымен тығыз байланыста өткен. Оның үстіне бұл біртуар азамат Ресей империясының да тарихынан өзіне тиесілі орынын алған. Осылар жайлар туралы әңгіме төменде.
Сейітжаппар Асфендияров
«Даңқыңыз арыстаннан шыққан үндей,
Алдыңызға келмеген ғайып мұндай,
Аман-есен ақ патшадан келіңіз бе,
Атқан таңдай, ағарып шыққан күндей.
… Асхат таман патшамен қайттыңыз ба,
Ақ патшамен көзбе-көз, жүзің-жүз боп».
Майлықожа1
Сейітжаппар төренің есімі Майлықожа шығармаларында азды-көпті үш мәрте ұшырасады. Бірінші рет оның есімі ақынның «Келмес пе едің?» деген өлеңінде ауызға алынады. Бұл шығарманың шығу тарихы мынадай:
Бірде Майлықожа қатты ауырып, төсек тартып ұзақ жатып қалады да, мұны естіген елдің бар жақсы-жайсаңдары алыс-жақын жер демей ақынның көңілін сұрап келіп-кетеді де, тек іргеде отырған Иманберді датқа ғана арнайы іздеп келмейді. Сөйтіп жүргенде көк шығып, ауыл адамдары жайлауға қарай бет алады. Алайда дертінен айыға қоймаған Майлықожа жұртпен бірге көшпей қыстауда отырып қалуға мәжбүр болады. Сол күндері Иманберді датқа 5-6 жігітімен құс салып, жауын астында қалып, түн қатқанда жолдан адасып от шыққан жаққа бет алып, атының басын ақынның үйіне тірейді. Құдай айдап келген қонақтарын барымен күтіп алған Майлықожа ертесіне олар жолға қамданып жатқандарында өлеңге өкпесін салып, бір сөзінде:
Бар жақсым бір-ақ сен бе қарап тұрған,
Тартынба қайратыңды жарап тұрған,
Сейітжаппар төреден артық пе едің,
Ташкентті ояз болып сұрап тұрған?
Сен түгіл Сейітжаппар төре келді,
Жәйімді мүсәпірлік көре келді,
Көтеріле көтеншінің көп баласы
Қасына көңілім сұрай ере келді, – деп Сейітжаппар Асфендияровты аузына алады.
Ақынның өткір сөздері жер қарап қалған датқаның көңіліне көк сүңгідей қадала берген соң атқосшы жігіттердің бірі Майлықожаның домбырасын ұстай алып: «тақсыр, енді қойыңыз, датқаға қатты батып кетті ғой, тоқтатыңыз»2 деп өлеңді үзуге асығады. Иманберді датқа атының ер-тоқымын сыпырып алып ақынға: «мына өлеңді екіншілей ешкімге айтпаңыз, басқа жан естімесін, менің сізге ат беріп, айыбымды тартқанымды да ешкім сезбесін» деп аттанып кетеді.
Екінші рет Сейітжаппар төренің есімі ақынның оған жазған өлең-хаттарымен байланысты. Бұл шығармалардың жарыққа келуі ақынның нағашысы Мәделіқожаның дүниеден өтіп кетуімен тікелей байланысты. Себебі, батыр бақилық болған соң оның Бадам бойында отырған ауылы ойламаған жерден бисіз, басшысыз қалады. Өйткені билікке таласқан сол төңіректің тізгінін ұстаған болыстар қорғансыз қалған 88 үйлі қожалар ауылының қақ ортасынан өтетін жолды бетке алып елді екіге бөліп, жаңадан пайда болған екі 44 үйлік ауылдарды кішігірім, түтін саны жетпейді деген желеумен бұларға жеке ауылнай жоқ деп шығады. Көп ұзамай сайлау өтіп батырдың туыстары жер сипап қалады. Бұл уақта Мәделіқожаның әншейінде араша болып жүретін қайнысы Ахмет төре де қайтыс боп кеткен болатын, содан бұл әділетсіздік қожа жұртының жанына қатты батады. Осы келеңсіз жағдайлардан көңілі қалған Майлықожа ақын Сейітжаппар төрені іздеп Ташкентке үш барады, алайда сол бойы жолыға алмай қайтады. Сөйтіп жүргенде Сейітжаппар төренің қызметі өзгеріп ол генерал-губернатор фон Кауфманның бұйрығымен Бұқар әмірлігіне жұмысқа ауысып кеткені жөнінде хабар жетеді. Енді ақын амалсыздан оның артынан хат жазып, сөзінде талай нәрсенің басын қозғап отырып:
Сіз кеткен соң Шымкентте
Замандар өтті не түрлі,
Қуанып дұшпан секірді
Сейітжаппар кетті деп, – деген секілді іште жиналған шерлерін ақтарып шығады.
