Басқы бет / Ғибадат / Тобылда табысқан туысқандар

Тобылда табысқан туысқандар

izobrazhenie-316Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының  басында басталған қуғын-сүргін салқыны қазақ даласын шайқалтып жібергені белгілі. Алаш көсемдерінің ізінен соң, қазақ қоғамында белгілі орны болған, қалың қарасы арасында ислам жолын насихаттап,  имандылығының қалқаны болған қожа-молдаларды тап ретінде жоюға күш салды. Ондағы мақсаты халықты рухани тірегінен айыру еді. Оған да қол жеткізді. Қазақ даласының беделді дін ағартушыларын атуға бұйырып, абақтыға қамап, көбін күштеп жер аударып, бастарын сергелдеңге салды. Сондай дауылдың лебі шарпып өткен әулеттің тарихына қатысты мына жайт Қостанай  облысының өңірінде орын алған екен. Ол туралы сексеннің төріне шыққан, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының тұрғыны Тұрсынай Қалиқызы апамыз айтып берді. Оның  айтысы бойынша Түркістан өңірін мекен еткен Байторының Қиғашы деген кісіден  – Жүнісқожа, Садық, Сыздық, Ырза мен Мырза туады. Кезінде бес ұлдың екеуі аталар жолын жалғастырып Арқаға кеткен екен дейді. Ізінше, заман өзгеріп, дүрбелең күн туғанда  ағайындылар бір-бірінен көз жазып қалады. Тек арада 150 жыл өткенде  ажырап қалған бір атаның балаларының ұрпақтары қайта табысады. Замана зобалаңымен бір-бірінен көз жазып қалғандардың қайта табысқан қуанышына ортақтасқанымды баяндап берейін.

Астананың үстімен өтетін Алматы-Қостанай поезына Тобылға дейін билет алып, түстің шамасында жолға шықтық. Түннің бір уағы болғанда Тобыл стансасына жеттік. Оңтүстіктен келе жатқан Сүлеймен ақсақал, Абдолла аға бастаған бауырларымызды осында күтіп, сәл кідірдік. Көп ұзамай Қостанайда тұратын Мырзақожа ұрпақтары Хамит, Халиолла, Базарбай ағалар бұрын-соңды көрмеген туыстарын қарсы алғалы келді.

Жалпы қазақтың қай шақырысы болмасын, қалыптасқан үрдісі бар. Соған сәйкес қарсы алу, қонақ болу сияқты ежелден келе жатқан салтын ұстанасың. Бұл жиынның  жөні бөлек. Содан да бейтаныс болса да түбі бір туыс, бірін-бірі көрмей өссе де жат емес жақын жандармыз. Бір көргеннен бауырым деп құрақ ұшқан ағалардың ықыласына қарап біздер де жатсынбадық. 150 жыл бұрын арасы ажырап қалған ағайынның үшінші ұрпақтарының кездесуінің басқаша болуы мүмкін емес те еді. Әрине, арадағы бір жарым ғасыр бірге туған ағайындардың ұрпақтарының өмір салтында өз таңбасын қалдырыпты. Иман-сенімі мығым Түркістандық ағайындардан гөрі, қалың қожаның арасынан шалғай өскен ағайындардың бабаларының мұрасына шөліркегені байқалып тұрды. Өздерінің жаратылыс-болмысының неліктен  өзгеден ерек екенін енді түсініп, мазалаған сан алуан сұрақтың жауабын көп  іздегенін сездік. Әрине, мұны сана-сезімі қалыптасып қалған шақта басынан өткерудің өзіндік салмағы бар.

Әңгімемізді әрі қарай тарату үшін Хамит Хасенов ағаның шежіре-кітабында жазылған мына мәліметтерді келтірейін. «2012 жылы дін қызметкерлерінің білімін көтеру курсына Мырзақожаның екінші баласы Басжанның ұлы Алмат Қостанай облысының Жітіқара ауданынан Алматыға барады. Осы оқуға Түркістаннан Қартай Бекмамбет қожаның немересі Ержан да барады. Ол Алматты көріп таң қалады. Жүріс-тұрысы, реңі, сөйлеген сөзі Тұрсынай апаның баласы Жетісайда тұратын Әбдімәжиттен аумайды екен. Мұндай ұқсастыққа таң қалған Ержан Әбділдаға телефон шалып екеуін сөйлестіреді. Ол Алматтан: «арғы аталарыңда Мырзақожа, Ырзақожа бар ма?» деп сұрапты. Алмат аталарының Қостанай жеріне 19 ғасырдың екінші жартысында келгенін айтады. Сендердің аталарыңның туыстары Шымкентте, Түркістанда, Жетісайда. Сендерді іздеп жүрген Тұрсынай апаң бар!» деп сүйінші сұрайды.

