Ғақлиат

әл-Фарабидің «Ұлы дұғасы»

Әбу Наср әл-Фараби. «Дуа азим».  «Китәбу-л миллә уә нусус ухра». Бейрут, Дарул-машриқ, 1991 жыл.

«Ұлы дұға»

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Ей, Қажетті болмыс, Ей, себептердің Себебі, Ей, басы да, соңы да болмаған Мәңгі Аллам! Мені қателіктерден сақтауыңды, Өзің разы болған амалдардан мені үмітті етуіңді Сенен сұраймын.

Аллам! Маған барлық мақтаулы қасиеттерді бере гөр, істерімді оң нәтижелермен ризықтандыр, мақсаттарым мен талаптарымды сәтті ете гөр, Ей, шығыстар пен батыстардың Иесі!

Ғарышта өзендерше ағылатын жеті ғаламшардың  Раббысы!

Ол ғаламшарлар игілігімен бүкіл жауһарды қоршап тұрған Алланың қалауымен өз істерін атқаруда.

Хайырды Сенен тілеймін!

Сатурнге, Юпитердің өзіне, Меркурийге күмәнім бар.

Аллам! Мені әсем киіндіре гөр, пайғамбарлардың кереметін, байлардың бақытын, хакімдердің ілімін, тақуалардың тақуалығын бере гөр!

Аллам! Мені бақытсыздық пен жоқ болу әлемінен сақтағайсың! Мені таза ағайындылардан, адалдық иелерінен, шыншылдар мен шәһид болғандармен бірге көктің тұрғындарынан ете гөр! Сенен басқа Тәңір жоқ Алла! Заттардың Себебі, жер мен көктің Нұры! Маған әрекетшіл ақылдан бір  ағылу (эманация)  сыйла!

Ей, аса Ұлы әрі Мейірімді! Нәпсімді хикметтің нұрымен түзете гөр! Нығметтен маған бергеніңе {шүкірге} мені иландырғайсың. Хақты хақ ретінде көрсет әрі оның ізімен жүруге шабыт сыйла! Жалғанды жалған ретінде көрсет, оған бойсұну мен құлақ салудан мені аулақтай гөр! Нәпсімді алғашқы материяның ластығынан арылт! Шүбәсіз, Сен Алғашқы Себепсің!

Ей, Сенің атқылаған ағылуыңнан болған барлық заттардың Себебі!

Ортасында жерлер мен теңіздер орналасқан жеті қат көктің Раббысы!

Мен көмек сұраушы күнәһәр ретінде

Саған жалбарынамын!

Күнәһар әрі бойкүйездің қателігін кешіре гөр!

Өзіңдегі ағылу арқылы, Күллінің Раббысы,

Денемді табиғат әлемі ластығынан тазарта гөр!

Аспан жаратылыстары мен ғарыштық денелердің және аспан рухтарының Раббысы Аллам! Құлыңның бойын пенделік құмарлық пен нәпсіқұмарлық және азғын дүниеге деген сүйіспеншілік басып кетті. Өзіңнің пәк сипатыңды адасуға қарсы қорғаным ет, тақуалығыңды нысапсыздыққа қарсы қалқаным ет. Шүбәсіз, Сен әр нәрсені [іліміңмен] Қамтушысың!

Аллам! Мені төрт табиғи сипаттың  тұтқыны болудан құтқар, Өзіңнің аса кең  жағыңа, аса жоғары қасыңа (жаныңа) ал!

Аллам! Кифаяны менің және топырақтан жаралған денелер мен бұл әлемнің әурешілігі арамыздағы айыпты байланыстарды үзуге бір себепші қыл, нәпсімнің иләһи әлемдермен, аспан рухтарымен бірлікте болуына хикметті себепші ет!

Аллам! Қасиетті рухпен жаныма тыныштық бере гөр, нағыз хикмет арқылы ақылым мен түйсігіме әсер ет, періштелерді табиғат әлемінің орнына серігім қыл!

Аллам! Маған тура жолды шабыт ет, иманымды тақуалықпен бекіт, нәпсіме дүниеқорлықты  жиіркенішті көрсет!

Аллам! Жаратылысымды жалған дүние құмарлықтарына [бойсұнуға] қарсы күшті ет, жанымды мәңгілік жандар  мекеніне жеткізе гөр,  оны жоғары жаннаттарда болатын асқақ та, қасиетті жауһарлар жиынтығынан еткейсің!

Хәл және сөз тілінде  сөйлейтін болмыстардың алдында тұрушы Алла, Саған мадақ! Шүбәсіз, Сен ол болмыстардан хикметке лайықты әрбір нәрсені берушісің және ол болмыстарға жоқтықпен салыстырғанда бар болуды нығмет әрі рақым етушісің! Ол болмыстардың ішінде Сенің мейіріміңе лайықты субстанциялар да, акциденциялар да, Сенің нығмет игіліктеріңе шүкірлік етеді, «Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ, сендер олардың тәспихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар» (Ісра сүресі, 44).

Аллам! Саған мадақ! Сен Ұлысың! Шүбәсіз, «Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім де тең емес» (Ықлас сүресі, 3-4) Бір Жалғыз Өзгермейтін Алла Сенсің!

Аллам! Шүбәсіз, менің нәпсімді төрт элементтің  қапасында ұстадың [және] оны құштарлықтың жыртқыш аңдарына талаттың.