Сейітжаппар шетте жүрсе де тектілігін көрсетіп бұл өтінішті жауапсыз қалдырмай Шымкентке қызметке ауысқан Қадыр деген татар арқылы Майлықожаның арызын тексертеді. Ақыры, Бадам ауылының екіге бөлінуі заңсыз деп табылып, сайлау құрамы қайта өзгертіліп марқұм болған батырдың ұлы Мырзахмет би болып сайланады3. Бұл Майлықожаның бірінші өлең-хатына қатысты мәлімет.
Бұдан кейін әйгілі ақын Сейітжаппар төреге тағы да бір өлең-хат жолдаған. Ол шығармасын Майлықожа ақын Сейітжаппар төренің Ресей империяның астанасы Санкт-Питербургке барып, ақ патшаның қабылдауында болып қайтқан сапарынан кейін жазған екен.
Міне, осы үш бірдей шығармада аты аталған, жүрген жерінде жығылғанға жар болып, тәкаппарды сабасына түсіре білген азамат – Сейітжаппар туралы біз тағы не білеміз, мәселе осында болып тұр. Бұлай дейтінім 2004 жылы 10-томдық жинақ болып шыққан жаңа «Қазақ Энциклопедиясында» ол азамат туралы ештеңе айтылмапты. Бұған қосарым, Алматы қаласындағы Сейітжаппар төренің бел баласы, ірі қоғам қайреткері Санжар Асфендияров атындағы Мемлекеттік Медициналық Академияның ішінде музей бар екенін естіп біліп, соған барып экспозициясымен танысып шыққанымда оның әкесі туралы ешбір мәліметті көре алмадым. Музей жетекшісі Алия Сапарқызы Саятовамен танысып сөйлескенімде, ол кісі де Санжар Асфендияровтың әкесі туралы тек оның орыс офицері болғанынан басқа ештеңе білмейтінін жасырмады. Менің Сейітжаппар төре жөнінде мәліметтер көптеп сақталғанын, тіпті оның фотосуреттері бар дегенімде ол кісінің қуанғанын көрсеңіз…
Иә, Сейітжаппар Асфендияровтың бір емес, бірнеше фотосуреті бар екен. Фотосурет дегенде, осы Қазақ тарихының осы бір осал тұсы – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында жасаған белгілі адамдарымыздың бейнелерінің өте аз сақталғаны жанға қатты бататын жайы бар. Олар түгілі біздер үшін сол замандарда суретке түскен әрбір қарапайым қазақтың бейнесінің өзі сирек этнографиялық материал қатарына жатады емес пе. Ал егерде ондай суретте көпке танымал, қоғам өмірінде өзіндік орынын алған, елдің ісіне араласқан жандардың бейнелері сақталса олар тіпті де құнсыз болып шыға келеді десем артық кетпеспін.