Ал ағайынды Мырза қожа мен Ырза қожаның Қостанай өңіріндегі өмір жайында Хамит аға былай деп  еске алады. «…Бала кезімде Хасен атам мен Бәти әжем Сырдан Ырзақожа мен Мырзақожаның Қостанайдың қазіргі Қамысты ауданындағы Талдыкөл (Құндызды), Қулыкөл деген жерге 19 ғасырдың екінші жартысында келген деп айтатын. Мырзақожадан 1894 жылы Хасен, 1895 жылы Басшан, 1898 жылы Сақыпжамал туған. Хасен мен Басшан қожалар еліне сыйлы болған, Хасен қожа  арабша оқу, жазу білетін. Құранды арабша оқи алатын. Бес мезгіл намазын қаза етпеген жандар еді» дейді. Қасымхан Алдабергенов мынадай естелік айтады: «Біздің Жағалбайлы елі сонау Жайық жағасынан ХІХ ғасырдың бас кезінде Ор өзені бойын шашырай қоныстанып, бірсыпырамыз Тобыл өзенінің бас жағына  келіп тоқтасақ көрінеді. Бұл – қазіргі Жайылма, Жетіқара өңірі. Он екі ата жағалбайлының малатау аталығы негізіне Жайылма, Талдыкөлді қоныс етеді. Талдыкөлдің бір жақ етегін Итекейдің Әсілі қоныстанған. Дәл тарихи дерегім жоқ, Талдыкөл бойында, ХІХ ғасырдың  екінші жартысында елдің игі жақсылары  салт атты сабау басты қара ала ат мінген қызыл бөрікті қожа балаларын Түркістаннан алып келді. Жаңағы жалғыз басты қожа  ағайын-туыстай болып елге сіңіп кеті. Қазақтан қыз алды, отау құрды, бала сүйді. Енді өзін жағалбайлының малатауымын  деп атайтын болды. Қасен қожа осы Әсіл ауылының бір үйіндей болып кеткен адам», деп еске алады.

Бізді қарсы алғандар Мырзақожаның жоғарыда айтылған Хасеннің Хұсейін деген баласынан тараған – Хамит, Халиолла, Базарбай ағалар. Басшанның ұрпақтары – Қанияр, Алмат ағалар. Астанадан келген Хасенұлы Төлебай ағамызбен де осы жерде таныстық. Бұл азаматтар пайғамбар әулетінен екенін білсе де, күні кешеге дейін Түркістанның өңірінде туыстары барын білмеген. Аталары жағалбайлының малатау руының ортасында отырғаннан кейін, «малатаумыз» деп жүре берген көрінеді. «Біз әулетіміздің  үш атадан арғысын білмейтінбіз. «Неге бұлай» деген сұрақ мазалайтын еді. Түркістаннан аталас туыстарымыз табылғанда ерекше күй кештік.  Енді міне, жоғымызды тапқандай, өзеннің арнасына қосылған бір тармағындай, осы арқылы рухани көзіміз ашылғандай болды», дейді Халиолла Мырзақожаев. Түркістаннан хабар жеткен соң, Халиолла аға баласы мен келінін ертіп, оңтүстіктегі ағайындарына келеді. Жақсылық хабар елең еткізгені белгілі, алайда көңілде күмән болады. Содан  Диуана қожа ұрпақтарының шежіресі жазылған кітапты қолына алып, аталарының тұсында «дерек жоқ» деген жолдарды оқығанда ғана барлық күмәні сейіліпті.