Аллам! Нәпсіме бейкүнәлік бере гөр! Өзіңе лайықты рақымдылықпен, Өзіңе ғана тән асқан тектілікпен оған аяушылық еткейсің, нәпсіме оны аспан әлеміне қайтаратын тәубе нәсіп ет, оны қасиетті мекеніне қайтуға асықтыр, нәпсімнің қараңғылығына әрекетшіл санадан бір күн тудыр, одан надандық пен адасу түнектерін алыстата гөр, нәпсімнің қуатын әрекетімен көрсет, нәпсімді надандықтың түнегінен хикметтің нұрына, ақылдың сәулесіне шығар! «Алла Тағала иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады» (Бақара сүресі, 257).

Аллам! Нәпсім ұйықтағанда оған ғайыптардың салих бейнелерін көрсет, оның шым-шытырық түстерін жақсылық пен шынайы ізгі хабарлармен алмастыр, нәпсіме әсер ететін сезімдер мен елестердің кірлерінен тазалай гөр! Нәпсімнен табиғат әлемінің ластығын алыстат, оны мәңгілік жандар әлеміндегі биік мәртебеге көтере гөр! Мені дұрыс жолға бастаған, молшылық берген әрі пана болған Аллам!

Уә Алхамдулиллаһи уахдаһу уә салла Аллаһу ала мән лә набиин бағдаһу уә сәлләмә тәслиман! (Мадақ тек қана Аллаға тән, Алланың алғысы мен сәлемі өзінен кейін  пайғамбар келмейтінге болсын!).

Әбу Наср әл-Фараби. «Дуа азим».

 «Китәбу-л миллә уә нусус ухра». Бейрут, Дарул-машриқ, 1991 жыл.

Араб тілінен аударған Хаван Айдынгүл

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты

Шығыстану факультеті

2020 жылы ЮНЕСКО, ИСЕСКО сынды халықаралық ұйымдардың аясында 1150 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған Әбу Наср Мухаммад әл-Фараби – Ежелгі Отырар (Фараб) перзенті. Тарихи Отырар арабтар жаулап алғаннан кейін Фараб атанып, ортағасырлық араб-мұсылман өркениетінде маңызды орынға ие «әл-Фараби» яғни «Фарабтық» ныспысымен әйгілі ғалымдарды өмірге әкелген киелі топырақ. Қазіргі отандық тарихи-деректанулық зерттеулер Отырардан шыққан «әл-Фараби» ныспылы отызға жуық ғалымның болғанын анықтап отыр. Солардың ішінде ортағасырлық ғылымның барлық  саласын түгелдей дерлік қамтып жазған энциклопедист ғалым  –  Әбу Наср Мухаммад әл-Фараби (870-950) еді.

Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдығына дайындық жұмыстары өткен жылы басталғаны белгілі. Жарлыққа сай арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, ұлы даладан шыққан ғұламаның әлем мұрағаттарында сақталған жазба мұраларын іздестіру, қолжазба нұсқаларын жинау, оқу, зерттеу бағытында отандық ғалымдар кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатыр.

Әбу Наср әл-Фарабидің «Ұлы дұға» («Дуа азим» دُعـَاءٌ عـَظـِيـمٌ ) трактатының мәтіні біздің заманымызға ортағасырлық араб жылнамашысы Ибн әби Усайбианың (1203-1270) атақты «Уйуну-л әнбә фи табақати-л атиба» («Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі») еңбегі арқылы сақталып жеткен. Одан кейін тағы бір араб тарихшысы Әс-Сафади (696-764 хижра) ойшылдың бұл шығармасын Усайбианың жоғарыдағы еңбегінен көшіріп, өзінің «Әл-уәфи би-л уәфәйәт» («Мұсылман ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері туралы энциклопедия») атты туындысына енгізген.

Ғалымның «Ұлы дұға» шығармасының бір ғана қолжазбасы 1961 жылы Стамбул қаласындағы Сүлеймения кітапханасының қолжазбалар қорынан табылған. Қолжазба Шәһид Әли Паша атты көшірушінің атымен (инвенторлық №537) сақталған. Әбу Наср әл-Фарабидің бұл құнды жазба мұрасын алғаш рет тауып, ғылыми айналымға енгізген  белгілі араб ғалымы, фарабитанушы Мұхсин Махди (1924-2007) болатын.

Трактаттың Шәһид Әли Паша қолжазба нұсқасы – бізге дейін жеткен бір ғана нұсқа. Қолжазбада трактаттың нақты көшірілу мерзімі көрсетілмеген. Ғалым Мұхсин Махди қолжазба көлемінің 19×2/1 11 (2/1 13×6) екенін,  мәтін ірі-ірі, анық жазумен көшірілгендігін, жинақтың сексен төрт (84) беттен тұратынын, мұнда Әбу Наср әл-Фарабидің «Ұлы дұға» трактатынан өзге екі автордың бірнеше еңбектері қамтылғанын айтады.

Ғалым М.Махди  қолжазбаның Шәһид Әли Паша нұсқасын «Уйуну-л әнбә…» және «Әл-уәфи…» еңбектеріндегі нұсқаларымен салыстырып, текстологиялық зерттеу жүргізгеннен кейін  1968 жылы Бейрут қаласында «Китәбу-л миллә уә нусус ухра» атты кітапта трактат мәтінін тұңғыш рет жариялайды. Еңбек 1991 жылы екінші рет басылып шықты.

Әбу Наср әл-Фарабидің «Ұлы дұғасы» («Дуа азим»«Китәбу-л миллә уә нусус ухра» (Бейрут, Дарул-машриқ, 1991 жыл) кітабынан алынып, қазақ тіліне аударылып беріліп отыр.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button