Міне, осындай құнды жәдігердің бірі 1896 жылдың мамыр айында түсірілген фотосурет болып табылады. Болғанда қандай десеңізші! Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургке арнайы келген Қиуа хандығының делегациясының топтық фотосуреті. Осы суретте бейнеленген адамдардың ішінде Сейіт-Мұхаммед-Рақым-Баһадүр ханның тура артында, түркпен елшілеріне жолсерік болып, тілмаштың қызмет атқарған ротмистр Сейітжаппар Асфендияровтың өзі тұр екен. Бұл сурет «Народы Востока и Калужский край»4 кітабында басылып менің қолыма сол жылдың күзінде Ресей астанасына барғанымда ойламаған жерде түскен еді. Осы суреттегі Сейітжаппар төренің нақты бейнесінің арқасында бұрыннан қолымда бар Қоқан хандығының тарихына қатысты фотосуреттердің ішінен оның тағы да бірнеше бейнесін анықтаудың жолы түссе бола ма! Бір қызығы бұл суреттердің барлығы да сол Санкт-Петербургте түсірілген екен. Оларда Сейітжаппар төре Қиуа ханы Сейіт-Мұхаммед-Рақым-Баһадүрмен, оның ұлы, мемлекеттің келесі ханы Сейіт-Асфендияр-Баһадүрмен, және Бұқар әмірі Сейіт-Абдул-Ахад-Баһадүр ханмен бірге бейнеленген екен. Сейітжаппар Асфендияров оларға да жолсерік, тілмаш болыпты. Бұл жөнінде Бұқар әмірінің жол бойы жүргізген күнделігінен5 оқып білуге болады. Онда төренің аты әр түрлі шараларға қатысты 9 мәрте аталынады. Солардың ішінде Сейіт-Абдул-Ахад-Баһадүр ханның император Николай-ІІ тарапынан жайылған дастархан басында болып, оның зайыбы Екатерина Федоровнамен жүздескен кезі былайша сипатталады:
«Государь вошел в залу после нас и обратив свои Всемилостивейшие взоры в сторону («где было много русских и иностранных вельмож с их супругами» деп жоғарыда айтылып кеткен – Е.О.) гостей, изволил с некоторыми из них милостиво разговаривать и затем с Государынею изволили сесть за стол, а вслед за Их Величествами сели и остальные гости. Мы удостоились великой чести сидеть между Государем и Государынею. Состоявший же при нас для исполнения обязанности переводчика г. Асфендияров стоял за нашими креслами»6.
Бұқар әмірінің күнделігінен Сейітжаппар төренің үнемі оның жанында болып, сол кездегі жоғары лауазымды орыс ұлықтарының бәрімен жүздесіп, дәм-тұздас болғанын көреміз. Менің ойымша, осы Сейіт-Абдул-Ахад-Баһадүр ханның Ресейге барған сапарларына қатысты түрлі мұрағаттарда сақталған құжаттарды көтерсе Сейітжаппар төреге қатысты материалдардың саны әлде-қайда арта түсетін секілді. Бұл болжам Қиуа ханы Сейіт-Мұхаммед-Рақым-Баһадүрмен оның хан болған баласына да тікелей қатысты. Мәселе бұл жерде тек ізденімпаз жас ғалымдардың ниетінде ғана.
Бұлай ойлайтыным, мысалы, Бұқар әмірі Сейіт-Абдул-Ахад-Баһадүр хан өте саяхатшыл жан болған екен. Ол жалықпай Ресей империясының көп қалаларын аралап шығыпты. Солардың ішінде Москва, Одесса, Баку, Тифлис, Бақшысарай, Севастополь, Батуми, т.б. бар. Бұқар әмірі тіпті жыл сайын Қырымда демалуды әдетке айналдырыпты. Тек Санкт-Петербургтің өзінде ол үш мәрте – 1883, 1896 және 1910 жылдары болғаны айтылады. Әсіресе соңғы сапарында Европа тарихында бұрын-соңды болмаған іске бас болып сол кездегі христиан елдерінде ең үлкен мешіттің іргетасын қалап қайтқан екен. Талай жылдар бойы татар зиялыларының бастамасымен қолға алынып, бірақ қаражат тапшылығынан орнынан қозғала алмай тұрған осы бір киелі шара бойынша Бұқар әмірі император ІІ-ші Николаймен жүздесіп, оның жеке келісімін алған соң 350 мың сомға жерін сатып алып, тағы 100 мың сомды мешіт құрылысына беріпті. Сейітжаппар төреге қатысты мен тапқан суреттердің екеуі осы орталық мешіттің іргетасын қалау салтанатында ханның қасында болғанында түсіріліпті. Бір қызығы Сейіт-Абдул-Ахад-Баһадүр ханның 1893 жылы жасаған алғашқы сапары жөнінде «Нива» журналының №1 санында жарық көрген мақалада Сейітжаппар төрені «переводчик ротмистр Султан Асфендиаров» деп атаған екен. Осылайша, оның шыққан тегіне қарай «сұлтан» деп аталуын әзірге басқа деректерден кездестіре алмадым.
Сейітжаппар Асфендияровқа қатысты тағы бір көп сақталған құжаттарды Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік Бас Мұрағатының қорынан (ЦГА РУ) тапса болады. Мысалы, онда Кенесары қаза болған соң Созақ өңірінде қазақтар хан көтерген оның Күнімжан бәйбішесінен туған ұлы Жаппар төреге қатысты інісі Ахмет Кенесариннің жазған хаттамасы (рапорт) сақтаулы. Оны орысшаға аударып берген құжат осы Сейітжаппар төре7 екен. Ал енді Асфендияровтың әскери қызметтен босаған соң Ташкент қаласында біржолата қоныстанып қалғанын ескерсек, онда оған қатысты құжаттардың аталмыш мұрағатта көптеп сақталып қалуына таңданбауымыз керек.
2002 жылы «Новости недели» газетінің 27 көкек айының №16 санында журналист Ғ. Шымырбаеваның белгілі тарихшы ғалым И.В. Ерофеевадан алған сұқбаты басылған екен. Сонда бұл ізденімпаз ғалым Қазақстан тарихының XVIIІ-ХІХ ғасырларын зерттеген кезінде Сейітжаппар төре туралы құжаттардың Қазақстанның өзінде де, әсіресе Ресей Федерациясының Мемлекеттік тарихи музейінің фондтары мен подвалдарында көптеп кездестіргенін айтып кеткен. Сейітжаппар төренің Кіші жүздің атақты ханы Әбілқайырдың шөпшегі (Әбілқайыр хан – Айшуақ хан – Сығалы сұлтан – Асфендияр сұлтан – Сейітжаппар төре) екендігін, фарси мен түрки тілінде өте сауатты жазғанын, бірнеше тіл білгенін, қазақ түгілі орыстардың өздері үшін өте жоғары болып табылатын генерал-майор шенін алғанын, Қазан төңкерісіне дейін бұл шенге қол жеткізген 4 қазақтың бірі болғанын, Бұқар, Қиуа хандарымен достық ара-қатынаста болып, орыс үкіметінің бірнеше орден-медальдерімен қатар Бұқардың «Алтын жұлдыз» орденімен марапалтағанын да аузына алып өткен. Бұлардан бөлек император ІІ-ші Николай өз қолымен Орта Азия хандықтарын жаулап алу кезеңінде, әсіресе Бұқар әмірлігі мен Қиуа хандығын бағындыру барысында дипломат ретінде атқарған ерекше қызметін ескеріп бірнеше мемлекеттік сыйлықтар тапсырғаны да әңгіме болған.
И.В. Ерофеева Сейітжаппар Асфендияровтың 1907-1908 жылдары өз қолымен жазған құжатты тауып, онда төренің өзінің ұл-қыздарын орыс ұлықтары ашқан гимназияда оқытқаны жөнінде жазғанын, соны көрген Қоқанның ханы да балаларын сол оқу орынына бергенін де айтып өтеді. Тарихшы ғалым Сейітжаппар төренің тағы бір қырын – оның қалам тербеп «Туркестанские губернские ведомости» газетінде жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жайында мақала жазғанын да ауызға алады.
Сөз соңына айтарым – осыншама мәлімет сақталған тарихи тұлға туралы әлі күнге дейін арнайы ғылыми еңбек жазылмағаны таңдандырмай қоймайды. Алайда бұл кемшіліктің орнын жақында жас ғалымдарымыз толтырар деген үміттемін.
1 «Терме-арнау», Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Алматы, «Атамұра». Құрастырушы – С. Саттарұлы. 2010. 177-178 беттер
2 «Майлықожа», Оспанұлы Ә. Алматы, 2005. 574-бет
3 «Мәделіқожа», Оспанұлы Ә., Айнабекұлы Т. Алматы, 2009. 130-144 беттер
4 «Народы Востока и Калужский край». Д.Ю. Зубов, В.М. Красин, В.В. Курков, А.В. Тихонов. Издательство научной литературы Н.Ф. Бочкаревой. Калуга, 2009
5 «Точный перевод дневника его светлости эмира Бухарского. Казань, 1894. пер. И. Гаспринского
6 Сонда.
7 ЦГА РУ. Ф. 17. оп.1. Д. 12953. Л. 28 с об. (http://kitap.kz/book/1531-qazaq_ult_azattyq_qozhalysy_v_kitap/1531-qazaq_ult_azattyq_qozhalysy_v_kitap)
Мәделіқожаның үш атақты замандасы