Айта кету керек, ағайындардың бір-бірінен көз жазып қалуына отызыншы жылдардың дүрбелеңі әсер етсе керек. Осы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын мекен еткен қожалардың барлығы қуғындалып, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы ауған аспақ болады. Алайда қызылдардың  құрығы ол жерге де жетіп, шекара жабылып босқындар Тәжікстанның Қорғантөбе  деген жерін паналайды. Тек елуінші жылдары елге оралады. Ел тынышталғанмен  әулеттің ақсақалдары дүниеден көшіп, ал айдаудан келген айыбы бар  басқа жұрт ағайын іздеуге шамасы келмей, ағайын арасы алыстай беріпті. Мұндай мүмкіндік еліміз егемендігін алғанан кейін, ислам діні қайта жанданып, халық ежелгі бастауларына  ден қойғанда орын алған жайы бар.

Сонымен, біздер дайын көлікке жайғасып, Жетіқарада тұратын Қанияр ағаның ауылына бет алдық. Ол туралы Хамит аға «Басшанның үлкен ұлы 1948 жылы туған. Төлебай ағайдан кейінгі жолы үлкен ағамыз» деп жазады. Қанияр аға біртоға, көп сөйлемейтін, сабырлы болса ақжарқын Айтолқын жеңгеміздің елпілдеген мінезіне көңілің тояды. Дастархан басында оңтүстіктен келген ағалар, елде қалғандардың сәлемін айтып, осы кездесудің барлығы үшін маңызды екенін білдірді. Үлкен уақиғаны жақсылықтың белгісіне балап қуанып жатқанын, енді іргеміз ажырамасын деген тілектерін жеткізді. Ертесіне Талдыкөл деген жердің биіктеу шетіндегі ескі қорымға келдік. Айналасын темір сыммен қоршалғаны болмаса ешқандай белгі жоқ. Бабалардың мәңгілік жайы осы маң деген соң, жасы үлкен ақсақалдар әруақтарға арнап құран бағыштады. Сол сәтте біз келгенде құстары қиқулап, у-шу болып жатқан қол созым жердегі көлдің өзі демін тартып, тым-тырыс бола қалды. Жел де басылып, тіпті,  қалың қамыстың сыбдыры да естілмейді. Тек ағалар оқыған Құран аяттары әуеде жаңғырып тұрды. Біздер әдеп бұзбай, қорымның қоршауының сыртында тізе бүктік. Содан Халиолла ағамыз өз кезегінде құран оқи бастады. Сол сәтте самал желпіп, жауын сіркіреп қорымның үстін бүркіп өтті. Мұны да жақсылықтың белгісіне балап, жүрегіміз толқыды. Құран оқылып болды. Көлдің шуы қайта басталып, қаз-үйрегі қаңқылдай бастады.

Біздер қалың қамысты қопаға жақындап келіп, естелікке суретке түстік. Содан соң көлікке жайғасып, жергілікті мешіттің қызметкері Қанияр ағаның үйіне бет алдық. Біздің жолбасшымыз Хамит аға болатын. Ол кісі елдің-жердің тарихын айтып келе жатты. Осы өңірде туып-өсіп, еңбек жолын ұстаздықтан бастап, партия қызметкері, ауылнай болған ағамыз облыстың тарихын жақсы біледі екен. Жолдың екі бойына бидай өскен алқапты артқа тастаған сайын  елдің жайына қанығып отырдық. Жетіқара төбесінің тұсынан асып, Тобыл өзенінің суына бетімізді шайдық. Қанияр ағаның үйіне келсек, ет асылып, шәй қайнап тұр екен. Құрақ ұшып, қызмет етіп жүрген ағайындардың да, ат арытып алыстан келген біздердің де иығымыздан бір жүк түскендей болды. Бұл кездесудің  мәнісі де сол – бабаның басына барып, құран бағыштау болатын. Ол міндетті атқардық. Ендігі ағайынмен  танысып, бабаларымыздың жүріп өткен жерін тамашалап, бұл елдің қонақ күту дәстүріне қанығу болса керек. Ал осы ауданның  ауылында тұратын сол ауылдың имамы Алмат ағамыздың ауылына бет алдық. Міне, діттеген жерге де жеттік. Елді мекенге кіре берісте Желқуар деген өзен ағып жатыр екен. Ауылдың барлық қазы қаңқылдап өзенде жүзіп жүр. Аққуы сылаң қа,ып толқынымен жарысқан Желқуардың аты да затына сай-ақ. Желмен ойнап, бір бірін қуалаған толқынға қарап осылайша аталса керек. Ал арқаның желі бұл жақта да бір тынбайды. Оразгүл жеңгеміздің қонақ күтісі ерекше. Үйде үлкен анасы бар екен, біздің жақтан келген ақсақалмен әзіл жарастырып жақсы отырды. Қызмет жасап жүрген көрші келіншектің арасында  орыс апамыз да жүр. Басына орамалын тартып алып, аяғының ұшымен қызмет етіп жүрген жанға риза болдық. Алмат аға мен Оразгүл жеңгеміздің көрші-көлемімен де сыйластығының керемет екенін түсіндік. Ертесіне Алмат ағай ауыл ақсақалдарының басын қосып құран оқытып жіберді. Әулеттің жаңадан қосылып жатқан туыстарымен танысуға келген ауыл адамдарының қарасы көп болды. Одан бөлек ағайын-жекжаты да жиналып, көпшіліктің басы қосылған өнегелі отырыс болды. Ықыласына ризалығымызды білдіріп астан кейін Қостанайға бет алғанда, артымыздан қол бұлғап көп ағайын қала берді.

Бабалардың рухына бағыштаған үлкен Ас қалалық мешітте өтті. Мырзақожа ұрпақтарының туыстарымен табысқан қуанышына халық көп жиналды. Малатау руының ақсақалдары, қаланың жасы үлкен қариялары  ағалардың замандас достары, інілері, құда-жекжаттары жиналды. Бұл Ас көпке өнеге болатын, естіген жұрттың рухын бір көтеріп, ислам дінінің мерейін тасытатын айтулы шара болды. Үлкен міндетті атқарып, бар шаруаның басында жүрген Хайролла ағамыз мен байсалды, ақылы көркіне сай Гүлнәр жеңгеміздің еңбегі ерен.

Осылайша Қостанай облысында өткен  күндердің қалай зырылдап өте шыққанын сезбей қалдық. Бұл кездесу ағайындармен танысып, ендігі жерде есен-саулығын біліп жүретін бір ағайынға болса да көбейгенімен де қымбат болды. Тілеулес туысқанның, қандас бауырыңның амандығына тілектес болып жүргеннің де жақсы, сауапты іс.

Бір жарым ғасыр бұрын аралары ажырап қалған ағайындардың ұрпақтарының дәл осы күні кездесіп, табысуының бір себебі бар сияқты. Бұл кездесу бабаларымыздың жолын есімізге салып тұрғандай. Олардың дін ислам жолындағы құрбандығы мен ерен еңбегін еске салғандай. Бұғанасы бекімеген қос ұлын Тобылдың бойындағы қалың қазақтың арасына қалдырып, мұсылмандықты мықтаған ерлігін басқаша қалай атауға болады. Қанына тартып туған ағалардың барлығы ислам жолында қызмет етіп жүргені де қуантты. Екі бөлек өңірде өссе де аталарына ұқсап туған екі адамның үзілген жіпті қайта жалғауына себепкер болғаны да таң қалдырды. Демек, мына дүниеде бабаларымыздың жолы – исламды насихаттап, елді имандыққа шақырған ізгілік жолы өшпейді екен. Араға бір жарым ғасыр салғанда осы жолды таңдаған бүгінгі ұрпағы осы жолды қалапты. Олардан туған ұлдары да бабаларының ісін жалғастыра бермек. Бұл да белгілі бір әулетке берілген бақ та, парыз да, сынақ та болар… небір дүрбелең, қуын-сүргін де,  құдайсыздықтың қаһары да ықтыра алмаған…

Айгүл УАЙСОВА

Астана

Сондай-ақ, оқыңыз

Манап Өтебаев – жетімді жебеген жан

2018 жылы 14 көкек күні Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы, белгілі қоғам қайраткері, марқұм Манап Өтебаевтың …

Бір пікір

  1. Айгуль

    Ия менің нағашы атам 60 шы жылдары Тәжікстанның Қорғантобе деген жерінен көшіп келген. Абдурахимов Нуриддин деген кісі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған